11) жыл сайын мониторинг нәтижелері бойынша алқа адвокаттары көрсететін қызметтердің орташа құнын (көрсетілетін қызметтердің түрлері бойынша) айқындайды және осы ақпараттың адвокаттар алқасының, Республикалық адвокаттар алқасының интернет-ресурстарында орналастырылуын және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануын қамтамасыз етеді;
12) оң жұмыс тәжірибесін талдайды, қорытады және таратады;
13) кодификациялық-анықтамалық жұмыс жүргізуді ұйымдастырады, адвокаттық қызмет мәселелері бойынша әдістемелік құралдар мен ұсынымдарды әзірлейді және басып шығарады;
14) заң консультацияларын құрады, олардың меңгерушілерін лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;
15) нысанын Республикалық адвокаттар алқасы бекітетін адвокат куәлігін береді;
16) адвокаттар алқасының қаражатына жарғыда айқындалған және адвокаттар алқасы мүшелерінің жалпы жиналысы (конференциясы) айқындаған тәртіппен билік етеді;
17) бухгалтерлік есепке алуды, қаржылық есептілікті, іс қағаздарын жүргізуді және бастапқы статистикалық деректерді қалыптастыруды ұйымдастырады;
18) адвокаттар алқасының мүлкіне билік ету тәртібін белгілейді;
19) адвокаттар алқасы мүшелерінің жалпы жиналысының (конференциясының) айрықша құзыретіне жатқызылғандардан басқа, адвокаттар алқасы қызметінің өзге де мәселелерін шешеді.
56-бап. Адвокаттар алқасы төралқасының төрағасы
2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Сайланған күніне дейін кемінде бес жыл тікелей адвокаттар алқасының мүшесі болған адвокат адвокаттар алқасы төралқасының төрағасы болып сайлана алады.
Адвокаттар алқасы төралқасының төрағасы жасырын дауыс беру арқылы төрт жыл мерзімге сайланады.
Дәл сол бір адам қатарынан екі мерзімнен артық адвокаттар алқасы төралқасының төрағасы лауазымын атқара алмайды.
2. Адвокаттар алқасы төралқасының төрағасы алқаның жарғысына сәйкес:
1) төралқаның жұмысын ұйымдастырады, оның отырыстарында төрағалық етеді және төралқа, адвокаттар алқасы мүшелерінің жалпы жиналыстары (конференциялары) шешімдерінің орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
2) төралқа аппаратының жұмысына басшылық етеді, адвокаттар алқасы аппаратының жұмыскерлерін жұмысқа қабылдауды және жұмыстан босатуды жүзеге асырады;
3) мемлекеттік органдарда, қоғамдық бірлестіктерде, басқа да ұйымдар мен мекемелерде адвокаттар алқасы атынан өкілдік етеді;
4) адвокаттық қызметті ұйымдастырудың адвокат таңдаған нысанын және заңды мекенжайын көрсетіп, адвокаттар алқасына мүше болып кірген, сондай-ақ шығарылу себептерін көрсете отырып, адвокаттар алқасына мүшеліктен шығарылған лицензиаттар туралы мәліметтердің лицензиарға, Республикалық адвокаттар алқасына уақтылы ұсынылуын қамтамасыз етеді;
5) адвокаттар көрсеткен заң көмегі туралы статистикалық мәліметтерді қоса алғанда, адвокаттар алқасының қызметі туралы есептің Республикалық адвокаттар алқасына ұсынылуын қамтамасыз етеді;
6) адвокаттар көрсеткен, мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы және қорғау мен өкілдік етуге байланысты шығыстарды бюджет қаражаты есебінен өтеу туралы жиынтық есептің аумақтық әділет органына уақтылы ұсынылуын қамтамасыз етеді;
7) адвокаттардың тағылымдамадан өтушілерінің тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етеді;
8) адвокаттардың біліктілігін арттыру бағдарламаларының іске асырылуын қамтамасыз етеді.
