27) денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік заңды тұлғалардағы корпоративтік басқару мәселелері жөніндегі қызметті үйлестіруді және мониторингтеуді жүзеге асырады;
28) тәуекелге бағалау жүргізуге және тәуекелге бағалау жүргізу тәртібін белгілеуге құқығы бар ұйымдар үшін бірыңғай әдіснаманы айқындайды;
29) денсаулық сақтауды цифрландыру стратегиясын әзірлейді және бекітеді;
30) денсаулық сақтау саласындағы электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелерді, ақпараттық-коммуникациялық желілерді құрады және олардың жұмыс істеуін, оларға Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы заңнамасына сәйкес жеке және заңды тұлғалардың қол жеткізуін ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;
31) өз құзыреті шегінде денсаулық сақтау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді және есепке алу мен есептік құжаттаманың нысандарын әзірлейді және бекітеді;
32) денсаулық сақтау саласындағы стандарттарды әзірлейді және бекітеді;
33) денсаулық сақтау саласындағы нұсқаулықтарды, алгоритмдер мен регламенттерді әзірлейді және бекітеді;
34) пациенттер мен медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында медициналық ұйымдарда қолданылатын техникалық бақылау құралдарын, байқау және тіркеу аспаптарын, фото-, бейнеаппаратураларды қолдану қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
35) денсаулық сақтау саласында құрметті атақтар беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
36) көтермелеудің салалық жүйесі қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
37) денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеудің үлгілік жүйесін әзірлейді және бекітеді;
38) денсаулық сақтау саласындағы мамандардың кәсіптік құзыреттілігіне аттестаттауды жүргізу тәртібін айқындайды;
39) өңірлерді медицина қызметкерлерімен қамтамасыз етудің ең төмен нормативтерін әзірлейді және бекітеді;
40) денсаулық сақтаудың кадр ресурстары бойынша ұлттық үйлестіруші туралы ережені әзірлейді және бекітеді;
41) денсаулық сақтау қызметкерлерінің үздіксіз кәсіптік даму нәтижелерін растау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
42) денсаулық сақтау саласындағы мамандықтар мен мамандандырулар номенклатурасын, денсаулық сақтау қызметкерлері лауазымдарының номенклатурасы мен біліктілік сипаттамаларын әзірлейді және бекітеді;
43) медициналық бұйымдарға белгіленген шекті бағалар бойынша медициналық бұйымдарды берудің ұзақ мерзімді шарттары шеңберінде бірыңғай дистрибьютор сатып алатын медициналық бұйымдардың тізбесін әзірлейді және бекітеді;
44) Қазақстан Республикасында тіркелген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сапасына бағалау жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
45) медициналық бұйымдарды көтерме және бөлшек саудада өткiзуді хабарлама жасау тәртібімен жүзеге асыратын денсаулық сақтау субъектілерінің тізілімін қалыптастыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
46) Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярды әзірлейді және бекітеді;
47) Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярды қалыптастыру қағидаларын, белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікті амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін, сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымдарының дәрілік формулярларын әзірлеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
48) дәрілік заттардың ұтымды пайдаланылуына бағалау жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 49) тармақша өзгертілді (2022 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
49) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде ұсталатын адамдарға бюджет қаражаты есебінен медициналық көмектің қосымша көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
50) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу тізбесін қалыптастыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
51) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттарға, сондай-ақ медициналық бұйымдарға бағаларды реттеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
52) Қазақстан Республикасында медициналық бұйымдарға сервистік қызмет көрсетуді жүзеге асыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
53) медициналық бұйымдардың оңтайлы техникалық сипаттамалары мен клиникалық-техникалық негіздемесіне сараптамалық бағалауды жүзеге асыру әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
54) келісімшарттық фракциялау жөніндегі өзара іс-қимыл қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
55) алғашқы көмек көрсетуге арналған дәрі қобдишасының құрамын әзірлейді және бекітеді;
56) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды мемлекеттік тіркеу және олардың қауіпсіздігі мен сапасын бағалау кезінде сараптаманы жүзеге асыру үшін тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
57) денсаулық сақтау ұйымдарында шұғыл және кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсету үшін қажетті дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін әзірлейді және бекітеді;
58) халықаралық медициналық-санитариялық қағидалар бойынша ұлттық үйлестіруші туралы ережені әзірлейді және бекітеді;
59) ақылы медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) ұсыну жөніндегі шарттың үлгілік нысанын әзірлейді және бекітеді;
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 59-1) тармақшамен толықтырылды (2022 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
