Жер учаскесiн бөлген кезде үйдi (құрылысты, ғимаратты) сатып алушыға жер учаскесiнiң бөлiнетiн бөлiгi, яғни үй (құрылыс, ғимарат) орналасқан және оны пайдалану үшiн қажеттi бөлiгi бөлiп берiледi. Тараптардың келісімi бойынша үйдi (құрылысты, ғимаратты) сатып алушыға жер учаскесiнiң үйдi (құрылысты, ғимаратты) пайдалану және күтiп-ұстау үшiн қажет болатын бөлiгiнен үлкен бөлiгi берiлуi мүмкiн.
Егер аталған учаске бөлiнбейтiн болса не онда орналасқан, иелiктен шығару нысанасы болып табылатын үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) күтiп-ұстауға әдейi арналған болса, ол жылжымайтын мүлiктi сатып алушыға толығымен ауысады.
3. Үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан, сондай-ақ оларды пайдалануға арналған жер учаскесiне меншiк құқығын не тұрақты немесе уақытша жер пайдалану құқығын иелiктен шығаруға - аталған жылжымайтын мүлiктi тиiстi иелiктен шығармайынша, сол сияқты аталған жылжымайтын мүлiк орналасқан жер учаскесiн тиiстi иелiктен шығармай, жылжымайтын мүлiктi иелiктен шығаруға жол берiлмейдi.
4. Жер пайдаланушының өзiне тиесiлi үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) уақытша пайдалануға беруi аталған үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан және оларды күтiп-ұстауға арналған жер учаскесiнiң нақ сондай мерзiмге уақытша жер пайдалануға берiлуiне ұласады.
Үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан және оларды күтiп-ұстауға арналған жер учаскесiн басқа тұлғаға уақытша жер пайдалануға беруге аталған жылжымайтын мүлiк тиiсiнше уақытша пайдалануға бермейiнше жол берiлмейдi.
5. Жер пайдаланушының өзiне тиесiлi жер пайдалану құқығын басқа тұлғаларға иелiктен айырып беруге құқылы болмаған жағдайда, егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, оның сол учаскеде орналасқан үйлердi (құрылысты, ғимаратты) иелiктен айыруға құқығы жоқ.
6. Уақытша жер пайдаланушы жер учаскесi меншiк иесiнiң рұқсатымен және тиiстi қызметтердiң келісімдерi болған жағдайда жер учаскесiне тұрғызылған үйлерге (құрылыстарға, ғимараттарға) осы Кодекстiң 64-бабы 1-тармағының 5) тармақшасында белгiленген тәртiппен меншiк құқығын алған реттерде шарт мерзiмi аяқталғаннан кейiн жер учаскесi қайтарылуға тиiс. Бөтен жер учаскесiне тұрғызылған үйлердiң (құрылыстардың, ғимараттардың) меншiк иесi құқығын iске асырудың өзге де тәртібі тараптардың келісімiмен белгiленуi мүмкiн.
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 7-тармақмамен толықтырылды; 2012.22.06. № 21-V ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2020.02.07. № 355-VI ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
7. Осы баптың 1-тармағының ережелерi «Байқоңыр» кешенiнiң мемлекеттiк жер пайдаланушыларға бекiтiп берiлген ғимараттарына (құрылыстарына, құрылысжайларына), магистральдық құбыржолдардың желілік бөліктеріне меншік құқығына, ұялы немесе спутниктік байланыс жабдығына арналған антенна-діңгекті құрылысжайларға және (немесе) тіреуіштерге, сондай-ақ осы Кодексте көзделген жағдайларда жер учаскесі меншік иесінің келісімімен басқа тұлғаға меншік құқығында тиесілі жер учаскелерінде инвесторлар есебінен салынған өндірістік ғимараттарға (құрылыстарға, құрылысжайларға) меншік құқығына қолданылмайды.
