4) қылмыстық және әкімшілік сот ісін жүргізуге клиенттің қорғаушысы немесе өкілі ретінде қатысады;
5) медиация жүргізу кезінде, төрелікте және дауларды шешетін өзге де органдарда істерді талқылауға клиенттің өкілі ретінде қатысады;
6) мемлекеттік органдарда, қоғамдық бірлестіктер мен өзге де ұйымдарда клиенттің мүдделерін білдіреді;
7) егер шет мемлекеттердің заңнамасында, халықаралық сот органдарының және өзге де халықаралық ұйымдардың жарғылық құжаттарында немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше белгіленбесе, шет мемлекеттердің мемлекеттік органдарында, соттарында және құқық қорғау органдарында, халықаралық сот органдарында, шет мемлекеттердің мемлекеттік емес органдарында клиенттің мүдделерін білдіреді;
8) атқарушылық ісін жүргізуге, сондай-ақ қылмыстық жазаны орындау кезінде клиенттің өкілі ретінде қатысады;
9) татуластыру рәсімдерін жүргізеді.
2. Адвокаттар Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге заң көмегін де көрсетеді.
3. Көмек сұрап өтініш жасаған тұлға, егер қорғалушы өзіне адвокат таңдамаса немесе таңдай алмаса, адвокаттың қатысуы міндетті қылмыстық істер бойынша адвокат қорғаушы ретінде тағайындалған жағдайларды қоспағанда, адвокат таңдауда еркін болады.
4. Қылмыстық істер бойынша кәсіптік қорғауды адвокаттар ғана жүзеге асырады.
45-бап 2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді, 2019 ж. 1 қаңтарға дейін осы бап осы Заңның 98-бабының редакциясында қолданылды
46-бап. Адвокаттың өкілеттіктерін куәландыру
1. Адвокаттың нақты істі жүргізуге өкілеттіктері адвокат куәлігімен және қорғау (өкілдік ету) туралы жазбаша хабарламамен расталады.
2. Адвокат куәлігінің нысаны мен оны толтыру тәртібін Республикалық адвокаттар алқасы әзірлейді және бекітеді.
Адвокат мәртебесі тоқтатыла тұрған немесе тоқтатылған адам тиісті шешім қабылданғаннан кейін өзінің куәлігін адвокаттар алқасына тапсыруға міндетті.
3. Қорғау (өкілдік ету) туралы жазбаша хабарламада қорғалуға (өкілдік етілуге) жататын жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болған жағдайда), өкілдік етілетін заңды тұлғаның атауы, сондай-ақ заң көмегін көрсетуге арналған шарттың күні мен тіркеу нөмірі көрсетілуге тиіс.
Қорғау (өкілдік ету) туралы жазбаша хабарламаға қорғауды (өкілдік етуді) жүзеге асыратын адвокат қол қояды.
4. Қорғау (өкілдік ету) туралы жазбаша хабарламаның нысанын, оның ішінде оған енгізілетін мәліметтердің тізбесін Республикалық адвокаттар алқасы уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді.
5. Қорғау (өкілдік ету) туралы жазбаша хабарламаға анық емес мәліметтер енгізгені үшін адвокат осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
6. Өзінің қызметін Қазақстан Республикасы ратификациялаған тиісті халықаралық шарт негізінде жүзеге асыратын шетелдік адвокаттың өкілеттіктері оның жеке басын, адвокат мәртебесін және заң көмегін көрсетуге өкілеттіктерін куәландыратын құжаттармен расталады.
7. Адвокаттың Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында, сондай-ақ егер бұл қабылданған тапсырманы орындауға қажет болса және тиісті мемлекеттердің заңнамасы мен Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға қайшы келмесе, оның шегінен тыс жерлерде адвокаттық қызметпен айналысуға құқығы бар.
47-бап. Адвокаттар көрсететін заң көмегіне ақы төлеу
1. Адвокаттар көрсететін заң көмегіне ақы төлеу және татуластыру рәсімдерін жүргізуге байланысты шығыстарды өтеу мөлшері адвокаттың көмек сұрап өтініш жасаған тұлғамен жазбаша шартында белгіленеді.
