2013.03.12. № 151-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Сәулет жобасы:
1) тапсырысшы (инвестор) бекiткен, жобалауға арналған тапсырмалар және алаңдарды (трассаларды) таңдау жөніндегi материалдар, инженерлiк iзденулер нәтижелерi, объектiнi инженерлiк қамтамасыз етудiң техникалық талаптары негiзiнде;
2) бекітілген қала құрылысы жобалары мен алдын ала жобалау құжаттамаларына сәйкес;
2006.10.01. № 116-III (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді
3) республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының сәулет-жоспарлау тапсырмасына сәйкес;
4) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған және Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық мамандандырылған көрмені ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға берген сәулет-жоспарлау тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағындағы халықаралық мамандандырылған көрме объектілері бойынша әзірленеді.
Қазақстан Республикасының аумағындағы халықаралық мамандандырылған көрме объектілері бойынша сәулет жобасын және жобалау алдындағы құжаттаманы бір мезгілде әзірлеуге жол беріледі.
2006.10.01. № 116-III (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 3 тармақ өзгертілді
3. Құрылыстың жобасын әзiрлеу кезiнде сәулет жобасының шешiмдерiнiң сақталуы мiндеттi.
Сәулет жобаларын өзгерту автордың (авторлардың) келісімiмен не оның (олардың) қатысуымен жүргiзiлуi мүмкiн. Егер бұл орайда сәулет-жоспарлау тапсырмасының талаптарынан ауытқушылық пайда болса, тапсырма берген органмен келiсу талап етiледi.
2006.10.01. № 116-III (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен; 2015.28.10. № 366-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 4-тармақ өзгертілді
4. Техникалық жағынан күрделi емес объектiлердiң құрылысына (реконструкциялауға, қайта жобалауға, қайта жабдықтауға) арналған жобалық құжаттаманы әзiрлеудi оңайландыру қажет болған жағдайда, сәулет жобасы сәулет-жоспарлау тапсырмасына сәйкес нобай (нобайлық жоба) түрiнде орындалуы мүмкiн.
63-бап. Құрылыс жобасы
2009.10.07. № 180-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара); 2012.13.01. № 542-IV ҚР Заңымен (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгiзiлді) (бұр. ред. қара); 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 1-тармақ жаңа редакцияда
1. Жаңа үйлер мен ғимараттардың, олардың кешендерінің, инженерлік және көлік коммуникацияларының құрылыс жобасы (жобалау-сметалық құжаттамасы) объектінің орналасқан жерiнiң қала құрылысы тұрғысынан негiзділігін, құрылыс жүргiзу және құрылысы аяқталған объектiні пайдалануға тапсыру үшiн қажеттi көлемде экономикалық, сәулет, көлемдiк-жоспарлау, функционалдық, технологиялық, конструкциялық, инженерлiк, табиғат қорғау, энергия үнемдеу шешімдері мен өзге де шешiмдерді қамтуға тиiс.
Құрылыс жобаларына жүргізілген техникалық зерттеп-қарау нәтижелері негізінде орындалған және:
1) тарих және мәдениет ескерткіштеріне жатпайтын, бұрыннан бар объектілерді күрделі жөндеуге немесе үйлер мен ғимараттарды реставрациялауға;
2) пайдаланылатын объектілерді реконструкциялауға, кеңейтуге, жаңғыртуға немесе техникалық қайта жарақтандыруға;
3) авариялық үйлер мен ғимараттарды бұзуды қоспағанда, өз ресурсын тауысқан бөлшектенетін объектiлердi кейiннен кәдеге жаратуға;
4) құрылысы тоқтатыла тұрған аяқталмаған объектілерді консервациялауға (консервациядан алуға) арналған жобалау-сметалық құжаттама да жатады.
2. Заңдарда белгiленген тәртiппен бекітілген құрылыс жобасының жобалық шешiмдерi мен көрсеткiштерi оны iске асыру кезiнде мiндеттi болып табылады.
