Еңбек шартында мына талаптардың біреуінің болуы:
1) қызметкердің жұмысты (еңбек функциясын) белгілі бір біліктілік, мамандық, кәсіп немесе лауазым бойынша орындауы;
2) міндеттемелердің еңбек тәртіптемесіне бағына отырып жеке орындалуы;
3) қызметкердің еңбегі үшін жалақы алуы еңбек шартының шарттардың өзге түрлерінен ерекшелігі болып табылады.
28-бап. Еңбек шартының мазмұны
2011.22.07. № 478-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Еңбек шартында:
2014.27.06. № 212-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) тараптардың деректемелері:
жұмыс беруші жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), оның тұрақты тұрғылықты жерінің мекенжайы және тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы мәліметтер, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы, нөмірі және берілген күні, жеке сәйкестендiру нөмiрi (бизнес-сәйкестендiру нөмiрi);
жұмыс беруші заңды тұлғаның атауы және орналасқан жері, жұмыс беруші заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу нөмірі мен күні,
бизнес-сәйкестендiру нөмiрi;
қызметкердің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), оның тұрақты тұрғылықты жерінің мекенжайы және тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы мәліметтер, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы, нөмірі, берілген күні, жеке сәйкестендіру нөмірі;
2) белгілі бір мамандық, біліктілік немесе лауазым бойынша жұмысы (еңбек функциясы);
3) жұмыстың атқарылатын орны;
4) еңбек шартының мерзімі;
5) жұмыстың басталу күні;
6) жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимі;
7) еңбекке ақы төлеу мөлшері мен өзге де шарттары;
8) егер жұмыс ауыр жұмыстарға жататын болса және (немесе) зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жағдайларда орындалатын болса, еңбек жағдайларының сипаттамасы, кепілдіктер мен жеңілдіктер;
9) қызметкердің құқықтары мен міндеттері;
10) жұмыс берушінің құқықтары мен міндеттері;
11) еңбек шартын өзгерту мен тоқтату тәртібі;
12) кепілдіктер мен өтемақы төлемдері, оларды төлеу тәртібі;
13) сақтандыру жөніндегі талаптар;
14) тараптардың жауапкершілігі;
15) жасалу күні мен реттік нөмірі болуға тиіс.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Тараптардың деректемелері өзгерген кезде еңбек шартына тиісті өзгерістер енгізіледі.
2. Тараптардың келісімі бойынша еңбек шартына Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де талаптар енгізілуі мүмкін.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен салыстырғанда қызметкердің жағдайын нашарлататын еңбек шартының ережелері жарамсыз деп танылады және қолданылмауға тиіс.
29-бап. Еңбек шартының мерзімі
1. Еңбек шарты:
1) белгіленбеген мерзімге;
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2013.10.12. № 153-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2) тармақша өзгертілді
2) осы тармақтың 3), 4), 5) және 6) тармақшаларында белгіленген жағдайларды қоспағанда, бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге жасалуы мүмкін.
Еңбек шартының мерзімі ұзартылған кезде, ол белгіленбеген мерзімге жасалған болып есептеледі.
Бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге шарт жасасқан қызметкермен еңбек шарты, ол атқаратын еңбек функциясы бойынша қайтадан жасалған жағдайда, ол да белгіленбеген мерзімге жасалған болып есептеледі.
Осы тармақтың 2) тармақшасының екiншi және үшiншi бөлiктерiнiң ережелерi шетелдік жұмыс күшін тартуға, шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға жергілікті атқарушы органның рұқсаттары негізінде, сондай-ақ еңбекші көшіп келушіге ішкі істер органдары беретін рұқсат негізінде еңбек қызметін жүзеге асыратын тұлғаларға қолданылмайды.
Еңбек шарты белгіленбеген мерзімге жасалған қызметкерлер үшін көзделген кепілдіктер мен өтемақыларды беруден жалтару мақсатында еңбек шарттарын белгілі бір мерзімге жасауға тыйым салынады.
