4. Байланысты қамтамасыз ету тәртібі, әуе қозғалысына қызмет көрсету органдарының байланысты қамтамасыз етуге қоятын талаптары, азаматтық авиациядағы байланыс құралдарының сипаттамасы Азаматтық авиацияда ұшуды және авиациялық радиобайланысты радиотехникалық қамтамасыз ету қағидаларында айқындалады.
5. Радиобайланысты жүргізу рәсімдері азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Ұшуды орындау және әуе қозғалысына қызмет көрсету кезінде радиоалмасу фразеологиясының қағидаларында айқындалады.
6. Қазақстан Республикасының аумағында радиотелефон байланысы қазақ, орыс немесе ағылшын тiлдерiнде жүзеге асырылады.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 31-бап өзгертілді
31-бап. Елді мекеннің үстінен ұшу
1. Елдi мекеннің үстiнен ұшу әуе кемесi бұзылған жағдайда сол елдi мекеннің шегінен тысқары жерде немесе таяудағы әуеайлақта қонуға мүмкiндiк беретiндей биiктiкте орындалады. Метеорологиялық жағдайлар тиісті биіктікті ұстап тұруға мүмкiндiк бермейтiн жағдайда әуе кемесінің командирі, егер айналып өтудің басқа тәртібі белгіленбесе, елді мекендерді оң жағынан айналып өтуге міндетті.
2. Әуе кемелерінің елді мекендердің үстінен ұшуының схемалары (маршруттары) ұлттық қауіпсіздік органдарымен және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органмен келісіледі және оларды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
3. Күзет іс-шараларын өткізу кезеңінде әуе кемелерінің және ұшқышсыз ұшу аппараттарының елді мекендердің үстінен белгіленген маршруттардан тыс ұшуы ұлттық қауіпсіздік органдарымен және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметімен келісіледі.
4. Елді мекендердің үстінен белгіленген маршруттардан тыс ұшуды келісу және орындау тәртібі Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларында айқындалады.
32-бап. Көрсету мақсатындағы ұшу
1. Көрсету мақсатындағы ұшу авиациялық техниканы көрсету, авиация жетістіктерін насихаттау, сондай-ақ қоғамдық-саяси және ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды қамтамасыз ету үшін қолданылады.
2. Әуе кемелерiнiң көрсету мақсатындағы ұшуы әуе кемесінің тұрғын үй алаптары мен адамдар жиналған жерлерге құлауын болғызбайтын қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, белгіленетін аймақтарда (аудандарда) орындалады.
3. Көрсету мақсатындағы ұшудың қауіпсіздігі үшін жауапкершілік оларды ұйымдастырушыға жүктеледі.
2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен 33-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
33-бап. Ұшқышсыз ұшу аппараттарының ұшуы
1. Ұшқышсыз ұшу аппаратын пайдалану адамдардың өміріне немесе денсаулығына зиян келтіру, мүлікті зақымдау (бүлдіру) қатерін, басқа әуе кемелері үшін қауіпті барынша азайтуға және Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларында белгіленген шарттар сақтала отырып жүзеге асырылуға тиіс.
2. Ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдаланушылар әуе қозғалысына қызмет көрсету және (немесе) әуе қозғалысын басқару органдарына Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларына сәйкес ұшқышсыз ұшу аппараттарының ұшуы туралы егжей-тегжейлі деректерді хабарлайды.
3. Ұшқышсыз ұшу аппараттарының күзетілетін объектілердің үстінен ұшуы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметімен келісіледі.
34-бап. Ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету
1. Ұшуды радиотехникалық қамтамасыз етуді азаматтық және (немесе) мемлекеттік авиация ұйымдарының радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметтері жүзеге асырады.
2. Әуе кемелері ұшуының, ұшып көтерілуінің және қонуының қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында әуе қозғалысына қызмет көрсету немесе әуе қозғалысын басқару кезінде ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібі:
1) азаматтық және эксперименттік авиация үшін - Азаматтық авиацияда ұшуды және авиациялық радиобайланысты радиотехникалық қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес;
2) мемлекеттік авиация үшін мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен, Қазақстан Республикасының мемлекеттік авиациясын байланыспен және радиотехникамен қамтамасыз етуді ұйымдастыру қағидаларына және Байланыс құралдарын техникалық пайдалану, ұшуды және мемлекеттік авиацияның автоматтандырылған басқару жүйесін радиотехникалық қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес айқындалады.
