3. Егер шартта өзгеше көзделмесе, осы баптың ережесі қолданылады.
338-2-бап. Ұстап қалынған мүлік есебінен талаптарды қанағаттандыру
Затты ұстап қалушы несие берушінің талаптары кепілмен қамтамасыз етілген талаптарды қанағаттандыру үшін көзделген көлемде және тәртіппен заттың құнынан қанағаттандырылады.
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 18-тарау 7-параграфпен толықтырылды
§ 7. Кепiлдiк жарна
338-3-бап. Кепiлдiк жарна ұғымы
1. Сауда-саттық немесе өзге де мiндеттеменi орындау кезiнде шарт жасасу жөніндегі мiндеттемелердi орындауды қамтамасыз ету үшiн кепілдік жарнаны төлеушiнің кепiлдiк жарнаны алушыға беретiн ақша сомасы кепiлдiк жарна болып танылады.
2. Кепiлдiк жарнаны төлеу жөніндегі мiндеттеме заңнамалық актiлерде көзделген жағдайларда туындайды. Кепiлдiк жарнаны төлеу жөніндегі мiндеттеме тараптардың келісімiне байланысты да туындайды.
338-4-бап. Кепiлдiк жарнамен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамау, тоқтату немесе орындау салдары
1. Кепiлдiк жарнамен қамтамасыз етiлген мiндеттеме төлеушiнiң кiнәсiнен орындалмаған кезде кепiлдiк жарна екiншi тарапта қалады.
2. Кепiлдiк жарнамен қамтамасыз етiлген мiндеттеме кепiлдiк жарнаны алушының кiнәсiнен орындалмаған не тараптардың келісімi бойынша немесе олардың кiнәсiнсiз орындаудың мүмкiн болмауы салдарынан осы мiндеттеме тоқтатылған кезде кепiлдiк жарна қайтарылуға жатады.
3. Егер осы Кодексте, өзге де заңнамалық актiлерде, тараптардың келісімiнде өзгеше көзделмесе немесе мiндеттеменiң мәнiнен өзгеше туындамаса, шарт жасасу немесе кепiлдiк жарнамен қамтамасыз етiлген өзге мiндеттеменi орындау кезiнде кепiлдiк жарна сомасы жасалған шарт немесе өзге де кепiлдiк жарнамен қамтамасыз етiлген мiндеттеме бойынша кепiлдiк жарна алушыға тиесiлi екiншi тараптан түсетiн төлемдердiң есебiне жатқызылады.
19-тарау. Міндеттемедегі адамдардың ауыстырылуы
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 339-бап өзгертілді
339-бап. Несие берушi құқықтарының басқа адамға ауысу негiздерi мен тәртібі
1. Мiндеттеме негiзiнде несие берушiге тиесiлi құқықтың (талап етудiң) ол мәмiле (талап етудi беру) бойынша басқа адамға берiлуi; немесе ол құқық заң құжатының негiзiнде басқа адамға ауыстыруы мүмкiн.
Несие берушi құқықтарының басқа адамға ауысуы жөніндегі ережелер регрестi талаптарға қолданылмайды.
2. Несие берушi құқықтарының басқа адамға ауысуы үшiн, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, борышқордың келісімi талап етiлмейдi.
3. Егер несие берушi құқықтарының басқа адамға ауысқаны жөнiнде борышқорға жазбаша түрде хабарланбаса, жаңа несие берушi осыдан туындайтын өзiне қолайсыз салдарға тәуекел етедi. Бұл жағдайда бастапқы несие берушiге мiндеттеменi орындағаны тиiстi несие берушiге орындағаны болып табылады.
4. Мiндеттеменiң жекелеген түрлерi бойынша талап ету құқығын берудiң ерекшелiктерi заң актілерінде белгiленуi мүмкiн.
340-бап. Басқа адамдарға ауыстыруға болмайтын құқықтар
Несие берушiнiң жеке басымен тығыз байланысты құқықтардың, атап айтқанда алимент жөніндегі және азаматтың өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянның орнын толтыру жөніндегі талаптардың басқа адамға ауысуына жол берiлмейдi.
