15-бап. Азаматтың есiмi
1. Азамат тегі мен есімін, сондай-ақ қалауы бойынша - әкесінің атын қоса отырып, өз атымен құқықтар мен міндеттер алады және оларды жүзеге асырады.
2. Заңдар бойынша азаматтардың жасырын түрде құқықтар иеленiп, мiндеттердi жүзеге асыратын жағдайлары немесе бүркеншiк ат (ойдан шығарылған есiмдi) пайдаланатын реттерi көзделуi мүмкiн.
3. Азаматтың туған кезде берiлген есiмi, сондай-ақ есiмiн өзгерту азаматтық хал актілерін тiркеу туралы заңдарда белгiленген тәртiп бойынша тiркелуге тиiс.
4. Азамат өз есiмiн заң құжаттарында белгiленген тәртiп бойынша өзгертуге құқылы. Есiмiн өзгерту оның бұрынғы есiмiн, жасырып немесе бүркеншiк атпен алған құқықтары мен мiндеттерiн тоқтатуға немесе өзгертуге негiз болмайды.
5. Азамат өзiнiң борышқорлары мен несие берушiлерiне өз есiмiн өзгерткенi туралы хабарлау үшiн қажеттi шаралар қолдануға мiндеттi және бұл адамдарда оның есiмi өзгертiлгендiгi туралы мәлiметтер болмауынан туған ықтимал зардаптарға тәуекел етедi.
6. Есiмiн өзгерткен азамат өзiнiң бұрынғы есiмiне ресiмделген құжаттарға тиiстi өзгерістер енгiзiлуiн талап етуге құқылы.
7. Басқа бiр адамның есiмiмен құқықтар мен мiндеттер иеленуге жол берiлмейдi.
8. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайлардан басқа, азамат өз есiмi оның келiсiмiнсiз пайдаланылған жағдайда, оған тыйым салынуын талап етуге құқылы.
9. Азаматтың есiмiн заңсыз пайдалану нәтижесiнде оған келтiрiлген зиян осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес өтелуге тиiс.
Азаматтың есiмi оның абыройына, қадiр-қасиетiне және iскерлiк беделiне нұқсан келтiретiн әдiстермен немесе сондай нысанда бұрмаланған не пайдаланылған жағдайда осы Кодекстiң 143-бабында көзделген ережелер қолданылады.
2007.12.01. № 224-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2013.21.05. № 95-V ҚР Заңымен (ресми жарияланғанынан кейiн алты ай өткен соң қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара) 16-бап өзгертілді
16-бап. Азаматтың тұрғылықты жері және заңды мекенжайы
1. Азамат тұрақты немесе көбiнесе тұратын елдi мекен оның тұрғылықты жерi деп танылады.
2. Он төрт жасқа толмаған адамдардың (жас балалардың) немесе қорғаншылықтағы азаматтардың тұрғылықты жерi олардың заңды өкілдерінің тұрғылықты жерi болып танылады.
3. Азаматтың жеке және заңды тұлғалармен, сондай-ақ мемлекетпен қарым-қатынастарында пайдаланатын заңды мекенжайы болады.
Азаматтың тіркелген жері оның заңды мекенжайы болып танылады.
Азаматтарды тіркеу тәртібін Қазақстан Республикасының Yкіметі айқындайды.
4. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайлардан басқа, азаматтың тұрғылықты жерi және заңды мекенжайы туралы ақпарат оның келiсiмiнсiз пайдаланылған жағдайда, оған тыйым салынуын талап етуге құқылы.
17-бап. Азаматтардың әрекет қабiлеттiлiгi
1. Азаматтың өз әрекеттерiмен азаматтық құқықтарға ие болуға және оны жүзеге асыруға, өзi үшiн азаматтық мiндеттер жасап, оларды орындауға қабiлеттiлiгi (азаматтық әрекет қабiлеттiлiгi) кәмелетке толғанда, яғни он сегiз жасқа толғаннан кейiн толық көлемiнде пайда болады.
2. Заң құжаттарында он сегiз жасқа жеткенге дейiн некелесуге рұқсат етiлетiн жағдайда, он сегiз жасқа толмаған азамат некеге тұрған кезден бастап толық көлемiнде әрекет қабiлеттiлiгiне ие болады.
3. Егер заң құжаттарында өзгеше белгiленбесе, барлық азаматтардың әрекет қабiлеттiлiгi тең болады.
