663-бап. Істі жаңа сот талқылауына жібере отырып алқабилердің қатысуымен шығарылған үкімнің күшін жою
70-тарау. АЛҚАБИЛЕРДІҢ ҚАТЫСУЫМЕН ҚАРАЛҒАН ІСТЕР БОЙЫНША ЗАҢДЫ КҮШІНЕ ЕНГЕН ҮКІМДЕРДІ, ҚАУЛЫЛАРДЫ ҚАЙТА ҚАРАУ ЖӨНІНДЕГІ ІС ЖҮРГІЗУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
664-бап. Алып тасталды
665-бап. Алқабилер қатысатын соттың заңды күшіне енген үкімдері мен қаулыларын кассациялық тәртіппен қайта қарау
666-бап. Алқабилер қатысатын соттың заңды күшіне енген үкімін, қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау кезінде сотталған адамның жағдайын нашарлатуға жол бермеу
15-БӨЛІМ. ҮКІМ ШЫҒАРЫЛҒАНҒА ДЕЙІН ТӘРКІЛЕУ ТУРАЛЫ ІС ЖҮРГІЗУ
71-тарау. ЗАҢСЫЗ ЖОЛМЕН АЛЫНҒАН МҮЛІКТІ ҮКІМ ШЫҒАРЫЛҒАНҒА ДЕЙІН ТӘРКІЛЕУ ТУРАЛЫ ІС ЖҮРГІЗУДІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ТӘРТІБІ ТУРАЛЫ
667-бап. Заңсыз жолмен алынған мүлікті үкім шығарылғанға дейін тәркілеу туралы іс жүргізуді қозғау
668-бап. Тәркілеу туралы сотқа дейінгі іс жүргізу
669-бап. Соттың тәркілеу туралы өтінішхатты қарауы
670-бап. Тәркілеу туралы іс жүргізуде соттың кеңесу бөлмесінде шешетін мәселелері
671-бап. Тәркілеу туралы іс жүргізудегі сот шешімі
672-бап. Тәркілеу туралы қаулыға шағым жасау, оны прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарау
16-БӨЛІМ. ӨТПЕЛІ ЖӘНЕ ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
72-тарау. ОСЫ КОДЕКСТІҢ КЕЙБІР ЕРЕЖЕЛЕРІН ҚОЛДАНЫСҚА ЕНГІЗУ
673-бап. Осы Кодекстің жекелеген нормаларын қолдану тәртібі
73-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
674-бап. Осы Кодексті қолданысқа енгізу және кейбір заңнамалық актілердің күші жойылды деп тану туралы
ЖАЛПЫ БӨЛІК
1-БӨЛIМ. НЕГIЗГI ЕРЕЖЕЛЕР
1-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ-ПРОЦЕСТІК ЗАҢНАМАСЫ
1-бап. Қылмыстық сот iсiн жүргiзу тәртiбiн айқындайтын заңнама
1. Қазақстан Республикасының аумағында қылмыстық сот iсiн жүргiзу тәртiбi Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының Конституциясына және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына негiзделген Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарында, Қылмыстық-процестік кодексiнде айқындалады. Қылмыстық сот iсiн жүргiзу тәртiбiн реттейтiн өзге де заңдардың ережелерi осы Кодекске енгiзiлуге жатады.
2. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттық және өзге де мiндеттемелерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнің және Жоғарғы Сотының қылмыстық сот iсiн жүргiзу тәртiбiн реттейтiн нормативтiк қаулылары қылмыстық-процестік құқықтың құрамдас бөлiгi болып табылады.
3. Егер қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу барысында азаматтық немесе әкiмшiлiк құқыққа сәйкес шешiлуге тиiсті мәселенi қарау қажеттiгi туындаса, ол азаматтық немесе әкiмшiлiк iс жүргiзу тәртiбiмен шешiледi.
