4. Жәбiрленушiден iс бойынша дәлелденуге жататын кез келген мән-жайлар туралы, сондай-ақ оның күдіктімен, басқа жәбiрленушiлермен, куәлармен өзара қарым-қатынасы туралы жауап алынуы мүмкiн. Егер жәбiрленушi өзiнің хабардар болған көзiн көрсете алмаса, ол хабарлаған мәлiметтер дәлелдеме бола алмайды.
5. Куәдан iске қатысты кез келген мән-жайлар туралы, оның iшiнде күдіктінің, жәбiрленушiнiң жеке басы мен өзiнiң олармен және басқа да куәлармен өзара қарым-қатынасы туралы жауап алынуы мүмкiн. Егер куә өзiнің хабардар болу көзiн көрсете алмаса, ол хабарлаған мәлiметтер дәлелдеме бола алмайды. Куә ретiнде жауап алынуға жатпайтын адамдардың хабарлары дәлелдеме болып табылмайды.
6. Күдіктінің жеке басын сипаттайтын деректер туралы айғақтар айыптау негiзiне жатқызыла алмайды және олар жаза тағайындауға немесе жазадан босатуға байланысты мәселелердi шешу үшiн ғана дәлелдемелер ретiнде пайдаланылады.
7. Жауап алу кезiнде осы Кодексте белгiленген тәртiппен қылмыстық iс үшiн маңызы бар мән-жайларды дұрыс қабылдауға немесе қайталап айтуға қабiлетсiз деп танылған адамның айғақтары дәлелдеме болып табылмайды.
2016.28.12. № 36-VI ҚР Заңымен 8-бөлік жаңа редакцияда (ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8. Құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органдарға құпия негізде жәрдем көрсететін адам тікелей қабылдаған нақты деректер аталған адамның келісімімен одан куә, жәбірленуші, күдікті, айыпталушы ретінде жауап алынғаннан кейін дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін.
Қылмыстық топқа ендірілген адамдар тікелей қабылдаған нақты деректер осы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін не жасырын тергеу іс-қимылдарын жүзеге асыратын органның лауазымды адамынан куә ретінде жауап алынғаннан кейін дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін.
116-бап. Сарапшының қорытындысы және айғақтары
1. Сарапшының қорытындысы - осы Кодекстің талаптарына сәйкес ресімделген, сот-сараптамалық зерттеудің барысы мен нәтижелері көрсетілетін құжат.
2. Сарапшының ауызша түсiндірмелерi ол бұрын берген қорытындыны түсiндiру бөлiгiнде ғана дәлелдемелер болып табылады.
3. Сарапшының қорытындысы қылмыстық процестi жүргізетін орган үшiн мiндеттi болып табылмайды, алайда оның қорытындымен келiспеуi уәждi болуға тиiс.
4. Сарапшының айғақтары - қорытындыны алғаннан кейін оның берген қорытындысын түсіндіру немесе нақтылау мақсатында жүргізілген жауап алуда ол хабарлаған мәліметтер.
117-бап. Маманның қорытындысы және айғақтары
1. Маманның қорытындысы - осы баптың үшінші бөлігінің талаптарына сәйкес ресімделген және маманның алдына қылмыстық процесті жүргізетін адам немесе тараптар қойған мәселелер бойынша зерттеулердің мазмұны мен түйіндерін көрсететін, жазбаша түрде ұсынылған ресми құжат.
Зерттеуді тағайындау, қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы хабар дайындау тәртібі, зерттеуді тағайындау және жүргізу кезіндегі күдіктінің, айыпталушының, жәбірленушінің және оның өкілінің, куәның, қорғаушының құқықтары мен міндеттері, өздеріне қатысты зерттеу жүргізілетін тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің кепілдіктері, процеске қатысушылардың зерттеу жүргізу кезінде қатысу құқығы, зерттеу объектілеріне қойылатын құқықтық талаптар, күдіктіге, жәбірленушіге маманның қорытындысын ұсынудың тәртібі мен құқықтық салдарлары, зерттеу үшін үлгілер алудың негіздері мен тәртібі маманның зерттеу жүргізу ерекшеліктері ескеріле отырып, осы Кодекстің 34 және 35-тарауларында белгіленеді.
