1) тауарларға қатысты өкілеттіктерге ие тұлғаның дәлелді сауал салуы бойынша көлік (тасымалдау) құжаттарында көрсетілген мәліметтерге тәуелсіз жеткізу орнын белгілеу үшін негізді растайтын құжаттарды табыс еткен жағдайда;
2) тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде айқындалатын жағдайларда белгілеуге құқылы.
Осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген жағдайларда, тауарларды жөнелтімнің кеден органы белгілеген жеткізу орнына дейін жеткізу жөніндегі тасымалдаушының шығындары көлік (тасымалдау) құжаттарында көрсетілген жеткізу орнына дейін тауарларды жеткізу жөніндегі шығындарға сәйкес болуы тиіс.
3. Жеткізілу межеленген кеден органының қызмет өңіріндегі кедендік бақылау аймағы тауарларды жеткізу орны болып табылады. Бұл ретте олардың келген орнынан тасымалданатын тауарлар, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, кеден органы тұрған жерге жеткізіледі.
Жеткізілу межеленген станцияда (кіреберіс жолдарда) кедендік бақылау аймағы теміржол көлігімен өткізілетін тауарларды жеткізу орны болып табылады.
4. Егер кедендік транзит кезінде жеткізілу межеленген пункт Қазақстан Республикасының көлік туралы заңнамасына сәйкес өзгертілген жағдайда, тасымалдаушы кеден органына тауарларды жеткізу орнын өзгерту туралы өтінішпен жүгінуге құқылы. Бұл ретте тасымалдаушы өзінің жүретін жолындағы кез келген кеден органына еркін нысанда жасалған жеткізілу межеленген пунктті өзгерту туралы өтінішті, жеткізілу межеленген пунктті өзгертуді растайтын құжаттарды, сондай-ақ транзиттік декларацияны және тауарларға арналған өзге де құжаттарды табыс етеді.
Тауарларды жеткізу орнын өзгерту туралы шешімді кеден органы осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген өтініш пен құжаттарды алған күннен кейінгі күннен кешіктірмей қабылдайды. Көрсетілген шешім жеткізу орны өзгерген тауарларға қатысты кедендік транзит кедендік рәсімін аяқтау және жаңа транзиттік декларацияны ресімдеу жолымен ресімделеді. Тауарлар кедендік транзит кедендік рәсімімен кеден органы тауарлардың жеткізілу орнын өзгерту туралы шешім қабылдаған күні орналастырылады.
325-бап. Тауарларды тасымалдау кезінде халықаралық тасымалдау көлік құралдарын кедендік пломбалармен және мөрлермен жабдықтау
1. Тауарларды кедендік пломбалармен және мөрлермен тасымалдау үшін көлік құралдары мынадай талаптарды сақтай отырып, құрастырылған және жабдықталған болуға тиіс:
1) кедендік пломбалар қарапайым және сенімді тәсілмен салынуы мүмкін;
2) тауарлар халықаралық тасымалдау көлік құралының пломбаланған жүк үй-жайлары бөлігінен алынбайтындай болуға немесе олардың ашылған ізі көрінбейтіндей етіп немесе кедендік пломбалар мен мөрлер бүлдірілмей салынбауға тиіс;
3) тауарлар жасырылуы мүмкін жасырын орындар болмауға тиіс;
4) тауарлар орналастырылған орындар тауарларды кедендік қарауға жеңіл қол жеткізілетіндей болуға тиіс.
2. Егер халықаралық тасымалдау көлік құралы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгіленген өзінің конструкциясына және жабдықталуына қойылатын талаптарға сәйкес келсе, осы баптың 1-тармағында белгіленген талаптар орындалған болып есептеледі.
3. Халықаралық тасымалдау көлік құралының осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген талаптарға сәйкестігі халықаралық тасымалдау көлік құралын тауарларды кедендік пломбалармен және мөрлермен тасымалдауға жіберу туралы куәлік алу жолымен алдын ала расталуы мүмкін.
Халықаралық тасымалдау көлік құралын тауарларды кедендік пломбалармен және мөрлермен тасымалдауға жіберу туралы куәлік:
жеке-дара тәртіппен;
көлік құралдары құрылғысының түрі (сериялары) бойынша берілуі мүмкін.
