13. Сатып алушы банк активтер мен міндеттемелерді берген банктің банктік ақпараттық жүйесін пайдалануға құқылы.
14. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген операцияны жүргізу кезінде құқықтары (талаптары) мен міндеттемелері берілетін банк клиенттерінің дербес деректерін жинауды және өңдеуді сатып алушы банк дербес деректер субъектілерінің немесе олардың заңды өкілдерінің келісуінсіз жүзеге асырады.
15. Қайта құрылымдау процесіндегі банктің активтері мен міндеттемелерін беру осы Заңның 6-1-тарауының ережелеріне сәйкес қайта құрылымдау жоспары шеңберінде жүзеге асырылады.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 61-3-бап өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
61-3-бап. Консервациялау режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін тұрақтандыру банкіне берудің ерекшеліктер.
1. Депозиторлар мен кредиторлардың құқықтарын қорғау мақсатында консервациялау режиміндегі банктің уақытша әкімшілігі уәкілетті органға осы банктің активтері мен міндеттемелерін тұрақтандыру банкіне беру жөніндегі операцияны жүргізу туралы ұсыныс енгізеді.
Уәкілетті орган консервациялау режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін тұрақтандыру банкіне беру жөніндегі іс-шараларды іске асыру мақсатында тұрақтандыру банкін құру туралы шешім қабылдайды және уақытша әкімшілікке көрсетілген активтер мен міндеттемелерді тұрақтандыру банкіне беру жөніндегі операцияны жүргізуді тапсырады.
Консервациялау режиміндегі банктің активтері мен міндеттемелерін тұрақтандыру банкіне беру жөніндегі операцияны жүргізудің шарттары мен тәртібі, сондай-ақ берілуге жататын активтер мен міндеттемелердің түрлері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
2. Осы Заңның 13, 14, 16, 17-1, 19, 20, 23 - 25, 27, 28-баптарында, 30-бабының 5 және 13-тармақтарында, 31, 32, 42-баптары мен 43-бабының 1-тармағында көзделген банктерді құруға және олардың қызметін реттеуге қойылатын талаптар, сондай-ақ «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 33 - 74-баптарының ережелері тұрақтандыру банкіне қолданылмайды.
Тұрақтандыру банкін құру тәртібі, оның жарғылық және өз капиталының ең төменгі мөлшері мен оны қалыптастыру тәртібі, тұрақтандыру банкін басқару тәртібі, оларды жасасуға қатысты ерекше шарттар белгіленген мәмілелерді жасасу тәртібі, тұрақтандыру банкінің жарияланған акцияларының шығарылымын тіркеу және оның жарияланған акцияларын жою тәртібі, сондай-ақ тұрақтандыру банкінің банк операцияларын және осы Заңда көзделген өзге де операцияларды жүргізуге лицензия алу тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
3. Тұрақтандыру банкі банк операцияларын және осы Заңда көзделген өзге де операцияларды уәкілетті органның лицензиясы негізінде жүзеге асыруға құқылы.
Тұрақтандыру банкінің, заңды тұлғалардың кепіл ретінде қабылданған акциялары немесе жарғылық капиталға қатысу үлестері Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына және шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес банктің меншігіне өткен кезде осы ұйымдардың акцияларын немесе жарғылық капиталға қатысу үлестерін сатып алуды қоспағанда, осы Заңның 8-бабында банктер үшін рұқсат етілген қызметті жүзеге асыруға құқығы жоқ..
2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
4. Активтер мен міндеттемелерді тұрақтандыру банкіне бергеннен кейін сыйақыны есептеу жөніндегі міндеттемелерді қоспағанда, жеке және заңды тұлғалар алдындағы міндеттемелерді орындау он екі ай мерзімге тоқтатыла тұрады. Жеке және заңды тұлғалардың жедел салымдары бойынша міндеттемелерді, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен уәкілетті орган алдындағы міндеттемелерді, сондай-ақ тұрақтандыру банкіне берілген активтермен қамтамасыз етілген екінші деңгейдегі банктер алдындағы міндеттемелерді қоса алғанда, орындалу мерзімі басталған міндеттемелерді тұрақтандыру банкі орындауға тиіс. Тұрақтандыру банкі жеке және заңды тұлғалардың ағымдағы шоттары бойынша міндеттемелерді орындайды.