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қажетті зерттеулерді жүргізгеннен кейін маман өз атынан жазбаша қорытынды жасайды және оны өзінің қойған қолымен куәландырады. Қазақстан Республикасының құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органының уәкілетті бөлімшесінің қызметкері жасаған, маманның жазбаша қорытындысы көрсетілген бөлімшенің мөрімен расталады. Маманның қорытындысы электрондық құжат түрінде ресімделуі мүмкін.
3. Маманның қорытындысында: оның ресімделген күні, зерттеу жүргізілген мерзімдер мен орын; тергеу әрекеті хаттамасының деректемелері, оған маманның қорытындысы, зерттеуді жүргізген маман туралы мәліметтер (тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), білімі, мамандығы, мамандығы бойынша жұмыс өтілі, ғылыми дәрежесі және ғылыми атағы, атқаратын лауазымы) қоса беріледі; маманның өзіне көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауаптылық туралы ескертілгені туралы оның қойған қолымен куәландырылған белгі; маманның алдына қойылған мәселелер; зерттеу объектілері, олардың жай-күйі, қапталуы, мөрмен бекемделуі; қолданылған әдістер көрсетіле отырып, зерттеулердің мазмұны мен нәтижелері; жүргізілген зерттеулердің нәтижелерін бағалау, маманның алдына қойылған мәселелер бойынша түйіндерінің негіздемесі мен тұжырымдалуы көрсетілуге тиіс.
4. Маманның қорытындысын көрнекілейтін, осы баптың екінші бөлігінде көзделген тәртіппен куәландырылған материалдар (фотокестелер, схемалар, графиктер, кестелер және басқа да материалдар) қорытындыға қоса беріледі және оның құрамдас бөлігі болып табылады. Қорытындыға зерттеуден кейін қалған объектілер, оның ішінде үлгілер де қоса берілуге тиіс.
5. Маманның ауызша түсіндірмелері оның бұрын берген қорытындысын түсіндіру бөлігінде ғана дәлелдемелер болып табылады.
6. Маманның айғақтары - қорытындыны алғаннан кейін, оның берген қорытындысын түсіндіру немесе нақтылау мақсатында жүргізілген жауап алуда ол хабарлаған мәліметтер.
7. Маманның қорытындысы қылмыстық процестi жүргізетін орган үшiн мiндеттi болып табылмайды, алайда оның қорытындымен келiспеуi уәждi болуға тиiс.
118-бап. Заттай дәлелдемелер
2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-бөлік жаңа редакцияда
1. Мыналар заттай дәлелдемелер деп танылады:
1) егер қылмыстық құқық бұзушылық жасаудың қаруы немесе өзге де құралы болды деп пайымдауға негіз болса, нәрселер;
2) қылмыстық құқық бұзушылықтың іздері сақталып қалған немесе сақталуы мүмкін нәрселер;
3) қоғамға қауіпті қолсұғушылық объектілері болған нәрселер;
4) қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған ақша, құндылық пен өзге де мүлік;
5) қылмыстық құқық бұзушылықты табу, істің нақты мән-жайларын анықтап алу, кінәлі адамды анықтау не оның кінәлі екенін теріске шығару немесе жауаптылықты жеңілдету құралдары болуы мүмкін ақша, құндылық, өзге де мүлік, нәрселер, құжаттар.
2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Осы Кодекстің 221-бабының төртінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, заттай дәлелдемелер қылмыстық процесті жүргізетін органның қаулысымен не осы Кодекстің 527-бабының талаптарына сәйкес жасалған хаттамамен іске қоса тігіледі және үкім немесе істі тоқтату туралы қаулы заңды күшіне енгенге дейін сонда болады. Заттай дәлелдемелерді қарап-тексеру және оларды сақтау тәртібі осы Кодекстің 221-бабында айқындалады.
