10) адвокаттар алқаларының өз қызметі туралы есептерін тоқсан сайын қорытады;
11) адвокаттық қызмет мәселелері бойынша әдістемелік қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
12) адвокаттар алқаларын ақпараттық қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
13) жыл сайын мониторинг нәтижелері бойынша алқалар адвокаттары көрсететін қызметтердің орташа құнын (көрсетілетін қызметтердің түрлері бойынша) айқындайды және осы ақпараттың Республикалық адвокаттар алқасының интернет-ресурсында орналастырылуын және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануын қамтамасыз етеді;
14) Республикалық адвокаттар алқасының интернет-ресурсында:
жаңартылған күйде адвокаттық қызметпен айналысатын адвокаттардың тізімін, сондай-ақ аумақтық адвокаттар алқалары адвокаттарының тізімін;
Қазақстан Республикасының адвокаттық қызметке және заң көмегіне қатысты нормативтік құқықтық актілерін;
Адвокаттардың кәсіптік әдеп кодексін;
заң көмегін көрсету стандарттарын;
заң көмегі сапасының өлшемшарттарын;
біліктілікті арттыру стандарттарын;
Республикалық адвокаттар алқасының қаржылық-шаруашылық қызметі туралы, әрбір өзіндік ерекшелік бойынша жеке-жеке барлық түсімдер мен шығыстар туралы ақпарат қамтылатын есепті;
адвокаттар алқалары және Республикалық адвокаттар алқасы төралқаларының құрамдары туралы мәліметтерді;
14) тармақшаның оныншы абзацы 2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсету туралы мәліметтерді;
адвокатураның тәртіптік комиссиясы жұмысының нәтижелерін;
адвокатураның іс-шаралары мен оқиғаларын;
және Республикалық адвокаттар алқасының қызметі туралы өзге де қажетті ақпаратты орналастырады.
Республикалық адвокаттар алқасы адвокаттар алқалары мүшелерінің ақпарат алу тәсілдерін көздеуге тиіс;
15) екі жылда кемінде бір рет Адвокаттар алқаларының республикалық конференциясын шақырады, оның күн тәртібін қалыптастырады;
16) Республикалық адвокаттар алқасының мүлкіне сметаға және мүліктің мақсатына сәйкес өз құзыреті шегінде билік етеді;
17) Республикалық адвокаттар алқасы төралқасының регламентін бекітеді;
18) Республикалық адвокаттар алқасының эмблемасын бекітеді;
2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен 18-1) - 18-10) тармақшалармен толықтырылды
18-1) заң көмегін көрсету стандарттарын уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді;
18-2) заң көмегін көрсету сапасының өлшемшарттарын уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді;
18-3) адвокаттық мантияның нысаны мен сипаттамасын бекітеді;
18-4) адвокат куәлігінің нысанын және оны толтыру тәртібін әзірлейді және бекітеді;
18-5) адвокаттардың тағылымдамадан өтушілерінің тағылымдамадан өту тәртібі туралы ережені уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді;
18-6) адвокаттардың біліктілігін арттыру стандарттарын уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді;
18-7) адвокаттардың біліктілігін арттыру тәртібін бекітеді;
18-8) адвокаттық сұрау салудың нысанын, оны ресімдеу және жіберу тәртібін уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді;
18-9) адвокаттардың тәртіптік комиссиясы туралы ережені бекітеді;
18-10) адвокатураның тәртіптік комиссиясы туралы ережені бекітеді;
2022.01.07. № 131-VII ҚР Заңымен 18-11) тармақшамен толықтырылды
18-11) адвокаттар үшін олардың қызметінің ерекшеліктері мен өзіндік ерекшелігін ескере отырып, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде әдістемелік ұсынымдарды әзірлейді және бекітеді;
2022.01.07. № 131-VII ҚР Заңымен 18-12) тармақшамен толықтырылды
18-12) қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша және мерзімдерде қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға жыл сайын осындай ақпарат бере отырып, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін анықтау тұрғысынан адвокаттардың қызметіне талдауды және мониторингті өз құзыреті шегінде жүргізеді, Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын қолдану практикасын жинақтап қорытады және оны жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
19) Республикалық адвокаттар алқасының жарғысында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
4. Ревизиялық комиссияның немесе адвокаттар алқалары жалпы санының кемінде үштен бірінің талап етуі бойынша Республикалық адвокаттар алқасының төралқасы екі ай ішінде кезектен тыс Республикалық конференцияны шақыруға міндетті.
