4. Әзірленген сапаның нысаналы көрсеткіштері қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісілуге жатады және оларды тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті өкілді органдары бекітеді.
5. Әрбір облыс үшін әзірленетін және бекітілетін сапаның нысаналы көрсеткіштері тұтас облыс үшін де, облыс шегіндегі мына аумақтар:
1) аудандар;
2) халық саны 100 000 адамнан асатын елді мекендер;
3) өздерінің шегінде қоршаған орта жай-күйінің мониторингі нәтижелері бойынша сапаның экологиялық нормативтерінің бұзылуы анықталған өзге де елді мекендер;
4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар;
5) өздерінің шегінде қоршаған орта жай-күйінің мониторингі нәтижелері бойынша сапаның экологиялық нормативтерінің бұзылуы анықталған өзге де аумақтар (акваториялар) үшін де тиісті көрсеткіштерді қамтуға тиіс.
6. Сапаның нысаналы көрсеткіштерін әзірлеу қағидаларын, оның ішінде өздері үшін сапаның нысаналы көрсеткіштері белгіленетін индикаторлардың ең аз тізбесін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы Кодекстің ережелерін ескере отырып бекітеді.
7. Өздері үшін сапаның нысаналы көрсеткіштері белгіленетін ең төмен индикаторлар тізбесіне міндетті түрде:
1) атмосфералық ауаның сапасы;
2) жерүсті және жерасты суларының сапасы;
3) жердің және топырақтың сапасы;
4) әрбір жеке өңірдің климаты мен топырақ жағдайлары ескеріле отырып, ормандардың және жасыл екпелердің жиынтық алаңдары;
5) жердің тозуын және шөлейттенуін қысқарту;
6) ластағыш заттардың түрлері бойынша шығарындылардың жиынтық көлемі;
7) ластағыш заттардың түрлері бойынша және әрбір жеке су объектісі мен бассейні бойынша төгінділердің жиынтық көлемі;
8) коммуналдық қалдықтардың түрлері бойынша - оларды бөлек жинау, қайта пайдалануға дайындау, қайта өңдеу, кәдеге жарату және жою (құрту және (немесе) көму) үлесі;
9) парниктік газдардың шығарылуын қысқартудың жиынтық көлемі енгізіледі.
8. Сапаның экологиялық нормативтері сақталмайтын әкімшілік-аумақтық бірліктер, аумақтар (акваториялар) үшін сапаның нысаналы көрсеткіштері он жылдан аспайтын мерзімде сапаның экологиялық нормативтеріне кезең-кезеңмен қол жеткізуді қамтамасыз ететіндей етіп белгіленуге тиіс.
9. Сапаның экологиялық нормативтері сақталатын тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің аумақтарында сапаның экологиялық нормативтерімен салыстырғанда қоршаған орта сапасының неғұрлым жоғары деңгейін қамтамасыз ететін, оның ішінде өздері үшін сапаның нысаналы көрсеткіштері белгіленетін ең төмен индикаторлар тізбесіне кірмейтін индикаторлар үшін сапаның нысаналы көрсеткіштері белгіленуі мүмкін.
38-бап. Қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтері
1. Қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтері - антропогендік қызметтің қоршаған ортаға әсер ету көрсеткіштері үшін белгіленген экологиялық нормативтер.
2. Қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтеріне:
1) эмиссиялар нормативтері;
2) технологиялық нормативтер;
3) қалдықтардың жинақталу лимиттері, қалдықтарды көму лимиттері;
4) табиғи ортаға жол берілетін физикалық әсер ету нормативтері;
5) күкіртті ашық түрде күкірт карталарында орналастыру лимиттері;
6) қоршаған ортаға жол берілетін жиынтық антропогендік жүктеме нормативтері жатады.
3. Технологиялық нормативтерді қоспағанда, қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін сақтау қоршаған орта сапасы нормативтерінің сақталуын қамтамасыз етуге тиіс.