Егер еңбек шартының қолданылу мерзімі аяқталған кезде тараптардың бірде-бірі соңғы жұмыс күні (ауысым) ішінде еңбек қатынастарын тоқтатуды талап етпеген болса, онда ол белгіленбеген мерзімге жасалған болып есептеледі;
3) белгілі бір жұмыстың орындалу уақытына;
4) жұмыста уақытша болмаған қызметкерді ауыстыру уақытына;
2013.10.12. № 153-V ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) маусымдық жұмысты орындау уақытына;
2013.10.12. № 153-V ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды
6) шетелдік жұмыс күшін тартуға, шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға жергілікті атқарушы орган берген рұқсаттардың не ішкі істер органдары еңбекші көшіп келушіге берген рұқсаттың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленетін мерзімдері шегінде жасалуы мүмкін.
2. Жұмыс беруші-заңды тұлғаның атқарушы органының басшысы лауазымындағы жұмысқа еңбек шарты жұмыс берушінің құрылтай құжаттарында немесе тараптардың келісімінде белгіленген мерзімге жасалады. Мұндай шартқа осы баптың 3-тармағында белгіленген ережелер қолданылмайды.
3. Егер еңбек шартында оның қолданылу мерзімі айтылмаса, онда шарт белгіленбеген мерзімге жасалған деп есептеледі.
30-бап. Еңбек шартын жасасуға жол берілетін жас мөлшері
1. Он алты жасқа толған азаматтармен еңбек шартын жасасуға жол беріледі.
2. Ата-анасының біреуінің, қорғаншысының, қамқоршысының немесе асырап алушысының жазбаша келісімімен:
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) орта білім беру ұйымында негізгі орта, жалпы орта білім алған жағдайда, он бес жасқа толған азаматтармен;
2) сабақтан бос уақытында, денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысты орындау үшін, он төрт жасқа толған оқушылармен;
3) кинематография ұйымдарында, театрларда, театр және концерт ұйымдарында, цирктерде денсаулығына және адамгершілік тұрғысынан дамуына нұқсан келтірмей, шығармалар жасауға және (немесе) орындауға қатысу үшін, осы баптың 2-тармағы 2) тармақшасында айқындалған талаптарды сақтай отырып, он төрт жасқа толмаған адамдармен еңбек шарты жасалуы мүмкін.
3. Осы баптың 2-тармағында айқындалған жағдайларда еңбек шартына кәмелетке толмаған адаммен қатар оның ата-анасының біреуі, қорғаншысы, қамқоршысы немесе асырап алушысы қол қоюға тиіс.
31-бап. Еңбек шартын жасасуға қажетті құжаттар
2011.22.07. № 478-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Еңбек шартын жасау үшін мынадай құжаттар:
1) жеке куәлiгi немесе паспорты (он алты жасқа толмаған адамдар үшiн туу туралы куәлiгi) қажет.
Оралмандар халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық органдары берген оралман куәлігін ұсынады;
2013.29.01. № 74-V ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) ықтиярхаты немесе азаматтығы жоқ адамның куәлігі (Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін) не босқын куәлігі;
3) тиісті білімді, дағдылар мен машықтарды талап ететін жұмысқа еңбек шартын жасасу кезінде білімі, біліктілігі туралы, арнаулы білімі немесе кәсіптік даярлығының болуы туралы құжат;
4) еңбек қызметін растайтын құжат (еңбек стажы бар адамдар үшін);
5) әскери есеп құжаты (әскери міндеттілер мен әскери қызметке шақырылуға жататын адамдар үшін);
6) алдын ала медициналық куәландырудан өткені туралы құжат (осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осындай куәландырудан өтуге міндетті адамдар үшін);
7) 2014.27.06. № 212-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара); 2013.10.12. № 153-V ҚР Заңымен 8) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8) тұрғылықты не уақытша тұратын жері бойынша тіркелгенін растайтын құжаттың көшірмесі;
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 9 тармақшамен толықтырылды
9) кәмелетке толмағандар қатысатын білім беру, тәрбиелеу, демалысты ұйымдастыру және сауықтыру, дене тәрбиесі және спорт, медициналық қамтамасыз ету, әлеуметтік қызметтер көрсету, мәдениет және өнер саласында еңбек шартын жасасқан кезде соттылығының бар не жоқ екендігі туралы анықтама қажет.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Жұмыс беруші, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы баптың 1-тармағында көзделмеген құжаттарды талап етуге құқылы емес.