5. Активтер мен міндеттемелерді сатып алушы банкке бергенге дейін тұрақтандыру банкі уәкілетті органмен келісім бойынша оған бұрын берілген активті консервациялау режиміндегі банктің басқа активіне ауыстыруға құқылы.
6. Тұрақтандыру банкі активтер мен міндеттемелерді уәкілетті орган айқындайтын сатып алушы банкке береді. Тұрақтандыру банкінің активтер мен міндеттемелерді сатып алушы банкке беру тәртібі мен шарттары уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
Осы бапта көзделген тәртіппен тұрақтандыру банкінің міндеттемелерін беру тұрақтандыру банкінің депозиторларының және (немесе) кредиторларының келісімімен жүзеге асырылады. Тұрақтандыру банкі депозиторлар мен кредиторлардың келісімін алу мақсатында тұрақтандыру банкінің активтерін және (немесе) міндеттемелерін сатып алушы банкке беру туралы хабарландыру жариялайды. Хабарландыру Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында қазақ және орыс тілдерінде жарияланады.
Хабарландыру жарияланған күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде тұрақтандыру банкінің депозиторларынан және (немесе) кредиторларынан жазбаша қарсылықтың болмауы депозитордың және (немесе) кредитордың міндеттемелерді беруге келісімі ретінде қаралады.
Осы Заңның мақсаттары үшін тұрақтандыру банкінің активтері мен міндеттемелерін бір мезгілде беру туралы шарт жасасқан банк сатып алушы банк болып табылады.
7. Банктер осы Заңның 42-бабының және 43-бабының 1-тармағының талаптарын сақтаған жағдайда, осы Заңның осы бабында және 61-2-бабында көзделген тәртіппен банктің активтері мен міндеттемелерін басқа банкке (банктерге) бір мезгілде беру жөніндегі операцияны жүргізу кезінде банкке (банктерге) берілген активтер екі жыл бойы есепке алынбайды.
8. Уәкілетті органның шешімі бойынша тұрақтандыру банкі қабылданған активтер мен міндеттемелерді сатып алушы банкке уәкілетті орган көздеген тәртіппен және шарттармен толықтай бергеннен кейін өз қызметін тоқтатады.
9. Уәкілетті органның шешімі бойынша тұрақтандыру банкінің барлық акциялары тұрақтандыру банкінің капиталын ұлғайтуға және оның Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жұмыс істеуіне кепілдік беретін шарттармен инвесторға өткізілуі мүмкін.
Инвестордың тұрақтандыру банкінің акцияларын сатып алуы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және шарттармен жүзеге асырылады.
Инвестор тұрақтандыру банкінің акцияларын сатып алған кезден бастап банк тұрақтандыру банкінің мәртебесін жоғалтады және өз қызметін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтай отырып жүзеге асырады. Осы банктің қызметін реттеу, бақылау және қадағалау осы Заңның және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
2015.27.04. № 311-V ҚР Заңымен 61-4-баппен толықтырылды (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді); 2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 61-4-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
61-4-бап. Бас банк пен еншілес банк арасында активтер мен міндеттемелерді бір мезгілде беру жөніндегі операцияны жүргізу ерекшеліктері
1. Еншілес банктен бас банкке активтердің бір бөлігін не оларды толық мөлшерде және салымдарды орналастыру мен ұлттық басқарушы холдингтің алынған қарыздарына байланысты міндеттемелерді қоспағанда, міндеттемелерді толық мөлшерде бір мезгілде беру және бас банктен еншілес банкке күмәнді және үмітсіз активтердің бір бөлігін не оларды толық мөлшерде бір мезгілде беру жөніндегі операция бір шарттың шеңберінде уәкілетті органмен келісу бойынша жүргізіледі.