18-бап. Құқық қабiлеттiлiгi мен әрекет қабiлеттiлiгiнен айыруға және оларды шектеуге жол бермеу
1. Заң құжаттарында көзделген реттер мен тәртiп бойынша болмаса, ешкiмнiң де құқық қабiлеттiлiгi мен әрекет қабiлеттiлiгiн шектеуге болмайды.
2. Азаматтардың құқық қабiлеттiлiгi мен әрекет қабiлеттiлiгiн шектеудiң заң құжаттарында белгiленген шарттары мен тәртібінiң немесе олардың кәсiпкерлiк не өзге де қызметпен айналысу құқығының сақталмауы тиiстi шектеудi белгiлеген мемлекеттік немесе өзге де органның құжатын жарамсыз деп тануға әкелiп соқтырады.
3. Азаматтың құқық қабiлеттiлiгiнен немесе әрекет қабiлеттiлiгiнен толық немесе iшiнара бас тартуы және құқық қабiлеттiлiгiн немесе әрекет қабiлеттiлiгiн шектеуге бағытталған басқа да мәмiлелер жарамсыз болады, бұған мұндай мәмiлелерге заң құжаттарында рұқсат берiлген реттер қосылмайды.
ҚР 02.07.97 ж. № 144-I; 24.12.01 ж. № 276-II ; 2008.10.12. № 101-IV (бұр.ред.қара) Заңдарымен; 2010.30.06. № 297-IV ҚР Заңымен (2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2012.26.12. № 61-V ҚР Заңымен (2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 19-бапқа өзгерістер енгiзiлдi
19-бап. Азаматтардың кәсiпкерлiк қызметi
1. Азаматтар, осы Кодексте және өзге заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда заңды тұлға құрмай-ақ кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға құқылы.
2. Дара кәсiпкерлердi мемлекеттiк тiркеу дара кәсiпкер ретiнде есепке қоюды білдіреді.
3. Азаматтардың заңды тұлға құрмай-ақ жүзеге асырылатын кәсiпкерлiк қызметiне, егер заңдардан немесе құқықтық қатынастар мәнiнен өзгеше нәрсе туындамайтын болса, тиiсiнше осы Кодекстiң коммерциялық ұйымдар болып табылатын заңды тұлғалардың қызметiн реттейтiн ережелерi қолданылады.
4. Мынадай шарттардың бiрiне сәйкес келетiн:
1) жалданбалы қызметкерлердiң еңбегiн тұрақты негiзде пайдаланатын;
2) кәсiпкерлiк қызметтен салық заңдарына сәйкес есептелген, осы баптың 4-1-тармағында көрсетілген адамдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заң актілерінде жеке тұлғалар үшiн белгiленген жиынтық жылдық табыстың салық салынбайтын мөлшерiнен артық жиынтық жылдық табыс табатын жеке кәсiпкерлер мiндеттi мемлекеттік тiркеуге жатады.
Мемлекеттік тiркеусiз аталған жеке кәсiпкерлердiң қызметiне тыйым салынады.
2008.10.12. № 101-ІV ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды
4-1. Қызметкерлердің еңбегін тұрақты негізде пайдаланбайтын жеке тұлға Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мынадай табыстарды алу кезінде дара кәсіпкер ретінде тіркелмеуге құқылы:
1) төлем көзінен салық салынатын табыс;
2) мүліктік табыс;
3) өзге де табыстар.
5. Егер жеке кәсiпкер лицензиялануға тиiс қызметтi жүзеге асырса, оның осындай қызметтi жүзеге асыру құқығына лицензиясы болуы мiндеттi.
Лицензия лицензиялау туралы заңдарда белгiленген тәртiппен берiледi. Қазақстан Республикасының Үкіметі жеке кәсiпкерлерге лицензия берудiң оңайлатылған тәртібін белгiлеуге хақылы.
20-бап. Азаматтың мүлiктiк жауапкершiлiгi
1. Азамат өз мiндеттемелерi бойынша өзiне тиесiлi бүкiл мүлiкпен жауап бередi, бұған заң құжаттарына сәйкес ақы өндiрiп алуға болмайтын мүлiктер кiрмейдi.
2. Азаматтардың ақы өндiрiп алуға болмайтын мүлкiнiң тiзбесi Қазақстан Республикасының Азаматтық iс жүргiзу кодексiмен белгiленедi.