3. Қызметкердің келісімімен құжаттардың түпнұсқалары жұмыс берушіде сақталған не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген рәсімдерді орындау үшін уақытша қалдырылған жағдайда, жұмыс беруші қызметкерге құжаттарды қайтару туралы жазбаша міндеттеме береді.
32-бап. Еңбек шартын жасасу, өзгерту және толықтыру тәртібі
1. Еңбек шарты жазбаша нысанда кемінде екі дана етіп жасалады және оған тараптардың қолдары қойылады. Еңбек шарты бір-бір данадан қызметкер мен жұмыс берушіде сақталады. Қызметкердің еңбек шартының бір данасын алуы жазбаша нысанда расталады.
2. Еңбек шартына, оның ішінде басқа жұмысқа ауыстыру кезінде, өзгерістер мен толықтырулар енгізуді тараптар осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен жазбаша нысанда жүзеге асырады.
Еңбек шартының талаптарын өзгерту туралы ұсынысты еңбек шарты тараптарының бірі жазбаша нысанда береді және екінші тарап оны берілген күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде қарайды.
3. Ұйымның атқарушы органының лауазымды адамдарымен еңбек шартын ұйым мүлкінің меншік иесі не ол уәкілеттік берген адам немесе орган ұйымның құрылтай құжаттарында белгіленген тәртіппен жасайды.
33-бап. Жұмысқа қабылдауды ресімдеу
1. Жұмысқа қабылдау жасалған еңбек шарты негізінде шығарылатын жұмыс берушінің актісімен ресімделеді.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Жұмыс беруші үш жұмыс күні ішінде қызметкерді актімен таныстыруға міндетті. Жұмыс берушінің актісімен танысқаны қызметкердің қол қоюымен куәландырылады.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Қызметкердің талап етуі бойынша жұмыс беруші оған актінің жұмыс беруші растаған көшірмесін беруге міндетті.
Жұмысқа қабылдаған кезде жұмыс беруші қызметкерді ұйымдағы ішкі еңбек тәртіптемесі ережелерімен, жұмыс берушінің қызметкердің жұмысына (еңбек функциясына) қатысы бар өзге де актілерімен, ұжымдық шартпен таныстыруға міндетті.
34-бап. Қызметкердің еңбек қызметін растайтын құжаттар
Мына құжаттардың кез келгені:
1) еңбек кітапшасы;
2) тоқтату күні мен оны тоқтатудың негізі туралы жұмыс берушінің белгісі бар еңбек шарты;
3) еңбек шартының жасалуы және тоқтатылуы негізінде еңбек қатынастарының туындауын және тоқтатылуын растайтын жұмыс беруші актілерінен үзінді көшірмелер;
4) қызметкерлерге жалақы төлеу ведомосынан үзінді көшірмелер;
5) жұмыс берушінің қолы қойылған, ұйымның мөрімен расталған не нотариат растаған қызмет ету тізімі (қызметкердің жұмысы, еңбек қызметі туралы мәліметтер тізбесі);
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 5-1) тармақшамен толықтырылды; 2013.21.06. № 106-V ҚР Заңымен 5-1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5-1) аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді-көшірмелер;
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 5-2) тармақшамен толықтырылды
5-2) жүргізілген әлеуметтік аударымдар туралы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан мәліметтер;
6) қызметкердің еңбек қызметі туралы мәліметтер қамтылған мұрағаттық анықтама қызметкердің еңбек қызметін растайтын құжат болып табылады.