ҚР 11.07.97 ж. № 154 Заңымен 341-бап өзгертiлдi
341-бап. Несие берушiнiң басқа адамға ауысатын құқықтарының көлемi
Егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, бастапқы несие берушiнiң құқығы жаңа несие берушiге құқықтың ауысуы кезiнде болған көлемде және сондай жағдайларда ауысады. Атап айтқанда, жаңа несие берушiге мiндеттеменi орындауды қамтамасыз ететiн, сондай-ақ басқа да құқықты, соның iшiнде алынбаған сыйақыға (мүддеге) құқықты талап етуге байланысты құқықтар ауысады.
342-бап. Жаңа несие берушiнiң құқықтарына дәлелдемелер
1. Борышқор талаптардың осы адамға ауысқанына дәлелдемелердi өзiне табыс еткенше жаңа несие берушiге мiндеттемелердi орындамауға құқылы.
2. Талап етудi басқа адамға берген несие берушi оған талап ету құқықтарын куәландыратын құжаттарды беруге және талапты жүзеге асыру үшiн маңызы бар мәлiметтердi хабарлауға мiндеттi.
343-бап. Жаңа несие берушiнiң талабына борышқордың қарсылық бiлдiруi
Борышқор мiндеттеме жөніндегі құқықтардың жаңа несие берушiге ауысқаны туралы хабарды алар кезiнде бастапқы несие берушiге қоймақшы болған қарсылықтарын жаңа несие берушiнiң талаптарына қарсы қоюға құқылы.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 344-бап өзгертiлдi
344-бап. Несие берушi құқықтарының заң құжаттары негiзiнде басқа адамға ауысуы
Мiндеттеме жөніндегі несие берушiнiң құқықтары заң құжаттары және соларда көрсетiлген мынадай жағдайлардың болуы негiзiнде:
1) несие берушiнiң құқықтарындағы әмбебап құқықты мирасқорлық нәтижесiнде;
2) заң құжаттарында мұндай ауысу мүмкiндiгi көзделсе, несие берушi құқықтарының басқа адамға ауысуы туралы сот шешiмi бойынша;
3) мiндеттеменi оның кепiл болушысы, тапсырушысы немесе осы мiндеттеме бойынша борышқор болып табылмайтын кепiлге зат берушiнiң орындалуы нәтижесiнде;
4) сақтандырушы сақтандыратын жағдайдың басталуына жауапты борышқорға несие берушiнiң құқықтарын алып берген кезде;
5) заң құжаттарында көзделген өзге жағдайларда басқа адамға ауысады.
345-бап. Талап етудi беру шарттары
1. Несие берушiнiң талап етудi басқа адамға беруiне жол берiледi, себебi ол заң құжаттарына немесе шартқа қайшы келмейдi.
2. Егер несие берушiнiң жеке басының борышқор үшiн елеулi маңызы болса, борышқордың келісімiнсiз мiндеттеме жөніндегі талап етудi беруге жол берiлмейдi.
346-бап. Талап етудi беру нысаны
1. Жазбаша (жай немесе нотариалды) түрде жасалған мәмiлеге негiзделген талап етудi беру тиiстi жазбаша түрде жасалуға тиiс.
2. Мемлекеттік тiркеудi талап ететiн мәмiле бойынша талап етудi беру осы мәмiленi тiркеу үшiн белгiленген тәртiп бойынша тiркелуге тиiс.
3. Ордерлi бағалы қағаз бойынша талап етудi беру осы бағалы қағаздағы индоссамент арқылы жасалады (осы Кодекстiң 132-бабының 3-тармағы).
ҚР 03.06.03 ж. № 426-II Заңымен 347-бап толықтырылды
347-бап. Талап етудi берген несие берушiнiң жауапкершiлiгi
Талап етудi берген бастапқы несие берушi жаңа несие берушiнiң алдында оған берiлген талаптардың жарамсыздығы үшiн жауап бередi, бiрақ бұл талапты борышқордың орындамағаны үшiн бастапқы несие берушi жаңа несие берушiнiң алдында борышқор үшiн кепiл болуды өзiне алғаннан басқа жағдайда, сондай-ақ егер осы Кодексте немесе шартта өзгеше көзделмесе, жауап бермейдi.