ҚР 02.07.97 ж. № 144-I Заңына сәйкес 21-бап жаңа редакцияда; 02.03.98 ж. № 211-I; 2006.31.01. № 125-III (бұр.ред.қара); 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен; 2013.21.06. № 106-V ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 21-бап өзгертілді; 2014.07.03. № 177-V ҚР Заңымен 21-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
21-бап. Дара кәсіпкердің банкроттығы
1. Дара кәсiпкердiң дәрменсiздiгi (осы Кодекстiң 52-бабы) оны банкрот деп тануға негiз болып табылады.
2. Дара кәсіпкердің банкроттығы Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасында белгіленген қағидалар бойынша ерiктi немесе мәжбүрлi түрде танылады. Дара кәсiпкер банкрот деп танылған кезден бастап оны дара кәсiпкер ретiнде тiркеудiң күшi жойылады.
3. Дара кәсiпкерге банкроттық рәсiмдерiн қолданған кезде оның кәсiпкерлiк қызметпен байланысты емес мiндеттемелер бойынша кредиторлары, егер осындай мiндеттемелер бойынша орындау мерзiмi басталған болса, өз талаптарын қоюға да құқылы. Көрсетілген кредиторлардың осындай тәртiппен мәлiмделмеген талаптары, сондай-ақ мүліктік массадан толық көлемде қанағаттандырылмаған талаптар күшiн сақтап қалады және банкроттық рәсiмдері аяқталғаннан кейiн жеке тұлға ретiнде борышкерге өндiрiп алынуға қойылуы мүмкiн. Бұл талаптардың мөлшерi борышкердiң банкроттығы процесiнде алынған қанағаттандыру сомасына азайтылады.
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 22-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
22-бап. Он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандардың әрекет қабiлеттiлiгi
1. Он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар мәмiлелердi олардың заңды өкілдерінің келісімiмен жасайды. Мұндай келісімнiң нысаны заңдарда кәмелетке толмағандар жасайтын мәмiле үшiн белгiленген нысанға сай келуге тиiс.
2. Он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар өздерiнiң табысына, стипендиясына, өзге де кiрiстерiне және өздерi жасаған интеллектуалдық меншiк құқығы объектiлерiне өз бетiнше билiк етуге, сондай-ақ тұрмыстық ұсақ мәмiлелер жасасуға құқылы.
3. Жеткiлiктi негiздер болған жағдайда қорғаншылық және қамқоршылық органы кәмелетке толмаған адамның өз табысына, стипендиясына, өзге де кiрiстерiне және өзi жасаған интеллектуалдық меншiк құқығы объектiлерiне өз бетiнше билiк ету құқығын шектеуi немесе ол құқықтан айыруы мүмкiн.
4. Он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар осы баптың ережелерiне сәйкес өздерi жасаған мәмiлелер бойынша дербес жауапты болады және өздерiнiң әрекеттерiнен келтiрiлген зиян үшiн осы Кодекстiң ережелерi бойынша жауап бередi.
2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен 22-1-баппен толықтырылды; 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 22-1-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
22-1-бап. Кәмелетке толмаған адамды толығымен әрекетке қабілетті деп жариялау (эмансипация)
1. Жасы он алтыға жеткен кәмелетке толмаған адам, егер ол еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін болса немесе оның заңды өкілдерінің келісімімен кәсіпкерлік қызметпен айналысатын болса, толығымен әрекетке қабілетті деп жариялануы мүмкін.
2. Кәмелетке толмаған адамды толығымен әрекетке қабілетті деп жариялау (эмансипация) оның заңды өкілдерінің келісімімен қорғаншы және қамқоршы органның шешімі бойынша не ондай келісім болмаған жағдайда соттың шешімі бойынша жүргізіледі.
3. Эмансипацияланған кәмелетке толмаған адам, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес ие болу үшін жас шектеуі белгіленген құқықтар мен міндеттерді қоспағанда, азаматтық құқықтарға ие болады және міндеттерді (оның ішінде өзінің зиян келтіруі салдарынан туындаған міндеттемелер бойынша) мойнына алады.
Заңды өкілдер эмансипацияланған кәмелетке толмаған адамның міндеттемелері бойынша жауапты болмайды.
