1. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында және өзге де нормативтік құқықтық актілерде көзделген негізгі кепілдіктерге, оның ішінде:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қажетті медициналық бұйымдармен қамтамасыз етуді қоса алғанда, қызметкердің еңбек міндеттерін орындауы үшін тиісті жағдайлардың жасалуына;
2) жұмыс берушінің немесе осы мақсаттарға Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген бюджет қаражаты есебінен біліктілігін арттыруға немесе денсаулық жағдайына байланысты еңбек міндеттерін орындау мүмкін болмаған кезде және қызметкерлер санының немесе штатының қысқартылуына байланысты, ұйымның таратылуына байланысты қызметкерлер жұмыстан босатылған кезде кәсіптік біліктілігін өзгертуге;
3) біліктілік деңгейіне сәйкес келетін еңбегіне ақы төленуге;
4) біліктілік деңгейіне, жұмыстың ерекшелігі мен күрделілігіне, еңбек көлемі мен сапасына, сондай-ақ қызметтің нақты нәтижелеріне сәйкес еңбегінің ынталандырылуына;
5) кәсіптік бірлестіктер құруға және оларға қатысуға;
6) медицина қызметкері тарапынан ұқыпсыз немесе немқұрайлы қарау болмаған кезде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтірілгені үшін кәсіптік жауапкершілікті сақтандыруға;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, лауазымдық міндеттерін орындау кезінде өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеттіруге;
8) медициналық және фармацевтикалық қызметке рұқсат беру құжаттары болған кезде жеке медициналық практиканы және фармацевтикалық қызметті жүзеге асыруға;
9) жеке және заңды тұлғаларға тиесілі байланыс құралдарын шұғыл медициналық көмек көрсету үшін пациентті жақын жердегі медициналық ұйымға тасымалдаған жағдайда кедергісіз және тегін пайдалануға;
10) жол жүруге байланысты көлік шығыстарының орнын толтыртуға құқығы бар.
2. Медициналық қызметпен айналысу құқығына денсаулық сақтау саласындағы маман сертификатымен расталған техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білімі бар қызметкерлер ие болады.
3. Оқу кезеңінде резидент-дәрігерлердің денсаулық сақтау саласындағы маман сертификатына сәйкес медициналық ұйымдарда тәлімгердің қадағалауымен жұмыс істеуге құқығы бар.
2021.08.01. № 410-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Шетелде медициналық білім алған адамдар білім туралы құжаттары танылғаннан, денсаулық сақтау саласындағы маман сертификатын бере отырып, уәкілетті орган аккредиттеген ұйымда кәсіптік даярлығын бағалаудың оң нәтижесінен кейін медициналық немесе фармацевтикалық қызметке жіберіледі.
Шетелде медициналық білім алған адамдардың кәсіптік даярлығын бағалау медициналық білім беру бағдарламалары бойынша түлектердің кәсіптік даярлығын бағалау қағидаларына сәйкес жүргізіледі.
5. Медициналық оқыс оқиға - Қазақстан Республикасының әкімшілік және қылмыстық заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарттарына сәйкес медициналық көмек көрсетумен және технологияларды, жабдықтар мен құралдарды пайдаланумен байланысты, организмнің қалыпты жұмыс істеуінің ауытқуынан туындайтын, пациенттің өмірі мен денсулығына зиян келтіруі, сондай-ақ пациенттің қайтыс болуына алып келуі мүмкін оқиға.
Медициналық оқыс оқиғаны талдау медициналық ұйымның ішкі аудиті арқылы жүзеге асырылады, сондай-ақ оны облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары, медициналық қызметтер (көмек) көрсету, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айнлысы саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар, уәкілетті орган жүзеге асырады.
271-бап. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің міндеттері
1. Медицина және фармацевтика қызметкерлері қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады және медициналық этика мен деонтология қағидаттарын басшылыққа ала отырып:
1) аурулар профилактикасына, денсаулықты нығайтуға жәрдемдесуге, Қазақстан Республикасының халқы арасында саламатты өмір салтын насихаттауға;
2) өзінің біліктілігіне, қызметтік және лауазымдық міндеттеріне сәйкес медициналық көмек көрсетуге;
3) қажет болған жағдайларда консультация үшін басқа бейіндегі немесе біліктілігі неғұрлым жоғары мамандарды тартуға;
4) медицина қызметкері құпиясын ұстауға және сақтауға, пациенттің аурулары, интимдік және отбасылық өмірі туралы мәліметтерді жария етпеуге;
5) кәсіптік деңгейін үздіксіз арттыруға;
6) Денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарын ұлттық есепке алу жүйесінде тіркелуге;
7) дәрілік заттарды тағайындаған кезде, пациенттің жеке көтере алмау жағдайларын қоспағанда, тиісті медициналық көрсетілімдер болған кезде өз құзыреті шегінде халықаралық патенттелмеген атауларымен дәрiлiк заттарға рецептілер жазып беруге міндетті.