35-бап. Еңбек кітапшасы
1. Еңбек кітапшасы қызметкердің еңбек қызметі туралы мәліметтерді қамтитын құжат болып табылады.
2. 2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен алып тасталды (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Жұмыс беруші қызметкердің еңбек кітапшасына (ол бар болған кезде) ұйымдағы еңбек қызметі туралы тиісті жазбалар енгізуге міндетті.
4. Еңбек кітапшасына еңбек шартын тоқтатудың себептері туралы жазбалар осы Кодекстің нормаларын көрсете отырып жүргізілуге тиіс.
36-бап. Еңбек шартындағы сынақ мерзімі туралы талап
1. Еңбек шартында қызметкердің тапсырылатын жұмысқа біліктілігінің сәйкестігін тексеру мақсатымен сынақ мерзімі туралы талап белгіленуі мүмкін. Бұл талап еңбек шартында болмаса, қызметкер жұмысқа сынақ мерзімінсіз қабылданды деп есептеледі.
2. Сынақ мерзімі еңбек шарты күшіне енген кезден басталады.
3. Сынақ мерзімі кезеңінде қызметкерлерге осы Кодекстің нормалары, еңбек шартының, ұжымдық шарттың талаптары қолданылады.
4. Сынақ мерзімі қызметкердің жұмыс стажына қосылады және үш айдан аспауға тиіс. Қызметкер жұмыста іс жүзінде болмаған кезең сынақ мерзіміне есептелмейді.
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 5-тармақ өзгертілді
5. Жұмысқа қабылдау кезінде:
тиісті лауазымға орналасуға конкурс бойынша жұмысқа қабылданатын адамдарға;
орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын бітірген, оларды бітірген күннен бастап бір жылдан кешіктірмей алған мамандығы бойынша жұмысқа алғаш кіретін адамдарға;
мүгедектерге сынақ мерзімі белгіленбейді.
37-бап. Жұмысқа қабылдау кезіндегі сынақ нәтижесі
1. Сынақ мерзімі кезеңінде қызметкердің жұмысы теріс нәтиже берсе, жұмыс беруші сынақ мерзімі аяқталуына күнтізбелік жеті күн қалғаннан бастап қызметкерге жазбаша түрде ескертіп, бұл қызметкерді сынақ мерзімінен өте алмады деп тануға негіз болған себептерді көрсете отырып, онымен еңбек шартын бұзуға құқылы.
2. Егер сынақ мерзімі аяқталса және тараптардың ешқайсысы еңбек шартының бұзылуын талап етпесе, онда қызметкер сынақтан өткен болып есептеледі.
3. Жұмыс беруші сынақ мерзімі аяқталғанға дейін қызметкерді одан жоғары лауазымға тағайындаған жағдайда да қызметкер сынақтан өткен болып есептеледі.
38-бап. Еңбек шарты қолданылуының басталуы
1. Еңбек шартының қолданылуы оған тараптардың қолы қойылған күннен не шартта белгіленген күннен басталады.
2. Қызметкерді жұмысқа нақты жіберу еңбек шартына тараптардың қолы қойылғаннан кейін ғана жүзеге асырылады.
3. Жұмыс берушінің кінәсінен еңбек шарты болмаған және (немесе) тиісті үлгіде ресімделмеген жағдайда, ол Қазақстан Республикасы заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылықта болады. Бұл жағдайда еңбек қатынастары қызметкер жұмысқа кіріскен күннен бастап туындады деп есептеледі.
39-бап. Еңбек шартының жарамсыздығы
1. Еңбек шарты:
1) алдау, күш көрсету, қауіп төндіру арқылы ықпал етіп;
2) нақты немесе заңды салдар туғызу ниетінсіз (жалған еңбек шарты);
3) әрекетке қабілетсіз деп танылған адаммен;
4) осы Кодекстің 30-бабы 2-тармағының 3) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, он төрт жасқа толмаған адаммен;
5) ата-анасының біреуінің, қамқоршысының, асырап алушысының келісімінсіз, он алты жасқа толмаған адаммен жасалған жағдайларда, сот оны жарамсыз деп таниды.
