136-бап. Қызметкердің орташа айлық жалақысын есептеу
1. Бес күндік, сондай-ақ алты күндік жұмыс аптасында орташа айлық жалақыны есептеу белгіленген қосымша ақылар мен үстеме ақылар, сыйлықақылар және еңбекке ақы төлеу жүйесінде көзделген тұрақты сипаттағы басқа да ынталандыру төлемдері ескеріле отырып, тиісті кезеңдегі орташа күндік (сағаттық) жалақының есебінен нақты жұмыс істелген уақыт үшін жүргізіледі.
2. Осы Кодекске сәйкес тиісті ақы (төлем) төлеуге байланысты оқиғаның алдындағы он екі күнтізбелік ай орташа жалақыны есептеу үшін есептік кезең болып табылады. Күнтізбелік он екі айдан аз жұмыс істеген қызметкерлер үшін орташа айлық жалақы нақты жұмыс істелген уақыт бойынша айқындалады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Орташа жалақыны айқындаудың осы Кодексте көзделген барлық жағдайлары үшін еңбек жөніндегі уәкілетті орган оны есептеудің бірыңғай тәртібін белгілейді.
4. Егер бұл қызметкердің жағдайын нашарлатпайтын болса, ұжымдық шартта орташа жалақыны есептеудің өзге кезеңдері көзделуі мүмкін.
137-бап. Жалақыдан ұстап қалу
1. Қызметкердің жалақысынан ұстап қалу сот шешімі бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда жүргізіледі.
2. Қызметкердің өзі жұмыс істейтін ұйымға берешегін өтеу үшін оның жалақысынан ұстап қалу қызметкердің жазбаша келісімі бар болған кезде жұмыс берушінің актісі негізінде жүргізілуі мүмкін.
3. Ай сайынғы ұстап қалудың жалпы мөлшері қызметкерге тиесілі жалақының елу процентінен аспауға тиіс.
138-бап. Қызметкердің қайтыс болуына байланысты алынбаған жалақыны беру
Қызметкердің қайтыс болуына байланысты алынбаған жалақы Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен беріледі.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен кодекс 10-1-тараумен толықтырылды
10-1-тарау. Ұлттық біліктілік жүйесі
138-1-бап. Осы тарауда пайдаланылатын ұғымдар
Осы тарауда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) ұлттық біліктілік жүйесі - мамандардың біліктілігіне еңбек нарығы тарапынан сұраныс пен ұсыныстарды құқықтық және институционалдық реттеу тетіктерінің жиынтығы;
2) ұлттық біліктілік шеңбері - еңбек нарығында танылатын біліктілік деңгейлерін құрылымдық жағынан сипаттау;
3) салалық біліктілік шеңберлері - салада танылатын біліктілік деңгейлерін құрылымдық жағынан сипаттау;
4) кәсіби стандарт - кәсіби қызметтің нақты саласында біліктілік деңгейіне және құзыреттілікке, еңбек мазмұнына, сапасына және жағдайларына қойылатын талаптарды айқындайтын стандарт.
138-2-бап. Ұлттық біліктілік жүйесінің құрылымы
Ұлттық біліктілік жүйесі мыналарды:
1) ұлттық біліктілік шеңберін;
2) салалық біліктілік шеңберлерін;
3) кәсіби стандарттарды;
4) маманның кәсіби даярлығын бағалау және біліктілік сәйкестігін растауды қамтиды.
138-3-бап. Ұлттық біліктілік шеңбері
1. Ұлттық біліктілік шеңбері кәсіби қызметтің жалпы сипаттамаларын әрбір біліктілік деңгейі үшін сипаттаудан тұрады.
2014.27.06. № 212-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Ұлттық біліктіліктер шеңберін әзірлеуді еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган білім беру саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен бірлесіп жүргізеді және оны әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық комиссия бекітеді.
138-4-бап. Салалық біліктілік шеңберлері
1. Салалық біліктілік шеңберлері ұлттық біліктілік шеңбері негізінде экономикалық қызметтің нақты саласында әзірленеді.
2. Салалық біліктілік шеңбері салада орындалатын жұмыстардың күрделілігіне және пайдаланылатын білім, машықтар мен құзырет сипатына қарай деңгейлер бойынша маманның біліктілігіне қойылатын талаптарды жіктейді.
2013.04.07. № 130-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.27.06. № 212-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ жаңа редакцияда
3. Салалық біліктіліктер шеңберін әзірлеуді тиісті қызмет салаларының уәкілетті мемлекеттік органдары жүргізеді және оны әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі салалық комиссиялар бекітеді.
