Аумақтарды пайдалануға қойылатын шектеулердi ескере отырып, аумақтарды функционалдық аймақтарға бөлу және оларды пайдаланудың интенсивтілігi анықталады.
2014.17.04. № 195-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Кешендi схемаларда осы өңірдегі елдi мекендердiң, қала маңы аймақтарының шекараларын белгiлеу, резервтiк аумақтарды қоса алғанда, аумақты кешендi дамыту үшiн ресурстармен қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар, сондай-ақ аумақтық көліктік жоспарлау және жол жүрісін ұйымдастыру жөнiнде ұсыныстар қамтылуға тиiс.
2015.28.10. № 366-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Өңірлер аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемаларын әзiрлеу және келiсу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
5. Аймақтар аумақтарының қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемаларын бекіту осы заңда және Қазақстан Республикасының басқа да заң актілерінде белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
45-бап. Елдi мекендердiң аумақтары
1. Қалалық және селолық елдi мекендердiң кеңiстiк негiзiн жер бетіндегі және (немесе) су бетіндегі белгiленген шекаралар (елдi мекендер шегi) шегіндегі аумақ құрайды.
2. Егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзгеше көзделмесе, елдi мекеннiң шекаралары (шегi) шегіндегі жер асты және әуе кеңiстiгi жергiлiктi атқарушы органдардың қарамағында болады.
3. Елдi мекендердiң аумақтарын пайдаланудың режимi мен тәртібі бекітілген қала құрылысы құжаттамасында белгiленген аймақтарға бөлуге сәйкес белгiленедi.
46-бап. Елдi мекендердiң шекарасы (шегi)
1. Елдi мекеннiң шекарасы (шегi) оның аумағын (қала құрылысы кеңiстiгiн) айқындайды және Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген тәртiппен бекітілген осы елдi мекеннiң бас жоспары негiзiнде белгiленедi (өзгертiледi).
2. Елдi мекендер шекаралары (шектерi) жобаларының құрамы, мазмұны мен әзiрлену тәртібі нормативтiк құқықтық актiлерге, мемлекеттік нормативтерге, сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органның өзге де құжаттарына сәйкес белгiленедi.
2015.28.10. № 366-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Ірі және үлкен қалалар шекараларының (шектерiнiң) жобалары аймақтың қала құрылысын жобалаудың кешендi схемалары құрамында әзiрленуi мүмкiн.
Республикалық маңызы бар қалалар, сондай-ақ халқының саны жүз мың тұрғыннан асатын өзге де қалалар шекараларының (шектерiнiң) жобалары сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органмен келісіледi.
4. Орта және шағын қалалар, қала үлгiсіндегі кенттер, сондай-ақ селолық елдi мекендер шекараларының (шектерiнiң) жобалары аталған елдi мекендердiң бас жоспарлары құрамында әзiрленуi және келісілуi мүмкiн.
47-бап. Елдi мекендердiң бас жоспарлары
1. Елдi мекендердiң аумақтарын дамыту және оған құрылыс салу белгiленген тәртiппен бекітілген бас жоспарлар негiзiнде жүзеге асырылады.
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Елдi мекендердiң бас жоспарлары қаланы, кенттi, ауылды не басқа да қонысты дамытуды кешендi жоспарлауды айқындайтын және аумақты ұйымдастырудың бекітілген бас схемасы мен аймақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемасына сәйкес әзiрленетiн негiзгi қала құрылысы құжаты болып табылады.
Тұрғындарының саны бес мың адамнан асатын елдi мекендер белгiленген тәртiппен бекітілген, қолданыстағы бас жоспарлармен қамтамасыз етiлуге тиiс.
Тұрғындарының саны бес мың адамға дейiнгi елдi мекендерде негiзгi қала құрылысы құжаты ретiнде осы қонысты дамыту мен оған құрылыс салудың белгiленген тәртiппен бекітілген схемасы (бас жоспардың оңайландырылған нұсқасы) болуы мүмкiн. Шағын елдi мекендердiң құрамын, күтiп ұсталуын, дамытудың және оған құрылыс салудың схемаларын әзiрлеу мен келiсу тәртібін сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөніндегi уәкiлеттi орган анықтайды.
