Бұл ретте кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру басталған күннен бастап оны салық органында тіркеген күнге дейінгі кезең үшін осындай бейрезидент-заңды тұлға есептеген корпоративтік табыс салығының сомасы көрсетілген кезеңге осындай бейрезидент-заңды тұлғаның кірісінен осы тармаққа сәйкес төлем көзінен ұстап қалған корпоративтік табыс салығының сомасына азайтылады.
Азайту салық агентінің салықты ұстап қалғанын растайтын құжаттар болған кезде жүргізіледі.
74-тарау. БЕЙРЕЗИДЕНТ-ЖЕКЕ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ КІРІСТЕРІНЕ САЛЫҚ САЛУ ТӘРТІБІ
654-бап. Бейрезидент-жеке тұлғаның салық салудан босатылған кірістері
Бейрезидент-жеке тұлғаның мынадай кірістері салық салуға жатпайды:
1) сыртқы сауда қызметі жөніндегі келісімшартқа байланысты Қазақстан Республикасының аумағында көрсетілген қызметтерді қоспағанда, осы сыртқы сауда қызметі шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағына тауарлар берумен байланысты төлемдер;
2) борыштық бағалы қағаздарды сатып алу кезінде олар бойынша жинақталған (есептелген) сыйақылардың резидент-сатып алушылар төлеген сомалары;
3) Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының ресми тізімінде осындай дивидендтер мен сыйақыларды есепке жазу күніне болатын бағалы қағаздар бойынша дивидендтер мен сыйақылар;
2018.26.12. № 203-VІ ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді, 2029 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады) (бұр.ред.қара)
4) егер осы баптың 3) тармақшасында өзгеше белгіленбесе, уәкілетті орган бекіткен тізбеге енгізілген жеңілдікті салық салынатын мемлекеттің резиденті болып табылатын тұлғаға төленетіндерді қоспағанда, бір мезгілде мынадай:
дивидендтерді есепке жазу күніне салық төлеушінің дивидендтер төленетін акцияларды немесе қатысу үлестерін үш жылдан астам иеленуі;
дивидендтер төлейтін резидент - заңды тұлғаның дивидендтер төленетін кезең ішінде жер қойнауын пайдаланушы болып табылмауы;
дивидендтер төлейтін резидент - заңды тұлғаның активтері құнында жер қойнауын пайдаланушылар (жер қойнауын пайдаланушы) болып табылатын тұлғалардың (тұлғаның) мүлкі дивидендтер төлеу күніне 50 пайыздан аспауы талаптары орындалған кездегі дивидендтер.
Егер, осы Кодекстің 293-бабы 1-тармағының 6) тармақшасында аталған заңды тұлғаны қоспағанда, дивидендтер төлейтін резидент - заңды тұлға есептелген корпоративтік табыс салығын қызмет бойынша, оның ішінде осындай азайту көзделген инвестициялық келісімшарт шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша 100 пайызға азайтуды жүргізген жағдайда, онда осы тармақшаның ережелері мынадай тәртіппен қолданылады:
егер тұтастай алғанда дивидендтер төлейтін резидент - заңды тұлға бойынша есептелген корпоративтік табыс салығының жалпы сомасындағы 100 пайызға азайтылған корпоративтік табыс салығының үлесі 50 және одан көп пайызды құраса, онда осы тармақшада көзделген осындай заңды тұлға төлейтін дивидендтерді босату қолданылмайды;
егер тұтастай алғанда дивидендтер төлейтін резидент - заңды тұлға бойынша есептелген корпоративтік табыс салығының жалпы сомасындағы 100 пайызға азайтылған корпоративтік табыс салығының үлесі 50 пайыздан аз болса, онда осы тармақшада көзделген осындай заңды тұлға төлейтін дивидендтерді босату дивидендтердің бүкіл сомасына қолданылады.