ҚР 02.03.98 № 211 Заңымен 348-бап өзгертілді
348-бап. Борыштың ауысуы
1. Борышқордың өз борышын басқа адамға ауыстыруына тек несие берушiнiң келісімiмен ғана жол берiледi.
2. Жаңа борышқор несие берушiмен бастапқы борышқордың арасындағы қатынастарға негiзделген қарсылықтарын несие берушiнiң талабына қарсы қоюға құқылы.
3. Борышты аудару нысанына тиiсiнше осы Кодекстiң 346-бабының 1 және 2-тармақтарындағы ережелер қолданылады.
4. Мiндеттеменiң жекелеген түрлерi бойынша қарызды аудару ерекшелiктерi заң актілерінде белгiленуi мүмкiн.
20-тарау. Міндеттеменің бұзылғандығы үшін жауаптылық
349-бап. Мiндеттеменiң бұзылғандығы ұғымы
1. Мiндеттеменi орындамау, не тиiстi дәрежеде орындамау (мезгiлiнде орындамау, тауарлар мен жұмыстарды толық орындамау, мiндеттеме мазмұнында белгiленген басқа жағдайларды бұзып орындау) тиiсiнше орындамау оның бұзылуы деп түсiнiледi. Тиiстi дәрежеде орындауға мүмкiндiк болмаған жағдайда борышқор бұл туралы несие берушiге дереу хабарлауға мiндеттi.
2. Мiндеттеменi бұзғандық үшiн борышқорды жауапқа тарту несие берушiнiң талап етуi бойынша жүргiзiледi.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 350-бап өзгертілді
350-бап. Мiндеттеменiң бұзылуынан туындаған залалдардың орнын толтыру
1. Мiндеттеменi бұзған борышқор несие берушiге оның бұзылуынан туындаған залалдың орнын толтырып беруге мiндеттi (осы Кодекстiң 9-бабының 4-тармағы). Айып төлеумен қамтамасыз етiлген мiндеттемедегi залалдың орнын толтыру осы Кодекстiң 351-бабында көзделген ережелермен белгiленедi.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Мiндеттеменiң бұзылуынан туындаған залалдың орнын толтырудан борышкерді босату жөнiндегi мiндеттеме бұзылғанға дейiн қабылданған тараптардың келiсiмi маңызсыз болады, алайда тараптар өзара келiсiм бойынша мүлiктегi нақты келтiрiлген зиянды ғана өндiрiп алуды көздеуi мүмкiн.
3. Егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, залалды анықтаған кезде, мiндеттеме орындалуға тиiстi жерде, борышқор несие берушiнiң талабын өз ықтиярымен қанағаттандырған күнi, ал егер талап ерiктi түрде қанағаттандырылмаса, талап арыз берiлген күнi қолданылған баға назарға алынады. Мән-жай негiзге ала отырып, сот шешiм шығарған күнi не нақты төлем төленген күнi қолданылған бағаны назарға ала келiп, залалдың орнын толтыру туралы талапты қанағаттандыра алады.
4. Айырылып қалған пайданың мөлшерiн анықтаған кезде оны алу үшiн несие берушi алдын ала қолданған шаралар және осы мақсатта жасалған дайындықтар ескерiледi.
5. Егер мұның өзi мiндеттеменi бұзғаны үшiн жауапкершiлiктен жалтару мақсатымен жасалғанын дәлелдесе, несие берушi борышқордың, сондай-ақ оның мүлiк иесiнiң кез келген iс-әрекетiн жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы.
351-бап. Залалдар және айып төлеу
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Егер мiндеттеменiң орындалмағаны немесе тиiстi дәрежеде орындалмағаны үшiн айып төлеу белгiленсе, залалдар айып төлеумен жабылмаған бөлiгiнде өтеледi.
Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде немесе шартта: залал толық сомасында тұрақсыздық айыбынан тыс өндiрiп алынуы мүмкiн; кредитордың таңдауы бойынша не тұрақсыздық айыбы, не шығын өндiрiп алынуы мүмкiн болатын жағдайлар көзделуi мүмкін.
