4. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын субъект қызметінің осы қызметке қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келуі патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге рұқсатты және оған қосымшаны беруге негіз болып табылады.
2022.21.05. № 123-VII ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2022 ж. 24 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге рұқсатты және оған қосымшаны беруден бас тартуға мыналар негіз болып табылады:
1) патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге рұқсатты және оған қосымшаны алуға қажетті құжаттар мен мәліметтерді ұсынбау не анық емес құжаттар мен мәліметтерді ұсыну;
2) эпидемиялық мәні жоғары объектіге санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының болмауы;
3) патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыруға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келмеу негізінде биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптардың сақталуын бақылау жөніндегі комиссияның (режимдік комиссияның) теріс қорытындысы.
2022.21.05. № 123-VII ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды (2022 ж. 24 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді)
6. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге рұқсаттан және оған қосымшадан айыруға мыналар негіз болып табылады:
1) патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге рұқсаттың және оған қосымшаның қолданысын тоқтата тұруға негіз болған бұзушылықтың белгіленген мерзімде жойылмауы;
2) патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге рұқсаттың және оған қосымшаның қолданысын тоқтата тұруға негіз болған, адамдардың, жануарлардың саулық жағдайына, өсімдіктер мен қоршаған ортаға қауіпті әсер ететін бұзушылықтың соңғы күнтізбелік он екі ай ішінде қайта анықталуы;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайлар.
Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге рұқсаттан және оған қосымшадан айыру не оның қолданысын тоқтата тұру Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
2022.21.05. № 123-VII ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды (2022 ж. 24 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді)
7. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге рұқсаттың және оған қосымшаның қолданысын тоқтатуға мыналар негіз болып табылады:
1) патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге рұқсаттан және оған қосымшадан айыру;
2) рұқсат беру тәртібінің күшін жою;
3) заңды тұлға қызметінің тоқтатылуы, оның таратылуы;
4) өтініш берушінің патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге рұқсаттың және оған қосымшаның қолданысын тоқтату туралы өз еркімен жүгінуі;
5) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайлар.
Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге рұқсаттың және оған қосымшаның қолданысы тоқтатылған кезден бастап патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жөніндегі қызметті жүзеге асыруға жол берілмейді.
22-бап. Өнімді мемлекеттік тіркеу туралы куәлік беру
1. Өнімді мемлекеттік тіркеуге халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен Еуразиялық экономикалық одақтың шешімдерімен айқындалатын өнім жатады.
2. Өнімді мемлекеттік тіркеу:
1) халыққа және мекендеу ортасына әсер етуді сараптамалық бағалау;
2) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкестігі тұрғысынан санитариялық-эпидемиологиялық сараптама;
3) арнайы шараларды, оның ішінде заттар мен жекелеген өнім түрлерін кәдеге жарату мен жою, олардың халыққа және мекендеу ортасына зиянды әсер етуін болғызбау жөніндегі шарттарды әзірлеу негізінде жүргізіледі.
3. Ұсынылған құжаттаманың санитариялық-эпидемиологиялық сараптамасының оң нәтижелері және өнімді зертханалық зерттеулердің (сынақтардың) нәтижелері негізінде өнімнің техникалық регламенттерге және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларға қойылатын бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптарына және техникалық регламентіне сәйкестігі бөлігінде оны мемлекеттік тіркеу туралы куәлік беріле отырып, өнімді мемлекеттік тіркеу жүргізіледі.