Осы тармақшаның ережелері резидент - заңды тұлғадан:
акциялар бойынша, оның ішінде депозитарлық қолхаттардың базалық активтері болып табылатын акциялар бойынша төленуге жататын кіріс;
резидент - заңды тұлға өзінің құрылтайшылары, қатысушылары арасында бөлетін таза кірістің бір бөлігі;
құрылтайшы, қатысушы жарғылық капиталға салым ретінде енгізген мүлікті қоспағанда, резидент - заңды тұлға таратылған кезде немесе құрылтайшылар, қатысушылар салымдарының мөлшерін пропорционалды азайту арқылы не құрылтайшылардың, қатысушылардың үлестерін толық немесе ішінара өтеу арқылы жарғылық капиталды азайту кезінде, сондай-ақ құрылтайшы, қатысушы резидент - заңды тұлғадағы қатысу үлесін алып қойған кезде мүлікті бөлуден түсетін кіріс түрінде алынған дивидендтерге ғана қолданылады.
Бұл ретте жер қойнауын пайдаланушылар (жер қойнауын пайдаланушы) болып табылатын тұлғалар (тұлға) мүлкінің дивидендтер төлейтін резидент - заңды тұлғаның активтері құнындағы үлесі осы Кодекстің 650-бабына сәйкес айқындалады.
Осы тармақшаның мақсатында жерасты суларын және (немесе) кең таралған пайдалы қазбаларды өз мұқтажы үшін өндіру құқығына ие болғандықтан ғана жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын осындай пайдаланушы жер қойнауын пайдаланушы болып танылмайды;
5) мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар, агенттік облигациялар бойынша сыйақылар және мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды және агенттік облигацияларды өткізу кезінде құн өсімінен түсетін кірістер;
6) өткізу күні Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының ресми тізімдерінде болатын қор биржасында ашық сауда-саттық әдісімен өткізу кезінде құн өсімінен түсетін кірістер;
7) егер осы тармақтың 6) тармақшасында өзгеше белгіленбесе, уәкілетті орган бекіткен тізбеге енгізілген, жеңілдікті салық салынатын мемлекеттің резиденті болған тұлғаның кірістерін қоспағанда, осы Кодекстің 644-бабы 1-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген, резидент-заңды тұлға шығарған акцияларды немесе резидент-заңды тұлғадағы немесе Қазақстан Республикасында құрылған консорциумдағы қатысу үлестерін өткізу кезіндегі құн өсімінен түсетін кірістер бір мезгілде мынадай:
акцияларды немесе қатысу үлестерін өткізу күніне салық төлеушінің осы акцияларды немесе қатысу үлестерін үш жылдан астам иеленуі;
осындай эмитент-заңды тұлғаның немесе қатысу үлесі өткізілетін заңды тұлғаның немесе қатысу үлесін осындай консорциумда өткізетін осындай консорциумға қатысушының жер қойнауын пайдаланушы болып табылмауы;
жер қойнауын пайдаланушылар (жер қойнауын пайдаланушы) болып табылатын осындай заңды тұлғалардың (тұлғаның) осындай эмитент-заңды тұлғаның немесе өзіндегі қатысу үлесі өткізілетін осындай заңды тұлғаның активтері құнындағы немесе қатысу үлесі өткізілетін осындай консорциумға қатысушылардың активтері жалпы құнындағы мүлкi осындай өткiзу күнiне 50 пайыздан аспауы талаптары орындалған кезде қолданылады.
Осы тармақшаның мақсатында тек қана жерасты суларын және (немесе) кең таралған пайдалы қазбаларды өз мұқтаждығы үшін өндіру құқығына ие болғандықтан жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын осындай пайдаланушы жер қойнауын пайдаланушы болып танылмайды.
