2) кеден қоймасының иесінде:
авария немесе еңсерілмейтін күш әсері салдарынан жойылуды (біржола жоғалуды) не сақтаудың қалыпты жағдайы кезіндегі табиғи кемуді қоспағанда, тауарларды жоғалтқан жағдайда, - тауарлардың жоғалған күні, ал егер бұл күн анықталмаса, - тауарлардың кеден қоймасына орналастырылған күні;
мұндай тауарларға қатысты кедендік рәсіммен орналастырылуын растайтын құжаттарды табыс етпей тауарларды кеден қоймасынан берген жағдайда, - беру күні, ал егер бұл күн анықталмаса, - тауарлар кеден қоймасына орналастырылған күн болып есептеледі.
4. Кедендік әкелу баждары, салықтар тарифтік артықшылықтарды және кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі жеңілдіктерді ескермей, тауарларды ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастыру кезінде төленуге жататын, кеден органының тауарларды кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген кедендік декларацияны тіркеу күніне есептелген кедендік әкелу баждарының, салықтардың сомасына сәйкес келетін мөлшерде төленуге жатады.
342-бап. Тауарлар кеден қоймасында сақталғаннан кейін олар ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылған кезде кедендік баждарды, салықтарды есептеу ерекшеліктері
Тауарлар кеден қоймасында сақталғаннан кейін олар ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылған кезде осы Кодекске сәйкес кедендік баждарды, салықтарды есептеу мақсатында тауарлардың кедендік құны және (немесе) олардың табиғи көрінісіндегі (саны, массасы, көлемі немесе өзге де сипаттамасы) физикалық сипаттамасы кеден органының тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген кедендік декларацияны тіркеген күніне олар осы күні кеден одағының кедендік аумағына әкелінгеніндей болып айқындалады.
40-тарау. Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімі
343-бап. Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімінің мазмұны
1. Кедендік аумақта қайта өңдеу - шетелдік тауарлар кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеуден толық шартты түрде босатыла отырып және кейіннен қайта өңдеу өнімдерінің кеден одағының аумағынан тысқары әкетілуімен тарифтік емес реттеу шараларын қолданбай, белгіленген мерзімдерде кеден одағының кедендік аумағында қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау үшін пайдаланылатын кедендік рәсім.
2. Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар шетелдік тауарлар мәртебесін сақтайды, ал тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операция нәтижесінде алынған тауарлар шетелдік тауарлар мәртебесіне ие болады.
3. Шетелдік тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау кезінде кеден одағының тауарларын пайдалануға жол беріледі.
344-бап. Тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырудың шарттары
1. Тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыруға:
1) кеден одағына мүше мемлекеттің уәкілетті органы берген және осы Кодекстің 348-бабында айқындалған мәліметтері бар тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеудің шарттары туралы құжат табыс етілген жағдайда жол беріледі.
Егер тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыру мақсаты оларды жөндеу болып табылса, декларант осы тармақшаның бірінші бөлігінде көрсетілген құжат ретінде кедендік декларацияны пайдалануға құқылы;
2) осы Кодекстің 352-бабына сәйкес балама тауарлармен ауыстыру жағдайын қоспағанда, кеден органдарының шетелдік тауарларды олардың қайта өңдеу өнімдеріне сәйкестендіру мүмкіндігі болған жағдайда жол беріледі.
2. Кеден одағының комиссиясы кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыруға тыйым салынған тауарлардың тізбесін анықтауға құқылы.
345-бап. Кедендік аумақта қайта өңдеу жөніндегі операциялар
1. Кедендік аумақта қайта өңдеудің кедендік рәсімінде тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операциялар:
1) қайта өңдеген немесе өңдеген кезде шетелдік тауарлар өздерінің дара сипаттамаларын жоғалтатын қайта өңдеуді немесе өңдеуді;
2) монтаждауды, жинауды, бөлшектеуді және шақтауды қоса алғанда, тауарларды дайындауды;
3) қалпына келтіруді, құрамдас бөлшектерді ауыстыруды қоса алғанда, тауарларды жөндеуді;
4) егер тауарлар қайта өңдеу процесінде толық немесе ішінара тұтынылатын болса, қайта өңдеу өнімдерінің өндірісіне жәрдемдесетін немесе оны жеңілдететін тауарлардың шикізаты ретінде пайдалануды қамтиды. Бұл операция осы тармақтың 1) - 3) тармақшаларында көрсетілген операциялардың бірімен бір мезгілде жасалуы тиіс.
2. Тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операцияларға:
1) тауарларды сатуға және тасымалдауға дайындау кезінде олардың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі операциялар;
2) төл алу, жануарларды, құстарды, балықтарды өсіру және бордақылау, сондай-ақ шаян тәріздестер мен моллюскілер өсіру;
3) ағаштар мен өсімдіктерді өсіру;
4) ақпаратты, дыбыс және бейне жазбаларды ақпарат жеткізгіштердің кез келген түрлеріне көшіру және көбейту;
5) технологиялық процесте шетелдік тауарларды көмекші құралдар (жабдықтар, станоктар, керек-жарақтар және басқасы) ретінде пайдалану жатпайды.
346-бап. Шетелдік тауарларды қайта өңдеу өнімдерінде сәйкестендіру
Шетелдік тауарларды қайта өңдеу өнімдерінде сәйкестендіру мақсатында мынадай тәсілдер пайдаланылуы мүмкін:
1) декларанттың, қайта өңдеуді жүзеге асыратын тұлғаның немесе кеден органдары лауазымды адамдарының бастапқы шетелдік тауарларға мөрлерді, мөртабандарды, цифрлық және басқа да таңбалауды қоюы;
2) шетелдік тауарлар ауқымында егжей-тегжейлі сипаттау, фотосуретке түсіру, бейнелеу;
3) шетелдік тауарлардың және оларды қайта өңдеу өнімдерінің алдын ала іріктеп алынған сынамаларын, үлгілерін салыстыру;
4) тауарлардағы таңбалауды, оның ішінде сериялық нөмірлер түрінде пайдалану;
5) тауарлар сипатын және тауарларды қайта өңдеу жөнінде жасалатын операцияларды негізге ала отырып, оның ішінде тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операцияны жасаудың технологиялық процесінде шетелдік тауарларды пайдалану туралы, сондай-ақ қайта өңдеу өнімдері өндірісінің технологиясы туралы табыс етілген егжей-тегжейлі мәліметтерді зерттеу жолымен немесе тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау уақытында кедендік бақылауды жүзеге асыру жолымен қолданылуы мүмкін өзге де тәсілдер.
347-бап. Тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу мерзімі
1. Тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу мерзімін үш жылдан асыруға болмайды.
Тауарларды қайта өңдеу мерзімінің өтуі оларды кедендік аумақта қайта өңдеудің кедендік рәсімімен орналастыру күнінен, ал тауарларды жекелеген партиялармен (бірнеше партиямен) кедендік декларациялау кезінде осы кедендік рәсімге тауарлардың бірінші партиясын орналастыру күнінен басталады.
Кеден одағы комиссиясының шешімімен тауарлардың жекелеген санаттары үшін тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеудің неғұрлым ұзақ мерзімі айқындалуы мүмкін.
2. Тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу мерзімі:
1) тауарларды қайта өңдеудің өндірістік процесінің ұзақтығын;
2) қайта өңдеу өнімдерін іс жүзінде әкету және шетелдік тауарлардың қалдықтарына және ұсақ-түйек қалдықтарына билік етуге байланысты кедендік операцияларды жасау үшін қажетті уақытты қамтиды.
3. Тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу мерзімі осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзім шегінде ұзартылуы мүмкін.
4. Тауарларды қайта өңдеу мерзімін үш жыл шегінде ұзарту туралы мәселені шешу үшін декларант бақылауды жүзеге асырушы кеден органына қайта өңдеу мерзімінің аяқталуынан кешіктірмей қайта өңдеу мерзімін ұзартудың орындылығын растайтын құжаттарды қоса бере отырып, осындай ұзартудың қажеттілігі туралы жазбаша өтініш береді.
Декларанттың тауарларды қайта өңдеу мерзімін ұзарту туралы өтінішін кеден органы өтінішті тіркеген күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарауы тиіс. Көрсетілген кезеңге қайта өңдеу мерзімі тоқтатыла тұрады. Кеден органы қайта өңдеудің мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдаған жағдайда, көрсетілген мерзім осындай шешімді қабылдаған күнге қарамастан алдыңғы мерзім аяқталған күннен бастап ұзартылады.
