13) 39-бапта:
4-баптың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«3) жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз өзендерде жаңа балық шаруашылығы учаскелерiн, ұйықтарды (ұйықтық учаскелерді), ағызу және жүзу жолдарын ашуға;»;
5-тармақтың 3) және 13) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
«3) тиісті ғылыми ұйымдар берген, мемлекеттік экологиялық сараптамаға жататын биологиялық негіздеменің негізінде уәкілетті орган белгілейтін мерзімдерде және орындарда қысқы кезеңде балықтардың қыстайтын шұңқырларында, уылдырық шашу кезінде уылдырық шашатын жерлерде және өзге де учаскелерде;»;
«13) тиісті ғылыми ұйымдар берген, мемлекеттік экологиялық сараптамаға жататын биологиялық негіздеменің негізінде уәкілетті орган белгілейтін орындарда және мерзімдерде балық ресурстарының және басқа да су жануарларының көбеюі кезеңінде олардың шоғырлану орындары мен өрістеу жолдарында;»;
14) 40-баптың 1-тармағының екінші, төртінші, бесінші және алтыншы бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
«Конкурсты Конкурс өткізу қағидаларына сәйкес құрылған, құрамына уәкілетті органның, облыстың жергілікті атқарушы органының, ғылыми ұйымдардың және аңшылар мен аңшылық шаруашылығы субъектілері қоғамдық бірлестіктерінің, сондай-ақ балық аулаушылар мен балық шаруашылығы субъектілері қоғамдық бірлестіктерінің республикалық қауымдастықтарының өкілдері енгізілетін комиссия өткізеді. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда конкурсты уәкілетті орган құратын комиссия өткiзедi.»;
«Жеке меншікте немесе жеке және мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың уақытша жер пайдалануындағы жер учаскелерiнде толығымен орналасқан аңшылық алқаптар, сондай-ақ жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындары және (немесе) учаскелері белгiленген бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келген жағдайда олардың өтiнiмi бойынша облыстың жергілікті атқарушы органының шешiмiмен конкурс өткiзiлместен соларға бекiтiп берiледi.
Уәкілетті органның ұсынуы бойынша қайта бекітіп берілетін, екі және одан да көп облыс аумағында орналасқан су айдындарының балық шаруашылығы учаскелерін қоспағанда, Бекітіп беру мерзімі өткен аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су айдындары және (немесе) учаскелері бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келген, шарттық міндеттемелері орындалған жағдайда, олар бұрын бекітіп берілген адамдардың өтінімі бойынша конкурс өткізілместен қайта бекітіп беріледі.
Жергілікті маңызы бар, қырылу қаупі бар су айдындары және (немесе) учаскелері бекітіп берілген адамдар қабылдаған шаралардың нәтижесіне байланысты қырылу қаупі белгілерін жоғалтса, бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келген жағдайда бекітіп берілу мерзімі өткен соң олардың өтінімі бойынша конкурс өткізілместен бес жылдан қырық тоғыз жылға дейінгі мерзімге қайта бекітіп беріледі.»;
15) 46-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«46-бап. Жануарлар түрлерінің санын реттеудiң тәртiбi
Жануарлар түрлерінің санын реттеудiң тәртiбiн уәкілетті орган бекітеді.»;
16) 51-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«51-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттiк бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар
1. Ведомствоның басшысы лауазымы бойынша бiр мезгiлде Қазақстан Республикасының Жануарлар дүниесiн қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы бас мемлекеттiк инспектор болып табылады.
2. Ведомство басшысының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы реттеу, бақылау және қадағалау мәселелерiмен айналысатын орынбасарлары лауазымы бойынша бiр мезгiлде Қазақстан Республикасының Жануарлар дүниесiн қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы бас мемлекеттiк инспекторының орынбасарлары болып табылады.
3. Ведомствоның аумақтық бөлімшесінің басшысы лауазымы бойынша бiр мезгiлде тиiстi облыстың жануарлар дүниесiн қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы бас мемлекеттiк инспекторы болып табылады.