2. Еңбек шартының жұмыс берушінің кінәсінен жарамсыз деп танылуы бұрынғы қызметкердің еңбегіне ақы алу, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының пайдаланылмаған күндері үшін өтемақы төлемін, өзге де төлемдер мен жеңілдіктер алу құқығынан айрылуына әкеп соқпайды.
3. Еңбек шартының жұмыс берушінің немесе қызметкердің кінәсінен жарамсыз деп танылуы олардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылығына әкеп соғады.
4. Еңбек шартының жекелеген талаптарының жарамсыз деп танылуы еңбек шартының тұтастай жарамсыздығына әкеп соқпайды.
40-бап. Еңбек шартында келісілмеген жұмысты орындауға тыйым салу
Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыс беруші қызметкерден еңбек шартында келісілмеген жұмысты орындауды талап етуге құқылы емес.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 40-1-баппен толықтырылды
40-1-бап. Лауазымдарды қоса атқару (қызмет көрсету аймағының ұлғаюы) және уақытша болмаған қызметкердің міндеттерін орындау
Қызметкерге оның жазбаша келісуімен еңбек шартында айқындалған жұмыспен қатар, осы Кодекстің 131-бабына сәйкес қосымша еңбекақы үшін басқа немесе осындай лауазым бойынша қосымша жұмысты атқару тапсырылуы мүмкін.
Қызметкерге басқа лауазым бойынша тапсырылатын қосымша жұмыс лауазымдарды қоса атқару жолымен жүзеге асырылуы мүмкін. Қызметкерге өзінің лауазымы бойынша тапсырылатын қосымша жұмыс қызмет көрсету аймағын ұлғайту жолымен жүзеге асырылуы мүмкін. Уақытша болмаған қызметкердің міндеттерін еңбек шартында айқындалған жұмыстан босатпай орындау үшін, қызметкерге басқа, сондай-ақ сол өзінің лауазымы бойынша қосымша жұмыс тапсырылуы мүмкін.
Қызметкердің қосымша жұмыс атқаратын мерзімін, жұмыстың мазмұны мен көлемін жұмыс беруші қызметкердің жазбаша келісуімен белгілейді.
Басқа тарапты үш жұмыс күнінен кешіктірмей жазбаша нысанда ескерте отырып қызметкердің қосымша жұмысты атқарудан мерзімінен бұрын бас тартуына, ал жұмыс берушінің оны орындау туралы тапсырмасының күшін мерзімінен бұрын жоюына құқығы бар.
41-бап. Қызметкерді басқа жұмысқа ауыстыру
1. Қызметкерді басқа жұмысқа ауыстыру деп:
1) қызметкер жұмысының (еңбек функциясының) өзгеруі, яғни жұмысты басқа лауазым, мамандық, кәсіп, біліктілік бойынша орындау;
2) орындау кезінде еңбек шартында келісілген еңбек жағдайлары (жалақы мөлшері, жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимі, жеңілдіктер мен басқа да жағдайлар) өзгеретін жұмысты тапсыру;
3) жұмыс берушінің оқшауланған құрылымдық бөлімшесіне ауыстыру;
4) жұмыс берушімен бірге басқа жерге ауыстыру есептеледі.
2. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, қызметкерді басқа жұмысқа ауыстыруға қызметкердің келісімімен жол беріледі, ол еңбек шартына тиісті өзгерістер енгізумен және жұмыс берушінің актісімен ресімделеді.
3. Қызметкерді сол ұйымда басқа жұмыс орнына, осы ұйымның сол жердегі басқа құрылымдық бөлімшесіне ауыстыру, оған басқа механизмде немесе агрегатта жұмыс істеуді тапсыру, егер бұл осы баптың 1-тармағында көзделген өзгерістерге әкеп соқпаса, басқа жұмысқа ауыстыру болып табылмайды және бұған қызметкердің келісімін алу талап етілмейді.