53-бап. Жер учаскесiне ортақ меншiк немесе ортақ жер пайдалану
1. Екi немесе бiрнеше тұлғаның меншiгіндегі жер учаскесi оларға ортақ меншiк құқығымен тиесiлi болады.
2. Жер учаскесiне ортақ меншiк Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген реттерде учаске бөлiнбейтiн жағдайда (осы Кодекстiң 51-бабы), сондай-ақ меншiк иелерi өздерiне тиесiлi жер учаскелерiн бiр учаскеге ерiктi түрде бiрiктiрген кезде туындайды.
3. Жер учаскесi әрбiр меншiк иесiнiң үлесi анықталған (үлестiк меншiк) немесе үлестерi анықталмаған (бiрлескен меншiк) ортақ меншiкте болуы мүмкiн.
4. Ортақ жер пайдалану құқығы осы баптың 1, 2, 3-тармақтарында көзделген негiздерде туындайды.
5. Егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзгеше белгiленбесе, жер учаскесiне ортақ үлестiк меншiктегi немесе ортақ үлестiк жер пайдаланудағы жер үлестерi жерге қатысты құқықтар мен мiндеттердiң дербес объектiсi болып табылады.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
6. Ортақ меншiктегi (ортақ жер пайдаланудағы) жер учаскесiн пайдалану тәртібі ортақ меншiкке (ортақ жер пайдалануға) қатысушылар арасындағы шартпен белгiленедi. Олардың арасында келісімге қол жеткiзiлмеген жағдайда пайдалану тәртібін сот айқындайды. Жер учаскесiн пайдалану тәртібі туралы қатысушылардың келісімi немесе соттың шешiмi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркелуге жатады.
54-бап. Ортақ меншiктегi немесе ортақ жер пайдаланудағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесiн пайдалану тәртібі
1. Ортақ меншiктегi (ортақ жер пайдаланудағы) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесiн пайдалану тәртібін үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың жалпы жиналысы қабылдайды. Yлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың алдағы жиналысы туралы хабарлама оның өткiзiлетiн күнiнен бiр айдан кешiктiрiлмей жазбаша түрде қолхат алу арқылы жүргiзiледi.
2. Тиiсiнше хабарланған жағдайда үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың немесе олардың өкiлдерiнiң кемiнде 50%-i қатысқан кезде жиналыстың құқықтық күшi бар деп саналады. Шешiм үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың жиналысына қатысып отырғандардың жай көпшiлiк даусымен қабылданып, хаттамамен ресiмделедi. Хаттамаға үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың немесе олардың өкiлдерiнiң қатысып отырғандарының барлығы қол қояды.
55-бап. Ортақ үлестiк меншiктегi ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер үлестерiмен жасалатын мәмiлелер
1. Ортақ үлестiк меншiк құқығындағы үлестi иелiктен шығаруға бағытталған мәмiлелер жасасу кезiнде жер учаскесiн жер үлестерi есебiне бөлiп шығару талап етiлмейдi.
2. Жер үлесiн сатушы өз үлесiн бөгде тұлғаға сатқысы келетiнi туралы ниетiн үлестiк меншiктiң қалған қатысушыларын, оның сатылу бағасын және басқа да жағдайларын көрсете отырып, жазбаша түрде хабардар етуге мiндеттi.
Егер үлестiк меншiктiң қалған қатысушылары жазбаша хабарламадан кейiнгi бiр ай iшiнде сатылатын үлестi сатып алудан бас тартса немесе сатып алмаса, сатушы өз үлесiн кез келген тұлғаға сатуға құқылы.
56-бап. Ортақ үлестiк меншiктегi немесе ортақ үлестiк жер пайдаланудағы жер үлесiн айқындау тәртібі
1. Егер учаскеге ортақ үлестiк меншiкке (ортақ үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың жер үлестерiнiң мөлшерiн Қазақстан Республикасының заңдары негiзiнде айқындау мүмкiн болмаса және оның барлық қатысушыларының келісімiмен белгiленбесе, жер үлестерi тең болып есептеледi.