35-бап. Ұшуды метеорологиялық қамтамасыз ету
1. Әуе кемелерінің ұшуын метеорологиялық қамтамасыз ету пайдаланушыларға, әуе қозғалысына қызмет көрсету, әуе қозғалысын басқару органдарына және осы Заңның 18-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін басқа да пайдаланушыларға, олардың мемлекеттік тиесілігіне, ведомстволық бағыныстылығына және меншік нысандарына қарамастан, шарттар негізінде сапалы метеорологиялық ақпаратты уақтылы беру болып табылады.
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Ұшуды метеорологиялық қамтамасыз етудi Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiткен Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясын метеорологиялық қамтамасыз ету қағидаларына және Қазақстан Республикасының мемлекеттiк авиациясын метеорологиялық қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес әуеайлақтардың метеорологиялық органдары жүзеге асырады.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 35-1-баппен толықтырылды (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
35-1-бап. Аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органдарын және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметтерін сертификаттау
1. Аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органдары және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметтері аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органдарына және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметтеріне қойылатын сертификаттық талаптарға сәйкес келуі тиіс.
Көрсетілген органдар мен қызметтердің сәйкестігі аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органының және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметінің сертификатын берумен расталады. Сертификат аэронавигациялық ұйымның құрамына кіретін әуе қозғалысына қызмет көрсету органдарының және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметтерінің барлығына не бір бөлігіне ресімделеді.
Аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органдарын және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметтерін сертификаттауды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
2. Аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органдарын және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметтерін сертификаттау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
3. Егер аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органы және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметі қойылатын сертификаттық талаптарға сәйкес келмеген жағдайларда, аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органы және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметі сертификатын беруден бас тарту жүргізіледі.
4. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органы және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметі сертификатының қолданысын мынадай жағдайларда:
1) аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органы және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметі сертификаттық талаптарды сақтамаған жағдайда;
2) аэронавигациялық ұйымның өзінің қарауындағы әуе қозғалысына қызмет көрсету органына немесе радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметіне қатысты өтініші бойынша бұзушылықтар жойылғанға дейін тоқтата тұрады.
5. Егер аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органы және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметі - аэронавигациялық ұйымның әуе қозғалысына қызмет көрсету органы және (немесе) радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметі сертификатының қолданысын тоқтата тұрған күннен бастап алты ай ішінде анықталған бұзушылықтарды жоймаса, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган тиісті сертификатты қайтарып алады.
6. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша сертификаттық талаптардан уақытша ауытқуларға, егер мұндай ауытқулар белгіленген ұшу қауіпсіздігінің деңгейіне баламалы деңгейді қамтамасыз ететін қосымша шаралар енгізумен өтелетін болса, жол беріледі.
36-бап. Әуе трассалары мен жергілікті әуе желілерін пайдалануға рұқсат ету
Әуе трассалары мен жергілікті әуе желілерін пайдалануға азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Әуе трассалары мен жергілікті әуе желілерін пайдалануға рұқсат ету қағидаларына сәйкес рұқсат беріледі.
Әуе трассалары мен жергілікті әуе желілері туралы мәліметтер азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органмен және ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісілген әуе трассалары мен жергілікті әуе желілерінің тізбесінде жарияланады.
37-бап. Ұшуды орындау және әуе қозғалысына қызмет көрсету мақсаттарына арналған өлшем бірліктері
1. Қазақстан Республикасының аумағында және әуе кеңістігінде ұшуды орындау және әуе қозғалысына қызмет көрсету мақсаттары үшін Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары талабына сәйкес келетін координаттар, биіктіктер өлшемдерінің, гравиметрикалық және спутниктік өлшемдердің бірыңғай жүйесі белгіленеді.
2. Қолданылатын өлшем жүйелері Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі қағидаларында көрсетіледі.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 38-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
38-бап. Әуе кемелерi ұшуының зиянды әсерiнен қорғау
1. Қазақстан Республикасында пайдалануға арналған азаматтық әуе кемесiн Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) жергілікті жердегі шуылға қатысты талаптарға сәйкестігіне азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган азаматтық әуе кемесінің ұшуға жарамдылығы сертификатына қосымша болып табылатын шуыл жөніндегі сертификатты бере отырып, сертификаттайды.
Шуыл бойынша сертификаттау жүргізу және сертификат беру Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемесінің ұшуға жарамдылығын сертификаттау және сертификат беру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Әуеайлақтардың (тікұшақ айлақтарының) иелерi, пайдаланушылар, әуе кемелерiнің командирлері мен экипаж мүшелерi әуе кемелерiн жерде және әуеде пайдаланған кезде қажетсiз шуылды болғызбауға немесе оны барынша азайтуға мiндеттi.