3. Қылмыстық істі тоқтату туралы шешім шығару немесе үкiм шығару кезінде заттай дәлелдемелер туралы мәселе шешiлуге тиiс. Бұл ретте:
2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамға тиесілі, қылмыстық құқық бұзушылық жасау қарулары және (немесе) құралдары Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 48-бабы негізінде тәркіленуге жатады;
2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды
1-1) мүлкінің құқыққа қарсы мақсаттарда пайдаланылуы туралы білмеген не білмеуге тиіс болған адамға заңды негіздерде тиесілі, қылмыстық құқық бұзушылық жасау қарулары және (немесе) құралдары осы адамға қайтарылуға жатады;
2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен 1-2) тармақшамен толықтырылды
1-2) өзге жағдайларда қылмыстық құқық бұзушылық жасау қарулары және (немесе) құралдары тиісті мекемелерге белгілі бір адамдарға беріледі немесе жойылады;
2) ұстауға тыйым салынған немесе ұстауға шектеу қойылған заттар тиiстi мекемелерге берілуге жатады немесе жойылады;
3) құндылығы жоқ және пайдалануға келмейтiн заттар жойылуға жатады, ал мүдделi тұлғалардың немесе мекемелердің өтінішхаты болған жағдайда, оларға берiлуi мүмкiн;
2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) қылмыстық жолмен жиналған ақша және өзге де құндылықтар заңды иесіне қайтарылуға жататын мүлікті және одан түсетін кірістерді қоспағанда, қылмыстық жолмен табылған не қылмыстық жолмен табылған қаражатқа алынған ақша және өзге де мүлік, сондай-ақ заңсыз кәсiпкерлiктің және контрабанданың нәрселері соттың шешiмi бойынша мемлекеттiң кiрiсiне айналдырылуға жатады; қалған заттар заңды иелерiне берiледi, ал иелері анықталмаған кезде мемлекеттiң меншiгiне өтеді. Бұл заттардың тиесiлiгi туралы дау туындаған жағдайда, дау азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен шешілуге жатады;
5) заттай дәлелдемелер болып табылатын құжаттар дәлелдемелерді сақтаудың бүкіл мерзiмi iшiнде іспен бiрге қалады не осы Кодекстiң 120-бабының төртінші бөлігінде көзделген тәртiппен мүдделi жеке немесе заңды тұлғаларға берiледi.
4. Соттың, прокуратура, қылмыстық қудалау және сот сараптамасы органдарының қылмыстық істер бойынша заттай дәлелдемелерді, құжаттарды алып қою, есепке алу, сақтау, беру және жою тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
119-бап. Процестік әрекеттердiң хаттамалары
2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Қылмыстық процесті жүргізетін адам тікелей қабылдаған мән-жайларды куәландыратын, осы Кодекстің қағидаларына сәйкес жасалған тергеу әрекеттерінің хаттамаларында, осы Кодекстің 527-бабында көзделген талаптарға сәйкес жасалған хаттамада қамтылған, сондай-ақ қарап-тексеру, куәландыру, алу, тінту, ұстап алу, мүлікке тыйым салуды қолдану, тануға ұсыну, үлгілерді алу, мәйітті эксгумациялау, айғақтарды сол жерде тексеру, құжаттарды ұсыну, тергеу эксперименті, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерін зерттеу, тергеу әрекеті барысында маман жүргізген заттай дәлелдемелерді зерттеу кезінде анықталған, сондай-ақ сот отырысының сот әрекеттерінің барысы мен олардың нәтижелері көрсетілетін хаттамасында қамтылған нақты деректер қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер болып табылады.
2. Қылмыстық құқық бұзушылық туралы ауызша арызды қабылдау кезінде жасалған хаттамаларда, ұсынылған нәрселер мен құжаттарда, айыбын мойындап келуiнде, тұлғаларға тиесілі олардың құқықтары мен оларға жүктелген мiндеттердi түсiндiруде қамтылған нақты деректер дәлелдемелер ретiнде пайдаланылуы мүмкiн.