4. Көлік құралдарының және іштен жанатын қозғалтқыштардың әртүрлі экологиялық сыныптары үшін шығарындыларға және отын түрлеріндегі ластағыш заттардың болуына қойылатын талаптар Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінде белгіленеді.
39-бап. Эмиссиялар нормативтері
1. Эмиссиялар нормативтері деп экологиялық рұқсатта белгіленетін эмиссиялардың шекті сандық және сапалық көрсеткіштерінің жиынтығы түсініледі.
2. Эмиссия нормативтеріне:
1) жол берілетін шығарындылар нормативтері;
2) жол берілетін төгінділер нормативтері жатады.
3. Эмиссия нормативтері осы Кодекстің 11-бабы 2-тармағының үшінші бөлігіне сәйкес ластағыш заттар тізбесіне енгізілген ластағыш заттар түрлері бойынша белгіленеді.
4. Эмиссиялар нормативтері I және II санаттағы объектілерге жататын жекелеген стационарлық көздер бойынша, мынадай:
1) қоршаған ортаға әсерді міндетті бағалау жүргізілген жағдайда - осы Кодекстің 76-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша қорытындыда көрсетілген тиісті шекті мәндерден;
2) осы Кодекске сәйкес белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг жүргізген жағдайда, оның нәтижелері бойынша қоршаған ортаға әсерді міндетті бағалау қажет емес екені туралы қорытынды шығарылса, - осы Кодекстің 68-бабы 2-тармағының 9) тармақшасына сәйкес белгіленіп отырған қызмет туралы өтініште көрсетілген тиісті мәндерден аспайтын деңгейлерде белгіленеді.
Өздеріне қатысты кешенді экологиялық рұқсат берілетін объектілер үшін эмиссиялар нормативтері I және II санаттағы объектілерге жататын жекелеген стационарлық көздер бойынша, ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі қорытындыларда келтірілген ең үздік қолжетімді техникаларды қолдануға байланысты маркерлік ластағыш заттар эмиссияларының тиісті шекті мәндерінен аспайтын деңгейлерде белгіленеді.
2023.05.07. № 17-VІІI ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 5 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Объектіні пайдалану кезеңіне арналған, оның ішінде қызметке елеулі өзгерістер енгізу кезіндегі эмиссиялар нормативтері объектіні пайдалану үшін тиісті жобалау құжаттамасына байланыстырыла отырып әзірленетін жеке құжат - эмиссиялар нормативтерінің жобасы (жол берілетін шығарындылар нормативтерінің жобасы, жол берілетін төгінділер нормативтерінің жобасы) түрінде есептеледі және негізделеді.
Құрылыс-монтаждау жұмыстары мен рекультивациялау және (немесе) жою жөніндегі жұмыстар кезеңіне арналған эмиссиялар нормативтері тиісті жобалау құжаттамасына байланыстырыла отырып әзірленетін «Қоршаған ортаны қорғау» бөлімінің құрамында есептеледі және негізделеді.
6. Эмиссиялар нормативтерін айқындау қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен әдістеме бойынша осы Кодекстің талаптарына сәйкес есептеу жолымен жүзеге асырылады.
7. Эмиссиялар нормативтерінің жобаларын әзірлеуді I санаттағы объектілер үшін қоршаған ортаны қорғау саласында жұмыстарды орындауға және қызметтерді көрсетуге лицензиясы бар тұлға жүзеге асырады.
8. Эмиссиялар нормативтері экологиялық рұқсаттың қолданыс мерзіміне белгіленеді.
9. Көрсеткіштері экологиялық рұқсатта белгіленген эмиссиялар нормативтерінен асатын қоршаған ортаға эмиссиялардың көлемдері нормативтен жоғары деп танылады.
10. Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасына сәйкес табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды және олардың салдарларын жою жөніндегі іс-шараларды жүргізу кезінде, сондай-ақ мұнайдың авариялық төгілуін жоюдың осы Кодекстің талаптарына сай келетін әдістерін қолдану салдарынан жүзеге асырылатын эмиссиялар нормалауға жатпайды және нормативтен жоғары деп есептелмейді.
11. ІІІ және IV санаттағы объектілер үшін эмиссиялар нормативтері белгіленбейді.
40-бап. Технологиялық нормативтер
1. Технологиялық нормативтер деп осы Кодексте кешенді экологиялық рұқсатта:
1) эмиссиялар көлемінің бірлігіндегі маркерлік ластағыш заттардың шекті саны (массасы);
2) уақыт бірлігіне немесе өндірілетін өнімнің (тауардың), орындалатын жұмыстың, көрсетілетін қызметтің бірлігіне есептелетін электр және (немесе) жылу энергиясының, өзге ресурстардың тұтынылу мөлшері түрінде белгіленетін экологиялық нормативтер түсініледі.
Маркерлік ластағыш заттар деп өндірістің немесе технологиялық процестің нақты түрінің эмиссиялары үшін неғұрлым маңызды ластағыш заттар түсініледі, олар осындай өндіріске немесе технологиялық процеске тән ластағыш заттар тобынан таңдап алынады және олардың көмегімен топқа кіретін барлық ластағыш зат эмиссиясының мәнін бағалауға болады.
Маркерлік ластағыш заттар, маркерлік ластағыш заттар эмиссияларының деңгейлері және ең үздік қолжетімді техникаларды қолдануға байланысты энергияның және (немесе) өзге де ресурстардың тұтынылу деңгейлері Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша қорытындыларда айқындалады.
2. Технологиялық нормативтерге:
1) шығарындылардың технологиялық нормативтері;
2) төгінділердің технологиялық нормативтері;
3) суды тұтынудың технологиялық үлестік нормативтері;
4) жылу және (немесе) электр энергиясын тұтынудың технологиялық үлестік нормативтері жатады.
3. Технологиялық нормативтер кешенді экологиялық рұқсатта белгіленеді және ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі қорытындыларда белгіленген оларды нақты қолдану салалары бойынша ең үздік қолжетімді техникаларды қолдануға байланысты тиісті технологиялық көрсеткіштерден (олар бар болса) аспауға тиіс.
4. Технологиялық нормативтердің негіздемесі объектінің операторы кешенді экологиялық рұқсат алуға өтінішпен бірге қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға беретін технологиялық нормативтердің жобасында қамтамасыз етіледі.
41-бап. Қалдықтардың жинақталу лимиттері, қалдықтарды көму лимиттері
1. Қоршаған ортаның қорғалуын және адамның өміріне және (немесе) денсаулығына қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету, көмілетін қалдықтардың санын азайту және оларды қайта пайдалануға, қайта өңдеуге және кәдеге жаратуға дайындауға ынталандыру мақсатында:
1) қалдықтардың жинақталу лимиттері;
2) қалдықтарды көму лимиттері белгіленеді.
2. Қалдықтардың жинақталу лимиттері І және ІІ санаттағы объектілердің құрамына кіретін қалдықтардың әрбір нақты жинақтау орны үшін қалдықтардың осы Кодекске сәйкес белгіленген мерзім шегінде тиісті жинақтау орнында қоймаға орналастыруға рұқсат етілген түрлері бойынша олардың шекті мөлшері (массасы) түрінде белгіленеді.
3. Қалдықтарды көму лимиттері І және ІІ санаттағы объектілердің құрамына кіретін қалдықтардың әрбір нақты полигоны үшін қалдықтардың тиісті полигонда көмуге рұқсат етілген түрлері бойынша олардың шекті мөлшері (массасы) түрінде белгіленеді.
4. Қалдықтардың жинақталу лимиттері мен қалдықтарды көму лимиттері экологиялық рұқсатта белгіленеді. Қалдықтарды көму лимиті тиісті полигонның өндірістік қуатына сәйкес әрбір күнтізбелік жылға белгіленеді.