2. Осы баптың мақсаттары үшін еншілес банк деп осы Заңға сәйкес өзіне қатысты қайта құрылымдау жүргізілген, бас банкке активтердің бір бөлігін не оларды толық мөлшерде және салымдарды орналастыру мен ұлттық басқарушы холдингтің алынған қарыздарына байланысты міндеттемелерді қоспағанда, міндеттемелерді толық мөлшерде беретін және бас банктен күмәнді және үмітсіз активтердің бір бөлігін не оларды толық мөлшерде қабылдайтын еншілес банк түсініледі.
3. Осы бапта айқындалған негіздер бойынша және тәртіппен құқықтарды (талаптарды) басқаға беру бас немесе еншілес банктің жеке және заңды тұлғалармен жасасқан шарттарына жаңа кредиторды, кепіл ұстаушыны көрсету бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізуді талап етпейді.
Осы бапта айқындалған негіздер бойынша және тәртіппен құқықтарды (талаптарды) басқаға беру кезінде қарыз алушының, кепіл берушінің, кепілгердің және өзге де тұлғалардың басқаға беруге келісімі талап етілмейді. Бұл ретте, жаңа кредитордың жеке басы борышкер үшін елеулі маңызы жоқ деп танылады.
4. Активтер мен міндеттемелерді бір мезгілде беру туралы шартты (тапсыру актісі қоса беріле отырып) сатып алушы банк берілетін активтер бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ететін құқықтар өткен, бір мезгілде кепіл ұстаушы болып табылатын жаңа кредитор туралы мәліметтерді құқықтық кадастрға, сондай-ақ жылжымалы мүлік кепілінің тізіліміне, бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесіне енгізу мақсатында уәкілетті тіркеуші органға (ұйымға) береді.
Осы бапта айқындалған негіздер бойынша және тәртіппен құқықтарды (талаптарды) басқаға беру бір мезгілде кепіл ұстаушы болып табылатын жаңа кредиторға үшінші тұлғалардың немесе мемлекеттік органдардың тарапынан тіркелген ауыртпалықтар, тыйым салулар, мүлікке иелік етуге қатысты өзге де шектеулер бар мүлікке құқықтардың өтуі үшін де негіз болып табылады.
5. Сатып алушы банк активтер мен міндеттемелерді бір мезгілде беру туралы шарт жасалған күннен бастап осы Заңның 30-бабында көзделген банк операциялары мен өзге де операциялар және қызмет түрлері бойынша кредитор (қарыз беруші) деп танылады және онда құқықтары (талаптары) берілген банктің барлық құқықтары мен міндеттері болады.
6. Акциялар немесе заңды тұлғалардың, филиалдар мен өкілдіктердің жарғылық капиталына қатысу үлестері түрінде еншілес банктің активтерін бас банкке беру, осы баптың 1-тармағында көрсетілген келісімнен басқа, осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген, уәкілетті органнның қосымша рұқсаттарын, келісімдерін немесе хабарламаларын бас банктің алуын талап етпейді.
7. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген операция жүзеге асырылғаннан кейін банк операциялары мен өзге де операцияларды және бағалы қағаздар нарығындағы қызметті жүргізуге берілген лицензия еншілес банктің уәкілетті органға лицензияның қолданылуын тоқтату туралы ерікті түрдегі өтінішіне байланысты өз қолданысын тоқтатады.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
8. Банк операциялары мен өзге де операцияларды және бағалы қағаздар нарығындағы қызметті жүргізуге берілген лицензияның қолданысы тоқтатылғаннан кейін бұрын еншілес банк болып табылған заңды тұлға:
өз атауында «банк» деген сөзді сақтап қалуға құқылы;
осы бапта көрсетілген операцияны жүргізу кезінде құқықтары (талаптары) мен міндеттемелері берілген, бас банк клиенттерінің дербес деректерін жинауды және өңдеуді дербес деректер субъектілерінің немесе олардың заңды өкілдерінің келісуінсіз жүзеге асыруға құқылы;
өзіне берілген құқықтар (талаптар) бойынша кредитор (қарыз беруші) деп танылады және банктік қарыз шарттарында белгіленген, өзінде қалған құқықтар (талаптар) бойынша кредитордың (банктің, қарыз берушінің) құқықтары мен міндеттерін сақтап қалады;
жекелеген банк операцияларын жүзеге асыратын ұйым болып табылмайды және осы баптың 9-тармағында көзделген тәртіппен банк операцияларын жүзеге асыруға құқылы.