Халықаралық тасымалдау көлік құралын тауарларды кедендік пломбалар мен мөрлер салынып тасымалдауға жіберу туралы куәлікті кеден органы мүдделі тұлғаның өтініші бойынша көрсетілген өтінішті алған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей береді. Көрсетілген куәлік халықаралық тасымалдау көлік құралының конструкциясында өзгерістер болғанға дейін, бірақ екі жылдан аспайтын мерзімде жарамды болады.
Халықаралық тасымалдау көлік құралын тауарларды кедендік пломбалар мен мөрлер салынып тасымалдауға жіберу туралы куәлік басқа тұлғаға ауысқан кезде көлік құралын иемдену құқығы жарамды болады.
Халықаралық тасымалдау көлік құралын тауарларды кедендік пломбалар мен мөрлер салынып тасымалдауға жіберу туралы куәліктің нысаны мен оны беру және пайдалану тәртібі Кеден одағы комиссиясының шешімімен белгіленеді.
4. Кеден органдары, егер:
тауарларды тасымалдауды кедендік тасымалдаушы жүзеге асырған;
алдын ала жіберу халықаралық шарттарда көзделген жағдайларды қоспағанда, халықаралық тасымалдау көлік құралын тауарларды кедендік пломбалар мен мөрлер салынып тасымалдауға алдын ала жіберуді талап етпейді.
326-бап. Тауарларды түсіру, қайта тиеу (қайта түсіру) және олармен жасалатын өзге де жүк операциялары, сондай-ақ кедендік транзит кезінде халықаралық тасымалдау көлік құралдарын ауыстыру
1. Кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тасымалданатын тауарларды түсіруге, қайта тиеуге (қайта түсіруге) және олармен жасалатын өзге де жүк операцияларына, сондай-ақ мұндай тауарларды тасымалдайтын халықаралық тасымалдау көлік құралдарын ауыстыруға осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген жағдайларды қоспағанда, жөнелтімнің кеден органының немесе қызмет өңірінде тиісті жүк операциясы жүзеге асырылатын кеден органының рұқсатымен жол беріледі.
Егер осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген халықаралық тасымалдау тауарлары мен көлік құралдарына қатысты операциялар салынған кедендік пломбалар мен мөрлер бүлдірілмей жүзеге асырылса не, егер тауарларға кедендік пломбалар мен мөрлер салынбаса мұндай операцияларды жүзеге асыруға кеден органын жазбаша және (немесе) электронды нысанда хабардар еткеннен кейін жол беріледі.
2. Егер тауарлармен жасалатын операцияларды жүзеге асыру тауарлардың жоғалуына немесе олардың қасиеттерінің өзгеруіне әкеп соғуы мүмкін болған жағдайда не көлік (тасымалдау) құжаттарында, шектеулердің сақталуын растайтын құжаттарда не бақылаушы мемлекеттік органдар берген өзге де құжаттарда мұндай операцияларды жүзеге асыруға тыйым салынған кезде кеден органы тауарлар тиелген жүк операцияларын жүзеге асыруға рұқсат беруден бас тарта алады.
3. Кеден органы тұлғаның өтініші бойынша кеден органының жұмыс уақытынан тыс кедендік бақылаудағы тауарлармен жүк операцияларын жүргізуге рұқсат береді.
327-бап. Тасымалдаушының кедендік транзит кедендік рәсімі кезіндегі міндеттері
Кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды тасымалдау кезінде тасымалдаушы осы кедендік рәсімінің декларанты болып табылатындығына қарамастан:
1) тауарларды және оларға арналған құжаттарды жөнелтімнің кеден органы белгілеген мерзімдерде, егер бағыт белгіленген болса, белгілі бір бағыт бойынша жүре отырып, тауарларды жеткізу орнына жеткізуге;
2) тауарлардың, кедендік пломбалар мен мөрлердің не, егер қолданылған болса, өзге де сәйкестендіру құралдарының сақталуын қамтамасыз етуге;
3) осы Кодекстің 326-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тасымалданатын тауарларды түсіруге, қайта тиеуге (қайта түсіруге) және олармен жасалатын өзге де жүк операцияларына, сондай-ақ мұндай тауарларды тасымалдайтын халықаралық тасымалдау көлік құралдарын ауыстыруға кеден органдарының рұқсатынсыз жол бермеуге міндетті.