Осы тарауда көзделген шарттар мен шектеулерді декларант сақтамаған жағдайда, тауарларды қайта өңдеу мерзімін ұзартудан бас тартылуы мүмкін.
Кеден одағының кедендік аумағында тауарларды қайта өңдеудің мерзімін ұзарту туралы не осындай ұзартудан бас тарту туралы кеден органының шешімі декларанттың назарына жазбаша түрде жеткізіледі.
Бұл ретте кеден одағының кедендік аумағында тауарларды қайта өңдеудің мерзімін ұзарту кезінде кеден органындағы кедендік декларация данасының бірінші парағының келесі жағында мерзімді ұзарту туралы белгі және күні қойылады. Көрсетілген белгіні кеден органының лауазымды адамы қолымен, жеке нөмірлік мөрімен растайды.
Қайта өңдеудің мерзімін ұзартудан бас тартылған жағдайда, кедендік аумақта қайта өңдеудің кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар кеден органы осындай бас тарту туралы шешім қабылдаған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде өзге кедендік рәсіммен орналастырылуға жатады.
348-бап. Тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу шарттары туралы құжат
1. Тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу шарттары туралы Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органы беретін құжатты кез келген тұлға ала алады.
2. Тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу шарттары туралы құжатта:
1) құжат берілген тұлға;
2) қайта өңдеу жөніндегі операцияларды тікелей жасайтын тұлға (тұлғалар);
3) шетелдік тауарлардың және оларды қайта өңдеу өнімдерінің Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес атауы, сыныптамасы, олардың саны мен құны;
4) сыртқы экономикалық мәміленің жасалғанын растайтын құжаттар не сыртқы экономикалық мәміле шеңберінен тыс тауарларды иемдену, пайдалану және (немесе) оларға билік ету құқығын растайтын өзге де құжаттар;
5) қайта өңдеу өнімдерінің шығу нормалары;
6) тауарларды қайта өңдеу жөніндегі операциялар, оларды жасау тәсілдері;
7) тауарларды сәйкестендіру тәсілдері;
8) ұсақ-түйек қалдықтар мен қалдықтардың Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес атауы, сыныптамасы, олардың саны мен құны;
9) тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу мерзімі;
10) егер балама тауарлармен ауыстыруға жол берілсе, осындай ауыстыру;
11) қалдықтарды одан әрі коммерциялық пайдалану мүмкіндіктері;
12) тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыру және осы кедендік рәсімді аяқтау болжанатын кеден органы (кеден органдары) туралы мәліметтер болуға тиіс.
3. Тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеудің шарттары туралы құжат, осы баптың 2-тармағында көзделген мәліметтерден басқа, егер бұл Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленсе, өзге де мәліметтерді қамтуы мүмкін.
Әкету кезінде тарифтік емес реттеу шаралары қолданылатын және (немесе) кедендік баждар алынатын кеден одағының тауарларын пайдаланылған жағдайда, Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органының кедендік аумағында тауарларды қайта өңдеу шарттары туралы құжатта кеден одағының Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес тауарлардың атауы, сыныптамасы, қайта өңдеу өнімдерінің шығу нормасы, тауарлардың саны мен құны көрсетілуге тиіс.
4. Тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеудің шарттары туралы құжатты беру, оған өзгерістер немесе толықтырулар енгізу, сондай-ақ оны кері қайтарып алу (жою) нысаны мен тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
5. Шетелдік тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсіміне сәйкес шығаруды уәкілетті органы тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеудің шарттары туралы құжат берген кеден одағына мүше мемлекеттің кеден органы жүзеге асырады.
349-бап. Кедендік аумақта қайта өңдеу өнімдерінің шығу нормалары
1. Қайта өңдеу өнімдерінің шығу нормасы деп шетелдік тауарлардың белгілі бір санын қайта өңдеу нәтижесінде пайда болған қайта өңдеу өнімдерінің саны немесе пайыздық құрамы түсініледі.