Мiндеттеменiң орындалмағаны немесе тиiсінше орындалмағаны үшiн тұрақсыздық айыбы ғана белгiленуі мүмкін болатын жағдайлар Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде айқындалады.
2. Мiндеттеменiң орындалмағаны немесе тиiстi дәрежеде орындалмағаны үшiн шектелген жауаптылық белгiленген жағдайларда айып төлеу арқылы жабылмаған бөлiгiнде, не одан тыс, не оның орнына өтелуге жататын залал осындай шектелумен белгiленген шекке дейiн өндiрiп алынуы мүмкiн.
352-бап. Мiндеттеменiң бұзылуынан келтiрiлген моральдық нұқсанды өтеу
Мiндеттеменiң бұзылуынан келтiрiлген моральдық нұқсан осы Кодекстiң 350-бабында көзделген залалдардан тыс өтеледi.
ҚР 11.07.97 ж. № 154 Заңына сәйкес 353-бап жаңа редакцияда; 2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен 353-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
353-бап. Басқаның ақшасын заңсыз пайдаланғаны үшiн жауапкершiлiк
1. Ақша мiндеттемесiн орындамау салдарынан бiреудiң ақшасын заңсыз пайдаланғаны не оларды төлеу мерзiмiн өткiзiп жiбергенi, не оларды негiзсiз алғаны немесе басқа адамның есебiне сақтағаны үшiн тұрақсыздық айыпақы төленуге тиiс. Айыпақының мөлшерi ақша мiндеттемесiн немесе оның тиiстi бөлiгiн орындаған күнгi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген қайта қаржыландырудың ресми ставкасы негiзiнде есептеледi. Борышты сот тәртібімен өндiрiп алу кезiнде сот несие берушінің таңдауы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қуыным жасалған немесе шешiм шығарылған немесе iс жүзiнде төленген күнгi қайта қаржыландырудың ресми ставкасын негiзге ала отырып, несие берушiнiң талабын қанағаттандыра алады. Егер заң құжаттарында немесе шартта айыпақының өзге мөлшерi белгiленбесе, осы ережелер қолданылады.
2. Басқаның ақшасын пайдаланғаны үшiн айыпақы, егер заңдарда немесе шартта айыпақы сомаларын есептеудiң өзге тәртібі белгiленбесе, бұл ақшаның сомасы несие берушiге төленген күнге дейiн өндiрiлiп алынады.
3. Егер несие берушiнiң ақшасын заңсыз пайдаланудан оған келтiрiлген залал осы баптың 1-тармағының негiзiнде оған тиесiлi айыпақының сомасынан асып кетсе, ол борышқордан осы сомадан асатын бөлiкте залалды өтеудi талап етуге құқылы.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 354-бап өзгертiлдi
354-бап. Жауапкершiлiк және мiндеттеменi заттай орындау
1. Мiндеттеме тиiстi дәрежеде орындалмаған жағдайда айып төлеу және залалдарды өтеу, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, борышқорды мiндеттеменi орындаудан босатпайды.
2. Мiндеттеме орындалмаған жағдайда залалды өтеу және оны орындамағаны үшiн айып төлеу, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, борышқорды міндеттеменi заттай орындаудан босатады.
3. Мерзiмi өтiп кеткендiктен өзi үшiн ендi керегi болмай қалған мiндеттеменiң орындалуынан несие берушiнiң бас тартуы (осы Кодекстiң 365-бабы), сондай-ақ бас тарту төлемi ретiнде белгiленген ақшалай соманы төлеу (осы Кодекстiң 369-бабы) борышқорды мiндеттеменi заттай орындаудан босатады.
355-бап. Белгiлi бiр затты жеке беру мiндеттемесiн орындамаудың салдары
1. Белгiлi бiр затты меншiкке, шаруашылық жүргiзуге, жедел басқаруға немесе несие берушiнiң пайдалануына жеке беру мiндеттемесiн орындамаған жағдайда, бұл затқа үшiншi жақтың артықшылық құқығы болмаса, несие берушi оны борышқордан алып қоюды және несие берушiге берудi талап етуге құқылы.