3. Бас жоспарда:
1) әлеуметтiк, рекреациялық, өндірiстiк, көлiк және инженерлiк инфрақұрылымдарды қоса алғанда, табиғи-климаттық, қалыптасқан және болжанып отырған демографиялық және әлеуметтiк-экономикалық жағдайлар ескерiле отырып, елдi мекеннiң аумағын дамытудың негiзгi бағыттары;
2) осы аймақтардың аумақтарын функционалдық аймақтарға бөлу және пайдалануды шектеу;
3) елдi мекеннiң құрылыс салынған және салынбаған аумақтарының арақатынасы;
4) жердi басымдықпен иелiктен айыру және сатып алу аймақтары, резервтiк аумақтар;
5) аумақты табиғи және техногендiк құбылыстар мен процестердiң қауiптi (зиянды) әсерiнен қорғау, экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі шаралар;
2014.17.04. № 195-V ҚР Заңымен 5-1) тармақшамен толықтырылды (ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
5-1) кешенді көлік схемасын, көше-жол желісінің бас схемасын және жол жүрісін ұйымдастырудың кешенді схемасын қамтитын бас жоспардың көліктік бөлімін әзірлеу жөніндегі негізгі бағыттар;
6) елдi мекендi тұрақты дамытуды қамтамасыз ету жөніндегі өзге де шаралар белгіленедi.
2006.11.12. № 204-III ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. Тарихи қала құрылысы жағынан құнды елдi мекендi дамытудың бас жоспары тарихи-сәулеттің iрек жоспары ескерiле отырып әзiрленуге және оған тарихи құрылыс аймақтары мен ескерткiштердi қорғау жобалары қоса тiркелуге тиiс.
2015.28.10. № 366-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Елдi мекеннiң бас жоспары жаңа бас жоспар бекiтiлгенге дейiн не қолданылып жүрген бас жоспарға Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн бөлiгiнде енгiзiлген өзгерiстер бекiтiлгенге дейiн қолданылады.
48-бап. Елдi мекендердiң аумақтарын аймақтарға бөлу
1. Елдi мекендердiң бас жоспарлары (дамыту және құрылыс салу схемалары) олардың аумақтарын аймақтарға бөлуді көздеуге, жекелеген функционалдық аймақтардың нақты аумағын пайдалану түрлерiн айқындауға, олардың пайдаланылуына шектеу белгiлеуге және:
1) адам мекендейтiн және тiршiлiк ететiн қолайлы ортаны;
2) халықтың және өндiрiстiң шектен тыс шоғырлануын болғызбауды;
3) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қоса алғанда, қоршаған ортаны ластанудан қорғауды;
2006.11.12. № 204-III ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
4) тарихи-мәдени мұра объектiлерi мәртебесi бар аумақтарды қорғауды;
5) аумақтарды антропогендiк, техногендiк процестердiң және төтенше жағдайлардың қауiптi (зиянды) әсерiнен қорғауды;
6) қолайсыз табиғи құбылыстардың әсерiн азайтуды қамтамасыз етуге тиiс.
2. 2015.28.10. № 366-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3. Әкiмшiлiк-аумақтық құрылыстағы ролiне, әлеуметтiк-экономикалық жағдайлары мен өндiрiстiк-шаруашылық мамандандырылуына қарай қалалар мен селолық елдi мекендердiң аумақтарында функционалдық аймақтардың мынадай түрлерi:
1) тұрғын аймақтар;
2) қоғамдық (қоғамдық-iскерлiк) аймақтар;
3) рекреациялық аймақтар;
4) инженерлiк және көлiк инфрақұрылымдары аймақтары;
5) өнеркәсiп (өндiрiс) аймақтары;
6) ауыл шаруашылығына пайдаланылатын аймақтар;
7) арнаулы мақсаттағы аймақтар;
8) режимдiк аумақтар аймақтары;
9) қала маңындағы аймақтар;
10) санитариялық-қорғаныш аймақтары;
11) резервтегi аймақтар (қала құрылысы ресурстары) белгiленуi мүмкін.
