2. Қызметкерлердің жекелеген санаттары үшін денсаулығына жағымсыз әсер ететін міндеттерді орындағаннан кейін оларға медициналық оңалту жүргізіледі.
Қызметкерге медициналық оңалту үшін берілетін қосымша тәуліктер санын әскери-дәрігерлік комисссияның қорытындысы негізінде арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайды.
3. Ауыру бойынша демалыстың ұзақтығы жыл сайынғы және қосымша демалыстар есебіне кірмейді.
47-бап. Демалыстан шақыртып алу
1. Қызмет бабында аса қажет болған жағдайда уәкілетті басшының шешімі бойынша қызметкер демалыстан шақыртылып алынуы мүмкін.
2. Қызметкердi демалыстан шақыртып алу бұйрықпен ресімделеді. Бұл ретте демалыстың пайдаланылмаған бөлiгi он және одан көп тәулiктi құрайтын болса, қызметкерге демалысты өткiзу орнына, бірақ ол шақыртып алынған орыннан алыс емес жерге барып қайту жолы үшiн қажеттi уақыт берiледi. Демалыстың пайдаланылмаған бөлiгi қызметкердің қалауы бойынша келесi жылғы демалысқа қосылуы мүмкiн.
6-тарау. АРНАУЛЫ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДА ҚЫЗМЕТТІ ТОҚТАТУ
48-бап. Арнаулы мемлекеттік органдарда қызметтi тоқтатудың негiздерi
Арнаулы мемлекеттік органдарда қызметтi тоқтатуға:
1) осы Заңда белгiленген тәртiппен қызметтен шығару;
2) қызметкердiң қайтыс болуы (қаза табуы) немесе соттың заңды күшiне енген шешiмiне сәйкес қайтыс болды деп хабарлануы;
3) қызметкердi заңда белгiленген тәртiппен хабарсыз кеткен немесе iс-әрекетке қабiлетсiз, әрекет қабiлетi шектеулi деп тану негiз болып табылады.
49-бап. Қызметтен шығару
1. Қызметкерлерді қызметтен шығару мынадай негiздер бойынша:
1) қызметте болудың шекті жас жағдайына жеткен кезде - жасы бойынша;
2) келісімшарт мерзімінің аяқталуы бойынша;
3) әскери-дәрiгерлiк комиссияның қызметке жарамсыздығы немесе шектеулi жарамдылығы туралы қорытындысы негiзiнде денсаулық жағдайы бойынша;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен арнаулы атақтан айырған кезде;
5) арнаулы (әскери) оқу орнынан шығарылған кезде;
6) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан кезде;
7) осы Заңның 7-бабының 2-тармағында көрсетiлген мәлiметтердi бермегенi немесе бұрмалағаны үшiн;
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара); 2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен 8) тармақша жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8) осы Заңның 33-бабы 4-тармағының 4) тармақшасында айқындалған мән-жайларды қоспағанда, уәкілетті басшының қарамағында толық алты айға дейін болған кезде, қызметкердің бар тәжірибесі мен білімін пайдалану мүмкін болмаған кезде, сондай-ақ ұсынылған лауазымнан бір рет бас тартқан кезде;
9) ұйымдастырушылық-штаттық іс-шараларға байланысты;
10) мемлекеттік органдарға (мекемелерге) қызметке ауысуына байланысты;
11) оның келiсiмшарт талаптарын орындамауына байланысты;
12) арнайы тексеруден бас тартқан кезде;
13) теріс себептер бойынша жүргізіледі.