Шарт жасасу міндетті болып табылады және Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Шарттың бір данасы осындай шарт жасасылған тұлғаға табыс етіледі.
2. Шарттың елеулі талаптары мыналар болып табылады:
1) қорғаушы не өкіл ретінде тапсырманы орындауды қабылдаған адвокаттың тегін, атын және әкесінің атын (ол бар болған жағдайда) не адвокаттық кеңсенің атауын көрсету. Адвокаттық кеңсе мен заң көмегін сұрап өтініш жасаған тұлға арасында жасалатын шарт бойынша қорғаушы не өкіл ретінде тапсырманы орындауды адвокаттық кеңсе тағайындаған адвокат қабылдайды;
2) адвокаттық қызметті ұйымдастыру нысанын және тапсырманы қабылдаған адвокат мүшесі болып табылатын адвокаттар алқасын көрсету;
3) тапсырманың нысанасы;
4) көрсетілетін заң көмегіне ақы төлеу және адвокаттың қорғау мен өкілдік етуге, сондай-ақ татуластыру рәсімдерін жүргізуге байланысты шығыстарын өтеу мөлшері мен тәртібі;
5) шартты бұзу тәртібі мен жағдайлары.
3. Адвокаттар көрсететін заң көмегіне істің нәтижесіне немесе адвокаттық қызметтің табысты болуына қарай ақы төлеу мөлшерін белгілейтін шарттарға немесе ұйғарылған соманың бір бөлігін адвокат алатын шарттарға жол берілмейді.
Адвокаттың немесе адвокаттық кеңсенің тиісті қаржы құжатын бермей, заң көмегіне, оның ішінде ауызша заң консультацияларына ақы төлеу және тапсырманы орындауға байланысты шығыстар есебіне қолма-қол ақша алуына жол берілмейді.
48-бап. Адвокаттар көрсететін, мемлекет кепілдік берген заң көмегіне ақы төлеу
1. Адвокат көрсететін, мемлекет кепілдік берген заң көмегіне ақы төлеу бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
2. Адвокат көрсететін, мемлекет кепілдік берген заң көмегіне ақы төлеу және құқықтық консультация беруге, қорғау мен өкілдік етуге, сондай-ақ татуластыру рәсімдерін жүргізуге байланысты шығыстарды өтеу мөлшерлерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
3. Адвокат көрсететін заң көмегіне ақы төлеу және құқықтық консультация беруге, қорғау мен өкілдік етуге, сондай-ақ татуластыру рәсімдерін жүргізуге байланысты шығыстарды өтеу тәртібі уәкілетті орган айқындайтын мемлекет кепілдік берген заң көмегіне ақы төлеу қағидаларында белгіленеді.
4. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, адвокат көрсететін, мемлекет кепілдік берген заң көмегіне, іссапарлық, көліктік шығыстарға ақы төлеу және оның құқықтық консультация беруге, қорғау мен өкілдік етуге байланысты басқа да шығыстарын өтеу қылмыстық қудалау органдарының қаулылары және соттардың ұйғарымдары бойынша жүргізіледі.
4-тарау. АДВОКАТТЫҚ ҚЫЗМЕТТІ ҰЙЫМДАСТЫРУ
49-бап. Адвокаттық қызметті ұйымдастыру нысандары
Адвокат өз қызметін адвокаттар алқасында құрылатын заң консультациясында не заңды тұлғаны тіркеместен, жеке-дара жүзеге асыруға, сондай-ақ өзі дербес немесе басқа адвокаттармен бірлесіп, адвокаттық кеңсе құруға құқылы.
Кәсіптік қызметті заңды тұлғаны тіркеместен, жеке-дара жүзеге асыратын адвокаттың адамдарды қабылдауға, адвокаттық іс қағаздарын жүргізудің сақталуын және адвокаттық құпияны сақтауды қамтамасыз ету үшін жағдайларды сақтауға қажетті қызметтік үй-жайы болуға міндетті.