2. Ортақ үлестiк меншiкке (ортақ үлестiк жер пайдалануға) барлық қатысушылардың келісімiмен олардың әрқайсысының ортақ жер учаскесiн сатып алуға және игеруге қосқан салымына қарай олардың жер үлестерiн айқындау мен өзгерту тәртібі белгiленуi мүмкiн.
57-бап. Ортақ үлестiк меншiктегi (ортақ үлестiк жер пайдаланудағы) жер учаскесiн бөлісу және одан үлестi бөлiп шығару
1. Ортақ үлестiк меншiкке (ортақ үлестiк жер пайдалануға) қатысушылар ортақ жер учаскесiн бөлудiң әдiсi мен талаптары жөнiнде келісімге келе алмаған жағдайда, әрбiр қатысушы ортақ жер учаскесiнен өзiнiң жер үлесiн нақтылы (белгiлi бiр жерде) бөлiп шығаруды талап етуге құқылы, бұған осы Кодекстiң 62-бабының 2-тармағында көзделген жағдайлар және Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген басқа да жағдайлар қосылмайды.
2. Егер жер үлесiн нақтылы бөлiп шығаруға Қазақстан Республикасының заң актілерінде жол берiлмесе немесе жер учаскесiне және онымен тығыз байланысты нәрсенiң бәрiне өлшеусiз залал келтiрмей жасауы мүмкiн болмаса, бөлiнiп шығатын меншiк иесiнiң (жер пайдаланушының) ортақ үлестiк меншiктiң (ортақ жер пайдаланудың) басқа қатысушыларына өзiнiң жер үлесiнiң құнын төлетуге, не оны осы Кодекстiң 55-бабының 2-тармағында белгiленген ережелерге сәйкес басқa тұлғаға сатуға құқығы бар, бұған жер үлесi кондоминиум объектiсiнiң құрамында болатын жағдай қосылмайды.
58-бап. Ортақ бiрлескен меншiктегi (ортақ бiрлескен жер пайдаланудағы) жер учаскесiн бөлiсу
1. Ортақ бiрлескен меншiктегi (ортақ бiрлескен жер пайдаланудағы) жер учаскесiн бөлу әрбiр қатысушының жер үлесi алдын ала анықталған жағдайда жүзеге асырылуы мүмкiн.
2. Егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде немесе қатысушылардың келісімiнде өзгеше көзделмесе, ортақ бiрлескен меншiктегi (ортақ бiрлесiп жер пайдаланудағы) жер учаскесiн бөлу кезiнде қатысушылардың әрқайсысының үлесi тең болып есептеледi.
3. Ортақ бiрлескен меншiктегi (ортақ бiрлескен жер пайдаланудағы) жер учаскесiн бөлудiң шарттары мен тәртібі, қатысушылар арасындағы қатынастардың мәнiнен өзгеше туындамайтындықтан, осы Кодекстiң 56 және 57-баптарына сәйкес айқындалады.
59-бап. Бөлiнбейтiн деп танылған жер учаскесiн бөлуге жол берiлмейтiндiгi
1. Егер жер учаскесi осы Кодекстiң 51-бабына сәйкес бөлiнбейтiн болып танылса, оны бөлуге және одан жер үлесiн нақтылы бөлiп шығаруға жол берiлмейдi.
2. Бұл жағдайда үлестiк немесе бiрлескен меншiктiң (жер пайдаланудың) бөлiнiп шығатын қатысушысының жер учаскесiне ортақ меншiктiң (ортақ жер пайдаланудың) басқа қатысушыларына өзiнiң жер үлесiнiң құнын төлеткiзуге не оны осы Кодекстiң 55-бабының 2-тармағында белгiленген ережелерге сәйкес басқа тұлғаға сатуға құқығы бар, бұған кондоминиум объектiлерi қосылмайды.