42-бап. Қызметкерді жұмыс берушімен бірге басқа жерге ауыстыру
1. Егер еңбек шартында, ұжымдық шартта ескертудің анағұрлым ұзақ мерзімі көзделмесе, жұмыс беруші жұмыс берушінің басқа жерге көшетіні туралы қызметкерге кемінде бір ай бұрын жазбаша ескертуге міндетті.
2. Қызметкер жұмыс берушімен бірге басқа жерге жұмысқа ауыстырылған жағдайда, жұмыс беруші қызметкердің көшуіне байланысты осы Кодекстің 153-бабында көзделген өтемақы төлемдерін жасайды.
3. Қызметкер жұмыс берушімен бірге басқа жерге ауысудан жазбаша түрде бас тартқан жағдайда, қызметкермен еңбек шарты осы Кодекстің 59-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген негіз бойынша тоқтатылады.
43-бап. Өндірістік қажеттілік жағдайында басқа жұмысқа уақытша ауыстыру
Өндірістік қажеттілік болған, оның ішінде жоқ қызметкерді уақытша алмастырған жағдайда, жұмыс берушінің қызметкерді оның келісімінсіз күнтізбелік жыл ішінде бір айға дейінгі мерзімге, орындалатын жұмыс бойынша еңбегіне ақы төлеп, бірақ бұрынғы жұмысындағы орташа жалақысынан кем емес жалақымен, еңбек шартында келісілмеген және денсаулық жағдайы бойынша қайшы келмейтін сол ұйымдағы, сол жердегі басқа жұмысқа ауыстыруға құқығы бар.
44-бап. Бос тұрып қалу жағдайында басқа жұмысқа уақытша ауыстыру
1. Жұмыс берушінің бос тұрып қалу жағдайында қызметкердің мамандығын, біліктілігін ескере отырып, оның келісімінсіз, күнтізбелік жыл ішінде бір айдан аспайтын мерзімге, оны денсаулық жағдайы бойынша қайшы келмейтін басқа жұмысқа ауыстыруға құқығы бар.
2. Бос тұрып қалу жағдайындағы ауыстыру кезінде қызметкердің еңбегіне ақы төлеу орындалатын жұмыс бойынша, бірақ оның бұрынғы жұмысындағы орташа айлық жалақысының кемінде үштен екісі мөлшерінде жүргізіледі.
Еңбек жағдайының өзгеруіне байланысты қызметкер жұмысты жалғастырудан жазбаша түрде бас тартқан жағдайда, қызметкермен еңбек шарты осы Кодекстің 59-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген негіздер бойынша тоқтатылады.
45-бап. Денсаулық жағдайы бойынша басқа жұмысқа уақытша ауыстыру
1. Қызметкер денсаулық жағдайы бойынша медициналық қорытындыда көрсетілген мерзімге неғұрлым жеңіл жұмысқа уақытша ауыстырылады. Тараптардың келісімімен қызметкердің бұрынғы жұмысы бойынша жалақысы сақталуы мүмкін.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қызметкердің еңбек міндеттерін орындауға байланысты жарақаттануына, кәсіптік ауруға шалдығуына немесе денсаулығына өзге де зақым келуіне байланысты еңбекке қабілеттілігі қалпына келгенше немесе мүгедектік белгіленгенге дейін не кәсіби еңбекке жарамдылығынан айрылуы белгіленгенше жұмыс беруші қызметкерді анағұрлым жеңіл жұмысқа уақытша ауыстыруға не Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына, сондай-ақ еңбек шартының, ұжымдық шарттың талаптарына сәйкес зиянның өтемін төлей отырып, оны жұмыстан босатуға міндетті.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Қызметкер еңбек міндеттерін атқаруға байланысты өндірістік жарақат алған, кәсіптік ауруға шалдыққан немесе денсаулығына өндіріске байланысты емес өзге де зақым келген кезде басқа жұмысқа уақытша ауысудан жазбаша түрде бас тартқан жағдайда қызметкермен еңбек шарты осы Кодекстің 59-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген негіз бойынша тоқтатылады.