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 23-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
23-бап. Он төрт жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандардың (жас балалардың) әрекет қабiлеттiлiгi
1. Он төрт жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар (жас балалар) үшiн мәмiлелердi, егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, олардың атынан заңды өкілдері жасайды.
2. Он төрт жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар (жас балалар) өздерiнiң жасына лайықты, жасай салып орындалатын тұрмыстық ұсақ мәмiлелердi өз бетiнше жасауға құқылы.
24-бап. Қорғаншылық және қамқоршылық органдарының кәмелетке толмағандардың мәмiле жасауына және кәмелетке толмағандар үшiн мәмiле жасауға келісімi
Заң құжаттарында кәмелетке толмағандардың мәмiле жасауына және кәмелетке толмағандар үшiн мәмiле жасауға қорғаншылық және қамқоршылық органының алдын ала келісімi талап етiлетiн жағдайлар белгiленуi мүмкiн.
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 25-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
25-бап. Кәмелетке толмағандардың банкiлерге салымдар салу және салымдарға билiк ету құқығы
1. Кәмелетке толмағандар банкiлерге салымдар салуға және өздерi салған салымдарға дербес билiк етуге құқылы.
2. Он төрт жасқа толмаған кәмелетке толмағандардың (жас балалардың) атына басқа бiреудiң салған салымдарына олардың ата-анасы немесе өзге де заңды өкiлдерi билiк етедi, ал он төрт жасқа толған кәмелетке толмағандар өздерiнiң атына басқа бiреу салған салымдарға өз бетiнше билiк етедi.
26-бап. Азаматты әрекет қабiлеттiлiгi жоқ деп тану
1. Жүйке ауруы немесе ақыл-есiнiң кемдiгi салдарынан өз әрекеттерiнiң мәнiн түсiне алмайтын немесе не iстегенiн бiлмейтiн азаматты сот әрекет қабiлеттiлiгi жоқ деп тануы мүмкiн, соған байланысты оған қорғаншылық белгiленедi.
2. Әрекет қабiлеттiлiгi жоқ деп танылған азаматтың атынан мәмiлелердi оның қорғаншысы жасайды.
3. Әрекет қабiлеттiлiгi жоқ адам сауығып кеткен немесе денсаулығы едәуiр жақсарған жағдайда сот оны әрекет қабiлеттiлiгi бар деп таниды, бұдан кейiн одан қорғаншылық алынады.
27-бап. Азаматтың әрекет қабiлеттiлiгiн шектеу
1. Спирт iшiмдiктерiне немесе есiрткi заттарға салыну салдарынан өзiнiң отбасын материалдық жағынан ауыр жағдайға ұшыратқан азаматтың әрекет қабiлеттiлiгiн сот Қазақстан Республикасының Азаматтық iс жүргiзу кодексiнде белгiленген тәртiп бойынша шектеуi мүмкiн. Оған қамқоршылық белгiленедi. Ол тұрмыстық ұсақ мәмiлелердi өз бетiнше жасауға құқылы. Басқа мәмiлелер жасауды, сондай-ақ табысын, зейнетақысын және өзге де кiрiстерiн алуды және оларға билiк етудi ол тек қамқоршысының келісімiмен ғана жүзеге асыра алады.
2. Азамат спирт iшiмдiктерiне немесе есiрткi заттарға және нашақорлыққа салынуды тоқтатқан жағдайда сот оның әрекет қабiлеттiлiгiне қойылған шектеудiң күшiн жояды. Сот шешiмiнiң негiзiнде азаматқа белгiленген қамқоршылықтың күшi жойылады.
28-бап. Азаматты хабар-ошарсыз кеттi деп тану
1. Егер азаматтың тұрғылықты жерiнде ол туралы бiр жыл бойы деректер болмаса, мүдделi адамдардың арызы бойынша сот оны хабар-ошарсыз кеттi деп тануы мүмкiн.
2. Хабар-ошарсыз кеткен азамат туралы соңғы деректер алынған күндi анықтау мүмкiн болмаған жағдайда жоқ адам туралы соңғы деректер алынған айдан кейiнгi айдың бiрiншi күнi, ал бұл айды анықтау мүмкiн болмаған жағдайда келесi жылғы бiрiншi қаңтар хабар-ошарсыз кетудiң басталған күнi деп есептеледi.