5. Төралқаның шешімдері оның отырысына қатысып отырған мүшелері жалпы санының жай көп шілік даусымен қабылданады.
69-бап. Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы
1. Кемінде бес жыл адвокаттық қызмет өтілі бар адвокат Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы болып сайлана алады. Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы жасырын дауыс беру арқылы төрт жыл мерзімге сайланады.
Дәл сол бір адам Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы лауазымын бір мерзімнен артық атқара алмайды.
2. Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы:
1) мемлекеттік және өзге де ұйымдарда, сондай-ақ жеке тұлғалармен қарым-қатынаста Республикалық адвокаттар алқасының атынан өкілдік етеді;
2) Республикалық адвокаттар алқасының атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
3) сенімхаттар береді;
4) Республикалық адвокаттар алқасының атынан мәмілелер жасасады және Республикалық адвокаттар алқасы төралқасының шешімі бойынша Республикалық адвокаттар алқасының мүлкіне сметаға және мүліктің мақсатына сәйкес билік етеді;
5) Республикалық адвокаттар алқасы төралқасының отырыстарын шақырады;
6) Республикалық адвокаттар алқасы төралқасының шешімдері мен Адвокаттар алқаларының республикалық конференциясы шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді.
70-бап. Республикалық адвокаттар алқасының ревизиялық комиссиясы
1. Республикалық адвокаттар алқасының ревизиялық комиссиясы Республикалық адвокаттар алқасының қаржылық-шаруашылық қызметін бақылауды жүзеге асыратын және Адвокаттар алқаларының республикалық конференциясына есеп беретін органы болып табылады.
2. Республикалық адвокаттар алқасының ревизиялық комиссиясы адвокаттар алқаларының мүшелері қатарынан құрылуы мүмкін. Республикалық адвокаттар алқасы ревизиялық комиссиясының мүшелері Республикалық адвокаттар алқасында өзге сайланбалы лауазымды атқаруға құқылы емес.
Республикалық адвокаттар алқасының ревизиялық комиссиясы бес адамнан аспайтын құрамда құрылады.
Республикалық адвокаттар алқасы ревизиялық комиссиясының мүшелері өз қызметін ерікті негіздерде, өтеусіз жүзеге асырады.
2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Республикалық адвокаттар алқасының ревизиялық комиссиясын Адвокаттар алқаларының республикалық конференциясы төрт жылдан аспайтын мерзімге сайлайды.
Дәл сол бір адам Республикалық адвокаттар алқасының ревизиялық комиссиясының құрамында бір мерзімнен артық бола алмайды.
4. Республикалық адвокаттар алқасы ревизиялық комиссиясының кез келген уақытта Республикалық адвокаттар алқасының қаржылық-шаруашылық қызметіне тексеру жүргізуге құқығы бар және осы мақсатта ол Республикалық адвокаттар алқасы органдарының бүкіл құжаттамасына қол жеткізу құқығына ие болады. Республикалық адвокаттар алқасы органдарының мүшелері Республикалық адвокаттар алқасы ревизиялық комиссиясының талап етуі бойынша ауызша немесе жазбаша нысанда қажетті түсініктер беруге міндетті.