Адвокаттар алқасының төралқасы төрағасының басқа да өкілеттіктері адвокаттар алқасының жарғысында айқындалады.
57-бап. Адвокаттар алқасының ревизиялық комиссиясы
1. Адвокаттар алқасының ревизиялық комиссиясы адвокаттар алқасы мен оның органдарының қаржылық-шаруашылық қызметін бақылауды жүзеге асыратын адвокаттар алқасының органы болып табылады.
2. Адвокаттар алқасының ревизиялық комиссиясы адвокаттар алқасы мүшелерінің қатарынан құрылуы мүмкін. Ревизиялық комиссияның мүшелері адвокаттар алқасында өзге сайланбалы лауазымды атқаруға құқылы емес.
Адвокаттар алқасының ревизиялық комиссиясы бес адамнан аспайтын құрамда құрылады.
Адвокаттар алқасы ревизиялық комиссиясының мүшелері өз қызметін ерікті негіздерде, өтеусіз жүзеге асырады.
2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Адвокаттар алқасының ревизиялық комиссиясы адвокаттар алқасы мүшелерінің жалпы жиналысында (конференциясында) төрт жылдан аспайтын мерзімге сайланады және алқаның жоғары басқару органына есеп береді.
Дәл сол бір адам адвокаттар алқасының ревизиялық комиссиясы құрамында бір мерзімнен артық бола алмайды.
4. Адвокаттар алқасы ревизиялық комиссиясының кез келген уақытта адвокаттар алқасының қаржылық-шаруашылық қызметіне тексеру жүргізуге құқығы бар. Адвокаттар алқасының органдары адвокаттар алқасы ревизиялық комиссиясының талап етуі бойынша тексеруге қажетті құжаттарды ұсынуға және ауызша немесе жазбаша нысанда қажетті түсініктер беруге міндетті.
5. Ревизиялық комиссия адвокаттар алқасының қаржылық-шаруашылық қызметі туралы жылдық есепке міндетті түрде тексеру жүргізеді және оның нәтижелерін адвокаттар алқасының және Республикалық адвокаттар алқасының интернет-ресурстарында орналастырады.
6. Ревизиялық комиссия адвокаттар алқасы мүшелерінің кезекті жалпы жиналысына (конференциясына) есеп ұсынады.
7. Адвокаттар алқасы ревизиялық комиссиясының жұмыс тәртібі, есеп ұсыну мерзімділігі адвокаттар алқасының жарғысында және ішкі құжаттарында айқындалады.
58-бап. Адвокаттар алқасына мүшелік
1. Адвокаттар алқасына мүшелік міндетті болып табылады.
Кіру жарналарына тыйым салынады.
Осы Заңның 32-бабының 2-тармағында көзделген мән-жайлардың бірінің анықталуы адвокаттар алқасына мүшелікке қабылдаудан бас тартуға негіз болып табылады.
Адвокаттар алқасына мүшелікке қабылдаудан бас тартуға Республикалық адвокаттар алқасына немесе сотқа шағым жасалуы мүмкін.
2. Адам адвокаттар алқасынан шығарылып, бірақ адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензиясын сақтап қалған жағдайда, ол шығарылған күннен бастап кемінде алты ай өткеннен кейін адвокаттар алқасына қайта қабылдануы мүмкін. Бұл кезеңде адвокаттық қызметті жүзеге асыруға жол берілмейді.
2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен 58-1-баппен толықтырылды
58-1-бап. Адвокаттар тізілімі
1. Республикалық адвокаттар алқасы заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесінде адвокаттар тізілімін қалыптастырады.
