4) өрт кезінде азаматтардың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында және азаматтарды құтқаруға, оттың таралуын болдырмауға және өртті жоюға бағытталған шараларды қолдану үшін азаматтардың тұрғын және өзге де үй-жайларына, ұйымдарына, оларға тиесілі жер учаскелеріне, дипломатиялық өкілдіктерден және консулдық мекемелерден, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінен басқа аумаққа және үй-жайларға кедергісіз кіруге;
5) қажет болған жағдайларда адамдарды құтқару және өрттерді сөндіру үшін жабулы есіктер мен терезелерді, сондай-ақ қоршалған құрылыстарды бұзуға;
6) өрт сөндіру кезінде адамдарды құтқару үшін ұйымдардың көлігін, байланыс құралдарын, мүлкін және өзге де материалдық құралдарын қолдануға құқығы бар.
66-бап. Өрт-техникалық өнімді өндіру
Өрт-техникалық өнім Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіпте өндіріледі.
Қазақстан Республикасының аумағында өрт-техникалық өнімді қолдануға рұқсатты Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіпте азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган береді.
67-бап. Өрт қауіпсіздігі саласындағы сәйкестікті растау
Өрт қауіпсіздігі саласындағы сәйкестікті растау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте жүзеге асырылады.
68-бап. Өрт қауіпсіздігі саласындағы техникалық реттеу объектілері
Өрт қауіпсіздігі саласындағы техникалық реттеу объектілері өнім және оның өмірлік циклінің процестері болып табылады.
69-бап. Жобалау, салу, реконструкциялау және өндіру кезіндегі өрт қауіпсіздігі талаптары
Техникалық реттеу объектілерін жобалау, салу, реконструкциялау және өндіру кезінде:
1) объектілерді орналастыру;
2) объектілерді пайдалану;
3) объектілердің өрт-техникалық жіктемесі;
4) объектілерді өрт депосының ғимараттарымен және құрылыстарымен қамтамасыз ету;
5) адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
6) өрттің таралуын болдырмау;
7) өрт сөндіру мүмкіндігін қамтамасыз ету;
8) өрт сөндіру кезінде құтқару жұмыстарын жүргізу бойынша талаптар сақталуға тиіс.
70-бап. Пайдалану, сақтау, тасымалдау, қолдану және іске асыру кезіндегі өрт қауіпсіздігі талаптары
Техникалық реттеу объектілерін пайдалану, сақтау, тасымалдау, қолдану және іске асыру кезінде:
1) өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралар;
2) адамдарды эвакуациялау жолдары;
3) өрт туындаған жағдайда адамдардың қауіпсіздігін және іс-қимыл тәртібін қамтамасыз ету;
4) инженерлік жүйелердің жарақтандырылуы мен жұмыс істеуі;
5) өрт автоматикасы жүйелерінің жарақтандырылуы мен жұмыс істеуі, оған қызмет көрсету және тұрақты қызмет көрсету персоналы бар жерлерге шығару;
6) өрт техникасының жарақтандырылуы мен жұмыс істеуі;
7) өрттің таралуын болдырмау;
8) өрт сөндіру мүмкіндігін қамтамасыз ету;
9) объектілердің аумақтарын, ғимараттары мен құрылыстарын, үй-жайларын күтіп ұстау;
10) өрт сөндіру кезінде құтқару жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз ету бойынша талаптар сақталуға тиіс.
12-тарау. Өрт қауіпсіздігі саласындағы тәуекелдерді тәуелсіз бағалау
71-бап. Өрт қауіпсіздігі саласындағы тәуекелдерді тәуелсіз бағалауды жүргізу
1. Өрт қауіпсіздігі саласындағы тәуекелдерді тәуелсіз бағалау объектінің меншік иесі мен сарапшы ұйым арасында жасалатын, тараптардың құқықтары мен міндеттері белгіленетін шарт негізінде жүргізіледі.
Тәуекелдерді тәуелсіз бағалауды жүргізу кезінде сарапшы ұйымның құқықтары мен міндеттері шартта белгіленеді.