328-бап. Тасымалдаушының жауапкершілігі
1. Тауарларды және оларға арналған құжаттарды кеден органына жеткізбеген кезде тасымалдаушы Қазақстан Республикасының заңдарына немесе кеден органы тауарларды кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырған кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес жауапты болады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген жағдайды қоспағанда, тасымалдаушы кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына тасымалдау кезінде міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
329-бап. Кедендік транзит кедендік рәсімін аяқтау
1. Кедендік транзит кедендік рәсімі тауарлар жөнелтімінің кеден органы белгілеген жеткізу орнына жеткізгеннен кейін аяқталады.
2. Кедендік транзит кедендік рәсімі аяқталғанға дейін тауарларды жеткізу орындарындағы тауарлар кедендік бақылау аймағына орналастырылады.
Тауарларды кедендік бақылау аймағына орналастыруға тәуліктің кез келген уақытында жол беріледі.
3. Кедендік транзит кедендік рәсімін аяқтау үшін тасымалдаушы жеткізу межеленген кеден органына транзиттік декларацияны, сондай-ақ өзінде бар басқа да құжаттарды:
автомобиль көлігімен тасымалданатын тауарларға қатысты олардың тауарларды жеткізу орнына келген кезінен бастап бір сағат ішінде, ал тауарлар кеден органының белгіленген жұмыс уақытынан тыс келген жағдайда осы кеден органының жұмыс уақыты басталған кезден бастап екі сағат ішінде;
су, әуе кемелерін және теміржол көлігін пайдалана отырып тасымалданатын тауарларға қатысты, көлік құралдары тауарлар жеткізілетін жерге әкелінген кезден бастап жеткізу межеленген кеден органының келесі жұмыс күнінің аяқталу уақытынан кешіктірмей табыс етуге міндетті.
Кеден органының талабы бойынша тасымалдаушы тауарларды көрсетуге міндетті.
4. Жеткізу межеленген кеден органы тасымалдаушы осы баптың 3-тармағында көрсетілген құжаттарды табыс еткен кезден бастап бір сағат ішінде олардың берілуін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен тіркейді.
5. Жеткізу межеленген кеден органы кедендік транзит кедендік рәсімін мүмкіндігінше қысқа мерзімде, бірақ құжаттарды тіркегеннен кейін жиырма төрт сағаттан кешіктірмей транзиттік декларацияда немесе транзиттік декларация ретінде танылатын өзге де құжаттарда кедендік транзит кедендік рәсімін аяқтау туралы белгі қою жолымен аяқтайды.
Кеден органдарының кедендік транзит кедендік рәсімін аяқтауды ресімдеу тәртібі Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалады.
6. Кедендік транзит кедендік рәсімін аяқтағаннан кейін үш сағат ішінде тасымалдаушы немесе өзге де мүдделі тұлға тауарларды уақытша сақтауға орналастыруға немесе оларды кедендік рәсімге сәйкес кедендік декларациялауға байланысты кедендік операцияларды жасауға міндетті.
Теміржол немесе су көлігімен тасымалданатын тауарлардың кедендік транзит кедендік рәсімі аяқталғаннан кейін тасымалдаушы немесе өзге де мүдделі тұлға тағайындалған кеден органының келесі жұмыс күнінің аяқталу уақытынан кешіктірмей тауарларды уақытша сақтауға орналастыруға немесе оларды кедендік рәсімге сәйкес кедендік декларациялауға байланысты кедендік операцияларды жасауға міндетті.
Тауарларды уақытша сақтауға орналастырғанға немесе оларды кедендік рәсімге сәйкес кедендік декларациялағанға дейін тауарлар кедендік бақылау аймағында болуға тиіс.