2. Қызметкер:
1) оған қатысты келісімшарт талаптары айтарлықтай және (немесе) жүйелі түрде (екі және одан көп) бұзылған жағдайда;
2) мыналардың:
қызметкердің қызмет өткеріп жатқан жерінде медициналық көрсетулер бойынша қызметкердің отбасы мүшесінің тұруы мүмкін болмауы және оны жаңа қызмет орнына ауыстыру мүмкіндігі болмауы;
отбасының басқа жерге көшу қажеттілігіне байланысты қызметкер күйеуінің (қызметкер әйелінің) қызмет орнын ауыстыруы;
тұрғылықты жері бойынша халықты әлеуметтік қорғау органының қорытындысына сәйкес, денсаулық жағдайы бойынша тұрақты күтімді (көмекті, қадағалауды) қажет ететін не бірінші немесе екінші топтағы мүгедектер болып табылатын әкесіне, анасына, әйеліне, күйеуіне, аға-інісіне, апа-сіңлісіне, қарындасына, атасына, әжесіне немесе асырап алған адамына немесе қартаюына байланысты зейнеткерлік жасқа жеткен немесе он сегіз жасқа толмаған адамдарға, заң бойынша аталған азаматтар күтіп-бағуға міндетті басқа адамдар болмаған кезде тұрақты күтім жасау қажеттігі;
қызметкер анасыз (әкесіз) тәрбиелеп отырған, он сегіз жасқа толмаған балаға күтім жасау қажеттігі салдарынан отбасы жағдайы бойынша;
3) Қазақстан Республикасының өкілді органдарына сайланған немесе тағайындалған жағдайда;
4) судья лауазымына сайланған немесе тағайындалған жағдайда қызметтен мерзімінен бұрын шығуға құқылы.
3. Қайтыс болған (қаза тапқан) қызметкер қайтыс болуы (қаза табуы) құжаттамалық расталған күннен кейінгі күннен бастап, ал хабарсыз кеткен немесе қайтыс болды деп хабарланған қызметкер сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап жеке құрам тізімдерінен шығарылады.
4. Белгіленген мерзімде еңбек сіңірген адамдарды қызметтен шығару төтенше немесе соғыс жағдайы енгізілген жағдайда оның қолданылу кезеңіне тоқтатыла тұрады.
50-бап. Қызметкерлердің қызметте болуының шектi жасы
1. Қызметте болудың мынадай шектi жастары:
1) оны қоса алғанда подполковникке дейін - қырық жеті жас;
2) полковниктерге - елу бес жас;
3) генерал-майорларға және генерал-лейтенанттарға - алпыс жас;
4) генерал-полковниктерге - алпыс үш жас белгіленеді.
2. Шекті жасқа жеткен қызметкерлер осы Заңда белгіленген тәртіппен запасқа немесе отставкаға шығарылуға жатады.
Жоғары кәсiби даярлығы, атқаратын лауазымы бойынша жұмыс тәжiрибесi бар және денсаулық жағдайы бойынша қызметтi өткеруге жарамды қызметкерлерді арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары олармен келісімшарт жасасу арқылы бірақ үш жылдан аспайтын мерзімге қызмет мерзімін ұзартуы мүмкін.
Арнаулы мемлекеттік органдардың арнаулы (әскери) оқу орындарында, ғылыми-зерттеу мекемелерінде қызмет өткеретін, магистр академиялық дәрежесі, ғылыми дәрежесі немесе атағы бар қызметкерлерге, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдардың әскери-медициналық бөлімшелерінде мамандығы бойынша қызмет өткеретін жоғары білімі бар және жоғары біліктілік санаты бар медицина қызметкерлеріне қызмет мерзімі бес жылға дейін ұзартылуы мүмкін.
Қызметте қалдыру мерзiмiн ұзарту туралы шешiм осы Заңда көзделген негiздер бойынша қызметкердi арнаулы мемлекеттік органдарынан шығару мүмкiндiгiнен айырмайды.
51-бап. Қызметтен шығару тәртiбi
1. Қызметкерлердi қызметтен запасқа немесе отставкаға шығару лауазымды адамдар тізбесіне сәйкес бұған құқығы бар уәкілетті лауазымды адамның бұйрығымен жүргізіледі.
2. Қызметкерді бөлімшенің тізімінен шығару арнаулы мемлекеттік органдарда белгіленген мерзімде істер мен лауазымды тапсырғаннан кейін жүргізіледі.
3. Қызметкер еңбек демалысында, емделуде немесе қызметтік іссапарда болған жағдайда жеке құрам тізімінен алып тастау жүргізілмейді.
4. Қызметте болудың шекті жасына жету немесе келісімшарт мерзімінің аяқталуы туралы қызметкерді уәкілетті басшы алдын ала жазбаша түрде (бірақ бір айдан кешіктірмей) хабардар етеді.
Қызметтен алдағы шығару туралы қызметкерге хабарлағаннан кейін оны қызметтік іссапарға жіберуге тыйым салынады.