Өрт қауіпсіздігі саласындағы тәуекелдерді тәуелсіз бағалау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Сараптама ұйымы өрт қауіпсіздігі саласындағы өзге қызметті жүзеге асыруға, басқа жұмыстарды орындауға және (немесе) қызмет көрсетуге құқылы емес, сондай-ақ өзіне меншік құқығында тиесілі объектіде өрт қауіпсіздігі саласындағы тәуекелдерге тәуелсіз бағалауды жүргізе алмайды.
2. Өрт қауіпсіздігі саласындағы тәуекелдерді тәуелсіз бағалау мынадай іс-шараларды:
1) объектінің өрт қауіптілігін, сондай-ақ персоналдың дайындық деңгейін сипаттайтын құжаттарды талдауды;
2) объектінің өрт қауіпсіздігі жағдайы туралы объективті ақпарат алу, өрттің туындау және өршу, өрттің қауіпті факторларының адамдарға әсер ету мүмкіндігін анықтау үшін, сондай-ақ объектінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін айқындау үшін объектіні тексеруді;
3) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тәртіпте өрт қауіпсіздігі саласындағы тәуекелдерді бағалау бойынша есептерді жүргізуді;
4) объектінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы қорытынды дайындауды қамтиды.
Өрт қауіпсіздігі саласындағы тәуекелдерге тәуелсіз бағалауды жүргізу нәтижелері қорытынды түрінде ресімделеді.
Сарапшы ұйым қорытынды жасалғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде қорытындының көшірмесін уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне ұсынады.
Қорытындының қолданылу мерзімі үш жылды құрайды.
3. Өрт қауіпсіздігі саласындағы тәуекелдерді тәуелсіз бағалау мемлекеттік меншік объектілерінде, адамдар жаппай жиналатын және тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінде жүргізілмейді.
Тәуекелдерді тәуелсіз бағалау нәтижелері объектілерді қауіп-қатер дәрежесі бойынша бөлу үшін негіз болып табылады.
72-бап. Өрт қауіпсіздігі саласындағы тәуекелдерді тәуелсіз бағалау жөніндегі ұйымдарды аккредиттеу
1. Өрт қауіпсіздігі саласындағы тәуекелдерді тәуелсіз бағалау жөніндегі ұйымдарды аккредиттеуді уәкілетті орган жүзеге асырады.
2. Өзінің штатында кемінде үш маманы бар мынадай талаптардың біріне сай келетін:
1) өрт қауіпсіздігі саласында жоғары білімі бар;
2) өзге жоғары білімі және мемлекеттік және (немесе) мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтерде кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар, арнайы оқыту курстарынан өткен ұйымдар сарапшы ұйымдар бола алады.
Сараптама ұйымдарына арналған мамандарды арнайы оқыту курстары мамандандырылған оқыту ұйымдарында өткізіледі, оларға қойылатын талаптарды, сондай-ақ арнайы оқыту курстарынан өту шарттары мен тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
3. Аккредиттеу үшін ұйым мынадай құжаттарды:
1) өтінішті;
2) ұйым жарғысының көшірмесін (тексеруге үшін түпнұсқасын ұсынбаған жағдайда нотариалды куәландырылған);
3) ұйымды заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесін;
4) ұйым мамандарының білімі туралы, мемлекеттік және (немесе) мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтердегі жұмыс өтілі, сондай-ақ олардың арнайы оқыту курстарынан өткені туралы құжаттарының көшірмелерін (тексеру үшін түпнұсқасын ұсынбаған жағдайда нотариалды куәландырылған);
5) ұйымға меншік құқығында немесе өзге заңды негізде тиесілі үй-жай, жабдық туралы мәліметтерді ұсынады.
4. Аккредиттеу туралы құжаттарды қарау және олар бойынша шешімдер қабылдау үшін тұрақты жұмыс істейтін комиссия құрылады, оның құрамы мен қызметінің тәртібін уәкілетті органның басшысы белгілейді. Аккредиттеу туралы құжаттарды қарауды олар уәкілетті органға түскен сәттен бастап есептелетін отыз жұмыс күні ішінде Комиссия жүзеге асырады.