60-бап. Жер учаскесiне ерлi-зайыптылардың ортақ меншiгi
1. Ерлi-зайыптыларға тиесiлi жер учаскелерiне меншiк құқығының немесе жер пайдалану құқығының құқықтық режимi ерлi-зайыптылар арасындағы мүлiктiк қатынастарды реттейтiн Қазақстан Республикасының азаматтық және неке-отбасы заңдарында көзделген нормаларға сәйкес айқындалады.
2. Ерлi-зайыптыларға олар некеге тұрғанға дейiн тиесiлi болған, сондай-ақ олардың мұрагерлiк тәртібімен сыйға алған жер учаскелерi мен жер үлестерi олардың әрқайсысының меншiгiнде (жер пайдалануында) болады.
Егер ерлi-зайыптылардың некеде тұрған кезiнде олардың ортақ мүлкi есебiнен осы жер учаскелерiнiң құнын едәуiр арттыратын салымдар жүргiзiлгенi анықталса, ерлi-зайыптылар арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, ерлi-зайыптылардың әрқайсысының жер учаскелерi олардың бiрлескен меншiгi (бiрлесiп жер пайдалануы) болып танылуы мүмкiн.
3. Жер учаскесiн бөлу кезiнде ерлi-зайыптылардың бiрлескен меншiктегi (бiрлесiп жер пайдалануындағы) үлестерiн айқындау тәртібі осы Кодекстiң 58-бабында белгiленедi.
61-бап. Ортақ жер учаскесіндегі жылжымайтын мүлiкке меншiк құқығы
1. Ортақ жер учаскесіндегі жылжымайтын мүлiктiң меншiк иесiнiң осы жылжымайтын мүлiктi өз қалауы бойынша иеленуге, пайдалануға және оған билiк етуге, соның iшiнде ортақ жер учаскесiн пайдаланудың Қазақстан Республикасының заң актiсiнде немесе шартта белгiленген талаптарына қайшы келмесе, тиiстi үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) бұзуға құқығы бар.
2. Ортақ жер учаскесіндегі жылжымайтын мүлiкке меншiк құқығы басқа тұлғаға ауысқан кезде, егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, ол тұлға жер учаскесiне құқықты жылжымайтын мүлiктiң бұрынғы меншiк иесiнде болған көлемiнде алады.
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 62-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
62-бап. Көппәтерлі тұрғын үйдiң жер учаскесіне және кондоминиумның басқа да объектiлерiндегi жер учаскелерiне құқық
1. Астананың, республикалық, облыстық маңызы бар қаланың және ауданның жергілікті атқарушы органы көппәтерлі тұрғын үйдегі кондоминиумды тіркеген кезде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкі құрамына кондоминиум объектісін орналастыру, пайдалану және күтіп-ұстау үшін қажетті жер учаскесін мінсіз үлес ретінде өтеусіз негізде енгізуді қамтамасыз етеді.
Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, көппәтерлі тұрғын үйдің кондоминиум объектісінің ортақ мүлкі құрамына кіретін жер учаскесі бөлінбейтін болып табылады.
2. Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіндегі меншік иесіне тиесілі әрбір пәтерге, тұрғын емес үй-жайға тиісті үлес оған тиесілі пәтерге, тұрғын емес үй-жайға меншік құқығынан ажыратылмайды. Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіндегі үлестің мөлшері дара (бөлек) меншіктегі пәтердің пайдалы алаңының немесе тұрғын емес үй-жай алаңының осы кондоминиум объектісіндегі барлық пәтердің пайдалы алаңдарының және барлық тұрғын емес үй-жай алаңдарының жиынтығына арақатынасымен айқындалады. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, мұндай үлесті нақтылы түрде бөліп шығаруға болмайды (мінсіз үлес).
Көппәтерлі тұрғын үйдің пәтерлері, тұрғын емес үй-жайлары меншік иелері жиналысының шешімімен кондоминиум объектісі ортақ мүлкінің бір бөлігі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен мүліктік жалдау (жалға беру) шарты бойынша шектеулі пайдалануға берілуі мүмкін.