5. Қызметкерді қызметтен шығару туралы бұйрықтан үзінді-көшірме оған қол қойғызыла отырып, назарына жеткізіледі. Қызметкер орган орналасқан жерден тыс жерде жүрген жағдайда, қайтып оралғаннан соң бұйрықтан үзінді-көшірме оның назарына жеткізіледі.
Бұйрықтан үзінді-көшірме қызметтен босатылатын қызметкердің жазбаша өтініші негізінде ғана беріледі.
6. Қызметкерді қызметтен шығару үшін бірнеше негіз болған жағдайда, теріс себептер бойынша қызметтен шығару жағдайларын қоспағанда, ол өзі таңдаған негіз бойынша қызметтен шығарылады.
7. Қызметкерлерді денсаулық жағдайы бойынша қызметтен шығару арнаулы мемлекеттік органның кадр аппараты әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысын алғаннан кейін жүргізіледі.
8. Арнаулы атақтан айыруға байланысты қызметкерді қызметтен шығаруға ұсынымды ресімдеу:
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) қылмыс немесе қасақана қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін соттың заңды күшіне енген айыптау үкімі арнаулы мемлекеттік органға келіп түскен кезде;
2) соттың заңды күшіне енген айыптау үкімі негізінде арнаулы атақтан айыруға ұсынымды бір мезгілде ресімдеу кезінде жүргізіледі.
9. Арнаулы (әскери) оқу орнынан шығарылуына байланысты босатылған курсанттар тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органдарына әскерге шақырылушыларды немесе әскери міндеттілерді әскери есепке қоюға жіберіледі. Бұл ретте әскерге шақырылуы бойынша белгіленген мерзімді өткермеген курсанттар одан әрі әскерге шақыру бойынша әскери қызмет мерзімінің аяқталуына дейін жалпы негізде әскери қызметке шақырылады.
10. Қазақстан Республикасы азаматтығын жоғалтуына байланысты қызметкерлерді қызметтен шығару Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасы азаматтығынан шығару туралы тиісті Жарлығы күшіне енген күннен бастап уәкілетті басшының шешімімен жүргізіледі.
11. Мемлекеттік органдарға (мекемелерге) қызметке ауысуына байланысты қызметтен шығару мемлекеттік қызметші лауазымын көрсете отырып, қызметкердің қызметке қабылдануы туралы мемлекеттік органның (мекеменің) тиісті хабарламасы келіп түскен кезде қызметкердің баянаты бойынша жүргізіледі.
12. Қызметкердің келісімшарт талаптарын орындамауына байланысты қызметтен шығару осы Заңға сәйкес арнаулы мемлекеттік органның аттестаттау комиссиясының жоспардан тыс отырысында осы фактілерді қарағаннан кейін жүргізіледі.
13. Арнайы тексеру жүргізуден бас тарту кезінде қызметтен шығару, егер қызметкер өзіне қатысты арнайы тексеру жүргізуден бас тартса немесе оны мемлекеттік құпияларға рұқсат беруді ресімдеуді қажет етпейтін лауазымға тағайындау мүмкін болмаған кезде арнайы тексеру нәтижелері бойынша қызметкерге мемлекеттік құпияларға рұқсат беруді ресімдеуге кедергі келтіретін мән-жайлар анықталған жағдайда жүргізіледі.
14. Теріс себептер бойынша қызметтен шығару:
1) қызметкердің қызметте, оның ішінде ара-тұра болуы, алкогольден, есірткіден, психотроптан, уытқұмарлықтан (оларға ұқсас заттардан) масаң күйде болуы, сондай-ақ есірткілік, психотроптық, уытқұмарлық масаң күйге ұшырататын заттарды (оларға ұқсас заттарды) пайдалануы, оның ішінде ара-тұра пайдалануы, сондай-ақ мамандандырылған медициналық мекемелерде (наркологиялық диспансерлерде) алкогольдік, есірткілік, психотроптық, уытқұмарлық масаң күйге ұшырататын заттарды (оларға ұқсас заттарды) пайдалануға, оның ішінде ара-тұра пайдалануға медициналық куәландырудан өтуден бас тарту немесе жалтару;
2) қызмет жағдайын жеке пайдакүнемдік мақсаттарда пайдалану;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардың лауазымдық міндеттері болып табылатын жағдайларды қоспағанда, кәсіпкерлік қызметтің кез келген түрімен, оның ішінде коммерциялық делдалдықпен айналысу;
4) қызмет жағдайын пайдалана отырып, жұмыс орындау мен қызмет көрсету және сол үшін заңсыз сыйақы алу;
2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5) қылмыс жасағаны үшін соттың айыптау үкімінің заңды күшіне енуі немесе қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының және 36-бабының негізінде босатылуы;
6) тәрбиелеу функцияларын орындайтын қызметкердің атқарып жүрген лауазымына жат әрекет жасауы;
7) тікелей ақшалай қаражаттарға немесе мемлекеттік мүлікке қызмет көрсететін қызметкердің кінәлі іс-әрекеттер жасауы, егер бұл әрекеттер өкілетті басшы тарапынан оған сенімді жоғалтуға негіз берсе;
8) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді тарату;
9) бір жұмыс күнінде қатарынан үш және одан да көп сағат дәлелді себептерсіз қызметке шықпау;
10) Қазақстан Республикасының еңбек және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаларында айқындалған жағдайларда жүргізіледі.