2-бап. Қылмыстық сот iсiн жүргiзуде артықшылық күшi бар құқықтық нормаларды қолдану
1. Қазақстан Республикасының Конституциясы Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында жоғары заңдық күшке ие және тiкелей қолданылады. Осы Кодекстің қағидалары мен Қазақстан Республикасының Конституциясы арасында қайшылықтар болған жағдайда Қазақстан Республикасы Конституциясының ережелерi қолданылады.
2. Осы Кодекстің қағидалары мен Қазақстан Республикасының конституциялық заңы арасында қайшылықтар болған жағдайда конституциялық заңның ережелерi қолданылады. Осы Кодекстің қағидалары мен өзге де заңдар арасында қайшылықтар болған жағдайда осы Кодекстiң ережелері қолданылады.
3. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Кодекс алдында басымдыққа ие және, халықаралық шартта оны қолдану үшiн заң шығару талап етілетіндігі туындайтын жағдайларды қоспағанда, тiкелей қолданылады.
3-бап. Қылмыстық-процестік заңның кеңiстiкте қолданылуы
1. Қазақстан Республикасының аумағында қылмыстық сот ісін жүргізу, қылмыстық құқық бұзушылық жасалған жерге қарамастан, осы Кодекске сәйкес жүргізіледі.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Кодекстiң кеңiстiкте қолданылуының өзгеше қағидалары белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
4-бап. Қазақстан Республикасының аумағында шет мемлекеттiң қылмыстық-процестік құқығын қолдану
Қазақстан Республикасының аумағында шет мемлекеттiң тергеп-тексеру органдары мен сотының немесе олардың тапсырмасы бойынша қылмыстық процесті жүргiзетiн органның шет мемлекеттiң қылмыстық-процестік құқығын қолдануға, егер бұл Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта көзделген болса, жол беріледі.
5-бап. Қылмыстық-процестік заңның уақыт тұрғысында қолданылуы
1. Қылмыстық сот iсiн жүргiзу процестік әрекетті орындау, процестік шешiмді қабылдау кезіне қолданысқа енгізілген қылмыстық-процестік заңға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Дәлелдемелердiң жол берілетіндігі олар алынған кезде қолданылып жүрген заңға сәйкес айқындалады.
6-бап. Қылмыстық-процестік заңның шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қатысты қолданылуы
1. Шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қатысты қылмыстық сот iсiн жүргiзу осы Кодекске сәйкес жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгiленген дипломатиялық немесе өзге де артықшылықтар мен иммунитеттерге ие адамдарға қатысты немесе олардың қатысуымен жүзеге асырылатын қылмыстық сот iсiн жүргiзудiң ерекшелiктерi осы Кодекстiң 57-тарауына сәйкес айқындалады.
7-бап. Осы Кодекстегi кейбiр ұғымдарды түсiндіру
Осы Кодекстегі ұғымдардың, егер заңда ерекше нұсқаулар болмаса, мынадай мағынасы бар:
1) адамды ұстап беру (экстрадициялау) - қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе үкімді орындау үшін іздестіріліп жатқан адамды мемлекетке ұстап беру;
2) айыптаушы тарап - қылмыстық қудалау органдары, сондай-ақ жәбiрленушi (жекеше айыптаушы), азаматтық талапкер, олардың заңды өкiлдерi және өкiлдерi;
3) алқаби - соттың қылмыстық iсті осы Кодексте белгіленген тәртiппен қарауына қатысуға шақырылған және ант қабылдаған Қазақстан Республикасының азаматы;
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) апелляциялық саты - бiрiншi сатыдағы соттың заңды күшiне енбеген үкiмдерiне, қаулыларына апелляциялық шағымдар мен прокурордың апелляциялық өтінішхаттары бойынша істі мәні бойынша қарайтын сот;
5) арнаулы бiлiм - адам кәсiптік оқудың не практикалық қызметтің барысында алған, қылмыстық сот iсiн жүргiзу мiндеттерiн шешу үшiн пайдаланылатын, қылмыстық процесте жалпыға бірдей белгiлi емес бiлiм;
