2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 26-бап жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
26-бап. Мүгедектердi тұрғын үймен қамтамасыз ету
1. Жергiлiктi атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен:
1) тұрғын үйге мұқтаж мүгедектердi есепке қояды және олардың пайдалануына тұрғынжай бередi;
2) мүгедектерге немесе құрамында мүгедектер бар отбасыларға берiлетiн тұрғын үй-жайларды арнайы құралдармен және жабдықпен жабдықтауды қамтамасыз етедi.
2. Мүгедектерге ғимараттың қабаты, тұрпаты, абаттандырылу дәрежесі және тұруға қажеттi басқа да жағдайлар ескеріле отырып, тұрғын үй-жайды таңдау құқығы берiледi.
27-бап. Мүгедектердiң мәдени-ойын-сауық ұйымдарына және спорт ғимараттарына бара алуын қамтамасыз ету
Жергiлiктi атқарушы органдар мүгедектерге мәдени-ойын-сауық iс-шараларына, сондай-ақ дене шынықтырумен және спортпен шұғылдану үшiн спорт ғимараттарына бара алатын жағдайларды, арнаулы спорт жабдықтарын берудi қамтамасыз етедi.
Бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектер мен он сегiз жасқа дейiнгi мүгедек балалар санамалап көрсетiлген қызметтердi - бюджет қаражаты есебiнен, ал үшiншi топтағы мүгедектер аталған қызметтер құнының елу процентін төлеп пайдаланады.
28-бап 2006 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді
28-бап. Мүгедектердiң ақпаратқа қол жеткiзуiн қамтамасыз ету
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекет:
1) мүгедектер үшiн мерзiмдi баспасөз, ғылыми, оқу-әдiстемелiк, анықтамалық-ақпараттық және көркем әдебиет, соның iшiнде аудиотаспаларды, дискiлердi, бедерлi-нүктелi Брайль қарпiмен және сурдоаудармасы бар бейнетаспаларды шығару арқылы мүгедектердің ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
2) 2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен алып тасталды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
1-1. Қазақстан Республикасының телерадио хабарларын тарату туралы заңнамасына сәйкес жаңалықтар сипатындағы кемінде бір телебағдарлама сурдоаудармамен немесе субтитрлер түріндегі аудармамен қамтамасыз етіледі.
2. Жеке қарым-қатынас құралы ретiнде ымдау тілі пайдаланылады, ол сондай-ақ саңырау және нашар еститiн балаларға арналған білім беру ұйымдарының оқу бағдарламасында да қолданылады.
29-бап. Мүгедектерге білім алуы және мектепке дейiнгi тәрбие алуы үшiн жағдайларды қамтамасыз ету
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Мүгедектерге тегiн бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім алуға кепiлдiк берiледi.
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектер мен мүгедек балалар үшiн техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарға оқуға түсу кезiнде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейтiн мөлшерде қабылдау квотасы көзделедi.
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттiк бiлiм беру гранттарын бюджеттiк қаржыландыру арқылы тегiн мемлекеттiк бiлiм алуға арналған конкурсқа қатысқан кезде көрсеткiштері бiрдей болған жағдайда медициналық қорытындыға сәйкес тиiстi бiлiм беру ұйымдарында оқуына болатын бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектердiң, бала кезiнен мүгедектердiң, мүгедек балалардың басым құқығы бар.
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Мемлекеттік тапсырыс немесе грант бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқитын мүгедектерге стипендиямен қамтамасыз ету жөніндегі жеңiлдiктер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берiледi.
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Жалпы үлгiдегi мектепке дейiнгi ұйымдарда және орта білім ұйымдарында болуына денсаулық жағдайы мүмкiндiк бермейтiн мүгедек балалар үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен балалар бақшалары мен басқа да арнаулы түзеу ұйымдары құрылады.
6. Мүгедек балаларды жалпы немесе арнаулы мектепке дейiнгi ұйымдарда және басқа оқу орындарында тәрбиелеу мен оқыту мүмкiн болмаған жағдайда, оларды тәрбиелеу мен оқыту ата-анасының немесе заңды өкiлдерiнiң тiлегi ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен үйде жүргiзiледi.
7. Мемлекет мүгедектердiң, бала кезiнен мүгедектердiң және мүгедек балалардың білім алуы кезеңiнде оларды күтiп-бағуға жұмсалған шығыстарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен толық немесе iшiнара көтередi.
30-бап. Мүгедектердi кәсiптiк оңалту
1. Мүгедектердi кәсiптiк оңалту:
1) кәсiптiк бағдар берудi;
2) кәсiптiк оқытуды (қайта оқытуды);
3) жұмысқа орналастыруды қамтиды.
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
2. Кәсiптiк бағдар беруді білім беру, халықты әлеуметтік қорғау ұйымдары жүзеге асырады.
