2) күдіктінің, айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның ынтымақтастық туралы процестік келісіммен байланысты барлық шарттармен және талаптарымен танысқанын, азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас пен жазалау түрлеріне ұшырағанын-ұшырамағанын, ынтымақтастық туралы процестік келісімді өз еркімен жасасқанын-жасаспағанын, оның құқықтық салдарын білетінін-білмейтінін анықтайды;
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 3) тарақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) ынтымақтастық туралы процестік келісімді бекітеді не оны бекітуден бас тарту туралы қаулы шығарады.
621-бап. Ынтымақтастық туралы процестік келісімнің шарттарын орындау бойынша прокурордың әрекеттері
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, облыс прокуроры немесе оған теңестірілген прокурор, олардың орынбасарлары, ал сотталған адамға қатысты - Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, оның орынбасары ынтымақтастық туралы процестік келісімді бекіткеннен кейін ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған прокурор жасалған келісімнің нысанасы болып табылатын қылмыстардың ашылуын ұйымдастыруға және кінәлі адамдардың әшкереленуіне дереу шаралар қолданады, сондай-ақ осы Кодекстің 153-бабында көзделген тәртіппен күдіктіге, айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасының күшін жою не оны өзгерту қажеттігі туралы мәселені қарайды.
2. Егер ынтымақтастық туралы процестік келісімнің нысанасына қатысты қылмыстарға жүргізілген тергеп-тексерудің нәтижелері бойынша күдіктінің, айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның ықпал етуімен аса ауыр қылмыстар, қылмыстық топ құрамында қылмыстар, сондай-ақ экстремистік және террористік қылмыстар жасаған адамдар әшкереленсе және кінәлі адамдарға қатысты айыптау үкімі шығарылса, онда прокурор ынтымақтастық туралы процестік келісімнің талаптарын орындауға шаралар қолданады.
3. Прокурор ынтымақтастық туралы келісім жасасқан және оның шарттарын орындаған сотталған адамға қатысты осы Кодекстің 476 - 478-баптарына сәйкес өтінішхатпен сотқа жүгінеді.
64-тарау. ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕРДІ СОТТА КЕЛІСІМДІК ІС ЖҮРГІЗУДЕ ҚАРАУ
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 622-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
622-бап. Келісімдік іс жүргізуді қолдану үшін негіздер
Сот, егер:
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 1) тарақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) сотқа дейінгі іс жүргізу сатысында барлық күдіктімен, айыпталушымен кінәні мойындау туралы процестік келісім жасалса;
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 2) тарақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) барлық сотталушымен кінәні мойындау туралы процестік келісім сот талқылауы барысында жасалса, істі келісімдік іс жүргізуде шешеді.
Егер сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін процестік келісімге келіспеушілік білдірілсе, сондай-ақ осы Кодекстің 614-бабы бірінші бөлігінің 2) тармағында көзделген шектеулер болған кезде келісімдік іс жүргізуге жол берілмейді.
623-бап. Сотқа дейінгі іс жүргізу сатысында жасалған, кінәні мойындау туралы процестік келісіммен бірге келіп түскен іс бойынша судьяның әрекеттері
1. Судья кінәні мойындау туралы процестік келісіммен және істі келісімдік іс жүргізуде қарау туралы өтінішхатпен бірге қылмыстық істі алып, жасалған процестік келісімнің заң талаптарына сәйкестігін тексереді, содан кейін:
1) келісімдік іс жүргізуде талқылауды тағайындау;
2) егер келісімдік іс жүргізуді қолдану үшін негіздер болмаса, қылмыстық істі прокурорға қайтару;
3) егер сот қылмыстың саралануымен, азаматтық талап қоюдың мөлшерімен, жазаның түрімен және (немесе) мөлшерімен келіспесе, жаңа келісім жасасу мүмкіндігін ұсына отырып, қылмыстық істі прокурорға қайтару туралы қаулы шығарады.
2. Тараптар соттың қылмыстың саралануы, азаматтық талап қою мөлшері, жазаның түрі немесе мөлшері мәселелері жөніндегі қаулысына сәйкес кінәні мойындау туралы жаңа процестік келісім жасасқаннан кейін прокурор қылмыстық істі жаңа процестік келісіммен бірге оны келісімдік іс жүргізуде қарау үшін сотқа жібереді.
