2) авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу бойынша негізгі күштерді шоғырландыру учаскелерін, күштер мен құралдардың қажетті санын, құтқару жұмыстарын жүргізудің әдістері мен тәсілдерін айқындайды;
3) төтенше жағдайлар аймағындағы объектілерде және ұйымдардың аумағында құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу туралы шешім қабылдайды;
4) авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарына міндеттер қоюды жүзеге асырады, олардың өзара іс-қимылын ұйымдастырады, олардың қауіпсіздігін және қойылған міндеттердің орындалуын қамтамасыз етеді;
5) төтенше жағдай аймағындағы жағдайдың өзгеруіне бақылауды жүзеге асырады және тиісті шешімдер қабылдайды;
6) қажеттілік шамасына қарай қосымша күштер мен құралдарды шақырьады, олардың кездесуін ұйымдастырады, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу орнын (ауданын) айқындайды;
7) күштер мен құралдардың резервін құруды ұйымдастырады, ауысыммен жұмыс істеу тәртібін айқындайды;
8) төтенше жағдайдың ғаламдық және өңірлік ауқымда таралуы кезінде Қазақстан Республикасының Үкіметіне, уәкілетті органына төтенше жағдайлар аймағында қалыптасқан жағдай және авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі олардың қабылдаған шешімдері туралы хабарлайды;
9) күштер мен құралдардың төтенше жағдай орнынан кету тәртібін айқындайды;
10) төтенше жағдайдың таралуы кезінде аса қажеттілік жағдайда төтенше жағдайды жою басшысы (адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төнгенде):
төтенше жағдай аймағына адамдар мен көліктің кіруін шектейді;
төтенше жағдай аймағындағы ұйымдардың қызметін тоқтата тұрады;
авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге авариялық-құтқару қызметтерінің күштері мен құралдарын, азаматтық қорғау құралымдарын және көрсетілген құралымдардың құрамына кірмейтін құтқарушыларды тартады;
кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге ерікті негізде халықты, сондай-ақ құтқарушы болып табылмайтын жекелеген азаматтарды олардың келісімімен құтқару жұмыстарын жүргізуге тартады;
төтенше жағдай аймағында эвакуациялық іс-шараларын жүргізуді ұйымдастырады;
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес шығыстарды кейіннен өтей отырып, ұйымдардың материалдық-техникалық, азық-мүліктік, медициналық және басқа ресурстарын тартады;
аса қажет болған жағдайда қабылданған шешімдер туралы тиісті мемлекеттік органдарды, ұйымдардың басшыларын тез арада хабардар ету жөнінде шаралар қабылдайды;
төтенше жағдайлардың өрлеуіне әрі құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстардың барысына негізделген өзге де қажетті шараларды қабылдайды.
37-бап. Авариялық-құтқару қызметі мен құралымдарды төтенше жағдайлардың салдарын жоюға тарту
1. Авариялық-құтқару қызметтерін төтенше жағдайлардың салдарын жоюға тарту:
1) төтенше жағдайлардың туындауы және дамуы кезінде;
2) авариялық-құтқару қызметтері және құралымдарымен қызмет көрсетілетін объектілер мен аумақтарда;
3) төтенше жағдайлардың салдарын жою бойынша іс-қимылдар жоспарларына сәйкес;
4) авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдардың қызметтеріне басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органның лауазымды адамдарының шешімі бойынша, сондай-ақ аумағында төтенше жағдайлар қалыптасқан мемлекеттік орган немесе ұйымдардың сұрау салуы негізінде жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде төтенше жағдайлардың салдарын жоюға кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын тарту Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жүзеге асырылады.
3. Шарт негізінде қауіпті өндірістік объектілерге қызмет көрсететін кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын уәкілетті лауазымды адамның шешімі бойынша төтенше жағдайларды жоюға тарту сол объектілерде олардың қорғанысын қажетті деңгейде қамтамасыз ететін күштер мен құралдардың жеткілікті санының міндетті сақталуы жағдайында жүзеге асырылады.