2015.24.11. № 421-V ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын ашатын жұмыс берушілер мүгедектерді кәсіптік бағдарлауға қатысады.
3. Мүгедектердi кәсiптiк оқытуды (қайта оқытуды) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен алынған лицензия негiзiнде білім беру қызметiн жүргiзетiн ұйымдар жүзеге асырады.
31-бап. Мүгедектердi жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету
Жергiлiктi атқарушы органдар мүгедектердi жұмыспен қамтуды:
2015.24.11. № 421-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1) Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес ауыр жұмыстардағы, зиянды, қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыстардағы жұмыс орындарын есепке алмай, жұмыс орындары санының екіден төрт пайызына дейінгі мөлшерінде мүгедектер үшін жұмыс орындарының квотасын белгілеу;
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
2) жеке кәсiпкерлiктi, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту арқылы мүгедектер үшiн қосымша жұмыс орындарын құру;
3) мүгедектердi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмысқа орналастыру үшiн арнаулы, сондай-ақ әлеуметтiк жұмыс орындарын құру;
4) мүгедектерге кәсiптiк оқуды ұйымдастыру арқылы қамтамасыз етедi.
32-бап. Мүгедектердiң еңбек қатынастары саласындағы құқықтары
2015.23.11. № 415-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1. Бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектер үшiн аптасына отыз алты сағаттан аспайтын жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгiленедi, ұзақтығы кемінде күнтізбелік алты күн болатын жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалысы берiледi.
2. Түнгi уақыттағы жұмысқа мүгедектiң келісімiмен және егер оның мұндай жұмыс iстеуiне денсаулық жағдайы бойынша тыйым салынбаған болса, рұқсат етiледi.
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
3. Медициналық қорытынды бойынша мүгедектің денсаулық жағдайы кәсiптiк мiндеттерiн орындауға кедергi келтiретiн не басқа адамдардың денсаулығына және еңбек қауiпсiздiгiне қауіп төндiретiн жағдайларды қоспағанда, мүгедектiк уәждері бойынша еңбек шартын жасасудан не қызмет бабында жоғарылатудан бас тартуға, жұмыс берушiнiң бастамасы бойынша мүгедектi жұмыстан босатуға, оның келiсiмiнсiз басқа жұмысқа ауыстыруға жол берiлмейдi.
2019.26.12. № 287-VІ ҚР Заңымен 32-1-баппен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
32-1-бап. Санаторийлік-курорттық емдеудің, протездік-ортопедиялық көмектің, техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдардың, арнаулы жүріп-тұру құралдарының, сондай-ақ жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының әлеуметтік көрсетілетін қызметтерінің құнын өтеу
1. Жеке оңалту бағдарламаларына сәйкес әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің порталы арқылы санаторийлік-курорттық емдеуді, протездік-ортопедиялық көмекті, техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдарды, арнаулы жүріп-тұру құралдарын, сондай-ақ жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының әлеуметтік көрсетілетін қызметтерін сатып алу кезінде мүгедектің олардың құнын, бірақ осы баптың 2-тармағында көзделген кепілдік берілген сома мөлшерінен асырмай жергілікті атқарушы органдарға өтетуге құқығы бар.
Мүгедектер жеке оңалту бағдарламаларына сәйкес әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы санаторийлік-курорттық емдеуді, протездік-ортопедиялық көмекті, техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдарды, арнаулы жүріп-тұру құралдарын, сондай-ақ жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының әлеуметтік көрсетілетін қызметтерін кепілдік берілген сомадан асатын бағамен сатып алған кезде кепілдік берілген сома мен сатып алынған тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің іс жүзіндегі құны арасындағы айырманы мүгедек меншікті қаражаты есебінен дербес өзі төлейді.
2. Әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы сатып алынатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің құнын өтеу ретінде берілетін кепілдік берілген сома мынадай мөлшерлерде:
санаторийлік-курорттық емдеуге, протездік-ортопедиялық көмекке, техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдарға, арнаулы жүріп-тұру құралдарына - өнім берушілер әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында тіркеу кезінде оларды мүгедектерге өткізу үшін берген бағалардың халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен есептелетін орташа мәні мөлшерінде;
жеке көмекшінің әлеуметтік көрсетілетін қызметтеріне - бір сағатқа, бірақ күніне сегіз сағаттан асырмай, әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманның жалақысы мөлшерінің есебімен;
ымдау тілі маманының әлеуметтік көрсетілетін қызметтеріне - бір сағатқа, бірақ жылына алпыс сағаттан асырмай, тиісті қаржы жылына республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен жалақы мөлшерінің он бес пайызы есебімен төленеді.