15. Қызметкер Қазақстан Республикасы Парламенті немесе жергілікті өкілетті органдар депутаттығына сайланған немесе тағайындалған жағдайда сайлау қорытындыларының тиісті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы негізінде мезгілінен бұрын қызметтен шығуға құқылы.
16. Егер ол судья лауазымына тағайындалған немесе сайланған жағдайда, қызметкер оны тағайындау туралы тиісті актінің немесе оны сайлау туралы уәкілетті органның хабарламасы негізінде мерзімінен бұрын қызметтен шығуға құқылы.
17. Қызметтен шығатын қызметкерлер, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдардың арнайы (әскери) оқу орындарынан шығарылған курсанттар қызметтік куәліктері мен жетондарын тапсырады.
18. Уәкілетті басшының бұйрығымен жеке құрам тізімдерінен оны алып тастаған күн қызметкерді қызметтен шығару күні болып есептеледі.
52-бап. Запасқа қою
2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Арнаулы мемлекеттік органдардың (Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінен басқа) запасқа шығарылған қызметкерлері (офицерлік құрам) аумақтық ұлттық қауіпсіздік органдарындағы және сыртқы барлау саласындағы уәкілетті органдағы арнаулы мемлекеттік органдардың запастағы офицерлері есебіне алынуға жатады.
2. Қызметтен:
1) қатардағы және сержанттық құрамнан;
2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінен;
3) теріс себептермен;
4) келісімшарт талаптарын орындамауына байланысты шығарылған қызметкерлер жергілікті әскери басқару органдарына запасқа қойылуға жатады.
53-бап. Запаста болудың шекті жасы
1. Қызметкерлердің (офицерлік құрамдағы) запаста болуының шекті жасы ерлер үшін толық алпыс жасты, ал әйелдер үшін - толық қырық бес жасты құрайды.
2. Запаста болудың шекті жасына жеткен қызметкерлер немесе денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған адамдар арнаулы мемлекеттік органдардың запастағы офицерлері есебінен алына отырып, отставкаға шығарылады.
3. Соғыс уақытында Қазақстан Республикасының Президенті запаста болудың шекті жасын ұзартуы мүмкін.
4. Арнаулы мемлекеттік органдардың запастағы офицерлерін есепке алуды ұйымдастыру және олардың қызметкерлерінің запаста болу тәртібін арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайды.
54-бап. Қызметін қалпына келтіру
1. Қызметтен шығарылған адамдар қызметтен шығару туралы бұйрыққа жоғары тұрған басшылық алдында немесе Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен сотқа шағымдануға құқылы.
2. Қызметкерлерді (арнайы (әскери) оқу орындарының курсанттарынан басқа) қызметтен заңсыз шығарған жағдайда, осыған байланысты келтірілген залал толық көлемде арнаулы мемлекеттік органдар есебінен өтелуге жатады.
Қызметтен негізсіз шығарылған қызметкерлер бұрынғы лауазымына (ал оның келісімімен - соған тең немесе төмен тұрған) қайта тағайындалады және заңсыз шығарылғаннан кейін алынбаған үлесінің барлық түрлерімен қамтамасыз етіледі.
Бұл кезең еңбек сіңірген жылдарына және кезекті арнаулы атақты беру үшін еңбек сіңірген мерзімге қосылады.