120-бап. Құжаттар
1. Егер жеке, заңды тұлғалар және лауазымды адамдар құжаттарда баяндаған немесе куәландырған мәлiметтердiң қылмыстық iс үшiн маңызы бар болса, құжаттар дәлелдемелер деп танылады.
2016.28.12. № 36-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. «Жедел-iздестiру қызметi туралы», «Қарсы барлау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы заңдарының талаптары сақтала отырып алынған, құқыққа қайшы әрекеттер туралы нақты деректер тіркелген материалдар құжаттар болып табылады және қылмыстық процесте дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін.
3. Құжаттар жазбаша да, өзге нысанда да тіркелген мәлiметтердi қамтуы мүмкiн. Құжаттарға, сонымен бiрге, осы Кодекстiң 122-бабында көзделген тәртiппен алынған, талап етiп алдырылған немесе ұсынылған түсiнiктемелер, түгендеулердің, ревизиялардың актiлерi, анықтамалар, салықтық тексерулер актілері, салық қызметі органдарының қорытындылары, сондай-ақ компьютерлiк ақпаратты қамтитын материалдар, фото- және кинотүсірілімдер, дыбыс- және бейнежазбалар да жатады.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Құжаттар iске қосып тігіледі және оны сақтаудың бүкiл мерзiмi ішінде сонда сақталады. Алып қойылған және iске қосып тігілген құжаттар ағымдағы есепке алу, есептілік үшiн және заңды иесiнің өтінішхаты бойынша өзге де құқыққа сыйымды мақсаттарда талап етiлген жағдайда, олар оған қайтарылуы немесе уақытша пайдалануға, оның ішінде электрондық жеткізгіштерден берілуі, егер бұл iс үшiн залалсыз болатын болса, не олардың көшiрмелерi, қажет болған кезде нотариус куәландырған көшірмелері берiп жіберілуі мүмкiн.
Берілетін құжаттардың көшірмесін жасауға, нотариустың олардың көшірмелерінің дұрыстығын куәландыруға байланысты шығыстар өтінішхат бастамашысының есебінен жүзеге асырылады.
Қылмыстық іс үшін маңызы жоқ құжаттар заңды иесіне қайтарылады.
5. Құжаттардың осы Кодекстiң 118-бабында көрсетiлген белгiлерi болған жағдайларда, олар заттай дәлелдемелер деп танылады.
16-тарау. ДӘЛЕЛДЕУ
121-бап. Дәлелдеу
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Дәлелдеу iстi заңды, негiзді және әдiл шешу үшiн маңызы бар мән-жайларды анықтау мақсатында дәлелдемелерді жинаудан, зерттеуден, бағалаудан және пайдаланудан тұрады. Дәлелдеу осы Кодекстің 23-тарауында көзделген тәртіппен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша ғана жүргізіледі.
2. Күдіктінің, айыпталушының қылмыстық жауаптылық негiздерiнің және кiнәсiнiң бар екенін дәлелдеу мiндетi айыптаушыда болады.
122-бап. Дәлелдемелерді жинау
1. Дәлелдемелерді жинау сотқа дейінгі тергеп-тексеру және сот талқылауы процесінде осы Кодексте көзделген процестік әрекеттерді жүргізу арқылы жүргізіледі. Дәлелдемелерді жинау оларды табуды, бекітуді және алып қоюды қамтиды.