138-5-бап. Кәсіби стандарттар
2013.04.07. № 130-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Кәсіби стандарттарды әзірлеуді тиісті қызмет салаларының уәкілетті мемлекеттік органдары Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, жұмыс берушілердің салалық бірлестіктерімен және қызметкерлердің салалық бірлестіктерімен бірлесіп жүзеге асырады.
2013.04.07. № 130-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Кәсіби стандарттардың құрылымын, оларды әзірлеу, қайта қарау, сынақтан өткізу және қолдану тәртібін еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктерімен және қызметкерлердің республикалық бірлестіктерімен келісу бойынша айқындайды.
3. Кәсіби стандарттарды бекітуді тиісті қызмет салаларының уәкілетті мемлекеттік органдары еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісім бойынша олар белгілеген тәртіппен жүргізеді.
4. Еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган Кәсіби стандарттар тізілімін жүргізуді өзі белгілеген нысан бойынша жүзеге асырады.
138-6-бап. Мамандардың кәсіби даярлығын бағалау және біліктілік сәйкестігін растау
1. Маман құзыретінің сәйкестігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен аккредиттелген ұйымдар жүзеге асыратын біліктілік сәйкестігін растау негізінде айқындалады.
2. Мамандардың біліктілік сәйкестігін растау және біліктілігін беру тәртібін бекітуді тиісті қызмет салаларының уәкілетті мемлекеттік органдары жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктерінің және қызметкерлер бірлестіктерінің пікірін ескере отырып жүзеге асырады.
11-тарау. КӘСІПТІК ДАЯРЛАУ, ҚАЙТА ДАЯРЛАУ ЖӘНЕ БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ
139-бап. Осы тарауда пайдаланылатын ұғымдар
Осы тарауда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) оқыту шарты - жұмыс беруші мен оқитын адамның арасындағы кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру шарттары туралы жазбаша келісім;
2) кәсіптік даярлау - белгілі бір жұмыс түрін орындауға қажетті жаңа кәсіби дағдыларды меңгеру немесе кәсіби дағдыларды өзгерту үшін адамды дамытуға бағытталған кәсіптік оқыту нысаны;
3) қайта даярлау - басқа кәсіпті немесе мамандықты игеруге мүмкіндік беретін кәсіптік оқыту нысаны;
4) біліктілікті арттыру - бұрын алған кәсіптік білімін, шеберлігі мен дағдыларын қолдауға, кеңейтуге, тереңдету мен жетілдіруге мүмкіндік беретін кәсіптік оқыту нысаны.
140-бап. Жұмыс берушінің даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру жөніндегі құқықтары мен міндеттері
1. Ұйымның жұмыс істеуі мен дамуы үшін кәсіптік даярлаудың, қайта даярлау мен біліктілікті арттырудың қажеттігін және оның көлемін жұмыс беруші айқындайды.
2. Жұмыс беруші қызметкерлерді немесе өзімен еңбек қатынастарында тұрмайтын өзге адамдарды (бұдан әрі - оқитын адамдар) кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды:
1) тікелей ұйымда;
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2) тармақша өзгертілді
2) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында;
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 3) тармақшамен толықтырылды
3) кадрларды кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын өзге де ұйымдарда жүргізеді.
3. Жұмыс беруші кәсіптік даярлаудан, қайта даярлаудан немесе біліктілігін арттырудан өтетін қызметкерлерге осы Кодексте, келісімдерде, ұжымдық шартта, еңбек шартында көзделген жұмысты оқумен қатар алып жүру үшін жағдайлар жасауға міндетті.
2013.04.07. № 130-V ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Жұмыс беруші техникалық және кәсіптік білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына кадрларды даярлауда, қайта даярлауда және олардың біліктілігін арттыруда жәрдемдеседі.
141-бап. Жұмыс берушінің жолдамасы бойынша білім беру ұйымдарында кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру
1. Жұмыс берушінің жолдамасы бойынша білім беру ұйымдарында оқитын адамдарды кәсіптік даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру оқыту шартына сәйкес жұмыс берушінің қаражаты немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қаражаттар есебінен жүзеге асырылады.
2. Келісімде, ұжымдық шартта және (немесе) еңбек шартында оқытуға байланысты жеңілдіктер мен өтемақы төлемдері көзделуі мүмкін.
142-бап. Ұйымда қызметкерлерді кәсіптік даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру
1. Ұйымда қызметкерлерді кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды жұмыс беруші жүзеге асырады.