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Судья кінәні мойындау туралы жаңа процестік келісіммен келіспеген кезде ол істі келісімдік іс жүргізуде қараудан бас тарту туралы қаулы шығарады және іс бойынша жалпы тәртіппен іс жүргізуді жүзеге асыру үшін оны прокурорға жібереді.
Судьяның бұл ретте шығарылған қаулысына апелляциялық тәртіппен шағым жасалуы, ол прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуы мүмкін.
4. Сот осы баптың бірінші бөлігінің 2) және 3) тармақтарында көрсетілген негіздер бойынша шешім қабылдау үшін осы Кодекстің 321-бабында көзделген тәртіппен істі алдын ала тыңдауды жүргізеді.
624-бап. Істі келісімдік іс жүргізуде қарау кезінде сот отырысына қатысатын адамдар
Келісімдік іс жүргізу кезіндегі сот отырысына прокурор, сотталушы және оның қорғаушысы қатысады. Жәбірленуші, азаматтық талапкер және олардың өкілдері сот отырысына шақырылмайды.
Сот қажет болған кезде олардың келісімдік іс жүргізудегі сот талқылауына қатысуын, оның ішінде коммуникацияның ғылыми-техникалық құралдарының көмегімен қатысуын ұйымдастыра алады.
625-бап. Келісімдік іс жүргізудегі сот талқылауының тәртібі мен мерзімдері
1. Төрағалық етуші сот отырысында қарсылық білдірулер мен өтінішхаттарды шешкеннен кейін кінәні мойындау туралы процестік келісімді қараудың басталғаны туралы жариялайды және прокурорға оның мәнін баяндауды ұсынады.
2. Прокурордың сөзінен кейін төрағалық етуші сотталушыдан оның процестік келісімнің мәнін түсінгенін-түсінбегенін және онымен келісетінін-келіспейтінін сұрайды. Қажет болған кезде төрағалық етуші сотталушыға процестік келісімнің мәнін түсіндіреді, содан кейін оған келісім жасасудың мән-жайын сотқа хабарлауды ұсынады және процестік келісімнің оның ерік білдіруіне сәйкестігін-сәйкес еместігін және ол оны қолдайтын-қолдамайтынын және осы іс бойынша сотқа бірдеңе хабарлағысы келетін-келмейтінін анықтайды.
3. Төрағалық етуші сотталушының ұстанымын анықтай отырып, кінәні мойындау туралы процестік келісімге қатысты қорғаушыға және прокурорға өз пікірлерін хабарлауын ұсынады, сондай-ақ олардың процестік келісімді қолдайтынын-қолдамайтынын анықтайды.
4. Төрағалық етуші сот отырысында қажет болған кезде кінәні мойындау туралы процестік келісімді жасасудың заңда көзделген тәртібін сақтау мәселесі бойынша прокурордан, сотталушыдан және оның қорғаушысынан жауап алады.
5. Процестік келісімді қарау аяқталғаннан кейін төрағалық етуші сотталушыдан келісімде көзделген мүліктік өндіріп алулар бөлігінде сот актісін өз еркімен орындау үшін оған қандай мерзім қажет екенін анықтайды, бұл ретте оның отбасылық және материалдық жағдайын анықтайды. Сотталушыға да сотқа қосымша бірдеңе хабарлау құқығы берілуге тиіс. Сотталушыны тыңдап болған соң төрағалық етуші кеңесу бөлмесіне кетеді және сот шешімін жария ету уақытын хабарлайды.
6. Істі келісімдік іс жүргізуде қарау осы Кодекстің 382-бабының екінші бөлігінде көзделген мерзімдерде аяқталуға тиіс.
626-бап. Соттың келісімдік іс жүргізудегі шешімдері
1. Сот процестік келісімді келісімдік іс жүргізуде қарау қорытындылары бойынша мынадай уәжді шешімдердің бірін:
1) егер келісімдік іс жүргізуді қолдануға негіздер болмаса, прокурорға қылмыстық істі қайтару туралы қаулы;
2) егер сот процестік келісімде көрсетілген қылмыстың саралануымен, азаматтық талап қоюдың мөлшерімен не жазаның түрімен немесе мөлшерімен келіспесе, жаңа процестік келісім жасасу үшін қылмыстық істі прокурорға қайтару туралы қаулы;
3) егер сотта сотталушының кінәлілігіне күмән туындаса, істі келісімдік іс жүргізу тәртібімен қараудан бас тарту туралы және қылмыстық істі прокурорға қайтару туралы қаулы;
4) егер осы Кодекстің 35-бабында санамаланған мән-жайлар анықталса, қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы;
5) процестік келісімге сәйкес сотталушыға жаза тағайындап, азаматтық талап қою және басқа да өндіріп алулар жөнінде шешімі бар айыптау үкімін шығарады.