5. Қалдықтардың жинақталу лимиттері мен қалдықтарды көму лимиттерін I және II санаттағы объектілердің операторлары осы Кодекске сәйкес экологиялық рұқсат алған кезде қалдықтарды басқару бағдарламасында негіздейді.
6. I санаттағы объектілер үшін қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындауға және қызметтерді көрсетуге лицензиясы бар тұлға жүзеге асырады.
7. Қалдықтардың жинақталу лимиттері мен қалдықтарды көму лимиттерін есептеу әдістемесін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
8. III және IV санаттағы объектілер үшін қалдықтардың жинақталу лимиттері мен қалдықтарды көму лимиттері белгіленбейді.
ІІІ санаттағы объектілердің операторлары осы Кодекске сәйкес берілетін қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияның құрамында қалдықтар туралы ақпарат беруге міндетті.
42-бап. Табиғи ортаға жол берілетін физикалық әсер ету нормативі
Табиғи ортаға жол берілетін физикалық әсер ету нормативі деп әрбір көз үшін жылудың, шудың, дірілдің, иондаушы сәулеленудің, электрмагнит өрісі кернеуінің және өзге де физикалық әсер етудің табиғи орта құрамдастарына жол берілетін әсер ету деңгейлері түрінде белгіленетін экологиялық норматив түсініледі, онда барлық басқа көзбен жиынтығында осындай көзден жағымсыз физикалық әсер ету табиғи ортаға шекті жол берілетін физикалық әсер етудің белгіленген деңгейлерінің артуына алып келмейді.
43-бап. Күкіртті ашық түрде күкірт карталарында орналастыру лимиттері
1. Көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде түзілетін күкірттің жинақталу көлемдерін қысқарту және оны шаруашылық айналымға тартуды ынталандыру мақсатында күкіртті ашық түрде күкірт карталарында орналастыру лимиттері белгіленеді.
2. Осы баптың күші көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру кезінде түзілетін, кез келген агрегаттық күйдегі техникалық газ күкіртіне қолданылады.
3. Күкіртті ашық түрде күкірт карталарында орналастыру лимиттері күкіртті жер бетінде ашық сақтау үшін жабдықталған әрбір арнаулы алаң (күкірт картасы) үшін күкірттің осындай күкірт картасында құюға және өзге де ашық орналастыруға рұқсат етілген шекті мөлшері (массасы) түрінде белгіленеді.
Күкірттің қоршаған ортаға әсерін болғызбайтын жабық тәсілмен цистерналарда, сүрлемдерде, өзге де резервуарлар мен құрылысжайларда (қоймаларда) оны сақтау экологиялық нормалауға жатпайды.
4. Күкіртті ашық түрде күкірт карталарында орналастыру лимиттері экологиялық рұқсатта әрбір күнтізбелік жылға белгіленеді.
5. Күкіртті ашық түрде күкірт карталарында орналастыру лимиттері күкіртті ашық түрде күкірт карталарында орналастыру нормативтерінің жобасында негізделеді, ол бекітілген әдістемеге сәйкес өндіріс көлемі туралы деректер негізінде әзірленеді және экологиялық рұқсат алуға өтінішпен бірге ұсынылады.
Күкіртті ашық түрде күкірт карталарында орналастыру нормативтерінің жобасын әзірлеу әдістемесін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
44-бап. Қоршаған ортаға жол берілетін жиынтық антропогендік жүктеме нормативтері
1. Табиғи ортаға жол берілетін жиынтық антропогендік жүктеме нормативтері деп қоршаған ортаға антропогендік әсер етудің барлық көзінің жол берілетін жиынтық әсерінің шамасына сәйкес белгіленген экологиялық нормативтер және (немесе) нақты аумақтар және (немесе) акваториялар (немесе олардың бөліктері) шегінде және сақталған кезінде табиғи экологиялық жүйелердің орнықты жұмыс істеуі қамтамасыз етілетін және биоәртүрлілік сақталатын табиғи ортаның жекелеген құрамдастары түсініледі.
