2) ұзақ мерзімге - қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде жыл сайынғы ақылы демалыс уақытына шығуға құқығы бар.
2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Мекемелердің балалар үйінде балалары бар сотталған әйелдердің балаларын жұбайына, туыстарына не балалар үйіне орналастыру үшін мекеменің шегінен тыс жерге қысқа мерзімге шығуға құқығы бар.
Мекемеден тыс жерде кәмелетке толмаған мүгедектігі бар балалары бар сотталған әйелдердің олармен кездесу үшін жылына бір рет қысқа мерзімге шығуына құқығы бар.
3. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көрсетілген негiздер бойынша мынадай:
1) қайталап қауіпті қылмыс жасаған;
2021.29.12. № 89-VII ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) өлiм жазасы түріндегі жазасы кешірім жасау тәртібімен немесе өлім жазасын жоятын заңның қолданылуына байланысты бас бостандығынан айыруға ауыстырылған;
3) өмiр бойына бас бостандығынан айыруға сотталған;
2020.07.07. № 361-VI ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (2021 ж. 20 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) есінің дұрыстығы жоққа шығарылмайтын, психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адам деп танылған, сондай-ақ туберкулезден, инфекциядан, психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығынан (ауруынан) емделудi аяқтамаған;
5) террористік, экстремистік қылмыстар үшін не қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстар үшін, сондай-ақ жас балалардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс үшін;
6) дәрежесі екінші немесе үшінші теріс мінез-құлықты сотталғандарға шығуға рұқсат етілмейді.
2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар, денсаулық жағдайына байланысты үнемі күтімге мұқтаж сотталғандардың, сондай-ақ кәмелетке толмаған сотталғандардың жұбайымен (зайыбымен), туысымен немесе өзге еріп жүруші адаммен бірге мекеме шегінен тыс жерге шығуына рұқсат етіледі.
5. Сотталған адамның шығу туралы өтініші бір тәулiктік мерзімде қаралады. Шығуға рұқсатты мекеме бастығы не оны алмастыратын адам осы баптың үшінші бөлігінде көзделген талаптарды және сотталған адамның мiнез-құлқын ескере отырып бередi.
6. Сотталған адамның мекеме шегінен тыс жерде болу уақыты жазаны өтеу мерзiмiне есептеледi.
7. Сотталған адамның мекеме шегінен тыс жерге шығуына байланысты шығыстарын ол ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражаттан төлейдi не өзге адамдар төлейдi.
8. Сотталған адамның белгiленген мерзiмде қайтып оралуын қиындататын, күтпеген мән-жайлар туындаған жағдайда, сотталған адам болған жердегi iшкi iстер органы бастығының уәжді қаулысымен мекемеге оралу мерзiмi мекеме әкiмшiлiгiн дереу хабардар ете отырып, бес тәулiкке дейiн ұзартылады.
9. Сотталған адам мерзiмінде оралмаған кезде мекеме әкімшілігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен іздестіруді жүзеге асырады.
114-бап. Мiндетті әлеуметтiк сақтандыру, әлеуметтiк, зейнетақымен қамсыздандыру
1. Жұмыспен қамтылған сотталғандар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мiндеттi әлеуметтiк сақтандыруға жатады.
2019.26.12. № 287-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2023.20.04. № 226-VІІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Сотталған әйелдер Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес жүктiлiкке және босануға байланысты кірісінен айырылу жағдайына арналған әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз етiледi.
2023.20.04. № 226-VІІ ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Сотталғандардың Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес әлеуметтiк және зейнетақымен қамсыздандырылуға құқығы бар.
4. Мекемелерде бас бостандығынан айыруды өтеп жүрген сотталғандарға қатысты ерiктi медициналық сақтандырудың қолданысы өтеу мерзімі аяқталғанға дейiн тоқтатыла тұрады.
115-бап. Материалдық-тұрмыстық қамтамасыз ету
1. Мекемелердегі бiр сотталған адамға шаққандағы тұрғын алаңның нормасы - екi жарым шаршы метрден, әйелдердi ұстауға арналған мекемелерде - үш шаршы метрден, кәмелетке толмағандар үшін - үш жарым шаршы метрден кем болмауы керек.
2. Сотталғандардың тұрақты тұруына арналған ортақ тұрғын үй-жайларда, бөлмелер мен камераларда нақты бар тұрғын алаң негізге алына отырып, осы баптың бірінші бөлігінде белгіленген нормаларға сәйкес жазаны өтеу орындарының лимиті айқындалады.
Әр мекеме үшін жазаны өтеу орындарының лимитін қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті орган белгілейді және сотталғандардың тұрақты тұруына арналған жаңа тұрғын алаңдар пайдалануға берілген және бұрыннан бар тұрғын алаңдар реконструкцияланған кезде өзгереді.
3. Сотталғандарға жеке жатын орындар мен төсек керек-жарақтары беріледі.
Сотталғандар тамақпен, бірінші кезекте қажетті заттармен, жынысы және климаттық жағдайлар ескеріле отырып, маусым бойынша киіммен, ішкиіммен және аяқкиіммен бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етіледі.
4. Сотталғандарды еңбекке тартатын кәсіпорындар қаражаты есебінен оларға белгіленген нормалардан тыс қосымша тамақтандыру ұйымдастырылуы мүмкін.
Тамақ өнімдері мен бірінші кезекте қажетті заттарды сатып алу үшін жұмсауға рұқсат етілетін, осы Кодексте белгіленген ақша сомасынан асырып, сотталғандар ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражатынан: мекемелерде пайдалануға рұқсат етілген аяқкиім мен киімді, оның ішінде спорттық аяқкиім мен киімді қосымша сатып алуға; медициналық көрсетімдер бойынша қажетті емдәмдік тамақ алуға; өздерінің қалауы бойынша көрсетілетін емдеу-профилактикалық және нормативтік құқықтық актілерде айқындалатын өзге де қосымша қызметтер көрсетудің ақысын төлеуге құқылы.
2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен 5-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Жүкті әйелдерге, бала емізетін аналарға, кәмелетке толмағандарға, сондай-ақ науқастар мен мүгедектігі бар адамдарға жақсартылған тұрғынжай-тұрмыстық жағдайлар жасалады және тамақтанудың жоғарылатылған нормалары белгіленеді.
2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен 6-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Мүгедектігі бар сотталғандар ұсталатын ғимараттар мен үй-жайлар арнаулы техникалық құралдармен және құрылғылармен жабдықталады.
116-бап. Сотталған жүктi әйелдердi, бала емiзетін аналарды және балалары бар әйелдердi материалдық-тұрмыстық қамтамасыз ету ерекшелiктерi
2023.17.03. № 212-VІІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (2023 ж. 20 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Балалары бар сотталған әйелдер жазасын өтеп жүрген мекемелерде балалар үйлерi ұйымдастырылуы мүмкiн.
Мекемелердің балалар үйлерінде Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес балалардың қалыпты тұруы мен дамуына қажетті жағдайлар қамтамасыз етіледі. Мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруді ұйымдастыруды жергілікті атқарушы орган қамтамасыз етеді.
Сотталған әйелдер өздерiнiң үш жасқа дейiнгi балаларын мекемелердің балалар үйлерiне орналастырады және жұмыстан бос уақытта олармен шектеусіз қарым-қатынаста болады. Оларға балаларымен бiрге тұруға рұқсат етіледі.
2023.17.03. № 212-VІІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (2023 ж. 20 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Сотталған әйелдердiң жазбаша келiсiмiмен бала (балалар) олардың жұбайларына, туыстарына немесе сот шешімімен өзге де адамдарға берiледi не бала (балалар) үш жасқа толғаннан кейін тиiстi балалар мекемелерiне жiберiледі.
Сотталған әйелдің мекеме әкімшілігіне өтінішхаты бойынша, мынадай:
жаза мерзімін өтеу бойынша босатуға;
сотталған әйелдің мерзімінен бұрын шартты түрде босату, жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру туралы өтінішхат беру құқығы басталғанға дейін бір жылдан аз уақыт қалған жағдайларда, бала (балалар) төрт жасқа толғанға дейін сотталған әйелмен бірге қала алады.
3. Сотталған жүктi әйелдер мен бала емiзетін аналардың саны мен ассортименті медициналық қорытындыда айқындалатын азық-түлiк салынған сауқаттар мен сәлемдемелер алуына болады. Сотталған жүктi әйелдердің босану уақытында және босанғаннан кейiнгi кезеңде әйелдердің мамандандырылған медициналық көмекке құқығы бар.
4. Мекемелердің балалар үйлерінде балалар тамақпен, бірінші кезекте қажетті заттармен, жеке жатын орынмен, төсек керек-жарақтарымен, жынысы мен климаттық жағдайлар ескеріле отырып, маусым бойынша киiммен, iшкиiммен және аяқкиiммен бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етiледi.
117-бап. Медициналық-санитариялық қамтамасыз ету
1. Сотталғандарға медициналық көмек Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес көрсетіледі.
2020.07.07. № 361-VI ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара); 2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторларында ұсталатын адамдарға қатысты - 2022 ж. 1 шілдеден, қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде ұсталатын адамдарға қатысты 2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Қылмыстық-атқару жүйесінде сотталғандарға амбулаториялық, стационарды алмастыратын, стационарлық жағдайларда медициналық көмек көрсету үшін медициналық ұйымдар (соматикалық, психиатриялық және туберкулезге қарсы ауруханалар (бөлімшелер), амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін ұйым) ұйымдастырылады. Психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикасының, мінез-құлқының бұзылулары (аурулары) бар сотталғандарды мәжбүрлеп емдеуді мекемеде орналасқан медициналық ұйым жүзеге асырады.
3. Мекеме әкімшілігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген санитариялық-гигиеналық және эпидемияға қарсы талаптардың орындалуына жауапты болады.
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 3-1-бөлікпен толықтырылды (қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторларында ұсталатын адамдарға қатысты - 2022 ж. 1 шілдеден, қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде ұсталатын адамдарға қатысты 2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
3-1. Мекеме әкімшілігі сотталғандарға медициналық қызмет көрсетуге арналған үй-жайларды ұсынады және осы үй-жайлардың тиісінше жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторларында ұсталатын адамдарға қатысты - 2022 ж. 1 шілдеден, қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде ұсталатын адамдарға қатысты 2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Мекемелерде туберкулезге қарсы көмекті, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды ұйымдастыру және ауруына байланысты жазасын өтеуден босатуға ұсынылатын сотталғандарды медициналық куәландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Жазасын өтеп жүрген адам қайтыс болған жағдайда, мекеме әкімшілігі бұл туралы прокурорға, жұбайына (зайыбына) немесе туыстарына, ал шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам қайтыс болған жағдайда - қосымша Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне дереу жазбаша нысанда хабарлайды.
118-бап. Материалдық жауаптылық
1. Жазасын өтеу кезінде мемлекетке, мекемеге, жеке немесе заңды тұлғаларға материалдық залал келтiрген жағдайда, сотталғандар заңда белгiленген тәртiппен материалдық жауаптылықта болады.
2. Сотталған адам мемлекетке, мекемеге келтiрген залалдың, өзінің қашып шығуының жолын кесуге, сондай-ақ осы Кодекстің 130-бабы екінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген жағдайларда өз денсаулығына қасақана зиян келтiрген жағдайда өзін емдеуге байланысты қосымша шығындардың орнын толтыруға тиiс.
19-тарау. БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРУҒА СОТТАЛҒАНДАРДЫҢ ЕҢБЕГІ, ОЛАРҒА ТЕХНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ КӘСІПТІК БІЛІМ БЕРУ
119-бап. Еңбекке тарту
1. Мекемелердің әкімшілігі сотталғандарды қылмыстық-атқару жүйесінің кәсіпорындарына жұмысқа орналастырады, мекемелердің аумағында не оларды күзету мен оқшаулау қамтамасыз етілген кезде оның шегінен тыс жерде орналасқан ұйымдарда жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетеді.
Мекемелердің әкімшілігі еңбекке қабілетті барлық сотталғандарды ақысы төленетін жұмысқа тарту үшін жұмыс орындарын құру жөнінде шаралар қолданады.
2. Сотталғандарды жұмысқа орналастыру кезінде әкімшілік олардың жынысын, жасын, денсаулық жағдайын, еңбекке қабілеттілігін, мүмкіндігінше - мамандығын және жазаны өтеу уақытында оны алуын ескеруге міндетті.
3. Сотталғандарды қылмыстық-атқару жүйесіне кірмейтін ұйымдардың объектілерінде еңбекке тарту мекеме әкімшілігі, ұйым және сотталған адам арасындағы шарттардың негізінде жүзеге асырылады.
4. Сотталғандар мекемелер аумағында жеке еңбек қызметімен айналысуға құқылы.
5. Сотталғандарды камералық ұстау жағдайларында еңбекке тарту осы Кодекстің 149-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
6. Сотталғандарды пайдалануға тыйым салынатын жұмыстар мен лауазымдардың тiзбесi мекемелердiң ішкi тәртiптеме қағидаларында белгiленедi.
7. Мекемелердiң ұйымдарында ерікті жалданушы инженерлік-техникалық жұмыскерлер мен бiлiктi жұмысшылардың еңбегiн жұмыс iстейтін сотталғандар санының он бес пайызына дейiнгi шекте пайдалануға жол берiледi.
8. Сотталғандарға еңбек жанжалдарын шешу мақсатында жұмысты тоқтатуға тыйым салынады. Жеке еңбек даулары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен шешіледі.
9. Сотталғандардың жұмыс орындарын ұйымдастыру үшін мекемелер аумағында орналасқан өндірістік объектілерді өзге меншік нысандарындағы ұйымдарға беру Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 10-бөлікпен толықтырылды
10. Еңбек объектілерінде ұжымдық еңбек даулары, төтенше жағдайлар және оқиғалар туындаған жағдайда мекеме әкімшілігі келесі жұмыс күнінен кешіктірмей, бұл туралы еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органды және прокурорды жазбаша нысанда хабардар етеді.
Еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті орган және прокурор мұндай хабарламаны алған соң Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаралар қабылдайды.
120-бап. Еңбек жағдайлары және оған ақы төлеу
1. Сотталғандардың еңбек жағдайлары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен айқындалады.
2. Сотталғандардың еңбегіне ақы төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады және жалақының белгіленген ең төмен мөлшерінен төмен болмауға тиіс.
121-бап. Мекемені абаттандыру және онда тұру жағдайларын жақсарту жөніндегі жұмыстарға тарту
1. Сотталғандар кезектілік тәртібімен жұмыстан бос уақытта ұзақтығы аптасына екі сағаттан аспайтын:
1) камераларды, бөлмелерді және ортақ пайдаланылатын үй-жайларды абаттандыру бойынша;
2) негізгі қоршауда және ішкі тыйым салынған аймақтың шегінен тыс жерде орналасқан инженерлік-техникалық қадағалау, бақылау және күзету құралдары бар объектілерді қоспағанда, мекеменің аумағын және оған іргелес жатқан аумақты абаттандыру бойынша;
3) мәдени-тұрмыстық және санитариялық-гигиеналық тұру жағдайларын жақсарту бойынша ақысы төленбейтін жұмыстарға тартылады.
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторларында ұсталатын адамдарға қатысты - 2022 ж. 1 шілдеден, қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде ұсталатын адамдарға қатысты 2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Стационарлық жағдайларда медициналық көмек алу үшін мекемелерде орналасқан медициналық ұйымдағыларды қоспағанда, сотталғандардың осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген жұмыстарды орындаудан бас тартуы осы Кодексте көзделген жазалау шараларын қолдануға әкеп соғады.
122-бап. Жалақыдан, зейнетақыдан, жәрдемақылардан және өзге де кірістерден ұстап қалу
Сотталғандардың жалақысынан, зейнетақысынан, жәрдемақыларынан және өзге де кірістерінен атқару парақтары немесе басқа да атқарушылық құжаттар бойынша сомаларды ұстап қалу Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен, бірақ көрсетілген кірістердің жалпы сомасының елу пайызынан аспайтын мөлшерде жүргiзiледi. Ұстап қалудан қалған сома ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шотының есебіне жатқызылады.
123-бап. Техникалық және кәсіптік білім беру
1. Мекемелерде сотталғандарға техникалық және кәсіптік білім беру жүзеге асырылады.
2. Сотталғандарға техникалық және кәсіптік білім беруді ұйымдастыру үшін кәсіптер мен мамандықтар тізбесін еңбек нарығының мониторингін ескере отырып, жергілікті атқарушы органдармен келісу бойынша мекеме әкімшілігі қалыптастырады.
3. Техникалық және кәсіптік білім беруді ұйымдастыру білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
20-тарау. БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРУҒА СОТТАЛҒАНДАРҒА ТӘРБИЕЛІК ЫҚПАЛ ЕТУ
124-бап. Тәрбие жұмысы
1. Сотталғандармен тәрбие жұмысы олардың түзелуіне, заңдардың талаптарын сақтауға, еңбекке және өзге де қоғамға пайдалы қызметпен айналысуға, білім деңгейі мен мәдени деңгейін арттыруға, сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге бағытталған бағдарламаларға қатысуға ұмтылысын қалыптастыру мен нығайтуға бағытталған.
2. Мекемелерде қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес, имандылыққа, әлеуметтік-құқықтық, еңбекке, дене шынықтыруға тәрбиелеу және өзге де тәрбие түрлері жүзеге асырылады.
3. Сотталғандармен тәрбие жұмысы түзеу мекемесінің түрі, жаза мерзімі, ұстау жағдайлары ескеріле отырып, сараланып ұйымдастырылады. Ол психологиялық-педагогикалық әдістер қолданыла отырып, жеке, топтық және көпшілік нысандарда жүзеге асырылады.
Әрбір сотталған адаммен тәрбие жұмысы оның жеке басының дара ерекшеліктері мен жасаған қылмыстарының мән-жайлары ескеріле отырып жүргізіледі.
4. Сотталғандардың тәрбиелік іс-шараларға қатысуы оларға көтермелеу және жазалау шараларын қолдану, сондай-ақ олардың мінез-құлқын бағалау кезінде ескеріледі.
125-бап. Әлеуметтік бейімдеу және психологиялық көмек жөніндегі жұмыс
1. Мекемелердің әкімшілігі сотталғандармен жеке тәртіппен олардың қажеттіліктеріне сәйкес, әлеуметтік бейімдеу жөніндегі жұмыстар мен психологиялық жұмыс жүргізеді.
2. Сотталғандарды әлеуметтік бейімдеу жөніндегі жұмыс мынадай:
1) сотталғандармен жұмыс жөніндегі жеке бағдарламаларды әзірлеу;
2) сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге бағытталған бағдарламаларды әзірлеу, ұйымдастыру және іске асыру;
3) мемлекеттік органдарды, жергілікті атқарушы органдарды және жұртшылықты сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге тарту;
4) сотталғандардың жағымды әлеуметтік байланыстарын нығайтуға жәрдемдесу;
5) босатылатын адамдарға осы Кодекстің 27-тарауына сәйкес көмек көрсету нысандарында жүзеге асырылады.
3. Мекеме әкімшілігі сотталған адамды түзеу мақсатында оның қоғамның толыққанды мүшесінің әлеуметтік мәртебесінде қалпына келуіне, құқық нормалары мен жалпы қабылданған мінез-құлық нормалары негізінде оның қоғамда өз бетінше өмір сүруге оралуына жәрдемдеседі (қайта әлеуметтендіру).
4. Сотталғандармен тәрбие жұмысын жүргізуге психолог тартылады, ол әрбір сотталған адамның жеке басының жеке-психологиялық ерекшеліктеріне диагностика жүргізеді және сотталғандардың оқшаулау жағдайларына, әлеуметтік ортаға және ұстау режиміне бейімделуіне, адамдар арасындағы қатынастарды оңтайландыруға, сондай-ақ босап шығуға дайындалуына психологиялық көмек көрсетеді.
126-бап. Сотталғандардың ерікті ұйымдары
1. Сотталғандардың түзелуіне жәрдемдесу мақсатында мекемелерде ерікті негізде мекеме әкімшілігінің бақылауымен жұмыс істейтін сотталғандардың ұйымдары құрылады.
Өзін жақсы жағынан көрсеткен сотталғандардың арасынан мекемелер ұжымдары мен отрядтарының кеңестері құрылады.
2. Мыналар сотталғандардың ерікті ұйымдарының негізгі міндеттері болып табылады:
1) мекемеде оң моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыру;
2) сотталғандардың жағымды әлеуметтік байланыстарын дамыту;
3) сотталғандардың қоғамдық-пайдалы бастамасын қолдау;
4) сотталғандарға рухани, кәсіптік және дене бітімінің дамуына көмек көрсету;
5) сотталғандардың еңбегін, тұрмысын және бос уақытын ұйымдастыруға жәрдемдесу.
3. Ерікті ұйымдардың жұмысына қатысу сотталғандардың мінез-құлық дәрежесін айқындау және мінездемелерін жасау кезінде ескеріледі.
4. Сотталғандардың ерікті ұйымдарының мүшелері қосымша жеңілдіктерді, артықшылықтарды пайдаланбайды және мекеме әкімшілігінің өкілеттіктеріне ие бола алмайды.
127-бап. Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім алуды ұйымдастыру
1. Мекемелерде отыз жасқа толмаған сотталғандардың бастауыш, негiзгi орта, жалпы орта бiлiмді мiндеттi түрде алуы ұйымдастырылады.
2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Отыз жастан асқан сотталғандар мен мүгедектігі бар сотталғандар бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімді өздерінің қалауы бойынша алады.
3. Емтихандарды тапсыру үшiн оқушылар Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыстан босатылады.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Өмiр бойына бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген, емдеу-профилактикалық мекемелерінде, тәртіптік изоляторларда, жалғыз адамдық камераларда, уақытша оқшаулау үй-жайларында жатқан, сондай-ақ мекемелердегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін қауіпсіздігі аралас мекемелерге ауыстырылған сотталғандарға өз бетінше бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім алу үшін жағдайлар жасалады.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 5-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Бастауыш, негiзгi орта, жалпы орта, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі бiлiм алуға ұмтылыс көтермеленеді және сотталғандардың мінез-құлық дәрежесін айқындау және мінездемелерін жасау кезiнде ескерiледi.
21-тарау. БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРУҒА СОТТАЛҒАНДАРҒА КӨТЕРМЕЛЕУ ЖӘНЕ ЖАЗАЛАУ ШАРАЛАРЫН ҚОЛДАНУ
128-бап. Көтермелеу шаралары
1. Жақсы мiнез-құлқы, еңбекке, оқуға адал қарағаны, ерікті құрылымдардың жұмысына және тәрбиелік іс-шараларға белсенді қатысқаны, қылмыспен келтірілген залалдың орнын толтыру жөнінде шаралар қолданғаны үшiн сотталғандарға мынадай көтермелеу шаралары:
1) алғыс жариялау;
2) сыйлықпен марапаттау;
3) сыйлықақы беру;
4) қосымша қысқа мерзiмдi кездесу беру;
5) мереке күндерi тамақ өнiмдерi мен бiрiншi кезекте қажеттi заттарды сатып алуға бiр айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi сомада қосымша ақша жұмсауға рұқсат беру;
6) бұрын белгіленген жазаны мерзiмiнен бұрын алып тастау қолданылады.
2. Қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде жазасын өтеп жүрген сотталғандарға, осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген көтермелеу шараларынан басқа, демалыс және мереке күндерiн сағат тоғыздан он сегізге дейін мекеменің шегінен тыс жерде өткiзуге рұқсат беріледі.
129-бап. Көтермелеу шараларын қолдану тәртібі
2017.18.04. № 58-VI ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Осы Кодекстің 128-бабы бірінші бөлігінің 1) - 5) тармақшаларында көзделген көтермелеу - мінез-құлқының бағалауы жоқ не дәрежесі бірінші, екінші немесе үшінші оң мінез-құлықты сотталғандарға, ал 6) тармақшадағы - дәрежесі бірінші немесе екінші теріс мінез-құлықты сотталғандарға, осы баптың үшінші бөлігінде айқындалған тәртіппен қолданылады.
2. Дәрежесі екінші немесе үшінші оң мінез-құлықты сотталғандарға көтермелеу тәртібімен жылына төрт ретке дейін қосымша қысқа мерзiмдi кездесу алуға рұқсат берiледi.
3. Бұрын қолданылған жазаны мерзiмiнен бұрын алып тастауға жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзғаны үшін жаза қолданылған күннен бастап кемінде үш ай өткен соң жол беріледі. Жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзғаны үшін жазаны мерзімінен бұрын алып тастауға жол берілмейді.