2. Сот осы баптың бірінші бөлігінің 1) және 3) тармақтарында көрсетілген қаулыны шығарған жағдайда, қылмыстық іс жалпы тәртіппен тергеп-тексеру жүргізу үшін прокурорға қайтарылады.
3. Тараптар қылмыстың саралануы, азаматтық талап қою мөлшері не жазаның түрі немесе мөлшері мәселелері жөніндегі сот қаулысына сәйкес жаңа процестік келісім жасасқаннан кейін прокурор сотқа келісімдік іс жүргізуде қарау үшін жаңа процестік келісіммен бірге қылмыстық істі жібереді.
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Судья жаңа процестік келісіммен келіспеген кезде істі келісімдік іс жүргізуде қараудан бас тарту туралы қаулы шығарады және қылмыстық істі жалпы тәртіппен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыру үшін прокурорға жібереді.
Судьяның бұл ретте шығарылған қаулысына апелляциялық тәртіппен шағым жасалуы, ол прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуы мүмкін.
627-бап. Келісімдік іс жүргізуде қаралған іс бойынша айыптау үкімінің құрылымы және мазмұны
1. Келісімдік іс жүргізуде қаралған іс бойынша шығарылған үкімнің кіріспе бөлігі осы Кодекстің 396-бабының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
2. Келісімдік іс жүргізуде шығарылған айыптау үкімінің сипаттау-уәждеу бөлігінде процестік келісімге сілтеме қамтылуға тиіс және мыналар:
1) жасалуына сотталушы кінәлі деп танылған қылмыстық іс-әрекеттің сипаты;
2) жасалған әрекеттің саралануы;
3) жаза тағайындаудың уәждері;
4) азаматтық талап қою бойынша шешімнің уәждері, оны орындаудың тәртібі мен мерзімі;
5) заттай дәлелдемелердің тағдыры және процестік шығындарды өндіріп алу көрсетіледі.
3. Үкімнің қарар бөлігінде:
1) сотталушыны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің тиісті тармағы, бөлігі және бабы бойынша кінәлі деп тану;
2) жазалау шарасы;
3) азаматтық талап қою және процестік шығындар туралы мәселе бойынша шешім;
4) келтірілген залалды процестік келісімнің талаптарына сәйкес өтеу мерзімі;
5) үкімге шағым жасау тәртібі мен мерзімі көрсетіледі.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Сот үкімді шығарумен бір мезгілде осы Кодекстің 401-бабында санамаланған мәселелерді шешуге тиіс.
Үкімнің көшірмесі шығарылған күнінен бастап бес тәуліктен кешіктірілмейтін мерзімде сотталған адамға, оның қорғаушысына және прокурорға табыс етіледі.
Келісімдік іс жүргізуде қаралған іс бойынша сот үкіміне осы Кодексте көзделген тәртіппен және мерзімдерде жалпы негіздерде шағым жасауға, оны прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға және наразылық білдіруге болады.
628-бап. Басты сот талқылауы барысында келісімдік іс жүргізуді қозғау
1. Мемлекеттік айыптаушы, сотталушы және оның қорғаушысы қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы барысында кінәні мойындау туралы процестік келісім жасасу туралы өтінішхат мәлімдеуге құқылы.
Кінәні мойындау туралы процестік келісім жасасу туралы өтінішхат келіп түскен кезде судья сот талқылауын үзеді және тараптарға процестік келісім жасасу үшін ақылға сыйымды мерзім береді.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара); 2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Кінәні мойындау туралы процестік келісім жасалғанынан кейін судьяға беріледі, ол оның заң талаптарына сәйкестігін тексереді және мынадай:
1) істің келісімдік іс жүргізуде қаралуын жалғастыру туралы;
2) егер сотта сотталушының кінәлі екендігіне күмән туындаса не келісімдік іс жүргізуді қолдану үшін негіздердің болмауына байланысты істі келісімдік іс жүргізуде қараудан бас тарту туралы;
3) егер сот қылмыстың саралануына, азаматтық талап қоюдың мөлшеріне, жазаның түріне және (немесе) мөлшеріне келіспесе, жаңа процестік келісім жасауға мүмкіндік беру туралы уәжді шешімдердің бірін қабылдайды.