50-бап. Адвокаттар алқасы
1. Адвокаттар алқасын адвокаттық қызметпен айналысуға құқығы бар адамдар құрады.
2. Адвокаттар алқасы адвокаттардың жеке және заңды тұлғаларға заң көмегін көрсету, адвокаттардың құқықтары мен заңды мүдделерін білдіру және қорғау, осы Заңда белгіленген өзге де функцияларды орындау үшін адвокаттар құратын коммерциялық емес, тәуелсіз, кәсіптік, өзін-өзі басқаратын және өзін-өзі қаржыландыратын ұйымы болып табылады.
3. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында адвокаттардың бір ғана алқасы құрылып, жұмыс істеуге тиіс, ол басқа облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында өзінің құрылымдық бөлімшелерін (филиалдары мен өкілдіктерін) құруға құқылы емес.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында адвокаттар алқасы болмаған жағдайда, ол осы Заңның 32-бабының талаптарына сәйкес келетін кемінде он құрылтайшының бастамаcы бойынша құрылады.
Адвокаттар алқасын құруға мемлекеттік органдардың арнайы рұқсаты талап етілмейді.
Адвокаттар алқасының атауы аумағында өзі құрылған әкімшілік-аумақтық бірліктің атауын қамтуға тиіс.
4. Адвокаттар алқасының негізгі міндеттері мыналар:
1) адвокаттар алқасының мүшелері адвокаттық қызметті жүзеге асырған кезде оларға жәрдемдесу, кәсіптік көмек көрсету және оларды қорғау;
2) адвокаттар алқасы мүшелерінің қызметін материалдық-техникалық және анықтамалық-ақпараттық қамтамасыз ету;
3) адвокаттық қызметті жүзеге асыруға кәсіптік бақылауды ұйымдастыру;
4) алдын ала тергеу органдары мен соттың тағайындауы бойынша мемлекет кепілдік берген заң көмегінің көрсетілуін және қорғауды ұйымдастыру болып табылады.
5. Адвокаттар алқасы өзінің интернет-ресурсына:
1) адвокаттар алқасы мүшелерінің жаңартылған күйдегі тізімін;
2) Қазақстан Республикасының адвокаттық қызметке және заң көмегіне қатысты нормативтік құқықтық актілерін;
3) Адвокаттардың кәсіптік әдеп кодексін;
4) заң көмегін көрсету стандарттарын;
5) заң көмегі сапасының өлшемшарттарын;
6) біліктілікті арттыру стандарттарын;
7) тармақша 2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
7) кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсету туралы мәліметтерді;
8) адвокаттар алқасы мүшелерінің жалпы жиналысы (конференциясы), адвокаттар алқасын басқарудың атқарушы органдары қабылдаған шешімдерді;
9) адвокаттардың тәртіптік комиссиясы жұмысының нәтижелерін;
10) алқаның қаржылық-шаруашылық қызметі туралы, әрбір өзіндік ерекшелік бойынша жеке-жеке барлық түсімдер мен шығыстар туралы ақпарат қамтылатын есепті;
11) адвокаттар алқасының қызметі және оның мүшелері туралы өзге де қажетті ақпаратты орналастырады.
Адвокаттар алқасы адвокаттар алқасы мүшелерінің ақпарат алу тәсілдерін көздеуге тиіс.
6. Адвокаттар алқасы заң консультацияларын құрады.
7. Адвокаттар алқалары Республикалық адвокаттар алқасына бірігеді.
51-бап. Адвокаттар алқасының мүлкі
1. Адвокаттар алқасының мүлкі адвокаттар алқасының мүшелері төлейтін жарналар, гранттар және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен заңды және жеке тұлғалардан түсетін қайырымдылық көмек, қайырмалдықтар есебінен қалыптастырылады.
2. Адвокаттар алқасының ортақ мұқтаждарға арналған шығындарына оны материалдық қамтамасыз етуге, адвокаттарға сыйақы беруге арналған шығыстар және олардың адвокаттар алқасының органдарында жұмыс істеуіне байланысты шығыстардың өтемақысы, адвокаттар алқасы аппараты жұмыскерлерінің жалақысына жұмсалатын шығыстар және Қазақстан Республикасының заңнамасы мен адвокаттар алқасының сметасында көзделген өзге шығыстар жатады.