2013.03.12. № 151-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Құрылыс жобасы:
1) тапсырысшы бекiткен, жобалауға берілген тапсырмалар, жер учаскесiн (алаңдарды, трассаларды) таңдау мен бөлу (пайдалануға берiлген рұқсат) жөніндегi материалдар, объектiнi инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз етудiң техникалық талаптары, инженерлiк iзденулердiң, тапсырысшының жобалау алдындағы қызметiнiң нәтижелерін қоса алғанда, өзге де бастапқы деректердiң нәтижелері негiзiнде;
2) құрылыстағы инвестициялардың заңдарда белгiленген тәртiппен бекітілген негiздемелерiне (техникалық-экономикалық негiздемелерге, техникалық-экономикалық есептерге), ал қажет болған жағдайда жобада қолданылатын құрылыс материалдарының, бұйымдардың, конструкциялардың, инженерлiк жабдықтар мен құрылғылардың мердiгермен келісілген тiзбесiне сәйкес;
2006.10.01. № 116-III (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді
3) облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының сәулет-жоспарлау тапсырмасына сәйкес;
4) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған және Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық мамандандырылған көрмені ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға берген сәулет-жоспарлау тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағындағы халықаралық мамандандырылған көрме объектілері бойынша әзірленеді.
Қазақстан Республикасының аумағындағы халықаралық мамандандырылған көрме объектілері бойынша құрылыс жобасын және жобалау алдындағы құжаттаманы бір мезгілде әзірлеуге жол беріледі.
Бекiтiлген қала құрылысы және (немесе) сәулет жобалары болған жағдайда құрылыс жобасын әзірлеуге арналған бастапқы құжаттама оларда қабылданған шешімдерге сәйкес келуге тиіс.
4. Осы Заңның 62-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларда нобай (нобайлық жоба) құрылыс жобасы болып табылады.
5. Бекiтiлген құрылыс жобасына құрылыс-монтаж жұмыстары барысында өзгерістер енгізу тәртібі сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөніндегі уәкiлеттi орган заңдарда белгiлеген тәртiппен бекiтетiн мемлекеттік, авторлық және техникалық қадағалау жүргiзу жөніндегі мемлекеттік құрылыс нормаларымен және ережелерiмен белгiленедi.
64-бап. 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 9-1-тараумен толықтырылды
9-1-тарау. Жобалар сараптамасы
64-1-бап. Құрылыс және аумақтардың қала құрылысын жоспарлау саласындағы жобаларға сараптама
2015.28.10. № 366-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Объектілердің құрылысы саласындағы жобаларға ведомстводан тыс кешенді сараптаманы сараптама ұйымдары жүргізеді және техникалық-экономикалық негіздемелердің немесе жобалау-сметалық құжаттаманың тиісті бөлімдері (бөліктері) бойынша аттестатталған сарапшылар жүзеге асырады.
Аумақтардың қала құрылысын жоспарлау саласындағы жобаларға кешендi қала құрылысы сараптамасын сараптама комиссиялары немесе сараптама топтары жүргiзедi, олардың құрамына жобалардың тиiстi бөлiмдерi (бөлiктерi) бойынша аттестатталған сарапшылар кiредi. Бұл ретте кешенді қала құрылысы сараптамасына кеңесшілер ретінде жобалау ұйымдарының, мамандандырылған ғылыми-зерттеу институттарының мамандары тартылуы мүмкін.
Оң сараптама қорытындылары қаралған жобаларды бекіту үшін негіз болып табылады.