Тараптар процестік келісімнің шарттары бойынша келісімге қол жеткізбеген жағдайда, соттың қылмыстық істі қарауы жалпы тәртіп бойынша жалғастырылады.
629-бап. Сотта жасалатын процестік келісімнің құрылымы мен мазмұны
1. Сотта жасалатын процестік келісім нысаны мен мазмұны бойынша осы Кодекстің 616-бабы бірінші бөлігі 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7) және 8) тармақтарының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
2. Егер сотталушы қылмыстар жиынтығын жасады деп айыпталып отырса, онда келісімде әрбір қылмыс үшін жазаның түрі мен мөлшері, сондай-ақ түпкілікті жазаның түрі мен мөлшері көрсетіледі.
3. Егер сотталушыға үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындалса, онда келісімде түпкілікті жазаның түрі мен мөлшері де көрсетіледі.
4. Келісім оған прокурор, сотталушы және оның қорғаушысы қол қойғаннан кейін жасалды деп есептеледі.
5. Прокурор қол қойылған келісімді сотқа береді және істі келісімдік іс жүргізу шеңберінде шешу туралы өтінішхат береді.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен Кодекс 13-1-бөліммен толықтырылды
13-1-БӨЛІМ. БҰЙРЫҚТЫҚ ІС ЖҮРГІЗУ
64-1-тарау. БҰЙРЫҚТЫҚ ІС ЖҮРГІЗУ ТӘРТІБІ
629-1-бап. Бұйрықтық іс жүргізуді қолдану негіздері
1. Бұйрықтық іс жүргізу тәртібі, осы тарауда көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Кодекстің жалпы қағидаларымен айқындалады.
2. Қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар бойынша іс, егер:
1) жиналған дәлелдемелер арқылы қылмыстық теріс қылық және (немесе) онша ауыр емес қылмыс фактісі және оны жасаған адам анықталса;
2) күдікті қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы өз кінәсінің қолда бар дәлелдемелеріне дау айтпаса, өз әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) саралануына, келтірілген нұқсанның (зиянның) мөлшеріне (сомасына) келіссе;
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың санкциясы негізгі жаза түрлерінің бірі ретінде айыппұлды, оның ішінде, егер санкцияда осы құқықтан айырудың дәл мерзімі белгіленсе, белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түрінде міндетті қосымша жаза түрін көздесе;
4) күдікті істі дәлелдемелерді зерттемей, өздерін істі сотта қарауға шақырмай және қатыстырмай, бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қарау туралы өтінішхат мәлімдесе, ал жәбiрленушi, сондай-ақ азаматтық талапкер мен азаматтық жауапкер (олар іс бойынша қатысқан жағдайда) бұған келісім білдірсе, бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қаралуға жатады.
3. Бұйрықтық іс жүргізу:
1) қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейiн өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзiндегi сипаты мен қоғамдық қауiптiлiгiн ұғыну не оларды игеру мүмкіндігінен айыратын психикасының бұзылуымен ауырған адамға;
2) кәмелетке толмаған адамға немесе дене немесе психикалық кемiстiгi салдарынан өзiнiң қорғалу құқығын өзі жүзеге асыра алмайтын адамға;
3) қылмыстық қудалаудан артықшылықтары мен иммунитеті бар адамға;
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) міндетті қосымша жазалау ретінде мүлікті тәркілеу, арнаулы, әскери немесе құрметті атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, біліктілік сыныптан және мемлекеттік наградалардан айыру, Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу қолданылуы мүмкін адамға қатысты қолданылмайды.
4. Бұйрықтық іс жүргізу, олардың ішінде ең болмағанда біреуі айыппұл түрінде негізгі жазаны көздемейтін қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығына қатысты, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 60-бабының қағидаларын қолдануды талап ететін үкімдер жиынтығы кезінде қолданылмайды.