4. Мынадай:
1) өнім техникалық регламенттерге және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларға қойылатын бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптарына және техникалық регламентіне сәйкес келмеген;
2) анық емес ақпаратты қамтитын құжаттар және (немесе) мәліметтер ұсынылған;
3) Еуразиялық экономикалық одақтың шешімінде немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыруға құқықтар, сондай-ақ өнімді мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті ресімдеу және беру негіздері болмаған;
4) өнімге және оны дайындау мен айналымы жағдайларына қатысты қауіпсіздік талаптарын белгілеу мүмкін болмаған, сондай-ақ өнімдер мен мекендеу ортасында осындай өнімнің қауіпті факторларын анықтау мен өлшеу әдістемелері болмаған;
5) мүше мемлекеттің халықаралық конвенциялар мен шарттарға қосылуы шеңберінде алынған, өнімнің дайындалуы, айналымы және тұтынылуы (пайдаланылуы) кезінде өнімнің адам денсаулығына және мекендеу ортасына зиянды әсер ету жағдайлары туралы негізді ақпарат болған жағдайларда өнімді мемлекеттік тіркеу туралы куәлік беруден бас тартылады.
5. Мемлекеттік тіркеуге жататын өнімге санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және ғылыми негіздеу жүргізуге байланысты шығыстарды өтініш берушілер көтереді.
6. Өнімді мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің қолданысы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жалпы негіздерден бөлек, мынадай:
1) өнімнің техникалық регламенттерге және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларға қойылатын бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптарына бақылаудағы өнімді тасымалдау, сақтау және өткізу шарттарын бұзуға байланысты емес, сәйкес келмеу фактісі анықталған;
2) Еуразиялық экономикалық комиссия бақылаудағы өнімнің қауіпсіздігі көрсеткіштерінің қазіргі заманғы ғылыми білім деңгейін дамыту нәтижелеріне негізделген өзгерістерін қабылдаған;
3) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің техникалық реттеу, санитариялық, ветеринариялық және фитосанитариялық шаралар жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыратын және (немесе) үйлестіретін уәкілетті органдарынан, халықаралық ұйымдардан немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттерден өнімнің техникалық регламенттерге және (немесе) бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптарға сәйкес келмеуінің анықталғаны туралы, сондай-ақ өнімнің адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретіні туралы ақпарат келіп түскен жағдайларда сәйкессіздік себептерін жою үшін орындалу мерзімі көрсетіле отырып, тоқтатыла тұрады.
7. Өнімнің техникалық регламенттерге және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларға қойылатын бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты оны мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің қолданысын тоқтата тұру, одан айыру (кері қайтарып алу), қайта бастау немесе тоқтату туралы ақпарат дереу Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының басшыларына (олардың орынбасарларына) жіберіледі және Өнімді мемлекеттік тіркеу туралы куәліктердің бірыңғай тізіліміне енгізіледі.
8. Өнімді мемлекеттік тіркеу туралы куәлік «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жалпы негіздерден бөлек, мынадай:
1) өнімді дайындаушының немесе өтініш берушінің заңды мекенжайы өзгерген;
2) Еуразиялық экономикалық одақтың өнімге қойылатын талаптарды белгілейтін, қабылдануы өнімнің гигиеналық қауіпсіздігінің көрсеткіштеріне, құрамына өзгерістер енгізуге алып келмейтін жаңа нормативтік құқықтық актісі басып шығарылған жағдайларда, қосымша немесе қайта зерттеулер (сынақтар) жүргізілмей, қайта ресімделуге жатады.
9. Өнімді мемлекеттік тіркеу туралы куәліктердің бірыңғай тізілімі халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның интернет-ресурсында орналастырылуға жатады.
23-бап. Дәрілік затқа немесе медициналық бұйымға тіркеу куәлігін беру
1. Қазақстан Республикасында өндірілген, сондай-ақ оның аумағына әкелінетін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар, оған қоса:
1) әрбір өндірістік алаңнан дәрілік нысаны, дозасы, өлшеп-орауы көрсетілген саудалық атаулары бар дәрілік заттар;
2) әрбір өндірістік алаңнан саудалық атаулары бар медициналық бұйымдар;
3) медициналық бұйымды өндіруші осы жұмсалатын материалдарымен ғана жұмыс істей алатын медициналық бұйымдармен пайдалану үшін арнайы шығарғаннан басқа, медициналық бұйымдарға арналған жұмсалатын материалдары;
4) медициналық көмек көрсетуге арналған арнайы көлік құралының құрамына кіретін медициналық бұйымдар;
5) 2022.04.07. № 134-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
6) өнеркәсіптік жағдайларда өндірілген озық терапияның дәрілік заттар;
7) тірі организмнен тыс (in vitro) диагностикаға арналған медициналық бұйымдар мемлекеттік тіркелуге жатады.