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
4. Тұрғын үй, қоғамдық (қоғамдық-iскерлiк) рекреациялық аймақтардың аумағы, инженерлiк және көлiк инфрақұрылымының аймақтары бөлінген шекараларда болуға және мүгедектер мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының қолжетімділігі ескеріле отырып, жайластырылуға тиіс.
49-бап. Тұрғын аймақ
1. Елдi мекеннiң тұрғын аймағы үй жанында жайғастырылған аумақтары бар көп пәтерлi тұрғын үй-жайлар (үйлер) және үй жанындағы учаскелерi бар жеке тұрғын үйлер салуға арналады.
2. Тұрғын аймақ жеке тұрған және (немесе) тұрғын үйлерге жапсарластыра салынған (оларға жанастыра салынған) медициналық қызмет көрсететiн, әлеуметтiк-тұрмыстық және мәдени-ағарту мақсаттарына арналған объектiлермен, инженерлiк және көлік инфрақұрылымы объектілерiмен қамтамасыз етiлуге тиiс.
2014.17.04. № 195-V ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды (ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
2-1. Тұрғын аймақ көлік құралдарына арналған тұрақтармен және орынтұрақтармен, пәтерлердің санына сәйкес қажетті орынтұрақ алаңымен, балалар және спорт алаңдарымен қамтамасыз етілуге тиіс.
3. Тұрғын аймақта қонақ үйлердi, жер бетіндегі және жер астындағы көлікжайларды, автомобиль көлiгiнiң ашық тұрақтарын, сондай-ақ орналастырылуы мен қызметi санитариялық-қорғаныш аймақтарын жасауды талап ететiн, қоршаған ортаға әсер етпейтiн өндірiстiк объектiлердi орналастыруға жол берiледi.
4. Жекелеген жағдайларда тұрғын аймақтарға елдi мекеннiң шекаралары (шектері) шегінде орналасқан бағбандық және саяжай серiктестiктерi де жатқызылуы мүмкiн.
50-бап. Қоғамдық (қоғамдық-iскерлiк) аймақ
1. Елдi мекеннiң қоғамдық (қоғамдық-iскерлiк) аймағы әкiмшiлiк, ғылыми-зерттеу, қоғамдық мекемелердi және олардың кешендерiн, қонақ үйлер мен қонақ үй кешендерiн, iскерлiк және қаржылық белсенділiк орталықтарын, мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, коммерциялық қызмет, сауда және қоғамдық тамақтандыру, тұрмыстық қызмет көрсету объектiлерiн, аталған объектiлердiң жанынан ашық көлік тұрақтарын, жер бетіндегі және жер астындағы көлiкжайларды, санитариялық және экологиялық қорғаныш жөніндегi арнаулы iс-шараларды талап етпейтiн басқа да үйлер мен ғимараттарды орналастыруға арналады.
2. Қоғамдық (қоғамдық-iскерлiк) аймақта орналастыруға рұқсат етiлген объектiлер тiзбесiне тұрғын үй-жайлар (үйлер) енгiзiлуi мүмкiн.
51-бап. Рекреациялық аймақ
1. Елдi мекендердегi рекреациялық аймақтар халықтың демалыс орындарын ұйымдастыру мен жайғастыруға арналған және бақтарды, орманды парктердi, парктер мен саябақтарды, хайуанаттар парктерiн, су тоғандарын, жағажайларды, аквапарктердi, ландшафтық сәулет объектiлерiн, өзге де демалыс және туризм орындарын, сондай-ақ бос уақытты өткізу және (немесе) сауықтыру мақсатындағы үйлер мен ғимараттарды қамтиды.
