16-тарау. Мемлекеттік резервті пайдалану
100-бап. Мемлекеттік резервтен материалдық құндылықтарды шығарудың негіздері мен тәртібi
Мемлекеттік резервті пайдалану:
жұмылдыру мұқтаждары үшін Қазақстан Республикасының жұмылдыру дайындығы мен жұмылдырудың тиісті жоспарлары негізінде;
2) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою жөніндегі бірінші кезекті жұмыстарды қамтамасыз ету, босқындарға көмек көрсету, гуманитарлық көмек көрсету және нарыққа реттеушілік ықпал жасау үшін Қазақстан Республикасы Yкіметінің шешімі бойынша жүзеге асырылады.
2. Материалдық құндылықтарды мемлекеттік резервтен шығару:
1) оларды жаңартуға байланысты;
2) қарызға беру тәртібі бойынша;
3) броньнан шығару тәртібі бойынша жүзеге асырылады.
3. Қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіпте екінші деңгейдегі банктердің кепілдік беруі материалдық құндылықтарды мемлекеттік резервтен қарызға беру тәртібінде шығарудың міндетті шарты болып табылады.
4. Егер материалдық құндылықтарды алушы:
1) мемлекеттік бюджетке қарыздар болса;
2) осыдан бұрын алған мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын қайтармаған болса;
3) банкротқа ұшырау кезінде болса, мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтары қарызға беру тәртібі бойынша шығарылмайды.
5. Материалдық құндылықтарды қарызға беру тәртібі бойынша шығарған кезде уәкілетті орган оны алушымен тиісті шарт (келісімшарт) жасасады.
6. Мемлекеттік резервтен материалдық құндылықтарды қарызға алу тәртібімен шығарған кезде алушы қарызға алу шартының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында салым құны жалпы сомасының үш пайызын төлейді.
7. Мемлекеттік резервтен материалдық құндылықтарды жаңарту және броньнан шығару тәртібі бойынша шығару, нарыққа реттеушілік ықпал ету, босқындарға көмек көрсету, гуманитарлық көмек көрсету, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою, басқа мемлекеттік органдардың балансына беру жағдайларын қоспағанда, тендер түрінде Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген тәртіпте жүзеге асырылады.
8. Сатып алуды жүзеге асыратын заңды тұлғалардың мемлекеттік резервтің тауарларын сатып алуы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес уәкілетті органда немесе оның ведомстволық бағынысты ұйымдарында жүргізіледі.
9. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою жөніндегі бірінші кезектегі жұмыстарды қамтамасыз ету, босқындарға көмек көрсету және гуманитарлық көмек көрсету үшін мемлекеттік резерв материалдық құндылықтарын шығару броньнан шығару тәртібі бойынша жүзеге асырылады.
Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою жөніндегі бірінші кезектегі жұмыстарды қамтамасыз ету, босқындарға көмек көрсету және гуманитарлық көмек көрсету үшін шығарылған материалдық құндылықтарды мемлекеттік резервке кейіннен салу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте жүзеге асырылады.
10. Мемлекеттік резервтен материалдық құндылықтарды иеліктен айыру олардың құны толық төленген немесе аккредитив ашылған, не осы баптың 3-тармағына сәйкес екінші деңгейдегі банктердің кепілдігі берілген жағдайда жүргізіледі.
11. Материалдық құндылықтарды мемлекеттік резервтен шығарған кезде оларды сату арқылы алынған қаражат бюджет есебіне есептелуге тиіс.
12. Төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою, босқындарға көмек көрсету, гуманитарлық көмек көрсету кезінде пайдаланылған мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтары бюджет қаражаты есебінен өтелуге жатады.
Гуманитарлық көмекті жеткізу және оны тапсыру бойынша шығыстарды өтеу Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен жүзеге асырылады.
101-бап. Мемлекеттік резервтің қорларын нарыққа реттеушілік ықпал жасау үшін пайдалану
Мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтары дағдарыс құбылыстары мен диспропорцияға қауіп туындаған жағдайда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдері негізінде нарыққа реттеушілік ықпал жасау үшін пайдаланылады.
102-бап. Нарыққа реттеушілік ықпал жасау үшін мемлекеттік резервтен материалдық құндылықтарды шығару тәртібi
1. Сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган тауарларға баға мониторингін жүргізеді және бағаның нарыққа реттеушілік ықпал жасау қажет болған деңгейге жеткен кезде уәкілетті органмен келісілу бойынша шығарылатын материалдық құндылықтарды алушыларды - сауда қызметінің субъектілерін, сауда үстемесінің көлемін, бағасын және мөлшерін көрсете отырып, нарыққа реттеушілік ықпал жасау үшін материалдық құндылықтарды шығару қажеттігі туралы Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныс енгізеді.