2. Міндетті сараптамаға:
1) кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізуді талап ететін және Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті өкілді органдардың бекітуіне жататын, аумақтарды дамытудың және оларға құрылыс салудың қала құрылысын жоспарлау жобалары;
2015.28.10. № 366-V ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) бюджет қаражаты есебінен немесе осы қаражаттың қатысуымен қаржыландырылатын, сондай-ақ бюджет қаражатының қатысуынсыз тұрғызылатын, бірақ шығарылатын өнімнің немесе көрсетілетін қызметтердің көлеміндегі мемлекеттік меншіктің үлесі заңнамада белгіленген тәртіппен көзделетін, сондай-ақ мемлекет кепілдігімен не мемлекет кепілгерлігімен мемлекеттік емес қарыз қаражаттың қатысуынсыз тұрғызылатын үйлер мен ғимараттарды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын салуға арналған техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттама;
2015.28.10. № 366-V ҚР Заңымен 3) тармақшамен толықтырылды
3) осы баптың 4-тармағында келтірілген техникалық жағынан күрделi емес объектiлер құрылысының жобаларын қоспағанда, бюджет қаражатының немесе мемлекеттiк инвестициялардың өзге де нысандарының қатысуынсыз қаржыландырылатын объектілердің құрылысына арналған жобалау-сметалық құжаттама жатады.
3. 2015.28.10. № 366-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4. Бюджет қаражатының немесе мемлекеттік инвестициялардың өзге де нысандарының қатысуынсыз қаржыландырылатын техникалық жағынан күрделі емес объектілердің құрылыс жобалары мынадай объектілер бойынша міндетті сараптамаға жатпайды:
1) республикалық маңызы бар қалалардың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының сәулет-жоспарлау тапсырмасына сәйкес лицензиясы бар тұлғалар орындаған жеке тұрғын үйлер. Бұл талап Қазақстан Республикасының астанасындағы жеке тұрғын үй құрылысына қолданылмайды;
2) маусымдық жұмыстар мен шалғайдағы мал шаруашылығына арналған уақытша құрылыстар, тұрғын және тұрмыстық үй-жайлар;
3) жеке үй жанындағы учаскелердiң аумағындағы, сондай-ақ бағбандық және бақшалық серiктестiктерiнiң (қоғамдарының) учаскелерiндегi шаруашылық-тұрмыстық құрылыстар;
4) жұмыс iстеп тұрған инженерлiк желілерді өзгертудi талап етпейтiн үй жанындағы учаскелер мен саяжай учаскелерiн абаттандыру;
5) контейнермен және блокпен орындалатын ықшам кешендер, сондай-ақ құрастырмалы-бұзылмалы конструкциялардан тұрғызылатын және санитариялық-эпидемиологиялық қызметтермен келiсудi талап етпейтін сауда объектілеріне, қоғамдық тамақтану және тұрмыстық қызмет көрсету объектілеріне арналған бiр қабатты үйлер (ғимараттар);
6) автомашиналар саны елу бірліктен аспаған кезде ашық үлгiдегi автотұрақтар, сондай-ақ екеуден аспайтын автомашинаға арналған бокстерi бар гараждар;
7) бұрыннан бар үйлерде жүзеге асырылатын және тiреу конструкцияларын өзгертудi талап етпейтiн өндірiстiк емес мақсаттағы үй-жайларды қайта жоспарлау (қайта жабдықтау);
8) инженерлiк желілерді электр коррозиясынан қорғау;
9) желілік инженерлiк жолдар мен оларға арналған ғимараттарға олардың жағдайын, салыну белгілерін, құбырлардың диаметрін өзгертуді талап етпейтін күрделі жөндеу;
10) шағын сәулеттiк нысандар мен аумақтардың қоршаулары;
11) үйлердің (ғимараттардың) маңындағы ашық спорт алаңдары, тротуарлар, төселген тастар;
12) технологиялық ресурсы таусылған және кәсiпорынды (цехты) реконструкциялауды немесе қайта бейiндеудi талап етпейтiн технологиялық немесе инженерлiк жабдықтардың бірліктерін жөндеу және ауыстыру;
13) лицензиясы бар тұлғалар орындаған және қосымша жер учаскесін бөлуді (аумақ кесіп беруді) талап етпейтін, конструкциялардың есептік беріктігін төмендетпейтін, сәулеттік-эстетикалық, өртке қарсы, жарылысқа қарсы және санитариялық сапаларын нашарлатпайтын, пайдалану кезінде қоршаған ортаға зиянды әсерін тигізбейтін, бұл жөнінде жоба авторының (жобаның бас инженерінің, жобаның бас сәулетшісінің) тиісті жазбасы бар, тұрғын үйлердегі (тұрғын ғимараттардағы) тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды реконструкциялау (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау);
14) меншік иелерінің жеке пайдалануына арналған техникалық жағынан күрделі емес басқа да құрылыстар.