5. Егер сот іс бойынша бұрын шығарылған үкімнің күшін осы Кодекстің 629-6-бабының екінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша жойған болса, бұйрықтық іс жүргізу қолданылмайды.
6. Сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адам осы баптың екінші бөлігінде көзделген негіздердің жиынтығы анықталған кезден бастап бес тәулік ішінде бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулы шығара отырып, сотқа дейінгі іс жүргізуді аяқтайды.
Бұл ретте сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам нәтижелері қылмыстық құқық бұзушылықтың іздерін және күдікті, айыпталушы кінәсінің өзге де дәлелдемелерін тіркейтін тергеу әрекеттері мен өзге де процестік әрекеттерді ғана жүргізуге құқылы.
Күдікті, оның қорғаушысы (ол қатысқан кезде), жәбiрленушi, оның өкілі, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер қылмыстық іс материалдарымен танысқаннан және олардың өтінішхаттары шешілгеннен кейін сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адам бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулы шығарады.
629-2-бап. Бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулының мазмұны
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
Бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыда:
1) оның шығарылған уақыты, орны;
2) қаулыны кімнің шығарғаны;
3) күдіктінің жеке басы туралы деректер;
4) қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаттамасы, оның ішінде оқиға, жасалу тәсілдері, уәждері, салдары мен басқа да елеулі мән-жайлар;
5) жәбірленуші, келтірілген зиянның сипаты мен мөлшері туралы мәліметтер;
6) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің Ерекше бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамының белгілері;
7) жауаптылықты ауырлататын және жеңілдететін мән-жайлар;
8) бұйрықтық іс жүргізуді қолдану негіздері;
9) 2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 10) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
10) бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны бекіту және қылмыстық істі қарау үшін сотқа жіберу туралы мәселені шешу үшін қылмыстық істі прокурорға жіберу туралы көрсетіледі.
2. 2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
629-3-бап. Бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны сотқа жіберу тәртібі
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар туралы істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам шығарған бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулы анықтау органының бастығына берілуге жатады, ол қылмыстық істі дереу зерделеп шығып, ол бойынша мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны келіседі және қылмыстық істі прокурорға жібереді;
2) бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны келісуден бас тартады және осы Кодекстің 35 және 36-баптарында көзделген негіздер бойынша қылмыстық істі тоқтатады;
3) бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны келісуден бас тартады және қылмыстық істі анықтау не алдын ала тергеу жүргізу үшін қайтарады.
Бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны келісуден бас тарту туралы шешім уәжді болуға тиіс.
2. 2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3. Тергеу бөлімінің бастығы онша ауыр емес қылмыстар туралы істер бойынша тергеуші шығарған бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны прокурорға жіберуге тиіс.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 4-бөлік өзгертілді
4. Прокурор қылмыстық істі зерделеп шығып, іс келіп түскен кезден бастап жиырма төрт сағаттан кешіктірмей, ол бойынша мына шешімдердің бірін қабылдайды:
1) бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны бекітеді және айыпталушыға, оның қорғаушысына (ол қатысқан кезде), жәбірленушіге, азаматтық талапкерге, азаматтық жауапкерге бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулының көшірмесін бір мезгілде жібере отырып, қылмыстық істі қарау үшін сотқа жібереді;
2) бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны бекітуден бас тартады және қылмыстық істі осы Кодекстің 35 және 36-баптарында көзделген негіздер бойынша тоқтатады;
2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) осы Кодекстің 629-1-бабының екінші бөлігінде көзделген негіздер болмаған кезде қылмыстық істі анықтау не алдын ала тергеу жүргізу үшін қайтарады;
4) қылмыстық істі жекелеген күдіктілерге қатысты тоқтатады, бұл туралы тиісті қаулы шығарады және істі сотқа жібереді не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді толық көлемде тоқтатады.
Прокурор осы бөліктің бірінші абзацының 2), 3), 4) тармақтарында көзделген қабылданған шешім туралы мүдделі адамдарды хабардар етеді.
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 5-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Арасында қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар бар екі және одан көп қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысты қылмыстық іс осы баптың төртінші бөлігінде көзделген тәртіппен сотқа жіберілуге жатады.