2. Затты беру борышқорды залалдың орнын толтырудан босатпайды.
356-бап. Мiндеттеменi борышқордың есебiнен орындау
Борышқор затты жасап, несие берушiге беру немесе оған белгiлi бiр жұмыс жасап беру немесе қызмет көрсету мiндеттемесiн орындамаған жағдайда заңдардан, шарттан немесе мiндеттеменiң мәнiнен өзгеше туындамайтындықтан, несие берушi мiндеттеменi орындауды үшiншi адамдарға ақылға қонымды бағаға ақылға қонымды мерзiмде тапсыруға немесе оны өз күшiмен орындауға және шыққан қажеттi шығындар мен басқа залалдарды өтеудi борышқордан талап етуге құқылы.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 357-бап өзгертiлдi
357-бап. Субсидиялық жауапкершiлiк
1. Заңдарға немесе мiндеттеменiң шарттарына сәйкес негiзгi борышқор болып табылатын (субсидиялық жауапкершiлiк) басқа адамның жауапкершiлiгiне қосымша жауапты болатын адамға талап қойғанға дейiн кепiл берушi талапты негiзгi борышқорға қоюға тиiс.
Егер негiзгi борышқор несие берушiнiң талабын қанағаттандырудан бас тартса, не оны толық орындамаса немесе несие берушi одан қойылған талапқа ақылға қонымды мерзiмде жауап алмаса, бұл талаптың орындалмаған бөлiгi субсидиялық жауапкершiлiгi бар адамға қойылуы мүмкiн.
2. Егер бұл талап негiзгi борышқорға қарсы қойылған талапқа жатқызу (осы Кодекстiң 370-бабы) арқылы қанағаттандырылуы мүмкiн болса, несие берушi өзiнiң негiзгi борышқорға қоятын талабын субсидиялық жауапкершiлiгi бар адамның қанағаттандыруын талап етуге құқылы емес.
3. Субсидиялық жауапкершiлiгi бар адам оған несие берушi қойған талапты қанағаттандыруға дейiн бұл туралы негiзгi борышқорға ескертуге, ал егер мұндай адамның үстiнен талап арызы түссе, негiзгi борышқорды iске қатыстыруға тиiс.
Олай болмаған жағдайда негiзгi борышқордың несие берушiге қарсы айтайын деген қарсылықтарын субсидиялық жауапкершiлiгi бар адамның регрестiк талабына қарсы қоюға құқығы бар.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 358-бап өзгертiлдi
358-бап. Мiндеттемелер жөніндегі жауапкершiлiктiң мөлшерiн шектеу
1. Мiндеттеменiң кейбір түрлерi бойынша және қызметтiң белгiлi бiр түрлерiне байланысты мiндеттемелер бойынша заң құжаттары залалды толық өтеу құқығын шектей алады (шектелген жауапкершiлiк).
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Егер мiндеттемелердiң осы түрi немесе осындай құқық бұзушылық үшiн жауапкершiлiк мөлшерi заңдармен белгiленген болса, қосылу шарты бойынша немесе тұтынушы ретіндегі азамат несие берушi болып табылатын өзге шарт бойынша борышқордың жауапкершiлiк мөлшерiн шектеу жөніндегі келісім маңызсыз болады.
359-бап. Мiндеттеменiң бұзылғандығы үшiн жауапкершiлiк негiздерi
1. Борышқор кiнәлi болған кезде, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, мiндеттеменi орындамағаны және (немесе) тиiстi дәрежеде орындамағаны үшiн жауап бередi. Егер борышқор мiндеттеменi тиiстi дәрежеде орындау үшiн өзiне байланысты шаралардың барлығын қолданғаны дәлелдесе, ол кiнәсiз деп танылады.