Көрсетілген жобалар бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптама тапсырыс берушінің қалауы бойынша ғана жүргізілуі мүмкін.
5. Бұрын салалық және ведомстводан тыс кешенді сараптамалардың оң қорытындылары берілген, құрылыстың бекітілген жеке жобаларын қайта қолдану кезінде, сондай-ақ жаппай құрылысқа арналған қолданыстағы үлгілік жобаларды қайта байланыстыру кезінде қайталама салалық сараптамалар жүргізілмейді, бірақ бұл жобаларды нақты жергілікті жерге және жағдайларға байланыстыру бөлігінде ведомстводан тыс кешенді сараптамадан өтеді.
6. Міндетті ведомстводан тыс кешенді сараптамаға жататын құрылыс жобаларын (техникалық-экономикалық негіздемелерді немесе жобалау-сметалық құжаттаманы), оның оң қорытындысы болмаса, бекітуге және одан әрі іске асыруға жол берілмейді.
7. Құрылыс жобаларының (техникалық-экономикалық негіздемелердің немесе жобалау-сметалық құжаттаманың) тапсырыс берушісі осы жоба бойынша сараптама жұмыстарының тапсырыс берушісі де болып табылады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделген жағдайларда, тапсырыс берушінің міндетіне құрылыс жобаларын әзірлеуге және оларға сараптама жасауға бөлек конкурстарды ұйымдастыру және өткізу кіреді. Бөлек конкурстар жобаны дайындау мен өткізілген конкурс нәтижелері бойынша сол уақытқа жеңімпаз деп айқындалған сараптама ұйымына оны ұсыну арасында үзіліс болмайтындай мерзімдерде өткізіледі.
8. Ведомстводан тыс кешенді сараптамаға жататын, бірақ мемлекеттік монополияға жатпайтын және мемлекеттік сатып алу нысанасы болып табылмайтын жобалардың тапсырыс берушісі сараптама жүргізу үшін өз қалауы бойынша кез келген аккредиттелген сараптама ұйымын таңдауға құқылы.
9. Тапсырыс берушілер ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу үшін мемлекеттік нормативтерде көзделген құжаттардың толық жинақталымын ұсынуға міндетті. Сараптама жүргізу үшін ұсынылған құжаттардың анықтығына тапсырыс беруші жауапты болады.
10. Сараптама ұйымдары сараптама комиссияларын (сараптама топтарын) құрады, сондай-ақ мамандарды (мамандандырылған институттар мен ұйымдарды), оның ішінде шет мемлекеттің тиісті органы берген сараптама қызметімен айналысу құқығына арналған құжаттары бар шетелдік сарапшыларды тартады.
Қаралатын жобаларды дайындауға және (немесе) әзірлеуге тікелей немесе жанама қатысқан не оларды әзірлеген жобалау ұйымдарының өкілдері болып табылатын мамандарды сараптама комиссияларының (сараптама топтарының) құрамына кіргізуге, сондай-ақ жобаларға ведомстводан тыс кешенді сараптамаға қатысудың өзге де нысанына тартуға жол берілмейді.
11. Тапсырыс берушілер және жобалаушылар, сондай-ақ сарапшылар немесе сараптама ұйымдары тараптардың бірі жобаларға ведомстводан тыс кешенді сараптаманы жүргізу немесе оның нәтижелерін қорыту тәртібін бұзған жағдайларда, осы өтінішін негіздей отырып, сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органға жүгінуге құқылы.