2. Медицина және фармацевтика қызметкерлері, медициналық ұйымдардың басшылары:
1) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жарнамалауға қатысуға;
2) өзі көрсететін қызметтер үшін сыйақы алуға жеке мүдделі болу мақсатында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бөлшек саудада өткізетін белгілі бір объектілерді пациенттерге ұсыным жасауға;
3) күн сайынғы дәрігерлік конференциялар, ғылыми-практикалық конференциялар және (немесе) мамандандырылған семинарлар өткізуді қоспағанда, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндірушілердің өкілдері және (немесе) дистрибьюторлар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды ілгерілетуге құқылы емес.
272-бап. Әлеуметтік кепілдіктер. Медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қорғау
1. Ауылдық жерде және кенттерде, аудандық маңызы бар қалаларда жұмыс істейтін, мемлекеттік медициналық ұйымдардың медицина қызметкерлеріне мынадай әлеуметтік қолдау шаралары көзделеді:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті атқарушы органдардың шешімімен міндетті түрде тұрғынжай, оның ішінде қызметтік тұрғынжай беру;
2) жергілікті атқарушы орган белгілеген тәртіппен жәрдемақылардың міндетті түрде төленуі;
3) жергілікті атқарушы органдардың шешімімен коммуналдық шығыстарды өтеу бойынша әлеуметтік қолдау көрсету және басқа да жеңілдіктер;
4) өзге де шаралар.
2. Мемлекеттік медициналық ұйымдардың медицина және фармацевтика қызметкерлерінің жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау шараларын, қосымша жеңілдіктер мен ынталандырушы төлемдерді алуға халықтың әлеуметтік әлсіз топтарынан кейін басым құқығы бар.
3. Жергілікті атқарушы органдар медицина қызметкерінің беделін арттыру және оның жеке және кәсіптік өсуін арттыруды қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен оған ынталандырушы төлемдер бере отырып, «Кәсібі бойынша үздік» мәртебесін береді.
4. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, медицина және фармацевтика қызметкерлерінің кәсіптік қызметіне мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтары тарапынан араласуға тыйым салынады.
5. Медицина немесе фармацевтика қызметкері кәсіптік қызметін жүзеге асырған кезде:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, оны кәсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға;
2) одан Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген есептілікті не ақпаратты талап етіп алдыруға;
3) оған тауарларды (жұмыстарды) және көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген міндеттерді жүктеуге жол берілмейді.
273-бап. Медицина қызметкері құпиясы
1. Дербес медициналық деректер, медициналық көмекке жүгіну фактісі, адам денсаулығының жай-күйі, оның ауруының диагнозы туралы ақпарат және оны зерттеп-қарау және (немесе) емдеу кезінде алынған өзге де мәліметтер медицина қызметкері құпиясын құрайды.
2. Осы баптың 3 және 4-тармақтарында белгіленген жағдайлардан басқа кезде, медицина қызметкері құпиясын құрайтын мәліметтерді оқу, кәсіптік, қызметтік және өзге де міндеттерді орындау кезінде бұлар өзіне белгілі болған адамдардың жария етуіне жол берілмейді.
3. Пациенттің немесе оның заңды өкілінің хабардар етілген келісімімен медицина қызметкері құпиясын құрайтын мәліметтерді ғылыми зерттеулер жүргізу, осы мәліметтерді оқу процесінде пайдалану үшін беруге жол беріледі.
4. Медицина қызметкері құпиясын құрайтын мәліметтерді адамның келісімінсіз беруге мынадай жағдайларда:
1) заңды өкілі болмаған жағдайда, өзінің жай-күйіне байланысты өз еркін білдіруге қабілетсіз адамды зерттеп-қарау және емдеу мақсатында;
2) айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың таралу қатері кезінде, оның ішінде қан, оның компоненттерінің донорлығы, ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) трансплантаттау кезінде;
3) тергеп-тексеру немесе сот талқылауын жүргізуге байланысты анықтау және алдын ала тергеу органдарының, прокурордың, адвокаттың және (немесе) соттың сұрау салуы бойынша;
4) кәмелетке толмаған немесе әрекетке қабілетсіз адамға медициналық көмек көрсету кезінде оның заңды өкіліне хабар беру үшін;
5) Қазақстан Республикасы азаматының денсаулығына зиян құқыққа қарсы іс-әрекеттер салдарынан келтірілді деп ұйғаруға негіздер болған кезде;
6) адамның психикалық ауытқушылықтары мен сексуалдық зорлық-зомбылыққа бейімділігі анықталған кезде;
7) медициналық қызметтер (көмек) көрсету сапасына мемлекеттік бақылау, медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы мен көлемі жөніндегі шарттық міндеттемелерге мониторинг жүргізу кезінде;
8) «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен прокуратура органдары тексерулер жүргізу кезінде;
9) қарсы барлау қызметінің міндеттерін шешу мақсатында арнаулы мемлекеттік органдардың сұрау салуы бойынша жол беріледі.
