1. Кедендік баждарды төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеуді ұсыну туралы не оны ұсынудан бас тарту туралы шешім төлеушінің жазбаша өтініші және Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген құжаттар берілген күннен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қабылданады.
Кедендік баждарды төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеуді ұсыну туралы өтініште көрсетілетін мәліметтер тізбесі Қазақстан Республикасының халықаралық шартында айқындалады.
2. Кедендік баждарды төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеуді ұсыну туралы не оны ұсынудан бас тарту туралы шешім жазбаша нысанда жасалады, оған кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің не кеденнің басшысы немесе оны алмастыратын тұлға қол қояды. Осы шешім көрсетілген кеден органы кедендік баждарды төлеу мерзімін ұзарту немесе бөліп-бөліп төлеуді ұсыну туралы шешімді қабылдаған күннен кейінгі келесі күннің аяқталуынан кешіктірілмей төлеушіге жіберіледі.
Кедендік баждарды бөліп-бөліп төлеуді ұсыну туралы шешімге бөліп-бөліп төлеуді ұсынған кеден органының келісімі бойынша төлеуші жасаған кезең-кезеңмен төлеу кестесі қоса беріледі. Көрсетілген кесте кедендік баждарды төлеу мерзімін белгілейді және осы шешімнің ажырамас бөлігі болып табылады.
3. Төлеу мерзімін кейінге қалдыруға немесе бөліп-бөліп төлеуге мәлімделген кедендік баж сомасын есептеп шығару үшін Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес белгіленетін және кедендік баждарды төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеуді ұсыну туралы өтініш кеден органында тіркелген күні қолданыста болған валюталардың нарықтық бағамы қабылданады.
4. Кедендік баждарды төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеуді ұсынудан бас тарту туралы шешімде мұндай бас тартудың себебі туралы мәлімет қамтылуға тиіс.
Кедендік баждарды төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеуді ұсыну туралы шешім Қазақстан Республикасының халықаралық шартында айқындалған жағдайларда жойылуға жатады. Бұл ретте мұндай шешімді жойған кеден органы кедендік баждарды төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеуді алу туралы өтініш берген тұлғаны жазбаша нысанда хабардар етеді.
136-бап. Ұсынылған кедендік бажды төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеу сомаларын өтеу мерзімдері
1. Кедендік бажды төлеу мерзімдері өзгерген кезде төлеуші:
1) төлеу мерзімін кейінге қалдыру ұсынылған кезде - кейінге қалдыру мерзімі аяқталған күннен кешіктірмей;
2) бөліп-бөліп төлеу ұсынылған кезде - кедендік әкелу бажын төлеу бойынша бөліп-бөліп төлеуді өтеу кестесіне сәйкес кедендік бажды төлеу мерзімінен кешіктірмей кедендік баждар сомасын өтеуді жүргізеді.
2. Төлеуші төлеу мерзімі өзгертілген кедендік баждың сомасын уақтылы өтемеген немесе өнеркәсіптік қайта өңдеуде пайдалануға арналып әкелінген тауарды көрсетілген төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеудің қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін өткізген жағдайларда, кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі не кеден осы Кодекстің 18-тарауында көзделген тәртіппен кедендік баждың барлық сомасын өндіріп алу жөнінде шаралар қабылдайды.
137-бап. Кедендік бажды төлеудің мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеуді ұсыну туралы шешімнің қолданысын тоқтату
Кедендік бажды төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеуді ұсыну туралы шешімнің қолданылуы мынадай мерзімдерде:
1) кеден органы кедендік бажды төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеуді ұсыну туралы шешімде белгілеген төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеу мерзімі аяқталғанда;
2) төлеуші кедендік бажды төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеуді ұсыну туралы шешімде көрсетілген кедендік баждың барлық сомасын мерзімінен бұрын өтеген кезде;
3) төлеуші төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеудің қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін жүзеге асырмастан өнеркәсіптік өңдеуде пайдалану үшін әкелінген тауарларды өткізген кезде тоқтатылады.
138-бап. Кедендік баждарды, салықтар мен өсімпұлдарды төлеу және аудару тәртібі
1. Кедендік баждар, салықтар мен өсімпұлдар, кедендік транзит кедендік рәсімімен шығарылған тауарларды қоспағанда, тауарларды шығару жүргізілетін кеден органында немесе аумағында тауарларды кеден одағының кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу фактісі айқындалған кеден органында төленеді (өндіріліп алынады).
2. Кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндет туындаған жағдайда, кедендік баждар, салықтар тауарларды кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес шығарған кеден органына төленуге тиіс.
Транзиттік кеден рәсімімен орналастырылған тауарлар кеден одағына мүше басқа мемлекеттің аумағында екендігі Қазақстан Республикасының халықаралық шартында айқындалған тәртіппен анықталса (расталса), кедендік баждар, салықтар кеден одағына мүше осы мемлекетте төленуге тиіс.
3. Төлеуші кедендік баждарды, салықтар мен өсімпұлдарды бюджетке ұлттық валютамен қолма-қол ақша әдісімен және қолма-қол ақшасыз әдіспен, сондай-ақ осы Кодексте белгіленген тәртіппен есепке жатқызуды жүргізу жолымен төлейді.
4. Кедендік баждарды, салықтар мен өсімпұлдарды төлеу кедендік баждардың, салықтар мен өсімпұлдың түріне сәйкес Қазақстан Республикасының кірістердің бірыңғай бюджеттік сыныптамасының (бұдан әрі - бюджеттік сыныптау кодтары) тиісті кірістер коды бойынша жүргізіледі.
2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Төлеушілер кедендік баждарды, салықтарды төлеуді Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясы бар екінші деңгейдегі банктер, сондай-ақ банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы жүргізеді. Кедендік баждарды, салықтар мен өсімпұлды төлеуге арналған төлем құжаттарында төлеуші кеден органы тіркелген жердегі салық органының (бұдан әрі бенефициар салық органы) деректемелерін көрсетеді.
6. Төлеушінің тапсырмасы бойынша кедендік баждарды, салықтар мен өсімпұлды үшінші тұлғалар төлеген кезде төлем құжатының төлем арналымында кедендік баждарды, салықтар мен өсімпұлды төлеу жүргізетін төлеушінің толық атауы, сондай-ақ оның сәйкестендіру нөмірі қосымша көрсетіледі.
7. Төлеушінің кедендік баждар, салықтар бойынша алда тұрған міндеттемелерінің есебіне аванспен кедендік баждарды, салықтарды енгізуге құқығы бар. Кедендік баждардың, салықтардың түрлері бойынша оларды аванспен енгізу кірістердің бірыңғай бюджеттік сыныптау кодтары бойынша жүргізіледі.
8. Кедендік әкелу баждарының төленген (өндіріп алынған) сомалары Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгіленген тәртіппен кеден одағына мүше мемлекеттер арасында есепке жатқызуға және бөлуге жатады.
9. Төлеуші немесе үшінші тұлға төлеушінің шотына кеден баждарын, салықтар мен өсімпұлды төлеген кезде, осы тармақта көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазынашылық органдары кеден органына және бенефициар салық органына кеден ісі саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен күн сайын беретін кірістердің бюджеттік сыныптамасының кодтары бойынша түсімдердің есептілік нысандары олардың төленгенінің растамасы болып табылады.
Төлеуші кедендік баждарды, салықтарды кеден органдарының ғимараттарында орнатылған екінші деңгейдегі банктердің электрондық терминалдары арқылы төлем карточкаларын пайдалана отырып төлеген кезде, аталған электрондық терминал беретін чек тауарларды шығару үшін олардың бюджетке төленуінің растамасы болып табылады.
Төлеуші немесе үшінші тұлға төлеушінің шотына кедендік баждарды, салықтарды тікелей кеден органының ғимараттарында (үй-жайларында) орналасқан екінші деңгейдегі банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың кассалары арқылы төлеген кезде, аталған кассалардың түбіртектері тауарларды шығару үшін олардың бюджетке төленуінің растамасы болып табылады.
Бұл ретте, осы тармақта көрсетілген екінші деңгейдегі банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың кеден органдарымен жасасқан тиісті шарттары болуға тиіс.
10. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында реттелмеген кедендік әкету баждарын төлеу жөніндегі міндеттерді орындау тәртібі, нысаны, төлеу талаптары, сәті осы Кодексте белгіленеді.
11. Осы Кодексте және Кеден одағының кеден кодексінде реттелмеген бюджетке аудару, артық (қате) төленген немесе бюджеттен артық өндіріп алынған кедендік баждардың, салықтардың, өсімпұлдардың сомаларын қайтару тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
12. Осы Кодекстің 301-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында аталған шартты түрде шығарылған тауарларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндетті тоқтату үшін кедендік баждар, салықтар сомасын төлеу декларанттың немесе шартты түрде шығарылған тауарларға қатысты өкілеттіктерге ие тұлғаның аталған тауарларды шартты түрде шығаруды жүргізетін кеден органына берген, кедендік баждардың, салықтардың тиісті сомасын төлегенін растайтын төлем құжаттары, сондай-ақ тауарларды шартты түрде шығару жүзеге асырылатын кедендік декларацияның көшірмесі қоса берілген өтініші негізінде жүзеге асырылады.
Кедендік баждар, салықтар тауарларды шартты түрде шығару жүзеге асырылатын кедендік декларацияда есептелген және кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша жеңілдіктер берілуіне байланысты төленбеген кедендік баждар, салықтар сомасына сәйкес келетін мөлшерде төленеді.
139-бап. Екінші деңгейдегі банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың бюджетке кедендік баждарды, салықтарды, кедендік алымдарды және өсімпұлдарды аудару бөлігіндегі міндеттері
Екінші деңгейдегі банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар:
139-бабының 1) тармақшасының қолданылуы ҚР 2010.30.06. № 298-IV Заңына сәйкес 2012 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатылды. Тоқтатыла тұру кезеңінде банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар бюджетке кедендік төлемдерді, салықтарды, өсімпұлдарды төлеу жөнінде төлем құжаттарын қабылдау кезінде салық төлеушінің тіркеу нөмірінің құрылымына (қалыптастыру алгоритміне) және салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органның деректеріне сәйкес салық төлеушінің тіркеу нөмірінің дұрыс көрсетілуін бақылауға міндеттілігі белгіленіп тоқтатылды
1) бюджетке кедендік баждарды, салықтарды, кедендік алымдарды және өсімпұлдарды төлеу үшін Қазақстан Республикасының резиденттерінен төлем құжаттарын қабылдаған кезде төлеушінің сәйкестендіру нөмірінің сәйкестендіру нөмірлерін қалыптастыру қағидаларына және Қазақстан Республикасының сәйкестендіру нөмірлерін қалыптастыруды және сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерін жүргізуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органының деректеріне сәйкес дұрыс көрсетілуін бақылауға;
2) бюджетке кедендік баждарды, салықтарды, кедендік алымдарды және өсімпұлдарды төлеу үшін Қазақстан Республикасының резидент еместерінен төлем құжаттарын қабылдаған кезде жеке басын куәландыратын құжаттардың және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де құжаттардың дұрыс көрсетілуін бақылауға;
3) төлеушінің банк шотында ақша жеткілікті болған кезде төлеушінің кедендік баждар, салықтар, кедендік алымдар мен өсімпұлдар сомаларын аударуға тапсырмасын орындауды кешіктірмеуге және оны бір операциялық күн ішінде орындауға;
4) кедендік баждарды, салықтарды, кедендік алымдарды және өсімпұлдарды төлеуші қолма-қол ақшаны екінші деңгейдегі банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға енгізген күннен кейінгі келесі операциялық күннен кешіктірмей аударуға;
5) кедендік баждарды, салықтарды, кедендік алымдар мен өсімпұлдарды төлеу екінші деңгейдегі банктердің электрондық терминалы арқылы, төлем карточкасын пайдаланып жүргізілген жағдайда, төлеушінің банк шотынан қолма-қол ақша есептен шығарылған күннен кейінгі келесі операциялық күннен кешіктірмей аударуға міндетті.
140-бап. Кедендік баждардың, салықтардың және кедендік алымдардың төленуін бақылау
1. Кеден органдары өндіріп алу өздеріне жүктелген кедендік төлемдер мен салықтардың бюджетке дұрыс есептелуіне және уақтылы төленуіне бақылауды жүзеге асырады.
2. Кедендік баждардың, салықтардың, кедендік алымдардың және өсімпұлдардың бюджетке түсуін есепке алу және төлеушінің жеке шоттарын жүргізу тәртібі осы Кодексте белгіленеді, ал онда реттелмеген бөлігін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
141-бап. Кедендік баждарды, салықтарды және кедендік алымдар мен өсімпұлдарды төлеу жөніндегі міндеттеменің орындалуын есепке алу
1. Кедендік баждарды, салықтарды және кедендік алымдар мен өсімпұлдарды төлеу жөніндегі міндеттеменің орындалуын есепке алуды кеден органы төлеушінің жеке шотын жүргізу арқылы жүзеге асырады.
2. Кедендік баждардың, салықтардың, кедендік алымдар мен өсімпұлдардың есептелген, есепке жазылған (кемітілген), аударылған және төленген (есепке жатқызылғандары және қайтарылғандары ескерілген) сомасын есепке алуға арналған құжат, оның ішінде электрондық нысандағы құжат төлеушінің жеке шоты болып табылады.
3. Кеден органының төлеушінің жеке шотын жүргізуі:
жеке шотты ашуды;
жеке шотта бұдан әрі кедендік баждардың, салықтардың, кедендік алымдар мен өсімпұлдардың есептелген, есепке жазылған, кемітілген, аударылған, төленген, есепке жатқызылған, қайтарылған сомаларын көрсетуді;
жеке шотты жабуды қамтиды.
4. Мыналар:
төлеуші кедендік декларацияда, кедендік декларацияның түзетуінде;
кеден органы осы Кодекстің 290, 399 және 405-баптарына сәйкес жүргізген кедендік баждардың, салықтардың, кедендік алымдар мен өсімпұлдардың сомасын ұлғайтуды немесе кемітуді қамтитын сома кедендік баждардың, салықтардың, кедендік алымдар мен өсімпұлдың есептелген (кемітілген) сомасы болып табылады.
5. Кедендік баждардың, салықтардың, кедендік алымдар мен өсімпұлдардың сомасын ұлғайтуды немесе кемітуді қоса алғанда:
кедендік бақылау нәтижелері бойынша;
жоғары тұрған кеден органының не соттың төлеушінің пост-кедендік бақылау нәтижелері туралы хабарламасына, кеден органының және (немесе) кеден органы лауазымды адамының шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) төлеушінің шағымын қарау нәтижелері бойынша;
бақылаушы органдардың тексеру нәтижелері бойынша;
алдына ала шешім қабылдау кезінде;
тауарлар мен көлік құралдарын кедендік алып жүру туралы шешім қабылдаған кезде кеден органы алған кедендік баждардың, салықтардың, кедендік алымдар мен өсімпұлдың есептелген сомасы болып табылады.
6. Төлеушінің жеке шоты Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен және нысандар бойынша кедендік баждардың, салықтардың, кедендік алымдар мен өсімпұлдардың түрлері бойынша жүргізіледі.
7. Төлеушінің жеке шоты бюджеттік сыныптама кодына сәйкес жүргізіледі.
8. Төлеушінің жазбаша өтініші бойынша кедендік баждар, салықтар, кедендік алымдар мен өсімпұлдар бойынша кеден органымен салыстыру кеден органы аталған өтінішті тіркеген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
Салыстыру аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген нысан бойынша, екі дана етіп салыстыру актісі жасалады. Салыстыру актісінің бір данасы төлеушіге тапсырылады, екінші данасы кеден органында қалады.
142-бап. Кедендік баждар, салықтар мен кедендік алымдар бойынша берешектің жоқтығы және (немесе) бар екендігі туралы мәліметтерді ұсыну тәртібі
1. Төлеуші кедендік баждар, салықтар мен кедендік алымдар бойынша берешектің жоқтығы және (немесе) бар екендігі туралы мәліметтерді алу үшін кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне немесе кеденге өтініш беруге құқылы.
2. Кеден органы аталған берешектің жоқтығы және (немесе) бар екендігі туралы мәліметтерді төлеушіге:
1) дара кәсіпкерді қызметін тоқтату немесе заңды тұлғаны таратуды, қайта ұйымдастыруды мемлекеттік тіркеу кезінде қажетті кедендік баждар, салықтар және кедендік алымдар бойынша берешектің жоқтығы туралы анықтаманы (бұдан әрі осы баптың мақсаттарында - берешектің жоқтығы туралы анықтама);
2) осы тармақтың 1) тармақшасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, өзге жағдайларда кедендік баждар, салықтар мен кедендік алымдар бойынша берешектің жоқтығы (бар екендігі) туралы анықтаманы (бұдан әрі осы баптың мақсатында - берешектің жоқтығы (бар екендігі) туралы анықтама) жасау және беру арқылы табыс етеді.
3. Кеден органы кеден органдарында ашылған жеке шоттардың деректерін ескере отырып, берешектің жоқтығы туралы анықтаманы, берешектің жоқтығы (бар екендігі) туралы анықтаманы жасайды.
2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Берешектің жоқ екендігі туралы анықтама, берешектің жоқ (бар) екендігі туралы анықтама анықтаманы жасаған кеден органы басшысының немесе оны алмастыратын адамның қолымен және мөрімен куәландырылады және олар берілген кезден бастап күнтізбелік отыз күн бойы жарамды болады.
5. Жеке кәсіпкердің қызметі тоқтатылған немесе заңды тұлға таратылған, қайта ұйымдастырылған жағдайда кеден органы берешектің жоқтығы туралы анықтаманы және (немесе) берешектің жоқтығы (бар екендігі) туралы анықтаманы төлеушінің аталған анықтаманың біреуін алуға арналған өтінішінің және кедендік баждар, салықтар мен кедендік алымдар бойынша салыстыру актісінің негізінде береді.
6. Кеден органы төлеушінің аталған анықтамалардың біреуін алуға арналған өтініші тіркелген күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей берешектің жоқтығы туралы анықтаманы және (немесе) берешектің жоқтығы (бар екендігі) туралы анықтаманы беруге міндетті.
16-тарау. Кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз ету
143-бап. Кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз етудің жалпы шарттары
1. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндетті орындау мынадай:
1) кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды тасымалдау;
2) егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген болса, кедендік баждарды, салықтарды төлеу мерзімдерін өзгерту;
3) тауарларды кеден аумағынан тыс жерде қайта өңдеудің кедендік рәсімімен орналастыру;
4) осы Кодекстің 299 және 300-баптарына сәйкес тауарларды шығару кезінде;
5) тауарларды кедендік қоймаға іс жүзінде орналастырмай, кедендік қойма кедендік рәсімімен орналастыру;
6) кеден аумағында қайта өңдеу рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарларды баламалы тауарлармен ауыстыру;
7) осы Кодекстің 112-бабына сәйкес тауарларды шартты шығару жүзеге асырылатын кедендік құнды айқындау;
8) мерзімдік кедендік декларациялау;
9) тауарларды алушының қоймаларына осы Кодекстің 265-бабына сәйкес орналастыру;
10) кедендік тасымалдаушы немесе кеден өкілі ретінде қызметті жүзеге асыру;
11) уәкілетті экономикалық оператор мәртебесін беру үшін және оның уәкілетті экономикалық оператор ретінде қызметті жүзеге асыру жағдайларында қамтамасыз етіледі.
2. Кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз ету:
1) егер төленуге жататын кедендік баждардың, салықтардың және пайыздардың сомалары - кедендік декларация тіркелген күні, ал егер кедендік декларация ұсынылмайтын болса, қамтамасыз етуді ұсынбау туралы шешім қабылданған күні қолданыста болған, Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес белгіленетін валюталардың нарықтық бағамы бойынша бес жүз евроға баламалы сомадан аспайтын болса;
2) осы Кодексте көзделген басқа жағдайларда берілмейді.
3. Кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз етуді - төлеуші және кеден өкілі, ал тауарларды кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тасымалдаған кезде, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, төлеушінің орнына оларға қатысты кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз ету жүргізілетін тауарларға билік ету, пайдалану және (немесе) пайдалану құқығы бар өзге тұлға да жүргізеді.
4. Кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз ету тауарларды шығаруды жүзеге асыратын кеден органына беріледі.
Егер кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз етуді кеден өкілі және (немесе) кедендік тасымалдаушы беретін болса, мұндай қамтамасыз ету ол қызмет аймағында тіркелген кеден органына берілуге тиіс.
5. Тауарларды кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тасымалдаған кезде кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз ету жөнелтушінің кеден органына не межелі кеден органына берілуі мүмкін.
Кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз етуді қабылдаған кеден органы осындай қамтамасыз етуді растайтын құжатты табыс етеді. Осындай құжатты беру тәртібі және мұндай құжаттың нысаны, сондай-ақ оның қолданылу мерзімі Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында айқындалады.
6. Кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз етуді қайтару (есепке жатқызу) кеден органы қамтамасыз етілген міндеттемелердің орындалуына көз жеткізген жағдайда не қамтамасыз етілген міндеттеме туындамаған жағдайда жүзеге асырылады.
7. Кеден органдарында кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз етуді есепке алу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
144-бап. Кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз ету тәсілдері
1. Кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз ету мынадай тәсілдермен:
ақшамен;
банк кепілдігімен;
кепілгерлікпен;
мүліктік кепілмен;
сақтандыру шартымен жүзеге асырылады.
2. Төлеуші осы баптың 1-тармағында көрсетілген кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз ету тәсілдерінің кез келгенін таңдауға құқылы.
3. Төлеушінің кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттемені орындауы міндеттеменің қолданылу мерзімі ішінде үздіксіз қамтамасыз етілуге тиіс. Ұсынылатын кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз етудің қолданылу мерзімі осы кеден органы алдында қабылданған міндеттемені орындау туралы талапты кеден органының уақтылы жолдауы үшін жеткілікті болуы қажет.
4. Осы тарауда пайдалану мақсатында кедендік баждардың, салықтардың төленуін ақша арқылы қамтамасыз ету тәсілі деп кеден органдарының жеке және заңды тұлғалардың ақшалары уақытша орналастырылатын қолма-қол ақшаны бақылау шотына ақша енгізуі (бұдан әрі - қамтамасыз ету сомаларын ақшаны уақытша орналастыру шотына енгізу) түсініледі.
5. Қамтамасыз ету сомаларын кеден органының ақшаны уақытша орналастыру шотына енгізу түрінде кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз ету төлеушінің ақшаны уақытша орналастыру шотына қамтамасыз ету сомасын қабылдаған кеден органының алдында пайда болатын міндеттемелеріне ғана қолданылады.
Кедендік баждардың, салықтардың төленуін мүліктік кепіл түрінде қамтамасыз ету төлеушімен кепіл шартын жасасқан кеден органы алдындағы осы төлеушінің міндеттемелеріне ғана қолданылады.
6. Кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз ету осы баптың 1-тармағында көзделген екі немесе бірнеше тәсілді құрамдастыру жолымен жүзеге асырылуы мүмкін.
145-бап. Қамтамасыз ету сомаларын кеден органының ақшаны уақытша орналастыру шотына енгізу
1. Ақшаны уақытша орналастыру шотын бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті орган кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне және кедендерге ашады.
2. Кеден органының ақшаны уақытша орналастыру шоты төлеушінің кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз ету сомаларын енгізуге арналған. Қамтамасыз ету сомаларын ақшаны уақытша орналастыру шотына салу Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен жүргізіледі.
3. Төлеуші ақшамен қамтамасыз етілген міндеттемені орындамаған кезде кеден органы аталған міндеттемені орындамау фактісі анықталғаннан кейін күнтізбелік он бес күн өткен соң ақшаны уақытша орналастыру шотынан бюджетке кедендік баждар мен салықтардың төленуге жататын сомаларын аударады.
146-бап. Банк кепілдігін кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз ету ретінде қолдану
1. Кеден органы кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз ету ретінде банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиясы бар банктер тізіліміне енгізілген банктер берген банк кепілдіктерін қабылдайды.
2. Банк кепілдігінің мазмұны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес болуға тиіс.
3. Кеден органы кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз ету ретінде банк кепілдігін қабылдаудан мынадай жағдайлардың бірінде:
1) банк кепілдігін берген банк осы баптың 1-тармағында көрсетілген банктер тізіліміне енгізілмеген және банк кепілдігін беру жөніндегі өкілдіктері жоқ болса;
2) банк кепілдігінің мазмұны Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмесе;
3) төленуі банк кепілдігімен қамтамасыз етілетін кедендік баждардың, салықтардың сомасы банк кепілдігімен расталатын кедендік баждардың, салықтардың сомасынан асып кетсе;
4) банк кепілдігі қолданылуының аяқталу мерзімі кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз ету жөніндегі төлеуші міндеттемесінің орындалу мерзімінен аз болса, бас тартады.
Кеден органы банк кепілдігін кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз ету ретінде қабылдаудан бас тартқан кезде кеден органы мұндай бас тартудың себептерін негіздей отырып, бұл туралы аталған банк кепілдігін ұсынған төлеушіні екі жұмыс күні ішінде жазбаша хабардар етеді.