Тапсырыс беруші жүргізілген ведомстводан тыс кешенді сараптаманың нәтижелерімен келіспеген кезде сарапшылардың қорытындысына сот тәртібімен шағым жасауы мүмкін.
12. Тапсырыс беруші сапасыз әзірленген және бұрын сараптамамен мақұлданған жобаға және (немесе) құрылыс барысында анықталған бекітілген жобадан негізсіз ауытқуларға байланысты жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасына өзгерістер енгізу қажеттігін анықтаған жағдайда да сараптама жүргізіледі.
Мұндай жағдайда, тапсырыс беруші сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органға тиісті ақпаратты жібереді.
2016.07.04. № 487-V ҚР Заңымен 13-тармақпен толықтырылды
13. Ерекше реттеуді және (немесе) қала құрылысы регламентациясын талап ететін жекелеген құрылыс объектілері бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптама ерекше реттеуді және (немесе) қала құрылысы регламентациясын талап ететін жекелеген объектілерді салуға арналған жобалау-сметалық құжаттаманы кезең-кезеңімен әзірлеу мен келісудің жеке-дара жоспарларына сәйкес жүзеге асырылады.
Ерекше реттеуді және (немесе) қала құрылысы регламентациясын талап ететін жекелеген объектілерді салуға арналған жобалау-сметалық құжаттаманы кезең-кезеңімен әзірлеу мен келісу тәртібі қаржыландыру көздеріне қарамастан, жаңа ғимараттар мен құрылыстарды, олардың кешендерiн, инженерлiк және көлiк коммуникацияларын салуға, сондай-ақ олардың қазiргi барларын өзгертуге (реконструкциялауға, кеңейтуге, техникалық тұрғыдан қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға және күрделi жөндеуге) арналған техникалық-экономикалық негiздемелерге және жобалау-сметалық құжаттамаға кешендi ведомстводан тыс сараптама жүргiзу қағидаларымен реттеледі.
64-2-бап. Құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптаманың құны және оны жүргізу мерзімдері
1. Құрылыс жобаларына (техникалық-экономикалық негіздемелерге және жобалау-сметалық құжаттамаға) ведомстводан тыс кешенді сараптама қаралып отырған жобаны әзірлеу құнына шығындарды жатқыза отырып, сараптамаға тапсырыс берушілер мен сараптама ұйымдары жасасатын шарттар негізінде жүзеге асырылады.
2015.28.10. № 366-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Қаржыландыру көзiне қарамастан, мемлекеттiк сараптама ұйымы салалық сараптамалардың қатысуымен орындайтын сараптама жұмыстарының құны сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган бекiткен объектілердің құрылысы жобаларына кешенді ведомстводан тыс сараптама жүргізу жөніндегі жұмыстардың құнын айқындау қағидаларына сәйкес белгіленеді.
2015.28.10. № 366-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Аккредиттелген сараптама ұйымдары салалық сараптамалардың қатысуымен орындайтын сараптама жұмыстарының құны тапсырыс беруші мен сараптамалық ұйымның арасында жасалған шартқа сәйкес белгіленеді.
Мемлекеттік сатып алулар шеңберінде орындалатын шарттар бойынша сараптама жұмыстарының құны сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган бекiткен объектілердің құрылысы жобаларына кешенді ведомстводан тыс сараптама жүргізу жөніндегі жұмыстардың құнын айқындау қағидаларына сәйкес белгіленетін құннан төмен болмауға тиіс.
4. Құрылыстың техникалық-экономикалық негіздемесіне, сондай-ақ құрылысқа арналған жобалау-сметалық құжаттамаға ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу тәртібі мен ұзақтығы (мерзімдері) сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен айқындалады және құрылыс объектілерін жобалау саласындағы сараптама қызметінің барлық субъектілері үшін бірыңғай болып табылады.