Бұл ретте жер қойнауын пайдаланушылар (жер қойнауын пайдаланушы) болып табылатын тұлғалар (тұлға) мүлкінің акциялары немесе қатысу үлестері өткізілетін заңды тұлғаның немесе консорциумның активтері құнындағы үлесі осы Кодекстің 650-бабына сәйкес айқындалады;
8) осы Кодекстің 644-бабы 1-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген кірістерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде жұмыстарды орындаудан, қызметтер көрсетуден түсетін кірістер;
9) Қазақстан Республикасындағы аз қамтылған азаматтарды қолдауға (көмек көрсетуге) бағытталған, Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын үкіметаралық келісім шеңберіндегі грант қаражаты есебінен жүргізілетін төлемдер;
10) осы Кодекстiң 291-бабының 1-тармағында көрсетілген дербес бiлiм беру ұйымы тұруға, медициналық сақтандыруға, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегi тұрғылықты жерiнен Қазақстан Республикасындағы қызметтi жүзеге асыратын жерге бару және кері қайту жолында әуе көлiгiмен ұшуға арналған шығыстарды төлеу (өтеу) түрiнде іс жүзінде жүргізген:
осындай дербес білім беру ұйымының жұмыскері;
осындай дербес білім беру ұйымының жұмыстарын орындау, қызметтерін көрсету бойынша Қазақстан Республикасындағы қызметті жүзеге асыратын;
осындай дербес білім беру ұйымының жұмыстарын орындайтын, қызметін көрсететін бейрезидент-заңды тұлғаның жұмыскері және осындай жұмыстарды тікелей орындайтын және осындай қызметтерді көрсететін жұмыскер болып табылатын бейрезидент-жеке тұлға алған материалдық пайда;
11) тармақша 2020 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
11) осындай кредиттер бойынша сыйақы жөніндегі берешекті қоса алғанда, борышты кешіру осы Кодекстің 232-бабы 5-тармағының 11) тармақшасында айқындалған тәртіппен жүргізілген кредит (қарыз) бойынша берешек сомасы;
12) тармақша 2020 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
12) 2012 жылғы 31 желтоқсанды қоса санағанда есепке жазылған, осындай кредиттер бойынша сыйақы жөніндегі берешекті қоса алғанда, борышты кешіру осы Кодекстің 232-бабының 3-тармағында белгіленген тәртіппен және шарттармен жүргізілген кредит (қарыз) бойынша берешек сомасы.
655-бап. Төлем көзінен салық салуға жататын кірістер бойынша жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және аудару тәртібі
1. Егер осы бапта өзгеше белгiленбесе, бейрезидент-жеке тұлғаның осы Кодекстiң 656-бабының 1-тармағында көрсетілген кірістерді қоспағанда, Қазақстан Республикасындағы көздерден түсетін кірістеріне осы Кодекстiң 646-бабында көрсетiлген мөлшерлемелер бойынша төлем көзiнен жеке табыс салығы салықтық шегерiмдер жүзеге асырылмай салынады.
Осы баптың мақсатында бағалы қағаздарды, қатысу үлестерін өткізу кезіндегі құн өсімі осы Кодекстің 228-бабына сәйкес айқындалады.
2. Осы баптың ережелеріне қарамастан, бейрезидент-жеке тұлғаның осы Кодекстің 650-бабының 1-тармағында көрсетілген кірістерінен төлем көзінен жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және бюджетке аудару осы Кодекстің 650-бабында айқындалған тәртіппен жүргізіледі.