6) арнаулы ғылыми білім - мазмұнын сот-сараптамалық зерттеулердің әдістемелерінде іске асырылған ғылыми білім құрайтын арнаулы білім саласы;
7) арыз иесі - сотқа немесе қылмыстық қудалау органдарына қылмыстық құқық бұзушылық туралы хабарлаған не өзiнiң нақты немесе болжалды құқығын немесе өзі өкілдік ететін тұлғаның құқығын қылмыстық сот ісін жүргізу тәртібімен қорғау үшiн жүгінген тұлға;
8) басты сот талқылауы - бiрiншi сатыдағы соттың қылмыстық iстi мәнi бойынша қарауы;
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9) бірінші сатыдағы сот - сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін не сот актісінің күшін жоғары тұрған сот жойғаннан кейін не оның күші жекеше айыптаушының шағымы бойынша жойылғаннан кейін келіп түскен қылмыстық істерді соттылығына сәйкес қарайтын аудандық және оларға теңестірілген соттар (қалалық, мамандандырылған ауданаралық соттар, гарнизондардың әскери соттары), сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамдардың, жедел-іздестіру қызметінің, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығына қадағалауды жүзеге асыратын прокурордың шешімдеріне және әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдарды қарайтын, осы Кодексте көзделген жағдайларда процестік әрекеттерді санкциялайтын, сондай-ақ осы Кодексте көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыратын мамандандырылған тергеу соттары, мамандандырылған ауданаралық тергеу соттары;
10) ғылыми-техникалық құралдар - дәлелдемелердi табу, тіркеу, алып қою және зерттеу үшiн құқыққа сыйымды түрде қолданылатын аспаптар, арнаулы құрылғылар, материалдар;
11) жақын туыстар - ата-аналар, балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-iнiлер мен апалы-сiңлiлер, ата, әже, немерелер;
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 12) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
12) жасырын тергеу әрекеті - осы Кодексте көзделген тәртіппен және жағдайларда, сотқа дейінгі іс жүргізу барысында, мүдделеріне қатысы бар тұлғаларға алдын ала хабарламай жүргізілетін әрекет;
13) заңды өкiлдер - күдіктiнiң, айыпталушының, жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердің ата-аналары (ата-анасы), асырап алушылары, қорғаншылары, қамқоршылары, сондай-ақ күдіктiнi, айыпталушыны немесе жәбiрленушiнi қорғап немесе асырап отырған ұйымдар мен адамдардың өкiлдерi;
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 14) тармақша жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
14) кассациялық саты - iстi бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың үкімдеріне, қаулыларына өтінішхаттар, ұсынулар, наразылықтар бойынша қарайтын Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының алқасы;
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 15) тармақша жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
15) электрондық құжат - ақпарат электрондық-цифрлық нысанда ұсынылған және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған құжат;
16) қаулы - соттың үкiмнен басқа кез келген шешiмі, анықтаушының, анықтау органының, тергеушiнiң, прокурордың қылмыстық iс бойынша іс жүргізу барысында қабылдаған шешiмі;
17) қорғау - қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтiрiлген, айыпталған адамдардың құқықтары мен мүдделерiн қамтамасыз ету, күдікті, айыптауды теріске шығару немесе жұмсарту, сондай-ақ қылмыстық қудалауға құқыққа сыйымсыз түрде ұшыраған адамдарды ақтау мақсатында қорғаушы тарап жүзеге асыратын процестік қызмет;