64-3-бап. Жобаларға сараптама түрлері
1. Жобаларға сараптама мынадай түрлерге бөлінеді:
1) аккредиттелген сараптама ұйымдары немесе тиісті аттестаты бар сарапшылар жүзеге асыратын, құрылысқа арналған жобаларға сараптама (техникалық-экономикалық негіздемелерге және жобалау-сметалық құжаттамаға ведомстводан тыс кешенді сараптама);
2) мемлекеттік монополияға жатқызылған құрылыс жобаларына (техникалық-экономикалық негіздемелерге және жобалау-сметалық құжаттамаға) ведомстводан тыс кешенді сараптама;
3) мыналар:
Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін жобалар бойынша сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган құратын сараптама комиссиялары;
мәслихаттар бекітетін жобалар бойынша тиісті жергілікті атқарушы органдар құратын сараптама топтары жүзеге асыратын, қала құрылысының әр түрлі деңгейдегі жобаларына міндетті сараптама - кешенді қала құрылысы сараптамасы;
4) мүдделі мемлекеттердің уәкілетті органдары құратын халықаралық сараптама комиссиялары жүзеге асыратын, объектілерді жобалау және салу немесе аралас шекара маңы аумақтарының қала құрылысын жоспарлау бойынша тиісті халықаралық шарттардың екі және одан да көп қатысушы мемлекеттері үшін өзара мүддені білдіретін жобаларға мемлекетаралық сараптама.
2. Әр түрлі деңгейдегі аумақтардың қала құрылысын жоспарлау жобалары (қала құрылысы жобалары) осы Заңда, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерде белгіленген тәртіппен кешенді қала құрылысы сараптамасынан өтеді. Кешенді қала құрылысы сараптамасының оң қорытындылары тиісті деңгейдегі қала құрылысы жобаларын бекіту және оларды одан әрі іске асыру үшін негіз болып табылады.
3. Екі және одан да көп елдердің мүдделерін қозғайтын жобалар бойынша мемлекетаралық сараптама жүргізу тәртібі халықаралық шартқа сәйкес белгіленеді.
64-4-бап. Мемлекеттік монополияға жатқызылған сараптама қызметі
2015.28.10. № 366-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2016.07.04. № 487-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ жаңа редакцияда
1. Мемлекеттiк монополияға:
1) қаржыландыру көздеріне қарамастан, ықтимал қауіпті құрылыс объектілеріне жататын жаңа өндірістік ғимараттар мен құрылыстарды, сондай-ақ техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделі жаңа объектілерді, олардың кешендерін, инженерлік және көліктік коммуникацияларды салу;
2) бюджет қаражаты және мемлекеттік инвестициялардың өзге де нысандары есебінен қаржыландырылатын, мыналарға:
ықтимал қауіпті;
техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделі объектілерге жатқызылған қолданыстағы объектілерді реконструкциялау, кеңейту, жаңғырту, техникалық қайта жарақтандыру және күрделі жөндеу үшін жобаларға (техникалық-экономикалық негіздемелерге және жобалау-сметалық құжаттамаға) ведомстводан тыс кешендi сараптама жатады.
2. Мемлекеттік монополияға жататын ведомстводан тыс кешенді сараптаманы қандай да бір өзге қызметпен айналысуға құқылы емес мемлекеттік сараптама ұйымы жүзеге асырады.
3. Осы баптың талаптары Қазақстан Республикасының аумағындағы халықаралық мамандандырылған көрме объектілеріне қолданылмайды.
64-5-бап. Аккредиттелген сараптама ұйымдары
1. Аккредиттелген сараптама ұйымдары:
осы Заңның 64-4-бабының 1-тармағында көзделген жобаларды қоспағанда, құрылысқа арналған жобаларға (техникалық-экономикалық негіздемелерге және жобалау-сметалық құжаттамаға) міндетті ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізеді;
палата құрылған кезден бастап оның мүшелері (қауымдастырылған мүшелері) болуға міндетті.