7-тарау. АТТЕСТАТТАУ ЖӘНЕ СЫНЫПТЫҚ БІЛІКТІЛІК
55-бап. Аттестаттау, оның мақсаты мен міндеттері
1. Аттестаттау - қызметкерлердің кәсіби даярлық деңгейін анықтау бойынша мерзімді жүзеге асырылатын рәсім, ол аттестаттау парағына енгізілетін бағалау материалдарының жиынтығы негізінде жүргізіледі.
2. Аттестаттау мақсаты - қызметтік әрекетті, кәсіби біліктілікті жан-жақты және объективті бағалау, сондай-ақ қызметкерлердің кәсіби әлеуетін ұтымды пайдалану және дамыту.
3. Аттестаттау міндеттері:
1) әрбір қызметкердің кәсіби, іскерлік қасиеттеріне және әлеуетті мүмкіндіктеріне жан-жақты және объективті сипаттама алу;
2) қызметкерлердің атқарып отырған лауазымдарына сәйкестігін және оларды одан әрі қызметте пайдалану перспективасын анықтау;
3) қызметкерлерді даярлауды (қайта даярлауды) және оқытуды жетілдіру бағытын анықтау;
4) кадр резервін қалыптастыру және дамыту.
56-бап. Қызметкерлерді аттестаттау
1. Қызметкерлер арнаулы мемлекеттік органдарда үздіксіз қызметте болған әр келесі үш жыл өткен соң аттестаттаудан өтеді. Бұл ретте аттестаттау көрсетілген мерзім басталған күннен бастап, алты айдан кешіктірілмей өткізілуге тиіс.
Егер аттестатталуға жатқызылған қызметкерлер жаңа лауазымдарға тағайындалса, олар тағайындалғаннан кейін бір жылдан соң аттестаттаудан өтеді. Басқа лауазымдарға тағайындалған кезде, егер бұл функционалдық міндеттерінің өзгеруіне әкеп соқпаса, осы мерзім ескерілмейді.
2. Арнаулы мемлекеттік органның басшысы және оның орынбасарлары аттестатталуға жатпайды.
Жүктілігі мен босануы бойынша демалыстағы және 3 жасқа жеткенге дейінгі бала күтімі бойынша демалыстағы қызметкерлер аттестатталуға жатпайды. Олар қызметке шыққаннан кейін кемінде алты айдан соң және бір жылдан кешіктірілмей аттестатталады.
Кемінде күнтізбелік 20 жыл үздіксіз қызмет өтілі бар қызметкерлер аттестаттық тестілеуден өтпейді.
3. Жоғары аттестаттау комиссияның отырысында қаралатын қызметкерлер үшін арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысының шешімі бойынша, басқа қызметкерлер үшін - арнаулы мемлекеттік орган басшысының жетекшілік ету жөніндегі орынбасарының шешімі бойынша кезектен тыс аттестаттау жүргізіледі.
Жоспардан тыс аттестаттау өткізуге:
1) қызметкерді кадр резервіне алу туралы мәселені шешу;
2) қызметкерді төмен тұрған лауазымға тағайындау туралы мәселені шешу;
3) қызметкерді келісімшарт шарттарын орындамауына байланысты қызметтен шығару туралы мәселені шешу негіздер болып табылады.
4. Аттестаттау бірқатар кезектеп өткізілетін кезеңдерді қамтиды:
1) дайындық іс-шараларын жүргізу;
2) аттестаттауға жататын қызметкерді Қазақстан Республикасының заңнамасын, арнаулы мемлекеттік органның құқықтық актілерін, мемлекеттік тілді білуіне компьютерлік тестілеу және психологиялық-әлеуметтік зерттеулер жүргізу;
3) аттестаттау комиссиясының отырысында аттестаттауды қарау және қорытындылары бойынша тұжырымдар мен ұсынымдарды анықтау.
5. Қызметкерлерді аттестаттаудан өткізу, жоспардан тыс аттестаттау жүргізу, аттестаттық тестілеу бойынша шекті мәнді анықтау тәртібі мен шарттарын, аттестаттау кезінде психологиялық-әлеуметтік зерттеу жүргізудің әдістемесін таңдау, сондай-ақ аттестаттау парақтарының нысандарын және аттестаттау комиссиялары мен Жоғары аттестаттау комиссиясы қарайтын лауазымдар тізбесін белгілеу тәртібі арнаулы мемлекеттік органның нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.