52-бап. Адвокаттар алқасының жарғысы
1. Адвокаттар алқасының жарғысында:
1) адвокаттар алқасының атауы, қызмет нысанасы мен мақсаттары;
2) адвокаттар алқасы мүшелерінің құқықтары мен міндеттері;
3) адвокаттар алқасына мүшелікке қабылдау, мүшелікті тоқтата тұру мен тоқтату тәртібі;
4) адвокаттар алқасының құрылымы, оның органдарын қалыптастыру тәртібі мен олардың құзыреті;
5) заң консультацияларын құру және олардың қызмет ету тәртібі;
6) мүлікті түзу көздері мен оған билік ету тәртібі;
7) мүшелік және нысаналы жарналарды төлеу тәртібі;
8) адвокаттардың мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету тәртібі және соттың, қылмыстық қудалау органдарының тағайындауы бойынша заң көмегін адвокаттар арасында бөлу тәртібі;
9) Адвокаттарға аттестаттау жүргізу тәртібі туралы ереже негізінде адвокаттарға аттестаттау жүргізу тәртібі;
10) адвокаттар алқасы мүшелерінің және адвокаттардың тағылымдамадан өтушілерінің тәртіптік жауаптылығы және оған тарту тәртібі;
11) адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтату туралы талап қою арызын дайындау жөнінде өтінішхат қозғау тәртібі;
12) адвокаттар алқасын қайта ұйымдастыру мен тарату тәртібі;
13) адвокаттар алқасы таратылған кезде мүліктің тағдыры көзделуге тиіс.
2. Адвокаттар алқасының жарғысында осы Заңның 1-бөлімінің және осы бөлімнің талаптарын көрсететін ережелер қамтылуға тиіс, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де ережелер қамтылуы мүмкін.
53-бап. Адвокаттар алқасының органдары
1. Мыналар:
1) жоғары орган - мүшелердің жалпы жиналысы (конференциясы);
2) атқарушы орган - төралқа;
3) бақылау органы - ревизиялық комиссия адвокаттар алқасының органдары болып табылады.
Адвокаттар алқасында адвокаттардың тәртіптік комиссиясы құрылады.
2. Адвокаттар алқасының жарғысында көзделген жағдайларда, адвокаттар алқасында адвокаттар алқасы мүшелерінің жалпы жиналысы (конференциясы) қабылдайтын ережелер негізінде жұмыс істейтін әдеп жөніндегі комиссия мен басқа да органдар құрылуы мүмкін.
54-бап. Адвокаттар алқасы мүшелерінің жалпы жиналысы (конференциясы)
1. Адвокаттар алқасы мүшелерінің жалпы жиналысы (конференциясы) адвокаттар алқасы қызметінің кез келген мәселелерін шешуге құқылы.
2. Жалпы жиналыстың (конференцияның) айрықша құзыретіне:
1) адвокаттар алқасының жарғысын және оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешімдер қабылдау;
2) адвокаттар алқасының төралқасын, төралқа төрағасын, ревизиялық комиссиясын, ревизиялық комиссия төрағасын, тәртіптік комиссиясын, адвокаттар алқасының тәртіптік комиссиясының төрағасын сайлау;
3) адвокаттар алқасының жарғысында көзделген басқа органдарды және олардың басшыларын сайлау, осы органдар туралы ережелерді бекіту;
4) адвокаттар алқасы органдарының, адвокаттар алқасының басшылары мен жұмыскерлерінің қызметі туралы есептерді тыңдау және бекіту;
5) адвокаттар алқасының төралқа мүшелерін, төралқа төрағасын, басқа да сайланбалы органдарының мүшелері мен төрағаларын мерзімінен бұрын кері шақыртып алу;
6) тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің еселенген мөлшерінде есептелетін мүшелік және нысаналы жарналардың мөлшерлемелерін белгілеу жатады, бұл ретте кәсіптік қызметін ауылдық елді мекендерде жүзеге асыратын не бір жылдан аз адвокаттық қызмет өтілі бар адвокаттар белгіленген мөлшерлеменің елу пайызы мөлшерінде мүшелік және нысаналы жарналарды төлейді;
7) қаржылық-шаруашылық қызмет туралы есепті бекіту жатады.