29-бап. Хабар-ошарсыз кеткен адамның мүлкiн сақтау
1. Хабар-ошарсыз кеттi деп танылған адамның мүлкiне сот шешiмiнiң негiзiнде қорғаншылық белгiленедi. Осы мүлiктен хабар-ошарсыз кеткен адам асырауға мiндеттi адамдарды асырауға қаражат берiледi және хабар-ошарсыз кеткен адамның салықтар мен басқа да мiндеттемелер бойынша берешегi өтеледi.
2. Мүдделi адамдардың арызы бойынша қорғаншылық және қамқоршылық органы мүлiктi сақтау және басқару үшiн хабар-ошарсыз кеткен адамның тұрған жерi туралы соңғы деректер алынған күннен бастап бiр жыл өткенге дейiн де қорғаншы тағайындай алады.
30-бап. Хабар-ошарсыз кеттi деп тану туралы шешiмнiң күшiн жою
Хабар-ошарсыз кеттi деп танылған адам келген немесе оның тұрған жерi белгiлi болған жағдайда сот оны хабар-ошарсыз кеттi деп тану туралы және оның мүлкiне қорғаншылық белгiлеу туралы шешiмнiң күшiн жояды.
31-бап. Азаматты өлдi деп жариялау
1. Егер азаматтың тұрғылықты жерiнде ол туралы үш жыл бойы деректер болмаса, ал егер ол өлiм қатерi төнген немесе жазатайым оқиғадан қаза тапты деп жорамалдауға негiз болатын жағдайларда алты ай бойы хабар-ошарсыз жоғалып кетсе, мүдделi адамдардың арызы бойынша сот оны өлдi деп жариялауы мүмкiн.
2. Соғыс қимылдарына байланысты хабар-ошарсыз жоғалып кеткен әскери қызметшi немесе өзге адам соғыс қимылдары аяқталған күннен бастап кемiнде екi жыл өткеннен кейiн өлдi деп жариялануы мүмкiн.
3. Өлдi деп жариялау туралы сот шешiмi заңды күшiне енген күн өлдi деп жарияланған адамның өлген күнi болып есептеледi. Өлiм қатерi төнген немесе жазатайым оқиғадан қаза тапты деп жорамалдауға негiз болатын жағдайларда хабар-ошарсыз жоғалып кеткен адам өлдi деп жарияланған реттерде сот бұл адамның шамамен қаза тапқан күнiн оның өлген күнi деп тануы мүмкiн.
4. Адамды өлдi деп жариялау туралы заңды күшiне енген сот шешiмiнiң негiзiнде азаматтық хал актілерін жазу кiтаптарына оның өлгенi туралы жазба жасалады. Бұл жазбаның нәтижелерi де нақты өлiм туралы жазбаның нәтижелерi сияқты болады.
32-бап. Өлдi деп жарияланған адамның тiрi оралуынан туындайтын жағдайлар
1. Өлдi деп жарияланған адам тiрi оралған немесе оның тұрған жерi белгiлi болған жағдайда сот тиiстi шешiмнiң күшiн жояды.
2. Азамат өзiнiң қай уақытта оралғанына қарамастан, кез келген адамнан азамат өлдi деп жарияланғаннан кейiн сол адамға тегiн көшiп, сақталып қалған мүлкiн қайтарып берудi талап ете алады.
3. Егер өлдi деп жарияланған адамның мүлкiн оның заңды мұрагерi үшiншi бiр адамдарға берiп, олар мүлiктiң сатып алу бағасын адам тiрi оралған кезге дейiн толық төлемеген болса, төленбеген соманы талап ету құқығы тiрi оралған адамға көшедi.
4. Өлдi деп жарияланған азаматтың мүлкi ақысы төленетiн мәмiле бойынша өзiне көшкен адамдар оған бұл мүлiктi қайтаруға, ал оларда мүлiк жоқ болған жағдайда, егер мүлiктi алған кезде олар өлдi деп жарияланған азаматтың тiрi екендiгiн бiлгенi дәлелденсе, мүлiктiң құнын өтеуге мiндеттi.
5. Мүлiктi иелiктен шығарушы адам өлдi деп жарияланған адамның мүлiктi иелiктен шығару кезiнде тiрi екендiгiн бiлген болса, мүлiктi қайтарып беру немесе оның құнын өтеу мiндетiн мүлiктi алушымен бiрге мойнына алады.