Оң шешім қабылданған жағдайда уәкілетті орган сарапшы ұйымдардың мемлекеттік тізіліміне тиісті жазба енгізеді және өтініш берушіге аккредиттеу аттестатын береді.
5. Ұсынылған құжаттар осы баптың 2 және 3-тармақтарының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, уәкілетті орган аккредиттеуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Аккредиттеуден бас тартылған жағдайда, өтініш берушіге бес жұмыс күні ішінде мұндай бас тартудың себептері көрсетіле отырып, дәлелді жазбаша жауап жіберіледі.
6. Аккредиттеу мәселелері бойынша даулар туындаған кезде өтініш берушілер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте сотқа жүгінуге құқылы.
7. Уәкілетті орган берген аккредиттеу аттестаттары Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жарамды және олардың қолданылу мерзімі бес жыл.
Аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзімі аккредиттеу туралы шешім қабылданған сәттен бастап есептеледі.
Аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзімінің өтуіне байланысты сарапшы ұйым қайта аккредиттеу үшін осы бапта көзделген құжаттарды ұсынады.
8. Аккредиттеу аттестатында:
1) ұйымның атауы (атауы және ұйымдық-құқықтық нысанын көрсету), орналасқан жері;
2) аккредиттеу аттестатының тіркеу нөмірі;
3) аккредиттеу аттестатының сарапшы ұйымдардың мемлекеттік тізілімінде тіркелген күні;
4) аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзімі көрсетіледі.
Аккредиттеу аттестатының бланкілері қатаң есептілік құжаттары болып табылады, олардың қорғанышы мен нөмірі болады.
Аккредиттеу аттестаты бір данада беріледі, аккредиттеу аттестатын басқа заңды тұлғаларға беруге тыйым салынады.
Жоғалған, бүлінген аккредиттеу аттестаттары сарапшы ұйымның уәкілетті органға жазбаша өтініш (аккредиттеу аттестатының жоғалу, бүліну фактісін растайтын құжаттарды қоса) берген күнінен бастап жарамсыз болып саналады.
Уәкілетті орган өтініш берілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде аккредиттеу аттестатының телнұсқасын береді.
9. Аккредиттеу аттестатынан айыру Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіпте жүзеге асырылады.
10. Аккредиттеу аттестатының қолданылуы:
1) сарапшы ұйымның аккредиттеу аттестатының қолданылуын тоқтату туралы өтініш беруі;
2) аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзімінің өтуі;
3) заңды тұлғаның таратылуы;
4) аккредиттеу аттестатынан айыру негізінде тоқтатылады.
11. Аккредиттеу аттестатының қолданылуы тоқтатылған жағдайда сарапшы ұйым аккредиттеу аттестатын уәкілетті органға он күн мерзімде қайтаруға міндетті.
13-тарау. Қауіпті өндірістік объектілерде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету
73-бап. Өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету
1. Өнеркәсіптік қауіпсіздік:
1) өнеркәсіптік қауіпсіздіктің міндетті талаптарын белгілеу және орындау;
2) қауіпті өндірістік объектілерде өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларына сәйкестігін растау рәсімдерінен өткен технологияларды, техникалық құрылғыларды, материалдарды қолдануға рұқсат ету;
3) қауіпті өндірістік объектінің қауіпсіздігін декларациялау;
4) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік қадағалау, сондай-ақ өндірістік бақылау;
5) өнеркәсіптік қауіпсіздікке сараптама жасау;
6) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жұмыстар жүргізуге ұйымдарды аттестаттау;
7) өнеркәсіптік қауіпсіздік мониторингі;
8) кәсіби авариялық-құтқару қызметтерінің қауіпті өндірістік объектілерге қызмет көрсетуі арқылы қамтамасыз етіледі.