Егер осы Кодексте немесе Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзгеше белгіленбесе, көппәтерлі тұрғын үй пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайларының барлық меншік иесінің құрылыс, санитариялық, экологиялық, өртке қарсы және басқа да міндетті нормалар мен қағидаларды сақтаған жағдайда, көппәтерлі тұрғын үйдің жер учаскесін қоса алғанда, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін пайдалануға тең құқығы бар.
3. Көппәтерлі тұрғын үй жанындағы жер учаскесі тұрғын емес үй-жайдың меншік иесіне, осы жер учаскесі көппәтерлі тұрғын үйдің контурынан тыс орналасатын және оны пайдалану кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкі құрамына кiретiн жер учаскесін пайдалану шарттарына, сондай-ақ құрылыс, санитариялық, экологиялық, өртке қарсы және басқа да міндетті нормалар мен қағидаларға қайшы келмейтін жағдайда, бөлек меншiгiне берiлуi мүмкін. Егер тұрғын емес үй-жайды пайдалану үшін тек тұрғын емес үй-жайды пайдаланумен байланысты жер учаскесінің бір бөлігі пайдаланылса (жеке кіру жеріне өту қамтамасыз етілетін жер учаскесі), онда осы жер учаскесін күтіп-ұстауға арналған шығыстарды осындай үй-жайлардың меншік иелері көтереді.
4. Пәтерге, тұрғын емес үй-жайға меншік құқығының басқа тұлғаға ауысуы кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіндегі тиiстi үлестің ауысуына алып келеді.
5. Кондоминиум объектісін басқару және ғимарат (құрылысжай) пен жер учаскесін тиісінше күтіп-ұстау үшін кондоминиумға қатысушылар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кондоминиум объектісін басқару нысанын таңдайды.
6. Кондоминиумға қатысушылардың ортақ меншiгiндегi жер учаскесiн үшінші тұлғаларға иеліктен шығаруға жол берілмейді. Кондоминиумға қатысушылардың ортақ меншiгiндегi жер учаскесiне жер салығын төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен және шарттарда жүзеге асырылады.
7. Гараж, саяжай және басқа да тұтыну кооперативтерiнде қатысушылардың ортақ меншiгіндегi жер учаскелерiне құқықтарына кондоминиум туралы нормалар қолданылады.
63-бап. Жеке меншiктегi жер учаскесiнен және жер пайдалану құқығынан өндіріп алу
1. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, жеке меншiктегi жер учаскесi, сондай-ақ тұрақты және ұзақ мерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығы жеке және заңды тұлғалар мүлкiнiң құрамына кiредi, банкрот деп танылған жағдайларды қоса алғанда, олар өз мiндеттемелерi бойынша осы мүлiкпен жауап бередi.
Осы Кодекстiң 26-бабының 2-тармағында санамаланған жерден, сондай-ақ мемлекеттік жер пайдаланушыларға тиесiлi жерден өндiрiп алуды қолдануға болмайды, бұған осы Кодекстiң 39-бабының 3-тармағында көзделген жағдайлар қосылмайды.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Жер учаскесi мен тұрақты және ұзақ мерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығынан өндiрiп алу Қазақстан Республикасының азаматтық және азаматтық iс жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi және ол Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркелуге жатады.