18) қорғаушы тарап - күдіктi, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам, олардың заңды өкiлдерi, қорғаушы, азаматтық жауапкер және оның өкiлi;
19) қорытынды шешiм - қылмыстық процесті жүргiзетін органның iс бойынша iс жүргiзудiң басталуын немесе жалғастырылуын болғызбайтын, сондай-ақ істі мәні бойынша түпкілікті түрде болмаса да шешетін кез келген шешiмі;
20) құзыретті орган - осы Кодекстің 12-бөліміне сәйкес құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салумен (тапсырмамен, өтінішхатпен) өтініш жасайтын немесе сұрау салудың (тапсырманың, өтінішхаттың) орындалуын қамтамасыз ететін, қылмыстық процесті жүргізетін орган;
21) құқықтық көмек - бір мемлекеттің құзыретті органдарының екінші мемлекеттің құзыретті органдарының немесе халықаралық сот мекемелерінің сұрау салуы (тапсырмасы, өтінішхаты) бойынша істі сотқа дейінгі тергеп-тексеру, сотта талқылау немесе сот актісін орындау үшін қажетті процестік әрекеттерді жүргізуі;
22) қылмыстық қудалау (айыптау) - қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекетті және оны жасаған адамды, соңғысының қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәлілігін анықтау мақсатында, сондай-ақ осындай адамға жаза немесе өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын қолдануды қамтамасыз ету үшін айыптаушы тарап жүзеге асыратын процестік қызмет;
23) қылмыстық қудалау органдары (лауазымды адамдары) - прокурор (мемлекеттiк айыптаушы), тергеушi, анықтау органы, анықтаушы;
24) қылмыстық процеске қатысатын өзге де адамдар - сот отырысының хатшысы, аудармашы, куә, қорғалуға құқығы бар куә, куәгер, сарапшы, маман, сот приставы, медиатор;
25) қылмыстық процеске қатысушылар - қылмыстық қудалауды және сотта айыптауды қолдауды жүзеге асыратын органдар мен адамдар, сондай-ақ қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде өз құқықтары мен мүдделерін немесе өздері өкілдік ететін құқықтар мен мүдделердi қорғайтын тұлғалар: прокурор (мемлекеттiк айыптаушы), тергеушi, анықтау органы, анықтаушы, күдіктi, айыпталушы, олардың заңды өкiлдерi, қорғаушы, азаматтық жауапкер, жәбiрленушi, жекеше айыптаушы, азаматтық талапкер, олардың заңды өкiлдерi және өкiлдерi;
26) қылмыстық процесті жүргiзетін орган - сот, сондай-ақ сотқа дейiнгі тергеп-тексеру кезiнде прокурор, тергеушi, анықтау органы, анықтаушы;
27) қылмыстық iс - бiр немесе бiрнеше қылмыстық құқық бұзушылық бойынша қылмыстық қудалау органы және (немесе) сот жүргiзетiн оқшауландырылған iс жүргiзу;
28) мемлекеттік айыптау - прокурордың бірінші және апелляциялық сатыдағы соттағы, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында айыптауды дәлелдеуден тұратын процестік қызметі;
29) нақты ұстап алу - жүріп-тұру бостандығын қоса алғанда, ұстап алынған адамның бостандығын шектеу, оны белгілі бір орында мәжбүрлеп ұстау, анықтау және тергеу органдарына мәжбүрлеп жеткізу (қолға түсіру, үй-жайға қамау, қандай да бір жерге баруға немесе орнында қалуға мәжбүрлеу және сол сияқтылар), сондай-ақ ұстап алынған адамға қандай да бір процестік мәртебе берілуіне немесе өзге де формальды рәсімдердің орындалуына қарамастан, көрсетілген шектеулер нақты болған кезден бастап адамның бас бостандығын минутқа дейінгі дәлдікпен елеулі түрде шектейтін қандай да бір өзге де әрекеттер;
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 30) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 30) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
30) наразылық, прокурордың өтінішхаты - прокурордың қылмыстық іс бойынша тергеу судьясының сот шешіміне өз құзыретi шегiнде және осы Кодексте көзделген тәртiппен енгiзетін, тиісінше прокурорлық қадағалау және ден қою актісі;