2. Халықтың және қоршаған ортаның қауiпсiздiгi шараларын сақтай отырып орындалатын ауыл шаруашылығында авиациялық жұмыстардың жүргiзiлуiн, мемлекеттік авиацияның жауынгерлік-оқу және жауынгерлік ұшуын немесе ұшу қауіпсіздігіне анық қауіп төну және авиациялық оқиғаны болғызбау жағдайын қоспағанда, адамның денсаулығы мен қоршаған орта үшін зиянды заттарды немесе басқа да қалдықтар мен материалдарды әуе кемелерiнен лақтыруға тыйым салынады.
Әуе кемелерiнiң адамдарға, жануарларға және қоршаған ортаға зиянды әсерiн болғызбау мақсатында нақты аудандарда әуе кемесін авариялық тастап шығу аймағы, барлық әуе кемелерi үшiн бірыңғай немесе әуе кемелерiнiң үлгiлерi бойынша бөлек ең төменгi ұшу биiктiгi көзделетін отынды төгу немесе оны ұшып жүріп тауысу аймағы белгіленуі мүмкін.
3. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде әуе кемелерiнiң дыбыстан жылдам ұшуы қоршаған ортаға дыбыс екпiнiнiң зиянды әсерi тимейтiн биiктiктерде жалпы қағидалар бойынша немесе елдi мекендерден шалғай, дыбыстан жылдам ұшуға арнайы бөлiнген аудандарда орындалуға тиiс.
4-тарау. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰШУ
39-бап. Қазақстан Республикасы әуе кемелерінің халықаралық ұшуы
1. Қазақстан Республикасы әуе кемелерiнiң халықаралық ұшуы:
1) Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың;
2) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының;
3) тиiстi шет мемлекеттердiң құзыреттi органдары беретін біржолғы ұшуды орындауға арнайы рұқсаттардың негiзiнде және солардың шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасы әуе кемесінің шет мемлекеттің әуе кеңістігінде ұшуына арнайы рұқсатты алуға сұратуды сыртқы саясат қызметін жүзеге асыратын уәкілетті орган:
Қазақстан Республикасының мемлекеттік және (немесе) эксперименттік авиациясының халықаралық ұшуы;
Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалатын лауазымды адамдарды тасымалдайтын Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемесінің халықаралық ұшуы жағдайларында шет мемлекеттерге жібереді.
Сұрату кеме құжаттарына, экипаж мүшелеріне арналған куәліктерге, сақтандыру полистерінің көшірмелеріне қатысты барлық талаптар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен аумағында (аумағы арқылы) ұшуды орындау жоспарланып отырған шет мемлекеттердің аумағында қолданылатын басқа да талаптар мен қағидалар сақталған кезде Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарының өтініштері негізінде жүргізіледі.
3. Азаматтық әуе кемесін пайдаланушы Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемесiнiң шет мемлекеттің әуе кеңістігінде ұшуына тиісті шет мемлекеттердің құзыретті органдары беретін арнайы рұқсатты алуға сұратуды дербес жүзеге асырады. Шет мемлекеттің құзыретті органының сыртқы саясат қызметін жүзеге асыратын уәкілетті органнан сұратуы бойынша арнайы рұқсат беруге талабы болған кезде азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган осындай сұратуды азаматтық әуе кемесін пайдаланушының өтініші негізінде осы баптың 2-тармағына сәйкес жүзеге асырады.
4. Қазақстан Республикасы әуе кеңістігінің шегінен тыс жерде тұрақты емес халықаралық ұшуды орындау кезінде Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемесін пайдаланушы азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен орындалған ұшудың күні мен мақсаты туралы хабарлауға міндетті.
5. Шет мемлекеттердің әскери құралымдарын, қару-жарағын және әскери техникасын, сондай-ақ қосарлы мақсатта пайдаланылатын өнімдерді тасымалдау үшін азаматтық әуе кемесін пайдаланушының халықаралық ұшуына азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның келісуінсіз жол берілмейді. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган өз кезегінде осы ұшуды сыртқы саясат қызметін жүзеге асыратын органмен оның құзыреті шегінде келісуді жүзеге асырады.