57-бап. Аттестаттауды өткізу жөніндегі іс-шаралар
1. Қызметкерлерді аттестаттауға байланысты іс-шараларды тікелей жүргізу кадр бөлімшелеріне жүктеледі.
2. Кадр бөлімшесі әр жылдың аяғында келесі жылға қызметкерлерді аттестаттаудың жоспар-кестесін дайындайды.
3. Уәкілетті басшы кадр бөлімшесінің ұсынуы бойынша қызметкерлерді аттестаттаудың жоспар-кестесін бекітеді.
4. Кадр бөлімшесі қызметкерлерді аттестаттаудан өткізудің мерзімдері туралы оны жүргізу басталғанға дейін бір ай бұрын жазбаша хабардар етеді.
5. Аттестатталушының уәкілетті басшысы аттестатталатын қызметкердің кәсіби, іскерлік және жеке қасиеттерін жан-жақты зерделеп, ол атқарып отырған лауазым бойынша жұмыстың нақты көрсеткіштерін объективті талдап және бағалап, оған мінездеме беруге және аттестаттау бойынша алдын ала тұжырымдар мен ұсынымдар жасауға міндетті.
Әскери-медициналық бөлімшелер аттестаттау комиссиясына аттестатталатын қызметкердің денсаулық жағдайы туралы жыл сайынғы диспансеризацияның нәтижелері бойынша мәлімет береді.
6. Аттесталатын қызметкер компьютерлік тестілеуден өтеді, оның нақты күні туралы кем дегенде 7 жұмыс күні бұрын ескертіледі. Психолог-маман психологиялық-әлеуметтанушылық зерттеулер кешенін жүргізеді және нәтижелері бойынша атқарып отырған лауазымына жеке, іскерлік қасиетінің және кәсіби құзыретінің сәйкес келуі туралы қорытынды, сондай-ақ аттестатталатын қызметкерге аттестаттаудан кейінгі кезеңге ұсынымдар шығарады.
7. Аттестаттау қорытындысы бойынша тұжырымда аттестатталушы атқарып отырған лауазымына сәйкес келеді немесе сәйкес келмейді деп көрсетіледі, содан кейін іскерлік қасиеттерін, жұмыс тәжірибесін, сондай-ақ қызмет мүдделерін негізге ала отырып, оны одан әрі қызметте орынды пайдалану туралы пікір жазылады.
Бұл ретте мынадай:
жаңа келісімшарт, оның ішінде қызметте болудың шекті жасына жеткен қызметкермен келісімшарт жасасудың орындылығы туралы;
жоғары лауазымға ұсыну туралы;
арнаулы (әскери) оқу орындарына оқуға немесе даярлау немесе қайта даярлау курстарына жіберу туралы;
тең лауазымға ауыстыру туралы;
қызметке одан әрі жарамдылық дәрежесін анықтау үшін әскери-дәрігерлік комиссияның медициналық куәландыруына жіберу туралы;
қызметкерді себептері мен оны одан әрі қызметте пайдаланудың орындылығын көрсете отырып, атқарып отырған лауазымынан төмен лауазымға ауыстыру туралы;
кәсіби дамудың жеке бағдарламасын игеру туралы;
қызметтен шығару туралы ұсынымдар берілуі мүмкін.
Біреуден көп ұсынымды айқындау кезінде олардың мазмұны бір-біріне қайшы келмеуі тиіс.
Қажет болған жағдайда арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы өзгедей тұжырыммен айқындауға немесе қызметкерді аттестаттау кезіндегі ұсынымдар тізбесін толықтыруға құқылы.
8. Атқарып отырған лауазымына сәйкес келмеуі туралы тұжырымды айқындау үшін:
1) лауазымдық міндеттерін орындамаудың немесе тиісінше орындамаудың нақты фактілері көрсетілетін, аттестатталушы қызметкердің тікелей басшысы (бастығы) немесе арнаулы мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелерінің басшылары әзірлеген, аттестаттау бойынша алдын ала тұжырым мен ұсынымдары бар қызметтік мінездеме;
2) арнаулы мемлекеттік органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген шекті мәннен төмен қайта аттестаттық тестілеудің нәтижесі (нәтижелері);
3) арнаулы мемлекеттік органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген кәсіби жарамдылықты анықтау бойынша нормативтердің орындалмауы;
4) жүргізілген психологиялық-әлеуметтанушылық зерттеулердің нәтижелері бойынша маман-психологтың қорытындысы;
5) денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытынды (әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысы);
6) қызметкердің келісімшарт талаптарын орындамауы негіз болып табылады.