3. Төлем көзінен салық салуға жататын кірістер бойынша жеке табыс салығын есептеуді салық агенті салықтық шегерімдерді жүзеге асырмастан, осы Кодекстің 319-бабы 2-тармағында көзделген ережелерді ескере отырып, осы Кодекстің 322-бабының 1-тармағында айқындалған кірістерді қоса алғанда, бейрезидент-жеке тұлғаның мынадай кірістері:
жұмыс беруші болып табылатын резидентпен немесе бейрезидентпен жасасқан еңбек шарты (келісімі, келісімшарты) бойынша Қазақстан Республикасындғы қызметтен түсетін кірістері;
жұмыс берушіден алынған материалдық пайда түріндегі Қазақстан Республикасындағы қызметтен түсетін кірістері;
басшының гонорарлары және (немесе) басқару органы (директорлар кеңесі немесе өзге де орган) мүшелерінің аталған адамдардың осындай міндеттерді іс жүзінде орындаған жеріне қарамастан, өздеріне жүктелген резидентке қатысты басқарушылық міндеттерін орындауымен байланысты алатын өзге де төлемдері;
жұмыс беруші болып табылатын резиденттің немесе бейрезиденттің Қазақстан Республикасында тұруына байланысты оған төленетін үстемеақылары;
резидент-жинақтаушы зейнетақы қоры жүзеге асыратын зейнетақы төлемдері сомасына осы Кодекстің 320-бабының 1-тармағында белгіленген мөлшерлемені қолдану арқылы жүргізеді.
4. Төлем көзінен салық салуға жататын кірістер бойынша жеке табыс салығын есептеуді және ұстап қалуды салық агенті, осы баптың 7-тармағында көрсетілген жағдайды қоспағанда, бейрезидент-жеке тұлғаға кірістерін төлеу күнінен кешіктірмей жүргізеді.
Салық агенті төлем көзінен жеке табыс салығын бейрезидент-жеке тұлғаға кіріс төлеуді жүзеге асыру нысаны мен орнына қарамастан ұстайды.
5. Бейрезидент-жеке тұлғаның төлем көзінен салық салуға жататын кірістерінен жеке табыс салығын салық агенті тұрған жеріндегі бюджетке аударуды салық ұстап қалуға жататын айдан кейінгі айдың 25-күніне дейін жүргізеді.
6. Кіріс шетел валютасымен төленген кезде төлем көзінен салық салынатын кіріс мөлшері кірісті төлеу күнінің алдындағы соңғы жұмыс күні айқындалған валюта айырбастаудың нарықтық бағамы қолданыла отырып, теңгемен қайта есептеледі.
7. Қызметі осы Кодекстің 220-бабы 7-тармағының ережелеріне сәйкес Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құрмайтын бейрезиденттің шетелдік персоналды ұсынуы кезінде мұндай персоналдың Қазақстан Республикасындағы қызметтен алынған кірісіне төлем көзінен жеке табыс салығы салынады.
Бұл ретте бейрезидент-жеке тұлғаның кірістері, оның ішінде Қазақстан Республикасындағы қызметке байланысты мұндай тұлға алатын өзге де материалдық пайда жеке табыс салығын салу объектісі болып табылады.
Егер ұсынылған персоналға кірісті бейрезидент төлеген жағдайда, жеке табыс салығын есептеу мақсатында салық базасын осы Кодекстің 220-бабының 7-тармағына сәйкес бейрезидент ұсынатын құжаттар негізінде салық агенті айқындайды.
Шетелдік персонал кірісінен төлем көзінен жеке табыс салығын ұстап қалуды салық агенті бейрезидент-заңды тұлғаға шетелдік персоналды ұсыну жөніндегі көрсетілетін қызметтер үшін кірісті төлеу кезінде жүргізеді.
Төлем көзінен ұстап қалатын жеке табыс салығын есептеуді салық агенті салықтық шегерімдер жүзеге асырмастан, осы Кодекстің 319-бабы 2-тармағының ережелерін ескере отырып, шетелдік персоналдың осы тармаққа сәйкес айқындалған кірістерінің сомасына осы Кодекстің 320-бабының 1-тармағында белгіленген мөлшерлемені қолдану арқылы жүргізеді.
Салық агенті салық ұстап қалуға жататын айдан кейінгі айдың 25-күніне дейін төлем көзінен ұстап қалған жеке табыс салығының сомасын тұрған жері бойынша аударуға міндетті.
8. Төлем көзінен жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және бюджетке аудару жөніндегі міндет пен жауапкершілік бейрезидентке кірісті төлейтін және салық агенті деп танылған мынадай тұлғаларға:
1) дара кәсіпкерге;
2) Қазақстан Республикасында қызметті құрылымдық бөлімше арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғаға жүктеледі.
