4) аудит - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаржылық есептілік және қаржылық есептілікке байланысты басқа да ақпарат туралы тәуелсіз пікір білдіру мақсатында тексеру;
5) аудитор - Аудиторларға кандидаттарды аттестаттау жөніндегі біліктілік комиссиясы (бұдан әрі - Біліктілік комиссиясы) аттестаттаған, «аудитор» біліктілігін беру туралы біліктілік куәлігін алған жеке тұлға;
6) аудиторлық есеп - жүргізілген аудиттің нәтижесі болып табылатын жазбаша ресми құжат;
7) аудиторлық қызмет - осы Заңға сәйкес қаржылық есептіліктің және қаржылық есептілікке байланысты басқа да ақпарат аудитін жүргізу және көрсетілетін қызметтерді ұсыну жөніндегі кәсіпкерлік қызмет;
8) аудиторлық ұйым - аудиторлық қызметті жүзеге асыру үшін құрылған және кәсіби ұйымның мүшесі болып табылатын коммерциялық ұйым;
9) аудиттелетін субъект - өзіне қатысты аудит, салықтар бойынша аудит, өзге ақпарат аудиті жүргізілетін заңды тұлға, заңды тұлғаның атынан әрекет ететін оның филиалдары және (немесе) өкілдіктері, дара кәсіпкер;
10) Әдеп кодексі - аудиторлардың, аудиторлық және кәсіби ұйымдардың кәсіптік қызметінің Халықаралық бухгалтерлер федерациясы шығарған және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасында қолданылатын әдеп қағидалары жинағы;
11) дұрыс емес аудиторлық есеп - Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасын бұза отырып жасалған, қаржылық есептілік туралы және аудит стандарттарында көзделген ақпарат туралы дұрыс емес және (немесе) толық емес, пайдаланушыларды жаңылыстыратын мәліметтерді қамтитын аудиторлық есеп;
12) жер қойнауын пайдаланушының шығыстары туралы мәліметтер аудиті - жер қойнауын пайдаланушының пайдалы қазбаларды барлау және өндіру жөніндегі операцияға арналған шығыстарының аудиті;
13) квазимемлекеттік сектор субъектілеріне арнайы мақсаттағы аудит - бюджет қаражатын пайдалану мәселесі бойынша аудит;
14) көрінеу дұрыс емес аудиторлық есеп - аудит жүргізілмей жасалған немесе пайдаланушыларды қасақана жаңылыстыратын пікірді қамтитын аудиторлық есеп;
15) мүдделер қақтығысы - аудиторлық ұйымның мүдделілігі оның аудиттелетін субъектінің қаржылық есептілігінің дұрыстығы туралы пікіріне әсер етуі мүмкін жағдай;
16) өзге ақпарат аудиті - «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Сақтандыру қызметі туралы», «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылатын, тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін бағалауға қатысты, оның ішінде стратегия мен бизнес модельге, корпоративтік басқару жүйесін бағалауға, ақпараттық технологиялардың тәуекелдерін басқару жүйесін бағалауға, ақпараттық қауіпсіздік жүйесінің тиімділігін, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы ішкі бақылау жүйесінің тиімділігін бағалауға қатысты процестерді және қаржылық есептілікпен байланысты емес ақпаратты тексеру;
17) өзге ақпарат аудиті бойынша аудиторлық қорытынды - өзге ақпарат аудитінің нәтижелері бойынша жасалған қорытынды;
18) салықтар бойынша аудит - уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен жүргізілетін, салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің барлық түрі бойынша есептеу мен төлеудің дұрыстығы, міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеудің, ұстап қалудың және аударудың толықтығы мен уақтылығы, әлеуметтік аударымдарды есептеудің және төлеудің толықтығы мен уақтылығы мәселесі бойынша аудит;
19) салықтар бойынша аудиторлық қорытынды - салықтар бойынша аудит нәтижелері бойынша жасалған қорытынды;
20) салықтар бойынша дұрыс емес аудиторлық қорытынды - аудиторлық ұйым Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып жасаған, салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеу мен төлеудің дұрыстығы, міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеудің, ұстап қалудың және аударудың толықтығы мен уақтылығы, әлеуметтік аударымдарды есептеудің және төлеудің толықтығы мен уақтылығы мәселелері бойынша дұрыс емес және (немесе) толық емес мәліметтерді қамтитын, сондай-ақ салықтар бойынша аудит жүргізілмей жасалған немесе қасақана жаңылыстыратын пікірді қамтитын қорытынды;
21) уәкілетті мемлекеттік орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - аудиторлық қызмет саласында реттеуді және аудиторлық қызмет пен кәсіби ұйымдардың қызметі саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
22) ұйымдардың стандарттары - аудиторлық ұйымның Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін, аудит жүргізу тәртібіне бірыңғай талаптарды белгілейтін ішкі құжаттары;