«Мүгедектерге тауарлар мен қызметтерді әлеуметтік қызметтер порталы арқылы сатқан кезде олардың құнын мемлекеттік бюджет қаражатынан өтеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 20 қаңтардағы № 14 бұйрығын қараңыз
2019.26.12. № 287-VІ ҚР Заңымен 32-2-баппен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
32-2-бап. Әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы
1. Әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесінің бір бөлігі болып табылады және мүгедектерге санаторийлік-курорттық емдеуді, протездік-ортопедиялық көмекті, техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдарды, арнаулы жүріп-тұру құралдарын, сондай-ақ жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының әлеуметтік көрсетілетін қызметтерін сатып алу мүмкіндігін беретін автоматтандырылған ақпараттық жүйені білдіреді.
2. Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар, сондай-ақ заңды тұлғалар мен олардың филиалдары әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында тауарларды және (немесе) көрсетілетін қызметтерді берушілер бола алады.
Әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында мынадай:
1) салықтық берешегі және әлеуметтік аударымдар бойынша берешегі жоқ;
2) банкроттық не тарату рәсіміне жатпайтын;
3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілмеген;
4) міндетті сертификаттауға жататын тауарларды беру кезінде сәйкестік сертификаты бар;
5) медициналық бұйымдарды беру кезінде тіркеу куәлігі бар;
6) тауарларды және (немесе) көрсетілетін қызметтерді өткізу үшін баға ұсынған өнім берушілер тіркеле алады.
Өнім беруші:
1) әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында тіркеуден шығару туралы өтініш берген;
2) қызметті тоқтатқан немесе қайтыс болған;
3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілген;
4) әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы өзіне алған міндеттемелерді орындамаған және (немесе) тиісінше орындамаған жағдайларда, әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында тіркеуден шығарылады.
Осы тармақтың үшінші бөлігінің 4) тармақшасында көрсетілген жағдайда, мүгедек өзіне өнім берушінің өз міндеттемелерін бұзу фактісі туралы белгілі болған күннен бастап күнтізбелік он төрт күннен кешіктірмей әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталына тиісті ақпаратты орналастырады. Осы ақпаратты жергілікті атқарушы орган құратын комиссия орналастырылған күнінен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды, ол өнім беруші тарапынан бұзушылықтардың болғанын немесе болмағанын айқындайды.
Өнім беруші осы тармақтың үшінші бөлігінің 3) тармақшасында көзделген негіз бойынша әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында тіркеуден шығарылған жағдайда, оның әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында келесі тіркелуі Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімінен ол туралы мәліметтер алып тасталғаннан кейін мүмкін болады.
Өнім беруші осы тармақтың үшінші бөлігінің 4) тармақшасында көзделген негіз бойынша әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында тіркеуден шығарылған жағдайда, оның әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында келесі тіркелуі тіркеуден шығарылған күннен бастап бір жылдан кейін ғана мүмкін болады.
Өнім берушілерді әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында тіркеу, сондай-ақ әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында тіркеуден шығару халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Мүгедектер мен өнім берушілер арасындағы санаторийлік-курорттық емдеуді, протездік-ортопедиялық көмекті, техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдарды, арнаулы жүріп-тұру құралдарын, сондай-ақ жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының әлеуметтік көрсетілетін қызметтерін әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы сатып алуға байланысты қатынастар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен, сондай-ақ әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында жасалатын шартпен реттеледі.
4. Әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталын дамытуды, қолдап отыруды және оған жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, әлеуметтік-еңбек саласы мәселелері жөніндегі мемлекеттік саясатты ақпараттық және талдамалық қолдауды қамтамасыз ететін заңды тұлға жүзеге асырады.
4-тарау. ЖҰМЫС БЕРУШІНІҢ МҮГЕДЕКТЕРДI ӘЛЕУМЕТТIК ҚОРҒАУ IСIНЕ ҚАТЫСУЫ
33-бап. Жұмыс берушiнiң әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерiне бара алуды қамтамасыз ету жөніндегі мiндетi
Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертігуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедектердiң өндiрiстiк үйлерге, ғимараттарға, үй-жайларға бара алуы үшiн жұмыс берушi жұмыс орындары мен жұмыс үй-жайларын жобалау және бейiмдеу арқылы жағдай жасайды, мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес тұрғын үй-жайларды арнаулы құралдармен және көмекшi құрылғылармен жабдықтайды.
34-бап. Жұмыс берушiнiң мүгедектердi жұмыспен қамту және кәсiптiк оңалту саласындағы мiндетi
Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертігуге ұшыраған және (немесе) кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедектердi жұмысқа орналастыру үшiн жұмыс берушi кәсiптiк оқытуды немесе қайта оқытуды, арнаулы жұмыс орындарын құруды осы Заңға сәйкес жеке қаражаты есебiнен қамтамасыз етедi.