5. Мыналар медицина қызметкері құпиясын жария ету болып табылмайды:
1) электрондық ақпараттық ресурстың резервтік көшірмесін ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіпке және мерзімдерге сәйкес электрондық ақпараттық ресурстарды резервтік сақтаудың бірыңғай платформасына сақтауға беру, бұған мұндай электрондық ақпараттық ресурстар барлау, қарсы барлау қызметімен және күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет іс-шараларымен байланысты, берілуі Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын ақпаратты қамтитын жағдайлар кірмейді;
2) медициналық көмек көрсету және құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар қызметін жүзеге асыру мақсатында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып ақпарат алмасу.
6. Қан мен оның компоненттерінің, ағзалардың (ағза бөлігінің) және (немесе) тіндердің (тін бөлігінің) донорлығымен, сондай-ақ құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдардың психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар есепте тұрған адамдардың жай-күйі туралы медициналық құпияны құрайтын электрондық құжат нысанындағы ақпаратты беру жөніндегі сұрау салуларымен байланысты жағдайлардан басқа кезде, олардың жеке өміріне қатысты дербес медициналық деректерді пайдаланғанда, жеке тұлғалардың дербес медициналық деректерін қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды басқа дерекқорлармен байланыстыратын телекоммуникация желілеріне жеке тұлғалардың келісімінсіз қосуға жол берілмейді.
7. Пациенттің денсаулығы туралы деректер медицина қызметкеріне қатысы жоқ себептер бойынша жалпыға қолжетімді болған жағдайлар медицина қызметкері құпиясын бұзу болып табылмайды.
274-бап. Қазақстан Республикасының медицина және фармацевтика қызметкерлерінің ар-намыс кодексі
1. Қазақстан Республикасы медицина және фармацевтика қызметкерлерінің ар-намыс кодексі (бұдан әрі - Ар-намыс кодексі) Қазақстан Республикасы медицина және фармацевтика қызметкерлерінің өз қызметі үшін қоғам алдындағы моральдық-этикалық жауапкершілігін белгілейді.
2. Ар-намыс кодексін уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
7-БӨЛІМ. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
275-бап. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
276-бап. Осы Кодексті қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Кодекс:
1) 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 39-бапты, 55-баптың 10-тармағының 1) тармақшасын;
2) дәрілік заттарды өндіру жөніндегі ұйымдар, дәріхана қоймалары үшін 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 231-баптың 2-тармағының екінші бөлігін және 233-баптың 3-тармағының екінші бөлігін;
3) 2021 жылғы 1 маусымнан бастап қолданысқа енгізілетін 240-баптың 7-тармағын;
4) 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 110-баптың 2-тармағының 16) тармақшасын, 27-баптың 1-тармағының 2), 3) тармақшаларын, 4-тармағының 2), 3) тармақшаларын, 7 және 8-тармақтарын;
5) 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 55-баптың 10-тармағының 2) тармақшасын;
6) дәріханалар үшін 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 233-баптың 3-тармағының бірінші бөлігін;
7) 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 233-баптың 4-тармағының 5) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Осы Кодекстің 233-бабы 4-тармағының 5) тармақшасы қолданысқа енгізілгенге дейін осы тармақша мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«5) осы баптың 6-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, денсаулық сақтау ұйымдарында медицина қызметкерлерінің;».
3. Осы Кодекстің 233-бабының 6-тармағы 2022 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанға дейін қолданылады деп белгіленсін.
4. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2020 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабы 22-тармағының 1) тармақшасы қолданысқа енгізілгенге дейін осы Кодекстің мазмұнындағы 83-баптың тақырыбының, 83-бабы тақырыбының, 1 және 3-тармақтарының, 160-бабы 2-тармағының, 162-бабы 1-тармағының және 196-бабы 1-тармағы бірінші бөлігінің қолданылуы тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы нормалар мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
1) мазмұнындағы 83-баптың тақырыбы:
«83-бап. Оралмандардың, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және өзге де адамдардың құқықтары мен міндеттері»;
2) баптың тақырыбы, 83-баптың 1 және 3-тармақтары;
«83-бап. Оралмандардың, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және өзге де адамдардың құқықтары мен міндеттері
1. Оралмандардың, босқындардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей алуға құқығы бар.»;
«3. Қазақстан Республикасының аумағында жүрген оралмандар, босқындар және пана іздеген адамдар, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар денсаулық сақтау саласында Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей міндеттерді атқарады.»;
3) 160-баптың 2-тармағы:
«2. АИТВ инфекциясын жұқтырған Қазақстан Республикасының азаматтары, оралмандар, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, босқындар және АИТВ инфекциясын жұқтырған аналардан туылған, диагнозы белгіленбеген балалар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде динамикалық байқауға және дәрілік заттармен қамтамасыз етуге жатады.»;
4) 162-баптың 1-тармағы:
«1. Қазақстан Республикасы азаматтарының, оралмандардың, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты және уақытша тұратын шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, босқындар мен пана іздеген адамдардың уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен АИТВ инфекциясының профилактикасы саласында қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде АИТВ инфекциясы мәселелері бойынша ерікті түрде анонимдік және (немесе) құпия медициналық зерттеп-қаралуға және консультация алуға құқығы бар.»;
5) 196-баптың 1-тармағының бірінші бөлігі:
«1. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға, босқындарға, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға бюджет қаражаты есебінен ұсынылады, барынша дәлелденген тиімділігі бар профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ дәрілік қамтамасыз етуді қамтиды.».
5. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) 2009 жылғы 18 қыркүйектегі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2009 ж., № 20-21, 89-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 32-құжат; № 15, 71-құжат; № 24, 149, 152-құжаттар; 2011 ж., № 1, 2, 3-құжаттар; № 2, 21-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; № 17, 136-құжат; № 21, 161-құжат; 2012 ж., № 1, 5-құжат; № 3, 26-құжат; № 4, 32-құжат; № 8, 64-құжат; № 12, 83-құжат; № 14, 92, 95-құжаттар; № 15, 97-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 1, 3-құжат; № 5-6, 30-құжат; № 7, 36-құжат; № 9, 51-құжат; № 12, 57-құжат; № 13, 62-құжат; № 14, 72, 75-құжаттар; № 16, 83-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 7, 37-құжат; № 10, 52-құжат; № 11, 65-құжат; № 14, 84, 86-құжаттар; № 16, 90-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 21, 122-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 1, 2-құжат; № 7, 33-құжат; № 10, 50-құжат; № 19-II, 102-құжат; № 20-IV, 113-құжат; № 20-VII, 115-құжат; № 22-I, 143-құжат; № 22-V, 156-құжат; № 23-II, 170-құжат; 2016 ж., № 6, 45-құжат; № 8-II, 67, 70-құжаттар; № 23, 119-құжат; 2017 ж., № 1-2, 3-құжат; № 4, 7-құжат; № 9, 22-құжат; № 13, 45-құжат; № 22-III, 109-құжат; № 23-III, 111-құжат; № 24, 115-құжат; 2018 ж., № 10, 32-құжат; № 14, 42-құжат; № 15, 47-құжат; № 19, 62-құжат; № 23, 91-құжат; № 24, 93, 94-құжаттар; 2019 ж., № 7, 36-құжат; № 8, 46-құжат; № 21-22, 90-құжат; № 23, 106-құжат; 2020 жылғы 5 мамырда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2020 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы; 2020 жылғы 14 мамырда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2020 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы; 2020 жылғы 26 мамырда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2020 жылғы 25 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы);
2) «Алкоголизмге, нашақорлық пен уытқұмарлық дертiне шалдыққан ауруларды ерiксiз емдеу туралы» 1995 жылғы 7 сәуiрдегі Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 3-4, 32-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2010 ж., № 24, 152-құжат; 2012 ж., № 8, 64-құжат; 2013 ж., № 13, 62-құжат; 2014 ж., № 19-I, 19-II, 96-құжат; 2018 ж., № 24, 93-құжат);
3) «Йод тапшылығы ауруларының алдын алу туралы» 2003 жылғы 14 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 19-20, 149-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; 2007 ж., № 4, 95-құжат; 2011 ж., № 11, 102-құжат; 2012 ж., № 14, 92-құжат; 2013 ж., № 14, 75-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 23, 143-құжат; 2018 ж., № 24, 93-құжат).
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2020 жылғы 7 шілде
№ 360-VІ