23) халықаралық аудит стандарттары (бұдан әрі - аудит стандарттары) - Халықаралық бухгалтерлер федерациясы шығарған стандарттар мен құжаттар.»;
2) 3-баптың 2-тармағында:
бірінші бөлікте:
бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Аудиторлық ұйымдар аудиттен басқа мынадай қызметтерді де көрсете алады:»;
1) және 10) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«1) аудит стандарттарына сәйкес ілеспе және басқа да көрсетілетін қызметтер;»;
«10) бухгалтерлік есепке алуды жүргізу және қаржылық есептілікті жасау, аудит, қаржылық-шаруашылық қызметті және қаржылық жоспарлауды талдау, аудит стандарттарына сәйкес ілеспе қызметтерді көрсету бойынша әдістемелік құралдар мен ұсынымдар әзірлеу, сондай-ақ оларды тарату;»;
екінші бөліктегі «өз қызметінің бейіні бойынша» деген сөздер алып тасталсын;
3) 4-баптың 2-тармағының бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Аудит осы Заңға және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін аудит стандарттарына сәйкес жүзеге асырылады. Аудит стандарттарын Қазақстан Республикасында оларды ресми аударуға және (немесе) жариялауға Халықаралық бухгалтерлер федерациясының жазбаша рұқсаты бар ұйым қазақ және орыс тілдерінде жариялауы мүмкін.»;
4) 5-баптың 2-тармағының үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Аудит міндетті болып табылатын және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жылдық қаржылық есептілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайтын ұйымдар жылдық қаржылық есептілікпен бірге аудиторлық есепті де жариялауға міндетті.»;
5) 7-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«7-1-бап. Аудиторлық қызмет және кәсіби ұйымдар қызметі саласындағы мемлекеттік бақылау
1. Аудиторлық қызмет және кәсіби ұйымдардың қызметі саласындағы мемлекеттік бақылауды уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.
2. Аудиторлық қызмет және кәсіби ұйымдардың қызметі саласындағы мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру және профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылады.»;
6) 11-баптың 2-тармағының 4) тармақшасы алып тасталсын;
7) 12-баптың 1-тармағында:
6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«6) уәкілетті органның ескерту хаты шығарылған себепті үш ай ішінде жоймаса;»;
7) тармақша алып тасталсын;
8) 13-баптың 2-тармағының екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Аудитор» біліктілігін беру туралы шешім Біліктілік комиссиясы айқындайтын бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ және орыс тілдерінде жарияланады.»;
9) 17-бапта:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
«17-бап. Аудит, салықтар бойынша аудит, өзге ақпарат аудитін, аудит стандарттарына сәйкес ілеспе және басқа да көрсетілетін қызметтер жүргізуге арналған шарт»;
2 және 3-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Аудит жүргізуге және (немесе) аудит стандарттарына сәйкес ілеспе және басқа да көрсетілетін қызметтер ұсынуға арналған шартта: шарттың нысанасы, мерзімі, ақы төлеу мөлшері мен талаптары, тараптардың құқықтары, міндеттері мен жауаптылығы, алынған ақпараттың құпиялылығы, сондай-ақ кәсіби ұйымға мүшелігі көзделеді.
3. Аудиттелетін субъектіге міндетті аудит, салықтар бойынша аудит, өзге ақпарат аудиті және (немесе) аудит стандарттарына сәйкес ілеспе және басқа да көрсетілетін қызметтер жүргізуге арналған шарт Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс.»;
10) 20-баптың 2-тармағының 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«1) Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасын, аудит стандарттарын, Әдеп кодексін сақтауға;»;
11) 21-баптың 2-тармағында:
1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«1) Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасын, аудит стандарттарын, Әдеп кодексін сақтауға;»;
10) тармақшадағы «хабарлауға міндетті.» деген сөздер «хабарлауға;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 11) тармақшамен толықтырылсын:
«11) Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасында белгіленген талаптарды сақтауға міндетті.»;
12) 24-баптың бірінші бөлігінің үшінші және төртінші абзацтары мынадай редакцияда жазылсын:
«өздерімен соңғы үш жылда азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру шартын жасасқан ұйымдарға;
соңғы үш жылда осы Заңның 3-бабының 2-тармағы бірінші бөлігінің 2) және (немесе) 3) тармақшаларында аталған (бухгалтерлік есепке алу және (немесе) қаржылық есептілік бөлігінде) көрсетілетін қызметтер ұсынылған ұйымдарға;».