Осы тармақтың ережелері кеден одағының кедендік аумағынан әкетілетін тауарларға қатысты кету орнында кедендік рәсімді аяқтау кезінде қолданылмайды.
330-бап. Кедендік транзит кедендік рәсімі кезіндегі авария, еңсерілмейтін күштің әсері немесе өзге де жағдайлар кезінде қолданылатын шаралар
1. Кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды тасымалдауға кедергі болатын авариялар, еңсерілмейтін күштің әсері немесе өзге де жағдайлар кезінде тасымалдаушы тауарлар мен көлік құралдарының сақталуын қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қолдануға, жақын кеден органына осы жағдайлар және тауарлардың тұрған жері туралы дереу хабарлауға, сондай-ақ тауарлардың орнын ауыстыруға немесе оларды жақын кеден органына не кеден органы көрсеткен өзге жерге тасымалдауды қамтамасыз етуге (егер оның көлік құралы бұзылған болса) міндетті. Осы жағдайлар туралы хабар алған кеден органы кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды тасымалдауға кедергі болатын жағдайлар туралы жөнелтімнің кеден органын және жеткізу межеленген кеден органын хабардар етуге міндетті.
2. Осы баптың 1-тармағының талаптарын сақтауға байланысты тасымалдаушы шеккен шығыстарды кеден органдары өтемейді.
331-бап. Кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің туындауы мен тоқтатылуы және оларды төлеу мерзімі
1. Декларанттың кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылатын шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі міндет кеден органының транзиттік декларацияны тіркеген кезінен бастап туындайды.
2. Декларанттың кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі міндеті:
1) осы рәсім қолданылған уақытта кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу мерзімі туындаған жағдайды қоспағанда, осы Кодекстің 329-бабының 6-тармағына сәйкес кедендік транзит кедендік рәсімі аяқталған кезде;
2) осы Кодекстің 129-бабының 2-тармағында белгіленген жағдайларда тоқтатылады.
3. Шетелдік тауарлар кеден органы белгіленген жеткізу орнына жеткізілмеген жағдайда, кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу мерзімі:
1) егер шетелдік тауарлардың жеткізілмеуі тасымалдаушының тауарларды кеден органының рұқсатынсыз алушыға немесе өзге де тұлғаға беру себебінен болса, - осылай беру күні, ал егер бұл күн анықталмаса, - кеден органының транзиттік декларацияны тіркеген күні;
2) егер шетелдік тауарлардың жеткізілмеуі авария немесе еңсерілмейтін күш әсері салдарынан не тасудың (тасымалдаудың) және сақтаудың қалыпты жағдайы кезіндегі табиғи кему нәтижесінде жойылуды (біржола жоғалуды) қоспағанда, тауарларды жоғалту себебінен болса, - осылай жоғалту күні, ал егер бұл күн анықталмаса, - кеден органының транзиттік декларацияны тіркеген күні;
3) егер шетелдік тауарлардың жеткізілмеуі өзге де себептерден болса, - кеден органының транзиттік декларацияны тіркеген күні болып есептеледі.
4. Кедендік әкелу баждары, салықтар тауарларды ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырған кезде төленуге жататын, кеден органы транзиттік декларацияны тіркеген күнге есептелген кедендік әкелу баждарының, салықтардың сомаларына сәйкес келетін мөлшерде төленуге жатады.
5. Осы баптың 3 және 4-тармақтарына сәйкес төленген немесе өндіріп алынған кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу бойынша міндеттер осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес тоқтатылған кезде кедендік әкелу баждары, салықтар осы Кодекске сәйкес белгіленген тәртіппен қайтарылуға (есепке жатқызылуға) жатады.
6. Егер осы Кодекстің 143-бабының 3-тармағына сәйкес кедендік баждарды, салықтарды төлеуді қамтамасыз етуді кедендік транзит кедендік рәсімінің декларанты емес, өзге тұлға берген болса, осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларда кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі міндет декларантпен ортақ осындай тұлғада туындайды.