4. Аумақтық бөлімше басшысының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы реттеу, бақылау және қадағалау мәселелерiмен айналысатын орынбасарлары лауазымы бойынша бiр мезгiлде тиiстi облыстың жануарлар дүниесiн қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы бас мемлекеттiк инспекторының орынбасарлары болып табылады.
5. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласында реттеу, бақылау және қадағалау мәселелерiмен айналысатын ведомстволардың құрылымдық бөлiмшелерiнiң басшылары лауазымы бойынша бiр мезгiлде Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы аға мемлекеттiк инспекторлары, ал ведомстволардың жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласында реттеу, бақылау және қадағалау мәселелерiмен айналысатын мамандары - Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттiк инспекторлары болып табылады.
6. Ведомстволардың аумақтық бөлімшелері құрылымдық бөлiмшелерiнiң жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласында реттеу, бақылау және қадағалау мәселелерiмен айналысатын басшылары - лауазымы бойынша бiр мезгiлде тиiстi облыстың жануарлар дүниесiн қорғау, өсімін молайту және пайдалану жөнiндегi аға мемлекеттiк инспекторлары, ал жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласында реттеу мен бақылау мәселелерiмен айналысатын мамандары - тиiстi облыстың жануарлар дүниесiн қорғау, өсімін молайту және пайдалану жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлары болып табылады.»;
17) 52-баптың 1-тармағының 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«1) объектілерге Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуы тұрғысынан бақылау мақсатында баруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жануарлар дүниесін пайдаланушылардың қызметі туралы ақпарат алуға;»;
18) 55-баптың 6-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Жануарлар дүниесiн мемлекеттiк қорғау қызметi уәкілетті орган бекiткен Жануарлар дүниесiн мемлекеттiк қорғау туралы ережемен айқындалады.».
80. «Техникалық реттеу туралы» 2004 жылғы 9 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 21, 124-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 15, 92-құжат; № 24, 148-құжат; 2008 ж., № 15-16, 60-құжат; 2009 ж., № 17, 80-құжат; № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 2, 26-құжат; № 11, 102-құжат; 2012 ж., № 5, 41-құжат; № 14, 92, 95-құжаттар; № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 4, 21-құжат; № 14, 75-құжат; № 15, 81-құжат; № 21-22, 114-құжат; 2014 ж., № 10, 52-құжат):
1) 6-баптың 6), 7), 8), 8-1), 10), 10-1), 11), 14) және 14-1) тармақшалары алып тасталсын;
2) 7-баптың бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы 15), 16), 17), 18), 19), 20), 21), 22) және 23) тармақшалармен толықтырылсын:
«15) техникалық-экономикалық ақпарат жіктеуіштерінің депозитарийiн құру және жүргiзу қағидаларын бекітеді;
16) өнiмнiң, процестердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мүдделерінде консультациялық-кеңесшi органдар құрады;
17) техникалық регламенттерді бекітеді;
18) әзірленген техникалық регламенттерді сараптауды, келісуді, техникалық регламенттердің қолданысын тоқтата тұруды не күшін жоюды келісуді, оның ішінде салалық мемлекеттік органдардың техникалық регламенттердің қолданысын тоқтата тұру не күшін жою мәселелеріне бастамашылық етуді жүзеге асырады;
19) техникалық регламенттердi әзiрлеу, сараптау, қабылдау, өзгерту және олардың күшiн жою тәртiбiн белгiлейді;
20) Нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қорын қалыптастыру және жүргізу тәртібін айқындайды;
21) техникалық регламенттердi әзiрлеу жөнiндегi жоспарды бекiтеді;
22) тауардың шығарылған елін айқындау және тауардың шығарылуы туралы сертификат беру жөніндегі қағидаларды бекітеді;
23) өнiмдi таңбалау тәртiбiн белгiлейді.»;
3) 8-бап мынадай мазмұндағы 1-1) және 6-1) тармақшалармен толықтырылсын:
«1-1) техникалық регламенттерді бекітуді, олардың күшін жоюды, тоқтата тұруды, сондай-ақ уәкілетті органмен келісу бойынша өздерінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша техникалық регламенттерге өзгерістер енгізуді;»;
«6-1) техникалық регламенттерді, оның ішінде Кеден одағының техникалық регламенттерін іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарларын әзірлеуді және орындауды;».