2. Адвокаттар тізілімі мынадай мәліметтерді қамтиды:
1) адвокаттың тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), оның туған күні;
2) адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның нөмірі мен берілген күні;
3) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың адвокаттар алқасына мүше болу күні;
4) адвокаттық қызмет ұйымының адвокат таңдаған нысаны, заңды мекенжайы, байланыс телефондарының нөмірлері;
5) адвокатқа қатысты тәртіптік жазалау шараларының болуы немесе болмауы;
6) адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру күні мен негіздері;
7) адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтату күні мен негіздері;
8) адвокаттар алқасына мүшелікті тоқтата тұру не тоқтату күні мен негіздері.
3. Адвокат Республикалық адвокаттар алқасын адвокаттар тізілімінде қамтылған ақпаратты өзгертуге алып келетін кез келген оқиғалардың басталғаны туралы жазбаша нысанда немесе электрондық құжат жіберу арқылы осындай оқиғалар басталған күннен кейінгі күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабардар етуге міндетті.
4. Қазақстан Республикасының заңдарында қол жеткізу шектелген мәліметтерді қоспағанда, адвокаттар тізілімінде қамтылған ақпарат жалпыға бірдей қолжетімді болып табылады.
59-бап. Адвокаттың анты
1. Адвокаттар алқасына мүшелікке кірген лицензиат Республикалық адвокаттар алқасы белгілеген тәртіппен мынадай мазмұнда ант береді:
«Мен, (аты және тегі), заң көмегін көрсету қағидаттарын, Адвокаттардың кәсіптік әдеп кодексін сақтауға, адам құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін адал және шынайы ниетпен қорғауға, заң көмегін алу құқығын қамтамасыз етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүктелген міндеттерді орындауға салтанатты түрде ант етемін.».
2. Лицензиат ант мәтініне қол қояды, ол адвокаттың жеке ісінде сақталады.
3. Адвокаттар алқасы адвокаттар алқасы мүшелерінің тізімін жүргізеді және оны жаңартылған күйде адвокаттар алқасының интернет-ресурсында орналастырады.
Адвокаттар алқасы адвокат мәртебесін алу, тоқтата тұру және тоқтату туралы ақпаратты Республикалық адвокаттар алқасына жібереді.
60-бап. Адвокаттар алқасына мүшелікті тоқтату
1. Адвокаттар алқасының төралқасы адвокаттың адвокаттар алқасына мүшелігін мынадай:
1) адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысы тоқтатылған немесе одан айырылған;
2) адвокат өз міндеттерін орындаған кезде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары мен нормаларын, адвокаттар алқасының жарғысында бекітілген заң көмегін көрсету қағидаттарын, Адвокаттардың кәсіптік әдеп кодексін өрескел не бірнеше рет бұзған;
3) біліктілігінің жеткіліксіздігі салдарынан адвокаттың өз кәсіптік міндеттерін орындай алмайтыны анықталған;
4) мүшелік жарналарды жүйелі түрде төлемеген;
5) коммерциялық ұйымның байқаушы кеңесінің құрамына кіру, дауды шешу үшін тиісті төреліктің төрешісі болып сайлану немесе тағайындалу, сондай-ақ оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметпен айналысу жағдайларын қоспағанда, адвокат кәсіптік қызметпен қатар кәсіпкерлік немесе өзге ақы төленетін қызметпен де айналысқан;
6) өз еркі бойынша;
7) адвокат қайтыс болған жағдайларда;
8) алқаның жарғысында көзделген өзге де жағдайларда тоқтатады.
2. Адвокатты адвокаттар алқасынан осы баптың 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша шығару адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтатуға алып келеді.
3. Адвокаттар алқасына мүшелікті тоқтатуға адвокаттар алқасының төралқасы қаулысының көшірмесі адвокатқа табыс етілген күннен бастап бір ай мерзімде Республикалық адвокаттар алқасына немесе сотқа шағым жасалуы мүмкін.