2. Өнеркәсіптік қауіпсіздік қағидалары өнеркәсіптік персоналды, халық пен аумақтарды төтенше жағдайлардан қорғау, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы, қоршаған ортаны қорғау, экологиялық қауіпсіздік, өрт қауіпсіздігі, еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау, құрылыс саласындағы нормаларға сәйкес болуға тиіс.
3. Өнеркәсіптік қауіпсіздік қағидалары Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітіледі.
74-бап. Аварияларды жою жоспары
1. Қауіпті өндірістік объектіде аварияларды жою жоспары әзірленеді.
2. Аварияларды жою жоспарында адамдарды құтқару бойынша іс-шаралар, персонал мен авариялық-құтқару қызметтерінің іс-қимылдары көзделеді.
3. Аварияларды жою жоспарында:
1) жедел бөлім;
2) аварияларды жоюға қатысатын персонал арасында міндеттерін бөлу, іс-қимылдары дәйектілігі;
3) авария туындаған жағдайда хабардар етілетін және оны жоюға қатысатын лауазымды адамдар мен мекемелердің тізімдері қамтылады.
4. Аварияларды жою жоспарын ұйым басшысы бекітеді және ол кәсіби авариялық-құтқару қызметтерімен және құралымдарымен келісіледі.
75-бап. Оқу дабылдары және аварияларға қарсы жаттығулар
1. Қауіпті өндірістік объектіде оқу дабылдары және аварияларға қарсы жаттығулар ұйым басшысы бекіткен жоспар бойынша жүргізіледі.
Ұйым оқу дабылдарын және аварияларға қарсы жаттығулар өткізу туралы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне жазбаша хабарлайды.
2. Оқу дабылын ұйым басшысы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің және кәсіби авариялық-құтқару қызметінің өкілдерімен бірлесе отырып, жүргізеді.
3. Оқу дабылының қорытындылары актімен ресімделеді. Актіде жазылған ұсыныстардың орындалуын бақылау ұйым басшысына жүктеледі.
76-бап. Қауіпті өндірістік объектілерді, техникалық құрылғыларды, материалдарды қабылдау сынақтарын жүргізу
1. Қауіпті өндірістік объектілер, қауіпті өндірістік объектілерде қолданылатын техникалық құрылғылар, материалдар, оның ішінде шетелде өндірілгендер өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі бойынша қабылдау сынақтарынан өтуге жатады.
Қабылдау сынақтарын өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында сараптама жүргізу құқығына уәкілетті орган аттестаттаған ұйымдар жүргізеді.
2. Уәкілетті орган аттестаттаған ұйымдар қауіпті өндірістік объектілерді, техникалық құрылғыларды, материалдарды қабылдау сынақтарын жүргізу туралы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне жазбаша түрде хабарлайды.
3. Аттестатталған ұйым қауіпті өндірістік объектілерді, техникалық құрылғыларды, материалдарды қабылдау сынақтарын мынадай құжаттар:
1) сынақтар жүргізу жөніндегі комиссияның тағайындалғаны туралы бұйрық;
2) сынақтар бағдарламасы мен әдістемесі болған кезде жүргізеді.
4. Тәжірибелік үлгілерді қабылдау сынақтары қауіпті өндірістік объектілердің, техникалық құрылғылардың, материалдардың өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ететін жағдайларда жүргізілу тиіс.
5. Уәкілетті органмен келісім бойынша қабылдау сынақтары әзірлеушіде жүргізілуі мүмкін. Сынақтарды жүргізу көлемі мен тәртібін аттестатталған ұйым айқындайды.
6. Шетелде өндірілген қауіпті өндірістік объектілер, техникалық құрылғылар, материалдар үшін Қазақстан Республикасында аттестатталған ұйымның жеткізуші елінде үлгілерді қабылдау сынақтарын жүргізуіне жол беріледі. Мұндай сынақтарды жүргізу уәкілетті органмен келісім бойынша жүзеге асырылады.