81. «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» 2005 жылғы 7 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2005 ж., № 1-2, 1-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; 2008 ж., № 6-7, 27-құжат; 2010 ж., № 7, 32-құжат; № 10, 48-құжат; 2011 ж., № 1, 7-құжат; № 5, 43-құжат; № 8, 64-құжат; № 11, 102-құжат; 2012 ж., № 4, 32-құжат; № 5, 41-құжат; 2013 ж., № 14, 75-құжат; 2014 ж., № 7, 37-құжат; 2014 жылғы 10 шілдеде «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы):
1) 7-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«7-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметінің қорғаныс саласындағы өкiлеттiктерi
Қазақстан Республикасының Үкiметі:
1) мемлекеттің әскери саясатының негізгі бағыттарын әзірлейді, республиканың қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды іске асырады;
2) Қорғаныс министрлiгiнiң, өзге де орталық және жергілiкті атқарушы органдардың қызметіне басшылық жасайды;
3) мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру, орналастыру және орындау саласындағы мемлекеттік саясатты iске асыру жөніндегі уәкiлетті органды айқындайды;
4) мемлекеттiк қорғаныс тапсырысын қалыптастыру, орналастыру және орындау саласындағы мемлекеттік саясатты iске асыру жөнiндегi уәкілетті органның ұсынуы бойынша жыл сайын мемлекеттік қорғаныс тапсырысын бекiтедi;
5) қорғаныс өнеркәсiбінің, сондай-ақ ғылыми-зерттеу және тәжірибелiк-конструкторлық қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарды құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешiмдер қабылдайды;
6) әскери оқу орындарын, жоғары оқу орындарының әскери кафедраларын, әскери факультеттерін құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешімдер қабылдайды;
7) Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың мемлекеттiк мекемелерiнiң мемлекеттiк қызметшiлер болып табылмайтын жұмыскерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі мен шарттарын айқындайды;
8) Қарулы Күштерді, басқа әскерлер мен әскери құралымдарды
қару-жарақпен, әскери техникамен және материалдық-техникалық ресурстармен жарақтандыруды және қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
9) мемлекеттiң жұмылдыру жоспарын әзiрлеудi және орындауды ұйымдастырады, сондай-ақ мемлекеттік материалдық резервтi қалыптастыру, жинақтау және пайдалану тәртiбiн белгілейдi;
10) мемлекеттік органдардың, меншік нысанына қарамастан, ұйымдардың жұмылдыру даярлығына басшылықты жүзеге асырады;
11) материалдық қорлар санаттарын бекітеді;
12) Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды жабдықтау нормаларын әзірлеу тәртібін бекітеді;
13) қорғаныс мақсатында республика аумақтарын жедел жабдықтау жөнiндегі iс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етеді;
14) әскери-көлiктік мiндеттілік туралы қағидаларды бекiтедi;
15) әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтардың санаттары мен санын, сондай-ақ әскери жиындарға шақырылуға жататын әскери оқытылған мамандардың жыл сайынғы санын айқындайды;
16) әскери оқытылған резервті құруға және даярлауға жалпы басшылықты жүзеге асырады, Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды жасақтауға мемлекеттік тапсырысты бекiтедi;
17) азаматтық және аумақтық қорғанысты жоспарлауды және оған басшылық жасауды жүзеге асырады;
18) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жердi, орманды, суды және басқа да табиғи ресурстарды қорғаныс мұқтаждықтары үшін беру және пайдалану тәртiбiн айқындайды;
19) пайдаланылмайтын әскери мүлікті беру, өткізу және кәдеге жарату, сондай-ақ қорғаныс объектілерiн мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру тәртібiн белгілейді;