2. Кадрларды кәсіптік даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру нысандарын жұмыс беруші айқындайды.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Ұйымда кадрларды кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға қойылатын жалпы талаптарды еңбек жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
143-бап. Қызметкерлердің кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру жөніндегі құқықтары мен міндеттері
1. Қызметкерлердің жаңа кәсіптер мен мамандықтарға оқытуды қоса алғанда, кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға және біліктілікті арттыруға құқығы бар.
2. Кәсіптік даярлаудан, қайта даярлаудан немесе біліктілікті арттырудан өтетін қызметкерлер жұмыс берушімен келісе отырып жұмыстан босатылуы не жұмысты толық емес жұмыс уақыты жағдайында орындауы мүмкін.
3. Кәсіптік даярлаудан, қайта даярлаудан немесе біліктілікті арттырудан өтетін қызметкерлер осы Кодексте, ұжымдық шартта, еңбек шартында көзделген кепілдіктерді пайдаланады.
4. Кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру аяқталғаннан кейін оқитын адам тараптар оқыту шартында келіскен мерзімде жұмыс берушіде жұмыспен өтеуге міндетті.
5. Еңбек шарты қызметкердің бастамасы бойынша немесе қызметкердің кінәсі салдарынан жұмыс берушінің бастамасы бойынша мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда қызметкер өзін оқытуға байланысты шығындарды жұмыспен өтеу мерзімінің жұмыс істелмеген мерзіміне барабар мөлшерде жұмыс берушіге өтейді.
144-бап. Оқыту шартының мазмұны
1. Оқыту шарты:
1) оқитын адам алатын нақты кәсіпке, мамандыққа, біліктілікке сілтемені;
2) жұмыс берушінің және оқитын адамның құқықтары мен міндеттерін;
3) оқыту мерзімін және оқыту аяқталғаннан кейін жұмыс берушіде жұмыспен өтеу мерзімін;
4) оқытуға байланысты кепілдіктер мен өтемақы төлемдерін;
5) тараптардың жауапкершілігін қамтуға тиіс.
2. Оқыту шартында тараптардың келісімімен айқындалған өзге де талаптар қамтылуы мүмкін.
12-тарау. ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫРУ
145-бап. Жұмысқа орналастыру кезіндегі мемлекеттік кепілдіктер
Мемлекет халықты жұмыспен қамту саласында азаматтарға:
1) кемсітушіліктің кез келген нысанынан қорғауға және кәсіп пен жұмыс алуда тең мүмкіндіктермен қамтамасыз етуге;
2009.05.05. № 159-ІV ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) жұмыссыздарды, табысы аз адамдар қатарындағы жұмыспен қамтылғандарды және жеті жасқа дейінгі балаларлы бағып-күтумен айналысатын адамдарды кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға, біліктілігін арттыруға, сондай-ақ жұмыссыздар үшін қоғамық жұмыстар ұйымдастыруға;
2009.05.05. № 159-ІV ҚР Заңымен бап 2-1) тармақшамен толықтырылды (2011 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылды)
2-1) 2011 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылды (бұр.ред.қара)
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесуге;
4) жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган және жұмыспен қамтудың жекеше агенттігі арқылы еңбек делдалдығын ұйымдастыруға;
5) кәсіптік-бағдарлау қызметтерін көрсетуге, бос орындар мен бос жұмыс орындары туралы ақпараттар беруге;
6) кәсіптік білім беру жүйесін еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға бағдарлауға;
2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен 7) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7) жұмыс күшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына сәйкес өңіраралық қайта бөлуге;
8) еңбек қатынастарын анықтау және жария ету жөніндегі шараларды әзірлеуге және іске асыруға;
9) инвестициялық келісім-шарттарда инвестордың кәсіптік даярлау, жаңа жұмыс орындарын ашу және бар жұмыс орындарын сақтап қалу жөніндегі міндеттерін белгілеуге;
10) кәсіптік даярлықты, қайта даярлықты және біліктілікті дамытуға тікелей ұйымдарда жағдай жасауға;
11) жұмыспен қамту жөніндегі уәкілетті органдардың жұмыс берушілермен өзара іс-қимылына;
12) нысаналы топтарға кіретін адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жағдайлармен қамтамасыз етуге кепілдіктер береді.