35-бап. Жұмыс берушiнiң мүгедекке келтiрiлген зиянды өтеу жөніндегі мiндетi
Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертігуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедектерге келтiрiлген зиянды өтеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
5-тарау. МҮГЕДЕКТЕРДIҢ ҚОҒАМДЫҚ БIРЛЕСТIКТЕРI
36-бап. Мүгедектердiң қоғамдық бірлестiктерiнiң құқықтары және олардың өкiлеттiктерi
1. Мүгедектердiң қоғамдық бірлестiктерi үйлестiру кеңесiнiң жұмысына және мүгедектердi әлеуметтiк қорғауға байланысты мәселелердi шешуге қатысады.
2. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдар мүгедектердiң мүдделерiн қозғайтын шешiмдердi әзiрлеу мен қабылдау кезiнде мүгедектердiң қоғамдық бірлестiктерiмен және олардың өкiлеттi өкiлдерiмен өзара iс-қимыл жасайды.
2009.07.12. № 222-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Мүгедектердiң қоғамдық бірлестiктерiне, сондай-ақ олардың ұйымдарына олардың меншiгіндегі үйлер (құрылыстар, ғимараттар) салынған жер учаскелерiне меншiк құқығын мемлекеттік меншiктен жеке меншiкке беру Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда өтеусіз негізде жүзеге асырылады.
Мүгедектердiң қоғамдық бірлестiктерi қызметiн тоқтатқан немесе мүгедектердiң қоғамдық бірлестiктерiнiң, олардың ұйымдарының меншiгіндегі жылжымайтын мүлiктi иелiктен айырған жағдайда, олардың меншiгіндегі жер учаскелерi мемлекеттің меншiгiне қайтарылуға тиiс.
4. Мүгедектердiң қоғамдық бірлестiктерi:
2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1) орталық және жергiлiктi атқарушы органдарға мүгедектердiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету жөнiнде ұсыныстар енгізу;
2) әлеуметтiк қызметтердiң тиiстi түрлерiн көрсетудiң тиiмдiлiгiн бағалауға қатысу;
3) мүгедектердi әлеуметтiк қорғау мәселелерi жөнiнде әзiрленiп жатқан Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актілеріне ұсыныстар енгізу;
2018.28.12. № 210-VІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2019.13.12. № 280-VI ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 4) тармақша өзгертілді
4) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкiлеттi органмен немесе облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп спорттық iс-шараларды ұйымдастыру;
5) уәкiлеттi аумақтық мәдениет органдарымен бірлесiп ағарту және мәдени-көпшiлiк iс-шараларды ұйымдастыру арқылы мүгедектердi әлеуметтiк қорғау жөніндегі мемлекеттік саясатты қалыптастыруға қатысуға құқылы.
6-тарау. OCЫ 3AҢHЫҢ САҚТАЛУЫН БАҚЫЛАУ
2009.17.07. № 188-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 37-бап жаңа редакцияда
37-бап. Мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау
Мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру және бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырады.
38-бап. 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
7-ТАРАУ. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
39-бап. Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасын бұзуға кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылықта болады.
40-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң:
1) 2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 1-баптың 17) тармақшасын; 20-баптың 5-тармағын; 21-баптың 1-тармағының 4) тармақшасын; 22-баптың 3-тармағын; 26-баптың 1-тармағының 2) тармақшасын; 28-бапты;
2) 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 7-баптың 1-тармағының 8) тармақшасын; 25-баптың 3-тармағын қоспағанда, ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
2. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
1) «Қазақстан Республикасында мүгедектердiң әлеуметтiк қорғалуы туралы» 1991 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақ ССР Жоғарғы Советiнiң Ведомостары, 1991 ж., № 26, 345-құжат; Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1994 ж., № 9-10, 158-құжат; № 15, 208-құжат; 1995 ж., № 20, 120-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., № 7, 79-құжат; № 12, 184-құжат; № 17-18, 219-құжат; 1998 ж., № 24, 432-құжат; 1999 ж., № 8, 247-құжат; 2001 ж., № 1, 4-құжат; № 13-14, 173-құжат; 2002 ж., № 6, 71-құжат);
2) Қазақ ССР Жоғарғы Советiнiң «Қазақ ССР-iнде мүгедектердiң әлеуметтiк қорғалуы туралы» Қазақ ССР Заңын күшiне енгізу туралы» 1991 жылғы 21 маусымдағы Қаулысы (Қазақ ССР Жоғарғы Советiнiң Ведомостары, 1991 ж., № 26, 346-құжат).
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.Ә. Назарбаев
Астана, Ақорда, 2005 ж. сәуірдің 13-і.
№ 39-III