«2. Қаржы мониторингі субъектілері қаржы мониторингіне жататын операциялар туралы мәліметтер мен ақпаратты уәкілетті органға береді, оларда қаржы мониторингі субъектісі туралы ақпарат, операцияға қатысушылар туралы ақпаратты қоса алғанда, операция туралы ақпарат және қажеттігіне қарай күдікті операцияны айқындау белгісі, қаржы мониторингіне жататын операция жөнінде қосымша ақпарат қамтылады.
Қаржы мониторингі субъектілерінің қаржы мониторингіне жататын операциялар туралы мәліметтер мен ақпаратты беру тәртібін және күдікті операцияны айқындау белгілерін уәкілетті орган Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын қаржы мониторингі субъектілерінің сақтауына өз құзыреті шегінде мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдармен келісу бойынша айқындайды.
Қаржы мониторингіне жататын операциялар туралы мәліметтер мен ақпаратты қаржы мониторингі субъектілері құжаттай тіркейді және уәкілетті органға бөлінген байланыс арналары арқылы қазақ немесе орыс тілінде электрондық тәсілмен береді.
Қаржы мониторингі субъектілері қаржы мониторингіне жататын операциялар туралы мәліметтер мен ақпаратты мынадай мерзімдерде:
осы Заңның 4-бабының 1-тармағы бойынша жасалған күнінен кейінгі жұмыс күнінен кешіктірмей;
осы Заңның 4-бабының 3-тармағы бойынша осы Заңның 13-бабының 2-тармағында белгіленген мерзімдерде;
осы Заңның 4-бабының 5-тармағы бойынша клиенттің қылмыстық кірістерді заңдастырудың (жылыстатудың) және терроризмді қаржыландырудың типологияларына, схемаларына және тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамалары бар операциясы танылған және осындай танылу нәтижелері тіркелген күннен кейінгі жұмыс күнінен кешіктірмей береді.
3. Қаржы мониторингіне жататын операция туралы мәліметтер мен ақпаратты:
1) адвокаттар, заң консультанттары және заң мәселелері бойынша басқа да тәуелсіз мамандар, егер бұл мәліметтер мен ақпарат анықтау, алдын ала тергеу органдарында, соттарда жеке және (немесе) заңды тұлғалардың атынан өкілдік ету және оларды қорғау мәселелері бойынша заң көмегін көрсетуге байланысты, сондай-ақ шешілуі кәсіптік заң білімін, талап арыздар, шағымдар және құқықтық сипаттағы басқа да құжаттар жазуды талап ететін мәселелер бойынша олардың консультациялар, түсіндірулер, кеңестер және жазбаша қорытындылар түріндегі заң көмегін көрсетуі кезінде алынған болса;
2) нотариустар ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен байланысты емес нотариаттық әрекеттерді жүзеге асырған кезде, сондай-ақ шешілуі кәсіптік заң білімін талап ететін мәселелер бойынша олардың консультациялар, түсіндірулер түрінде заң көмегін көрсетуі кезінде бермейді.»;
3-1-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Осы Заңның 18-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында және 19-1-бабының 2-тармағында көрсетілген мақсаттарда уәкілетті орган қаржы мониторингі субъектісіне қажетті ақпаратты, мәліметтер мен құжаттарды беруге сұрау салу жібереді.»;
мынадай мазмұндағы 3-2-тармақпен толықтырылсын:
«3-2. Уәкілетті органнан Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін ақша аударымдары жүйесі арқылы жүргізілген халықаралық ақша аударымдары бойынша қажетті ақпаратты, мәліметтер мен құжаттарды беруге сұрау салуды алған кезде «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ақша аударымдары жүйесінің операторымен жасалған шарт негізінде банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар тиісті сұрау салуды алған кезден бастап ақша аударымдары жүйесінің операторынан мынадай мәліметтер мен ақпаратты:
1) ақшаны жөнелтушінің және алушының (бенефициардың) тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) не толық немесе қысқартылған атауларын (заңды тұлғалар үшін);
2) ақшаны жөнелтушінің және алушының (бенефициардың) жеке сәйкестендіру нөмірін (бар болса), туған күнін, туған жерін және жеке басты куәландыратын құжатының нөмірін сұратады.