38-бап. Ішкі істер органдарының, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың күштері мен құралдарын төтенше жағдайларды жоюға тарту
Ішкі істер органдарының, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа әскерлер мен әскери құралымдардың күштері мен құралдарын төтенше жағдайларды жоюға тарту Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына және төтенше жағдайлар салдарын жою жөніндегі іс-қимыл (өзара іс-қимыл) жоспарларына сәйкес жүзеге асырылады.
39-бап. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының қызметтеріне көмек көрсету
1. Орталық және жергілікті атқарушы органдар, ұйымдар төтенше жағдайлардың аймақтарына бара жатқан және төтенше жағдайлардың салдарын жою бойынша жұмыстар жүргізетін және орналасқан жеріне қайтып келе жатқан авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарына барынша көмек көрсетуге міндетті.
2. Авариялық-құтқару мен басқа да кезек күттірмейтін жұмыстар жүргізілетін жерге бара жатқан кезде кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының жедел көлігі, оның ішінде уақытша тартылған және жалға алынған көлік кедергісіз жүру құқығын, аэродромдарда, май құю станцияларында, теңіз және өзен порттарында жанар-жағармай материалдарымен бірінші кезекте қамтамасыз етілу құқығын, сондай-ақ техникалық қызмет көрсету станцияларында, аэродромдарда, теңіз және өзен порттарында жөндеу жұмыстарын бірінші кезекте жүргізу құқығын пайдаланады.
40-бап. Авариялық-құтқару қызметтерінің құқықтары мен жауапкершілігі
1. Төтенше жағдайлар салдарын жою кезінде авариялық-құтқару қызметтері азаматтарды құтқаруға және төтенше жағдайларды болдырмауға бағытталған шараларды қабылдау үшін ұйымдардың аумағы мен өндірістік объектілеріне, тұрғын үй-жайларға кедергісіз кіруге құқылы.
2. Авариялық-құтқару қызметтерінің жеке құрамы, төтенше жағдайлардың салдарын жоюдың өзге де қатысушылары азаматтардың қаза болуын алдын алу және оларды құтқару бойынша шараларды қабылдау кезінде келтірілген шығынды өтеуден босатылады.
41-бап. Уәкілетті органның жедел резерві
Уәкілетті органның жедел резерві алдын ала құрылады және кезек күттірмейтін және бірінші кезекті тіршілікті қамтамасыз ету, төтенше жағдайлар аймағында зардап шеккен халыққа кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсету және Қазақстан Республикасының аумағындағы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жоюмен байланысты бірінші кезекті авариялық-құтқару жұмыстарын қамтамасыз ету үшін арналған.
42-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде мүлікті реквизициялау
Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде мүлікті реквизициялау ерекше жағдайларда халықты, қоршаған ортаны және объектілерді табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан кепілді түрде қорғауды қамтамасыз ету үшін құрылған материалдық-техникалық, азық-түлік, медициналық және басқа да ресурстардың мемлекеттік резерві болмаған немесе жеткіліксіз болғанда «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіпте жүзеге асырылады.
43-бап. Авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстар
Авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстар:
1) авариялық-құтқару жұмыстарына;
2) басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарға бөлінеді.
Авариялық-құтқару жұмыстары осы жұмыстарды жүргізетін адамдардың өмірі мен денсаулықтарына қауіп төндіретін факторлардың болуымен сипатталады және оларды арнайы дайындауды, қызметтік киіммен жабдықтауды және жарақтандыруды талап етеді.
Авариялық-құтқару жұмыстарына төтенше жағдай аймағын және зақымдандыру ошағын барлау, зардап шеккендерді іздеу және қоршаудан шығару, өрттерді сөндіру, төтенше жағдай аймағына және зақымдандыру ошағына сұйық отынды, газды, электр энергиясын және суды берудің зардап шегушілерді іздеуге және құтқаруға кедергі жасайтын көздерін авариялық сөндіру, адамдарды құтқару, оларға алғашқы медициналық көмек көрсету, зардап шегушілерді төтенше жағдай аймағынан және зақымдандыру ошағынан эвакуациялау, олардың тіршілігін қамтамасыз ету жатады.