7. Қабылдау сынақтарының нәтижелері бойынша қауіпті өндірістік объектілердің, техникалық құрылғылардың, материалдардың өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары мен нормаларына сәйкестігі, кемшіліктердің бар-жоғы туралы акт, оларды жою бойынша ұсынымдар, өнімнің осы түрін Қазақстан Республикасының аумағында қолдану бойынша ұсыныстар беріледі.
77-бап. Қауіпті өндірістік объектілерді, технологияларды, техникалық құрылғыларды, материалдарды, оның ішінде шетелде өндірілгендерді қолдануға рұқсат беру
1. Қауіпті өндірістік объектілерді, технологияларды, техникалық құрылғыларды, материалдарды, оның ішінде шетелде өндірілгендерді қолдануға рұқсат алу үшін өтініш беруші уәкілетті органға технологиялардың, техникалық құрылғылардың, материалдардың өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі туралы мемлекеттік және орыс тілдеріндегі сараптамалық қорытындысымен технологиялардың, техникалық құрылғылардың, материалдардың қолданылу мақсаты және олардың қолданылу аясы туралы қысқаша ақпараты бар өтінішті қоса ұсынады.
2. Қауіпті өндірістік объектілер, технологиялар, техникалық құрылғылар, материалдар өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкес келген кезде уәкілетті орган оларды қолдануға рұқсат береді. Қауіпті өндірістік объектілерді, технологияларды, техникалық құрылғыларды, материалдарды, оның ішінде шетелде өндірілгендерді қолдануға рұқсат беру үшін материалдарды қарау мерзімі күнтізбелік отыз күнді құрайды.
3. Техникалық құрылғылар құрамына кіретін тораптарды, бөлшектерді, аспаптарды, жиынтықтаушы бұйымдарды, қосалқы бөлшектерді қолдануға рұқсат беру талап етілмейді.
4. Пайдалану процесінде қауіпті өндірістік объектілердің, технологиялардың, техникалық құрылғылардың, материалдардың, оның ішінде шетелде өндірілгендердің өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкес еместігі анықталған кезде, оларды қолдануға берілген рұқсат кері қайтарып алынады.
5. Қауіпті өндірістік объектілерді, технологияларды, техникалық құрылғыларды, материалдарды қолдануға берілген, кері қайтарып алынған рұқсаттардың есебін жүргізуді уәкілетті орган жүзеге асырады.
6. Қазақстан Республикасының аумағында рұқсат барлық құқық субъектілері үшін қолданылады.
7. Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етілген және кері қайтарып алынған қауіпті өндірістік объектілерді, технологиялар, техникалық құрылғылар, материалдар, оның ішінде шетелде өндірілгендері туралы ақпарат уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
78-бап. Жарылғыш материалдарды, оның ішінде шетелде өндірілгендерді қолдануға рұқсат беру
1. Жарылғыш материалдарды, оның ішінде шетелде өндірілгендерді қолдануға рұқсатты уәкілетті орган сынақтар кешенін өткізгеннен кейін береді, ол:
1) жарылғыш материалдардың оларды жасап шығаруға және қолдануға арналған техникалық құжаттамада белгіленген талаптарға, оның ішінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін бақылау сынақтарын;
2) өндірістік жағдайларда алдын ала және қабылдау сынақтарын;
3) өндірістік сынақтарды бақылау сынақтарының нәтижелеріне байланысты бір немесе екі кезеңде жүргізуді қамтиды.
2. Сынақтар жүргізу жөніндегі комиссияның құрамына кәсіпорынның, сарапшы ұйымның және уәкілетті органның өкілдері енгізілуге тиіс.
3. Өтініш беруші рұқсат алу үшін уәкілетті органға тәжірибелік партияны қабылдау сынақтарының актісімен және жарылыс жұмыстары саласындағы аттестатталған ұйымның мемлекеттік және орыс тілдеріндегі сараптамалық қорытындысымен қоса өтінішті ұсынады.
79-бап. Өнеркәсіптік қауіпсіздікке сараптама жүргізу
1. Өнеркәсіптік қауіпсіздікке сараптама жүргізуге:
1) қауіпті өндірістік объектіні салудың, кеңейтудің, реконструкциялаудың, техникалық қайта жарақтандырудың, консервациялаудың және жоюдың жобалық құжаттамасы.