Ақша аударымдары жүйелерінің операторлары жасалған келісімге сәйкес банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға тиісті сұрау салу алынған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде қажетті ақпарат пен мәліметтерді беруге міндетті.»;
10) 11-бапта:
3-тармақтың алтыншы абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«қаржы мониторингі субъектілерін қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында даярлау және оқыту бағдарламасын;»;
3-2-тармақтың бесінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«осы Заңның 3-бабы 1-тармағының 19) тармақшасында көзделген қаржы мониторингі субъектілері үшін уәкілетті органмен келісу бойынша АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті белгілейді.»;
4 және 8-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Клиенттің дерекнамасын, шот туралы мәліметтерді (банктер және шоттар ашуды және жүргізуді жүзеге асыратын ұйымдар үшін) және онымен хат-хабар алмасуды қоса алғанда, клиентті тиісінше тексеру нәтижелері бойынша алынған құжаттар мен мәліметтер клиентпен іскерлік қатынастарды тоқтатқан күннен бастап кемінде бес жыл қаржы мониторингі субъектілерінің сақтауына жатады.
Қаржы мониторингіне жататын, ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операциялар және күдікті операциялар туралы құжаттар мен мәліметтер, сондай-ақ барлық күрделі, ерекше ірі және басқа да ерекше операцияларды зерделеу нәтижелері операция жасалғаннан кейін кемінде бес жыл қаржы мониторингі субъектілерінің сақтауына жатады.
Осы тармақтың бірінші және екінші бөліктерінде көрсетілген құжаттар мен мәліметтер валюта сомасы мен түрлерін қоса алғанда, клиенттің операцияларын қалпына келтіруге мүмкіндік беретін ақпаратты қамтуға тиіс.»;
«8. Қаржы мониторингі субъектілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында даярлау және оқыту бойынша қойылатын талаптарды уәкілетті орган қаржы мониторингі субъектілерінің Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын сақтауына мемлекеттік бақылауды өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органдармен келісу бойынша бекітеді.»;
11) 11-1-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін бағалау Қазақстан Республикасында кірістерді заңдастырудың (жылыстатудың) және терроризмді қаржыландырудың қатерлері мен мүмкіндіктерін айқындау, кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі шараларды іске асырудағы кемшіліктерді айқындау мақсатында жүргізіледі.»;
мынадай мазмұндағы 3, 4, 5 және 6-тармақтармен толықтырылсын:
«3. Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі шараларды әзірлеу, олардың тиімділігін арттыру, сондай-ақ кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін төмендетуге бағытталған шараларды үйлестіру мақсатында уәкілетті орган Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырудың (жылыстатудың) және терроризмді қаржыландырудың алдын алу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңес құрады.
Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырудың (жылыстатудың) және терроризмді қаржыландырудың алдын алу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңестің құрамына Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарының, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылды осы Заңға сәйкес жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың өкілдері келісу бойынша кіреді.
Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырудың (жылыстатудың) және терроризмді қаржыландырудың алдын алу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңестің ережесі мен құрамын уәкілетті орган бекітеді.
4. Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырудың (жылыстатудың) және терроризмді қаржыландырудың алдын алу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңес мемлекеттік органдарға кірістерді заңдастырудың (жылыстатудың) және терроризмді қаржыландырудың тәуекелдерін төмендету бойынша ұсынымдар жіберуге және осындай ұсынымдардың іске асырылу нәтижелерін бағалауға құқылы.
Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырудың (жылыстатудың) және терроризмді қаржыландырудың алдын алу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңес Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (ФАТФ) шақыруларын қарайды және Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобы (ФАТФ) анықтаған, кірістерді заңдастырудың (жылыстатудың) және терроризмді қаржыландырудың тәуекелдерін төмендету жөніндегі шаралар туралы шешім қабылдайды.
Уәкілетті орган Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобы (ФАТФ) анықтаған, кірістерді заңдастырудың (жылыстатудың) және терроризмді қаржыландырудың тәуекелдерін төмендету жөніндегі шаралар туралы шешімді қаржы мониторингі субъектілерінің назарына жеткізеді.
5. Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырудың (жылыстатудың) және терроризмді қаржыландырудың алдын алу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңес кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін бағалау жөніндегі есепті қарайды және мақұлдайды, сондай-ақ кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін бағалау жөніндегі есептен жариялануға жататын ақпаратты айқындайды.
Уәкілетті орган тиісті мемлекеттік органдарға кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін бағалау жөніндегі есепті жібереді, сондай-ақ кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін бағалау жөніндегі есептен жариялануға жататын ақпаратты өзінің интернет-ресурсында орналастырады.