629-4-бап. Бұйрықтық іс жүргізудегі сот талқылауының тәртібі мен мерзімі
1. Судья іс сотқа бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулымен бірге келіп түскен кезден бастап үш тәулікке дейінгі мерзімде істі ұсынылған материалдар негізінде, сот отырысын өткізбей, жеке-дара қарайды.
Судья істі бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қарау қорытындылары бойынша мынадай уәжді шешімдердің бірін:
1) 2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) егер бұйрықтық іс жүргізуді қолданудың осы Кодекстің 629-1-бабының екінші бөлігінде көзделген негіздері болмаса, істі прокурорға қайтару туралы қаулы;
3) егер осы Кодекстің 35 және 36-баптарында көзделген негіздер болса, қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы;
4) бұйрықтық іс жүргізу тәртібіндегі айыптау үкімін;
5) 2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
6) егер сот сотталушыға айыппұлдан өзге қылмыстық жаза тағайындау қажет деген тұжырымға келетін болса, қылмыстық істі прокурорға қайтару туралы қаулы шығарады.
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қылмыстық істі прокурорға қайтару туралы қаулы шағым жасалуға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуға жатпайды.
629-5-бап. Бұйрықтық іс жүргізу тәртібіндегі айыптау үкімінің құрылымы мен мазмұны
1. Айыптау үкімінің кiрiспе бөлiгiнде:
1) үкiмнiң Қазақстан Республикасының атынан шығарылғаны;
2) үкiмнiң шығарылған уақыты мен орны;
3) үкiм шығарған соттың атауы;
4) сотталушының тегi, аты және әкесiнiң аты (ол болған кезде), оның туған жылы, айы, күнi және жерi, тұрғылықты жері, жұмыс орны, айналысатын кәсiбi, бiлiмi, отбасылық жағдайы және сотталушының жеке басы туралы, іс үшін маңызы бар өзге де мәлiметтер;
5) жасалғанына сотталушы айыпталып отырған қылмыстық құқық бұзушылықты көздейтiн қылмыстық заң (бап, бөлiк, тармақ) көрсетiледi.
2. Айыптау үкімінің сипаттау-уәждеу бөлігінде:
1) сотталушы кінәлі деп танылған, жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаттамасы;
2) қылмыстық құқық бұзушылықтың саралануы;
3) кінәсінің нысаны, қылмыстық құқық бұзушылықтың уәждері мен салдары, келтірілген нұқсанның сипаты мен мөлшері;
4) сотталушыға айыппұл тағайындау уәждері;
5) азаматтық талап қою бойынша шешімнің уәждері;
6) заттай дәлелдемелердің тағдыры, процестік шығасыларды өндіріп алу көрсетіледі.
3. Айыптау үкімінің қарар бөлігінде мыналар көрсетілуге тиіс:
1) сотталушының тегi, аты және әкесiнiң аты (ол болған кезде);
2) сотталушыны қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәлі деп тану туралы шешім;
3) сотталушы кінәлі деп танылған қылмыстық заң (бап, бөлік, тармақ);
4) айыппұл мөлшері, оның ішінде теріс қылықтардың және (немесе) онша ауыр емес қылмыстардың жиынтығы кезінде әрбір қылмыстық құқық бұзушылық үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 58-бабы негізінде тағайындалған айыппұлдың түпкілікті мөлшері;
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 4-1) тармақшамен толықтырылды
4-1) сотталушыны белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы шешім;
5) қойылған азаматтық талап бойынша шешім;
6) заттай дәлелдемелер туралы мәселенің шешілуі;
7) процестік шығасыларды бөлу туралы шешім;
8) үкіммен келіспейтіні туралы өтінішхат келтіру және үкімге шағым жасау тәртібі мен мерзімі туралы көрсету.
629-6-бап. Бұйрықтық іс жүргізу тәртібіндегі айыптау үкімінің көшірмесін жіберу
1. Бұйрықтық іс жүргізу тәртібіндегі айыптау үкімі шығарылған күннен бастап бір тәуліктен кешіктірмей, сот оның көшірмесін сотталған адамға табыс ету туралы хабарламамен, оның қорғаушысына (ол қатысқан кезде), жәбiрленушiге және прокурорға, сондай-ақ тиісті өтінішхат келіп түскен кезден бастап дәл сол мерзімде процестің басқа қатысушыларына жiбередi.