2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырған кезде мiндеттеменi орындамаған немесе тиiстi дәрежеде орындамаған адам, егер бой бермейтiн күштiң, яғни осы жағдайлар кезіндегі төтенше және тойтаруға болмайтын мән-жайлардың (дүлей құбылыстар, соғыс қимылдары, төтенше жағдай және т.б.) салдарынан тиiстi дәрежеде орындауға мүмкiндiк болмағандығын дәлелдей алмаса, мүлiктiк жауаптылықты көтередi. Ондай мән-жайларға, атап айтқанда, мiндеттеменi орындау үшiн қажеттi тауарлардың, жұмыстардың немесе қызмет көрсетудiң рынокта болмауы жатпайды.
Заңдарда немесе шартта жауапкершiлiктiң және одан босатылудың өзге негiздерi ескерiлуi мүмкiн.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Мiндеттеменi әдейі бұзғаны үшiн жауапкершiлiктi жою немесе шектеу туралы алдын ала жасалған шарт маңызсыз болады.
360-бап. Мiндеттемедегi кәсiпкерлiк тәуекел
Егер мiндеттемеде кәсiпкердiң тапсырысы бойынша әлдебiр жұмысты орындау көзделсе, жұмыстың нәтижесiн пайдаланудың мүмкiн еместiгi немесе оны пайдаланудың тиiмсiз болу тәуекелi кәсiпкерге жүктеледi. Жұмысты тиiстi дәрежеде орындаған адам, егер шартта өзге кәсiпкерлiк тәуекелдi бөлу көзделмесе, орындау дәрежесiне сәйкес ақы алуға құқылы.
361-бап. Екiжақты шартты орындамаудың салдары
Егер екiжақты шартта тараптардың бiрде-бiрi жауап бермейтiн мән-жайдың салдарынан тараптардың бiреуi үшiн мiндеттеменi орындауға мүмкiншiлiк болмаса, заң құжатында немесе шартта өзгеше көзделмегендiктен, шарттың орындалуын тараптардың ешқайсысының да талап етуге құқығы жоқ. Мұндай жағдайда тараптардың әрқайсысы өзi орындағанның бәрiн қайтаруды тиiстi қарсы орындауды алмай-ақ талап етуге құқылы.
362-бап. Борышқордың өз қызметкерлерi үшiн жауапкершiлiгi
Борышқордың мiндеттемесiн орындау жөніндегі лауазымды адамдарының немесе өзге қызметкерлерiнiң әрекеттерi борышқордың әрекеттерi болып есептеледi. Борышқор бұл әрекеттер үшiн, егер олар мiндеттеменi орындамауға немесе тиiстi дәрежеде орындамауға әкелiп соқтырса, жауап бередi.
363-бап. Борышқордың үшiншi жақтардың әрекеттерi үшiн жауапкершiлiгi
1. Үшiншi жақтардың борышқор алдындағы өз мiндеттерiне қатысты әрекетi не әрекетсiздiгi мiндеттеменi бұзудың себебi болғанда да борышқор несие берушiнiң алдында жауап бередi.
Егер заңдарда тiкелей орындаушы жауап бередi деп белгiленбесе, борышқор несие берушi алдындағы өз мiндетiн жүктеген үшiншi жақтардың әрекетi немесе әрекетсiздiгi үшiн де жауап бередi.
2. Борышқор үшiншi жақтардың әрекеттерiнен немесе әрекетсiздiгiнен мiндеттеменi бұзғаны үшiн жауапкершiлiктен олардың кiнәсiздiгi дәлелденгеннен кейiн босатылуы мүмкiн.
Кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырған кезде борышқор үшiншi жақтардың әрекеттерiнен немесе әрекетсiздiгiнен мiндеттеменi бұзғаны үшiн жауапкершiлiктен, егер оған дүлей күштер себепшi болса, босатылады (осы Кодекстiң 359-бабының 2-тармағы).
3. Үшiншi жақтардың құқықтарымен мiндеттеме нысанасын ауырлатуға байланысты мiндеттеме бұзылғанда, егер ондай ауырлату несие берушiмен шарт жасасқанға дейiн пайда болса және несие берушiге ол туралы шарт жасасу кезiнде ескертiлсе ғана борышқор жауапкершiлiктен босатылады.