2022.04.07. № 134-VІІ ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Стратегиялық маңызды дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды мемлекеттік тіркеу уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Мыналар мемлекеттік тіркелуге жатпайды:
1) дәріханаларда дайындалған дәрілік препараттар;
2) тиісті өндірістік практика жағдайларында өндірілген фармацевтикалық субстанциялар (белсенді фармацевтикалық субстанциялар);
3) фармакопеялық дәрілік өсімдік шикізаты, оның ішінде қоспалар құрамындағы және тұтыну қаптамасындағы фармакопеялық дәрілік өсімдік шикізаты;
4) пациенттердің жеке тапсырыстары бойынша тек қана жеке пайдалану үшін дайындалған, медицина қызметкері берген тағайындауға сәйкес арнайы талаптар қойылатын медициналық бұйымдар;
5) Қазақстан Республикасында экспорт үшін ғана өндірілетін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар;
6) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың одан әрі өткізу құқығынсыз, көрмелер өткізуге арналған көрмелік үлгілері;
7) клиникаға дейінгі (клиникалық емес) және клиникалық зерттеулер және (немесе) сынақтар жүргізу үшін келіп түсетін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың үлгілері;
8) аурулардың диагностикасы үшін пайдаланылмайтын зертханалық аспаптар;
9) медициналық бұйымдардың құрамына кіретін және дербес бұйым немесе құрылғы ретінде пайдаланылмайтын жинақтауыштар;
10) тікелей денсаулық сақтау ұйымдарында қолданылу орнында дайындалған радиофармацевтикалық дәрілік препараттар;
11) мемлекеттік тіркеу кезінде сараптама жүргізуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың үлгілері;
12) пациенттің немесе ол үшін тікелей таңдап алынған оның донорының аутологиялық биологиялық материалдары пайдаланыла отырып, жеке қолдану үшін өндірілген озық терапияның дәрілік заттары;
2022.04.07. № 134-VІІ ҚР Заңымен 13) тармақшамен толықтырылды
13) дәрілік заттардың немесе медициналық бұйымдардың балк-өнімдері.
3. Дәрілік затты немесе медициналық бұйымды мемлекеттік тіркеуді, қайта тіркеуді, дәрілік заттың немесе медициналық бұйымның тіркеу дерекнамасына өзгерістер енгізуді уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік орган жүзеге асырады.
4. Уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылатын, дәрілік затқа немесе медициналық бұйымға сараптама жүргізу дәрілік затты немесе медициналық бұйымды мемлекеттік тіркеудің, қайта тіркеудің және оның тіркеу дерекнамасына өзгерістер енгізудің міндетті шарты болып табылады.
5. Тізбесін уәкілетті орган айқындайтын құжаттарды қамтитын тіркеу дерекнамасы, сондай-ақ дәрілік заттың немесе медициналық бұйымның үлгілері, үш реттік талдауға жеткілікті мөлшердегі фармацевтикалық субстанциялардың (белсенді фармацевтикалық субстанциялардың) және олардың қоспаларының стандартты үлгілері, өзіндік ерекшелікті реагенттер мен жұмсалатын материалдары сараптама ұйымына айрықша жағдайларда және қайтару шартымен ұсынылады.
6. Дәрілік затты немесе медициналық бұйымды мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу және тіркеу дерекнамасына өзгерістер енгізу кезінде оларға сараптама жүргізуге байланысты шығыстарды өтініш берушілер көтереді.