46-бап. Қызметкерді басқа жұмысқа ауыстыруды шектеу
Қызметкердің денсаулық жағдайы бойынша медициналық қорытындымен расталған қайшылықтар болған кезде, оны басқа жұмысқа ауыстыруға жол берілмейді.
47-бап. Қызметкерді басқа жұмыс орнына ауыстыру. Лауазым (жұмыс) атауының өзгеруі
1. Құрылымдық бөлімшедегі, белгілі бір жұмыс орнындағы, механизмдегі немесе агрегаттағы жұмыстың өзгеше еңбек жағдайлары болуын қоспағанда, қызметкерді басқа жұмыс орнына не сол жердегі басқа құрылымдық бөлімшеге ауыстыруға, не оған еңбек шартында келісілген лауазым, мамандық, кәсіп, біліктілік шегінде басқа механизмдегі немесе агрегаттағы жұмысты тапсыруға қызметкердің келісімі талап етілмейді.
2. Қызметкер үшін еңбек жағдайларын және (немесе) еңбек шартын өзгертуге әкеп соқпайтын қызметкер лауазымының (жұмысының), құрылымдық бөлімшенің атауын өзгертуді, басқару құрылымын өзгертуді жұмыс беруші қызметкердің келісімінсіз жүзеге асыра алады.
48-бап. Еңбек жағдайларының өзгеруі
1. Өндірісті ұйымдастырудағы, соның ішінде қайта ұйымдастыру кезіндегі өзгерістерге және (немесе) жұмыс берушінің жұмыс көлемінің қысқаруына байланысты, қызметкер еңбек шартында келісілген тиісті біліктіліктегі лауазым, мамандық немесе кәсіп бойынша жұмысын жалғастырған кезде, оның еңбек жағдайларын өзгертуге жол беріледі.
Еңбек жағдайлары өзгерген кезде еңбек шартына және (немесе) ұжымдық шартқа тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізіледі.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Егер еңбек шарты мен ұжымдық шартта ескертудің анағұрлым ұзақ мерзімі көзделмесе, жұмыс беруші қызметкерге және (немесе) оның өкілдеріне еңбек жағдайларының осы баптың 1-тармағында көрсетілген себептер бойынша орын алған өзгеруі туралы бір айдан кешіктірмей жазбаша түрде ескертуге тиіс.
Егер қызметкер жұмысты жаңа жағдайда жалғастыруға келіспесе, онда жұмыс беруші - бар болса, қызметкердің біліктілігі мен денсаулық жағдайына сәйкес келетін өзге жұмысты, ал мұндай жұмыс болмаса, қызметкердің біліктілігі мен денсаулық жағдайы ескеріліп, ол орындай алатын, бос тұрған төмен лауазым немесе ақысы төмен бос жұмысты жазбаша нысанда ұсынуға міндетті.
3. Еңбек жағдайларының өзгеруіне байланысты қызметкер жұмысты жалғастырудан жазбаша түрде бас тартқан жағдайда, қызметкермен еңбек шарты осы Кодекстің 59-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген негіз бойынша тоқтатылады.
4. Егер осы баптың 1-тармағында көзделген мән-жайлар қызметкерлердің санын немесе штатын қысқартуға әкеп соғуы мүмкін болса, жұмыс берушінің жұмыс орындарын сақтау мақсатында, қызметкерлер өкілдерінің пікірін ескере отырып, толық емес жұмыс уақыты режимін енгізуге құқығы бар.
Жұмыс беруші қызметкерлердің санын немесе штатын қысқартуға әкеп соғуы мүмкін толық емес жұмыс уақыты режимін тоқтатуды қызметкерлер өкілдерінің пікірін ескере отырып жүргізеді.
49-бап. Жұмыс берушінің атауы, ведомстволық тиесілігі өзгерген, мүлкінің меншік иесі ауысқан немесе жұмыс беруші қайта құрылған кездегі еңбек қатынастары