59-1) Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігімен келісу бойынша, қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде ұсталатын, туберкулезбен ауыратын адамдарға медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 59-2) тармақшамен толықтырылды (2022 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
59-2) Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігімен келісу бойынша, ауруына байланысты жазасын өтеуден босатуға ұсынылатын сотталғандарды медициналық куәландырудан өткізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді және жазасын өтеуден босатуға негіз болып табылатын аурулардың тізбесін айқындайды;
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 59-3) тармақшамен толықтырылды (2022 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
59-3) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде ұсталатын адамдарға медициналық көмек көрсету бойынша денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтерін бюджет қаражаты есебінен сатып алу және олардың ақысын төлеу тәртібін айқындайды;
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 59-4) тармақшамен толықтырылды (2022 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
59-4) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде ұсталатын адамдарға медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымдардың үлгілік штаттары мен штат нормативтерін әзірлейді және бекітеді;
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 59-5) тармақшамен толықтырылды (2022 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
59-5) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде ұсталатын адамдарға бюджет қаражаты есебінен медициналық көмектің қосымша көлемі шеңберінде ұсынылатын медициналық көрсетілетін қызметтерге арналған тарифтерді қалыптастыру қағидалары мен әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 59-6) тармақшамен толықтырылды (2022 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
59-6) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде ұсталатын адамдарға медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымдарды медициналық техникамен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен жарақтандырудың ең төмен нормативтерін әзірлейді және бекітеді;
60) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде Қазақстан Республикасының азаматтарын шетелге емделуге жіберу және (немесе) емдеуді отандық медициналық ұйымдарда жүргізу үшін шетелдік мамандарды тарту қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 60-1) тармақшамен толықтырылды (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
60-1) емделу үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
61) денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштерді қалыптастыру (есептеу) әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
62) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
63) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көрсетілетін қызметтердің көлемдерін жоспарлау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
64) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтерге тарифтерді қалыптастыру қағидалары мен әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
65) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде ұсынылатын медициналық көрсетілетін қызметтерге тарифтерді әзірлейді және бекітеді;
66) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларды есепке алуды жүргізу және медициналық көмек алуға құқықтар беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
67) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілерін есепке алуды жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
68) денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативін әзірлейді және бекітеді;
69) денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай перспективалық жоспарын қалыптастыру, келісу және бекіту қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
70) денсаулық сақтау ұйымдарының номенклатурасын және олардың қызметі туралы ережені әзірлейді және бекітеді;
71) денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық бұйымдармен жарақтандырудың ең төмен стандарттарын әзірлейді және бекітеді;
72) денсаулық сақтау саласындағы кәсіптік стандарттарды келіседі;
73) көлік құралдарын басқару құқығын алуға үміткер адамдарға медициналық қарап-тексеруді жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
74) психикаға белсенді әсер ететін затты тұтыну фактісін және масаң күйде болу жағдайын анықтау үшін медициналық куәландыруды жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
75) иондаушы сәулеленудің әсеріне ұшыраған адамдардың қаны мен тіндерін алу, сақтау және пайдалану тәртібін әзірлейді және бекітеді;
76) иондаушы сәулеленудің әсерімен байланысты аурулардың тізбесін және себептік байланысты анықтау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
77) психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынумен байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар, өздеріне қатысты психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымға жолдама беру қолданылмайтын адамдардағы медициналық қарсы көрсетілімдердің тізбесін әзірлейді және бекітеді;
78) клиникалық хаттамаларды әзірлеу мен қайта қарау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
79) клиникалық хаттамаларды практикалық денсаулық сақтауға ендіру және ендіру тиімділігін бағалау әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