9. Лицензияның қолданысы тоқтатылғаннан кейінгі өтпелі кезеңде бұрын еншілес банк болып табылған заңды тұлға уәкілетті органның лицензиясынсыз банк операцияларының мынадай түрлерін жүзеге асыруға құқылы:
1) бас банктің төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыруына, оның ішінде депозиторлардың бас банкке берілген банк шоттары бойынша еншілес банктің корреспонденттік шотын пайдалана отырып жүзеге асыруына байланысты аударым операциялары;
2) бас банктің корреспонденттік шотын ашу және жүргізу;
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
3) депозиттерді қабылдау, ұлттық басқарушы холдингтің, екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданған ұйымның банк шоттарын ашу және жүргізу;
4) осы баптың 8-тармағына сәйкес банктік қарыз шарттарында белгіленген, өзіне берілген және өзінде қалған құқықтар (талаптар) бойынша қарыз операциялары.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 10-тармақпен толықтырылды
10. Осы баптың 1, 3, 4, 5 және 6-тармақтарының ережелері осы бапта көзделген операцияны бұрын жүзеге асырған еншілес банктен активтерді және міндеттемелерді бір мезгілде бас банкке беру жөніндегі операцияларға қолданылады.
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 61-5-баппен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
61-5-бап. Банктік көрсетілетін қызметтерді ұсынудың үздіксіздігін қамтамасыз ету
1. Банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым ақпараттық жүйенің қызметін қалпына келтіру үшін банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның ақпараттық жүйесінің резервтік орталығының, резервтік байланыс арналарының жұмысын қамтамасыз етеді.
2. Банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым ақпараттық жүйенің жұмысын қамтамасыз ететін техникалық, бағдарламалық және басқа да құралдарға енгізілетін және банктік көрсетілетін қызметтердің клиентке қолжетімділігіне әсер ететін, қолданысқа енгізілуі жоспарланып отырған өзгерістер (жаңартулар) туралы банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның ішкі қағидаларында немесе шартта белгіленген тәртіппен және мерзімде клиенттерді хабардар етеді.
3. Банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым клиенттерге көрсетілетін қызметтерді ұсынудың кепілді үздіксіз деңгейін қамтамасыз етеді, ол банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның ішкі қағидаларында белгіленеді және банктің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның интернет-ресурсында міндетті түрде орналастырылуға жатады.
4. Банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың ақпараттық жүйелері жұмысының қауіпсіздігі мен үздіксіздігіне қойылатын талаптарды уәкілетті орган белгілейді.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 8-тараудың тақырыбы өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
8-тарау. Банкті және банк холдингін консервациялау
ҚР Президентінің 27.01.96 ж. № 2830 Заң күші бар Жарлығымен; ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 2009.13.02. № 135-IV (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 62-бап өзгертiлдi; 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 62-бап өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
62-бап. Банкіні консервациялау ұғымы
1. Банкіні консервациялау уәкiлеттi органның шешiмi бойынша банкінің қаржы жағдайын сауықтыру және оның жұмыс сапасын жақсарту мақсатында банкiге қатысты әкiмшiлiк, заңдық, қаржылық, ұйымдық-техникалық және басқа да шаралар мен рәсiмдер кешенiн мәжбүрлi түрде жүргiзудi бiлдiредi.