5. Республикалық адвокаттар алқасының ревизиялық комиссиясы Республикалық адвокаттар алқасының қаржылық-шаруашылық қызметі туралы жылдық есепке міндетті түрде тексеру жүргізеді және оның нәтижелерін Республикалық адвокаттар алқасының интернет-ресурсында орналастырады.
6. Республикалық адвокаттар алқасының ревизиялық комиссиясы Адвокаттар алқалары республикалық конференциясының кезекті жиналысына есеп ұсынады.
7. Республикалық адвокаттар алқасы ревизиялық комиссиясының жұмыс тәртібі, есеп ұсыну мерзімділігі Республикалық адвокаттар алқасының жарғысында және ішкі құжаттарында айқындалады.
71-бап. Республикалық адвокаттар алқасының мүлкі
1. Республикалық адвокаттар алқасының мүлкі адвокаттар алқалары жүзеге асыратын жарналар, гранттар және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен заңды және жеке тұлғалардан түсетін қайырымдылық көмек, қайырмалдықтар есебінен қалыптастырылады.
2. Республикалық адвокаттар алқасының жалпы мұқтаждарына арналған шығындарға оны материалдық қамтамасыз етуге, адвокаттарға сыйақы беруге арналған шығыстар және олардың Республикалық адвокаттар алқасының органдарында жұмыс істеуіне байланысты шығыстардың өтемақысы, Республикалық адвокаттар алқасының аппараты жұмыскерлерінің жалақысына жұмсалатын шығыстар және Қазақстан Республикасының заңнамасы мен Республикалық адвокаттар алқа сының сметасында көзделген өзге шығыстар жатады.
72-бап. Адвокаттардың тәртіптік жауаптылығы
2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Адвокатты тәртіптік жауаптылыққа тартуды адвокаттардың тәртіптік комиссиясы жүзеге асырады.
Адвокаттардың тәртіптік комиссиясы адвокаттар алқасы мүшелерінің жалпы жиналысы (конференциясы) сайлайтын және оған есеп беретін, адвокаттар алқасының тәуелсіз органы болып табылады. Адвокаттардың тәртіптік комиссиясы шешімдерінің міндетті сипаты болады.
Адвокаттардың тәртіптік комиссиясының құрамына адвокаттар алқасының ұсынуы бойынша кемінде бес жыл адвокаттық практика өтілі бар алты адвокат, әділет органдары ұсынған жұртшылықтың үш өкілі, отставкадағы екі судья енгізіледі.
Адвокаттардың тәртіптік комиссиясының төрағасы адвокат болып табылады.
Дәл сол бір адам адвокаттардың тәртіптік комиссиясында бір мерзімнен артық бола алмайды.
Адвокаттардың тәртіптік комиссиясы туралы ережені және тәртіптік жауаптылыққа тарту рәсімін Республикалық адвокаттар алқасы белгілейді.
Адвокаттардың тәртіптік комиссиясының өкілеттік мерзімі төрт жылды құрайды.
2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Тәртіптік істі адвокаттардың тәртіптік комиссиясы бұзушылық анықталған күннен бастап екі айдан аспайтын мерзімде қарайды. Тәртіптік іс жүргізу адвокат еңбекке уақытша жарамсыз болған және ол іссапарда болған жағдайларда тоқтатыла тұруы мүмкін. Тоқтата тұру мерзімі тәртіптік істі қараудың жалпы мерзіміне қосылмайды.
3. Тәртіптік істі қарау кезінде адвокаттардың тәртіптік комиссиясы өзінің отырыстарына шағымдар жолдаған тұлғаларды, сондай-ақ адвокаттар алқасының өздеріне қатысты шағымдар қаралатын мүшелерін шақыруға міндетті.
Әділет органдары тәртіптік іс жүргізуді қозғау туралы ұсыну енгізген жағдайда, оның міндетті түрде қаралуы әділет органы өкілінің қатысуымен жүзеге асырылады.