2016.28.12. № 36-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Қылмыстық процесті жүргізетін орган процеске қатысушылардың өтінішхаттары немесе өз бастамасы бойынша өзінің іс жүргізуіндегі қылмыстық іс бойынша жауап алу немесе сарапшы немесе маман ретінде қорытынды беру үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен кез келген адамды шақыруға; осы Кодексте көзделген процестік іс-әрекеттерді жүргізуге; коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді берудің және жария етудің Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртібін сақтай отырып, жеке, заңды тұлғалардан және лауазымды адамдардан, сондай-ақ жедел-іздестіру немесе қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдардан іс үшін маңызы бар құжаттар мен нәрселерді беруді талап етуге; уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардан ревизиялар мен тексерулер жүргізуді талап етуге құқылы. Қылмыстық қудалау органы кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне ревизиялар мен тексерулер жүргізудің талап етілетіні туралы бір тәулік ішінде прокурорды хабардар етеді. Сот өз бастамасымен дәлелдемелер жинауға құқылы емес.
3. Осы Кодексте белгіленген тәртіппен сотқа дейінгі тергеп-тексеру ге немесе сот талқылауына қатысуға жіберілген қорғаушы, жәбірленушінің өкілі Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етпеу туралы тәртіпті сақтай отырып, жәбірленушіні қорғауды, оның мүдделерін білдіруді жүзеге асыру үшін қажетті мәліметтерді:
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) заңды тұлғалардан, оның ішінде мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктерден анықтамаларды, мінездемелерді, өзге де құжаттарды талап етіп алуға құқылы. Көрсетілген тұлғалар қорғаушыға, жәбірленушінің өкіліне олар сұратқан құжаттарды немесе олардың расталған көшірмелерін он тәулік ішінде беруге міндетті.
Күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы мәселені қарау кезінде талап етіп алдырылатын анықтамалар, мінездемелер және өзге де құжаттар қорғаушыға жиырма төрт сағат ішінде ұсынылады;
2) осы Кодекстің 272-бабының бесінші, тоғызыншы және оныншы бөліктеріне сәйкес шарттық негізде сот сараптамасын жүргізуге бастамашылық жасау;
2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) сот сараптамасы органына не осы Кодекстің 273-бабы бірінші бөлігінің 2) және 3) тармақтарында аталғандардың арасындағы адамға шарттық негізде сот сараптамасын жүргізу туралы сұрау салу жіберу;
2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) шарттық негізде маман тарту арқылы, оның ішінде ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып алуға құқылы.
Маманды шарттық негізде тартқан кезде қорғаушы, жәбірленушінің өкілі оның осы Кодекстің 80-бабында көзделген құқықтары мен міндеттерін және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 420 және 423-баптары бойынша қылмыстық жауаптылықты қолхат ресімдей отырып түсіндіреді.
Көрсетілген қолхат бір тәулік ішінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға іс материалдарына қоса тіркеу үшін жіберіледі;
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) қылмыстық іске қатысты ақпаратты білуі ықтимал адамдардың келісуімен, оларға сұрау салу арқылы, оның ішінде ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып алуға құқылы.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
4. Дәлелдемелер ретінде қылмыстық іске қосып тігу үшін ауызша да, жазбаша да, не электрондық құжат нысанындағы мәліметтерді, сондай-ақ нәрселер мен құжаттарды күдікті, айыпталушы, қорғаушы, жекеше айыптаушы, жәбірленуші, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкілдері, сондай-ақ кез келген азаматтар мен ұйымдар беруге құқылы.
5. Осы баптың үшінші бөлігі 1) тармағының талаптарын орындамау заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
123-бап. Дәлелдемелерді бекiту
1. Нақты деректер процестік әрекеттердiң хаттамаларында тіркелгеннен кейiн ғана дәлелдемелер ретiнде пайдаланылуы мүмкін.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында хаттамаларды жүргiзу жауаптылығы анықтаушыға, тергеушiге және прокурорға, ал сотта - сот отырысына төрағалық етушi мен хатшыға жүктеледi.