2. Рекреациялық аймаққа елдi мекеннiң шекаралары (шектерi) шегiнде орналасқан, қорғалатын табиғат объектiлерi енгiзiлуi мүмкiн.
3. Рекреациялық аймақтың аумағына жаңа өнеркәсiптiк, коммуналдық және қойма объектілерiн, рекреациялық аймақтың жұмыс iстеуiне тiкелей байланысы жоқ тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы үйлер мен ғимараттарды орналастыруға (салуға) және олардың жұмыс iстеп тұрғандарын кеңейтуге жол берiлмейдi.
52-бап. Инженерлiк және көлiк инфрақұрылымдары аймақтары
1. Елдi мекеннiң инженерлiк және көлік инфрақұрылымдары аймақтары көлік пен байланыс, магистральдық труба құбырлары, инженерлiк қамтамасыз ету желiлерi, инженерлiк жабдықтар коммуникациялары мен құрылыстарын орналастыруға және олардың жұмыс iстеуiне арналады.
Олардың зиянды (қауiптi) әсерiн болғызбау қоныстану аумақтарын (учаскелерiн) және тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы объектілерге дейiнгi қажеттi қашықтықты, сондай-ақ басқа да міндетті талаптар мен шектеулерді мемлекеттік нормалар мен ережелерге сәйкес сақтау арқылы қамтамасыз етіледі. Пайдалану кезінде адамдардың денсаулығына және олардың мекендейтін ортасына тікелей зиянды әсер ететін коммуникациялар мен құрылыстар елді мекендер шегінен тыс жерлерге орналастырылуға тиіс.
2. Бөлiп берiлген шекаралардағы инженерлiк және көлік инфрақұрылымдары объектiлерiнiң аумағы аталған объектiлердiң техникалық және пайдаланылу сипаттамасы ескерiле отырып абаттандырылуға тиiс. Аумақтарды абаттандыру мен күтiп ұстау жөніндегi мiндеттер объектiлердiң меншiк иелерiне жүктеледi.
53-бап. Елдi мекеннiң өнеркәсiп (өндiрiс) аймақтары
1. Елдi мекеннiң өнеркәсiп (өндiрiс) аймақтары (аудандары) өнеркәсiп орындары мен олардың кешендерiн, инженерлiк және көлiк инфрақұрылымдарының жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн басқа да өндірiстiк, коммуналдық және қойма объектiлерiн орналастыруға арналады. Ерекше жағдайларда өнеркәсiптiк аймақта осы кәсiпорынның авариялық бригадаларының тұруы үшiн тұрғын үй-жайлар орналастыруға жол берiледi.
2. Өндірiстiк (коммуналдық, қойма) объектiлердi, сондай-ақ инженерлiк және көлiк инфрақұрылымдарын қоныстану аумағына орналастыруға олардың орналасуы мен жұмыс iстеуi халыққа қатер төндірмейтiн, қоршаған ортаға зиянды әсер етпейтiн және санитариялық-қорғаныш аймақтарын салуды талап етпейтiн жағдайларда ғана жол берiледi. Олай болмаған жағдайда өнеркәсiп аймағын басқаларынан бөліп тұратын санитариялық-қорғаныш аймағы көзделуге тиiс.
3. Өнеркәсiп аймағын, сондай-ақ қоныстану аумағына орналасқан өндiрiс объектiлерiнiң аумақтарын абаттандыру мен күтiп ұстау жөніндегi мiндеттер объектiлердiң меншiк иелерiне жүктеледi.
54-бап. Елдi мекеннiң ауыл шаруашылығына пайдаланылатын аймақтары
2015.28.10. № 366-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Елдi мекеннiң шекарасы (шектерi) шегiндегi ауыл шаруашылығына пайдаланылатын аймақтар ауыл шаруашылығын жүргiзуге арналады және елдi мекеннiң бекiтiлген бас жоспарына сәйкес оларды пайдалану түрлерi өзгерген кезге дейiн пайдаланылуы мүмкiн.