Қарау уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар етілген көрсетілген тұлғалардың келмеуі тәртіптік іс жүргізуді қарауға кедергі болмайды.
2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Адвокаттың осы Заңның, Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңнамасының, Адвокаттардың кәсіптік әдеп кодексінің, адвокаттар алқасы жарғысының талаптарын, Республикалық адвокаттар алқасы органдарының, адвокаттар алқаларының шешімдерін бұзғанын көрсететін жеткілікті негіздердің болуы тәртіптік іс жүргізуді қозғауға негіз болып табылады.
5. Адвокаттардың тәртіптік комиссиясы адвокатқа мынадай тәртіптік жазалау шараларын қолдануға құқылы:
1) ескерту;
2) сөгіс;
3) қатаң сөгіс;
4) осы Заңның 60-бабында көзделген негіздер бойынша және тәртіппен адвокаттар алқасынан шығару.
6. Адвокаттың тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін тек бір тәртіптік жаза қолданылуы мүмкін.
Тәртіптік жаза ол анықталған күннен бастап бір айдан аспайтын, бірақ ол жасалған күннен бастап алты айдан аспайтын мерзімде қолданылуы мүмкін.
Тәртіптік істі қарау нәтижелері бойынша тәртіптік комиссия адвокаттар алқасының мүшесін анықталған бұзушылықтарды жоюға міндеттейтін және оларды жою мерзімдерін белгілейтін нұсқама шығара алады.
7. Осы баптың 5-тармағында көзделген шешімдер адвокаттардың тәртіптік комиссиясы мүшелерінің көпшілік даусымен қабылданады және қабылданған күнінен бастап күшіне енеді.
Егер адвокаттардың тәртіптік комиссиясының отырысына оның мүшелерінің жартысынан көбі қатысқан болса, ол құқықты болып есептеледі.
2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
8. Адвокаттардың тәртіптік комиссиясы адвокаттар алқасының мүшесіне қатысты тәртіптік жазалау шараларын қолдану туралы шешім қабылдаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде адвокаттар алқасы осы шешімнің көшірмесін оның алынғанын тіркеуді қамтамасыз ететін байланыс құралдарын пайдалана отырып, адвокаттар алқасының мүшесіне, сондай-ақ шешім қабылданған шағымды жолдаған адамға жібереді.
2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9. Адвокаттардың тәртіптік комиссиясының шешіміне осы шешім жария етілген кезден бастап үш ай ішінде адвокатураның тәртіптік комиссиясында немесе сотта дау айтылуы мүмкін.
10. Адвокаттардың тәртіптік комиссиясы жұмысының нәтижелері адвокаттар алқасының интернет-ресурсында орналастырылады.
73-бап. Адвокатураның тәртіптік комиссиясы
2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Адвокаттар алқалары басқару органдарының мүшелерін, Республикалық адвокаттар алқасы басқару органдарының мүшелерін тәртіптік жауаптылыққа тартуды адвокатураның тәртіптік комиссиясы жүзеге асырады.
Адвокатураның тәртіптік комиссиясы адвокаттардың тәртіптік комиссиясының шешімдеріне шағымдарды да қарайды, тәртіптік практиканы қорытады.
Адвокатураның тәртіптік комиссиясы Адвокаттар алқаларының республикалық конференциясы сайлайтын және оған есеп беретін, Республикалық адвокаттар алқасының тәуелсіз органы болып табылады. Адвокатураның тәртіптік комиссиясы шешімдерінің міндетті сипаты болады.
Адвокатураның тәртіптік комиссиясының құрамына Республикалық адвокаттар алқасының ұсынуы бойынша кемінде бес жыл адвокаттық практика өтілі бар алты адвокат, уәкілетті орган ұсынған жұртшылықтың үш өкілі, отставкадағы екі судья енгізіледі.
Адвокатураның тәртіптік комиссиясының төрағасы адвокат болып табылады.
Дәл сол бір адам адвокатураның тәртіптік комиссиясында бір мерзімнен артық бола алмайды.