20) әскери ынтымақтастық мәселелерi бойынша халықаралық келiссөздер жүргізу және үкiметаралық келiсiмдерге қол қою туралы шешiмдер қабылдайды;
21) қорғаныс мұқтаждықтары үшiн жеке және заңды тұлғалардан реквизицияланған, сондай-ақ берiлген мүліктің құнын мемлекеттің өтеу тәртібiн айқындайды;
22) әскери мүлікті есепке алу және есептен шығару тәртiбін белгілейдi;
23) қару мен әскери техниканың, стратегиялық материалдардың, озық технологиялар мен қосарлы мақсаттағы өнімдердiң экспортын бақылауды ұйымдастырады;
24) меншік нысандарына қарамастан, кәсіпорындарда мемлекеттік қорғаныс тапсырысының орындалу сапасын бақылауды жүзеге асыру қағидаларын бекітеді;
25) өзiне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерiмен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.»;
2) 22-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгі:
1) қорғаныс саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырады;
2) Әскери доктринаны, Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың құрылысы мен дамуының тұжырымдамасын әзiрлейдi;
3) Қарулы Күштердiң түрлерiн, әскер тектерінің құрылымын, штат санын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкiметi бекіткен Қарулы Күштер, Қорғаныс министрлігі және Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің штат санының лимиттерi шегінде Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгiне ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелер бойынша штат санын белгілейдi;
4) мемлекетте бiрыңғай әскери-техникалық саясатты жүргізедi;
5) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігінің әскери құрамдасын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының аумағында және оның шегінен тыс жерлерде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери барлау органдарының қызметін ұйымдастырады;
6) Қарулы Күштер түрлерінің, әскер тектерi мен арнаулы әскерлердiң жедел мақсаттары мен мiндеттерiн, олардың басқа да әскерлермен және әскери құралымдармен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес шет мемлекеттердiң қарулы күштерiмен өзара iс-қимыл жасауда қолданылуын айқындайды;
7) қорғаныс саласында ғылыми-зерттеу, тәжiрибелік-конструкторлық және басқа да жұмыстарға басшылықты жүзеге асырады, олардың сапасын бақылауды ұйымдастырады;
8) Қарулы Күштерде әскерлердi инспекциялауды және қаржы қаражатының жұмсалуын бақылауды жүзеге асырады;
9) ведомстволық әскери оқу орындарына қабылдауды, оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруды регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді, әскери даярлықты жүзеге асыратын ведомстволық әскери оқу орындары мен басқа да бiлiм беру ұйымдарының қызметін және оқу-тәрбие жұмысының сапасын бақылауды жүзеге асырады;
10) әскери қызметке шақырылуға дейiнгi және шақырылатын жастардың әскери қызметке даярлығын үйлестіредi;
11) халықаралық әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
12) Қарулы Күштерде заңдылық пен құқықтық тәртiптің сақталуын бақылауды жүзеге асырады және әскери қызметшілердi, олардың отбасы мүшелерi мен азаматтық персоналды әлеуметтiк және құқықтық кепілдiктермен қамтамасыз етедi;
13) өз құзыретi шегінде қорғаныс және Қарулы Күштер мәселелерi бойынша нормативтік құқықтық актілер шығарады және олардың орындалуын бақылайды;
14) өндірістің барлық кезеңдерінде меншік нысандарына қарамастан, орындаушы кәсіпорындарда Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері орналастыратын мемлекеттік қорғаныс тапсырысының орындалу сапасын бақылауды жүзеге асырады;