2. Егер ауыл шаруашылығына пайдаланылатын аймақтардың орналасуы және оның жұмыс iстеуi халыққа не қоршаған ортаға қолайсыз әсер етуi мүмкiн болса, санитариялық-қорғаныш аймағы көзделуге тиiс.
3. Ауыл шаруашылығына пайдаланылатын аймақтарды күтiп ұстау (ал қажет болған жағдайда жердi қайта өңдеу) жөніндегi мiндеттер, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жер пайдаланушыға жүктеледi.
55-бап. Арнаулы мақсаттағы аймақтар
2014.17.01. № 165-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Елдi мекеннiң шекаралары (шектерi) шегiне зираттар, крематорийлер, мал қорымдары (биотермиялық шұңқырлар), тұрмыстық қалдықтарды тастайтын жер, қоқыстарды (қалдықтарды) бастапқы өңдеу кәсiпорындары, тазалау құрылыстары, жұмыс iстеуi елдi мекеннiң басқа да аймақтарының жұмыс iстеуiмен сыйыспайтын өзге де объектiлер үшiн бөлiнетiн арнаулы мақсаттағы аймақтарды орналастыруға жол берiледi.
2. Аталған объектiлердi қоныстану аумағы мен рекреациялық аумақтан, елдi мекеннiң инфрақұрылым объектiлерiнен бөлiп тұратын санитариялық-қорғаныш аймақтарын салудың қажеттiгi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
3. Арнаулы мақсаттағы аймақты күтiп ұстау жөніндегі мiндеттер, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, кәсiпорынның меншiк иесiне (жер пайдаланушыға) жүктеледi.
56-бап. Режимдiк аумақтар аймақтары
2012.13.02. № 553-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Ерекше режим белгiленетiн әскери және басқа объектiлердi орналастыру үшiн режимдiк аумақтардың арнаулы аймақтары, сондай-ақ елдi мекендерде немесе олардан тыс жерлерде ерекше реттелетiн өзге де аумақтар көзделуге тиiс.
Елді мекендердің шегіндегі және олардан тыс жерлердегі қорғалатын объектілерді орналастыруға арналған аумақтар режимдік аумақтардың аймақтары болып табылады.
2. Режимдiк аумақтардың аймақтарын пайдалану тәртібін, егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзгеше көзделмесе, мемлекеттік нормативтерге сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
57-бап. Қала маңындағы аймақтар
1. Қала маңындағы аймақтар қала шекарасына (шегiне) жанасып жатқан, осы қаланың аумағын, қала маңындағы аймаққа кiретiн басқа да елдi мекендердi дамытуға, сондай-ақ санитариялық-қорғаныш мiндеттерiн орындауға, халық демалатын орындарды, бағбандық және саяжай серiктестiктерiн орналастыруға арналған жерлердi қамтиды.
2. Қала маңындағы аймақтардың шекарасын белгiлеу осы Заңға және Қазақстан Республикасының жер заңдарына сәйкес бекітілген қала құрылысы құжаттамасы негiзiнде жүзеге асырылады.
58-бап. Санитариялық-қорғаныш аймағы
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді; 2009.10.07. № 180-IV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Өндірістік, коммуналдық және қойма объектілерін, сондай-ақ арнаулы мақсаттағы объектілерді орналастыру және олардың жұмыс істеуі халыққа қатер төндіруі және (немесе) қоршаған ортаға зиянды әсер етуі мүмкін болған жағдайда, тиісті санитариялық-қорғаныш аймағы көзделуге тиіс. Санитариялық-қорғаныш аймағының мақсатына қарай оның параметрлері және оған қойылатын талаптар көрсетілген объектілердің жұмыс істеуінің өнеркәсіптік қауіпсіздігі жөніндегі техникалық регламенттермен, сондай-ақ халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы және жануарлар дүниесі, қоршаған ортаны қорғау, сәулет, қала құрылысы және құрылыс, азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік нормативтермен белгіленеді.