7. Дәрілік затты немесе медициналық бұйымды мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу, оның тіркеу дерекнамасына өзгерістер енгізу өтініштің және сараптама ұйымының жүргізілген сараптама нәтижелері бойынша берілген, дәрілік заттың немесе медициналық бұйымның қауіпсіздігі, сапасы мен тиімділігі туралы оң қорытындысының негізінде жүзеге асырылады.
8. Дәрілік затты немесе медициналық бұйымды мемлекеттік тіркеу және қайта тіркеу, оның тіркеу дерекнамасына өзгерістер енгізу туралы өтінішті дәрілік затты немесе медициналық бұйымды әзірлеуші немесе өндіруші немесе олардың сенім білдірілген тұлғасы береді.
Дәрілік затты немесе медициналық бұйымды мемлекеттік тіркегені, қайта тіркегені және тіркеу куәлігінің телнұсқасын бергені үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалатын тәртіппен алым алынады.
9. Дәрілік затты немесе медициналық бұйымды мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу және оның тіркеу дерекнамасына өзгерістер енгізу кезінде өтініш беруші ұсынған құжаттарды есепке алу және жүйеге келтіру уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
10. Уәкілетті органның шешімімен дәрілік зат немесе медициналық бұйым сараптама жүргізудің жеделдетілген рәсімі бойынша тіркелуі мүмкін.
Дәрілік затқа немесе медициналық бұйымға сараптама жүргізудің жеделдетілген рәсімінің тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
11. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар сараптамасының нәтижелері бойынша теріс қорытынды болған және уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен белгіленген құжаттардың толық топтамасы ұсынылмаған жағдайларда, өтініш берушіге дәрілік затты немесе медициналық бұйымды мемлекеттік тіркеу мен қайта тіркеуден және оның тіркеу дерекнамасына өзгерістер енгізуден бас тартылады.
12. Дәрілік затты немесе медициналық бұйымды мемлекеттік тіркеу және қайта тіркеу нәтижелері бойынша уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша тіркеу куәлігі беріледі.
Тіркеу куәлігінің қолданылу мерзімі ішінде дәрілік заттың тіркеу куәлігін ұстаушы немесе медициналық бұйымды өндіруші тіркелген дәрілік заттардың немесе медициналық бұйымдардың қауіпсіздігі, сапасы мен тиімділігі үшін жауапты болады, олар дәрілік затты немесе медициналық бұйымды мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу, оның тіркеу дерекнамасына өзгерістер енгізу мақсаттары үшін дәрілік заттардың немесе медициналық бұйымдардың сараптамасына ұсынылған тіркеу дерекнамасына сәйкес келуге тиіс.
13. Дәрілік затты немесе медициналық бұйымды мемлекеттік тіркеу туралы шешім уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен кері қайтарып алынуы мүмкін.
14. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында айналысқа арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар Еуразиялық экономикалық одақтың нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес бірыңғай қағидалар бойынша тіркелуге жатады.
Уәкілетті орган отандық дәрілік заттарды шетелде тіркеу үшін уәкілетті орган айқындаған тәртіппен фармацевтикалық өнімге арналған сертификат (СРР) береді.
15. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік сараптама ұйымы және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік орган дәрілік затты мемлекеттік тіркеу үшін берілген, мемлекеттік тіркеу туралы өтініште, дәрілік зат сараптамасының материалдарында, сондай-ақ құрамында жаңа химиялық заттар бар дәрілік заттың тіркеу дерекнамасында қамтылған құпия ақпаратты дәрілік зат мемлекеттік тіркелген күннен бастап алты жыл бойы өтініш берушінің келісуінсіз жария етуге және коммерциялық мақсаттарда пайдалануға жол бермейді.
16. Осы баптың 15-тармағында көзделген, құпия ақпаратты жария етуге және коммерциялық мақсаттарда пайдалануға жол бермейтін ережелер:
1) Қазақстан Республикасының Патент заңына сәйкес дәрілік затты пайдалануға мәжбүрлі лицензия берілген жеке немесе заңды тұлғаларға;
2) дәрілік затты коммерциялық емес мақсаттарда пайдалануға, өндіруге, импорттауға, экспорттауға немесе таратуға қолданылмайды.