9. Жасалған аттестаттау материалы аттестаттау комиссиясының қарауына жатады.
58-бап. Аттестаттау комиссиясы
1. Аттестаттау комиссиясы тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
Жоғары аттестаттау комиссиясы арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысының бұйрығымен құрылады. Арнаулы мемлекеттік органның бөлімшелерінде (органдарында) аттестаттау комиссиялары уәкілетті басшының бұйрығымен құрылады.
2. Аттестаттау комиссиясының құрамына кемінде жеті мүше кіруі тиіс. Аттестаттау комиссиясының төрағасы мен мүшелері аттестаттауға жататын қызметкерлердің лауазымдарына тең немесе олардан жоғары лауазымда болулары керек. Аттестаттау комиссиясының болмаған мүшелерін алмастыруға жол берілмейді. Аттестаттау комиссиясының төрағасы болмаған жағдайда отырыс өткізілмейді.
3. Жоғары аттестаттау комиссиясының төрағасы болып арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысының кадр жұмысына жетекшілік ететін орынбасары тағайындалады.
4. Аттестаттау комиссиясының құрамына органдардың құрылымдық бөлімшелерінің басшылары және өзге де қызметкерлер, ал Жоғары аттестаттау комиссиясының құрамына - уәкілетті басшылар енгізіледі. Аттестаттау комиссиясының мүшелері және хатшысы аттестаттаудан жалпы негіздерде өтеді. Аттестатталуға жататын аттестаттау комиссиясының мүшелері өзіне қатысты дауыс беруге қатыспайды.
5. Кадр бөлімшесінің өкілі аттестаттау комиссиясының хатшысы болып табылады. Аттестаттау комиссиясының хатшысы оның жұмысын ұйымдастырушылық жағынан қамтамасыз етуді жүзеге асырады және дауыс беруге қатысуға құқылы емес.
6. Аттестаттау комиссиясының тұжырымдар мен ұсынымдарды (материалдарды) қараған кезде түсінік алу үшін аттестатталатын қызметкерлерді де және олардың тікелей басшыларын (бастықтарын) да, сондай-ақ аттестатталушы қызметкердің қызметіне және алдын ала жасалған тұжырымдар мен ұсынымдарға тікелей қатысы бар басшыларды (қызметкерлерді) шақыруға құқығы бар.
Аттестаттау комиссиясының ұсынымы бойынша аттестатталушы қызметкер әскери-дәрігерлік комиссияға жіберілуі мүмкін.
7. Аттестаттау комиссиясының отырысы, егер оған оның құрамының кемінде үштен екісі қатысса, заңды болып саналады.
8. Аттестаттау комиссиясының түпкілікті тұжырымдары мен ұсынымдары дауыс беру арқылы қабылданады және отырысқа қатысқан аттестаттау комиссиясы мүшелерінің ішінен оларға көпшілік дауыс берілсе, қабылданған болып саналады. Дауыстар тең болған жағдайда төраға дауыс берген қорытындылар мен ұсынымдар қабылданған болып саналады.
9. Аттестаттау комиссиясының тұжырымдары мен ұсынымдары бес жұмыс күнінің ішінде хаттамамен ресімделеді, оған отырысқа қатысқан аттестаттау комиссиясының төрағасы, мүшелері және хатшысы қол қояды.
10. Кадр бөлімшесі қызметкердің аттестаттау парағына қабылданған тұжырымдар мен ұсынымдарды енгізеді, ол бекітілгеннен кейін мұнымен қызметкер он жұмыс күні мерзімінен кешіктірмей қол қоя отырып, таныстырылады.
Объективті себептер бойынша қызметкерді бекітілген аттестаттау парағымен таныстыру мүмкін болмаған жағдайда, таныстыру қызметке келген сәттен бастап он жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
11. Аттестаттаудан өткен қызметкердің аттестаттау парағы жеке істе сақталады.
59-бап. Аттестаттау комиссиясының тұжырымдары мен ұсынымдары
1. Аттестаттау комиссиясының тұжырымдары мен ұсынымдарын бөлімшенің (органның) басшысы (бастығы) бекітеді.