2. Санитариялық-қорғаныш аймағында оның параметрлерi мен кiмге тиесiлi екендiгiне қарамастан, тұрғын үйлердi, білім беру ұйымдарын, денсаулық сақтау және демалыс мекемелерiн, спорт-сауықтыру құрылыстарын орналастыруға бау-бақшаға арналған жер учаскелерiн орналастыруды қоса алғанда, ауыл шаруашылық өнімдерiн өндіруге жол берiлмейдi.
3. Санитариялық-қорғаныш аймағын күтiп ұстау жөніндегi мiндеттер ол арналған объектiлердiң меншiк иелерiне жүктеледi.
59-бап. Резервтегi аумақтар
1. Резервтегi аумақтар елдi мекендердi дамытуға немесе қонысаралық аумақтарды игеруге (жайғастыруға) арналған қала құрылысының ресурстары болып табылады.
2. Резервтiк аумақтар (қала құрылысы ресурстары) аумақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемалары мен елдi мекендердiң және олардың функционалдық аймақтарының бас жоспарлары құрамында белгiленедi және бекітіледi.
3. Елдi мекеннiң қала құрылысы ресурстарында белгiленген аумақтары олардың мақсатына сәйкес елдi мекендер мен олардың бөліктерiнiң дамуына қарай ғана резервке алынуға және пайдаланылуға тиiс.
4. Резервтегi аумақтар, егер мұндай пайдаланудың әдiсi мен режимi елдi мекендi немесе оның бөлiгiн жоспарланған перспективалы дамытуға кедергi жасамайтын болса, бекітілген қала құрылысы құжаттамасында көзделмеген мақсаттарға пайдаланылуы мүмкiн.
5. Қала құрылысының ерекше реттелетiн аймақтары шекараларындағы резервтегi аумақтарды пайдалану аталған аймақтар үшiн белгiленген режимге сәйкес жүзеге асырылады.
6. Резервтегi аумақтарды уақытша пайдалану Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
9-тарау. Қала құрылысы және сәулет-құрылыс құжаттамасы
60-бап. Жобалау (жобалау-смета) құжаттамасы
2009.10.07. № 180-IV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2013.03.12. № 151-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Объектілердің және олардың кешендерінің құрылысы (реконструкциялау, қалпына келтіру, кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, күрделі жөндеу), сондай-ақ коммуникацияларды төсеу, аумақты инженерлік жағынан дайындау, абаттандыру және көгалдандыру белгіленген тәртіппен бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына, елді мекеннің бас жоспары негізінде орындалған құрылыс салу жобасына (немесе тұрғындарының саны бес мың адамға дейінгі елді мекендерді дамытудың және құрылыс салудың оларды алмастыратын схемасына) сәйкес әзірленген жобалау (жобалау-смета) құжаттамасы бойынша жүзеге асырылады.
Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларда жобалау (жобалау-смета) құжаттамасынсыз не оңайлатылған нобайлық жобалар бойынша құрылыс салуға жол беріледі.
Қазақстан Республикасының аумағындағы халықаралық мамандандырылған көрме объектілері бойынша жобалау алдындағы және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын бір мезгілде әзірлеуге жол беріледі.
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Объектілерді және олардың кешендерін бекітілген жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасынсыз не белгiленген тәртiппен сараптамадан өткiзiлмеген жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы бойынша салған (кеңейткен, жаңғыртқан, техникалық қайта жарақтандырған, реконструкциялаған, қалпына келтірген, күрделi жөндеуден өткізген) жағдайда, құрылыс-монтаждау жұмыстары Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес тоқтатыла тұрады.
Құрылыс-монтаждау жұмыстарын қайта бастау белгiленген тәртiппен сараптамадан өткiзiлген тиісті жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы болған кезде ғана жүргізіледі.