Жобалық құжаттамаға өзгерістер енгізілген кезде қайта сараптама жүргізу міндетті;
2) қауіпті өндірістік объектілер;
3) қауіпті өндірістік объектілерде қолданылатын технологиялар, техникалық құрылғылар, материалдар;
4) өндірістік қауіпсіздік декларациясы;
5) ғимараттардың, құрылыстардың жай-күйі;
6) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жұмыстарды жүргізуге аттестат алған кезде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне ұйымдар;
7) қауіпті өндірістік объектіні декларациялау туралы шешім қабылдау үшін қажетті жаңадан енгізілетін қауіпті өндірістік объектілердің жоба алды құжаттамалары және қолданыстағы қауіпті өндірістік объектілері істерінің нақты жағдайы жатады.
2. Өнеркәсіптік қауіпсіздікке сараптаманы уәкілетті орган аттестаттаған, өтініш беруші ұйымнан тәуелсіз ұйымдар қауіпті өндірістік объект иесінің қаражаты есебінен жүргізеді.
3. Сараптамалық қорытынды өнеркәсіптік қауіпсіздікке жүргізілген сараптаманың нәтижесі болып табылады.
80-бап. Ұйымдарды өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жұмыстар жүргізуге аттестаттау
1. Ұйымдар:
1) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында сараптама жүргізу;
2) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мамандарды даярлау, қайта даярлау, олардың біліктілігін арттыру;
3) жарылыс жұмыстары саласында сараптама жүргізу;
4) өнеркәсіптік қауіпсіздік декларациясын әзірлеу;
5) газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсету құқығына аттестаттауға жатады.
2. Аттестаттау үшін ұйым уәкілетті органға өнеркәсіп саласын және жүзеге асырылатын қызмет түрін көрсете отырып, ұйым жарғысының көшірмесін, ұйымның заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің көшірмесін, ұйымның өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарымен белгіленген өтініш берілген жұмыс түрлеріне сәйкестігі туралы сараптамалық қорытындының түпнұсқасын, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы талаптарды білуіне тексеруден өткен мамандардың біліктілік құрамы, материалдық-техникалық базасы туралы мәліметтермен қоса өтінішті ұсынады.
3. Құжаттарды қарау құжаттардың толық көлемде тапсырылған күнінен бастап бір айдан кешіктірмей жүзеге асырылады.
4. Уәкілетті орган қарау қорытындылары бойынша аттестаттау немесе аттестаттаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
5. Аттестаттау немесе аттестаттаудан бас тарту туралы дәлелді шешім ұйымға шешім қабылданған күннен бастап бес күндік мерзімде беріледі.
6. Аттестатты беруден мынадай себептер бойынша:
1) осы баптың 3-тармағында көрсетілген құжаттар ұсынылмағанда;
2) ұйым өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмегенде бас тартылуы мүмкін.
Ұйым көрсетілген себептерді жойған кезде аттестаттау туралы өтініш жалпы негіздерде қаралады.
7. Аттестаттың қолданылу мерзімі бес жылды құрайды.
Аттестат бланктері қатаң есептілік құжаттары болып табылады, олардың қорғанышы мен нөмірі бар.
Аттестат бір данада беріледі, оны басқа заңды тұлғаларға беруге тыйым салынады.
Уәкілетті органға субъектінің жазбаша өтінішті (аттестаттың жоғалу, бүліну фактісін растайтын құжаттарды қоса берумен) берген күнінен бастап жоғалған, бүлінген аттестаттар жарамсыз деп саналады. Уәкілетті орган өтінішті берген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде аттестаттың телнұсқасын береді.
Ұйым осы баптың 1-тармағында көзделген азаматтық қорғау саласындағы заңнама талаптарын бұза отырып, қызметін жүзеге асырған, оның ішінде объектінің өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы талаптарға сәйкестігі/сәйкес еместігі туралы толық емес және/немесе дәйексіз ақпаратты ұсынған жағдайда уәкілетті орган Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық заңнамасында көзделген тәртіппен әкімшілік жауапкершілікке тартады және аттестаттың қолданылуын тоқтата тұрады.