Адвокатураның тәртіптік комиссиясының өкілеттік мерзімі төрт жылды құрайды.
2. Адвокаттар алқалары басқару органдарының мүшелерін, Республикалық адвокаттар алқасы басқару органдарының мүшелерін тәртіптік жауаптылыққа тарту осы Заңның 72-бабында белгіленген қағидалар бойынша жүргізіледі.
3. Адвокатураның тәртіптік комиссиясы адвокаттар алқалары басқару органдарының мүшелеріне, Республикалық адвокаттар алқасы басқару органдарының мүшелеріне мынадай тәртіптік жазалау шараларын қолдануға құқылы:
1) ескерту;
2) сөгіс;
3) қатаң сөгіс.
4. Егер істі қарау нәтижелері бойынша тәртіптік комиссия жауаптылыққа тартылып жатқан адамды адвокаттар алқасынан шығаруға негіздер бар екенін анықтаған жағдайда, ол тиісті адвокаттар алқасына адвокаттың алқадағы мүшелігін тоқтату туралы мәселені қарауды тапсырады.
Адвокаттар алқасының мүшені алқадан шығару туралы шешіміне адвокаттар алқасының төралқасы қаулысының көшірмесі адвокатқа табыс етілген күннен бастап бір ай мерзімде сотқа шағым жасалуы мүмкін.
5. Адвокаттардың тәртіптік комиссиясының шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымды қарау нәтижелері бойынша адвокатураның тәртіптік комиссиясының:
1) шағымды - қанағаттандырусыз, ал адвокаттардың тәртіптік комиссиясының шешімін өзгеріссіз қалдыруға;
2) адвокаттардың тәртіптік комиссиясының шешімін өзгертуге;
3) адвокаттардың тәртіптік комиссиясы шешімінің күшін жоюға және жаңа шешім қабылдауға;
4) істі адвокаттардың тиісті тәртіптік комиссиясына жаңадан қарауға жіберуге және адвокаттардың тәртіптік комиссиясын белгілі бір әрекеттер жасауға міндеттеуге құқығы бар.
Егер адвокатураның тәртіптік комиссиясының отырысына оның мүшелерінің жартысынан көбі қатысқан болса, ол құқықты болып есептеледі.
Адвокатураның тәртіптік комиссиясының шешімі ашық дауыс беру арқылы, отырысқа қатысып отырған комиссия мүшелерінің көпшілік даусымен қабылданады.
Адвокатураның тәртіптік комиссиясының шешіміне сотта дау айтылуы мүмкін.
6. Адвокатураның тәртіптік комиссиясы жұмысының нәтижелері Республикалық адвокаттар алқасының интернет-ресурсында орналастырылады.
74-бап. Адвокаттар алқасының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), оның басқару органдарының шешімдеріне шағым жасау
Адам өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін адвокаттар алқасының әрекеттері (әрекетсіздігі) және (немесе) оның басқару органдарының шешімдері бұзған жағдайда, мұндай әрекеттерге (әрекетсіздікке) және (немесе) шешімдерге Республикалық адвокаттар алқасында немесе сотта дау айтуға құқылы.
4-БӨЛІМ. ЗАҢ КОНСУЛЬТАНТТАРЫНЫҢ ЗАҢ КӨМЕГІН КӨРСЕТУІ
5-тарау. ЗАҢ КОНСУЛЬТАНТЫНЫҢ МӘРТЕБЕСІ
75-бап. Заң консультанты
1. Жоғары заң білімі бар, заң мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілі бар, аттестаттаудан өткен, заң консультанттары палатасының мүшесі болып табылатын және заң көмегін көрсететін жеке тұлға заң консультанты болып табылады.
2. Заң консультанты заң көмегін дара кәсіпкерлік түрінде жеке практикамен айналыса отырып не дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеусіз, сондай-ақ заңды тұлғамен еңбек шарты негізінде өзі дербес көрсете алады.