2006.10.01. № 116-III (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 2 тармақ өзгертілді
2. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарымен келісім бойынша тапсырысшы (меншiк иесi) жобалау (жобалау-смета) құжаттамаларынсыз не нобайлар (нобайлық жобалар) бойынша:
1) сейсмикалық қауiптілігi жоғары немесе iске асыру кезiнде арнаулы жобалық шешімдер мен іс-шараларды талап ететін өзге де ерекше геологиялық (гидрогеологиялық) және геотехникалық жағдайлары бар аймақтарда құрылыс салуды қоспағанда, жеке тұрғын үйлер салуды;
2) өз билiгіндегі үй жанындағы учаскелерде немесе бау-бақша серiктестiктерiнiң учаскелерiнде уақытша құрылыстар, сондай-ақ маусымдық жұмыстар мен шалғайдағы мал шаруашылығы үшiн тұрғын және (немесе) шаруашылық-тұрмыстық үй-жайлар тұрғызуды;
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
3) қосымша жер учаскесін бөлуді (аумақ кесіп беруді) талап етпейтін, тіреу конструкцияларын, инженерлік жүйелер мен коммуникацияларды қандай да бір өзгертуге байланысты емес, сәулеттік-эстетикалық, өртке қарсы, жарылысқа қарсы және санитариялық сапаларды нашарлатпайтын, пайдалану кезінде қоршаған ортаға зиянды әсерін тигізбейтін, тұрғын үйлердегі (тұрғын ғимараттардағы) тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды реконструкциялауды (қайта жоспарлауды, қайта жабдықтауды);
4) азаматтардың жеке пайдалануына арналған, техникалық жағынан күрделi емес басқа да құрылыстарды өзгертудi жүзеге асыра алады.
Осы баптың 3) және 4) тармақшаларында аталған үй-жайларды немесе құрылыстарды техникалық жағынан күрделi емес өзгерістер тобына жатқызу туралы шешiмдi республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары қабылдайды.
Өз үйiнiң жанындағы учаскелерде, бау-бақша серiктестiктерiнiң (қоғамдарының) учаскелерiнде бар құрылыстарға шаруашылық-тұрмыстық қосымша құрылыстар тұрғызу, оларды абаттандыру, сондай-ақ сол учаскелерде контейнермен және блокпен орындалатын ықшам кешендердi монтаждау, егер аталған объектiлер басқа тұлғалардың немесе мемлекеттiң мүдделерiне қатысы болмаса, жергiлiктi сәулет және қала құрылысы органдарымен келiспей-ақ жүзеге асырылуы мүмкiн.
3. 2015.28.10. № 366-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
4. Жобалау алдындағы және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеу тәртібі, оның міндетті құрамы мен мазмұны сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен мемлекеттік нормативтермен белгіленеді.
5. Бекіту тәртібі, сондай-ақ бекітілген алдын ала жобалау және жобалау (жобалау-смета) құжаттамасына өзгерістер енгізу осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленедi.
6. Жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын iске асыру кезiнде мердiгерлiк жұмыстарды жүргiзудiң ережесi мен тәртібі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiне сәйкес белгiленедi.
2014.21.01. № 167-V ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
7. Әзiрлеу аяқталғаннан кейiнгi үш және одан да көп жыл iшiнде құрылыс басталмаған жобалау (жобалау-смета) құжаттамасы ескiрген деп саналады және жаңа сараптама өткізiлiп, заңдарда белгiленген тәртiппен қайта бекітілгеннен кейiн ғана iске асыру үшiн пайдаланылуы мүмкiн.
Жобалау алдындағы құжаттама бекітілгеннен кейін үш жыл ішінде ол бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленбеген және бекітілмеген сол жобалау алдындағы құжаттама ескірген болып саналады және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жаңадан сараптама жүргізілгеннен және қайта бекітілгеннен кейін ғана іске асыру үшін пайдаланылуы мүмкін.