61-бап. Адвокаттар алқасы мүшесінің құқықтары мен міндеттері
1. Адвокаттар алқасы мүшесінің:
1) адвокаттар алқасы, оның органдары мен лауазымды адамдары тарапынан берілетін жәрдемді, кәсіптік көмек пен қорғауды пайдалануға;
2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) адвокаттар алқасының және Республикалық адвокаттар алқасының органдарына сайлауға және сайлануға;
3) адвокаттар алқасы органдарының алдына алқа қызметіне қатысты мәселелер қоюға, алқа мен оның органдарының жұмысын жақсарту жөнінде ұсыныстар енгізуге, шешімдерді талқылау мен қабылдауға қатысуға, адвокаттар алқасының органдарынан олардың қызметі туралы құжаттар мен материалдар ұсынуын талап етуге;
4) өзінің қызметін немесе мінез-құлқын адвокаттар алқасының органдары тексерген және талқылаған барлық жағдайларда оған жеке өзі қатысуға;
5) адвокаттар алқасының жарғысында айқындалған тәртіппен және шарттарда оның мүлкін пайдалануға;
6) адвокаттар алқасының құрамынан өз еркімен шығуға құқығы бар.
2. Адвокаттар алқасының мүшесі:
1) адвокаттар алқасы жарғысының талаптарын сақтауға;
2) адвокаттар алқасы мүшелері жалпы жиналысының (конференциясының), Республикалық адвокаттар алқасының және олардың органдарының шешімдерін орындауға;
3) мүшелік және нысаналы жарналар төлеуге;
4) адвокаттар алқасының төралқасына көрсетілген заң көмегі туралы статистикалық мәліметтер ұсынуға;
5) тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болған жағдайда) өзгерген жағдайда, Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда лицензиарға адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияны қайта ресімдеу туралы өтініш беруге;
6) адвокаттар алқасының төралқасына өзінің заңды мекенжайының өзгергені туралы хабарлауға;
7) адвокаттар алқасының төралқасына жеке және заңды тұлғалардың өзі көрсеткен заң көмегінің сапасына берген жолданымдары бойынша тексеру үшін қажетті материалдарды ұсынуға міндетті.
3. Адвокаттар алқасының мүшесі адвокаттар алқасының алдында, мүшелік және нысаналы жарналарды төлеу міндеттемесінен басқа, өзге біржақты мүліктік міндеттемелер жүктей алмайды.
4. Адвокаттар алқасының мүшелері өздерінің құқықтары мен міндеттері бойынша тең болады.
62-бап. Заң консультациясы
1. Азаматтардың заң көмегіне қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін адвокаттар алқасының төралқасы заң консультацияларын, оның ішінде мамандандырылған заң консультацияларын құрады.
2. Заң консультациясы адвокаттар алқасының құрылымдық бөлімшесі (филиалы) болып табылады. Оның өз атауы және тиісті адвокаттар алқасына тиесілілігі көрсетілген мөрі, заң көмегін көрсетуді ұйымдастыруға қажетті өзге атрибутикасы болады. Заң консультациясы адвокаттар алқасы мүшелерінің жалпы жиналысы (конференциясы) қабылдайтын Ереже негізінде жұмыс істейді.
3. Заң консультациясы орналасатын жерді адвокаттар алқасының төралқасы айқындайды.
4. Заң консультациясын адвокаттар алқасының төралқасы тағайындайтын меңгеруші басқарады.
63-бап. Адвокаттық кеңсе
1. Адвокаттық кеңсе коммерциялық емес ұйым болып табылады.
2. Адвокаттық кеңсе адвокаттардың заң көмегін көрсетуінің материалдық, ұйымдастырушылық-құқықтық және өзге де жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында құрылады (жасалады).
3. Адвокаттық кеңсені адвокаттар алқасының мүшесі (мүшелері) құрады (жасайды). Адвокат тек бір ғана адвокаттық кеңсенің әріптесі бола алады.
4. Адвокаттық кеңсенің әріптестері оның міндеттемелері бойынша жауап бермейді, ал адвокаттық кеңсе өз әріптестерінің міндеттемелері бойынша жауап бермейді.