Бұл ретте бейрезидент-заңды тұлға Қазақстан Республикасының салық органдарында оның құрылымдық бөлімшесі тіркеу есебіне қойылған күннен бастап салық агенті деп танылады;
3) заңды тұлғаға, оның ішінде Қазақстан Республикасында қызметті құрылымдық бөлімше ашпай тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидентке жүктеледі.
Бұл ретте бейрезидент-заңды тұлға құрылымдық бөлімше ашпай, оның тұрақты мекемесі Қазақстан Республикасының салық органдарында тіркеу есебіне қойылған күннен бастап салық агенті деп танылады;
4) резидент-заңды тұлғаға, оның ішінде депозитарлық қолхаттардың базалық активінің эмитентіне жүктеледі.
Осы тараудың мақсаттары үшін резидент-заңды тұлға өз шешімімен осы Кодекстің 353-бабында айқындалған тәртіппен мұндай құрылымдық бөлімше төлеген (төлеуге жататын) төлем көзінен салық салынатын кірістер бойынша өзінің құрылымдық бөлімшесін төлем көзінен ұстап қалатын жеке табыс салығы бойынша салық агенті деп тануға құқылы;
5) заңды тұлғаға, оның ішінде осы Кодекстің 220-бабының 7-тармағының ережелеріне сәйкес қызметі тұрақты мекеме құрмайтын бейрезидент оған шетелдік персоналды берген, Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидентке;
6) осы Кодекстің 654-бабының 7) тармақшасында белгіленген талаптар орындалмаған кезде осы Кодекстің 650-бабы 1-тармағы бірінші бөлігінің 5) тармақшасында көрсетілген мүлікті сатып алатын бейрезидент-заңды тұлғаға жүктеледі.
9. Осы Кодекстің ережелеріне сәйкес бейрезидент-жеке тұлғаның кірістерінен есептелген жеке табыс салығының сомасын салық агенті өз қаражаты есебінен оны ұстап қалмай төлеген кезде, салық агентінің төлем көзінен жеке табыс салығын ұстап қалу және аудару жөніндегі міндеті орындалған болып саналады.
656-бап. Қызметі тұрақты мекеме құруға алып келмейтін бейрезидент-заңды тұлға Қазақстан Республикасына жіберген шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың кірістеріне салық салу тәртібі
1. Осы бапта белгіленген салық салу тәртібі қызметі Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құруға алып келмейтін бейрезидент-заңды тұлға Қазақстан Республикасына жіберген шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың осы Кодекстің 322-бабында айқындалған кірістерін, мыналарды:
жұмыс беруші болып табылатын осындай бейрезидент-заңды тұлғамен жасасқан еңбек шарты (келісімі, келісімшарты) бойынша Қазақстан Республикасындағы қызметтен;
осындай бейрезидент-заңды тұлғамен жасасқан азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт (келісімшарт) бойынша Қазақстан Республикасындағы қызметтен;
Қазақстан Республикасындағы қызметпен байланысты осындай бейрезидент-заңды тұлғадан алынған материалдық пайда түріндегі Қазақстан Республикасындағы қызметтен алынған (алуға жататын) кірістерін;
Қазақстан Республикасында тұруына байланысты осындай бейрезидент-заңды тұлға төлейтін үстемеақыларын қоса алғанда, кірістеріне қолданылады.