8. «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» 1999 жылғы 13 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 19, 649-құжат; 2002 ж., № 4, 32-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2009 ж., № 15-16, 71-құжат; № 19, 88-құжат; 2010 ж., № 7, 32-құжат; 2011 ж., № 11, 102-құжат; 2012 ж., № 4, 32-құжат; 2013 ж., № 1, 2-құжат; № 16, 83-құжат; 2014 ж., № 7, 37-құжат; № 11, 61-құжат; № 16, 90-құжат; № 19-І, 19-ІІ, 96-құжат; № 21, 118, 122-құжаттар; 2015 ж., № 1, 2-құжат; № 16, 79-құжат; № 22-І, 140-құжат; 2016 ж., № 23, 118-құжат; № 24, 126-құжат; 2017 ж., № 16, 56-құжат; № 23-ІІІ, 111-құжат; 2018 ж., № 16, 56-құжат):
1) 1-бапта:
1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«1) адамдар көп жиналатын объектілер - қоғамдық тамақтану, көліктік инфрақұрылым (автомобильдік және қалалық рельсті көлік саласындағы) объектілері, сондай-ақ сауда, спорт, ойын-сауық объектілері, концерт залдары және өзге де көпшілікке арналған құрылысжайлар, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары, туристерді орналастыру орындары;»;
мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
«3-1) күзетілетін объектілер - күзетілетін адамдардың болуына арналған ғимараттар, құрылыстар мен құрылысжайлар, сондай-ақ оларға іргелес жатқан аумақ пен акватория;»;
16) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«16) террористік тұрғыдан осал объектілер - терроризмге қарсы қорғалуын міндетті ұйымдастыру талап етілетін аса маңызды мемлекеттік, стратегиялық, қауіпті өндірістік объектілер, сондай-ақ экономика салаларының стратегиялық маңызы бар объектілері, адамдар көп жиналатын объектілер, күзетілетін объектілер;»;
мынадай мазмұндағы 16-1) және 16-2) тармақшалармен толықтырылсын:
«16-1) террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуы - терроризм актісін жасауға кедергі келтіретін, сондай-ақ ол жасалған жағдайда салдарларын барынша азайтуды және жоюды қамтамасыз ететін жағдайлардың болуын сипаттайтын террористік тұрғыдан осал объектінің жай-күйі;
16-2) террористік тұрғыдан осал объектілерді терроризмге қарсы қорғау - объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық, ұйымдастырушылық шаралар мен техникалық құралдар кешені;»;
2) 4-бапта:
3-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«4) объектілерді террористік тұрғыдан осал объектілерге жатқызу қағидалары мен өлшемшарттарын, террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыруға қойылатын талаптарды, сондай-ақ террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуының үлгілік паспортын бекітеді;»;
5-тармақтың бірінші бөлігінің 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«5) террористік тұрғыдан осал объектілердің басшыларын террористік қатерлердің сипаты мен ерекшелігі туралы хабардар ету, терроризмге қарсы іс-қимыл мен терроризмге қарсы қорғалу жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу, күзетілетін объектілерді қоспағанда, террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризм актісінің жасалуына кедергі болуға, оның салдарларын терроризмге қарсы практикалық оқу-жаттығулар, жаттығулар мен эксперименттер өткізу жолымен барынша азайтуды және жоюды қамтамасыз етуге дайындығын бағалауды жүзеге асыру арқылы олардың терроризмге қарсы қорғалуы деңгейінің артуына ықпал етеді;»;
3) 7-бапта:
1), 2), 3) және 4) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«1) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары:
Қазақстан Республикасының заңдарымен өздерінің қарауына жатқызылған террористік қылмыстарды анықтайды, олардың алдын алады, жолын кеседі және оларды тергеп-тексереді;
террористік қатерлерді талдауды және болжауды жүзеге асырады;
терроризмге қарсы операциялар жүргізуді ұйымдастырады;
қарсы барлау іс-шаралары арқылы террористік әрекетке қарсы іс-қимылды жүзеге асырады;
шет мемлекеттердің тиісті құзыретті органдарымен, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен ынтымақтасады;
террористік және экстремистік ұйымдарға қарсы іс-қимыл саласында барлау қызметін жүзеге асырады;
Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің және олардың персоналының террористік қатерлерден қорғалуын қамтамасыз етуге қатысады және Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің терроризмге қарсы қорғалуының Қазақстан Республикасының терроризмге қарсы іс-қимыл туралы заңнамасында көзделген талаптарға сәйкестігін айқындайды;
Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының террористік тұрғыдан осал объектілерінің тізбесін олардың санаттарына сәйкес әзірлейді және бекітеді;
2) Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары:
Қазақстан Республикасының заңдарымен өздерінің қарауына жатқызылған террористік қылмыстарды анықтайды, олардың алдын алады, жолын кеседі және оларды тергеп-тексереді;