5. Адвокаттық кеңсе Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес адвокаттардың адвокаттық қызметті жүзеге асыруға байланысты алған кірістері бойынша олардың салық агенті, сондай-ақ клиенттермен және үшінші тұлғалармен есеп айырысу бойынша және адвокаттық кеңсенің құрылтай құжаттарында көзделген басқа да мәселелер бойынша олардың өкілдері болып әрекет ете алады.
6. Адвокаттық кеңсе құрған (жасаған) адвокаттар өздерінің арасында қарапайым жазбаша нысанда әріптестік шарт жасасады. Әріптестік шарт бойынша адвокаттар барлық әріптестердің атынан заң көмегін көрсету үшін өз күш-жігерін біріктіруге міндеттенеді. Әріптестік шарт адвокаттық кеңсені мемлекеттік тіркеу үшін ұсынылмайды.
2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Егер әріптестік шартта өзгеше белгіленбесе, адвокаттық кеңсенің жалпы істерін жүргізуді басқарушы әріптес жүзеге асырады. Заң көмегін көрсету туралы шартты адвокаттық кеңсе өз атынан, соған кіретін барлық әріптестердің тапсырмасы бойынша, солардың есебінен және мүдделерінде жасасады.
8. Бір адвокат құрған (жасаған) адвокаттық кеңсе өз қызметін жарғы негізінде жүзеге асырады.
9. Адвокаттық кеңсенің адвокаты адвокаттық кеңсе мемлекеттік тіркелгеннен және (немесе) оған қабылданғаннан кейін күнтізбелік он күн ішінде бұл туралы тиісті адвокаттар алқасын жазбаша хабардар етуге және адвокаттық кеңсенің әріптестік құжаттарын оның иелігіне ұсынуға міндетті.
10. Адвокаттық кеңселердің әріптестері салым ретінде енгізген мүлік адвокаттық кеңсеге меншік құқығында тиесілі болады.
11. Адвокаттық кеңсе әріптестерінің құрамын өзгерту:
1) әріптестің шығуы;
2) жаңа әріптесті қабылдау;
3) әріптестің адвокаттық қызметті осы Заңда көзделген негіздер бойынша тоқтатуы салдарынан жүзеге асырылуы мүмкін.
12. Адвокаттық кеңсенің әріптестері:
1) егер адвокаттық кеңсенің жарғысында өзгеше көзделмесе, адвокаттық кеңседен шыққан не адвокаттық қызметті тоқтатқан кезде өздері адвокаттық кеңсенің меншігіне берген мүлік құны шегінде адвокаттық кеңсе мүлкінің бір бөлігін немесе осы мүліктің құнын алуға;
2) адвокаттық кеңсе таратылған жағдайда, оның кредиторлармен есеп айырысқаннан кейін қалған мүлкінің бір бөлігін өздері адвокаттық кеңсенің меншігіне берген мүлік құны шегінде алуға құқылы.
13. Адвокаттық кеңселерді құруға мемлекеттік органдардың арнайы рұқсаты талап етілмейді.
64-бап. Адвокаттық қызметті жеке-дара жүзеге асыру
1. Кәсіптік қызметті жеке-дара жүзеге асыруға шешім қабылдаған адвокат бұл туралы адвокаттар алқасын хабардар етеді. Хабарламада адвокаттың тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болған жағдайда), оның тұрақты тұрған жері көрсетіледі.
2. Кәсіптік қызметті заңды тұлға құрмастан, жеке-дара жүзеге асыратын адвокат банктерде есеп айырысу шоттары мен өзге де шоттарға, жеке мөрге, мөртабандарға, жеке бланкілерге ие болуға құқылы.
65-бап. Республикалық адвокаттар алқасы
1. Республикалық адвокаттар алқасы адвокаттар алқаларының міндетті мүшелігіне негізделген, коммерциялық емес, тәуелсіз, кәсіптік, өзін-өзі бас қаратын, өзін-өзі қаржыландыратын ұйым болып табылады.