Осы баптың ережелері, егер осы Кодекстің 655-бабының 7-тармағында өзгеше белгіленбесе, қызметі Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құруға алып келмейтін бейрезидент-заңды тұлға Қазақстан Республикасына жіберген шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның кірістеріне бір мезгілде мынадай:
1) шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының аумағында жұмыстарды орындаудан, қызметтерді көрсетуден қызметі Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құруға алып келмейтін бейрезидент-заңды тұлғаның жұмыскері немесе мердігері болып табылуы;
2) шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның ағымдағы салықтық кезеңде аяқталатын кез келген қатарынан он екі айлық кезеңде кемінде күнтізбелік бір жүз сексен үш күн (келу және кету күнін қоса алғанда) Қазақстан Республикасында болуы талаптары орындалған кезде қолданылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның кірісінен төлем көзінен жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және бюджетке аудару жөніндегі міндет пен жауапкершілік бейрезидент-заңды тұлға пайдасына жұмыстарды орындайтын, қызметтер көрсететін тұлғаға (оның ішінде қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидентке) жүктеледі. Мұндай тұлға салық агенті деп танылады.
3. Салық агенті жеке табыс салығын есептеуді осы тармаққа сәйкес бейрезидент ұсынған құжатта көрсетілген шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның кірісінен осы Кодекстің 320-бабында белгіленген мөлшерлеме бойынша салықтық шегерімдерді жүзеге асырмай жүргізеді. Бұл ретте бейрезидент-заңды тұлға салық агентіне:
Қазақстан Республикасына жіберілген шетелдікпен немесе азаматтығы жоқ адаммен жасасқан еңбек шартының (келісімшартының) және (немесе) азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттың нотариат куәландырған көшірмелерін;
осындай бейрезидентпен жасасқан еңбек шартының және (немесе) азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттың шеңберінде жалдау бойынша жеке тұлғаның жұмыстан алынатын кірістері туралы мәліметті қамтитын басқа да құжатты ұсынуға міндетті.
Салық агентіне осы тармақта көрсетілген құжаттар ұсынылмаған жағдайда бейрезидент-заңды тұлғаға орындалған жұмыстар, көрсетілетін қызметтер үшін төленуге жататын кірістің 80 пайызы мөлшеріндегі кірісі төлем көзінен жеке табыс салығын салуға жатады.
4. Салық агентi кіріс төлеудi жүзеге асырудың нысаны мен орнына қарамастан, бейрезидент-заңды тұлғаға кіріс төлеу күнінен кешіктірмей төлем көзiнен жеке табыс салығын есептейді және ұстайды.
5. Бюджетке шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның кірістерінен жеке табыс салығын аударуды салық агенті өзінің тұрған жері бойынша осы баптың 4-тармағына сәйкес салық ұстап қалуға жататын айдан кейінгі айдың 25-күніне дейін жүргізеді.
657-бап. Жеке табыс салығы мен әлеуметтік салық бойынша декларацияны тапсыру
Жеке табыс салығы мен әлеуметтік салық бойынша декларацияны салық агенті тоқсан сайын, есепті салықтық кезеңдер кіретін тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірмей салық төлеу орны бойынша салық органына тапсырады.
658-бап. Жекелеген жағдайларда бейрезидент-жеке тұлғаның кірістерінен жеке табыс салығын есептеу мен төлеу тәртібі
1. Осы баптың ережелерi бейрезидент-жеке тұлғаның осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес салық агенті болып табылмайтын тұлғадан Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған кірістеріне қолданылады.
2. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, бейрезидент-жеке тұлғаның осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес салық агенті болып табылмайтын тұлғадан Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған кірістерінен жеке табыс салығын есептеу салық шегерiмдерi жүзеге асырылмай, кірістің есептелген сомасына осы Кодекстiң 646-бабында белгiленген мөлшерлемені қолдану арқылы жүргiзiледi.
3. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, жеке табыс салығын төлеудi бейрезидент-жеке тұлға салықтық кезең үшін жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру үшiн белгiленген мерзiмнен кейiнгі күнтiзбелiк он күннен кешiктiрмей дербес жүргiзедi.
4. Бейрезидент-жеке тұлғаның осы Кодекстің 650-бабының 1-тармағында көрсетілген кірістерінен жеке табыс салығын есептеу және ұстап қалу осы Кодекстің 650-бабында айқындалған тәртіппен жүргізіледі.