332-бап. Кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) кеден одағының тауарларына қатысты кедендік әкету баждарын төлеу жөніндегі міндеттің туындауы мен тоқтатылуы және оларды төлеу мерзімі
1. Декларанттың кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылатын кеден одағының тауарларына қатысты кедендік әкету баждарын төлеу жөніндегі міндеті осы Кодекстің 319-бабы 2-тармағының 5) тармақшасына сәйкес кеден органы транзиттік декларацияны тіркеген кезден бастап туындайды.
2. Декларанттың кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) кеден одағының тауарларына қатысты кедендік әкету баждарын төлеу жөніндегі міндеті:
1) осы рәсім қолданылған уақытта кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу мерзімі туындаған жағдайды қоспағанда, осы Кодекстің 329-бабының 6-тармағына сәйкес кедендік транзит кедендік рәсімі аяқталған кезде;
2) осы Кодекстің 129-бабының 2-тармағында белгіленген жағдайларда тоқтатылады.
3. Тауарлар кеден органы белгілеген жеткізу орнына жеткізілмеген жағдайда кедендік әкету баждарын төлеу мерзімі кеден органының транзиттік декларацияны тіркеген күні болып есептеледі.
4. Кедендік әкету баждары тауарларды экспорттың кедендік рәсімімен орналастырған кезде төленуге жататын, кеден органы транзиттік декларацияны тіркеген күнге есептелген кедендік әкету баждарының сомаларына сәйкес келетін мөлшерде төленуге жатады.
5. Осы баптың 3 және 4-тармақтарына сәйкес төленген немесе өндіріп алынған кедендік әкету баждарын төлеу бойынша міндеттер осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес тоқтатылған кезде кедендік әкету баждары осы Кодекске сәйкес белгіленген тәртіппен қайтарылуға (есепке жатқызылуға) жатады.
39-тарау. Кеден қоймасы кедендік рәсімі
333-бап. Кеден қоймасы кедендік рәсімінің мазмұны
Белгіленген мерзім ішінде кедендік баждар, салықтар төленбей және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмай шетелдік тауарлар кеден қоймасында кедендік бақылаумен сақталатын кездегі кедендік рәсім кеден қоймасы болып табылады.
334-бап. Тауарларды кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастыру шарттары
1. Кеден қоймасының кедендік рәсімімен:
жарамдылық және (немесе) өткізілу мерзімі оларды кеден қоймасының кедендік рәсіміне сәйкес кедендік декларациялау күніне күнтізбелік бір жүз сексен күннен аз мерзімді құрайтын тауарларды;
тізбесі Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалатын тауарларды қоспағанда, кез келген шетелдік тауарлар орналастырылуы мүмкін.
2. Кеден қоймасының кедендік рәсімімен бұрын өзге кедендік рәсімдермен орналастырылған тауарлар орналастырылуы мүмкін.
3. Кеден қоймасының кедендік рәсімімен осы Кодексте көзделген жағдайларда уақытша әкелудің немесе кедендік аумақта қайта өңдеудің кедендік рәсімдерінің қолданылуын тоқтата тұру мақсатында шетелдік тауарлар орналастырылуы мүмкін.
4. Көлемінің үлкендігіне орай, кеден қоймасына орналастыру мүмкін болмайтын, бұған кеден органының жазбаша нысандағы рұқсаты болған кезде, тауарларды кеден қоймасына іс жүзінде орналастырмай, кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастыруға жол беріледі.
Тауарларды кеден қоймасына іс жүзінде орналастырмай осы кедендік рәсіммен қойған кезде осы Кодекстің 16-тарауына сәйкес кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз ету ұсынылады.
335-бап. Тауарларды кеден қоймасында сақтау мерзімі
1. Тауарларды кеден қоймасында сақтау мерзімі тауарларды кеден қоймасының кедендік рәсімімен орналастырған күннен бастап үш жылдан аспайды.
2. Жарамдылық және (немесе) сату мерзімі шектеулі тауарлар көрсетілген мерзім аяқталғанға дейін күнтізбелік бір жүз сексен күннен кешіктірілмей өзге кедендік рәсіммен орналастырылуға тиіс.
3. Кеден қоймасында сақталу мерзімі өткен тауарларды кеден органдары осы Кодекстің 26-тарауына сәйкес ұстайды.