терроризмге қарсы операцияларды жүргізуге қатысады;
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери бөлімдері мен мекемелерін, Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының объектілерін, сондай-ақ күзетілетін объектілер мен Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерін қоспағанда, террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуының жай-күйін бақылайды;
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери бөлімдері мен мекемелерінің, Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдары объектілерінің паспорттарын, сондай-ақ күзетілетін объектілердің, Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің паспорттарын қоспағанда, террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалу паспорттарын келіседі, есепке алуды, сақтауды және (немесе) жоюды жүргізеді;
3) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі:
«Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің, өзге де күзетілетін адамдардың және күзетілуге жататын объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, күзет іс-шараларын ұйымдастырады және жүргізеді;
санаттарына сәйкес Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің террористік тұрғыдан осал объектілерінің тізбесін бекітеді және терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру бойынша оларға қойылатын талаптарды әзірлейді және бекітеді;
күзетілетін адамдардың болуына арналған, террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыруға қойылатын қосымша талаптарды белгілеуге құқылы;
күзетілетін объектілердің терроризмге қарсы қорғалу паспорттарын келіседі, есепке алуды, сақтауды және (немесе) жоюды жүргізеді.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының шешімі бойынша күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша терроризмге қарсы операциялар жүргізіледі;
4) Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі:
терроризмге қарсы операцияларды жүргізу кезінде әуе, су және жер беті кеңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысады;
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінің террористік тұрғыдан осал әскери бөлімдері мен мекемелерінің тізбесін олардың санаттарына сәйкес әзірлейді және бекітеді;
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің террористік тұрғыдан осал әскери бөлімдері мен мекемелерінің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастырады;»;
5) тармақша алып тасталсын;
8) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«8) сыртқы саясат саласындағы уәкілетті орган терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық ынтымақтастық саласында Қазақстан Республикасының сыртқы саяси бағытының іске асырылуын қамтамасыз етеді, Қазақстан Республикасының шет елдердегі террористік тұрғыдан осал мекемелерінің тізбесін олардың санаттарына сәйкес әзірлейді және бекітеді;»;
мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Қазақстан Республикасының терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдары Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді орындайды.»;
4) 10-2-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«10-2-бап. Террористік тұрғыдан осал объектілерді терроризмге қарсы қорғау
1. Орталық мемлекеттік органдар, оның ішінде Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар осы Заңның 4-бабы 3-тармағының 4) тармақшасына сәйкес айқындалатын, террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыруға қойылатын талаптардың негізінде террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықтарды әзірлейді және бекітеді.
Террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты әзірлеуге объектілерді террористік тұрғыдан осал объектілер қатарына жатқызу өлшемшарттарына сәйкес келетін объектілердің болуы негіз болып табылады, бұл ретте объектілер:
мемлекеттік органның ведомстволары, аумақтық бөлімшелері, олардың және мемлекеттік органның қарауындағы және басқа да ведомстволық бағынысты ұйымдар болып табылатын органдар, ұйымдар болып табылады, сондай-ақ мемлекеттік органның ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуінде болады;
мемлекеттік орган іске асыратын саясат саласында (аясында) қызметті жүзеге асыру үшін арналған (пайдаланылады).
Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарының, ішкі істер органдарының объектілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери бөлімдері мен мекемелері үшін әзірленетін нұсқаулықтарды қоспағанда, террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықтар:
күзетілетін объектілерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетімен және Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігімен;
күзетілетін объектілер үшін - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметімен;
Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері үшін - сыртқы барлау субъектілерімен келісіледі.