76-бап. Заң консультантының құқықтары мен міндеттері
1. Заң консультанты көмек сұрап өтініш жасаған тұлғаға ол мұқтаж болып отырған кез келген заң көмегін Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен және шарттарда көрсетуге құқылы.
2. Заң консультанты өзіне өтініш жасаған тұлғамен өзінің атынан заң көмегін көрсету туралы жазбаша шарт жасасады.
Заңды тұлғамен еңбек шарты негізінде жұмыс істейтін заң консультанты заң көмегін көрсеткен жағдайда, клиентке заң көмегін көрсету туралы жазбаша шартты заңды тұлға жасасады.
3. Заң консультанты өкіл ретінде әрекет ете отырып:
1) заң көмегін сұрап өтініш жасаған тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін құзыретіне тиісті мәселелерді шешу кіретін соттарда, мемлекеттік, өзге де органдар мен ұйымдарда білдіруге;
2) барлық мемлекеттік органдардан, жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен заңды тұлғалардан заң көмегін көрсетуге қажетті мәліметтерді сұратуға және алуға;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және шектерде, заң көмегін көрсетуге қажетті нақты деректерді өзі дербес жинауға, сондай-ақ оларды мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға ұсынуға;
4) процестік құжаттарды, сот істерін қоса алғанда, заң көмегін сұрап өтініш жасаған тұлғаға қатысты материалдармен танысуға және оларда қамтылған ақпаратты заңдарда тыйым салынбаған кез келген тәсілмен тіркеп алуға;
5) заң көмегін көрсетуге байланысты туындайтын және ғылым, техника, өнер саласында және басқа да қызмет салаларында арнайы білімді талап ететін мәселелерді түсіндіру үшін шарттық негізде мамандардың қорытындыларын сұратуға;
6) мемлекеттік билік, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілердің көмек сұрап өтініш жасаған тұлғалардың құқықтарына және заңмен қорғалатын мүдделеріне қысым жасайтын шешімдеріне және әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) өтінішхаттар мәлімдеуге, белгіленген тәртіппен шағымдар келтіруге;
7) заң көмегін сұрап өтініш жасаған тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың заңмен тыйым салынбаған барлық құралдары мен тәсілдерін пайдалануға;
8) татуластыру рәсімдерін жүргізуге;
9) кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсетуге;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де әрекеттер жасауға құқықты.
4. Заң консультанты:
1) Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңнамасының талаптарын, сондай-ақ заң консультанттары палатасының қағидалары мен стандарттарының талаптарын сақтауға;
2) өзі мүшесі болып табылатын заң консультанттары палатасы белгілеген Кәсіптік әдеп кодексінің қағидаларын сақтауға, сондай-ақ осы Заңда белгіленген жарналарды төлеуге;
3) кәсіптік қызметте заң көмегін көрсету қағидаттарын басшылыққа алуға;
4) соттарда тұлғалардың мүдделерін білдіру түрінде заң көмегін көрсету үшін заң консультанттары палаталарының бірінің мүшесі болуға;
5) клиентке заң көмегін көрсетуге кедергі келтіретін мән-жайлардың туындауы салдарынан өзінің заң көмегін көрсетуге қатыса алмайтыны туралы хабарлауға;
6) заң көмегін көрсету кезінде клиенттен және үшінші тұлғалардан алынатын құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге;
7) клиентке заң консультанттары палатасына мүшелігі туралы ақпарат беруге;
4-тармақтың 8) тармақшасы 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
8) клиенттің талап етуі бойынша заң консультантының кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру шартының көшірмесін ұсынуға;
9) клиенттің талап етуі бойынша, өзі мүшесі болып табылатын заң консультанттары палатасы мүшелерінің тізілімінен үзінді-көшірме ұсынуға;
10) егер клиент бұған қарсы болмаса, клиентпен құпия ақпаратты жария етпеу туралы келісім жасасуға;
11) клиенттің құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған нақты мән-жайларды анықтау бойынша заңда тыйым салынбаған кез келген әрекеттерді орындауға;
12) заң көмегін көрсету кезінде пайдаланылған құжаттардың көшірмелерін заң көмегін көрсету аяқталған күнінен бастап үш жыл бойы қағаз немесе электрондық жеткізгіште не электрондық құжаттар нысанында клиенттің талап етуі бойынша сақтауға;
13) өзінің біліктілігін ұдайы арттырып отыруға;
4-тармақтың 14) тармақшасы 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
14) кәсіптік жауапкершілікті сақтандыруды жүзеге асыруға міндетті.