4. Тауарларды кеден қоймасының кедендік рәсімімен бірнеше мәрте орналастырған кезде, оның ішінде осы рәсімнің декларанттары әр түрлі тұлғалар болғанда тауарларды кеден қоймасында жалпы сақтау мерзімін осы баптың 1-тармағында көзделген мерзімнен асыруға болмайды.
336-бап. Кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлармен жасалатын операциялар
1. Тауарларға қатысты өкілеттіктері бар тұлғалар немесе олардың өкілдері бұл операциялар тауарлардың жай-күйінің өзгеруіне, олардың орамаларының және (немесе) сәйкестендіру құралдарының бұзылуына әкеп соқпайтын жағдайда, кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлармен олардың сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті кәдуілгі операцияларды жасауға, оның ішінде тауарларды қарауға және өлшеуге, оларды кеден қоймасы шегінде ауыстыруға құқылы.
2. Кеден органының рұқсатымен кеден қоймасының кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлармен қарапайым жинақтау операциялары, сондай-ақ:
сынамалар мен үлгілерді іріктеп алу;
партияны бөлшектеуді, жөнелтімдерді қалыптастыруды, сұрыптауды, орауды, қайта орауды, таңбалауды, тауар түрін жақсарту жөніндегі операцияларды қоса алғанда, тауарларды сатуға және тасымалдауға дайындау жөніндегі операциялар жасалуы мүмкін.
3. Кеден қоймасының кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлармен жасалатын барлық операциялар Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша сыныптау кодының өзгеруіне байланысты осы тауарлардың сипаттамасын өзгертпеуге тиіс.
4. Кеден қоймасының кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың барлығына немесе бір бөлігіне қатысты осы тауарларды иелену, пайдалану және (немесе) оларға билік ету құқықтарын беруді көздейтін мәмілелер жасалуы мүмкін.
337-бап. Кеден қоймалары және олардың түрлері
1. Кеден қоймасы кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды сақтауға арналған арнайы белгіленген және жайластырылған құрылыс, үй-жай және (немесе) ашық алаң кеден қоймасы болып танылады.
2. Кеден қоймалары ашық немесе жабық үлгіде болуы мүмкін.
Егер олар кез келген тауарларды сақтау және тауарларға қатысты өкілеттіктерді иеленген кез келген тұлғалардың пайдалануы үшін қолжетімді болса, кеден қоймалары ашық үлгідегі қоймалар болып табылады.
Егер олар кеден қоймасы иесінің тауарларын сақтауға арналған болса, кеден қоймалары жабық үлгідегі қоймалар болып табылады.
3. Кеден қоймаларын орналастыру, жайластыру және жабдықтау жөніндегі талаптар, сондай-ақ олардың құрылу және жұмыс істеу тәртібі осы Кодекстің 46 - 51-баптарында белгіленген.
4. Кеден органдары кеден қоймалары иелерінің тізілімін жүргізеді және оларды мерзімді жариялауды, оның ішінде ақпараттық технологияларды пайдалана отырып қамтамасыз етеді.
338-бап. Тауарларды кеден қоймасында сақтау
1. Басқа тауарларға зиян келтіруі мүмкін немесе сақтаудың айрықша жағдайларын талап ететін тауарлар, мұндай тауарларды сақтау талаптарына сәйкес жабдықталған кеден қоймаларында орналастырылуға тиіс.
2. Кеден қоймасында экспорттың кедендік рәсімімен орналастырылған кеден одағының тауарларын алты ай бойы сақтауға жол беріледі.
3. Кеден қоймасының жұмыс істеуі тоқтатылған жағдайда, кеден қоймасының кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар осы қойманың жұмыс істеуін тоқтату туралы шешім қабылданған күннен кейінгі күннен бастап күнтізбелік алпыс күн ішінде басқа кеден қоймасына тасымалдануға не осы Кодекске сәйкес өзге кедендік рәсімге орналастырылуға тиіс.
Күнтізбелік алпыс күн ішінде осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген іс-әрекеттер жасалмаған кезде, тауарларды кеден органдары осы Кодекстің 26-тарауына сәйкес ұстайды.