2. Республикалық адвокаттар алқасы адвокаттық өзін-өзі басқару ұйымы ретінде Қазақстан Республикасындағы және оның шегінен тыс жердегі мемлекеттік және өзге де ұйымдарда адвокаттар алқалары мен адвокаттардың мүдделерін білдіру және қорғау, адвокаттар алқаларының қызметін үйлестіру, адвокаттар көрсететін заң көмегінің жоғары деңгейін қамтамасыз ету мақсатында құрылады.
3. Республикалық адвокаттар алқасын Адвокаттар алқаларының республикалық конференциясы құрады.
4. Республикалық адвокаттар алқасының жарғысын Адвокаттар алқаларының республикалық конференциясы қабылдайды.
5. Республикалық адвокаттар алқасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркелуге жатады.
6. Республикалық адвокаттар алқасын қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
7. Республикалық адвокаттар алқасы мен оның органдарының өз құзыреті шегінде қабылдаған шешімдері адвокаттар алқалары мен адвокаттар үшін міндетті.
2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Республикалық адвокаттар алқасы адвокаттар тізілімін жаңартылған күйде жүргізеді.
9. Республикалық адвокаттар алқасы адвокаттардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), адвокаттар алқаларының басқару органдарының шешімдеріне шағымдарды осы Заңға сәйкес қарайды.
10. Жарғыда көзделген жағдайларда, Республикалық адвокаттар алқасында Адвокаттар алқаларының республикалық конференциясы қабылдайтын ережелер негізінде жұмыс істейтін әдеп жөніндегі комиссия мен басқа да органдар құрылуы мүмкін.
66-бап. Республикалық адвокаттар алқасының жарғысы
1. Республикалық адвокаттар алқасының жарғысында:
1) Республикалық адвокаттар алқасының атауы, қызмет нысанасы мен мақсаттары;
2) Республикалық адвокаттар алқасы мүшелерінің құқықтары мен міндеттері;
3) Республикалық адвокаттар алқасының құрылымы, оның органдарын қалыптастыру тәртібі мен олардың құзыреті;
4) мүлікті түзу көздері және оған билік ету тәртібі;
5) адвокаттар алқалары жүзеге асыратын аударымдардың мөлшері мен тәртібі;
6) Республикалық адвокаттар алқасын қайта ұйымдастыру және тарату тәртібі көзделуге тиіс.
2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Республикалық алқаның жарғысында Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де ережелер қамтылуы мүмкін.
67-бап. Адвокаттар алқаларының республикалық конференциясы
1. Адвокаттар алқаларының республикалық конференциясы Республикалық адвокаттар алқасының жоғары органы болып табылады, ол екі жылда кемінде бір рет шақырылады. Егер конференцияның жұмысына Республикалық адвокаттар алқасы мүшелерінің төрттен үшінен кем емес делегаттар қатысқан болса, ол құқықты болып есептеледі.
2. Конференция Республикалық адвокаттар алқасы қызметінің кез келген мәселелерін шешуге құқылы.
