34-бап. Денсаулық сақтау субъектілерінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәртібі
1. Денсаулық сақтау субъектілерінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алуды қор уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен мынадай:
1) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі кірістерінің медициналық көмек көрсету жөніндегі міндеттемелермен теңгерімділігі;
2) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмектің аумақтық қолжетімділігін қамтамасыз ету;
3) денсаулық сақтау субъектілерінің теңдігі;
4) адал бәсекелестік;
5) медициналық қызметтер көрсетудің сапасы мен тиімділігі қағидаттарының негізінде жүзеге асырады.
2. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету жөніндегі қызметтерді сатып алу кезінде:
1) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес денсаулық сақтау саласында аккредиттеуден өткен;
2) көрсетілетін қызметтерді сатып алу жүзеге асырылған айдың алдындағы үш жыл бойы Қазақстан Республикасының аумағында үздіксіз тиісті медициналық көмек ұсыну тәжірибесі бар денсаулық сақтау субъектілері басым құқыққа ие болады.
3. Денсаулық сақтау субъектілері, егер:
1) қордың шешім қабылдау құқығы бар лауазымды адамы (не оның жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) немесе жекжаттары) олардың құрылтайшысы, қатысушысы не акционері болып табылса;
2) алдыңғы үш жыл ішінде жасалған көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартын қор орындалмауына, уақтылы не тиісінше орындалмауына байланысты біржақты тәртіппен бұзған болса;
3) алдыңғы үш жыл ішінде жасалған көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты денсаулық сақтау субъектісінің бастамасы бойынша біржақты тәртіппен бұзылған болса;
4) денсаулық сақтау субъектілерінің қаржылық-шаруашылық қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тоқтатыла тұрған болса;
5) денсаулық сақтау субъектілері заңды тұлғаның қызметі туралы анық емес деректерді және (немесе) жалған мәліметтерді қамтитын ақпаратты ұсынса, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алуға жіберілмейді.
2017.30.06. № 80-VІ ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды; 2018.28.12. № 211-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарының талаптары дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алуға қолданылмайды, оның тәртібі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде айқындалады.
35-бап. Көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларға осы Заңға сәйкес денсаулық сақтау субъектісі мен қор арасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету жөніндегі қызметтерге жүргізілген сатып алу қорытындылары бойынша жасалған көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартының талаптарымен ұсынылады.
36-бап. Денсаулық сақтау субъектілерінің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету жөніндегі көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеу
1. Денсаулық сақтау субъектілерінің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету жөніндегі көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеу көрсетілген қызметтер актілерінің негізінде, уәкілетті орган бекіткен тарифтер бойынша және:
2017.30.06. № 80-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы мен көлемі жөніндегі шарттық міндеттемелерді мониторингтеу нәтижелері;
2) 2018.28.12. № 208-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3) азаматтардың осы Заңның 6-бабында көзделген тәртіппен денсаулық сақтау субъектісін таңдау құқығын іске асыруы ескеріле отырып жүзеге асырылады.
2. Денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеу көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартының талаптары негізінде қор активтерінің есебінен жүзеге асырылады.
3. Денсаулық сақтау субъектілері қордан көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартында көзделмеген өз шығыстарын өтеуді талап етуге құқылы емес.
37-бап. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көрсетілетін қызметтер сапасын қамтамасыз ету
1. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көрсетілетін қызметтер сапасы:
1) денсаулық сақтау саласындағы стандарттарды, медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі клиникалық хаттамалар мен алгоритмдерді жетілдірумен;
2) медициналық ұйымдарды аккредиттеумен;
3) медициналық көрсетілетін қызметтер сапасының ішкі сараптамасымен;
4) медицина жұмыскерлеріне қосымша білім берумен;
5) медициналық қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік бақылаумен қамтамасыз етіледі.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасын қамтамасыз ету шаралары «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде белгіленеді.
38-бап. Көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартын бұзу негіздері және тәртібі
1. Денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартының талаптарын орындамауы, уақтылы немесе тиісінше орындамауы қордың біржақты тәртіппен оны бұзуы үшін негіздер болып табылады.
2. Көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартын бұзуға сондай-ақ:
1) денсаулық сақтау субъектілерінің осы Заңның 16-бабы 2-тармағының талаптарын орындамауы;
2) денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартының талаптарын елеулі түрде бұзуы;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында және көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартында көзделген өзге де жағдайлар негіз болып табылады.
3. Көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартын бұзу осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларда, шартты бұзу туралы тиісті хабарлама жіберу арқылы жасалады.
4. Көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты осы бапта көзделген негіздер бойынша бұзылған жағдайда, көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарт бойынша міндеттемелердің орындалмаған (тиісінше орындалмаған) көлеміне қайтадан жүргізіледі.
8-тарау. ӨТПЕЛІ ЖӘНЕ ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
39-бап. Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
2017.30.06. № 80-VІ ҚР Заңымен 40-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 40-бап өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
40-бап. Өтпелі ережелер
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 31 наурызға дейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекке құқық барлық адамдарға, оның ішінде өздері үшін қорға аударымдар және (немесе) жарналар түспеген адамдарға қолданылады деп белгіленсін.
2016.22.12. № 29-VI ҚР Заңымен (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2017.30.06. № 80-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 41-бап жаңа редакцияда; 2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 41-бап өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
41-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң:
2020 жылғы 31 наурыздан бастап қолданысқа енгізілетін 5-баптың 1-тармағын;
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 5-баптың 2 - 4-тармақтарын, 6 және 7-баптарын қоспағанда, 2016 жылғы 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі.
2. Осы Заңның 5-бабы 3-тармағының екінші бөлігі 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады деп белгіленсін.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2015 жылғы қарашаның 16-і.
№ 405-V