6. Қаржы мониторингі субъектілері ішкі бақылау қағидаларына енгізілген бағдарламаларды іске асыру кезінде кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін бағалау есебінен жарияланған ақпаратты есепке алады.
Қаржы мониторингі субъектілері:
1) кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін бағалау нәтижелерін бағалауға, айқындауға, құжаттық тіркеуге және жаңартуға;
2) кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін басқару және кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін төмендету жөніндегі бақылау шараларын, рәсімдерді әзірлеуге;
3) өз клиенттерін кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелінің дәрежесін ескере отырып, сыныптауға міндетті.»;
12) 12-бапта:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
«12-бап. Терроризмнің және терроризмді қаржыландырудың алдын алуға және оны болғызбауға қатысты нысаналы қаржылық санкциялар»;
1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Уәкілетті орган терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесін жасайды, өзінің интернет-ресурсында орналастырады және оны тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдарға электрондық түрде жібереді.
2. Терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесін жасау үшін уәкілетті органға:
1) өз құзыреті шегінде құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында статистикалық қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік орган осы баптың 4-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында және 5-тармағының 1), 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген ұйымдардың және (немесе) жеке тұлғалардың тізімдерін;
2) Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі осы баптың 4-тармағының 5) тармақшасында және 5-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген ұйымдардың және (немесе) жеке тұлғалардың тізімдерін;
3) Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы осы баптың 4-тармағының 6) тармақшасында және 5-тармағының 5-1) және 8) тармақшаларында көрсетілген ұйымдардың және (немесе) жеке тұлғалардың тізімдерін жібереді.
Уәкілетті орган осы баптың 4-тармағының 7) тармақшасында және 5-тармағының 7) тармақшасында көрсетілген ұйымдардың және (немесе) жеке тұлғалардың тізімдерін Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінен алған ақпарат негізінде жасайды.»;
4-тармақтың 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«7) Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің терроризмнің және терроризмді қаржыландырудың алдын алуға және оны болғызбауға қатысты қарарларына сәйкес ұйымға немесе жеке тұлғаға нысаналы қаржылық санкцияларды қолдану не Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің терроризмнің және терроризмді қаржыландырудың алдын алуға және оны болғызбауға қатысты қарарлары негізінде құрылған Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің комитеттері жасайтын санкциялық тізбелерге ұйымды және (немесе) жеке тұлғаны енгізу негіз болып табылады.»;
5-тармақта:
мынадай мазмұндағы 5-1) тармақшамен толықтырылсын:
«5-1) терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесінен қылмыстық жазасын өтеген тұлғаны алып тастау туралы Қазақстан Республикасы құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органдарының оң қорытындысы негізінде Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жасайтын жеке тұлғалардың тізімі негіз болып табылады.
Терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесінен қылмыстық жазасын өтеген жеке тұлғаны алып тастау туралы Қазақстан Республикасы құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органдарының қорытындысын дайындау тәртібі Қазақстан Республикасы құқық қорғау мен арнаулы мемлекеттік органдарының және уәкілетті органның бірлескен нормативтік құқықтық актісінде айқындалады;»;
7) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«7) Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің терроризмнің және терроризмді қаржыландырудың алдын алуға және оны болғызбауға қатысты қарарларына сәйкес ұйымға немесе жеке тұлғаға қолданылған нысаналы қаржылық санкциялардың күшін жою не Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің терроризмнің және терроризмді қаржыландырудың алдын алуға және оны болғызбауға қатысты қарарлары негізінде құрылған Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің комитеттері жасайтын санкциялық тізбелерден ұйымды немесе жеке тұлғаны алып тастау;»;
7-тармақтың үшінші бөлігіндегі «сот тәртібімен» деген сөздер «сотқа» деген сөзбен ауыстырылсын;
8-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«8. Терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енгізілген жеке тұлға өзінің және дербес кіріс көздері жоқ отбасы мүшелерінің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету мақсатында осы баптың 4-тармағының 3), 4), 5) және 6) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша:
1) күнтізбелік ай ішінде отбасының әрбір мүшесіне шаққанда тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген еңбек демалысының төлемақысы немесе жалақының ең төмен мөлшерінен аспайтын мөлшердегі жалақы түрінде алынған;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес зейнетақы, қызметтік іссапарға арналған шығыстар, стипендия, жәрдемақы, өзге де әлеуметтік төлем түрінде алынған ақшамен немесе өзге мүлікпен операцияларды жүзеге асыру үшін қаржы мониторингі субъектісіне жүгінуге, сондай-ақ салықтар, коммуналдық және әлеуметтік төлемдер, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, өсімпұлдар мен айыппұлдар төлеуді жүргізуге құқылы.»;
мынадай мазмұндағы 8-1 және 10-тармақтармен толықтырылсын:
«8-1. Терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне осы баптың 4-тармағының 7) тармақшасында көзделген негіздер бойынша енгізілген жеке тұлға өзінің және дербес кіріс көздері жоқ отбасы мүшелерінің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті органға ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операцияларды тоқтатып қою бойынша қолданылатын шаралардың ішінара немесе толық күшін жою туралы жазбаша дәлелді өтінішпен жүгінуге құқылы.