2. Банк мынадай негiздердiң кез келгенi бойынша консервациялауға ұшырауы мүмкiн:
а) өз капиталының жеткіліктілігі коэффициентінің және (немесе) өтімділік коэффициентінің орындалмауы;
б) Осы Заңның 48-бабында көзделген негiздер бойынша.
3. Консервациялау режимiн белгiлеу уәкiлеттi органның шектеулi (бір жылға дейiн) мерзiмге банкіні басқару жөніндегі уақытша әкiмшiлiктi немесе уақытша банк басқарушысын тағайындауын бiлдiредi.
4. Банкіні консервациялау банкінің өз қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
5. Уәкiлеттi органның консервациялауды жүргiзу туралы шешіміне банк акционерлерi он күн мерзiмде сот тәртібімен шағым жасай алады. Аталған шешiмге шағым беру банкіні консервациялауды тоқтатпайды.
6. Екінші деңгейдегі банктерге консервациялау режимін қолдану (орнату) тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 2005.12.23 № 107-III ( бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 63-бап өзгертiлдi
63-бап. Банкіні басқару жөніндегі уақытша әкiмшiлiк (уақытша банк басқарушысы)
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертiлдi (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1. Уақытша әкiмшiлiктi (уақытша банк басқарушысын) уәкiлеттi орган оның қызметкерлерi, депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымдардың өкілдері, не осы Заңның 20-бабының 3-тармағында белгіленген ең төменгі талаптарға сәйкес келетін өзге адамдар арасынан тағайындайды.
2. Уақытша әкiмшiлiктiң басшысы мен мүшелерiнiң (уақытша банк басқарушысы) құқықтары мен мiндеттерi, сондай-ақ олардың еңбегiне ақы төлеу шарты уәкiлеттi орган пен уақытша әкiмшiлiк (уақытша банк басқарушысы) арасында жасалатын жеке шарт бойынша белгiленедi.
3. Уақытша әкiмшiлiк (уақытша банк басқарушысы) өз қызметiнде осы Заңды, уәкiлеттi органның қалыптық құқықтық құжаттарын және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарын басшылыққа алады.
4. уәкiлеттi орган уақытша әкiмшiлiк мүшелерiн (уақытша банк басқарушысын) кез келген сәтте ауыстыруға құқылы.
5. Банкiге келтiрiлген залал үшiн уақытша әкiмшiлiк басшысы мен мүшелерi (уақытша басқарушы) қолданылып жүрген заңдармен белгiленген жауаптылықты көтередi. Уақытша әкiмшiлiк басшысы мен мүшелерiне (уақытша банк басқарушысына) қалыпты өндiрiстiк тәуекел санатына жатқызылуы мүмкiн залал үшiн жауапкершiлiк жүктеуге жол берiлмейдi.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 64-бап өзгертiлдi
64-бап. Банкіні консервациялауды жүргiзу туралы қаулы
1. Уәкiлеттi органның банкке консервациялау жүргiзу туралы шешiмiнде мыналар болуға тиiс:
а) банкінің атауы және оның орналасқан жерi;
б) банкіні консервациялау туралы шешiмнiң негiздемесi;
в) консервация күшiнiң басталуы мен мерзімi;
г) банк қызметiне қойылатын шектеулер тiзбесi;
д) уақытша әкiмшiлiктiң дербес құрамы немесе уақытша банк басқарушысының фамилиясы, аты, әкесiнiң аты;
е) консервациялау режимiнде тұрған банкінің басшы қызметкерлерiне өз жұмысы туралы есеп, табыстары туралы декларация, меншiгiнiң бар екендiгi және оның мөлшерi туралы мәлiметтер әзiрлеу және осы құжаттарды уақытша әкiмшiлiкке (уақытша банк басқарушысына) беру туралы нұсқама;
ж) уақытша әкiмшiлiкке (уақытша басқарушыға) берiлетiн ұсыныстар.
2. Уәкiлеттi органның банкке консервациялау жүргiзу туралы шешiмi Қазақстан Республикасының бүкiл аумағына таратылатын мерзiмдiк екi баспа басылымында жарияланады.