339-бап. Кеден қоймасында сақтаған кезеңде еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан жарамсыз болған, бүлінген немесе бұзылған тауарларды өзге кедендік рәсімге орналастыру
Кеден қоймасында сақталған кезеңде еңсерілмейтін күш әсері салдарынан жарамсыз болған, бүлінген немесе бұзылған тауарлар, егер олар жарамсыз, бүлінген немесе бұзылған күйінде әкелінген болса, декларант таңдап алған кедендік рәсімге орналастырылуға жатады.
340-бап. Кеден қоймасы кедендік рәсімі қолданылуының аяқталуы
1. Кеден қоймасы кедендік рәсімінің қолданылуы тауарлардың кеден қоймасында сақталу мерзімі өткенге дейін тауарларды өзге кедендік рәсімге орналастырумен аяқталады.
Кеден қоймасының кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар өзге кедендік рәсімге толық немесе бөлшектеліп орналастырылуы мүмкін.
2. Тауарларды өзге кедендік рәсімге орналастырғаннан кейін бұл тауарлар оларды өзге кедендік рәсімге орналастырған күннен кейінгі күннен бастап үш жұмыс күні ішінде кеден қоймасынан әкетілуге жатады.
341-бап. Кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің туындауы мен тоқтатылуы және оларды төлеу мерзімі
1. Кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылатын шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі міндет:
1) декларантта - кеден органы кедендік декларацияны тіркеген кезден бастап;
2) кеден қоймасының иесінде - тауарларды кеден қоймасына орналастырған кезден бастап туындайды.
2. Кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі міндет:
1) декларантта - тауарларды кеден қоймасына орналастыру кезінде не, егер тауарларды сақтау кеден қоймасында жүзеге асырылмаса, тауарларды өзге кедендік рәсімге орналастыру кезінде;
2) кеден қоймасының иесінде - оларды өзге кедендік рәсімге орналастыруға байланысты тауарларды кеден қоймасынан беру кезінде;
3) осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген тұлғаларда - тауарлар осы Кодекстің 26-тарауына сәйкес ұсталғанда, сондай-ақ осы Кодекстің 129-бабының 2-тармағында белгіленген жағдайларда тоқтатылады.
3. Кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу мерзімі:
1) декларантта:
авария немесе еңсерілмейтін күш әсері салдарынан жойылуды (біржола жоғалуды) не тасымалдаудың (тасымалдың) және сақтаудың қалыпты жағдайы кезіндегі табиғи кемуді қоспағанда, тауарларды кеден қоймасына орналастырғанға дейін жоғалтқан жағдайда, - осындай жоғалту күні, ал егер бұл күн анықталмаса, - кеден органының тауарларды кеден қоймасының кедендік рәсімімен орналастыру үшін ұсынылған кедендік декларацияны тіркеген күні;
авария немесе еңсерілмейтін күш әсері салдарынан жойылуды (біржола жоғалуды) не тасымалдаудың (тасымалдың) және сақтаудың қалыпты жағдайы кезіндегі табиғи кемуді қоспағанда, егер тауарларды сақтау кеден қоймасында жүзеге асырылмаса, тауарларды өзге кедендік рәсіммен орналастырғанға дейін жоғалтқан немесе өзге тұлғаға берген жағдайда, - осындай жоғалту күні, ал егер бұл күн анықталмаса, - кеден органының тауарларды кеден қоймасының кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген кедендік декларацияны тіркеген күні;
2) кеден қоймасының иесінде:
авария немесе еңсерілмейтін күш әсері салдарынан жойылуды (біржола жоғалуды) не сақтаудың қалыпты жағдайы кезіндегі табиғи кемуді қоспағанда, тауарларды жоғалтқан жағдайда, - тауарлардың жоғалған күні, ал егер бұл күн анықталмаса, - тауарлардың кеден қоймасына орналастырылған күні;
мұндай тауарларға қатысты кедендік рәсіммен орналастырылуын растайтын құжаттарды табыс етпей тауарларды кеден қоймасынан берген жағдайда, - беру күні, ал егер бұл күн анықталмаса, - тауарлар кеден қоймасына орналастырылған күн болып есептеледі.