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 31) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
31) орталық орган - осы Кодексте көзделген тәртіппен мемлекет атынан шет мемлекеттің құзыретті органының немесе халықаралық сот мекемесінің сұрау салуын (тапсырмасын, өтінішхатын) қарауға және оның орындалуын ұйымдастыру мақсатында шаралар қолдануға немесе құзыретті органның құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуын (тапсырмасын, өтінішхатын) шет мемлекетке жіберуге уәкілеттік берілген орган;
32) өкiлдер - жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердің, жекеше айыптаушының, азаматтық жауапкердiң заңды мүдделерiн заңның немесе келiсiмнiң күшiне орай бiлдiруге уәкілеттік берiлген адамдар;
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 33) тармақша жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
33) өтінішхат - тараптың немесе арыз иесінің қылмыстық процесті жүргізетін органға жолдаған, процестік әрекеттер жүргізу немесе процестік шешім қабылдау туралы өтінуі, ал кассациялық сатыда - заңды күшіне енген сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтініш;
34) прокуратура органының басшысы - өз құзыреті шегінде әрекет ететін Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, облыстардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар және олардың орынбасарлары, сондай-ақ аудандардың, қалалардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар мен олардың орынбасарлары;
35) процесс прокуроры - прокуратураның басшысы осы Кодекске сәйкес қылмыстық іс бойынша заңдардың қолданылуын қадағалауды жүктеген прокурор;
36) процестік әрекеттер - осы Кодекске сәйкес қылмыстық сот iсiн жүргiзу барысында жүргiзiлетiн әрекеттер;
37) процестік келісім - қылмыстық процестің кез келген сатысында прокурор мен күдікті, айыпталушы немесе сотталушы немесе сотталған адам арасында осы Кодексте көзделген тәртіппен және негіздер бойынша жасалатын келісім;
38) процестік шешiмдер - қылмыстық процесті жүргiзетін органдардың қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыруға байланысты шығарылған актiлері;
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 39) тармақша жаңа редакцияда (2018 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
39) санкция - қылмыстық қудалау органының сотқа дейінгі іс жүргізу барысында процестік әрекет жасауына соттың рұқсаты;
40) сот - сот билiгi органы, Қазақстан Республикасының сот жүйесiне кiретiн, iстi алқалы түрде немесе жеке-дара қарайтын, кез келген заңды түрде құрылған сот;
41) сотқа дейінгі іс жүргізу - қылмыстық істі сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғаннан бастап оны прокурор мәні бойынша қарау не іс бойынша іс жүргізуді тоқтату үшін сотқа жібергенге дейін іс бойынша іс жүргізу, сондай-ақ жекеше айыптаушының және қорғаушы тараптың қылмыстық іс бойынша материалдар дайындауы;
42) судья - сот билiгiн жүргізуші; осы лауазымға заңда белгiленген тәртiппен тағайындалған немесе сайланған кәсiби судья (соттың төрағасы, сот алқасының төрағасы, тиiстi соттың судьясы);
43) сұрау салушы тарап - құзыретті органы сұрау салумен (тапсырмамен, өтінішхатпен) өтініш жасайтын мемлекет немесе халықаралық сот мекемесі;
44) сұрау салынатын тарап - құзыретті органына сұрау салу (тапсырма, өтінішхат) жолданатын мемлекет;
45) тараптар - сот талқылауында жарыспалылық және тең құқылық негiзiнде айыптауды (қылмыстық қудалауды) және айыптаудан қорғауды жүзеге асыратын органдар мен тұлғалар;