2. Террористік тұрғыдан осал объектілерді қорғау мақсатында террористік тұрғыдан осал нақты объектілердің терроризмге қарсы қорғалу жай-күйі туралы ақпарат қолжетімділігі шектеулі ақпарат болып табылады. Шектеуге жататын ақпарат түрлері осы Заңның 4-бабы 3-тармағының 4) тармақшасы негізінде әзірленетін нормативтік құқықтық актілерде айқындалады.»;
5) 10-3-бапта:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
«10-3-бап. Террористік тұрғыдан осал объектілер меншік иелерінің, иеленушілерінің, басшыларының немесе өзге де лауазымды адамдарының, террористік тұрғыдан осал объектілер бойынша күзет қызметтерін көрсету туралы шарт жасасқан күзет қызметі субъектілерінің міндеттері»;
1-тармақта:
бірінші бөлікте:
бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Террористік тұрғыдан осал объектілердің меншік иелері, иеленушілері, басшылары немесе өзге де лауазымды адамдары олардың терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында осы Заңның 4-бабы 3-тармағының 4) тармақшасында көзделген, террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыруға қойылатын талаптарға және осы Заңның 10-2-бабының 1-тармағында көзделген, террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықтарға сәйкес:»;
2), 3) және 4) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«2) үлгілік паспорттың негізінде - террористік тұрғыдан осал объектінің терроризмге қарсы қорғалуы паспортын әзірлеу;
3) террористік тұрғыдан осал объектілердің персоналымен олардың терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету бойынша профилактикалық және оқу-жаттығу іс-шараларын ұйымдастыру;
4) уәкілетті мемлекеттік органдармен және ұйымдармен, терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтармен терроризм актілеріне ден қою, сондай-ақ жасалған терроризм актісі салдарынан туындаған техногендік сипаттағы қатерлерді жою мәселелері бойынша бірлескен іс-қимылдарды жоспарлау және ұйымдастыру кезінде қатысу жөніндегі іс-шараларды іске асыруға міндетті.»;
5) тармақша алып тасталсын;
екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«Терроризм актісі жасалған жағдайда террористік тұрғыдан осал объектілердің меншік иелері, басшылары немесе өзге де лауазымды адамдары жасалған терроризм актісі туралы Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарына немесе ішкі істер органдарына дереу хабарлауға және персоналды эвакуациялауды қамтамасыз етуге міндетті.»;
1-1, 2 және 3-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«1-1. Террористік тұрғыдан осал объектілер бойынша күзет қызметтерін көрсету туралы шарттар жасасқан күзет қызметі субъектілері тиісті өткізу режимін қамтамасыз ету, өз персоналымен оқу-жаттығу іс-шараларын ұйымдастыру, техникалық қорғау құралдарын тиісінше пайдалану жөніндегі міндеттерді осы Заңның 4-бабы 3-тармағының 4) тармақшасында көзделген, террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыруға қойылатын талаптарға және осы Заңның 10-2-бабының 1-тармағында көзделген, террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықтарға сәйкес орындайды.
2. Тиісті іс-шараларды іске асыру мақсатында террористік тұрғыдан осал объектілердің меншік иелері, иеленушілері, басшылары немесе өзге де лауазымды адамдары қажетті қаржыландыруды көздеуге міндетті.
3. Террористік тұрғыдан осал объектілердің меншік иелерінің, иеленушілерінің, басшыларының немесе өзге де лауазымды адамдарының, сондай-ақ террористік тұрғыдан осал объектілер бойынша күзет қызметтерін көрсету туралы шарттар жасасқан күзет қызметі субъектілерінің осы бапта көзделген міндеттерді орындамауы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа алып келеді.»;
6) 23-1 және 23-2-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«23-1-бап. Қазақстан Республикасының терроризмге қарсы іс-қимыл туралы заңнамасының террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету бөлігіндегі талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылау
1. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери бөлімдері мен мекемелерін, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарының, ішкі істер органдарының объектілерін, сондай-ақ күзетілетін объектілер мен Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерін қоспағанда, бақылау субъектілерінің Қазақстан Республикасының терроризмге қарсы іс-қимыл туралы заңнамасының террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету бөлігіндегі талаптарын сақтауы мемлекеттік бақылау нысанасы болып табылады.
2. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери бөлімдері мен мекемелерінің, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары, ішкі істер органдары объектілерінің, сондай-ақ күзетілетін объектілер мен Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің терроризмге қарсы қорғалуының жай-күйін бақылауды қоспағанда, мемлекеттік бақылауды Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының қызметкерлері тексеру нысанында жүзеге асырады.
3. Тексеру жүргізу тәртібі осы Заңның 23-2-бабында айқындалады.
4. Террористік тұрғыдан осал, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери бөлімдері мен мекемелерінің, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары, ішкі істер органдары объектілерінің, Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің терроризмге қарсы қорғалуының жай-күйін бақылау тиісті мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.