ҚР 02.03.01 ж. № 162-II; 2005.12.23 № 107-III (бұр. ред. қара); 2007.19.02. № 230-III (бұр. ред. қара); 2008.23.10. № 72-IV (бұр.ред. қара); 2009.11.07. № 185-IV (жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 65-бап өзгертiлдi; 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 65-бап өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
65-бап. Консервациялау кезеңiнде банкіні басқару ерекшелiктерi. Уақытша әкiмшiлiктiң (уақытша банк басқарушысының) банкіні басқару жөніндегі өкiлеттiгi
1. Консервациялау күшiнiң басталуымен және оның мерзiмiне:
а) осы банк эмитенті болып табылатын банк акционерлерінің акцияларды пайдалану мен билік ету жөніндегі құқықтары тоқтатыла тұрады;
б) банк органдарының өкілеттіктері тоқтатылады және оның басшы қызметкерлері жұмыстан шеттетіледі;
в) банкті басқару жөніндегі барлық өкілеттік, сондай-ақ осы банк эмитенті болып табылатын банк акционерлерінің акцияларды пайдалану жөніндегі құқықтары уақытша әкімшілікке (уақытша басқарушыға) көшеді;
г) уақытша әкiмшiлiкке (уақытша банк басқарушысына) айтпастан және оның жазбаша келісімiнсiз банкінің атынан және оның есебiнен жасалған барлық мәмiлелер жарамсыз деп танылады.
2. Уақытша әкiмшiлiк (уақытша банк басқарушысы):
а) осы Заңның 66-бабының талаптарын ескере отырып банк қызметiнiң барлық мәселелерi бойынша дербес шешiм қабылдауға;
б) қажет болған жағдайда консервациялау кезеңiнде қабылданған депозиттер бойынша банкінің мiндеттемелерiн толық немесе iшiнара тоқтата тұруға;
в) қажет болған жағдайда банк қаражатын салуды көздейтiн банк жасасқан шарттарды бұзуға не оларға, мөлшерлемелерін, тарифтерiн және қолданылу мерзiмiн өзгертудi қоса, біржақты тәртiппен өзгерістер мен толықтырулар енгізуге;
г) банкінің атынан кез келген шарттар мен құжаттарға қол қоюға;
д) банкінің атынан және оның мүддесi үшiн ақы талабын қоюға;
е) банк қызметкерлерiн қызметтен босату, қызметiн төмендету немесе қызметтен уақытша шеттету, олардың арасында мiндеттер бөлiсу туралы бұйрықтарды қоса, бұйрықтар шығаруға;
ж) кредитор мен борышкер бір адам болғандықтан, өзара талаптарды есепке алуға;
з) осы Заңның 61-2 және 61-3-баптарына сәйкес банктің активтері мен міндеттемелерін басқа банкке (банктерге) не тұрақтандыру банкіне беруге;
и) осы Заңның 8-бабында көздеген қызметті жүзеге асыруға құқылы.
Консервациялау процесіндегі банкке қойылатын талаптар талап ету құқығын басқаға беру шартынан (шарттарынан) туындаса, кредитормен өзара талаптарды есепке алуға тыйым салынады.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңымен 66-бап өзгертiлдi
66-бап. Уақытша әкiмшiлiктiң (уақытша банк басқарушысының) банкіні басқару жөніндегі қызметiн бақылау
1. Банкіні консервациялау мерзiмi iшiнде уақытша әкiмшiлiктiң (уақытша басқарушының) қызметiн бақылауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады, ол: а) уақытша әкiмшiлiкке (уақытша банк басқарушысына) банкіні консервациялау кезеңiнде шаралардың негiзгi бағыттары туралы ұсыныстар беруге (негiзгi шаралар жоспарын ұсынуға);
б) уақытша әкiмшiлiк (уақытша банк басқарушысы) орындауға мiндеттi жазбаша нұсқаулар беруге;
в) уақытша әкiмшiлiктен (уақытша банк басқарушысынан) өз қызметi мен банк қызметi туралы кез келген ақпарат берудi талап етуге;
г) уақытша әкiмшiлiктiң (уақытша банк басқарушысының) iстелген жұмыс туралы есебiн тыңдауға;
д) консервациялау мерзiмiн ұзартуға;
е) банкіні консервациялаудың аяқталғаны туралы шешiм қабылдауға құқылы.