Нақты аумақтар және (немесе) акваториялар (немесе олардың бөліктері) шегіндегі табиғи ортаның жекелеген құрамдастарына жол берілетін жиынтық антропогендік жүктеме нормативтерін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган, егер осындай міндеттемелер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес қабылданған болса, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағы шегінде жекелеген ластағыш заттардың эмиссиялары нәтижесінде қоршаған ортаға жол берілетін жиынтық антропогендік жүктеме нормативтерін бекітеді.
3. Жол берілетін жиынтық антропогендік жүктеме нормативтерін әзірлеу қағидаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
6-тарау. ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ ТЕХНИКАЛЫҚ РЕТТЕУ ЖӘНЕ СТАНДАРТТАУ
45-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы сәйкестікті растау объектілері мен рәсімі
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы сәйкестікті растау объектілері мен рәсімі Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасында айқындалады.
46-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласында халықаралық стандарттарды ендіру және қолдану
1. Қоршаған ортаны қорғау саласында халықаралық стандарттарды ендіру және қолдану осы Кодекстің талаптары ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган құзыреті шегінде стандарттау жөніндегі құжаттардың жобаларын қарауды, сондай-ақ стандарттау саласындағы уәкілетті органға енгізу үшін ұлттық, мемлекетаралық стандарттарды, техникалық-экономикалық ақпараттың ұлттық сыныптауыштарын және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу, оларға өзгерістер енгізу, қайта қарау және жою жөнінде ұсыныстар дайындауды жүзеге асырады.
3. Жеке және заңды тұлғалардың қоршаған ортаны қорғауды басқару жүйесінің халықаралық стандарттарын ендіруі:
1) Қазақстан Республикасында қолданылатын қоршаған ортаны қорғауды басқару жүйесінің халықаралық стандарттары туралы ақпарат тарату;
2) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның қоршаған ортаны қорғауды басқару жүйесінің халықаралық стандарттарын ендірген және осындай ендіруді растайтын құжаты бар тұлғалар үшін мемлекеттік экологиялық бақылау шеңберінде тәуекел дәрежесін азайту;
3) қоршаған ортаны қорғауды басқару жүйесінің халықаралық стандарттарын ендіруді экономикалық ынталандырудың Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шараларын қолдануы арқылы ынталандырылады.
47-бап. Экологиялық таңбалау
1. Экологиялық таңбалау деп ілеспе құжаттамада, техникалық сипаттамада, жарнамалық проспектіде, жұртшылыққа арналған ақпараттандыру парағында немесе басқа түрде өнімнің затбелгісінде немесе қаптамада мәтін, белгі немесе графикалық бейнелеу түріндегі өнімнің, жұмыстардың немесе көрсетілетін қызметтердің экологиялық аспектілері туралы ақпарат беретін мәлімдеме түсініледі.
Осы бапта экологиялық аспектілер деп ұйым қызметінің, өнімінің немесе көрсететін қызметтерінің қоршаған ортаға әсер етуі мүмкін элементтері түсініледі.
2. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, экологиялық таңбалауды өнім өндіруші (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді орындаушы) Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен аккредиттелген тұлғалар сәйкестікті растағаннан кейін ерікті негізде жүзеге асырады.
3. Ауыл шаруашылығы өнімін, аквадақыл және балық аулау өнімін, тамақ өнімін, жабайы өсетін өсімдіктерден жасалған өнім мен оларды қайта өңдеу өнімдерін өндірушілер «Органикалық өнім өндіру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес экологиялық таңбалауды ерікті негізде жүзеге асырады.