Аттестаттың қолданылуын тоқтата тұрудың себептері жойылмаған жағдайда аттестаттан айыру сот тәртібінде жүзеге асырылады.
Аттестаттың қолданылуы:
ұйым аттестатының қолданылуын тоқтату туралы өтінішін ұсынған;
оның қолданылу мерзімі өткен;
заңды тұлға таратылған;
аттестаттан айырған жағдайда тоқтатылады.
8. Аттестат алған ұйымдар немесе аттестат қолданылуының тоқтатылғаны туралы ақпаратты уәкілетті орган өз интернет-ресурсында орналастырады немесе республикалық мерзімді баспа басылымдарында жариялайды.
Уәкілетті орган берілген және қолданылуы тоқтатылған аттестаттардың тізілімін жүргізеді.
9. Заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайда аттестат құқық мирасқоры болып табылатын заңды тұлғаның атына бес жұмыс күні ішінде құқық мирасқорлық фактісін растайтын құжаттары қоса берілген жазбаша өтініші негізінде қайта ресімделеді.
81-бап. Қауіпті өндірістік объектілер
1. Қауіпті өндірістік объектілерге:
1) мынадай:
адам денсаулығы және қоршаған орта үшін қауіпті заттарды қамтитын өндірістік қалдықтар;
иондандырушы сәулелендіру көздері;
тұтанғыш - қалыпты қысым және ауамен қосылу жағдайында тұтанғыш болатын және қайнау температурасы қалыпты қысым жағдайында 20 немесе одан төмен Цельсий градусын құрайтын зат;
жарылғыш - сыртқы әсердің белгілі бір түрлері кезінде жылу бөліп, газ құрап, өздігінен жылдам тарайтын химиялық өзгерістерге ұшырай алатын зат;
жанғыш - өздігінен тұтанып, сондай-ақ от алдыру көзінен от алып, оны алып тастағаннан кейін өздігінен жанатын зат;
тотықтандырғыш - жануға көмектесетін, тұтануды тудыратын және (немесе) тотықтандыру-қалпына келтірудің экзотермиялық реакциясы нәтижесінде басқа заттардың тұтануына себеп болатын зат;
уытты - тірі организмдерге әсер ету кезінде олардың өліміне әкеп соқтыруға бейім және мынадай сипаттамасы бар зат:
асқазанға енгізілген кезде орташа өлім дозасы салмағы бір килограмм салмаққа қоса алғанда 15-тен 200 миллиграмға дейін келетін;
теріге енгізген кезде орташа өлім дозасы салмағы бір килограмм салмаққа қоса алғанда 50-ден 400 миллиграмға дейін келетін;
ауадағы орташа өлім концентрациясы бір литрге қоса алғанда 0,5-тен 2 миллиграмға дейін келетін;
жоғары уытты - тірі организмдерге әсер ету кезінде олардың өліміне әкеп соқтыруға бейім және мынадай сипаттамасы бар зат:
асқазанға енгізілген кезде орташа өлім дозасы бір килограмм салмаққа 15 миллиграмнан аспайтын;
теріге енгізген кезде өлім дозасы бір килограмм салмаққа 50 миллиграмнан аспайтын;
ауадағы орташа өлім концентрациясы бір литрге 0,5 миллиграмнан аспайтын;
қоршаған ортаға қауіп төндіретін, оның ішінде су ортасында мынадай қатты уытты көрсеткіштермен сипатталатын зат:
балыққа тоқсан алты сағат бойына ингаляциялық әсер ету жағдайында орташа өлім дозасы бір литрге 10 миллиграмнан аспайтын; дафнияға қырық сегіз сағат бойына әсер ету жағдайында белгілі бір әсер тудыратын удың орташа концентрациясы бір литрге 10 миллиграмнан аспайтын;