3. Тергеу және сот әрекеттерiне қатысушыларға, сондай-ақ сот талқылауында тараптарға осы әрекеттердiң барысы мен нәтижелерi тіркелген хаттамалармен танысу, хаттамаларға толықтырулар мен түзетулер енгiзу, осы әрекеттi жүргiзудiң тәртiбi мен шарттары жөнiнде ескертулер мен қарсылықтар айту, хаттамадағы жазбаларға өз редакциясын ұсыну, анықтаушының, тергеушiнiң, прокурордың немесе соттың назарын iс үшiн маңызы болуы мүмкiн мән-жайларға аудару құқығы қамтамасыз етiлуге тиiс. Хаттамада тергеу және сот әрекеттерiне қатысушыларға олардың құқықтары түсiндiрiлгенi туралы белгi жасалады.
4. Ауызша айтылған толықтырулар, түзетулер, ескертулер, қарсылықтар, өтінішхаттар мен шағымдар хаттамаға енгiзiледi, ал жазбаша нысанда баяндалғандары хаттамаға қоса беріледі. Сызып тасталған немесе кіріктіріліп жазылған сөздер немесе басқа да түзетулер туралы хаттама соңында қойылған қолдар алдында ескертпе жасалады.
5. Тергеу әрекетiнiң хаттамасымен танысқан адамдар хаттаманың әрбір бетiне мәтiннiң соңғы жолының астына және хаттаманың соңына өзiнің қолын қояды. Сот отырысы хаттамасының бір бөлiгiмен танысу кезінде әрбір беттiң соңына не осы бөлiктiң соңына қолын қоюға құқылы.
6. Анықтаушы, тергеушi, прокурор немесе сот ескертулермен немесе қарсылықтармен келiспеген жағдайда, бұл туралы қаулы шығарады.
7. Заңда көзделген жағдайларда процеске қатысушылардың немесе басқа да адамдардың қайсыбіреуі тергеу әрекетiнiң хаттамасына қол қоюдан бас тартқан кезде анықтаушы, тергеушi немесе прокурор хаттамаға бұл туралы белгi жасайды, оны өзiнiң қолымен куәландырады.
8. Заңда көзделген жағдайларда сот отырысының хаттамасында жазылған сот әрекетi туралы жазбаларға қол қоюдан бас тартылған кезде осы хаттамада белгi жасалып, оны сот отырысына төрағалық етушi мен хатшы өз қолдарымен куәландырады.
9. Хаттамаға қол қоюдан бас тартқан адам бас тартуының себебiн түсiндiруге құқылы және бұл түсiніктеме хаттамаға енгiзiлуге тиiс.
10. Егер процестік әрекетке қатысушы өзiнiң дене кемiстігі салдарынан хаттаманы өзi оқи алмаса немесе оған қол қоя алмаса, онда оның келiсiмiмен оның қорғаушысы, өкiлi немесе оның өзі сенім білдіретін басқа жеке тұлға хаттаманы дауыстап оқиды және оған қол қояды, хаттамада бұл туралы белгi жасалады.
11. Дәлелдемелердi бекiту үшiн хаттамалар жасаумен қатар дыбыс-, бейнежазба, кино-, фототүсiру, бедерлер, баспа-таңбалар, жоспарлар, схемалар дайындау және ақпаратты түсіріп алудың басқа да тәсілдері қолданылуы мүмкiн. Тергеу әрекетiне немесе сот талқылауына қатысушының дәлелдемелердi бекiтудiң көрсетiлген тәсілдерін қолданғаны туралы пайдаланылған ғылыми-техникалық құралдардың техникалық сипаттамалары келтiрiле отырып, тиiсiнше тергеу әрекетiнің хаттамасында немесе сот отырысының хаттамасында белгi жасалады.
12. Фонограммалар, бейнежазбалар, кинофильмдер, фотосуреттер, бедерлер, баспа-таңбалар, жоспарлар, схемалар, тергеу немесе сот әрекетiнiң барысы мен нәтижелерiн басқа да бейнелеулер хаттамаға қоса беріледi. Әрбiр қосымшада оған қатысты тергеу немесе сот әрекетiнiң атауы, орны, күнi көрсетiлген түсiндiрме жазба болуға тиiс. Бұл жазбаны iс бойынша сотқа дейiнгi тергеп-тексеру барысында - прокурор, анықтаушы немесе тергеушi және қажет болған жағдайларда, куәгерлер, ал сотта сот отырысының төрағалық етушiсі мен хатшысы өз қолдарымен куәландырады.