2. Уәкілетті орган материалдық құндылықтарды мемлекеттік резервтен шығаруды сауда қызметінің субъектілерімен шарт жасасу арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі шешімінің негізінде жүзеге асырады.
Нарыққа реттеушілік ықпал жасау үшін сауда қызметінің субъектілері мемлекеттік резервтен шығарылған материалдық құндылықтарды өткізуді бөлшек сауда арқылы жүзеге асырады.
103-бап. Мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын тасымалдауды қамтамасыз ету
1. Төтенше жағдайлар туындаған немесе төтенше жағдай енгізілген кезде мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын тасымалдауды көлік ұйымдары бірінші кезектегі тәртіппен жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдері негізінде, оның ішінде дүлей зілзалалардың, авариялардың, апаттар мен басқа табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою бойынша мемлекеттік резервтен шығарылатын материалдық құндылықтарды меншік нысандарына қарамастан, көлік ұйымдары жүкті тасымалдауға алдын ала төлемсіз ұсыну бойынша қабылдайды.
104-бап. Мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарының бар екендігі және қозғалысы туралы есептілігі
Мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарының бар екедігі және қозғалысы туралы есептілігі заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. Бұл орайда мемлекеттік резерв жүйесінің ұйымдарында және мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарының қозғалысы бойынша есепке алу мен есептілікті сақтау пункттерінде мемлекеттік резервті сақтау жөніндегі қызметтерді және ұйым жарғысында көзделген өзге де қызметті есепке алудан және олар бойынша есептіліктен бөлек жүзеге асырылады.
105-бап. Мемлекеттік материалдық резервті құрайтын мемлекеттік мүлікті есепке алу
Мемлекеттік материалдық резервті құрайтын мемлекеттік мүлікті есепке алуды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен уәкілетті орган жүзеге асырады.
6-бөлім. Азаматтық қорғау органдары қызметкерлері мен өзге де жұмыскерлерінің және олардың отбасы мүшелерінің мәртебесі және әлеуметтік қорғалуы
17-тарау. Азаматтық қорғау органдары қызметкерлері мен өзге де жұмыскерлерінің және олардың отбасы мүшелерінің мәртебесі және әлеуметтік қорғалуы
106-бап. Азаматтық қорғау органдары қызметкерлері мен өзге де жұмыскерлерінің мәртебесі
1. Азаматтық қорғау органдары азаматтық қорғаныс басқармалары мен бөлімдерінің әскери қызметшілерінен, мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлерінен, құтқарушылардан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де жұмыскерлерінен жасақталады.
2. Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен өзге де жұмыскерлері төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою, азаматтық қорғауды ұйымдастыру және жүргізу, өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы функцияны жүзеге асырады.
Азаматтық қорғаныстың басқару органдары мен әскери бөлімдеріндегі әскери лауазымдардың және оларға сәйкес әскери атақтардың тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
3. Уәкілетті органда, оның аумақтық бөлімшелерінде және азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдерінде әскери қызметтен өтетін адамдар Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мәртебені иеленеді және құқықтар мен жеңілдіктерді пайдаланады.
4. Арнаулы атақтар берілген мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарында әскери қызметтен өтетін адамдар құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мәртебені иеленеді және құқықтар мен жеңілдіктерді пайдаланады.
Мемлекеттік өртке қарсы қызметке жүктелген негізгі міндеттер мен функцияларды тікелей орындайтын лауазымды адамдарға арнаулы атақтар немесе сыныптық шендерді иеленуге құқық беретін мемлекеттік өртке қарсы қызметтің лауазымдар тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
5. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары қызметкерлерінің еңбек қатынасы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде белгіленген тәртіппен «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшеліктерімен жүзеге асырылады.
6. Азаматтық қорғау органдарының өзге жұмыскерлерінің еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасында белгіленеді.
7. Әскери қызметшілер және мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлері әскери және арнайы атақтарына сәйкес айырым белгілері бар белгіленген үлгідегі нысанды киім-кешек киеді.
8. Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен өзге жұмыскерлері табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-шараларды өткізген кезде, оқу-жаттығуларда, жауынгерлік кезекшіліктерде, оқу орталықтарындағы сабақтарда, әскери техникамен сабақтарда, арнайы міндеттерді орындаған кезде уәкілетті орган белгілеген арнайы киімді киеді.