2. Уақытша әкiмшiлiк (уақытша банк басқарушысы) қызметiн егжей-тегжейлi регламенттеу және оның үшiншi жақтармен өзара қарым-қатынасының қағидаттары уәкiлеттi органның қалыптық құқықтық құжаттарымен белгiленедi.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.01 ж. № 162-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 2009.11.07. № 185-IV (жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) Заңдарымен 67-бап өзгертiлдi
67-бап. Консервациялауды тоқтату
1. Банкіні консервациялау мынадай негiздер бойынша тоқтатылады:
а) уәкiлеттi органның шешiмiмен белгiленген консервациялау мерзiмiнiң аяқталуы;
б) уәкiлеттi органның консервациялауды мерзiмiнен бұрын аяқтау туралы шешiм қабылдауы.
2. Банкінің қаржы жағдайының сауығуына және жұмыс сапасының жақсаруына байланысты оны консервациялауды тоқтату (оның iшiнде мерзiмiнен бұрын) осы банкiге қатысты уәкiлеттi орган немесе уақытша әкiмшiлiк (уақытша банк басқарушысы) белгiлеген барлық шектеулердiң алынып тасталуына әкеп соғады. Бұл орайда консервациялау мерзiмi iшiнде банкінің құрылтай құжаттарына, басқару органдарына және қызметкерлерiнiң құрамына енгiзiлген өзгерістер мен толықтырулар күшiнде қала бередi.
2007.12.01 № 222-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара)
3. Егер банкіні консервациялау оның қаржы жағдайы мен жұмыс сапасын сауықтыруға жеткiзбеген жағдайда, уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының банк заңнамасында көзделген негiзде банк операцияларын жүргiзуге берiлген лицензиядан айыруға құқылы.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 67-1-баппен толықтырылды
67-1-бап. Банктің бас ұйымы болып табылатын банк холдингін консервациялау
1. Банк холдингін консервациялау банк холдингінің қаржылық жағдайын сауықтыру және оның жұмыс сапасын жақсарту мақсатында банк холдингіне қатысты әкiмшiлiк, заңдық, қаржылық, ұйымдық-техникалық және басқа да іс-шаралар мен рәсiмдер кешенiн уәкілетті органның шешiмi бойынша мәжбүрлi түрде жүргiзудi бiлдiредi.
2. Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын банк холдингі ғана консервациялауға ұшыруы мүмкін.
Банк холдингі мынадай негiздердiң кез келгенi бойынша консервациялауға ұшырауы мүмкiн:
1) банк конгломератының меншікті капиталының жеткіліктілігі коэффициентінің орындалмауы;
2) қатарынан екі және одан кейінгі тоқсандарда теріс меншікті капиталдың болуы.
3. Консервациялау режимiн белгiлеу банк холдингін басқару жөнiндегi уақытша әкiмшiлiктi немесе банк холдингінің уақытша басқарушысын уәкілетті органның шектеулi (бiр жылға дейiнгі) мерзiмге тағайындауын көздейді.
4. Банк холдингін консервациялау банк холдингінің өз қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
5. Уәкілетті органның консервациялауды жүргiзу туралы шешiмiне банк холдингінің акционерлерi (қатысушылары) күнтізбелік он күн мерзiмде сот тәртiбiмен шағым жасай алады. Аталған шешiмге шағым жасау банк холдингін консервациялауды тоқтата тұрмайды.
6. Осы Заңның 63, 64, 65, 66 және 67-баптарының талаптары Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне қайшы келмейтін бөлігінде банк холдингтеріне қолданылады.