3. Адвокаттар алқасы мүшелерінің жалпы жиналысы (конференциясы) адвокаттар алқасы мүшелері жалпы санының немесе тиісінше, адвокаттар алқасы мүшелері конференциясының сайланған делегаттары құрамының үштен екісі болған кезде шешімдер қабылдауға құқықты.
4. Адвокаттар алқасы мүшелерінің жалпы жиналысын (конференциясын) адвокаттар алқасының төралқасы кемінде жылына бір рет шақырады. Ревизиялық комиссияның немесе адвокаттар алқасы мүшелерінің жалпы санының кемінде төрттен бірінің талап етуі бойынша адвокаттар алқасы төралқасының төрағасы отыз күн ішінде адвокаттар алқасы мүшелерінің жалпы жиналысын (конференциясын) шақыруға міндетті.
5. Адвокаттар алқасының жарғысында жалпы жиналыстың (конференцияның) айрықша құзыретіне жататын өзге де мәселелер көзделуі мүмкін.
55-бап. Адвокаттар алқасының төралқасы
1. Адвокаттар алқасының төралқасы жасырын дауыс беру арқылы төрт жылдан аспайтын мерзімге сайланады.
Дәл сол бір адамдар адвокаттар алқасының төралқасында бір мерзімнен артық бола алмайды.
2. Адвокаттар алқасының төралқасы:
1) адвокаттар алқасының жеке және заңды тұлғаларға заң көмегін, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, адвокаттар бюджет қаражаты есебінен көрсететін, мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жөніндегі жұмысын ұйымдастырады;
2) адвокаттар алқасы мүшелерінің жалпы жиналысын (конференциясын) шақырады және оның шешімдерін орындауды ұйымдастырады;
3) адвокаттардың кәсіптік және өзге де құқықтарын қорғайды;
4) адвокаттар алқасының мүшелігіне қабылдауды жүзеге асырады, алқа мүшелігінен шығарады, адвокаттардың тағылымдамадан өтушілерінің тағылымдамадан өтуін ұйымдастырады;
5) адвокаттардың қызметі туралы олардың қорытылған есептерін Республикалық адвокаттар алқасына тоқсан сайын ұсынады;
6) жүктілігі және босануы бойынша не бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыста болған кезеңінде адвокаттарды және еңбекке уақытша қабілетсіздігі салдарынан қатарынан екі айдан астам адвокаттық қызметті жүзеге асырмаған адвокаттарды мүшелік және нысаналы жарналарды төлеуден босатады;
7) адвокаттың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен шағымдарды (ұсынуларды) тексеру жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;
8) адвокаттарға аттестаттау жүргізуді және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;
9) осы Заңда көзделген негіздер бойынша лицензиарға адвокатқа қатысты адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру немесе адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтату туралы талап қою арызын дайындау жөнінде өтінішхат береді;
10) адвокаттардың Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасының талаптарын сақтауын қамтамасыз ету бойынша жұмысты ұйымдастырады;
11) жыл сайын мониторинг нәтижелері бойынша алқа адвокаттары көрсететін қызметтердің орташа құнын (көрсетілетін қызметтердің түрлері бойынша) айқындайды және осы ақпараттың адвокаттар алқасының, Республикалық адвокаттар алқасының интернет-ресурстарында орналастырылуын және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануын қамтамасыз етеді;
12) оң жұмыс тәжірибесін талдайды, қорытады және таратады;
13) кодификациялық-анықтамалық жұмыс жүргізуді ұйымдастырады, адвокаттық қызмет мәселелері бойынша әдістемелік құралдар мен ұсынымдарды әзірлейді және басып шығарады;
14) заң консультацияларын құрады, олардың меңгерушілерін лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;
15) нысанын Республикалық адвокаттар алқасы бекітетін адвокат куәлігін береді;
16) адвокаттар алқасының қаражатына жарғыда айқындалған және адвокаттар алқасы мүшелерінің жалпы жиналысы (конференциясы) айқындаған тәртіппен билік етеді;
17) бухгалтерлік есепке алуды, қаржылық есептілікті, іс қағаздарын жүргізуді және бастапқы статистикалық деректерді қалыптастыруды ұйымдастырады;
18) адвокаттар алқасының мүлкіне билік ету тәртібін белгілейді;
19) адвокаттар алқасы мүшелерінің жалпы жиналысының (конференциясының) айрықша құзыретіне жатқызылғандардан басқа, адвокаттар алқасы қызметінің өзге де мәселелерін шешеді.