6-тарау. Жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерін пайдалану кезіндегі
құқықтары мен міндеттері
64-бап. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерiн пайдалануға құқықтары
1. Егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде өзгеше белгiленбесе, жер учаскелерi меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың:
1) жер учаскесiн оның нысанасынан туындайтын мақсатта пайдалана отырып, жерде дербес шаруашылық жүргiзу;
2) ауыл шаруашылығы және өзге де дақылдар мен екпелер себу мен отырғызуға, өндiрiлген ауыл шаруашылығы өнiмi мен жер учаскесiн пайдалану нәтижесiнде алынған өзге де өнiмге және оны өткiзуден түскен табысқа меншiк, шаруашылық жүргiзу, оралымды басқару;
2017.27.12. № 126-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (2018 ж. 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
3) өз шаруашылығының мұқтажы үшiн жер учаскесiнде немесе өзіне тиесілі жер учаскелеріндегі жер қойнауында бар кең таралған пайдалы қазбаларды, екпелердi, жерүстi және жерасты суларын кейiннен мәмiлелер жасау ниетiнсіз, белгiленген тәртiппен пайдалану, сондай-ақ жердiң өзге де пайдалы қасиеттерiн пайдалану;
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 4) тармақша өзгертілді
4) жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иеліктен шығарылған жағдайда келтiрiлген шығынды толық көлемiнде өтетiп алу;
5) жердi аймақтарға бөлудi ескере отырып, меншiк, шаруашылық жүргiзу, оралымды басқару құқығымен жер учаскесiнiң нысаналы мақсатына сәйкестiкте тұрғын үйлер, өндiрiстiк, тұрмыстық және өзге де үйлер (құрылыстар, ғимараттар) салу;
2011.20.07. № 464-ІV ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
6) белгiленген құрылыс, экологиялық, санитарлық-гигиеналық және өзге де арнаулы талаптарға сәйкес суландыру, құрғату және өзге де мелиорациялық жұмыстар жүргiзу, тоғандар мен өзге де су айдындарын жасау;
2011.20.07. № 464-ІV ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды; 2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
7) меншік құқығын, уақытша ұзақ мерзімге өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын шаруашылық серiктестiгiнiң жарғылық капиталына салым ретiнде, акционерлік қоғам акцияларының төлемiне немесе өндiрiстiк кооперативке жарна ретiнде беру;
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 8) тармақшамен толықтырылды
8) өзіне меншік құқығымен тиесілі жер учаскесін салу құқығын осы Кодекстің 52-бабының 7-тармағына сәйкес инвесторға талаптары тараптардың келісуі бойынша белгіленетін азаматтық-құқықтық мәмілелер негізінде беру құқығы бар.
2. Уақытша жер пайдаланушылар үшiн осы баптың 1-тармағының 2), 3), 5) және 6) тармақшаларында көзделген өкiлеттiктер жер учаскесiн беру актiсiмен немесе жалдау шартымен (уақытша өтеусіз жер пайдалану туралы шартпен) шектелуi мүмкiн.
65-бап. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерiн пайдалану жөніндегі мiндеттерi
1. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар:
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1) жердi оның нысаналы мақсатына немесе елді мекендердегі жерлерде функционалдық аймаққа сәйкес, уақытша жер пайдалану кезiнде - оның ішінде, жалдау шартына (уақытша өтеусiз жер пайдалану шартына) сәйкес пайдалануға;
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) санитариялық және экологиялық талаптарға сәйкес келетін өндіріс технологияларын қолдануға, өздерi жүзеге асыратын қызмет салдарынан адам денсаулығына зиян келтіруге, санитариялық-эпидемиологиялық және радиациялық жағдайдың нашарлауына, экологиялық залал келтіруге жол бермеуге;
3) осы Кодекстiң 140-бабында көзделген жердi қорғау жөніндегі iс-шараларды жүзеге асыруға;
4) жер салығын, жер учаскелерiн пайдалану төлемақысын және Қазақстан Республикасының заңдары мен шартта көзделген басқа да төлемдердi уақтылы төлеуге;
2007.21.07. № 307-III ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара); 2019.26.12. № 289-VІ ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жануарлар дүниесiн, орман, су және басқа да табиғи ресурстарды пайдалану тәртiбiн сақтауға, мемлекет қорғауындағы тарихи-мәдени мұра объектілерінің және жер учаскесiнде орналасқан басқа да объектiлердiң сақталуын қамтамасыз етуге;