17. Осы баптың 15-тармағында көрсетілген ақпаратты мынадай жағдайлардың бірі болған кезде:
1) егер дәрілік затты беру Қазақстан Республикасында тіркелген күннен бастап он екі ай ішінде халықтың қажеттілігін қанағаттандыру үшін жеткіліксіз болғанда;
2) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының талаптарын бұзатын әрекеттер анықталғанда, өтініш иесінің келісуінсіз сот шешімі негізінде жария етуге және пайдалануға жол беріледі.
24-бап. Денсаулық сақтау саласындағы хабарламалар
1. Денсаулық сақтау саласындағы қызметтің мынадай түрлері:
1) халықтың декреттелген топтарын гигиеналық оқыту;
2) эпидемиялық мәні болмашы объектінің қызметі (пайдаланылуы);
3) санитариялық-эпидемиологиялық аудит жүргізу;
4) медициналық бұйымдарды көтерме саудада өткiзу;
5) медициналық бұйымдарды бөлшек саудада өткiзу;
6) интервенциялық емес клиникалық зерттеулер жүргізу хабарлама жасау бойынша жүзеге асырылады.
2. Осы бапта көрсетілген қызметті жүзеге асырудың басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарлама «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен беріледі.
4-тарау. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ АККРЕДИТТЕУ, АТТЕСТАТТАУ ЖӘНЕ СЕРТИФИКАТТАУ
25-бап. Денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу
1. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган жүзеге асыратын денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеуге мыналар жатады:
1) көрсетілетін медициналық қызметтердің денсаулық сақтау саласындағы белгіленген талаптар мен стандарттарға сәйкестігін тану мақсатында медициналық ұйымдарды аккредиттеуді жүзеге асыратын денсаулық сақтау субъектілері;
2) денсаулық сақтау саласындағы білім алушылардың, кәсіптік даярлық түлектерінің және мамандардың білімі мен дағдыларын бағалауды жүзеге асыратын ұйымдар;
3) денсаулық сақтау саласындағы тәуелсіз сараптаманы жүзеге асыратын денсаулық сақтау субъектілері;
4) денсаулық сақтау менеджерлерін сертификаттау бойынша басқару қызметіне даярлығын растауды жүзеге асыратын заңды тұлғалар;
5) 2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6) денсаулық сақтау саласындағы қызметті жүзеге асыратын кәсіптік медициналық қауымдастықтар мен қоғамдық бірлестіктер.
2. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган аккредиттеген денсаулық сақтау субъектілері жүзеге асыратын денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеуге қызметтің аккредиттеу стандарттарына сәйкестігін сыртқы кешенді бағалау негізінде медициналық ұйымдар жатады.
3. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган аккредиттеген халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы кәсіби қауымдастықтар жүзеге асыратын денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеуге санитариялық-эпидемиологиялық аудит жүргізу жөніндегі жеке және заңды тұлғалар жатады.
4. Денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу ерікті негізде жүзеге асырылады.
5. Медициналық ұйымдарды аккредиттеу медициналық ұйымның қаражаты есебінен жүргізіледі және медициналық ұйымдарды материалдық және материалдық емес ынталандыру құралы болып табылады.
Медициналық ұйымдарды аккредиттеу уәкілетті орган бекітетін аккредиттеу стандарттарына сәйкестігін сыртқы кешенді бағалау негізінде жүргізіледі және жоғары колледждер мен жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру ұйымдарында клиникалық мамандықтар бойынша денсаулық сақтау саласында кадрлар даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға мемлекеттік тапсырысты бөлу кезінде, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекті көрсетуге арналған медициналық көрсетілетін қызметтердің көлемдерін орналастыру кезінде ескеріледі.
6. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қауіпсіздігі мен сапасын сараптау және бағалау жөніндегі монополиялық қызметті жүзеге асыратын сынақ зертханаларын аккредиттеу уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүргізіледі.