56-бап. Адвокаттар алқасы төралқасының төрағасы
1. Сайланған күніне дейін кемінде бес жыл тікелей адвокаттар алқасының мүшесі болған адвокат адвокаттар алқасы төралқасының төрағасы болып сайлана алады.
Адвокаттар алқасы төралқасының төрағасы жасырын дауыс беру арқылы төрт жыл мерзімге сайланады.
Дәл сол бір адам бір мерзімнен артық адвокаттар алқасы төралқасының төрағасы лауазымын атқара алмайды.
2. Адвокаттар алқасы төралқасының төрағасы алқаның жарғысына сәйкес:
1) төралқаның жұмысын ұйымдастырады, оның отырыстарында төрағалық етеді және төралқа, адвокаттар алқасы мүшелерінің жалпы жиналыстары (конференциялары) шешімдерінің орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
2) төралқа аппаратының жұмысына басшылық етеді, адвокаттар алқасы аппаратының жұмыскерлерін жұмысқа қабылдауды және жұмыстан босатуды жүзеге асырады;
3) мемлекеттік органдарда, қоғамдық бірлестіктерде, басқа да ұйымдар мен мекемелерде адвокаттар алқасы атынан өкілдік етеді;
4) адвокаттық қызметті ұйымдастырудың адвокат таңдаған нысанын және заңды мекенжайын көрсетіп, адвокаттар алқасына мүше болып кірген, сондай-ақ шығарылу себептерін көрсете отырып, адвокаттар алқасына мүшеліктен шығарылған лицензиаттар туралы мәліметтердің лицензиарға, Республикалық адвокаттар алқасына уақтылы ұсынылуын қамтамасыз етеді;
5) адвокаттар көрсеткен заң көмегі туралы статистикалық мәліметтерді қоса алғанда, адвокаттар алқасының қызметі туралы есептің Республикалық адвокаттар алқасына ұсынылуын қамтамасыз етеді;
6) адвокаттар көрсеткен, мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы және қорғау мен өкілдік етуге байланысты шығыстарды бюджет қаражаты есебінен өтеу туралы жиынтық есептің аумақтық әділет органына уақтылы ұсынылуын қамтамасыз етеді;
7) адвокаттардың тағылымдамадан өтушілерінің тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етеді;
8) адвокаттардың біліктілігін арттыру бағдарламаларының іске асырылуын қамтамасыз етеді.
Адвокаттар алқасының төралқасы төрағасының басқа да өкілеттіктері адвокаттар алқасының жарғысында айқындалады.
57-бап. Адвокаттар алқасының ревизиялық комиссиясы
1. Адвокаттар алқасының ревизиялық комиссиясы адвокаттар алқасы мен оның органдарының қаржылық-шаруашылық қызметін бақылауды жүзеге асыратын адвокаттар алқасының органы болып табылады.
2. Адвокаттар алқасының ревизиялық комиссиясы адвокаттар алқасы мүшелерінің қатарынан құрылуы мүмкін. Ревизиялық комиссияның мүшелері адвокаттар алқасында өзге сайланбалы лауазымды атқаруға құқылы емес.
Адвокаттар алқасының ревизиялық комиссиясы бес адамнан аспайтын құрамда құрылады.
Адвокаттар алқасы ревизиялық комиссиясының мүшелері өз қызметін ерікті негіздерде, өтеусіз жүзеге асырады.
3. Адвокаттар алқасының ревизиялық комиссиясы адвокаттар алқасы мүшелерінің жалпы жиналысында (конференциясында) екі жылдан аспайтын мерзімге сайланады және алқаның жоғары басқару органына есеп береді.
Дәл сол бір адам адвокаттар алқасының ревизиялық комиссиясы құрамында бір мерзімнен артық бола алмайды.
4. Адвокаттар алқасы ревизиялық комиссиясының кез келген уақытта адвокаттар алқасының қаржылық-шаруашылық қызметіне тексеру жүргізуге құқығы бар. Адвокаттар алқасының органдары адвокаттар алқасы ревизиялық комиссиясының талап етуі бойынша тексеруге қажетті құжаттарды ұсынуға және ауызша немесе жазбаша нысанда қажетті түсініктер беруге міндетті.
5. Ревизиялық комиссия адвокаттар алқасының қаржылық-шаруашылық қызметі туралы жылдық есепке міндетті түрде тексеру жүргізеді және оның нәтижелерін адвокаттар алқасының және Республикалық адвокаттар алқасының интернет-ресурстарында орналастырады.
6. Ревизиялық комиссия адвокаттар алқасы мүшелерінің кезекті жалпы жиналысына (конференциясына) есеп ұсынады.
7. Адвокаттар алқасы ревизиялық комиссиясының жұмыс тәртібі, есеп ұсыну мерзімділігі адвокаттар алқасының жарғысында және ішкі құжаттарында айқындалады.
58-бап. Адвокаттар алқасына мүшелік
1. Адвокаттар алқасына мүшелік міндетті болып табылады.
Кіру жарналарына тыйым салынады.
Осы Заңның 32-бабының 2-тармағында көзделген мән-жайлардың бірінің анықталуы адвокаттар алқасына мүшелікке қабылдаудан бас тартуға негіз болып табылады.
Адвокаттар алқасына мүшелікке қабылдаудан бас тартуға Республикалық адвокаттар алқасына немесе сотқа шағым жасалуы мүмкін.
2. Адам адвокаттар алқасынан шығарылып, бірақ адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензиясын сақтап қалған жағдайда, ол шығарылған күннен бастап кемінде алты ай өткеннен кейін адвокаттар алқасына қайта қабылдануы мүмкін. Бұл кезеңде адвокаттық қызметті жүзеге асыруға жол берілмейді.
59-бап. Адвокаттың анты
1. Адвокаттар алқасына мүшелікке кірген лицензиат Республикалық адвокаттар алқасы белгілеген тәртіппен мынадай мазмұнда ант береді:
«Мен, (аты және тегі), заң көмегін көрсету қағидаттарын, Адвокаттардың кәсіптік әдеп кодексін сақтауға, адам құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін адал және шынайы ниетпен қорғауға, заң көмегін алу құқығын қамтамасыз етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүктелген міндеттерді орындауға салтанатты түрде ант етемін.».
2. Лицензиат ант мәтініне қол қояды, ол адвокаттың жеке ісінде сақталады.
3. Адвокаттар алқасы адвокаттар алқасы мүшелерінің тізімін жүргізеді және оны жаңартылған күйде адвокаттар алқасының интернет-ресурсында орналастырады.
Адвокаттар алқасы адвокат мәртебесін алу, тоқтата тұру және тоқтату туралы ақпаратты Республикалық адвокаттар алқасына жібереді.
60-бап. Адвокаттар алқасына мүшелікті тоқтату
1. Адвокаттар алқасының төралқасы адвокаттың адвокаттар алқасына мүшелігін мынадай:
1) адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысы тоқтатылған немесе одан айырылған;
2) адвокат өз міндеттерін орындаған кезде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары мен нормаларын, адвокаттар алқасының жарғысында бекітілген заң көмегін көрсету қағидаттарын, Адвокаттардың кәсіптік әдеп кодексін өрескел не бірнеше рет бұзған;