Басқа да кезек күттірмейтін жұмыстар тығыз мерзімде орындалады және авариялық-құтқару жұмыстары толық аяқталғанға дейін үздіксіз жүргізіледі.
Басқа кезек күттірмейтін жұмыстарға азаматтық қорғаудың күштері мен құралдарын енгізу маршруттарын және авариялық-құтқару жұмыстардың объектілеріне кіреберіс жолдарын жабдықтау; коммуналдық-энергетикалық желілердегі аварияларды оқшаулау және жою, технологиялық қондырғылар мен құбырларда жарылыстар мен өрттерді болдырмау; су құбырлары, энергетикалық, газ және жылу желілерінің және байланыс желілерінің жекелеген учаскелерін қалпына келтіру; уақытша су құбыры желілерін төсеу; уақытша сұлбалар бойынша зардап шеккен халық пен құтқарушылардың тіршілігін қамтамасыз етудің бірінші кезекті объектілерін қалпына келтіру, аумақтарды санитарлық тазарту, сондай-ақ зардап шеккендер мен құтқарушыларды уақытша орналастыру және басқа да осындай мақсаттар үшін зақым келтірілген ғимараттар мен құрылыстарды нығайту немесе жарым-жартылай қалпына келтіру жатады.
44-бап. Жеке және заңды тұлғалардың денсаулығы мен мүлкіне, азаматтық қорғау саласындағы объектілерге келтірілген зиянды өтеу
Жеке тұлғалардың денсаулығына келтірілген зиян жәбірленушінің еңбек қабілеттілігінен айырылу дәрежесін, оның емделуіне, денсаулығын қалпына келтіруіне, аурудың күтіміне жұмсалған шығындарды, Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес берілетін бір жолғы мемлекеттік жәрдемақыларды ескере отырып, зиян келтірушінің есебінен толық көлемде өтелуі тиіс.
Зардап шеккен жеке және заңды тұлғалар залал келтірушіден жеке тұлғаның денсаулығына келтірілген залалмен немесе жақын туыстардың өлімімен, сондай-ақ ұйымдар мен азаматтардың қызметі туғызған техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан олардың мүлкінің зақымдануымен немесе жойылуымен байланысты шығындарды өтеуді талап етуге құқылы.
Техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан жеке тұлғалардың денсаулығына зиянды, жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне залалды өтеу ерікті түрде немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот шешімі бойынша жүргізіледі.
Техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың туындауына кінәлі ұйымдар мен азаматтар жерлердің рекультивациясына және жердің табиғи құнарлығын қалпына келтіру бойынша шығындарды қоса алғанда, жерге, суға, өсімдік және жануарлар әлеміне (аумағына) келтірілген залалды өтеуге міндетті.
Табиғи сипаттағы төтенше жағдайдың салдарынан болған залал азаматтардың ең аз қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажетті мөлшерде өтеледі.
Зардап шегуші төтенше жағдайдың туындау қаупі, мүлікті сақтау тәсілдері туралы хабардар етілген жағдайда мүліктің жойылу немесе бүліну қауіп-қатерін төмендету шараларын қабылдамаған және зардап шегуші ескертуді елемеген кезде залалды өтеу алып тасталады.
Азаматтардың денсаулығы мен мүлкіне, шаруашылық объектілерге келтірілген залалды өтеуді Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Салынған тұрғын үй Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіпте төтенше жағдай нәтижесінде үйсіз қалған азаматтарға беріледі.
Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй Қазақстан Республикасы аумағындағы экологиялық апаттар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын уйі тұруға жарамсыз болған азаматтарға өтемсіз негізде беріледі.