15) өз құзыреті шегінде аумақтық қорғаныс мәселелері бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін бақылайды;
16) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде бірыңғай мемлекеттік кадр саясатын іске асыруды қамтамасыз етеді;
17) пайдаланылмайтын әскери мүлікті беру, өткізу және кәдеге жарату, сондай-ақ қорғаныс объектілерін мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру тәртібіне сәйкес пайдаланылмайтын әскери мүлікке иелік етеді;
18) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын қаруландыруға қару-жарақ пен әскери техниканы қабылдау қағидаларын бекітеді;
19) Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қару-жарағы мен әскери техникасы кадастрын бекітеді;
20) әскери мақсаттағы ғарыш техникасы мен технологияларын жасау саласындағы жобалардың іске асырылуын ұйымдастырады;
21) жоғары оқу орындарында және жоғары кәсіптік білім беру ұйымдарының жанындағы әскери факультеттерде әскери даярлық қағидаларын бекітеді;
22) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша Қарулы Күштерді жабдықтау нормаларын бекітеді;
23) әскери міндеттілер мен әскерге шақырылатындардың әскери есебiн жүргізу тәртiбi туралы қағидаларды бекiтедi;
24) Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтарды және Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аудандарды белгілеу қағидаларын (бұдан әрі - Тыйым салынған аймақтар мен тыйым салынған аудандарды белгілеу қағидалары) бекітеді;
25) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі әскери атташе аппараттары қызметкерлерінің қызметі мен қызмет өткеру шарттарын ұйымдастыру қағидаларын бекітеді;
26) әскери басқарудың жергілікті органдары туралы ереженi бекітеді;
27) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.»;
3) 26-бап мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:
«4. Басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды жабдықтау нормаларын бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша тиісті мемлекеттік органдардың бірінші басшылары бекітеді.».
82. «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» 2005 жылғы 7 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2005 ж., № 3-4, 2-құжат; 2007 ж., № 8, 52-құжат; 2009 ж., № 24, 134-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; 2012 ж., № 13, 91-құжат):
24-баптың 2-тармағының екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Қызметкердi жазатайым оқиға немесе кәсiптiк ауру салдарынан еңбекке қабiлеттiлiгiнен айрылу дәрежесiн анықтауға куәландыру, сондай-ақ қосымша көмек пен күтiм түрлерiне мұқтаждығын айқындау тәртiбiн уәкiлеттi орган бекiтедi.».
83. «Әскери полиция органдары туралы» 2005 жылғы 21 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2005 ж., № 5, 4-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; № 10, 69-құжат; 2008 ж., № 6-7, 27-құжат; 2009 ж., № 15-16, 73-құжат; 2012 ж., № 4, 32-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 7, 37-құжат; № 8, 44-құжат; № 14, 84-құжат; 2014 жылғы 10 шілдеде «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы):
12-баптың 1-тармағының бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Әскери полиция органдары қызметкерлерiнiң дене күшiн және арнайы құралдарды, оның iшiнде күрестiң жауынгерлiк тәсілдерін, кiсендердi, резеңке таяқтарды, үй-жайларды ашатын, көлiктi мәжбүрлеп тоқтататын құралдарды, қызметтiк иттердi, сондай-ақ тiзбесiн Қарулы Күштер саласындағы орталық мемлекеттік органдардың, ұлттық қауіпсіздік және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ішкі әскерлері органдарының бірінші басшылары айқындайтын арнайы көлiк құралдарын қолдануға мына жағдайларда:».