6. Шет мемлекеттің әуе кеңістігінде халықаралық ұшуды орындаған кезде шет мемлекеттің уәкілетті органының көрсетілген әуеайлаққа мәжбүрлеп қондыру туралы талабы болған жағдайда Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемесінің экипажы осы талапты орындауға міндетті.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 40-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
40-бап. Шет мемлекеттердің әуе кемелерiнiң Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде ұшуы
1. Шет мемлекеттердің әуе кемелерiнiң Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде ұшуы:
1) Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың;
2) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының;
3) Қазақстан Республикасының әуеайлақтарына қонбай не қона отырып, Қазақстан Республикасының аумағы арқылы коммерциялық емес мақсаттарда халықаралық тұрақты ұшуды орындауға арналған рұқсаттардың;
4) халықаралық тұрақты емес (біржолғы) ұшуды орындауға арналған рұқсаттардың;
5) біржолғы ұшуды орындауға берілетін арнайы (дипломатиялық) рұқсаттардың негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының әуеайлақтарында қонбай не қона отырып, Қазақстан Республикасының аумағы арқылы коммерциялық емес мақсаттарда халықаралық тұрақты ұшуды орындауға рұқсаттарды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган береді.
3. Сыртқы саясат қызметін жүзеге асыратын уәкілетті орган:
1) мемлекеттік және эксперименттік әуе кемелерінің;
2) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларында белгіленген тізбе бойынша шет мемлекеттердің лауазымды адамдарын тасымалдайтын азаматтық әуе кемелерінің;
3) шет мемлекеттердің әскери құралымдарын, қару-жарақтары мен әскери техникасын, сондай-ақ қос мақсатта пайдаланылатын өнімдерін тасымалдау үшін әуе кемелерінің біржолғы ұшуын орындауға арналған арнайы (дипломатиялық) рұқсаттарды Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларына сәйкес береді.
4. Азаматтық әуе кемелерінің халықаралық тұрақты емес (біржолғы) ұшуын орындауға арналған рұқсаттарды осы баптың 3-тармағының ережелерін ескере отырып, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган береді.
Азаматтық әуе кемелерінің халықаралық тұрақты емес (біржолғы) ұшуын орындауға арналған рұқсаттарды беру тәртібі Халықаралық тұрақты емес ұшуды орындауға рұқсаттар берудің және рұқсаттар беруден бас тарту үшін негіздердің қағидаларында белгіленеді.
4-1. Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында немесе азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган беретін рұқсаттарда өзгеше көзделмесе, шетелдік пайдаланушылардың азаматтық әуе кемелерімен Қазақстан Республикасының аумағында қалыптастырылатын коммерциялық әуе тасымалына байланысты тұрақты емес (бір реттік) халықаралық ұшуды орындауға жол берілмейді.
5. Әуе кемелерінің халықаралық тұрақты емес (біржолғы) ұшуын орындауға арналған рұқсаттарды, сондай-ақ арнайы (дипломатиялық) рұқсаттарды беруден бас тарту үшін мына жағдайлар:
1) мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органның осы Заңның 26-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін немесе әуе кемесінің ұшу маршруты өтетін оның жекелеген аумақтарын пайдалануға тыйым салуы;
2) әуе кемесі ұшуының Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың ережелерін бұзуы;
3) жоспарланып отырған ұшудың Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларын және (немесе) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасын бұзуы негіз болып табылады.
41-бап. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде халықаралық ұшуды орындау
1. Ұлттық әуе кемелері мен шет мемлекеттердің әуе кемелерi Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде халықаралық ұшуды орындаған кезде осы Заңға сәйкес ұшудың орындалуын және әуе кемелерiн пайдалануды реттейтiн жалпы ережелер қолданылады.
2. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде халықаралық ұшу халықаралық әуе трассалары бойымен жүзеге асырылады.
Әуе кемелерінің халықаралық ұшуы үшін әуе трассаларын ашу тәртібі Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларында айқындалады.
Әуе кеңістігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өтуді әуе кемелері оны халықаралық трассалар қиылысатын жерлерде немесе Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану қағидаларында белгіленген тәртіппен осы мақсаттар үшiн арнайы бөлiнген әуе дәлiздерi арқылы орындайды.
3. Азаматтық және мемлекеттік авиация салаларындағы уәкілетті органдардың келісімі бойынша ішкі әуе трассалары, жергілікті әуе желілері, ұшу маршруттары бойынша және әуе трассаларынан тыс халықаралық ұшуды орындауға жол беріледі.
4. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларында белгіленген тәртіптен ауытқуға:
1) дүлей зілзала, әуе кемесінде апат, авария, авариялық жағдай болғанда және адамдардың өмiрiне немесе денсаулығына қатер төндiретiн басқа да жағдайларда;
2) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайда;
3) Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану қағидаларында айқындалған тәртiппен берiлетiн рұқсатты алған жағдайларда жол беріледі.
5. Халықаралық ұшудың мақсаттары үшін Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) стандарттарына сәйкес келетін геодезиялық есептеу жүйесі көлденең жазықтықта геодезиялық есептеу жүйесі ретінде пайдаланылады.
6. Қазақстан Республикасының аумағынан әуе кемелерінің ұшып шығуы, сондай-ақ олардың ұшып көтерілгеннен кейін Қазақстан Республикасының аумағына қонуы халықаралық ұшуға арналған ашық әуеайлақтарда жүргізіледі.
7. Қазақстан Республикасының аумағына келетін және оның аумағынан кететін немесе транзитпен өтетін барлық әуе кемелеріне, олардың экипаждары мен жолаушыларына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына әкелетін немесе осы аумақтан әкететін олардың мүлкіне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген паспорттық, кедендік, валюталық, санитарлық-эпидемиологиялық қағидалар мен нормалар қолданылады.
8. Шет мемлекеттердің азаматтық әуе кемелерінің бортындағы авиация персоналының куәлігі, кеме құжаттары, егер олар Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына сәйкес келсе, Қазақстан Республикасының аумағында жарамды деп танылады. Әуе кемесін жалға алған, жалдаған (чартер) немесе оны алмасқан жағдайда шет мемлекеттер арасындағы келісім бойынша берілген шет мемлекеттердің азаматтық әуе кемелерінің бортындағы авиация персоналының куәлігі, кеме құжаттары Қазақстан Республикасының аумағында жарамды деп танылады.
9. 2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
10. 2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5-тарау. ӘУЕ КЕМЕЛЕРІ
42-бап. Әуе кемелерiнiң сыныптамасы
1. Әуе кемелері авиацияға тиесiлігiне қарай:
мемлекеттік әуе кемелері;
азаматтық әуе кемелері;
эксперименттiк әуе кемелері болып бөлiнедi.
2. Мемлекеттік авиацияда пайдаланылатын және мемлекеттік авиация әуе кемелерінің тізілімінде тіркелген әуе кемесі мемлекеттік әуе кемесі болып табылады.
3. Азаматтық авиацияда пайдаланылатын және Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде тіркелген әуе кемесі азаматтық әуе кемесі болып табылады.
Азаматтық әуе кемелерінің сыныптамасы әуе кемесінің ұшу-техникалық сипаттамаларына және деректеріне қарай Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі қағидаларында айқындалады.
4. Тәжірибелік-конструкторлық, эксперименттік, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге және сынақтар өткізуге арналған әуе кемесі эксперименттiк әуе кемесі болып табылады.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 43-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
43-бап. Азаматтық әуе кемесiнiң үлгiсiн сертификаттау
1. Сериялы шығаруға арналған жаңа конструкциядағы (жаңа үлгiдегi) азаматтық әуе кемесiнің Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген ұшуға жарамдылығының нормаларына сәйкестiгiн азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган сертификаттауға тиіс және ол зауыттық, мемлекеттік және пайдалану сынақтарынан өткеннен кейiн оның азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган берген үлгi сертификаты болуға тиіс.
2. Азаматтық әуе кемелерiнiң үлгiсiн сертификаттау Үлгіні сертификаттау және сертификат беру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Азаматтық әуе кемесiн жасап шығарушы үлгі сертификатының иесі болып табылады.
4. Ұшу жарамдылығына әсер ететiн, азаматтық әуе кемесi үлгісінің бекітілген конструкциясы (типтік конструкциясы) немесе оның пайдалану-техникалық құжаттамасы өзгерген жағдайда, әуе кемесiнiң осы үлгісі үлгі сертификатына қосымшаны алу үшін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның қосымша сертификаттауына жатады.
5. Ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін кемшіліктер анықталған жағдайда азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган берген үлгі сертификатының қолданылуы Үлгіні сертификаттау және сертификат беру қағидаларында белгіленген тәртіппен тоқтатыла тұрады, ал әуе кемесін пайдалану уақытша тоқтатылады.
6. Шет мемлекет, әуе кеңістігін сертификаттауды жүзеге асыратын азаматтық авиация саласындағы халықаралық ұйым берген үлгі сертификатын азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган Үлгіні сертификаттау және сертификат беру қағидаларында белгіленген тәртіппен таниды.