146-бап. Азаматтардың жұмысқа орналасу саласындағы құқықтары
Азаматтардың:
1) жұмыс берушілерге тікелей өтініш білдіру жолымен, сондай-ақ халықтың жұмысқа орналасуына жәрдем көрсететін жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органның немесе жұмыспен қамтудың жекеше агенттігінің еңбек делдалдығы арқылы қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға;
2) жұмысты өзі іздеуге және жұмысқа орналасуға, соның ішінде шетелден жұмыс іздеуге және жұмысқа орналасуға;
3) жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органдардан және жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктерінен консультациялар мен ақпараттар алуға;
4) қоғамдық жұмыстарға қатысуға құқығы бар.
147-бап. Жұмыс берушінің жұмысқа орналастыру кезіндегі құқықтары мен міндеттері
1. Жұмыс берушінің:
1) кадрлар іріктеуді жүзеге асыруға;
2) жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органдардан еңбек нарығының жай-күйі және кәсіптік даярлаудың мүмкіндіктері туралы дәйекті, толық және жедел ақпарат алуға құқығы бар.
2009.05.05. № 159-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Жұмыс беруші жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға:
1) жұмыс беруші-заңды тұлғаның таратылуына не жұмыс беруші-жеке тұлғаның қызметін тоқтатуына, қызметкерлер санының немесе штаттың қысқаруына байланысты алдағы уақытта қызметкерлердің жұмыстан босатылуы туралы, жұмыстан босатылатын қызметкерлердің лауазымдары мен кәсіптерін, мамандықтарын, біліктілігі мен еңбекақысының мөлшерін көрсете отырып, босатылуы мүмкін кызметкерлердің саны мен санаттары туралы және олардың босатылатын мерзімдері туралы жұмыстан босату басталардан кемінде екі ай бұрын;
2) өндірісті ұйымдастырудағы, оның ішінде қайта ұйымдастыру кезіндегі өзгеріске және (немесе) жұмыс берушідегі жұмыс көлемінің қысқаруына байланысты қызметкерлердің толық емес жұмыс уақыты режиміне көшуі бөлігінде алдағы уақытта болатын еңбек жағдайларының өзгеруі туралы кемінде бір ай бұрын;
3) бос жұмыс орындары (бос лауазымдар) туралы олардың пайда болған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде;
4) азаматтарды жұмысқа қабылдау туралы немесе жұмысқа қабылдаудан бас тарту туралы (жолдамада тиісті белгі қою арқылы себебін түсіндіре отырып) оларды уәкілетті орган жіберген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде ақпарат беруге міндетті.
2011.22.07. № 478-ІV ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды; 2013.13.06. № 102-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Жұмыс беруші жергілікті тұрғындар болып табылмайтын адамдарды жұмысқа қабылдау және (немесе) ол адамдармен еңбек қатынастарын тоқтату туралы ақпаратты ішкі істер органына бір ай ішінде береді. Ақпаратты беру тәртібі мен нысанын Ішкі істер министрлігі айқындайды.
148-бап. Еңбек делдалдығы
Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган немесе жұмыспен қамтудың жекеше агенттігі:
1) азаматтарды - жұмысқа тұру мүмкіндігі туралы, ал жұмыс берушілерді жұмыс күшімен қамтылу мүмкіндігі туралы хабардар ету;
2) азаматтардың жұмыс таңдауына жәрдем көрсету;
3) азаматтарға бос жұмыс орнына жұмысқа орналасу үшін жұмыс берушіге жолдама беру;
4) еңбек нарығы жөніндегі деректер базасын қалыптастыру;
5) өтініш білдірген азаматтарды есепке алу мен тіркеу;
6) кәсіптік бағдар жасауда қызметтер көрсету;
7) жұмыс берушілермен шарттар негізінде жұмысқа орналасу мәселелері жөнінде өзара іс-қимыл жасасу арқылы еңбек делдалдығын жүзеге асырады.
13-тарау. КЕПІЛДІКТЕР МЕН ӨТЕМАҚЫ ТӨЛЕМДЕРІ
149-бап. Қызметкерлер мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді орындаған кезде берілетін кепілдіктер
1. Жұмыс беруші Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда қызметкерлер мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді орындауға тартылған уақытта оларды жұмыс орнын (лауазымын) сақтай отырып, еңбек міндеттерін орындаудан босатады.
2. Қызметкерлерге мемлекеттік және қоғамдық міндеттерді орындағаны үшін аталған міндеттерді орындайтын жері бойынша, бірақ негізгі жұмыс орнындағы орташа жалақысынан төмен емес жалақы төленеді.
2014.27.06. № 212-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Әскерге шақыру және мерзімді әскери қызмет уақытында қызметкердің жұмыс орны (лауазымы) сақталады.