7. Аккредиттеуден кейінгі мониторингке осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарында көрсетілген, денсаулық сақтау саласында аккредиттеуден өткен тұлғалар жатады.
26-бап. Денсаулық сақтау саласындағы мамандарды кәсіптік құзыреттілікке аттестаттау
1. Кәсіптік құзыреттілік деңгейін айқындаудың кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын рәсімі денсаулық сақтау саласындағы мамандарды кәсіптік құзыреттілікке аттестаттау болып табылады.
2. Аттестаттауды объективті және құзыретті түрде жүзеге асыру мақсатында уәкілетті орган, жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган аттестаттау комиссияларын құрады.
3. Уәкілетті орган облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарының басшыларын және олардың орынбасарларын, уәкілетті органға ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшыларын, олардың орынбасарларын аттестаттауды жүргізеді.
4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары өздеріне ведомстволық бағынысты денсаулық сақтау ұйымдарының басшыларын аттестаттауды жүргізеді.
5. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарының басшыларын аттестаттауды жүргізеді.
6. Аттестатталатын адамдар әрбір үш жыл сайын аттестаттаудан өтеді, бірақ тиісті лауазымға орналасқан күннен бастап бір жылдан ерте болмайды.
27-бап. Денсаулық сақтау саласындағы маман мен менеджерді сертификаттау
1. Денсаулық сақтау саласындағы маманды сертификаттауды:
1) медицина қызметкерлеріне қатысты медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган;
27-баптың 1-тармағының 2) тармақшасы 2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді
2) фармацевтика қызметкерлеріне қатысты дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік орган;
27-баптың 1-тармағының 3) тармақшасы 2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді
3) санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарына қатысты халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган жүргізеді.
Денсаулық сақтау саласындағы мамандарды сертификаттауға жататын мамандықтар мен мамандандырулар тізбесін уәкілетті орган айқындайды.
2. Денсаулық сақтау саласындағы маман сертификатының қолданысы әрбір бес жыл сайын расталуға жатады.
3. Денсаулық сақтау саласындағы маман сертификаты бар адамдар мамандығы бойынша жұмыс өтілінде үш жылдан астам үзіліс болған кезде тиісті мамандық бойынша жұмысқа уәкілетті орган аккредиттеген ұйымда біліктілігін арттырғаннан, тағылымдамадан өткеннен және кәсіптік даярлығы бағаланғаннан кейін жіберіледі.
4. Денсаулық сақтау саласындағы маманның тиісті сертификаты болмаса:
2021.08.01. № 410-VI ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) тәлімгердің қадағалауымен клиникалық практикаға (пациенттермен жұмыс істеуге) жіберілетін резидент-дәрігерлерді және білім туралы танылған құжаттары бар шетелдік мамандарды қоспағанда, клиникалық практикамен айналысуға;
27-баптың 4-тармағының 2) тармақшасы 2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді
2) фармацевтикалық практикамен айналысуға;
27-баптың 4-тармағының 3) тармақшасы 2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді
3) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыруға тыйым салынады.
5. Шетелдік мамандар кәсіптік медициналық қызметті жүзеге асыру үшін уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен «Назарбаев Университетіне» немесе оның медициналық ұйымдарына, Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының медициналық ұйымдарына, сондай-ақ оқыту мақсатында қосымша білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын және аккредиттелген университеттік ауруханалардың, денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдары клиникаларының базасындағы және резидентура базасындағы танылған аккредиттеу органдарының тізіліміне енгізілген аккредиттеу органдарында институционалдық аккредиттеуден өткен жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына, ұлттық және ғылыми орталықтарға, ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары медициналық колледждерге жіберіледі.
6. Денсаулық сақтау саласындағы маманды сертификаттауды жүргізу, шетелдік мамандарды қоса алғанда, денсаулық сақтау саласындағы маман сертификатының қолданысын растау қағидаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде медициналық білім алған адамды денсаулық сақтау саласындағы маманды сертификаттауға жіберу шарттарын уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.