4. Заңдарда немесе шартта үшiншi жақтардың әрекеттерi үшiн борышқор жауапкершiлiгiнiң өзге жағдайлары көзделуi мүмкiн.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 364-бап өзгертiлдi
364-бап Несие берушiнiң кiнәсi
1. Егер мiндеттеменiң орындалмауы немесе тиiстi дәрежеде орындалмауы екi тараптың да кiнәсiнен болса, сот оған сәйкес борышқор жауапкершiлiгiнiң көлемiн азайтады. Сот, егер несие берушi мiндеттеменiң орындалмауынан немесе тиiстi дәрежеде орындалмауынан келтiрiлген залал көлемiнiң ұлғаюына қасақана немесе абайсызда себепкер болса немесе олардың азаюына ақылға қонымды шаралар қолданбаса, борышқор жауапкершiлiгiнiң мөлшерiн де азайтады.
2. Борышқор заң актілері немесе шарт бойынша өзiнiң кiнәсiне қарамастан мiндеттеменiң орындалмағанына немесе тиiстi дәрежеде орындалмағанына жауап беретiн жағдайларда да осы баптың 1-тармағының ережелерi тиiсiнше қолданылады.
365-бап. Борышқордың мерзiмдi өткiзiп алуы
1. Мiндеттеменiң орындалу мерзiмiн өткiзiп алған борышқор несие берушiнiң алдында мерзiмдi өткiзiп алу арқылы келтiрiлген залал үшiн және мерзiмiн өткiзiп алу кезiнде туындаған кездейсоқтықтан орындай алмауының салдары үшiн жауап бередi.
2. Егер борышқордың мерзiмдi өткiзiп алуы салдарынан мiндеттеменi орындау несие берушiге керексiз болып қалса, ол мiндеттеменi орындауды қабылдаудан бас тартып, залалды өтеудi талап ете алады.
3. Несие берушiнiң мерзiмдi өткiзiп алуы себептi мiндеттеме әзiрше орындала алмайтын болса, борышқор мерзiмдi өткiзiп алушы болып саналмайды (осы Кодекстiң 366-бабы).
ҚР 11.07.97 ж. № 154 Заңымен 366-бап өзгертiлдi
366-бап. Несие берушiнiң мерзiмдi өткiзiп алуы
1. Егер несие берушi борышқор ұсынған тиiстi дәрежедегi орындауды қабылдаудан бас тартса, немесе заңдарда немесе шартта көзделген, не iскерлiк айналым дәстүрлерiнен немесе аяқталғанға дейiн борышқор өз мiндетiн атқара алмаған мiндеттiң мәнiнен туындайтын әрекеттердi жасамаған болса, ол мерзiмдi өткiзiп алған болып есептеледi.
Борышқордың мiндеттеменi орындағанын тиiстi түрде растаудан бас тартқан жағдайда да несие берушi мерзiмдi өткiзiп алған болып есептеледi.
2. Егер несие берушi мерзiмдi өткiзiп алу, не өзi, не заңдар бойынша немесе несие берушiнiң тапсыруымен мiндеттеменiң орындалуын қабылдап алу жүктелген адамдар жауап бермейтiн жағдайларға байланысты болғанын дәлелдеп бермесе, несие берушiнiң мерзiмдi өткiзiп алуы борышқорға мерзiмдi өткiзiп алудан келтiрiлген залалдың орнын толтыруға құқық бередi.
Мерзiмдi өткiзiп алған несие берушiге мерзiмдi өткiзiп алған кезде мiндеттеменi орындаудың кездейсоқ мүмкiн болмай қалуының барлық қолайсыз салдары жүктеледi.
3. Ақшалай мiндеттеме бойынша борышқор несие берушiнiң мерзiмдi өткiзiп алғаннан кейiнгi уақытына сыйақы (мүдде) төлеуге мiндеттi емес.
21-тарау. Міндеттемені тоқтату
367-бап. Мiндеттеменi тоқтату негiздерi
1. Мiндеттеме орындалса, талаптан бас тарту төлемi төленсе, борышты есепке жатқызылса, жаңғыртылса, борышты кешiру арқылы борышқор мен несие берушi бiр тұлға болса, орындауға мүмкiндiк болмаса, мемлекеттік органның құжаты шығарылса, азамат қайтыс болса, заңды тұлға таратылса, толық немесе iшiнара тоқтатылады.