2. Егер кедендік аумақта қайта өңдеу жөніндегі операциялар сипаттамалары негізінен тұрақты болып қалатын, әдетте анық белгіленген техникалық талаптарға сәйкес жүзеге асырылатын және қайта өңдеудің өзгермеген сападағы өнімдерін алуға әкелетін тауарларға қатысты жасалса, Қазақстан Республикасының құзыретті органдары қайта өңдеу өнімдерінің стандартты шығу нормаларын белгілеуі мүмкін.
350-бап. Тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу нәтижесінде пайда болған қалдықтар және өндірістік ысыраптар
1. Шетелдік тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу нәтижесінде пайда болған қалдықтар, оларды одан әрі коммерциялық пайдалану үшін жарамсыз күйге қайта өңделген жағдайды қоспағанда, өзге кедендік рәсімге орналастырылуға жатады. Бұл ретте қалдықтар деп қайта өңдеу өнімдерінен басқа, шетелдік тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау нәтижесінде пайда болған тауарлар түсіндіріледі.
2. Кеден мақсаты үшін көрсетілген қалдықтар кеден одағының кедендік аумағына осы күйінде әкелінген тауарлар ретінде қарастырылады.
Қалдықтардың кедендік құнын анықтау ерекшеліктері Кеден одағы комиссиясының шешімімен белгіленеді.
3. Қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау нәтижесінде жиналып қалатын және (немесе) біржола жоғалатын өндірістік ысыраптар өзге кедендік рәсімге орналастырылуға жатпайды. Бұл ретте өндірістік ысыраптар деп қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау нәтижесінде жиналып қалатын және (немесе) біржола жоғалатын тауарлар түсіндіріледі.
351-бап. Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың қалдықтары
Шығу нормаларына сәйкес қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау нәтижесінде пайда болған тауарлардың қалдықтары өзге кедендік рәсімге орналастырылуға жатады. Бұл ретте тауарлардың қалдықтары деп қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жасау кезінде пайдаланылмаған тауарлар түсіндіріледі.
352-бап. Балама тауарлармен ауыстыру
1. Кеден органының рұқсатымен кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарларды балама тауарлармен ауыстыруға жол беріледі.
2. Өзінің сипаты, сапасы және техникалық сипаттамалары бойынша шетелдік тауарларға сайма-сай келетін кеден одағының тауарлары балама тауарлар деп түсіндіріледі.
Экспорт кедендік рәсіміне сәйкес бұрын әкетілген тауарлардың құрамына енетін бөліктердің, тораптардың, агрегаттардың ақаулы түрлері кепілдік беріліп жөндеу үшін әкелінген жағдайда, өзінің сипаттары, сапасы және техникалық сипаттамалары бойынша әкелінген тауарларға сайма-сай келетін кеден одағының тауарлары, олардың ақаулы болу және (немесе) тозу жай-күйі ескерілмей балама тауарлар ретінде қарастырылады.
3. Балама тауарларды қайта өңдеу нәтижесінде алынған тауарлар осы тараудың ережелеріне сәйкес шетелдік тауарларды қайта өңдеу өнімдері ретінде қарастырылады.
4. Балама тауарлар шетелдік тауарлардың мәртебесін алады, ал оларға ауыстырған тауарлар кеден одағы тауарларының мәртебесін алады.
5. Егер шетелдік тауарларды балама тауарлармен ауыстыруға рұқсат етілсе, балама тауарлардан алынған қайта өңдеу өнімдерін әкетуге шетелдік тауарлар кеден одағының кедендік аумағына әкелінгенге дейін жол беріледі.
6. Егер кеден органы шетелдік тауарларды балама тауарларға ауыстыруға рұқсат берген жағдайда, кеден одағының тауарлары кеден одағының кедендік аумағына шетелдік тауарлар әкелінгенге дейін кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылады. Балама тауарлардан алынған қайта өңдеу өнімдері шетелдік тауарларды қайта өңдеу өнімдері ретінде қарастырылады.
7. Шетелдік тауарлар сипаты, сапасы, саны және техникалық сипаттамалары бойынша балама тауарларға сәйкес келуге тиіс. Бұл ретте осы Кодекстің 16-тарауына сәйкес кедендік әкелу баждарын төлеуді қамтамасыз ету мұндай ауыстырудың міндетті шарты болып табылады.
8. Балама тауарлардан алынған қайта өңдеу өнімдері кері импорттың кедендік рәсімімен, ал әкелінетін шетелдік тауарлар кері импорттың кедендік рәсімімен әкетіледі.
9. Шетелдік тауарларды әкелу кезінде кеден органы балама тауарлардан алынған қайта өңдеу өнімдерінің сапасымен, мөлшерімен және техникалық сипаттамаларымен салыстырады.
10. 2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен алып тасталды (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
353-бап. Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімі қолданылуының аяқталуы
1. Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылуы тауарларды қайта өңдеу мерзімі өткенге дейін қайта өңдеу өнімдерінің, қайта өңдеу жөніндегі операцияларға ұшырамаған шетелдік тауарлардың, қайта өңдеу нәтижесінде пайда болған ұсақ-түйек қалдықтар мен қалдықтардың осы Кодексте көзделген тәртіппен және жағдайларда кері экспорт кедендік рәсімімен орналастырылуы арқылы аяқталады.
Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылуы тауарларды қайта өңдеу мерзімі өткенге дейін, транзит кедендік рәсімін қоспағанда, қайта өңдеу өнімдерінің, қайта өңдеу жөніндегі операцияларға ұшырамаған шетелдік тауарлардың, қайта өңдеу нәтижесінде пайда болған ұсақ-түйек қалдықтар мен қалдықтардың осы Кодексте көзделген тәртіппен және жағдайларда ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен немесе өзге де кедендік рәсіммен орналастыру арқылы аяқталуы мүмкін. Бұл ретте қайта өңдеу өнімдеріне қатысты тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмайды.
2. Тауарларды қайта өңдеу мерзімі өткенге дейін кедендік аумақта қайта өңдеудің кедендік рәсімінің қолданылуы (тауарларды қайта өңдеу мерзімінің өтуі) қайта өңдеу өнімдерін кедендік қойма немесе уақытша әкелу кедендік рәсімдерімен орналастырған жағдайда тоқтатыла тұруы мүмкін. Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылуын тоқтата тұру және қайта жаңғырту тәртібі Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалады.
3. Қайта өңдеу өнімдері кері экспорттың кедендік рәсімімен және (немесе) өзге де кедендік рәсімдермен бір немесе бірнеше партиялармен (жөнелтімдермен) орналастырылуы мүмкін.
Бұл ретте қайта өңдеу өнімдеріне қатысты тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмайды.
4. Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен тауарларды орналастырушы тұлға бақылауды жүзеге асырушы кеден органына қайта өңдеу мерзімі аяқталған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімін қолдану туралы есеп беруге міндетті.
Кеден аумағында қайта өңдеу кедендік рәсімін қолдану туралы есептің нысанын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
354-бап. Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің туындауы мен тоқтатылуы және оларды төлеу мерзімі
1. Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі міндет декларантта кеден органының кедендік декларацияны тіркеген кезінен бастап туындайды.
2. Декларанттың кедендік аумақта қайта өңдеу рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі міндеті:
1) қайта өңдеу кедендік рәсімінің қолданылу уақытында, кедендік әкелу баждарын салықтарды төлеу мерзімі туындаған жағдайды қоспағанда, осы Кодекстің 347-бабының 1-тармағында белгіленген тауарларды қайта өңдеу мерзімі өткенге дейін кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімі аяқталған кезде;
2) осы Кодекстің 129-бабының 2-тармағында белгіленген жағдайларда тоқтатылады.
3. Мыналар:
1) шетелдік тауарлар кедендік аумақта қайта өңдеу шарттары туралы құжат берілген тұлға және (немесе) қайта өңдеу жөніндегі операцияларды кеден органдарының рұқсатынсыз тікелей жүзеге асыратын тұлға болып табылмайтын тұлғаға берілген кезде - тауарлардың берілген күні, ал егер бұл күн анықталмаса, - кеден органының тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген кедендік декларацияны тіркеген күні;
2) аварияның немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан жойылудың (қайтарымсыз жоғалудың) не тасудың (тасымалдаудың) және сақтаудың қалыпты жағдайы кезіндегі табиғи кемуді қоспағанда, тауарларды қайта өңдеу мерзімі өткенге дейін шетелдік тауарлар жоғалған кезде - тауарлардың жоғалған күні, ал егер бұл күн анықталмаса, - кеден органының тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген кедендік декларацияны тіркеген күні;
3) осы Кодекстің 347-бабының 1-тармағына сәйкес белгіленген тауарларды қайта өңдеу мерзімі өткенге дейін кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімі аяқталмаған кезде - тауарларды қайта өңдеу мерзімі өткен күн кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу мерзімі болып есептеледі.