Уәкілетті орган бұл өтінішті Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті Комитетінің қарауын қамтамасыз етеді.
Уәкілетті орган дереу, бірақ Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі Комитетінің немесе терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын халықаралық ұйымның осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген өтінішті қанағаттандыру туралы шешімін алған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей қаржы мониторингі субъектісін хабардар етеді.
Уәкілетті орган сондай-ақ өтініш берушіні Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің Комитеті немесе терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын халықаралық ұйымдар қабылдаған шешім туралы хабардар етеді.»;
«10. Уәкілетті органға шет мемлекеттің құзыретті органынан ұйымның немесе жеке тұлғаның террористік әрекетке ықтимал қатысы болуы туралы келіп түскен өтініш болған кезде, егер бұл ретте осы баптың 4-тармағында көзделген, осындай ұйымдарды немесе жеке тұлғаны терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енгізу үшін негіздер бар болса, уәкілетті орган террористік әрекетке қатысы бар тұлғалардың тізімін қалыптастырады.
Уәкілетті орган қаржы мониторингі субъектілерінің ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операцияларды тоқтатып қою жөніндегі шараларды қабылдауы үшін террористік әрекетке қатысы бар тұлғалардың тізімін өзінің интернет-ресурсында күнтізбелік он бес күнге дейінгі мерзімге орналастырады.
Уәкілетті орган жеке тұлғаларды террористік әрекетке қатысы бар тұлғалардың тізімінен осы баптың 4-тармағына сәйкес терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енгізу жөнінде шаралар қабылдайды.»;
мынадай мазмұндағы ескертпемен толықтырылсын:
«Ескертпе.
Осы баптың мақсатында терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енгізілген жеке тұлғаның отбасы мүшелері деп: жұбайы (зайыбы), ерлі-зайыптылардың ортақ немесе біреуінің кәмелетке толмаған (оның ішінде асырап алған, асырауындағы немесе қорғаншылығындағы (қамқоршылығындағы) балалары; жұбайының (зайыбының) асырауындағы ата-аналары танылады.»;
13) мынадай мазмұндағы 12-1 және 12-2-баптармен толықтырылсын:
«12-1-бап. Жаппай қырып-жою қаруын таратудың және оны қаржыландырудың алдын алуға, оған кедергі келтіруге және тоқтатуға қатысты нысаналы қаржылық санкциялар
1. Уәкілетті орган жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесін жасайды, өзінің интернет-ресурсында орналастырады және оны тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдарға электрондық түрде жібереді.
2. Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің жаппай қырып-жою қаруын таратудың және оны қаржыландырудың алдын алуға, оған кедергі келтіруге және тоқтатуға қатысты қарарларына сәйкес ұйымға немесе жеке тұлғаға нысаналы қаржылық санкцияларды қолдану оларды жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енгізуге негіз болып табылады.
3. Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің жаппай қырып-жою қаруын таратудың алдын алуға, оған кедергі келтіруге және тоқтатуға қатысты қарарларына сәйкес нысаналы қаржылық санкциялардың күшін жою ұйымды немесе жеке тұлғаны жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесінен алып тастауға негіз болып табылады.
Уәкілетті орган ұйымды немесе жеке тұлғаны жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесінен алып тастау туралы шешім қабылданған күннен бастап дереу, бірақ бір жұмыс күнінен кешіктірмей өзінің интернет-ресурсында осындай шешімді орналастырады және оны тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдарға жібереді.
4. Жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне қате енгізілген не көрсетілген тізбеден алып тастауға жататын, бірақ көрсетілген тізбеден алып тасталмаған ұйымдар немесе жеке тұлғалар уәкілетті органға оларды көрсетілген тізбеден алып тастау туралы жазбаша дәлелді өтінішпен жүгінеді.
Уәкілетті орган ұйымды немесе жеке тұлғаны жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесінен алып тастау туралы өтінішті «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мерзімдерде қарайды және мынадай:
1) ұйымды немесе жеке тұлғаны көрсетілген тізбеден алып тастау туралы;
2) бас тартудың уәжді негізін ұсына отырып, өтінішті қанағаттандырудан бас тарту туралы дәлелді шешімдердің бірін қабылдайды.
Уәкілетті органның шешіміне өтініш беруші сотқа шағым жасауы мүмкін.
5. Осы баптың 2-тармағының негізінде жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енгізілген жеке тұлға өзінің және дербес табыс көздері жоқ отбасы мүшелерінің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті органға ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операцияларды тоқтатып қою бойынша қолданылатын шаралардың ішінара немесе толық күшін жою туралы жазбаша уәжді өтінішпен жүгінуге құқылы.
Уәкілетті орган бұл өтінішті Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті Комитетінің қарауын қамтамасыз етеді.
Уәкілетті орган дереу, бірақ Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесі Комитетінің осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген өтінішті қанағаттандыру туралы шешімін алған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей қаржы мониторингі субъектісін хабардар етеді.
Уәкілетті орган сондай-ақ өтініш берушіні Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің Комитеті қабылдаған шешім туралы хабардар етеді.
6. Егер операциялар тараптарының ең болмағанда біреуі жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енгізілген тұлға болып табылса және операциялар мұндай тұлғалар жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енгізілгенге дейін жасалған шарттар шеңберінде жүзеге асырылса, қаржы мониторингі субъектілері мұндай операциялар туралы (ақшаны есепке жатқызу жөніндегі операцияларды қоспағанда) уәкілетті органға дереу хабарлайды.
Уәкілетті орган осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген хабарларды алып, оны алған кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде операцияның жүргізілуін он бес жұмыс күніне дейінгі мерзімге тоқтата тұрады.
Қаржы мониторингі субъектісі уәкілетті орган операция жүргізуді тоқтата тұру туралы шешім шығарғанға дейін осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес хабар берілген, ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операция жүргізбейді.
Операция жүргізуді тоқтата тұру туралы шешім операция туралы хабар берген қаржы мониторингі субъектісіне электрондық тәсілмен немесе қағаз жеткізгіште жеткізіледі.
Қаржы мониторингі субъектісі ақпарат хабарланған кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде уәкілетті органның операция жүргізуді тоқтата тұру туралы шешімін алмаған жағдайда, егер Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген, осындай операцияны жүргізуге кедергі келтіретін өзге де негіздер болмаса, операция жүргізілуге тиіс.
Уәкілетті орган операция жүргізуді тоқтата тұру туралы шешім қабылдағаннан кейін үш жұмыс күні ішінде операция жүргізу не операция жүргізуден бас тарту туралы шешім қабылдайды және оны қаржы мониторингі субъектілерінің назарына жеткізеді.
Уәкілетті органның шешімі бойынша операция жүргізуді тоқтата тұру мерзімі өткеннен кейін операция Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген, осындай операцияны жүргізуге кедергі келтіретін өзге де негіздер болмаған кезде жүргізілуге тиіс.
Операция жүргізу туралы шешім мынадай талаптар сақталған кезде:
1) шарт Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің жаппай қырып-жою қаруын таратудың және оны қаржыландырудың алдын алуға, оған кедергі келтіруге және тоқтатуға қатысты құжаттарында көрсетілген кез келген тыйым салынған заттармен, материалдармен, жабдықпен, тауарлармен, технологиялармен, көмекпен, оқытумен, қаржылық қолдаумен, инвестициялаумен, брокерлік қызметпен немесе көрсетілетін қызметтермен байланысты емес;
2) төлем Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің жаппай қырып-жою қаруын таратудың және оны қаржыландырудың алдын алуға, оған кедергі келтіруге және тоқтатуға қатысты қарарына енгізілген ұйым немесе тұлға тікелей немесе жанама алмаған жағдайда, қабылдануы мүмкін.
Уәкілетті орган операция жүргізу туралы шешім қабылдағаннан кейін Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті Комитетіне операция жүргізуге рұқсат беру ниеті туралы дереу хабарлама жібереді.