150-бап. Медициналық тексеруге жіберілетін қызметкерлер үшін кепілдіктер
Осы Кодекске не ұжымдық шартқа сәйкес кезеңдік медициналық тексерулерден өтуге міндетті қызметкерлердің олардан өткен уақытта жұмыс берушінің қаражаты есебінен жұмыс орны (лауазымы) мен орташа жалақысы сақталады.
2009.16.07. № 186-ІV ҚР Заңымен 151-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 151-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
151-бап. Донор болып табылатын қызметкерлер үшін кепілдіктер
Донор болып табылатын қызметкердің тексерілу және қан мен оның компоненттерін донациялау уақытында жұмыс орны (лауазымы) мен орташа жалақысы сақталады, сондай-ақ оларға Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес өзге де кепілдіктер беріледі.
152-бап. Іссапарларға жіберілетін қызметкерлер үшін кепілдіктер мен өтемақы төлемдері
1. Іссапар уақытында қызметкердің жұмыс орны (лауазымы) мен жалақысы сақталады.
2. Іссапарларға жіберілетін қызметкерлерге:
1) қызметтік іссапарда, оның ішінде жолда болған күнтізбелік күндері үшін тәуліктік төлемдер;
2) баратын жеріне дейінгі және кері қайтудағы жол жүру шығыстары;
3) тұрғын үй жалдау шығыстары төленеді.
3. Қызметкерлерді іссапарларға жіберудің талаптары мен мерзімдері еңбек шартымен, ұжымдық шартпен немесе жұмыс берушінің актісімен айқындалады.
4. Қызметкерлерді іссапарларға жіберу осы Кодекстің 183, 187, 226-баптарында көзделген шектеулер ескеріле отырып жүзеге асырылады.
153-бап. Қызметкерді жұмыс берушімен бірге басқа жерге ауыстыру кезіндегі кепілдіктер мен өтемақы төлемдері
1. Қызметкер жұмыс берушімен бірге басқа жерге ауыстырылған кезде жұмыс беруші қызметкерге:
1) қызметкер мен оның отбасы мүшелерінің көшіп-қону;
2) қызметкер мен оның отбасы мүшелерінің мүлкін жеткізу жөніндегі шығыстарын өтеуге міндетті.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген өтемақы төлемдерінің тәртібі мен мөлшері еңбек шартында, ұжымдық шартта немесе жұмыс берушінің актісінде айқындалады.
154-бап. Экологиялық зілзала және радиациялық қатер аймақтарында еңбек қызметін жүзеге асыратын қызметкерлерге берілетін кепілдіктер
Экологиялық зілзала және радиациялық қатер аймақтарында еңбек қызметін жүзеге асыратын қызметкерлерге берілетін кепілдіктер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
155-бап. Қызметкердің жеке мүлкін жұмыс берушінің мүддесіне пайдалануға байланысты өтемақы төлемдері
Қызметкер жеке мүлкін жұмыс берушінің мүддесіне және оның келісімімен пайдаланған кезде жұмыс беруші құрал-саймандарды, жеке көлікті, басқа да техникалық құралдарды пайдаланғаны, тоздырғаны (амортизациясы) үшін және оларды пайдалану шығыстарына тараптардың келісімі бойынша өтемақы төлемдерін жүргізеді.
156-бап. Жұмысы жолда өтетін немесе жүріп-тұру сипаты бар не қызмет ету учаскелері шегіндегі қызметтік сапарлармен байланысты болатын жағдайларда қызметкерлерге өтемақы төлемдері
1. Қызметкерлердің жұмысы жолда өтетін немесе жүріп-тұру сипаты бар не қызмет көрсету учаскелері шегіндегі қызметтік сапарлармен байланысты болатын жағдайларда, оларға тұрақты тұратын жерінен тысқары жерде болған әр күн үшін келісімде, ұжымдық шартта, еңбек шартында және (немесе) жұмыс берушінің актісінде белгіленген тәртіппен өтемақы төлемдері жүргізіледі.
2008.10.12. № 101-ІV ҚР Заңымен 156-бап 1-1-тармақпен толықтырылды (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді); 2012.13.02. № 553-IV ҚР Заңымен 1-1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1-1. Тұрақты жұмысы жолда өтетін немесе жүріп-тұру сипатында болатын не қызмет көрсететін учаскелері шегінде қызметтік жол жүрулермен байланысты қызметкерлерге темір жол, өзен, теңіз, автомобиль көлігі, азаматтық авиация, автомобиль жолдары, магистральдық байланыс желілері мен олардағы құрылыстар, радиорелелік желілер және олардағы құрылыстар, электр берілісінің әуе желілері және олардағы құрылыстар, байланыс объектілері қызметкерлер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы учаскелеріне қызмет көрсететін қызметкерлер жатады.