4. Кедендік әкелу баждары, салықтар тауарларды ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастыру кезінде кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі жеңілдіктер ескерілмей, төленуге жататын, кеден органының тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыру үшін ұсынылған кедендік декларацияны тіркеу күніне есептелген кедендік әкелу баждарының, салықтардың сомасына сәйкес келетін мөлшерде төленуге жатады.
5. Кеден одағының кедендік аумағынан кері экспорттың кедендік рәсімімен орналастырылған қайта өңдеу өнімдері әкетілмеген кезде осы Кодекстің 404-бабының 4-тармағының екінші бөлігіне сәйкес осы баптың 1-тармағында көрсетілген тұлға төлеуге жататын кедендік әкелу баждарының, салықтардың сомаларынан пайыздар осы Кодекстің 134-бабының 2-тармағына сәйкес есепке жазылмайды.
355-бап. Шетелдік тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастыру ерекшеліктері
1. Қайта өңдеу өнімдерін ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастыру кезінде кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған және олардың шығу нормаларына сәйкес қайта өңдеу өнімдерін дайындау үшін пайдаланылған шетелдік тауарларға қатысты есептелген кедендік әкелу баждарының, салықтардың сомалары төленеді.
2. Қайта өңдеу өнімдерін және (немесе) қайта өңдеу жөніндегі операцияларға ұшырамаған шетелдік тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастыру кезінде кедендік әкелу баждарының, салықтардың ставкалары, валюталардың Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес белгіленетін нарықтық бағамы кеден органының тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген кедендік декларацияны тіркеген күніне айқындалады.
3. Қайта өңдеу өнімдерін және (немесе) қайта өңдеу жөніндегі операцияларға ұшырамаған шетелдік тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастыру кезінде төленген кедендік әкелу баждарының, салықтардың сомаларынан пайыздар осы Кодекстің 134-бабының 2-тармағына сәйкес есепке жазылмайды.
41-тарау. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімі
356-бап. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімінің мазмұны
1. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу, кейіннен қайта өңдеу өнімдері кеден одағының кедендік аумағына әкеліне отырып, кеден одағының тауарлары кеден одағының кедендік аумағынан тыс қайта өңдеу жөніндегі операцияларды белгіленген мерзімде кедендік әкелу баждарын төлеуден шартты түрде толық босата отырып және тарифтік емес реттеу шараларын қолданбай жасау мақсатында кеден одағының кедендік аумағынан әкетілетін кездегі кедендік рәсім болып табылады.
2. Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеудің кедендік рәсімімен орналастырылған және кеден одағының кедендік аумағынан нақты әкетілген тауарлар кеден одағы тауарларының мәртебесін жоғалтады.
357-бап. Тауарларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыру шарттары
1. Тауарларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыруға:
1) кеден одағына мүше мемлекеттің уәкілетті органы берген және осы Кодекстің 361-бабында айқындалған мәліметтер қамтылған тауарларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу шарттары туралы құжат табыс етілген жағдайда жол беріледі.
Егер тауарларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу рәсімімен орналастыру мақсаты оларды жөндеу болып табылса, осы тармақшаның бірінші абзацында көрсетілген құжат ретінде кедендік декларация пайдаланылуы мүмкін;
2) осы Кодекстің 363-бабына сәйкес қайта өңдеу өнімдерін шетелдік тауарлармен ауыстыру жағдайын қоспағанда, кеден органдарында кеден одағының тауарларын оларды қайта өңдеу өнімдерінде сәйкестендіру мүмкіндігі болған жағдайда жол беріледі.
2. Кеден одағының комиссиясы кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастыруға тыйым салынған тауарлардың тізбесін айқындауға құқылы.