6. Егер өлдi деп жарияланған адамның мүлкi мұрагерлiк құқық бойынша мемлекетке өтiп, сатылып кеткен болса, адамды өлдi деп жариялау туралы шешiмнiң күшi жойылғаннан кейiн оған мүлiктiң құн төленетiн күнгi нарықтық бағасы ескерiле отырып, оны сатудан түскен сома қайтарылады.
§ 2. Заңды тұлғалар
I. Жалпы ережелер
33-бап. Заңды тұлға ұғымы
1. Меншiк, шаруашылық жүргiзу немесе жедел басқару құқығындағы оқшау мүлкi бар және сол мүлiкпен өз мiндеттемелерi бойынша жауап беретiн, өз атынан мүлiктiк және мүлiктiк емес жеке құқықтар мен мiндеттерге ие болып, оларды жүзеге асыра алатын, сотта талапкер және жауапкер бола алатын ұйым заңды тұлға деп танылады.
Заңды тұлғаның дербес балансы немесе сметасы болуға тиiс.
2. Заңды тұлғаның өз атауы жазылған мөрi болады.
11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1; 10.07.98 ж. № 282-1; 16.12.98 ж. № 320; 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен; 2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 34-бап өзгертiлдi
34-бап. Заңды тұлғалардың түрлерi мен нысандары
1. Өз қызметiнiң негiзгi мақсаты ретiнде табысын келтiрудi көздейтiн (коммерциялық ұйым) не мұндай мақсат ретiнде пайда келтiре алмайтын және алынған таза табысын қатысушыларына үлестiрмейтiн (коммерциялық емес ұйым) ұйым заңды тұлға бола алады.
2. Коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлға мемлекеттік кәсiпорын, шаруашылық серiктестiк, акционерлік қоғам, өндiрiстiк кооператив нысандарында ғана құрылуы мүмкiн.
3. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын заңды тұлға мекеме, қоғамдық бірлестік, акционерлік қоғам, тұтыну кооперативі, қор, діни бірлестік нысанында және заңнамалық актілерде көзделген өзге де нысанда құрылуы мүмкін.
Коммерциялық емес ұйым кәсiпкерлiк қызметпен өзiнiң жарғылық мақсаттарына сай келуiне қарай ғана айналыса алады.
3-1. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын және мемлекеттік бюджеттiң есебiнен ғана ұсталатын заңды тұлға тек қана мемлекеттік мекеме нысанында құрылуы мүмкiн.
4. Заңды тұлғалар бiрлестiк құра алады (осы Кодекстің 110-бабы).
5. Заңды тұлға осы Кодекстiң, заңды тұлғалар нысандарының әрқайсысы туралы Заңның, өзге де заң құжаттары мен құрылтай құжаттарының негiзiнде жұмыс iстейдi.
ҚР 02.03.98 ж. № 211-1 Заңына сәйкес 35-баптың 1-тармағы жаңа редакцияда; ҚР 16.12.98 ж. № 320-1 Заңымен 35-бап 3-тармақпен толықтырылды
35-бап. Заңды тұлғаның құқық қабiлеттiлiгi
1. Заңды тұлғаның азаматтық құқықтары болып, өз қызметiне байланысты мiндеттердi осы Кодекске сәйкес мойнына алуы мүмкiн. Мемлекеттік кәсiпорындарды қоспағанда, коммерциялық ұйымдардың азаматтық құқықтары болуы және заң актілерінде немесе құрылтай құжаттарында тыйым салынбаған кез келген қызмет түрiн жүзеге асыру үшiн қажеттi азаматтық мiндеттердi атқаруы мүмкiн.
Заң актілерінде көзделген жағдайларда белгiлi бiр қызмет түрiн жүзеге асырушы заңды тұлғалар үшiн басқа қызметпен айналысу мүмкiндiгi болмауы немесе шектелуi мүмкiн.
Заңды тұлға тiзбесi заң актілерінде белгiленетiн жекелеген қызмет түрлерiмен лицензия негiзiнде ғана айналыса алады.
2. Заңды тұлғаның құқық қабiлеттiлiгi ол құрылған кезде пайда болып, оны тарату аяқталған кезде тоқтатылады. Айналысу үшiн лицензия алу қажет болатын қызмет саласында заңды тұлғаның құқық қабiлеттiлiгi сондай лицензияны алған кезден бастап пайда болып, ол қайтарып алынған, оның қолданылу мерзiмi өткен немесе заң құжаттарында белгiленген тәртiппен жарамсыз деп танылған кезде тоқтатылады.