Конференцияның айрықша құзыретіне:
1) Республикалық адвокаттар алқасының жарғысын қабылдау және оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
2) Республикалық адвокаттар алқасы төралқасының орналасатын жерін айқындау;
3) Республикалық адвокаттар алқасы төралқасының мүшелерін лауазымға сайлау және одан босату;
4) Республикалық адвокаттар алқасының төрағасын лауазымға сайлау және одан босату;
5) Республикалық адвокаттар алқасы ревизиялық комиссиясының мүшелері мен төрағасын лауазымға сайлау және одан босату;
6) адвокатураның тәртіптік комиссиясының мүшелері мен төрағасын лауазымға сайлау және одан босату;
7) Республикалық конференцияда адвокаттар алқаларынан делегаттардың өкілдік ету нормаларын бекіту;
8) Адвокаттардың кәсіптік әдеп кодексін бекіту және оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
9) Адвокаттарға аттестаттау жүргізу тәртібі туралы ережені бекіту;
10) - 17) 2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
18) тармақша 2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
18) кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсетудің көлемі мен тәртібін бекіту;
19) адвокаттардың бұқаралық ақпарат құралдарындағы мінез-құлық қағидаларын бекіту;
20), 21) 2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
22) тармақшаның қолданысы 2026 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақша 2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңының 2-бабының редакциясында қолданылады (бұр.ред.қара)
22) адвокаттар алқалары Республикалық адвокаттар алқасының жалпы мұқтаждықтарына аударатын ай сайынғы жарналардың мөлшері мен жүзеге асырылу тәртібін айқындау жатады, бұл ретте жарналардың мөлшері әрбір адвокат үшін есептелуге және тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген кемінде бір айлық есептік көрсеткішті құрауға тиіс.
Адвокат «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 55-бабы 2-тармағының 6) тармақшасына сәйкес адвокаттар алқасына мүшелік жарна төлеуден босатылған жағдайда, ол үшін Республикалық адвокаттар алқасына ай сайынғы жарнаның мөлшері есептелмейді. Адвокат «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 54-бабы 2-тармағының 6) тармақшасына сәйкес белгіленген мөлшерлеменің елу пайызы мөлшерінде жарна төлеген кезде, ол үшін Республикалық адвокаттар алқасына ай сайынғы жарнаның мөлшері белгіленген жарнаның елу пайызы мөлшерінде есептеледі;
23) Республикалық адвокаттар алқасын ұстауға арналған шығыстар сметасын бекіту;
24) Республикалық адвокаттар алқасы төралқасының есебін, оның ішінде Республикалық адвокаттар алқасын ұстауға арналған шығыстар сметасының атқарылуы туралы есебін бекіту;
25) ревизиялық комиссияның Республикалық адвокаттар алқасының қаржылық-шаруашылық қызметінің нәтижелері туралы есебін бекіту;
26) конференцияның регламентін бекіту;
27) Республикалық адвокаттар алқасының жарғысында және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру жатады.
68-бап. Республикалық адвокаттар алқасының төралқасы
1. Республикалық адвокаттар алқасының төралқасы Республикалық адвокаттар алқасының алқалы атқарушы органы болып табылады.
2. Республикалық адвокаттар алқасының төралқасы жасырын дауыс беру арқылы төрт жылға сайланады және әрбір адвокаттар алқасынан адвокаттардың тең санынан тұрады.
Сол бір адам Республикалық адвокаттар алқасының төралқасында бір мерзімнен артық бола алмайды.
3. Төралқа:
1) Республикалық адвокаттар алқасының жұмысын ұйымдастырады;
2) Адвокаттар алқаларының республикалық конференциясы шешімдерінің орындалуын ұйымдастырады;
3) конференциялардың арасындағы кезеңде төралқаның және ревизиялық комиссияның осы Заңда көзделген негіздер бойынша адвокаттар алқаларының мүшелігінен шығарылған мүшелерінің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешімдер қабылдайды;
4) осы Заңның 67-бабына сәйкес Адвокаттар алқаларының республикалық конференциясының бекітуіне жататын құжаттарды әзірлейді;
5) адвокаттар алқаларының қызметін үйлестіреді;
6) уәкілетті орган бекітетін нысан бойынша, адвокаттар көрсеткен заң көмегі туралы статистикалық мәліметтерді уәкілетті органға ұсынады;
7) адвокаттардың кәсіптік деңгейін көтеру жөніндегі жұмысты ұйымдастырады, адвокаттарды кәсіптік даярлаудың бірыңғай әдістемесін әзірлейді;
8) адвокаттардың әлеуметтік және кәсіптік құқықтарын қорғайды;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен адвокаттық қызметке қатысты мәселелер бойынша нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сараптама жүргізуге қатысады;