2. Мiндеттеменi тараптардың бiреуiнiң талабы бойынша тек заңдарда көзделген жағдайларда ғана тоқтатуға жол берiледi.
3. Заңдар мен шартта мiндеттеменi тоқтатудың басқа да негiздерi көзделуi мүмкiн.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 368-бап өзгертілді
368-бап. Мiндеттеменi орындау арқылы тоқтату
1. Мiндеттеме тиiстi дәрежеде орындалғанда тоқтатылады.
2. алып тасталды
369-бап. Бас тарту төлемi
Тараптардың келісімi бойынша мiндеттеме орындалудың орнына бас тарту төлемiн беру (ақша төлеу, мүлiк беру және т.б.) арқылы тоқтатылуы мүмкiн. Бас тарту төлемiнiң мөлшерiн, мерзiмдерiн және тәртібін тараптар белгiлейдi.
ҚР 02.03.98 ж. № 211; 2005.23.12. № 107-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 370-бап өзгертiлдi; 2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен 370-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
370-бап. Мiндеттеменi есепке жатқызу арқылы тоқтату
1. Мiндеттеме мерзiмi жеткен, не мерзiмi көрсетiлмеген немесе мерзiмi талап ету кезiмен белгiленген бiртектес қарсы талапты есепке жатқызу арқылы толық немесе бөлiк-бөлiгiмен тоқтатылады. Есепке жатқызуға бiр тараптың өтiнiшi жеткiлiктi.
2. Мына талаптарды:
1) егер тараптардың бiрiнiң өтiнiшi бойынша талапқа заңды талап мерзiмiн қолдануға болса және ол мерзiм өтiп кетсе;
2) азаматтың өмірi мен денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу туралы;
3) алимент өндiрiп алу туралы;
4) өмiр бойы асырау туралы;
4-1) егер кредитордың талабы талап ету құқығын басқаға беру шартынан (шарттарынан) туындайтын болса, лицензиядан айрылған не консервациялау немесе тарату процесінде тұрған банкке қойылатын талаптарды;
5) заңдарда немесе шартта көзделген басқа да жағдайларды есепке жатқызуға жол берiлмейдi.
3. Талап өзгеге өткен жағдайда борышқор жаңа несие берушiнiң талабына қарсы өзiнiң бастапқы несие берушiге керi талабын есепке жатқызуға құқылы.
Егер талап борышқор талап етудi беру туралы хабарды алған кездегi негiзден туындаса және талап мерзiмi оны алғанға дейiн туса, не ол мерзiм көрсетiлмесе немесе талап ету кезiмен белгiленсе, ол есепке жатқызылады.
371-бап. Мiндеттеменiң борышқор мен несие берушінiң бiр тұлға болуы себептi тоқтатылуы
Мiндеттеме борышқор мен несие берушi бiр тұлға болуы себептi тоқтатылады.
372-бап. Мiндеттеменiң жаңғыртылуға байланысты тоқтатылуы
1. Мiндеттеме тараптардың арасында болған бастапқы мiндеттеменi ауыстыру туралы келісіммен сол адамдардың арасындағы орындаудың өзге нысанасын немесе әдiсiн көздейтiн басқа мiндеттемемен (жаңғыртылуға байланысты) тоқтатылады.
2. Азаматтың өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу жөніндегі және алимент төлеу жөніндегі мiндеттемелерге қатысты жаңғыртылуға жол берiлмейдi.
3. Жаңғыртылу, егер тараптардың келісімiнде өзгеше көзделмесе, бастапқы мiндеттемеге байланысты қосымша мiндеттемелердi тоқтатады.
373-бап. Борышты кешiру
Несие берушi борышқорды мойнына алған мiндеттерiнен босатқанда, егер бұл несие берушiнiң мүлкiне қатысты басқа адамдардың құқықтарын бұзбайтын болса, мiндеттеме тоқтатылады.