124-бап. Дәлелдемелердi зерттеу
Iс бойынша жиналған дәлелдемелер жан-жақты және объективтi түрде зерттелуге жатады. Зерттеу алынған дәлелдемені талдауды, оны басқа дәлелдемелермен салыстыруды, оларды тексеру үшін қосымша дәлелдемелер жинауды, дәлелдемелер алу көздерiн тексерудi қамтиды.
125-бап. Дәлелдемелердi бағалау
1. Әрбiр дәлелдеме - оның қатыстылығы, жол берілетіндігі, анықтығы, ал барлық жиналған дәлелдемелер өз жиынтығында қылмыстық iстi шешу үшiн жеткiлiктiлiгi тұрғысынан бағалануға тиiс.
2. Судья, прокурор, тергеушi, анықтаушы дәлелдемелерді осы Кодекстiң 25-бабына сәйкес заң мен ар-ожданды басшылыққа ала отырып, дәлелдемелердi жиынтығымен жан-жақты, толық және объективтi қарауға негiзделген өздерiнiң iшкi сенімі бойынша бағалайды.
3. Егер дәлелдеме осы iс үшiн маңызы бар мән-жайлардың бар екендiгi туралы түйіндерді растайтын, теріске шығаратын немесе күмән туғызатын нақты деректердi бiлдiретiн болса, ол iске қатысты дәлелдеме деп танылады.
4. Егер дәлелдеме осы Кодексте белгiленген тәртiппен алынған болса, ол жол берілетін дәлелдеме деп танылады.
5. Егер тексеру нәтижесiнде дәлелдеменің шындыққа сәйкес келетiндiгi анықталса, ол анық дәлелдеме деп танылады.
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 6-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Егер дәлелденуге жататын мән-жайлардың барлығы және әрқайсысы туралы ақиқатты ешқандай күдіксіз және даусыз белгiлейтiн, iске қатысты жол берілетін және анық дәлелдемелер жиналса, дәлелдемелердiң жиынтығы қылмыстық iстi шешу үшiн жеткiлiктi деп танылады.
126-бап. Дәлелдеу процесiндегi ғылыми-техникалық құралдар
2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қылмыстық процесті жүргізетін орган, қорғаушы, жәбірленушінің өкілі болып табылатын адвокат, сондай-ақ сарапшы және маман қылмыстық іс бойынша дәлелдеу процесінде ғылыми-техникалық құралдарды осы Кодексте көзделген процестік міндеттерін өздері орындауы кезінде пайдалана алады.
2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қылмыстық процестi жүргізетін орган, қорғаушы, жәбірленушінің өкілі болып табылатын адвокат ғылыми-техникалық құралдарды пайдаланған кезде жәрдем көрсету үшiн маманды тартуы мүмкiн.
3. Егер ғылыми-техникалық құралдар:
1) заңда тiкелей көзделсе немесе оның нормалары мен қағидаттарына қайшы келмесе;
2) ғылыми тұрғыдан дәрменді болса;
3) қылмыстық iс бойынша iс жүргiзудiң тиiмдiлiгiн қамтамасыз ететiн болса;
4) қауiпсiз болса, олар қолдануға жарамды деп танылады.
2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Қылмыстық процестi жүргізетін органның ғылыми-техникалық құралдарды пайдалануы ғылыми-техникалық құралдардың деректерi, оларды қолданудың шарттары мен тәртiбi, бұл құралдар қолданылған объектiлер және оларды пайдаланудың нәтижелерi көрсетiле отырып, тиiстi процестік әрекеттердiң хаттамаларында және сот отырысының хаттамасында, ал қорғаушы, жәбірленушінің өкілі болып табылатын адвокаттың оларды пайдалануы сұрау салу актісінде көрсетiледi.