Мыналар:
1) аяқталмаған құрылыс объектілері, уақытша құрылыстар, шаруашылық-тұрмыстық және сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамаға сәйкес жылжымайтын объектілерге жатпайтын өзге де құрылыстар, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар бас жоспарының талаптарына жауап бермейтін аумақтарда салынған объектілер;
2) бағалы киім, сән-салтанатты немесе қымбат бағалы металдардан жасалған, сондай-ақ көркемдік құндылығы бар заттар өтелуге және қалпына келтірілуге жатпайды.
Төтенше жағдай туындаған кезде сақтандыру объектісі болып табылған жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне келтірілген залал Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіпте сақтандырушы қаражаты есебінен өтелуге жатады.
Сақтандыру төлемін жүзеге асырған сақтандырушы жүзеге асырылған сақтандыру төлемі шегінде залал келтірушіден сақтандыру төлемін өтеуді талап етуге құқылы.
Республикалық мемлекеттік кәсіпорындарға тиесілі, республикалық меншік объектілері болып табылатын ғимараттарға, құрылыстарға залал келтірілген жағдайда, жергілікті ауқымдағы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарын жоюға бюджеттік қаражат бюджеттік бағдарламалардың тиісті әкімшілері арқылы республикалық бюджеттен бөлінеді.
9-тарау. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары
45-бап. Авариялық-құтқару қызметі мен құралымдарын құру
Қазақстан Республикасында авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары:
1) тұрақты штат негізінде - кәсіби авариялық-құтқару қызметі мен құралымдары, оның ішінде өртке қарсы, суда құтқару, жедел-құтқару, жедел медициналық және психологиялық көмек, әуе-құтқару, әскерилендірілген тау-кен құтқару, атқыламаға қарсы, газдан құтқару және басқа төтенше жағдайлар саласындағы басқа мамандандырылған бөлімдер мен бөлімшелер;
2) ерікті негізде - ерікті авариялық-құтқару құралымдары, оның ішінде ерікті өртке қарсы және суда құтқару құралымдары құрылады.
2. Кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары:
1) республикалық және аумақтық (бекітілген аумақтар мен қауіпті өндірістік объектілерде авариялық-құтқару жұмыстарын орындайтын мемлекеттік мекемелер және шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорындар) - Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша;
2) объектілік (қызметін жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасы заңдарымен және өзге нормативтік құқықтық актілермен ұйымдардың өздерінде авариялық-құтқару қызметінің міндетті түрде болуы көзделген) - объект басшысының шешімі бойынша құрылады.
3. Кәсіби авариялық-құтқару қызметтері құтқару және арнаулы техникамен, жабдықпен, құрал-сайманмен, керек-жарақпен, аспаптармен жарақтандырылады.
Құтқару және арнаулы техника, авариялық-құтқару аспап, құтқару жабдығы мен құрал-саймандары, сондай-ақ авариялық-құтқару қызметтерінің құтқарушылары ғимараттар мен құрылыстардың мамандандырылған кешенінде орналастырылады.
4. Ерікті авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын өз қызметкерлерінен жасақталған ұйымдар құрады.
46-бап. Авариялық-құтқару қызметтерін тіркеу
1. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу құқығына куәлік негізінде міндетті тіркелуге жатады.
2. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын тіркеуді (есепке алуды) уәкілетті орган жүзеге асырады.
47-бап. Авариялық-құтқару қызметтерінің қызметi
1. Авариялық-құтқару қызметі мен құралымдары өз қызметінде Қазақстан Республикасының заңнамасын, тиісті ережелерді, жарлықтарды, қағидалар мен басқа нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады.
2. Кәсіби авариялық-құтқару қызметтері төтенше жағдайлар аймақтары мен зақымдандыру ошақтарындағы авариялық-құтқару жұмыстар мен басқа да кезек күттірмейтін жұмыстардың барлық тізбесін жүргізеді.
3. Кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының қызметі ерекше сипатта болады, аталған қызметтің басшылары берген бұйрықтар мен өкімдерді олардың барлық қызметкерлерінің мүлтіксіз орындауын көздейді. Бұл талаптар, сондай-ақ оларды төтенше жағдайларды жоюға ерікті авариялық-құтқару құралымдарына тартқан кезден бастап қойылады.
4. Кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының тұрақты дайындығы кәсіби даярлау бойынша оқу-жаттығулар, жүйелі сабақтар мен арнайы жаттықтыру жиындарын өткізу арқылы қамтамасыз етіледі және өз өкілеттігі шегінде уәкілетті орган жүзеге асыратын аттестаттау және тексерулер барысында тексеріледі.
5. Азаматтық қорғау күштерінің жедел көлігі дыбыстық және жарықтық дабылдары бар арнаулы құрылғылармен, сондай-ақ белгіленген үлгідегі түрлі-түсті бояулы таңбалармен міндетті түрде жабдықталады.
48-бап. Авариялық-құтқару қызметтерін аттестаттау
1. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары аттестаттауға және қайта аттестаттауға жатады.
2. Авариялық-құтқару қызметтерін және құтқарушыларын аттестаттау:
1) олардың авариялық-құтқару жұмыстарын орындау даярлығының дәрежесін;
2) тиісті техниканың, мүліктің және жабдықтардың болуы мен жай-күйін;
3) құтқарушылардың кәсіби әдетінің, медициналық дайындығының, дене бітімі, психологиялық және моральдық дайындығының сәйкестігін анықтау мақсатында жүргізіледі.
3. Авариялық-құтқару қызметтері және құтқарушылар бастапқы, қайталама, мерзімді және кезектен тыс аттестаттауға жатады:
1) бастапқы аттестаттауға жаңадан құрылған авариялық-құтқару қызметтері, сондай-ақ құтқарушы болуға тілек білдірген азаматтар жатады;
2) авариялық-құтқару қызметтері мен құтқарушылардың қызметін жаңғырту үшін, өткен аттестаттауда анықталған кемшіліктер жойылғаннан кейін қайталама аттестаттау жүргізіледі;
3) авариялық-құтқару қызметтері мен құтқарушыларды мерзімді аттестаттау оларды аттестаттау мерзімі өткен соң, бірақ кемінде үш жылда бір рет жүргізіледі;
4) авариялық-құтқару қызметтері мен құтқарушыларды кезектен тыс аттестаттау олардың орындайтын авариялық-құтқару жұмыстарының тізбесі өзгерген жағдайда жүргізіледі.
4. Аттестаттауды:
1) өзі жұмыс істейтін құтқару бөлімшесінің ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, кәсіби республикалық авариялық-құтқару қызметтерін, құралымдарын аттестаттау және құтқарушыларға «Халықаралық сыныптағы құтқарушы» сыныптық біліктілігін беру үшін уәкілетті органның шешімімен;
2) ведомстволық авариялық-құтқару қызметтерін және құрамаларын аттестаттау үшін уәкілетті органның, министрліктің, ведомствоның, жергілікті атқарушы органның бірлескен шешімімен;
3) құтқарушыларды аттестаттау үшін авариялық-құтқару қызметі, құралымдары бастықтарының шешімімен заңнамада белгіленген тәртіпте құрылатын аттестаттау комиссиялары жүргізеді.
5. Аттестаттаудан өткен авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарына уәкілетті органның тиісті аттестаттау комиссияларының шешімі негізінде авариялық-құтқару жұмыстарының белгілі бір тізбесін жүргізу құқығына белгіленген үлгідегі куәлік, ал құтқарушыларға құтқарушы кітапшасы және жетон беріледі.
49-бап. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының, сондай-ақ мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтердің жұмысын үйлестіру
1. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының, мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтердің жұмысын үйлестіруді уәкілетті орган жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының аумағында авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының, мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтердің жұмысын үйлестіру:
1) төтенше жағдайлар салдарын жою үшін қажетті күштер мен құралдарды жедел тарту;
2) авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары жұмысының нормативтік құқықтық базасын біріздендіру;
3) мемлекеттік емес өртке қарсы және авариялық-құтқару қызметтері, құралымдары және мүдделі мемлекеттік органдар бөлімшелері арасындағы өзара іс-қимылды пысықтау мақсатында жүзеге асырылады.
