Есі дұрыс емес адамның қоғамға қауiптi іс-әрекетi туралы қылмыстық істен туындайтын талап қою, егер ол іс бойынша іс жүргізу кезінде азаматтық талап қою ретінде мәлімделмеген немесе шешілмеген болса немесе сот іс бойынша іс жүргізу кезінде оны қараусыз қалдырса, есі дұрыс емес адамның әрекетіне материалдық жауапты адамның тұрғылықты жері бойынша не талап қоюшының тұрғылықты немесе орналасқан жері бойынша азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарау үшін беріледі.
34-бап. Істі бір соттың іс жүргізуінен алып, басқа сотқа беру
1. Соттылық қағидалары сақтала отырып, соттың іс жүргізуіне қабылданған іс кейіннен ол басқа соттың соттылығына жатқызылса да, сот оны мәні бойынша шешуге тиіс.
2. Егер:
1) тұрғылықты жері бұрын белгісіз болған жауапкер істі өзінің тұрғылықты жері бойынша сотқа беру туралы өтінішхат берсе;
2) бір немесе бірнеше судьяға қарсылық білдірілгеннен кейін істі осы сотта қарау мүмкін болмаса;
3) істі осы сотта қарау кезінде оның іс жүргізуге соттылық қағидалары бұзыла отырып қабылданғаны анықталса;
4) осы Кодекстің 27-бабының үшінші бөлігінде көзделген негіздер туындаса;
5) осы Кодекстің 32-бабында көзделген негіздер туындаса сот істі басқа соттың қарауына береді.
3. Тараптардың істің осы соттың соттылығына жатпайтыны туралы арыздарын осы сот шешеді. Істі басқа сотқа беру туралы мәселе бойынша ұйғарым шығарылады. Ұйғарымға апелляциялық сатыдағы сотқа шағым жасалуы мүмкін, оның шешімі түпкілікті болып табылады және шағым жасауға, наразылық білдіруге жатпайды.
4. Осы баптың екінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген жағдайларда істі оның соттылығын анықтау үшін жоғары тұрған сотқа беру туралы ұйғарым шығарылады. Істі басқа сотқа беру туралы мәселені жоғары тұрған соттың судьясы іске қатысатын адамдарға хабарламастан және сот отырысын өткізбестен жеке-дара қарайды. Қарау нәтижелері бойынша ұйғарым шығарылады, ол түпкілікті болып табылады және оған шағым жасауға, наразылық білдіруге жатпайды.
5. Істі бір соттан екінші сотқа беру - осы ұйғарымға шағым жасау мерзімі өткеннен кейін, ал шағым берілген жағдайда - шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарылғаннан кейін жүргізіледі.
6. Соттар арасындағы соттылық туралы дауларды жоғары тұрған сот шешеді, оның шешімі түпкілікті болып табылады және ол шағым жасауға, наразылық білдіруге жатпайды.
4-тарау. СОТТЫҢ ҚҰРАМЫ, ҚАРСЫЛЫҚ БІЛДІРУЛЕР
35-бап. Соттың құрамы
1. Соттың атынан әрекет ететін судья бірінші сатыдағы сотта азаматтық істерді жеке-дара қарайды және шешеді.
2. Осы Кодекстің 27-бабының төртінші бөлігінде көзделген азаматтық істерді судья Астана қаласының сотында бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша жеке-дара қарайды және шешеді.
3. Осы Кодекстің 28-бабында көзделген азаматтық істерді судья Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотында бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша жеке-дара қарайды және шешеді.
4. Істерді апелляциялық сатыдағы сотта қарауды соттың алқалы құрамы облыстық және оған теңестірілген сот судьяларының тақ санында (кемінде үш) жүргізеді, олардың біреуі төрағалық етуші болып табылады не судья осы Кодекстің 402-бабына сәйкес жеке-дара жүргізеді.
5. Істерді кассациялық сатыдағы сотта қарауды Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты судьяларының тақ санында (кемінде үш) сот алқасы төрағасының не оның тапсыруы бойынша судьялардың біреуінің төрағалық етуімен соттың алқалы құрамы жүргізеді.
6. Кассациялық саты сотының қаулыларын қайта қарау бойынша істерді қарауды Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Төрағасының немесе оның тапсыруы бойынша судьялардың біреуінің төрағалық етуімен тақ санды (кемінде жеті) судьялар алқалы құрамда жүргізеді.
7. Нақты істі қарау үшін соттың құрамы оны қалыптастыруға сот талқылауының нәтижесіне мүдделі тұлғалардың ықпалын болдырмайтын тәртіппен судьялардың жүктемесі мен мамандануы ескеріле отырып, оның ішінде автоматтандырылған ақпараттық жүйе пайдаланыла отырып қалыптастырылады.
8. Бір судья немесе сот құрамы қарауды бастаған істі сол судья немесе сот құрамы қарауға тиіс.
Оңалту рәсімі және банкроттық рәсімі шеңберінде туындайтын даулар бойынша, оның ішінде борышкер жасасқан мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы, борышкердің мүлкін қайтару туралы, банкроттықты немесе оңалтуды басқарушының талап қоюлары бойынша дебиторлық берешекті өндіріп алу туралы істерді, соттылығы осы Кодекстің 31-бабында белгіленген даулар бойынша істерді қоспағанда, оңалту рәсімін қолдану туралы немесе борышкерді банкрот деп тану туралы шешім шығарған судья қарайды.
9. Судьяны немесе судьялардың біреуін ауыстыру:
1) осы Кодексте белгіленген тәртіппен мәлімделген және қанағаттандырылған судья өздігінен бас тартқан немесе қарсылық білдірген;
2) ауруына, демалысына, оқуда болуына, қызметтік іссапарда болуына орай судья ұзақ уақыт болмаған жағдайда мүмкін.
10. Судьяны ауыстыру оның өкілеттіктері заңда белгіленген негіздер бойынша тоқтатылған немесе тоқтатыла тұрған жағдайларда да жүргізіледі.
11. Судья істі қарау процесінде ауыстырылған жағдайда сот талқылауы басынан бастап жүргізілуге тиіс. Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда процестік әрекеттерді өзара алмасу тәртібімен бір судьяның орнына басқа судьяның жасауы, оның ішінде талап қою арызын немесе арызды қабылдауы және іс бойынша іс жүргізуді қозғауы, талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды қарауы, сот талқылауын кейінге қалдыруы судьяны ауыстыру болып табылмайды.
36-бап. Соттың алқалы құрамының мәселелерді шешу тәртібі
1. Істерді соттың алқалы құрамы қараған және шешкен кезде барлық судьялар тең құқықтарды пайдаланады. Істі соттың алқалы құрамы қараған және шешкен кезде туындайтын барлық мәселелерді судьялар көпшілік дауыспен шешеді. Әрбір мәселені шешкен кезде судьялардың ешқайсысы дауыс беруден қалыс қалуға құқылы емес.
2. Төрағалық етуші ұсыныстар енгізеді, өз пікірін айтады және соңғы болып дауыс береді.
3. Көпшіліктің шешімімен келіспеген судья осы шешімге қол қоюға міндетті және өзінің ерекше пікірін жазбаша түрде баяндай алады, ол мөр басылып жабылған конвертте іске қоса тіркеледі. Кассациялық сатыдағы сот осы істі қарау кезінде ерекше пікірмен танысуға құқылы. Судьяның ерекше пікірінің бар екендігі туралы іске қатысатын адамдарға хабарланбайды, ерекше пікір сот отырысы залында жария етілмейді.
37-бап. Судьяның істі қарауға және шешуге қайта қатысуына жол берілмейтіндігі
1. Бірінші сатыдағы сотта азаматтық істі қарауға және шешуге қатысқан судья осы істі бірінші сатыдағы сотта, сондай-ақ апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарда қайта қарауға, сол сияқты өзінің қатысуымен қабылданған шешімнің күші жойылған жағдайда, істі жаңадан қарауға қатыса алмайды.
2. Апелляциялық сатыдағы сотта істі қарауға қатысқан судья осы істі бірінші, кассациялық сатылардағы соттарда қарауға, сол сияқты өзінің қатысуымен қабылданған сот актісінің күші жойылған жағдайда істі апелляциялық сатыдағы сотта жаңадан қарауға қатыса алмайды.
3. Кассациялық сатыдағы сотта істі қарауға қатысқан судья дәл осы істі бірінші, апелляциялық сатылардағы соттарда қарауға, сол сияқты өзінің қатысуымен қабылданған сот актісінің күші жойылған жағдайда істі кассациялық сатыдағы сотта жаңадан қарауға қатыса алмайды.
38-бап. Судьяға қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) үшін негіздер
1. Судья, егер ол:
1) осы істі осының алдында қараған кезде медиацияны жүргізген судья, прокурор, куә, сарапшы, маман, аудармашы, тараптың немесе үшінші тұлғаның өкілі, сот отырысының хатшысы, сот орындаушысы ретінде қатысқан болса;
2) іске қатысатын адамдардың немесе олардың өкілдерінің бірінің туысы, жұбайы (зайыбы) немесе жекжаты болса;
3) істің нәтижесіне жеке өзі, тікелей немесе жанама түрде мүдделі болса не, егер оның бейтараптығына негізді күмән тудыратын өзге де мән-жайлар болса, істі қарауға және шешуге қатыса алмайды және оған қарсылық білдірілуге (өздігінен бас тартуға) тиіс.
2. Істі қарайтын соттың алқалы құрамына өзара туыс, ерлі-зайыптылар немесе жекжаттар болып табылатын судьялар кіре алмайды.
39-бап. Прокурорға, сарапшыға, маманға, аудармашыға, сот отырысының хатшысына қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) үшін негіздер
1. Осы Кодекстің 38-бабы бірінші бөлігінің 2), 3) тармақшаларында көрсетілген қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) үшін негіздер сот отырысына қатысатын прокурорға, сот отырысының хатшысына, маманға, аудармашыға, сарапшыға да қолданылады.
2. Сарапшы, маман, аудармашы бұдан басқа, егер:
1) ол іске қатысатын адамдарға немесе олардың өкілдеріне қызмет бабымен немесе өзгедей тәуелді болса немесе тәуелділікте болып келсе;
2) ол ревизия немесе тексеру жүргізіп, оның нәтижелері сотқа жүгіну үшін негіз болса не осы азаматтық істі қарау кезінде пайдаланылса;
3) оның құзыретіне жатпайтындығы анықталса, оның ішінде іс үшін маңызы бар мән-жайларды анықтау оның арнайы білімдерінің шегінен шықса, сот істі қараған және шешкен кезде сот отырысына қатыса алмайды.
3. Прокурордың, маманның, аудармашының, сот отырысы хатшысының істі мұның алдында қараған және сот шешкен кезде тиісінше прокурор, маман, аудармашы, сот отырысының хатшысы ретінде қатысуы оларға қарсылық білдіру үшін негіз болып табылмайды. Адамның іске сарапшы ретінде алдыңғы қатысуы, оның қатысуымен жүргізілген сараптамадан кейін сараптама қайта тағайындалатын жағдайларды қоспағанда, іс бойынша қосымша сараптама жүргізуді оған тапсыруды болдырмайтын мән-жай болып табылмайды.
40-бап. Қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) туралы арыз
1. Осы Кодекстің 38, 39-баптарында көрсетілген мән-жайлар болған кезде судья, прокурор, сарапшы, маман, аудармашы, сот отырысының хатшысы өздігінен бас тартуды мәлімдеуге міндетті. Іске қатысатын адамдар сол негіздер бойынша қарсылық білдіруге тиіс.
2. Қарсылық білдірудің (өздігінен бас тартудың) уәжі көрсетілуге және ол істі мәні бойынша қарау басталғанға дейін жазбаша түрде мәлімделуге тиіс. Істі қарау барысында қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) негізі сотқа немесе қарсылық білдіруді (өздігінен бас тартуды) мәлімдеген адамға істі қарау басталғаннан кейін белгілі болған жағдайда, қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) туралы арыз берілуі мүмкін.
3. Бұрын мәлімделген негіздер бойынша судьяға қарсылық білдіруге қайтадан арыз беруге жол берілмейді.
4. Судьяның осы Кодекстің 38-бабы бірінші бөлігінің 1), 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша мәлімдеген өздігінен бас тартуы оны қанағаттандыру үшін сөзсіз негіз болып табылады.
41-бап. Қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) туралы арызды қарау тәртібі
1. Прокурорға, сот отырысының хатшысына, маманға, сарапшыға, аудармашыға мәлімделген қарсылық білдіруді (өздігінен бас тартуды) сот қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) мәлімделген сот отырысында қарайды және шешеді.
2. Бірінші сатыдағы соттың судьясына мәлімделген қарсылық білдіруді (өздігінен бас тартуды) осы соттың төрағасы немесе басқа судьясы тараптарға хабарламастан, мәлімделген күнінен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірмей, ал олар болмаған жағдайда - тиісті облыстық және оған теңестірілген соттың судьясы келіп түскен күнінен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірмей қарайды және шешеді.
3. Апелляциялық сатыдағы соттың судьясына мәлімделген қарсылық білдіруді (өздігінен бас тартуды) апелляциялық саты сотының төрағасы тараптарға хабарламастан жеке-дара, мәлімделген күнінен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде, ал ол болмаған кезде - осы апелляциялық сатының басқа судьясы қарайды және шешеді.
4. Істі соттың алқалы құрамы қараған кезде судьялардың біріне мәлімделген қарсылық білдіруді (өздігінен бас тартуды) соттың алқалы құрамының басқа судьялары қарайды. Сот мәлімделген қарсылық білдіру бойынша іске қатысатын адамдардың пікірін, егер қарсылық білдірілген судьяның түсініктеме бергісі келсе, оның пікірін тыңдайды. Қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) мәлімделген судьяның қатысуынсыз кеңесу бөлмесінде шешіледі. Қарсылық білдіруді (өздігінен бас тартуды) жақтаған және оған қарсы берілген дауыстар саны тең болған жағдайда қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) қанағаттандырылды деп есептеледі.
5. Істі сот отырысында қарайтын соттың алқалы құрамының екі және одан да көп судьясына немесе барлық судьяларына мәлімделген қарсылық білдіруді (өздігінен бас тартуды) нақ сол сот толық құрамда қарапайым көпшілік дауыспен шешеді.
6. Қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) туралы арыз қабылданбаған кезде істі қарауды және шешуді сол сот отырысында соттың сол құрамы жалғастырады.
7. Қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) туралы арыз қанағаттандырылған жағдайда істі қарау кейінге қалдырылады. Істің жаңа сот отырысында қаралатын уақыты мен орны туралы іске қатысатын адамдар мен олардың өкілдеріне хабарланады.
8. Қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) туралы арызды қарау нәтижелері бойынша сот ұйғарымы шағым жасауға, наразылық білдіруге жатпайды. Ұйғарыммен келіспеу туралы дәлелдер апелляциялық шағымға, сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхатқа немесе наразылыққа енгізілуі мүмкін.
42-бап. Қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) туралы арызды қанағаттандырудың салдарлары
1. Істі аудандық немесе оған теңестірілген сотта жеке-дара қарап жатқан судьяға қарсылық білдірілген (өздігінен бас тартылған) жағдайда бұл істі сол сотта басқа судья қарайды. Егер іс жүргізуінде іс жатқан сотта судьяны ауыстыру мүмкін болмаса, іс жоғары тұрған сот арқылы бірінші сатыдағы басқа сотқа беріледі.
2. Істі облыстық немесе оған теңестірілген сотта, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотында қарау кезінде судьяға қарсылық білдірілген (өздігінен бас тартылған) не соттың бүкіл құрамына қарсылық білдірілген жағдайда істі сол сотта басқа судья немесе судьялардың басқа құрамы қарайды.
3. Егер облыстық немесе оған теңестірілген сотта өздігінен бас тартулар немесе қарсылық білдірулер қанағаттандырылғаннан кейін осы істі қарау үшін жаңа сот құрамын құру мүмкін болмаса, іс қаралатын сотты анықтау үшін іс Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына берілуге тиіс.
5-тарау. ІСКЕ ҚАТЫСАТЫН АДАМДАР
43-бап. Іске қатысатын адамдардың құрамы
1. Тараптар; үшінші тұлғалар; прокурор; мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар немесе осы Кодекстің 55 және 56-баптарында көзделген негіздер бойынша процеске кіретін азаматтар; осы Кодекстің 302-бабында санамаланған сот ерекше іс жүргізу тәртібімен қарайтын істер бойынша мәлімдеушілер мен өзге де мүдделі адамдар іске қатысатын адамдар деп танылады.
2. Іске қатысатын адамдардың құрамы тараптар мен іске қатысатын басқа да тұлғалар талаптарының, қарсылықтарының нысанасы мен негіздерінің және қолданылуға тиіс заңдардың мазмұнымен айқындалады.
44-бап. Азаматтық процестік құқық қабілеттілігі
Азаматтық процестік құқықтар мен міндеттерге ие болу қабілеттілігі (азаматтық процестік құқық қабілеттілігі) барлық азаматтар және материалдық құқық субъектілері болып табылатын заңды тұлғалар үшін бірдей шамада танылады.
45-бап. Азаматтық процестік әрекетке қабілеттілігі
1. Сотта өздерінің әрекеттерімен өз бетінше өз құқықтарын жүзеге асыру және міндеттерін орындау қабілеттілігі (азаматтық процестік әрекет қабілеттілігі) он сегіз жасқа толған азаматтарға, заңды тұлғаларға толық көлемде тиесілі болады.
2. Он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп танылған азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сотта олардың ата-аналары немесе өзге де заңды өкілдері қорғайды. Сот осындай істерге қатысуға кәмелетке толмағандардың өздерін немесе әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп танылған азаматтарды тартуға міндетті. Кәмелетке толмағандардың немесе әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп танылған азаматтардың заңды өкілдерінің өтінішхаты бойынша сот іске қатысуға прокурорды тарта алады.
3. Он төрт жасқа толмаған кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сотта олардың заңды өкілдері, прокурор қорғайды.
4. Заңда көзделген жағдайларда, он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың азаматтық, отбасылық, еңбек, кооперативтік және өзге де құқықтық қатынастардан және алған жалақысына немесе кәсіпкерлік қызметтен түскен табыстарына иелік етуге байланысты мәмілелерден туындайтын істер бойынша өз құқықтары мен заңды мүдделерін сотта жеке өзі қорғауға құқығы бар.
5. Заңда көзделген негіздер бойынша эмансипацияланған кәмелетке толмағандар эмансипация кезінен бастап толық процестік қабілеттілікке ие болады.
6. Сот осы баптың төртінші және бесінші бөліктерінде көрсетілген кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерін оларға көмек көрсету үшін өз қалауы бойынша іске қатыстыруға құқылы.
46-бап. Іске қатысатын адамдардың құқықтары мен міндеттері
1. Іске қатысатын адамдардың іс материалдарымен танысуға, олардан үзінді көшірмелер жазып алуға және көшірмелер түсіруге; қарсылықтарын мәлімдеуге; дәлелдемелерді табыс етуге және оларды зерттеуге қатысуға; іске қатысатын басқа да тұлғаларға, куәларға, сарапшылар мен мамандарға сұрақтар қоюға; өтінішхаттар, оның ішінде талап қоюды қамтамасыз ету бойынша шаралар қолдану туралы, дәлелдемелерді қамтамасыз ету бойынша, қосымша дәлелдемелерді талап ету туралы, татуластыру рәсімдерін қолдану туралы өтінішхаттар беруге; сотқа ауызша және жазбаша түсініктемелер беруге; сот процесі барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерін келтіруге; іске қатысатын басқа да адамдардың өтінішхаттары мен дәлелдеріне қарсы болуға; сот жарыссөздеріне қатысуға; сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған жазбаша ескертпелер беруге; соттың шешімдеріне, ұйғарымдары мен қаулыларына шағым жасауға; Қазақстан Республикасының азаматтық сот ісін жүргізу туралы заңнамасында берілген басқа да процестік құқықтарды пайдалануға құқығы бар. Олар басқа адамдардың құқықтарын теріс пайдаланбай, олардың мүдделерін бұзбай, өздеріне тиесілі барлық процестік құқықтарды адал пайдалануға тиіс және істерді қарау мен шешу мерзімдерін қасақана созып жіберуге жол бермеуге тиіс.
2. Іске қатысатын адамдар істің нақтылы мән-жайлары туралы сотқа толық әрі шынайы түрде мәлімдеуге, сөз сөйлеуге немесе сотқа екінші тарап растаған фактілерді теріске шығаратын жазбаша құжаттар ұсынуға міндетті. Іске қатысатын адамдардың процестік міндеттерін орындамауы осы Кодексте көзделген процестік салдардың туындауына әкеп соғады.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Корпоративтік дауға қатысатын тараптар әрбір нақты құжатты көрсетпестен, бір-бірінен және куәлардан іс үшін маңызы бар құжаттарды сұратуға құқылы.
Тараптар мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын құжаттарды бір-бірінен және куәлардан сұрата алмайды.
4. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көрсетілген әрекеттер жазбаша нысандағы не электрондық құжат нысанындағы арыздар мен өтінішхаттарды, құжаттарды беру арқылы жасалуы мүмкін.
47-бап. Тараптар
1. Талап қоюшы мен жауапкер азаматтық процесте тараптар болып табылады.
Өздерінің бұзылған немесе даулы құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғап талап қою берген немесе осы Кодексте көзделген тәртіппен өзге де тұлғалар оларды қорғап талап қою берген азаматтар мен заңды тұлғалар талап қоюшылар болып табылады.
Өздеріне талап қою берілген азаматтар мен заңды тұлғалар жауапкерлер болып табылады.
2. Заңда көзделген жағдайларда, заңды тұлғалар болып табылмайтын ұйымдар да тараптар болуы мүмкін.
3. Басқа тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін заң бойынша сотқа жүгінуге құқығы бар тұлғалардың арызы бойынша өз мүддесінде іс басталған тұлғаға сот туындаған процесс туралы хабарлайды және ол оған талап қоюшы ретінде қатысады.
4. Азаматтық процесте мемлекет тарап болуы мүмкін.
5. Тараптар процестік құқықтарын тең иеленеді және олардың бірдей процестік міндеттері болады.
48-бап. Талап қоюдың негізін немесе нысанасын өзгерту, талап қоюдан бас тарту, талап қоюды тану, татуласу келісімі, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім
1. Талап қоюшы талап қоюдың негізін немесе нысанасын өзгертуге, талап қою талаптарының мөлшерін көбейтуге немесе азайтуға немесе талап қоюдан бас тартуға құқылы, жауапкер талап қоюды тануға құқылы, тараптар істі осы Кодекстің 169, 170, 171-баптарында және 17-тарауында көзделген қағидалар бойынша татуласу келісімімен немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісіммен не дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісіммен аяқтай алады.
2. Сот өз бастамасы бойынша талап қою нысанасын немесе негізін өзгертуге құқылы емес. Егер бұл әрекеттер заңға қайшы келсе немесе қандай да біреудің құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзса, сот талап қоюшының талап қоюдан бас тартуын, жауапкердің талап қоюды тануын қабылдамайды және тараптардың татуласу келісімін немесе тараптардың дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімін не дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімін бекітпейді.
3. Талап қоюдың негізі немесе нысанасы өзгерген, талап қою талаптарының мөлшері ұлғайған немесе азайған кезде істерді қарау мерзімінің өтуі бастапқы талап қойылған күннен бастап есептеледі.
49-бап. Бірнеше талап қоюшының немесе жауапкердің іске қатысуы
1. Бірнеше талап қоюшы бірлесіп бір немесе бірнеше жауапкерге талап қою беруі мүмкін. Талап қоюшылардың немесе жауапкерлердің әрқайсысы екінші тарапқа қатысты процесте дербес әрекет етеді. Тараптар іс жүргізуді тиісінше тең талап қоюшылардың немесе тең жауапкерлердің біреуіне сенімхат негізінде тапсыра алады.
2. Егер:
1) бірнеше талап қоюшының немесе бірнеше жауапкердің ортақ құқықтары мен міндеттері даудың нысанасы болып табылса;
2) бірнеше талап қоюшының немесе бірнеше жауапкердің құқықтары мен міндеттерінің негізі бір болса;
3) бірнеше талап қоюшының немесе бірнеше жауапкердің біртекті (ұқсас) құқықтары мен міндеттері даудың нысанасы болып табылса, іске бірнеше талап қоюшының немесе жауапкердің қатысуына жол беріледі.
50-бап. Тиісті емес жауапкерді ауыстыру
1. Істі бірінші сатыдағы сотта мәні бойынша қарау басталғанға дейін жауапкерді ауыстыруға жол беріледі. Сот талап қою бойынша жауап беруге тиісті емес тұлғаға талап қою беріліп отырғанын анықтап, істі тоқтатпай, талап қоюшының өтінішхаты бойынша тиісті емес жауапкерді тиісті жауапкермен ауыстыра алады. Тиісті емес жауапкерді ауыстырғаннан кейін істі дайындау және оны сот отырысында қарау басынан бастап жүргізіледі. Істі қарау мерзімі істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап есептеледі.
2. Егер талап қоюшы тиісті емес жауапкерді тиісті жауапкермен ауыстыруға келіспесе, сот істі берілген талап қою бойынша қарайды және шешеді.
51-бап. Даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдейтін үшінші тұлғалар
1. Даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдейтін үшінші тұлғалар бір немесе екі тарапқа да талап қою арқылы істі сот талқылауына дайындау аяқталғанға дейін процеске кірісе алады. Олар барлық құқықтарды пайдаланады және талап қоюшының барлық міндеттерін орындайды.
2. Сот істі сот талқылауына дайындау кезінде және қойылып отырған талаптар үшінші тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қозғауы мүмкін екендігі туралы анық деректер болған кезде көрсетілген тұлғаларға осындай арыздың қабылданғаны туралы хабарлайды.
3. Егер үшінші тұлға іске қатысу немесе бірінші сатыдағы сотта дербес талап қою құқығын іске асырмаса, сот істі талап қоюшының қойған талабы бойынша қарайды және шешеді.
52-бап. Даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлғалар
1. Даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлғалар, егер іс тараптардың біреуіне қатысты олардың құқықтарына немесе міндеттеріне әсер етуі мүмкін болса, бірінші сатыдағы сот іс бойынша шешім шығарғанға дейін талап қоюшының немесе жауапкердің жағында процеске кірісе алады. Олар тараптардың және іске қатысатын басқа да тұлғалардың өтінішхаты бойынша немесе соттың бастамасы бойынша іске қатысуға тартылуы мүмкін.
2. Сот істі сот талқылауына дайындаған және қойылған талаптар үшінші тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қозғауы мүмкін екендігі туралы анық деректер болған кезде көрсетілген тұлғаларға осындай арыздың қабылданғаны туралы хабарлайды.