84. «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» 2005 жылғы 13 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2005 ж., № 7-8, 18-құжат; 2006 ж., № 15, 92-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 20, 152-құжат; № 24, 178-құжат; 2009 ж., № 18, 84-құжат; № 24, 122-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 11, 102-құжат; 2012 ж., № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 9, 51-құжат; № 14, 75-құжат; № 21-22, 115-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат):
1) 6-баптың 3) және 4-1) тармақшалары алып тасталсын;
2) 7-баптың 1-тармағында:
6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«6) мүгедектiктi куәландыру, оның себептерiн, тобын және еңбек қабiлетiнен айырылу дәрежесiн белгiлеу, мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламаларын айқындау қағидаларын әзiрлейдi;»;
мынадай мазмұндағы 9-1) тармақшамен толықтырылсын:
«9-1) жеке оңалту бағдарламасына сәйкес мынадай әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді:
жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектер үшін - жеке көмекші беру;
есту кемістігі бар мүгедектерге ымдау тілі маманын - жылына отыз сағат беру тәртібін бекітеді;»;
3) 13-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Медициналық-әлеуметтiк сараптама халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган белгiлеген тәртiппен куәландырылатын адамның клиникалық-функционалдық, әлеуметтiк, кәсiби және психологиялық деректерiн талдау негiзiнде организмнiң жай-күйiн кешендi бағалауға сүйенiп жүзеге асырылады.»;
4) 20-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Санаторий-курорттық емдеу мүгедектер мен мүгедек балаларға жеке оңалту бағдарламаларына сәйкес, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртiппен ұсынылады.»;
5) 22-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Жеке оңалту бағдарламасына сәйкес мүгедектер Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тізбе бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіпке сәйкес протездiк-ортопедиялық көмекпен, техникалық көмекшi (компенсаторлық) құралдармен, арнаулы жүрiп-тұру құралдарымен қамтамасыз етiледi.».
85. «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» 2005 жылғы 28 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2005 ж., № 12, 44-құжат; 2007 ж., № 24, 178-құжат; 2009 ж., № 23, 111-құжат; 2013 ж., № 1, 3-құжат; № 14, 72-құжат; 2014 ж., № 6, 28-құжат):
1) 5-бапта:
2-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Тізбесін уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын құжаттарды қоса бере отырып, жәрдемақы тағайындау туралы өтініш:
1) Орталықтың бөлімшесіне немесе халыққа қызмет көрсету орталығына - бала туғанда берілетін жәрдемақы, бала күтіміне байланысты жәрдемақы, мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы;
2) балаларға арналған жәрдемақыны тағайындау мен төлеу жөніндегі уәкiлеттi органға немесе халыққа қызмет көрсету орталығына - балаларға арналған жәрдемақы алуға құқығы бар отбасының тұрғылықты жерi бойынша беріледі.»;
4-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Мемлекеттік органдар және (немесе) ұйымдар ақпараттық жүйелерде өтініш беруші туралы сұратылып отырған мәліметтердің жоқ екенін растайтын электрондық құжаттарды ұсынған кезде, Орталықтың бөлімшесіне немесе балаларға арналған жәрдемақыны тағайындау мен төлеу жөніндегі уәкiлеттi органға не халыққа қызмет көрсету орталығына сұрау салуды жүзеге асырғандар өтініш берушіні ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен және мерзімдерде ақпараттық жүйелердегі өтініш беруші туралы мәліметтерді сәйкес келтіру үшін құжаттардың түпнұсқаларын ұсыну қажеттігі туралы хабардар етеді.»;
2) 6-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Жәрдемақы тағайындау мен төлеуді уәкілетті мемлекеттік орган белгілейтін тәртіппен тиісті уәкілетті орган жүргізеді.»;
3) 9-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Балаларға арналған жәрдемақыны алуға үміткер отбасының жиынтық табысын есептеу ауыл шаруашылығы саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті мемлекеттік орган белгілейтін тәртіппен жүргізіледі.».
86. «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» 2005 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2005 ж., № 13, 52-құжат; 2007 ж., № 5-6, 42-құжат; № 18, 145-құжат; 2008 ж., № 23, 124-құжат; 2009 ж., № 17, 82-құжат; № 24, 129-құжат; 2010 ж., № 1-2, 5-құжат; № 5, 23-құжат; № 15, 71-құжат; 2011 ж., № 1, 2, 7-құжаттар; № 2, 26-құжат; № 11, 102-құжат; 2012 ж., № 2, 16-құжат; № 14, 94-құжат; № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 9, 51-құжат; № 14, 72, 75-құжаттар; 2014 ж., № 2, 10-құжат):