2. Қызметкерлер айдың барлық жұмыс күндерінде емес, белгілі бір күндерінде сапарда болған жағдайда, төлем жұмыс (жұмыс өндірісі) орнына баруға және кері қайтуға жол жүрген нақты күндер санына барабар жүргізіледі.
3. Өтемақы төлемдері еңбек пен тынығуды ұйымдастыру режиміне қарамастан жүзеге асырылады.
4. Ұйым қызметкерлерінің орташа жалақысын есептеу кезінде өтемақы төлемдері ескерілмейді.
157-бап. Жұмысынан айрылуына байланысты берілетін өтемақы төлемдері
1. Жұмыс беруші мынадай жағдайларда:
1) жұмыс беруші - заңды тұлға таратылған не жұмыс беруші - жеке тұлға қызметін тоқтатқан жағдайда жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылғанда;
2) қызметкерлердің саны немесе штаты қысқарған жағдайда жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылғанда қызметкерге жұмысынан айрылуына байланысты айына айлық орташа жалақысы мөлшерінде өтемақы төлемін жүргізеді.
2. Еңбек шартын жасасу кезінде жұмыс беруші еңбек жағдайлары туралы дәйексіз ақпарат берген не жұмыс беруші Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын, еңбек шартының, ұжымдық шарттың талаптарын бұзған жағдайда қызметкердің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған кезде жұмыс беруші қызметкерге жұмысынан айрылуына байланысты үш айға орташа жалақысы мөлшерінде өтемақы төлемін жүргізеді.
3. Еңбек шартында, ұжымдық шартта жұмысынан айрылуына байланысты өтемақы төлемінің неғұрлым жоғары мөлшері көзделуі мүмкін.
158-бап. Далалық жабдықталым ақшасын төлеудің тәртібі мен шарттары
1. Геологиялық барлау, топографиялық-геодезиялық, іздестіру ұйымдарының қызметкерлеріне:
1) тұрақты тұратын жеріне күн сайын қайтып келмейтін тұрақты тұратын жерінен тысқары жерде;
2) сол сияқты тұрақты тұратын жері болып табылмайтын, далалық ұйым орналасқан жерге күнде қайтып келгенімен тұрақты тұратын жерінен тысқары жерде;
3) еңбекті вахталық әдіспен ұйымдастыру жолымен тұрақты тұратын жерінен тысқары жерде далалық жағдайда жұмыстар орындаған кезде далалық жабдықталым ақшасы төленеді.
2. Далалық жабдықталым ақшасын төлеу дала жұмыстарында болған барлық күнтізбелік күндер үшін жүргізіледі.
3. Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысында болған уақыт үшін қызметкерлерге далалық жабдықталым ақшасы төленбейді.
4. Қызметкер далалық ұйымнан іссапарға шыққан кезде оған далалық жабдықталым ақшасын төлеу тоқтатылады, ал іссапарға байланысты шығыстар осы Кодекске сәйкес өтеледі.
5. Ұйым қызметкерлерінің орташа жалақысын есептеу кезінде далалық жабдықталым ақшасының мөлшері есепке алынбайды.
6. Далалық жабдықталым ақшасын төлеудің тәртібі, шарттары мен мөлшері, далалық жағдайдағы жұмыс уақытын есепке алу тәртібі келісімдерде, еңбек шартында, ұжымдық шартта белгіленеді және жұмыс берушінің актісімен бекітіледі.
7. Далалық жағдайлардағы жұмыс кезінде қызметкерге демалыс күндері үшін далалық жабдықталым ақшасын төлеу оны ол қай жерде (далалық жұмыстар жүргізілетін объектіде, учаскеде, ұйымның далалық базасында, жұмыстар жүргізілетін жерден тысқары) өткізуіне байланысты жүргізіледі. Мұндай тәртіп еңбекті ұйымдастырудың, еңбек пен тынығу режимінің қабылданған нысандарына қарамастан қолданылуы мүмкін.
ҚР 2007.19.12. № 9-ІV Заңымен 159-бап өзгертілді (2008 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
159-бап. Қызметкерлерге жұмыс берушінің қаражаты есебінен әлеуметтік жәрдемақы төлеу