46) тергеулік - осы қылмыстық құқық бұзушылықты тергеп-тексеруді қандай да бір қылмыстық қудалау органының құзыретiне жатқызатын, осы Кодексте белгiленген белгілердің жиынтығы;
47) тергеу судьясы - сотқа дейінгі іс жүргізу барысында осы Кодексте көзделген өкілеттіктерді жүзеге асыратын бірінші сатыдағы сот судьясы;
48) төрағалық етушi - қылмыстық iстi алқалы түрде қарау кезiнде төрағалық ететiн не істі жеке-дара қарайтын судья;
49) тұрғынжай - бiр немесе бiрнеше адамның уақытша немесе тұрақты тұруына арналған үй-жай немесе құрылыс, оның iшiнде: меншiктi немесе жалға алынған пәтер, үй, саяжай үйi, мейманхана нөмiрi, каюта, купе; көппәтерлi тұрғын үйдi қоспағанда, оларға тiкелей жалғасатын верандалар, террасалар, галереялар, балкондар, мансардалық құрылыстар, тұрғын құрылысының жертөлесi және шатыры, сондай-ақ өзен немесе теңiз кемесi және басқалар;
50) туыстар - арғы атасы бір, үлкен атасы мен үлкен әжесiне дейiн туыстық байланыстағы адамдар;
51) түнгi уақыт - жергiлiктi уақыт бойынша сағат жиырма екiден алтыға дейiнгi уақыт аралығы;
52) үкiм - айыпталушының кiнәлiлiгi немесе кiнәсiздiгi және оған жаза қолдану немесе қолданбау туралы мәселе бойынша бiрiншi, апелляциялық сатыдағы сот шығарған сот шешiмi;
53) 2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
54) хаттама - қылмыстық процесті жүргiзетін орган жасайтын процестік әрекет тіркелетiн процестік құжат;
55) шағым - процеске қатысушылардың анықтау, алдын ала тергеу органдарының, прокурордың немесе соттың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне ден қою актiсi, сондай-ақ тұлғаның қылмыстық қудалауды жекеше немесе жекеше-жариялы тәртіппен жүзеге асыру туралы талабы;
56) іздестіру шаралары (іс-шаралары) - анықтау органының қылмыстық процесті жүргізетін органнан жасырынып жүрген және (немесе) қылмыстық жауаптылықтан жалтарып жүрген адамдардың, хабарсыз кеткен адамдардың, іс үшін маңызы бар нәрселер мен құжаттардың тұрған жерін анықтауға, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарды анықтауға бағытталған, қылмыстық процесті жүргізетін органның тапсырмасы бойынша орындалатын әрекеттері;
57) iс бойынша iс жүргiзу - нақты қылмыстық iс бойынша оның сотқа дейінгі және соттағы іс жүргізуі барысында жүзеге асырылатын процестік әрекеттер мен шешiмдердiң жиынтығы;
58) экстрадициялық қамақ - шет мемлекеттің құзыретті органының адамды күзетпен қамау туралы шешімін орындау бойынша соттың іздестірілудегі адамға қатысты оны шет мемлекетке ұстап беру (экстрадициялау) мақсатында қолданатын қамтамасыз ету шарасы.
2-тарау. ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСТІҢ МІНДЕТТЕРІ МЕН ҚАҒИДАТТАРЫ
8-бап. Қылмыстық процестің мiндеттерi
1. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жолын кесу, оларды бейтараптықпен, тез және толық ашу, тергеп-тексеру, оларды жасаған адамдарды әшкерелеу және қылмыстық жауаптылыққа тарту, әдiл сот талқылауы және қылмыстық заңды дұрыс қолдану, адамдарды, қоғамды және мемлекетті қылмыстық құқық бұзушылықтардан қорғау қылмыстық процестің мiндеттерi болып табылады.
2. Қылмыстық iстер бойынша iс жүргiзудiң заңда белгiленген тәртiбi адамды және азаматты негiзсiз айыптау мен соттаудан, оның құқықтары мен бостандықтарын заңсыз шектеуден қорғауды, ал кiнәсiз адам заңсыз айыпталған немесе сотталған жағдайда, оны дереу және толық ақтауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ заңдылық пен құқықтық тәртiпті нығайтуға, қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алуға, құқықты құрметтеу көзқарасын қалыптастыруға ықпал етуге тиiс.