4. Экологиялық таңбалау міндеттері:
1) тұтынушыларға олар сатып алатын өнімнің, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің экологиялық аспектілері туралы ақпарат беру;
2) қоршаған ортаға жағымсыз антропогендік әсер етуді төмендету мақсатында экологиялық таза өнімді, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу мен тұтынудың (пайдаланудың) көбеюін ынталандыру;
3) өнімнің тіршілік циклі бойында қоршаған ортаға жағымсыз антропогендік әсер етуді болғызбау немесе барынша азайту;
4) отандық өнімнің экспортына жәрдемдесу және бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады.
5. Экологиялық таңбалау кезінде өнімнің, жұмыстардың немесе көрсетілетін қызметтердің тіршілік циклінің барлық аспектісі ескерілуге тиіс.
7-тарау. ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БАҒАЛАУ
1-параграф. Экологиялық бағалау туралы жалпы ережелер
48-бап. Экологиялық бағалау ұғымы
1. Экологиялық бағалау деп белгіленіп отырған және жүзеге асырылатын қызметті немесе әзірленетін құжатты іске асырудың қоршаған ортаға тікелей ықтимал және жанама елеулі әсер етуін анықтау, зерделеу, сипаттау және бағалау процесі түсініледі.
2. Экологиялық бағалаудың мақсаты Қазақстан Республикасының экология заңнамасының мақсаттары мен міндеттеріне сай келетін, белгіленіп отырған қызметті немесе әзірленетін құжатты іске асыру туралы шешімдерді қабылдауға қажетті материалдар дайындау болып табылады.
3. Экологиялық бағалау өзінің түрлері бойынша осы Кодекске және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нұсқаулыққа (бұдан әрі - экологиялық бағалауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі нұсқаулық) сәйкес ұйымдастырылады және жүргізіледі.
49-бап. Экологиялық бағалау түрлері
1. Экологиялық бағалау бағалаудың нысанасына қарай:
1) стратегиялық экологиялық бағалау;
2) қоршаған ортаға әсерді бағалау;
3) трансшекаралық әсерді бағалау;
4) оңайлатылған тәртіп бойынша экологиялық бағалау түрінде жүргізіледі.
2. Стратегиялық экологиялық бағалау және (немесе) қоршаған ортаға әсерді бағалау осы Кодексте көзделген жағдайларда қоршаған ортаға трансшекаралық әсерге бағалау жүргізуді қамтиды.
3. Оңайлатылған тәртіп бойынша экологиялық бағалау осы Кодекске сәйкес қоршаған ортаға әсерді міндетті бағалауға жатпайтын белгіленіп отырған және жүзеге асырылатын қызмет үшін, мынадай:
1) I және II санаттағы объектілер үшін эмиссиялар нормативтерінің жобаларын әзірлеу;
2) белгіленіп отырған қызмет бойынша жобалау құжаттамасының құрамында «Қоршаған ортаны қорғау» бөлімін әзірлеу және қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияны дайындау кезінде жүргізіледі.
Оңайлатылған тәртіп бойынша экологиялық бағалау жүргізу талаптары мен тәртібі экологиялық бағалауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі нұсқаулықта айқындалады.