2. Аккредиттелген сараптама ұйымдары, егер:
1) 2015.28.10. № 366-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2) объектілердің (кешендердің) құрылысы іске қосу кешендері немесе кезек бойынша көзделсе;
3) инженерлік немесе көліктік инфрақұрылымның желілік құрылыстарын салу жеке учаскелерге (кесінділерге) бөлінсе, жергіліктісараптама қорытындыларын бере отырып, жобаға арналған құжаттардың толық жинақталымына тұтастай да, жобаның жекелеген бөлімдеріне (бөліктеріне) де сараптама жүргізуге құқылы.
Жобаның жекелеген бөлімдері (бөліктері) бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптаманың жергілікті қорытындылары жобалау-сметалық құжаттаманы тұтастай бекіту үшін негіздер болып табылмайды, бірақ жиынтық сараптама қорытындысының құрамында пайдаланылады. Техникалық зерттеп-қарау нәтижелері негізінде объектідегі тозған элементтерді немесе инженерлік жүйелерді ауыстыру арқылы пайдалану сапаларын қалпына келтіру мақсатында күрделі жөндеу жүргізу үшін сметалық құжаттаманы әзірлеу ғана талап етілетін жағдайларға, бұл талап қолданылмайды.
3. Міндетті түрде ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуді талап етпейтін құрылыс жобаларына осы сараптаманы тапсырыс берушінің шешімі бойынша аккредиттелген сараптама ұйымы да жүргізуі мүмкін.
64-5-баптың 4-тармағы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді
4. Аккредиттелген сараптама ұйымдары, осы Заңда көзделген сараптама қызметін қоспағанда, қандай да бір өзге қызметпен айналысуға құқылы емес.
64-6-бап. Құрылыс объектілерін жобалау саласындағы сарапшылар
1. Құрылыс объектілерін жобалау саласында сараптама қызметімен айналысу құқығына аттестат алу үшін жеке тұлғаның тиісті мамандық бойынша жоғары білімі, объектілер құрылысына арналған техникалық-экономикалық негіздемелердің немесе жобалау-сметалық құжаттаманың тиісті бөлімі (бөлігі) бойынша жобалау саласында кемінде бес жыл жұмыс өтілі болуға және аттестаттаудан өтуі тиіс.
2. Үш жыл бойы практикалық сараптама қызметімен айналыспаған аттестатталған сарапшы қайта аттестаттаудан өткеннен кейін ғана сараптама қызметін жүзеге асыруға жіберіледі.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңы қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай өткенге дейін 3-тармақтың қолданысы тоқтатылды, тоқтатыла тұрған кезеңде 3-тармақ аталған Заңның 3-бабының редакциясында қолданылады
3. Сарапшыларды басқа аккредиттелген немесе мемлекеттік сараптама ұйымымен жасалған шарт бойынша штаттан тыс сарапшылар ретінде тарту, сондай-ақ сараптама ұйымы басшылығының тапсырмасы бойынша жобаның жекелеген бөлімдеріне (бөліктеріне) сараптамалар орындау жағдайларын қоспағанда, олар сараптама қызметін жеке-дара жүзеге асыруға құқылы емес.
64-7-бап. Аккредиттелген сараптама ұйымдарын және аттестатталған сарапшыларды есепке алу
Аккредиттелген сараптама ұйымдарын және аттестатталған сарапшыларды есепке алу тізілімдерді жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
Аккредиттелген сараптама ұйымдарының тізілімі заңды тұлғаның деректемелері, аккредиттеу туралы куәліктің берілген күні мен нөмірі туралы, жобалардың әртүрлі бөлімдеріне сараптама бойынша мамандандырылған аттестатталған сарапшылардың штатта бар-жоғы туралы ақпарат жиынтығын, сондай-ақ осы заңды тұлғаға қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген, қолданылған жауаптылық шаралары туралы мәліметтерді қамтиды.