1. Қоршаған ортаға зиян келтірген тұлға келтірілген залалды ерікті түрде жоюға не өзгеше тәсілмен оның орнын толтыруға құқылы. Тұлғаның залалды жою не оның орнын толтыру туралы міндеттемесі кепілхатта жазылуға тиіс.
2. Зиянды өтеу қоршаған ортаға зиян келтірген тұлғаның өз қаражаты немесе сақтандыру төлемдері есебінен құндық нысанда жүзеге асырылуы мүмкін.
3. Зиянды өтеудің құндық нысандарына қоршаған ортаның зиян
келтірілгенге дейінгі жай-күйін қалпына келтіруге, табиғи ресурстарды молықтыру жөніндегі іс-шараларды орындауға, талапкерге, алынбай қалған пайданы қоса алғанда, өзге шығындарды өтеуге арналған ақшалай қаражат жатады.
4. Тараптардың келісімімен сот шешімі бойынша зиян жауапкерге қоршаған ортаны қалпына келтіру жөніндегі міндеттерді жүктеу жолымен заттай нысанда өтелуі мүмкін.
5. Зиянды өтеудің заттай нысандарына қоршаған ортаның зиян келтірілгенге дейінгі жай-күйін қалпына келтіру, жойылған не бүлінген табиғи ресурстың орнына оған құны тең ресурс беру жөніндегі шаралар жатады. Зиянды заттай нысанда өтеу келтірілген зиянды өтеудің тәртібін, талаптарын, мерзімдері мен көлемін регламенттейтін шарт және (немесе) келісім жасасу жолымен жүргізіледі.
6. Зиянды өтеудің өндіріліп алынатын сомасы мемлекеттік бюджетке, ал Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда жәбірленуші тұлғаға аударылады.
7. Зиянды өтеу қоршаған ортаға зиян келтірген тұлғаны әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен босатпайды.
323-бап. Экологиялық дауларды шешу тәртібі
1. Экологиялық дауларды соттар Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен шешеді.
2. Экологиялық құқықтық қатынастар субъектілері арасындағы экологиялық даулар келіссөздер арқылы, оның ішінде сарапшыларды тарта отырып не тараптардың бұрын келісілген дауларды шешу рәсіміне сәйкес шешілуі мүмкін.
47-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер
324-бап. Өтпелі ережелер
1. Табиғат пайдаланушылардың осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін алған табиғат пайдалануға арналған рұқсаттары қанша мерзімге берілсе, сонша мерзім ішінде қолданылады.
2. Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалары табиғат пайдалануға арналған рұқсаттарының қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін экологиялық рұқсаттар алуға міндетті.
3. Қалдықтарды көму полигондарының және қалдықтарды ұзақ мерзімді сақтау қоймаларының иелері 2007 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі мерзімде полигонды осы Кодекстің 43-тарауында көзделген экологиялық талаптарға сәйкес келтіру жоспарларын әзірлеуге және оларды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісуге тиіс.
4. Табиғат қорғауды жобалауға, экологиялық сараптама саласындағы нормалауға және жұмыстарға, экологиялық аудиторлық қызметке лицензиялары бар жеке және заңды тұлғалар осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл ішінде оларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органда қайта рәсімдеуге міндетті. Көрсетілген мерзім аяқталғаннан кейін бұл лицензиялар жарамсыз деп есептеледі.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Осы Кодекске сәйкес лицензиялауға жатпайтын, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган бекітетін тізбе бойынша шаруашылық қызметтің экологиялық қауіпті түрлеріне арналған лицензияның қолданысы осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап тоқтатылады.
Осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган бекітетін тізбе бойынша шаруашылық қызметтің экологиялық қауіпті түрлеріне арналған лицензиялары бар жеке және заңды тұлғалар оларды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға қайтаруға міндетті.
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді)
6. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органына табиғат пайдаланушылар 2009 жылдың 1 қаңтарына дейін табыс еткен материалдар бойынша қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсатты ІІ, ІІІ және ІV санат объектілері үшін табыс етілген материалдар толық болған және олар осы Кодекстің талаптарына сәйкес болған жағдайда қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органы қарайды және береді және олар берілген мерзім ішінде қолданыста болады.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды
7. Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің бірінші ұлттық жоспары 2013 жылға бекітіледі.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 8-тармақпен толықтырылды (2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
8. Жойылуы қиын органикалық ластауыштарды қамтитын қалдықтардың иелері және меншік иелері қаржыландыру көздерін айқындай отырып, оларды 2025 жылға дейін жою жөніндегі бағдарлама әзірлеуге және оны қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға осы тармақ қолданысқа енгізілген немесе осы қалдықтарды меншікке немесе иелікке сатып алған күннен бастап үш ай мерзім ішінде ұсынуға тиіс.
325-бап. Осы Кодексті қолдану тәртібі
Осы Кодекс ол қолданысқа енгізілгеннен кейін туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.
Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін қабылданған, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды молықтыру мен пайдалану саласындағы қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық актілер осы Кодекске қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады.
326-бап. Осы Кодексті қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Кодекс ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.
2. Қазақстан Республикасының мына заңдарының күші жойылды деп танылсын:
1) «Экологиялық сараптама туралы» 1997 жылғы 18 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 6, 67-құжат; 1998 ж., № 24, 443-құжат; 1999 ж., № 11, 357-құжат; 2003 ж., № 14, 112-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат);
2) «Қоршаған ортаны қорғау туралы» 1997 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 17-18, 213-құжат; 1998 ж., № 24, 443-құжат; 1999 ж., № 11, 357-құжат; № 23, 931-құжат; 2001 ж., № 13-14, 171-құжат; № 24, 338-құжат; 2002 ж., № 17, 155-құжат; 2004 ж., № 10, 57-құжат; № 23, 137, 142-құжаттар; 2005 ж., № 7-8, 23-құжат; № 14, 57-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; № 3, 22-құжат);
3) «Атмосфералық ауаны қорғау туралы» 2002 жылғы 11 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2002 ж., № 5, 54-құжат; 2004 ж. № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; № 3, 22-құжат).
Қазақстан Республикасының Президенті | Н. Назарбаев |
Астана, Ақорда, 2007 жылғы қаңтардың 9-ы.
№ 212-III ҚРЗ