5. Егер заң консультанты заңды тұлғамен еңбек қатынастарында тұрған жағдайда, осы баптың 4-тармағының 5), 6), 8), 10) және 12) тармақшаларында көзделген міндеттер осы заңды тұлғаға жүктеледі.
6. Заң консультантының іс бойынша көмек сұрап өтініш жасаған адамның жағдайын нашарлататын құқықтық ұстанымда болуына, өз өкілеттіктерін өзі мүддесін білдіретін тұлғаға нұқсан келтіре отырып пайдалануына тыйым салынады.
7. Мүдделер қақтығысы болған жағдайда, заң консультантының заң көмегін көрсетуіне тыйым салынады.
Заң консультанты, егер:
клиент пен заң консультантының, оның жақын туыстарының мүдделер қақтығысы болса, сондай-ақ мүдделер қақтығысын құрайтын басқа да мән-жайлар болған кезде;
Қазақстан Республикасының процестік заңнамасында көзделген негіздер болса, заң көмегін көрсетуден бас тартуға міндетті.
2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен 76-1-баптармен толықтырылды
76-1-бап. Заң консультанты қызметінің кепілдіктері
1. Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген жағдайлардан басқа, заң консультантының құқықтары шектелмеуге тиіс. Заң консультантының заңды қызметіне араласу не кедергі келтіру Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа алып келеді.
2. Мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары және заңды тұлғалар заң консультантының заң көмегін көрсетуіне байланысты сұрау салуына он жұмыс күні ішінде жазбаша жауап беруге міндетті.
Егер ақпарат қол жеткізу шектелген ақпаратқа жатқызылған жағдайда, заң консультантына сұрау салынған мәліметтерді беруден бас тартылуы мүмкін.
3. Заң консультантының қабылданған тапсырманы орындау кезінде сотта және басқа да мемлекеттік және мемлекеттік емес органдар мен ұйымдарда заң көмегін көрсетуге қажетті компьютерлерді, смартфондарды және өзге де техникалық құралдарды Қазақстан Республикасының процестік заңнамасында белгіленген тәртіппен пайдалануға құқығы бар.
77-бап 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
77-бап. Заң консультантының қызметін сақтандыру
1. Заң консультанты шартқа сәйкес заң көмегі көрсетілетін үшінші тұлғаларға зиян келтіру салдарынан туындайтын міндеттемелер бойынша кәсіптік жауапкершілікті сақтандыру шартын жасасуға міндетті.
Заң консультанты кәсіптік жауапкершілікті сақтандыру шарты болмаған кезде заң көмегін көрсетуге кірісуге құқылы емес.
Егер заң консультанты заңды тұлғамен еңбек қатынастарында тұрған жағдайда, заң консультантының кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру шартын жасасу жөніндегі міндет осы заңды тұлғаға жүктеледі.
2. Сақтанушының (сақтандырылған тұлғаның) шартқа сәйкес заң көмегі көрсетілетін үшінші тұлғаларға қызметті жүзеге асыру нәтижесінде келтірілген зиянды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтеу міндетіне байланысты мүліктік мүдделері заң консультантының кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру объектісі болып табылады.