50-бап. Экологиялық бағалау қағидаттары
Осы Кодекстің 5-бабында баяндалған жалпы қағидаттарға қосымша экологиялық бағалау мынадай арнаулы қағидаттар сақтала отырып жүзеге асырылады:
1) әлеуетті экологиялық қауіптілік қағидаты: экологиялық бағалау белгіленіп отырған қызметті немесе әзірленетін құжатты іске асыру қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуі мүмкін деген болжамға және осындай әлеуетті әсер етуді зерделеу қажеттігіне, олардың маңыздылығына және туындау ықтималдығына негізделе отырып, оларды болдырмау, барынша азайту немесе жеңілдету жөніндегі қажетті шараларды айқындау үшін жүргізіледі;
2) ескерту функциясының қағидаты: белгіленіп отырған қызметті жоспарлаудың немесе құжатты әзірлеудің ең ерте кезеңдерінде экологиялық негізделген шешімдерді қалыптастыру үшін экологиялық бағалауды қолдану;
3) баламалық қағидаты: әсерді бағалау белгіленіп отырған қызметті немесе әзірленетін құжатты іске асырудан бас тарту нұсқасын («нөлдік» нұсқаны) қоса алғанда, оларды іске асырудың бірнеше балама нұсқаларын міндетті түрде қарастыруға негізделуге тиіс;
4) ұзақ мерзімді болжау қағидаты: экологиялық бағалау объективті болжанатын ұзақ мерзімді перспективадағы әлеуметтік-экономикалық дамуды және қоршаған орта сапасын ескере отырып, белгіленіп отырған қызметті немесе әзірленетін құжатты іске асырудың әсерін ескеруге тиіс;
5) кешенділік қағидаты: экологиялық бағалау шеңберінде олардың белгіленіп отырған қызметті немесе әзірленетін құжатты іске асырудың барлық экологиялық, технологиялық, техникалық, ұйымдастырушылық-өндірістік, әлеуметтік және экономикалық аспектілерінің өзара байланысында қарастыру;
6) үйлесімділік қағидаты: белгіленіп отырған қызметті немесе әзірленетін құжатты іске асыру жергілікті халық өмірінің сапасын және басқа, оның ішінде ауыл, су және орман шаруашылығы салаларындағы қызмет түрлерін жүзеге асыру жағдайларын нашарлатуға алып келмеуге тиіс;
7) икемділік қағидаты: экологиялық бағалау шеңберінде қаралуға жататын қоршаған ортаға әсер ету түрлері, сондай-ақ қажетті зерттеулердің ауқымы, тереңдігі мен бағыттары әрбір жағдайда белгіленіп отырған қызметтің немесе әзірленетін құжаттың нақты сипатына қарай, оның ішінде осы Кодекске сәйкес қамту саласын айқындау арқылы жеке-дара айқындалады.
2-параграф. Стратегиялық экологиялық бағалау
51-бап. Стратегиялық экологиялық бағалау туралы жалпы ережелер
1. Стратегиялық экологиялық бағалау деп осы Кодекстің 53-бабында көзделген сатыларды қамтитын, осы Кодекстің 52-бабының 3-тармағында санамаланған салалардағы мемлекеттік бағдарламаларды, елді мекендердің аумақтары мен бас жоспарларын дамыту бағдарламаларын (бұдан әрі Кодекстің осы тарауының мақсаттары үшін - Құжаттар) іске асырудың қоршаған ортаға ықтимал елеулі әсер етуін тиісінше зерттеулер негізінде анықтау, зерделеу, сипаттау және бағалау процесі түсініледі.
2. Стратегиялық экологиялық бағалау Құжатты әзірлеудің бүкіл процесі бойы жүргізіледі және оған Құжатты әзірлеудің қоршаған ортаға мұндай Құжатты іске асырудан туындауы мүмкін барлық елеулі жағымсыз әсер етуді уақтылы анықтауға әрі зерделеуге және Құжатты одан әрі әзірлеу және бекіту кезінде мұндай әсер етуді болғызбау немесе егер толық болғызбау мүмкін болмаса, барынша азайту жөніндегі барлық қажетті шараны ескеруге мүмкіндік беретін бастапқы сатысында бастама жасалуға тиіс.
3. Егер стратегиялық экологиялық бағалауды жүргізу міндеттілігі осы Кодексте көзделсе немесе Құжаттардың әсеріне скрининг нәтижесінде айқындалса, оны жүргізбей Құжатты бекітуге, іске асыруға және онда көзделген іс-шараларды қаржыландыруға тыйым салынады.
4. Жоғары тұрған деңгейдегі Құжаттарды стратегиялық экологиялық бағалау нәтижелері төмен тұрған деңгейдегі Құжаттарға стратегиялық экологиялық бағалау жүргізу кезінде ескерілуге тиіс.