80) медициналық және фармацевтикалық қызметке қойылатын біліктілік талаптарын әзірлейді және бекітеді;
81) жылжымалы медициналық кешендер мен медициналық пойыздар арқылы медициналық көмек көрсету қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
82) осы Кодекстің 120-бабында белгіленген түрлерге сәйкес медициналық көмек көрсету қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
83) Қазақстан Республикасының халқына сурдологиялық көмек көрсету қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
84) қанды, оның компоненттерін дайындау, қайта өңдеу, сапасын бақылау, сақтау, өткізу номенклатурасын, қағидаларын, сондай-ақ қанды, оның компоненттерін құю қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
85) ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) алу, дайындау, сақтау, консервациялау, тасымалдау, донордан реципиентке трансплантаттау қағидалары мен шарттарын әзірлейді және бекітеді;
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 86) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
86) дербес медициналық деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды денсаулық сақтау саласындағы басқа да дерекқорлармен байланыстыратын телекоммуникация желілеріне қосу қағидаларын әзірлейді және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді;
87) цифрлық денсаулық сақтау саласындағы стандарттарды, сыныптау жүйелерін, анықтамалықтар мен номенклатураны әзірлейді және бекітеді;
88) денсаулық сақтау саласындағы медициналық ақпараттық жүйелерге қойылатын ең төмен талаптарды әзірлейді және бекітеді;
89) қашықтықтан медициналық көрсетілетін қызметтерге арналған электрондық ақпараттық ресурстарға қойылатын талаптарды әзірлейді және бекітеді;
90) сырқаттанушылық пен адам өлімін кодтау жөніндегі нұсқаулықты, халықаралық сыныптауыштарды пайдалану жөніндегі нұсқаулықты әзірлейді және бекітеді;
91) білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша денсаулық сақтау саласында білім беру бағдарламалары бойынша оқыту құнын қалыптастыру әдістемесін бекітеді;
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 92) тармақша өзгертілді (2022 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
92) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде ұсталатын адамдарға бюджет қаражаты есебінен медициналық көмектің қосымша көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға қажеттілікті қалыптастыру тәртібі мен әдістемесін айқындайды;
93) бірлесіп төлеуді жүзеге асыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
94) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттарға және (немесе) медициналық бұйымдарға арналған шекті бағалар мен үстеме бағаларды қалыптастыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
95) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттарға және (немесе) медициналық бұйымдарға арналған шекті бағаларды және үстеме бағаларды қалыптастырады және бекітеді;
96) бөлшек және көтерме саудада өткізу үшін дәрілік заттың саудалық атауына арналған шекті бағаларды әзірлейді және бекітеді;
97) үкіметтік емес ұйымдар үшін, оның ішінде халықтың негізгі топтары үшін азаматтардың денсаулығын сақтау саласында мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру, іске асыру, оның іске асырылуын мониторингтеу және оны бағалау жөніндегі қызметті жүзеге асырады;
98) кәсіптік аурулардың тізбесін айқындайды;
99) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде денсаулық сақтау субъектілерінен медициналық қызметтерді сатып алу шарты талаптарының орындалу мониторингін жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
100) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызметтер көрсететін денсаулық сақтау субъектілерінің жұмыскерлерін көтермелеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
101) медициналық және фармацевтикалық өнеркәсіп саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қатысады;
102) «Төтенше жағдай туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес енгізілген төтенше жағдай кезеңінде медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
103) денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарында тамақтану стандарттарын әзірлейді және бекітеді;
104) медициналық ұйымдарда құпия аудит жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
105) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
8-бап. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік органның құзыреті
Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган:
1) медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы құқықтық актілерді және есепке алу мен есептік құжаттаманың нысандарын өз құзыреті шегінде әзірлейді және бекітеді;
3) медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
4) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарайды;
5) сот-медициналық, сот-наркологиялық, сот-психиатриялық сараптамаларды қоспағанда, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес медициналық қызметті лицензиялауды жүзеге асырады;
6) медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы бақылау мәселелері бойынша денсаулық сақтау ұйымдарының қызметін үйлестіреді;
7) денсаулық сақтау саласындағы мамандардың кәсіптік құзыреттілігіне аттестаттау жүргізуді ұйымдастырады;
8) медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласында мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасайды;
9) денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
10) денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеуден кейінгі мониторинг жүргізу және аккредиттеу туралы куәлікті кері қайтарып алу қағидаларын, мерзімдерін әзірлейді және бекітеді;
11) медициналық көрсетілетін қызметтердің (көмектің) сапасына аккредиттелген денсаулық сақтау субъектілері жүргізетін тәуелсіз сараптамаға ақы төлеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
12) адамның ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін), қан мен оның компоненттерін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және Қазақстан Республикасының аумағынан осы мемлекеттерге әкетуге лицензия беруді жүзеге асырады;
13) туыстық емес трансплантаттауды жүргізу мақсатында адамның биологиялық материалдарының үлгілерін, гемопоэздік дің жасушаларын, сүйек кемігін, донорлық лимфоциттерді, жыныстық жасушалар мен эмбриондарды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және Қазақстан Республикасының аумағынан осы мемлекеттерге әкетуге қорытындылар (рұқсат беру құжаттарын) беру тәртібін айқындайды;
14) туыстық емес трансплантаттауды жүргізу мақсатында адамның ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін), қан мен оның компоненттерін, адамның биологиялық материалдарының үлгілерін, гемопоэздік дің жасушаларын, сүйек кемігін, донорлық лимфоциттерді, жыныстық жасушалар мен эмбриондарды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және Қазақстан Республикасының аумағынан осы мемлекеттерге әкетуге қорытындылар (рұқсат беру құжаттарын) беруді жүзеге асырады;
15) медициналық көрсетілетін қызметтердің (көмектің) сапасына сараптама жүргізу кезінде тәуелсіз сарапшыларды тарту қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
16) медициналық көрсетілетін қызметтерге (көмекке) тәуелсіз сараптама жүргізу бойынша қызметтер көрсетуге денсаулық сақтау субъектілеріне қойылатын талаптарды әзірлейді және бекітеді;
17) жүкті, босанатын әйелдердің қайтыс болу жағдайлары, сондай-ақ босанған әйелдер босанғаннан кейін күнтізбелік қырық екі күн ішінде қайтыс болған жағдайда, пациенттерге жоспарлы медициналық көмек (медициналық-санитариялық алғашқы көмек және мамандандырылған көмек, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көрсетілетін қызметтер) көрсету кезінде олардың кенеттен қайтыс болу жағдайлары туралы ақпарат (шұғыл хабархат) беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
18) тәуелсіз сарапшылардың тізілімін жүргізу қағидаларын, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылардың бірыңғай тізіліміне енгізу және одан шығару негіздерін әзірлейді және бекітеді;
19) Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мен сыйлықақылар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтардың көрсетілетін медициналық көмектің деңгейі мен сапасына қанағаттануы бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастырады, оның іске асырылуын мониторингтеуді және нәтижелерін бағалауды жүргізеді;
20) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарының денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативін сақтауына мониторингті жүзеге асырады;
21) әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүргізетін, медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы мен көлемі бойынша шарттық міндеттемелер мониторингінің нәтижелеріне денсаулық сақтау субъектілері шағымданған кезде мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
22) бірыңғай медициналық ақпараттық call-орталықтың қызметін ұйымдастыру қағидаларын және оның қызметінің регламентін әзірлейді және бекітеді;
23) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
9-бап. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның құзыреті
Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган:
1) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) өз құзыреті шегінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы құқықтық актілерді және есепке алу құжаттамасы мен есептік құжаттаманың нысандарын әзірлейді және бекітеді;
3) кәсіптік аурудың еңбек (қызметтік) міндеттерін орындаумен байланысын анықтау сараптамасының қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
4) санитариялық-эпидемиологиялық мониторингті жүзеге асырады;
5) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады;
6) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарының қызметін үйлестіреді;
7) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында ведомстволық статистикалық байқауды қамтамасыз етеді;
8) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелерді, ақпараттық-коммуникациялық желілерді құрады және олардың жұмыс істеуін, оларға Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес жеке және заңды тұлғалардың қол жеткізуін ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;
9) жергілікті атқарушы органдардың басшыларымен халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметтің түпкі нәтижелеріне қол жеткізуге бағытталған меморандумдар жасасады;
10) санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу тәртібін айқындайды;
11) Қазақстан Республикасында қолдануға тыйым салынған ықтимал қауіпті химиялық, биологиялық заттардың тізілімін жүргізу тәртібін айқындайды;
12) қалдықтардың адамға және қоршаған ортаға әсер ету дәрежесі бойынша (уыттылық дәрежесі бойынша) олардың қауіптілік сыныбын айқындайды;
13) медициналық қалдықтар бойынша ақпарат беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;