6) жер учаскесiнде шаруашылық және өзге де қызметтi жүзеге асыру кезiнде құрылыс, экологиялық, санитарлық-гигиеналық және өзге де арнаулы талаптарды (нормаларды, ережелердi, нормативтердi) сақтауға;
7) мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының жер заңдарында белгiленген жердiң жай-күйi мен пайдаланылуы туралы мәлiметтердi уақтылы табыс етiп отыруға;
8) басқа меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың құқықтарын бұзбауға;
9) топырақтың ластануына, қоқыстануына, тозуына және оның құнарлылығының нашарлауына, сондай-ақ топырақтың құнарлы қабатын сыдырып алу құнарлы қабаттың бiржола жоғалуын болғызбау үшiн қажет болған жағдайларды қоспағанда, басқа тұлғаларға сату немесе беру мақсатымен оны сыдырып алуға жол бермеуге;
2007.09.01. № 213-III ҚР Заңымен 10) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
10) осы Кодексте көзделген тәртiппен сервитуттар берудi қамтамасыз етуге;
2007.09.01. № 213-III ҚР Заңымен 11) тармақшамен толықтырылды; 2014.17.01. № 165-V ҚР Заңымен 11) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
11) өздерінің меншігі болып табылмайтын анықталған өндіріс пен тұтыну қалдықтары туралы жергілікті атқарушы органдарға хабарлауға;
2014.17.01. № 165-V ҚР Заңымен 12) тармақшамен толықтырылды; 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 12) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
12) орталық уәкілетті орган агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен бірлесіп белгілеген тәртіппен жүзеге асырылатын, топыраққа агрохимиялық зерттеп-қарауды жүргізу үшін жер учаскелеріне қол жеткізуді қамтамасыз етуге міндетті.
2. Уақытша жер пайдаланушылардың уақытша жер пайдалану туралы шарттарда көзделген басқа да мiндеттерi болуы мүмкiн.
3. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен учаскенiң жер пайдаланушыларына, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, жер учаскесiне ауыртпалықтар салатын барлық мiндеттер (оны мақсаты бойынша пайдалану, сервитуттар беру, салықтар мен өзге де мiндеттi төлемдер төлеу және басқалар) жүктеледi.
4. Жер учаскесiн пайдаланудың нысаналы мақсаты мен режимiн, сервитуттар мен нормативтiк құқықтық актiлер негiзiнде белгiленген басқа да пайдалану талаптарын жер учаскесi меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының өз бетiнше өзгертуiне болмайды.
66-бап. Осы Кодекске орай жер учаскесiне құқықтар тиесiлi болмайтын жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың құқықтары мен мiндеттерi
2011.20.07. № 464-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген негiздер бойынша тұлға жер учаскесiне осы Кодексте белгiленген нормаларға сәйкес оған (тұлғаға) тиесiлi болмайтын құқықты алатын жағдайларда, аталған құқық Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген ережелер бойынша үш ай iшiнде иелiктен шығарылуға тиiс немесе аталған мерзiмде осы Кодекске сәйкес жерге сондай субъектiге тиесiлi болатын құқық етiп қайта ресiмделуге тиiс.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген талап орындалмаған жағдайда облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы жер учаскесін орналасқаны жер бойынша қайтару туралы талап-арыз береді.
2. Үйлердiң (құрылыстардың, ғимараттардың) иелiктен шығарылуына байланысты меншiктегi немесе жер пайдаланудағы жер учаскесi иелiктен алынған кезде, алушылар жер учаскесiне иелiктен алынатын құқық тиесiлi болмайтын тұлғаға осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілеріне сәйкес бұл құқықты сол тұлғаға тиесiлi болатын құқық етiп қайта ресiмдеуге тиiс.
7-тарау. Сервитуттар
67-бап. Сервитут туындауының негiздерi
1. Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде көзделген жағдайларда меншiк иесi немесе жер пайдаланушы өзiне меншiк немесе жер пайдалану құқығымен тиесiлi жер учаскесiн мүдделi жеке және заңды тұлғаларға шектеулi нысаналы пайдалану құқығымен беруге мiндеттi.