2018.26.12. № 203-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жасалған еңбек шарттары бойынша алынған (алуға жататын) кірістер бойынша бейрезидент-еңбекші көшіп келушілер еңбекші көшіп келушіге рұқсат негізінде салықтық кезең ішінде жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлем төлеуді жүргізеді.
Жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлем республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және тиiстi қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептiк көрсеткiштiң 2 еселенген мөлшерiнде бейрезидент-еңбекші көшіп келушінің еңбекші көшіп келушіге арналған рұқсатты алуға (ұзартуға) өтінішінде көрсеткен тиісті кезеңнің жұмыстарын орындаудың, қызметтерін көрсетудің әрбір айы үшін есептеледі.
Жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлем төлеуді бейрезидент-еңбекші көшіп келуші еңбекші көшіп келушіге арналған рұқсатты алғанға (ұзартқанға) дейін болатын жері бойынша жүргізеді.
Осы тармақта көрсетілген кірістер бойынша салықтық кезең аяқталғаннан кейін бейрезидент-еңбекші көшіп келушілер кірістің салық салынатын сомасына осы Кодекстің 320-бабының 1-тармағында белгіленген мөлшерлемені қолдану арқылы жеке табыс салығының сомасын есептеуді жүргізеді.
Кірістің салық салынатын сомасы жұмыстарды орындаудан, қызметтерді көрсетуден алынған (алынуға жататын) кірістердің республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және тиiстi қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 12 еселенген мөлшерінің еңбекші көшіп келушіге арналған рұқсатта көрсетілген тиісті кезеңнің жұмыстарын орындаудың, қызметтерін көрсетудің әрбір айы үшін есептелген сомасына азайтылған сомасы ретінде айқындалады.
Салықтық кезең ішінде бюджетке бейрезидент-еңбекші көшіп келуші төлеген алдын ала төлемдер сомасы есепті салықтық кезең үшін есептелген жеке табыс салығын төлеу есебіне есепке жатқызылады.
Егер салықтық кезең ішінде жеке табыс салығы бойынша төленген алдын ала төлемдердің сомасы есепті салықтық кезең үшін есептелген жеке табыс салығының сомасынан асып кетсе, онда мұндай асып кету сомасы артық төленген жеке табыс салығының сомасы болып табылмайды және кері қайтарылмайды немесе есепке жатқызылмайды.
Егер салықтық кезең ішінде төленген жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлемдердің сомасы есепті салықтық кезең үшін есептелген жеке табыс салығының сомасынан аз болса, онда жеке табыс салығын есептеу жеке табыс салығы бойынша декларацияда көрсетіледі және салықтық кезеңнің қорытындысымен декларация бойынша жеке табыс салығын төлеуді бейрезидент-еңбекші көшіп келуші осы Кодекстің 659-бабында көзделген жеке табыс салығы бойынша декларация тапсырылған мерзімнен кейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей болатын жері бойынша жүзеге асырады.
659-бап. Жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру
Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, жеке табыс салығы бойынша декларацияны осы Кодекске сәйкес жеке тұлға дербес салық салуға жататын кірістерді Қазақстан Республикасындағы көздерден алатын бейрезидент-жеке тұлға салық төлеушінің болатын (тұрғылықты) жеріндегі салық органына есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей тапсырады.
Ағымдағы салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 31 наурызына дейін Қазақстан Республикасының аумағына кейіннен кірместен ағымдағы салықтық кезең ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге кету жағдайында бейрезидент-жеке тұлға жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсыруға және ағымдағы салықтық кезең ішінде жеке табыс салығын төлеуге құқылы. Бұл ретте жеке табыс салығы бойынша декларация ағымдағы салықтық кезеңнің басынан бастап Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге осындай тұлға кеткен күнге дейінгі кезең үшін тапсырылады.