3. Коммерциялық емес ұйым болып табылатын және мемлекеттік бюджеттiң есебiнен ғана ұсталатын заңды тұлғаның (мемлекеттік мекеме) құқық қабiлеттiлiгi осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерімен белгiленедi.
10.07.98 ж. № 282-1; 2007.12.01. № 225-III ҚР Заңдарымен; 2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 36-бап өзгертiлдi
36-бап. Құрылтайшылардың (қатысушылардың) өздерi құрған заңды тұлғалардың мүлкiне құқықтары
1. Заңды тұлғаның оқшау мүлкiне қатысты оның құрылтайшыларының (қатысушыларының) мiндеттемелiк және заттық құқықтары болуы мүмкiн.
2. Мүлкiне өз қатысушылары (құрылтайшылары) мiндеттемелiк құқықтарын сақтап қалатын заңды тұлғаларға шаруашылық серiктестiктер, акционерлік қоғам мен кооперативтер жатады.
3. Мүлкiне өз құрылтайшылары меншiк құқығын немесе өзге де заттық құқығын сақтап қалатын заңды тұлғаларға шаруашылық жүргiзушi құқығында немесе оралымды басқару құқығында мүлкi бар ұйымдар жатады.
4. Мүлкiне олардың құрылтайшылары (қатысушылары) мүлiктiк құқықтарын сақтамайтын заңды тұлғаларға қоғамдық бiрлестiктер, қорлар және дiни бiрлестiктер жатады.
5. Құрылтайшылардың (қатысушылардың) өздері құрған өзге ұйымдық-құқықтық нысандардағы заңды тұлғалардың мүлкіне құқықтары Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде айқындалады.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен; 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 37-бап өзгертілді
37-бап. Заңды тұлғаның органдары
1. Заңды тұлға заң құжаттары мен құрылтай құжаттарына сәйкес жұмыс iстейтiн өз органдары арқылы ғана азаматтық құқықтарға ие болып, өзiне мiндеттер қабылдайды.
2. Алынып тасталды
2. Заңды тұлға органдарының түрлерi, тағайындалу немесе сайлану тәртібі және олардың өкiлеттiгi заңнамалық актiлер мен құрылтай құжаттарында белгiленедi.
ҚР 15.07.96 ж. № 30-I; 02.03.98 № 211-1; 16.07.99 ж. № 440-1; 24.12.01 ж. № 276-11 Заңдарымен өзгерістер енгiзiлдi; 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 38-бап өзгертілді
38-бап. Заңды тұлғаның атауы
1. Заңды тұлғаның оны басқа заңды тұлғалардан айыруға мүмкiндiк беретiн өз атауы болады.
Заңды тұлғаның атауы оның қалай аталатынын және ұйымдық-құқықтық нысанын көрсетудi қамтиды. Ол заңдарда көзделген қосымша мағлұматты қамтуы мүмкiн.
Заңды тұлғаның атауы оның құрылтай құжаттарында көрсетiледi.
Заңды тұлғаның атауында заң талаптарына немесе қоғамдық мораль қалыптарына қайшы келетiн аттарды, егер жеке адамдардың есiмдерi қатысушылардың есiмдерiне сәйкес келмесе не қатысушылар бұл адамдардың есiмiн пайдалануға олардан (олардың мұрагерлерiнен) рұқсат алмаса, олардың есiмдерiн пайдалануға жол берiлмейдi.
2. Заңды тұлға белгілі бір атаумен Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiне енгізіледі.
Заңды тұлғаның атауы Қазақстан Республикасында тіркелген заңды тұлғалардың атауын толық немесе оның елеулі бөлігінде қайталамауға тиіс.
Коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлғаның атауы заңды тұлға тiркелгеннен кейiн оның фирмалық атауы болып табылады.
Заңды тұлғаның фирмалық атауды тек қана өзi пайдалануға құқығы бар. Бөтен бiр фирмалық атауды заңсыз пайдаланатын тұлға фирмалық атаудың құқық иесiнiң талап етуi бойынша мұндай атауды пайдалануды тоқтатуға және келтiрiлген залалдың орнын толтыруға мiндеттi.