50-бап. Авариялық-құтқару қызметтерінің орнын ауыстыру, оларды қайта бейімдеу, тарату
1. Міндетті түрде құрылу қажеттігі Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кәсіби авариялық-құтқару қызметі мен құралымдарын басқа жерге ауыстыруға, оларды құтқару жұмыстары мен басқа да кезек күттірмейтін жұмыстардың өзге түріне қайта бейімдеуге немесе таратуға олар қызмет көрсететін басқа ұйымдардың жұмыс істеуінің тоқтатылуы немесе оларды алдын алу және жою үшін аталған қызметтер мен құралымдар арналған төтенше жағдайлар пайда болу қаупінің жойылуы негіз болып табылады.
2. Авариялық-құтқару қызметтерін тарату туралы шешімдер қабылдаған кезде, ұйым басшылығы ол туралы уәкілетті органды хабардар етеді.
51-бап. Құтқарушылар
1. Құтқарушы болу ниеті бар Қазақстан Республикасының азаматтары он сегіз жасқа толған, жоғары, орта (толық) жалпы білімі бар, медициналық куәландыру кезінде құтқарушы жұмысына жарамды деп танылған болуы тиіс.
2. Қазақстан Республикасының азаматтары медициналық куәландырудан, дене шынықтыру жөніндегі нормативтерді орындаудан, құтқарушылар даярлаудың бағдарламасы бойынша оқытудан өткеннен кейін, авариялық-құтқару жұмыстары мен басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге аттестаттау нәтижелері бойынша құтқарушы мәртебесіне ие болады.
3. Қазақстан Республикасының азаматтарына құтқарушы мәртебесін беру туралы аттестаттау органдарының шешімі қабылданған кезде оларға белгіленген үлгідегі куәлік, құтқарушы кітапшасы бетіне тегі, аты, әкесінің аты, қан тобы және құтқарушының тіркеу нөмірі жазылған жетон беріледі.
52-бап. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын жасақтау
1. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының жеке құрамын жасақтау ерікті негізде жүзеге асырылады.
2. Авариялық-құтқару қызметтерінде тікелей құтқарушылар міндетін атқаруға құтқарушыларды даярлау бағдарламасы бойынша оқу бітірген және авариялық-құтқару жұмыстары мен басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге белгіленген тәртіппен аттестаттаудан өткен азаматтар тікелей құтқарушылар міндетін атқаруға жіберіледі.
Құтқарушылар болып жұмысқа психикалық ауруы, денсаулық жағдайы себепті, маскүнемдігі немесе нашақорлығы бойынша денсаулық сақтау органдарында есепте тұратын, сондай-ақ жұмысқа кіру уақытында Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен соттылығы өтелмеген немесе алынбаған адамдар қабылдана алмайды.
Аталған адамдар кәсіби авариялық-құтқару қызметтерінде үш ай ішінде тағылымдамадан өткен соң және құтқарушы біліктілігін алғаннан кейін дербес жұмысқа жіберіледі.
Авариялық-құтқару қызметтерінің басшы құрамы қызмет көрсететін ұйым қызметінің немесе аумақтың ерекшелігіне сәйкес жоғары білімі бар және арнайы дайындықтан өткен адамдардан жинақталады.
53-бап. Құтқарушылардың құқықтары
1. Авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарға тартылған құтқарушылардың аталған жұмысты жүргізетін жерге бару кезінде көліктің барлық түріне билеттерді кезексіз алуға құқығы бар.
2. Құтқарушылар тиесілілік нормалары бойынша арнайы киім-кешекпен және жарақтармен қамтамасыз етіледі.
3. Авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу барысында құтқарушылар: