Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы
Қазақстан Республикасының 2003 ж. 1 шілдедегі № 444-II Заңы
(2021.02.01. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2022 жылғы 27 маусымда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
2-бап. Қазақстан Республикасының тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заңдары
3-бап. Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандырудың объектісі
4-бап. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандырудың мақсаты мен негізгі принциптері
5-бап. Азаматтық-құқықтық жауапкершілігі тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыруға жататын тұлғалар
2-тарау. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру жүйесінің жұмысын қамтамасыз ету
6-бап. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау
7-бап. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасаспай жолаушыларды тасымалдауға жол бермеу
8-бап. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыруды жүзеге асырудың ерекшеліктері
9-бап. Ақпараттық өзара іс-қимыл
3-тарау. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты
10-бап. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты және оны жасасу тәртібі
10-1-бап. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын электрондық нысанда жасасу кезінде сақтандырушыға және интернет-ресурстарға қойылатын талаптар
11-бап. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартының қолданылуы
12-бап. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын мерзімінен бұрын тоқтату
13-бап. Сақтанушының құқықтары мен міндеттері
14-бап. Сақтандырушының құқықтары мен міндеттері
15-бап. Жәбірленушінің құқықтары
4-тарау. Сақтандыру сыйлықақылары
16-бап. Сақтандыру сыйлықақысының мөлшері
17-бап. Сақтандыру сыйлықақыларының мөлшерін ұлғайту
18-бап. Сақтандыру сыйлықақыларын төлеудің тәртібі мен мерзімдері
5-тарау. Сақтандыру жағдайын, келтірілген зиянның және сақтандыру төлемінің мөлшерін айқындау
19-бап. Сақтандыру жағдайын және келтірілген зиянның мөлшерін айқындау
20-бап. Сақтандыру төлемінің мөлшерін айқындау
21-бап. Сақтандыру төлемін жүзеге асырудың жалпы шарттары
22-бап. Сақтандыру төлемін жүзеге асырудың тәртібі
23-бап. Зиян келтірген тұлғаға кері талап қою құқығы
24-бап. Сақтандырушыны сақтандыру төлемін жүзеге асырудан босатудың негіздері
24-1-бап. Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру жөніндегі дауларды реттеу ерекшеліктері
6-тарау. Қорытынды ережелер
25-бап. Дауларды қарау тәртібі
26-бап. Қазақстан Республикасының тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заңдарын бұзғаны үшін жауаптылық
Осы Заң тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру саласындағы туындайтын қатынастарды реттейді және оны жүргізудің құқықтық, қаржылық және ұйымдық негіздерін белгілейді.
1-тарау. Жалпы ережелер
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 1-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) жәбірленуші - тасымалдауды жүзеге асыру кезінде өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне зиян келтірілген жолаушы;
2) жолаушы - тасымалдаушымен ауызша немесе жазбаша нысанда тасымалдау шартын жасасқан жеке тұлға;
3) жолаушының мүлкі - тасымалдау кезінде зиян келтірілгені үшін тасымалдаушы жауап беретін жолаушының багажы және жолаушының өзімен алып жүретін қол жүгі;
4) пайда алушы - осы Заңға сәйкес сақтандыру төлемін алушы болып табылатын тұлға;
5) сақтандыру жағдайы - басталуына орай сақтандыру шарты сақтандыру төлемін жүзеге асыруды көздейтін оқиға;
6) сақтандыру омбудсманы - «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сақтандыру нарығына қатысушылар арасындағы келіспеушіліктерді реттеуді жүзеге асыратын, өз қызметінде тәуелсіз жеке тұлға;
7) сақтандыру сомасы - сақтандыру объектісі сақтандырылған және сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандырушы жауапкершілігінің шекті көлемін білдіретін ақша сомасы;
8) сақтандыру сыйлықақысы - сақтанушы сақтандырушыға соңғысы сақтандыру шартында айқындалған мөлшерде сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру төлемін жүргізу міндеттемесін қабылдағаны үшін төлеуге міндетті ақша сомасы;
9) сақтандыру төлемі - сақтандырушы сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру сомасы шегінде төлейтін ақша сомасы;
10) сақтандырушы - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының аумағында сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензия алған, сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушыға немесе пайдасына шарт жасалған өзге тұлғаға (пайда алушыға) шартта айқындалған сома (сақтандыру сомасы) шегінде сақтандыру төлемін жүргізуге міндетті заңды тұлға;
11) сақтандырылушы - өзіне қатысты сақтандыру жүзеге асырылатын тұлға;
12) сақтанушы - сақтандырушымен сақтандыру шартын жасасқан тұлға. Егер сақтандыру шартында өзгеше көзделмесе, сақтанушы бір мезгілде сақтандырылушы болып табылады;
13) тасымалдаушы - меншік құқығымен немесе өзге де заңды негіздерде, қалалық рельстік көлікті қоса алғанда, теміржол, теңіз, ішкі су, әуе, автомобиль көлігі құралын иеленетін және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жолаушыларды және олардың мүлкін ақы төлеу немесе жалдау бойынша тасымалдауды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
14) тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігі - тасымалдаушының жолаушыларды тасымалдау кезінде олардың өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген зиянды өтеуінің Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген өтеу міндеті;
15) франшиза - сақтандырушыны белгілі бір мөлшерден аспайтын залалды өтеуден босату.
2-бап. Қазақстан Республикасының тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заңдары
1. Қазақстан Республикасының тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгіленсе, халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді)
3. Осы Заңның сақтандырушыға, оның ішінде сақтандыру ұйымына қатысты қолданылатын ережелері Қазақстан Республикасының аумағында ашылған Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру ұйымдарының филиалдарына қолданылады.
3-бап. Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандырудың объектісі
Тасымалдаушының Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгіленген жолаушыларды тасымалдау кезінде олардың өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген зиянды өтеу міндетіне байланысты мүліктік мүддесі тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру (бұдан әрі - тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру) объектісі болып табылады.
4-бап. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандырудың мақсаты мен негізгі принциптері
1. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандырудың мақсаты жолаушыларды тасымалдау кезінде олардың мүліктік мүдделерін қорғауды сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру арқылы қамтамасыз ету болып табылады.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандырудың негізгі қағидаттары:
жәбірленушілердің мүліктік мүдделерін осы Заңда белгіленген көлемде және тәртіппен қорғауды қамтамасыз ету;
тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты бойынша жауапкершілігі сақтандырылған тасымалдаушының жолаушыларды және олардың мүлкін тасымалдауды жүзеге асыруы;
тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты бойынша тараптардың өз міндеттемелерін орындауын қамтамасыз ету болып табылады.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 5-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
5-бап. Азаматтық-құқықтық жауапкершілігі тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыруға жататын тұлғалар
1. Жолаушыларды және олардың мүлкін темір жол, теңіз, ішкі су, әуе, автомобиль көлігімен және қалалық рельстік көлікпен тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушылардың - Қазақстан Республикасы резиденттерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігі міндетті сақтандырылуға жатады.
2. Тасымалдаушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігі жолаушыларды және олардың мүлкін тасымалдау үшін пайдаланылатын көлік құралының әр бірлігі бойынша сақтандырылуға жатады.
Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігінің ерікті сақтандыру шартын жасасуы тасымалдаушыны тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу жөніндегі міндеттен босатпайды.
2-тарау. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру жүйесінің жұмысын қамтамасыз ету
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 6-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
6-бап. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау
2009.11.07. № 185-IV Заңымен (жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Сақтандыру ұйымдарының қызметін мемлекеттік бақылауды және қадағалауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) жүзеге асырады.
2. Тасымалдаушының осы Заңды тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу бөлігінде орындалуына мемлекеттік бақылау жасау:
2014.17.04. № 195-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) автомобиль көлігін және қалалық рельстік көлікті пайдалануға қатысты жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның бөлімшелеріне;
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді; 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) әуе көлігін пайдалануға қатысты көлік және коммуникациялар саласындағы уәкілетті мемлекеттік органға;
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 3) тармақшамен толықтырылды; 2010.06.01. № 238-IV Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2011 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2017.26.12. № 124-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік кіріс органдарына жүктеледі.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 7-бап жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7-бап. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасаспай жолаушыларды тасымалдауға жол бермеу
1. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасаспаған тасымалдаушының жолаушыларды тасымалдауына жол берілмейді.
2. Халықаралық тасымалды жүзеге асыратын тасымалдаушы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес тасымалдаушының жауапкершілігін сақтандыру шартын жасасуға міндетті.
3. Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның бөлімшелері және көліктік бақылау органдары құжаттарды тексеру кезінде тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу жөніндегі міндетті тасымалдаушының орындауын тексеруге міндетті.
4. Көлік және коммуникациялар саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган осы баптың 1-тармағын бұзғаны үшін тасымалдаушы лицензиясының қолданысын алты айға дейінгі мерзімге тоқтата тұрады.
8-бап. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыруды жүзеге асырудың ерекшеліктері
2009.30.12. № 234-IV Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.27.04. № 311-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен (2020 ж. 2 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-тармақ жаңа редакцияда
1. Сақтандыру ұйымы тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды жүзеге асыру құқығына лицензия алғанға дейін «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған тәртіппен Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорымен қатысу шартын, міндетті сақтандырудың көрсетілген түрі бойынша лицензия алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде осы шартты жасасатын жаңадан құрылатын сақтандыру ұйымын қоспағанда, жасасуға міндетті.
2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.11.07. № 185-IV Заңымен (жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 2-тармақ жаңа редакцияда; 2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыруды жүзеге асыратын сақтандырушы өзінің шоғырландырылған қаржылық есептілігін, ал еншілес ұйымы (ұйымдары) болмаған жағдайда -шоғырландырылмаған қаржылық есептілігін және аудиторлық есебін уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімдерде, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын кемінде екі мерзімді баспа басылымында қазақ және орыс тілдерінде жыл сайын жариялауға міндетті.
3. Бәсекелестікті шектеуге немесе жоюға, бір сақтандырушыларға басқалар алдында тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарын жасасу жөніндегі негізсіз артықшылықтар беруге немесе оларды алуына, сақтанушылардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қысым жасауға бағытталған қызметке жол берілмейді.
4. Мемлекеттік кәсіпорындар, сондай-ақ акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдар және олармен аффилиирленген заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алулар туралы заңдарына сәйкес тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша көрсететін сақтандыру қызметін алуға міндетті.
5. 2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2014.17.04. № 195-V ҚР Заңымен 9-бап жаңа редакцияда (ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9-бап. Ақпараттық өзара іс-қимыл
1. Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның бөлімшелері жолаушылар автомобиль көлігіндегі көлік оқиғасына қатысушыларға сақтандыру жағдайының басталу фактісін растайтын құжаттардың бір-бір данасын, оның ішінде жол оқиғасының схемасымен қоса, жол жүрісі қағидаларының бұзылуы туралы хаттаманың көшірмесін тегін береді.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Жолаушылар көлігіндегі оқиға және оның салдары туралы ақпарат қолында бар жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның бөлімшелері, прокуратура органдары, соттар, денсаулық сақтау ұйымдары, өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдар осы ақпаратты сақтандырушыға, сақтандырылушыға, пайда алушыға және сақтандыру омбудсманына олар өтініш жасаған кезде беруге міндетті.
3. Жолаушыларды автомобильмен тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушының жәбірленушілерге немесе олардың мұрагерлеріне сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабарлауға мүмкіндігі болмаған кезде жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның бөлімшелері тиісті сақтандырушыға осы көлік оқиғасы туралы хабар беруді жүзеге асырады.
Сақтандырушыға сақтандыру жағдайы туралы кез келген басқа адамның да хабарлауға құқығы бар.
3-тарау. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты
10-бап. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты және оны жасасу тәртібі
1. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру осы Заңға сәйкес сақтанушы мен сақтандырушының арасында жасалатын шарт негізінде жүзеге асырылады.
2. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартында мүліктің тауарлық құнының жоғалуын, сондай-ақ жәбірленушінің тауарларды жеткізудің немесе жұмыстарды жүргізудің (қызметтер көрсетудің) мерзімдерін, оның келісім-шарттар (шарттар) бойынша өзге де міндеттемелерді бұзуына байланысты тұрақсыздық айыбын өтеуді қоса алғанда, жәбірленушінің моральдық зиянын және ала алмаған пайдасын өтеуді қоспағанда, жәбірленушінің өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне зиян келтіру салдарынан туындаған міндеттемелер бойынша сақтандыру төлемін жүзеге асыру көзделеді.
3. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты міндетті сақтандырудың осы түрі (сыныбы) бойынша қызметті жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар сақтандырушымен ғана жасалуы тиіс.
Сақтанушы сақтандырушыны таңдауда ерікті.
Сақтандырушының сақтанушыға тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасудан бас тартуына құқығы жоқ.
Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты бойынша сақтанушы сыйлықақысын төлеуге міндеттенеді, ал сақтандырушы сақтандыру жағдайы басталған кезде пайда алушыға осы Заңда белгіленген мөлшерде, тәртіппен және мерзімдерде сақтандыру төлемін жүзеге асыруға міндеттенеді.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты сақтандырушының сақтандыру полисін электрондық нысанда ресімдеуі арқылы жасалады.
Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу үшін сақтанушының өтініші негіз болып табылады.
Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартында көрсетілуге жататын талаптардың толық болмағаны үшін сақтандырушы жауапты болады. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты бойынша оның жекелеген талаптарының толық болмауы салдарынан дау туындаған жағдайда, дау сақтанушының пайдасына шешіледі.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4-1. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты сақтанушының қалауы бойынша сақтандырушыға жазбаша өтініш жасау не сақтанушы мен сақтандырушы арасында сақтандырушының интернет-ресурсын пайдалана отырып электрондық нысанда ақпарат алмасу арқылы жасалуы мүмкін.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Сақтандыру полисінде, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 826-бабында санамаланған талаптардан басқа, сақтандырушының бір сақтандыру жағдайы бойынша жауапкершілігінің шекті көлемінің мөлшері көрсетілуге тиіс.
Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру полисінің мазмұны мен ресімделуі жөніндегі талаптар Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасында белгіленеді.
6. 2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен алып тасталды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7. Егер сақтандырушы тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын сақтанушының (сақтандырылушының) немесе жәбірленушінің жағдайын осы Заңда көзделгенмен салыстырғанда нашарлататын талаптармен жасасса, онда сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандырушы сақтанушының (сақтандырылушының) және жәбірленушінің алдында осы Заңда белгіленген талаптар бойынша міндетті болады.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 10-1-баппен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
10-1-бап. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын электрондық нысанда жасасу кезінде сақтандырушыға және интернет-ресурстарға қойылатын талаптар
1. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын электрондық нысанда жасасу кезінде сақтандырушының интернет-ресурсы сақтанушы (сақтандырылушы, пайда алушы) мен сақтандырушы арасында электрондық ақпараттық ресурстар алмасу үшін пайдаланылады.
Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын электрондық нысанда жасасу үшін өтініш беру кезінде сақтанушыдан мамандандырылған бағдарламалық қамтылымды пайдалану талап етілмейді.
Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарын электрондық нысанда жасасу үшін пайдаланылатын сақтандыру ұйымдарының интернет-ресурстарының тізбесі дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымның интернет-ресурсында орналастырылады.
2. Сақтанушы (сақтандырылушы, пайда алушы) мен сақтандырушы арасындағы электрондық ақпараттық ресурстармен алмасу тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
3. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын сақтандырушының интернет-ресурсын пайдалана отырып жасасу кезінде сақтандырушы:
1) сақтанушыға тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу не оны жасасудан бас тарту (бас тарту себептерін көрсете отырып) туралы хабарламаны электрондық хабар түрінде дереу жөнелтуді;
2) сақтанушының тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты жөніндегі ақпаратты дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымның ақпараттық жүйесі арқылы тексеру мүмкіндігін;
3) сақтанушы үшін сақтандырушының интернет-ресурсына тәулік бойы қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын электрондық нысанда сақтауды;
4) сақтанушыға (сақтандырылушыға, пайда алушыға):
мәліметтерді өзгерту, тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын қайта ресімдеу;
тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын мерзімінен бұрын тоқтату;
сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабардар ету;
келтірілген зиян мөлшерін бағалауды жүргізу;
сақтандыру төлемін алу үшін қажетті ақпаратты (өтініштерді, хабарламаларды және (немесе) өзге де құжаттарды, мәліметтерді) электрондық нысанда жасау және сақтандырушыға жөнелту мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.
Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу туралы хабарлама дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымнан жіберіледі.
Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасу туралы хабарламаның тәртібі мен мазмұнына қойылатын талаптарды уәкілетті орган айқындайды.
4. Егер тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартында өзгеше көзделмесе, тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын сақтандырушының интернет-ресурсын пайдалана отырып жасасу кезінде, осы сақтандыру шарты сақтанушы сақтандыру сыйлықақысын (сақтандыру сыйлықақысын бөліп төлеген жағдайда бірінші сақтандыру жарнасын) төлеген күннен бастап сақтанушымен сақтандырушы ұсынған талаптарда жасалды деп есептеледі.
5. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын сақтандырушының интернет-ресурсын пайдалана отырып жасасу кезінде сақтанушы осы Заңда көзделген сақтандыру талаптарымен танысқаннан кейін сақтандыру сыйлықақысын (сақтандыру сыйлықақысын бөліп төлеген жағдайда бірінші сақтандыру жарнасын) төлейді, сол арқылы өзіне ұсынылған талаптарда осы қосылу шартын жасасуға өзінің келісетінін растайды.
6. Сақтандырушы тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарын сақтандырушының интернет-ресурсын пайдалана отырып жасасу мүмкіндігін тәулік бойы қамтамасыз етеді.
7. Сақтандыру агенттерінің сақтанушы мен сақтандырушы арасындағы ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы электрондық нысанда сақтандыру шарттарын жасасуға арналған сақтандыру ұйымдарының ақпараттық жүйелерін пайдаланып тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарын жасасу жөніндегі қызметіне жол берілмейді.
11-бап. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартының қолданылуы
1. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты осы Заңға сәйкес жәбірленуші деп танылған барлық адамдарға қатысты қолданылады.
2. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты, егер тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартының талаптарында өзгеше көзделмесе, сақтанушы сақтандыру сыйлықақысын төлеген, ал оны төлем мерзімін ұзартып төлеген кезде - бірінші сақтандыру жарнасын төлеген кезден бастап күшіне енеді және тараптар үшін міндетті болады.
3. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты, осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, күшіне енгізілген күннен бастап он екі ай мерзімге жасалады.