9-бап. Қылмыстық процестің қағидаттары және олардың мәнi
1. Қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтары мен міндеттерін іске асырудың жалпы шарттарын және қылмыстық процестің өзінің алдында тұрған міндеттердің шешілуін қамтамасыз ететін қылмыстық процесс сатыларының, институттары мен нормаларының жүйесі мен мазмұнын айқындайтын оның іргелі бастаулары қағидаттар болып табылады.
2. Қылмыстық процестің қағидаттарын бұзу оның сипаты мен елеулі болуына қарай процестік әрекетті немесе шешімді заңсыз деп тануға, осындай iс жүргiзу барысында шығарылған шешiмдердiң күшін жоюға не осы тұрғыда жиналған материалдарды дәлелдемелік күшi жоқ деп немесе іс бойынша болып өткен іс жүргізуді жарамсыз деп тануға әкеп соғады.
10-бап. Заңдылық
1. Сот, прокурор, тергеуші, анықтау органы және анықтаушы қылмыстық істер бойынша іс жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Кодекс, осы Кодекстің 1-бабында көрсетілген өзге де нормативтік құқықтық актілер талаптарын дәлме-дәл сақтауға міндетті.
2. Соттар адамның және азаматтың Қазақстан Республикасы Конституциясында бекітілген құқықтары мен бостандықтарына қысым көрсететін заңдарды және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi қолдануға құқылы емес. Егер сот қолданылуға жататын заң немесе өзге де нормативтiк құқықтық акт адамның және азаматтың Қазақстан Республикасы Конституциясында бекітілген құқықтары мен бостандықтарына қысым көрсетедi деп тапса, ол iс бойынша iс жүргiзудi тоқтата тұруға және осы актiнi конституциялық емес деп тану туралы ұсынумен Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне өтініш жасауға мiндеттi.
3. Қылмыстық iстер бойынша iс жүргiзу кезiнде соттың, қылмыстық қудалау органдарының заңды бұзуына жол берiлмейдi және ол заңда белгiленген жауаптылыққа, заңсыз актiлердi жарамсыз деп тануға және олардың күшiн жоюға әкеп соғады.
4. Осы Кодекс нормаларының коллизиясы болған жағдайларда, олардың қылмыстық процестің қағидаттарына сай келетіндері қолданылуға жатады, ал нормаларда тиісті регламенттеу болмаған кезде сот ісін жүргізу мәселелері тікелей қылмыстық процесс қағидаттары негізінде шешіледі.
11-бап. Сот төрелігiн соттың ғана жүзеге асыруы
1. Қазақстан Республикасында қылмыстық iстер бойынша сот төрелігiн сот қана жүзеге асырады. Сот өкiлеттiгiн кiмнiң де болса иемденіп алуы заңда көзделген қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
2. Соттың үкiмінсіз және заңға сәйкес емес түрде ешкiмді де қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кiнәлi деп тануға, сондай-ақ қылмыстық жазаға тартуға болмайды.
3. Соттың құзыретi, оның юрисдикциясының шектерi, қылмыстық сот iсiн жүргiзудi жүзеге асыру тәртiбi заңда айқындалады және оны өз бетiнше өзгертуге болмайды. Қылмыстық iстердi қарау үшiн қандай атаумен болсын төтенше немесе арнаулы соттар құруға жол берiлмейдi. Төтенше соттардың, сондай-ақ өзге де заңсыз құрылған соттардың үкiмдерi мен басқа да шешiмдерiнiң заңдық күшi болмайды және олар орындалуға жатпайды.
4. Өзінің соттылығына жатпайтын iс бойынша қылмыстық сот iсiн жүргiзудi жүзеге асыратын, өз өкiлеттiктерiн асыра қолданған немесе осы Кодексте көзделген қылмыстық процесс қағидаттарын өзгедей түрде бұзған соттың үкiмi мен басқа да шешiмдерi заңсыз болады және олардың күшi жойылуға жатады.
5. Соттың қылмыстық iс бойынша үкiмi мен басқа да шешiмдерiн тиiстi соттар ғана осы Кодексте көзделген тәртiппен тексере алады және қайта қарай алады.