9. Азаматтық қызметшілер және мемлекеттік қызметшілер болып табылмайтын азаматтық қорғау органдары жүйесінің мемлекеттік мекемелері жұмыскелері еңбегінің реттелу ерекшеліктері Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес белгіленеді.
10. Осы Заңда белгіленген негізгі міндеттерден туындайтын азаматтық қорғау органдары қызметкерлері мен өзге де жұмыскерлерінің нақты міндеттері типтік біліктілік талаптары негізінде айқындалады және тиісті мемлекеттік органдар мен оның аумақтық бөлімшелерінің басшылары бекітетін лауазымдық нұсқаулықтарда (функционалдық міндеттерінде) көрсетіледі.
107-бап. Азаматтық қорғау органдары қызметкерлерi мен өзге де жұмыскерлеріне еңбекақы төлеу, оларды зейнетақымен және өзге де қамсыздандыру
1. Азаматтық қорғау органдары қызметкерлері мен өзге де жұмыскерлері үшін еңбекақы төлеу, зейнетақымен және өзге қамсыздандыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының құтқарушыларына еңбек сіңірген жылдары үшін жұмыс өтіліне қарай ай сайын лауазымдық еңбекақысына пайыз есебімен еңбек сіңірген жылдары:
1) үш жылдан асқанда - он бес пайыз;
2) бес жылдан асқанда - жиырма пайыз;
3) он жылдан асқанда - отыз пайыз;
4) он бес жылдан асқанда - қырық пайыз;
5) жиырма жылдан асқанда - елу пайыз мөлшерінде үстемеақы төленеді.
Кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының құтқарушыларына еңбек сіңірген жылдары үшін пайыздық үстемеақы төлеу үшін жұмыс өтілі Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен есептеледі.
3. Әскери қызметшілер, мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары және азаматтық қорғау органдарының авариялық-құтқару қызметі мен құралымдарының қызметкерлері Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген үлгілер мен нормаларға сәйкес нысанды киім және арнайы киім-кешекпен тегін қамтамасыз етіледі.
108-бап. Өмір мен денсаулықты қорғау. Медициналық қамтамасыз ету
1. Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен өзге де жұмыскерлері уәкілетті органның медициналық бөлімшелері мен медициналық ұйымдарында уәкілетті органға көзделген бюджеттік қаражат есебінен медициналық тегін қамтамасыз етілуге құқығы бар. Азаматтық қорғау органының қызметкері қызмет ететін (жұмыс істейтін) немесе тұратын жерінде уәкілетті органның медициналық ұйымдары жоқ болса, не оларда тиісті бөлімшелер не медициналық көрсеткіштер бойынша арнаулы жабдықтар жоқ болса, ведомстволық тиесілілігіне қарамастан, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында, жеке медициналық ұйымдарда және жеке медициналық практикамен айналысатын адамдарда тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шегінде медициналық көмек көрсетіледі.
Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері отбасы мүшелерінің (әйелдері, күйеулері, 18 жасқа дейінгі балалары) және өзге де жұмыскерлерінің, сондай-ақ олардың асырауындағы адамдардың уәкілетті органның медициналық ұйымдарында тегін медициналық көмекке құқығы бар.
Қызметтік міндеттерін орындау кезінде жараланған, контузия, жарақат алған, мертіккен немесе ауырған азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен өзге де жұмыскерлері уәкілетті органға көзделген бюджеттік қаражат есебінен және шегінде медициналық мекемелер мен оңалту орталықтары базасындағы санаторий-курорттық емделуге және оңалтуға жіберіледі.
Осы бапта көрсетілген азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен өзге де жұмыскерлерінің және олардың отбасы мүшелерінің құқықтары мен жеңілдіктері жасына, денсаулығына немесе штаттардың қысқартылуына байланысты әскери қызметтен босатылған, қызмет өткеруінің жалпы ұзақтығы 20 және одан да көп жыл болған азаматтық қорғау органдарының зейнеткерлері мен олардың отбасы мүшелеріне де қолданылады.
Азаматтық қорғаныстың әскерге шақыруы бойынша әскери қызметшілері, уәкілетті органның оқу орындары курсанттары оларда медициналық көрсеткіштері болса, уәкілетті органның медициналық бөлімшелері мен медициналық ұйымдарында уәкілетті органға көзделген бюджеттік қаражат есебінен және шегінде медициналық тегін қамтамасыз етілуге құқылы.
Қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен өзге де жұмыскерлерінің балаларында олар кәмелеттік жасқа толғанға дейін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіпте медициналық және санаторий-курорттық қызмет көрсетілу құқығы сақталады.
2. Азаматтық қорғау саласындағы органдарда бекітілген контингентті және қызметке (жұмысқа) орналасатын адамдарды медициналық және психофизиологиялық куәландыру жүргізу үшін әскери-дәрігерлік комиссиялар құрылады.
Азаматтық қорғау саласындағы органдарға қызметке (жұмысқа) қабылданатын азаматтар қызметке (жұмысқа) жарамдылығын анықтау үшін міндетті түрде әскери-дәрігерлік комиссияларда медициналық куәландырудан өтеді.
Азаматтық қорғау органы қызметкерінің еңбекке уақытша жарамсыздығы, емделуде үздіксіз болу кезеңі, Қазақстан Республикасының заңнамасында жекелеген аурулар бойынша емделудің бұдан да ұзақ мерзімі көзделген жағдайларды қоспағанда, төрт айдан аспауға тиіс. Қызметкер емделуде үздіксіз болуының белгіленген мерзімі өткен соң, ол өзінің одан әрі қызметке (жұмысқа) жарамдылығы туралы мәселені шешу үшін әскери-дәрігерлік комиссиядан медициналық куәландырудан өтуге тиіс.
Қызметтік міндеттерін орындау кезінде жарақаттануына, контузия алуына немесе мертігуіне байланысты қызметкерлердің емделу уақытына шек қойылмайды. Аталған адамдар медициналық куәландыруға емделіп болған соң немесе ауруының нәтижесі анықталған кезде жіберіледі.
Азаматтық қорғау органдарының жиі және ұзақ ауыратын қызметкерлері мен өзге де жұмыскерлерінің, егер еңбекке жарамсыз болған күндерінің саны он екі айда сол бір ауру бойынша үзіліссіз төрт айға дейінгі немесе жыл ішінде әртүрлі аурулар бойынша бес айға дейінгі уақытты құрайтын болса, қызметті (жұмысты) одан әрі атқаруға жарамдылығын анықтау үшін азаматтық қорғау органдарының кадр бөлімшелері уәкілетті органның медициналық ұйымдарының ұсыныстары бойынша әскери-дәрігерлік комиссияға медициналық куәландыруға жібереді.
109-бап. Құтқарушылар мен олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік кепілдіктерi
1. Құтқарушыларды міндетті әлеуметтік сақтандыру Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
2. Құтқарушылар мемлекеттік органдар мен ұйымдардан шарттар негізінде түскен қаражат есебінен де сақтандырылуы мүмкін.
3. Құтқарушы қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан (өлген) не ол қызметтік міндеттерін атқару кезінде алған жарақаттың салдарынан бір жыл ішінде қайтыс болған жағдайда асырауындағы адамдарға оның соңғы атқарған қызметі бойынша бір жылдық жалақысының кемінде он есе мөлшеріндегі бір жолғы жәрдемақы төленеді.
4. Құтқарушыға қызметтік міндетін атқару кезінде алынған жарақат (зақымдану, жаралану, контузия), ауру салдарынан мүгедектік белгілеу кезінде оған:
1) І және II топтардағы мүгедекке - бір жылдық жалақысының бес еселенген мөлшерінде;
2) III топтағы мүгедекке - бір жылдық жалақысының екі еселенген мөлшерінде бір жолғы жәрдемақы төленеді.
5. Құтқарушы қызметтік міндеттерін атқару кезінде мүгедектігі белгіленбей, еңбек қабілетін тұрақты жоғалтқан ауыр жарақат алған (зақымдану, жаралану, контузия), ауырған жағдайда оған бір жылдық жалақысынан кем емес мөлшерде бір жолғы жәрдемақы төленеді.
6. Егер құтқарушының қаза табуы (өлімі), жарақаттануы, жаралануы (жарақаттануы), ауруы қызметтік міндетін атқарумен байланысты емес мән-жайларға қатысты болғандығы белгіленген тәртіппен дәлелденсе, осы Заңның 3, 4, 5-тармақтарында белгіленген бір жолғы жәрдемақы төленбейді.
7. Қайтыс болған немесе қаза тапқан авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының құтқарушысын жерлеу үшін тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленетін мөлшерде жәрдемақы беріледі.
8. Осы баптың 3, 4, 5, 7-тармақтары бойынша жәрдемақы авариялық-құтқару қызметі мен құралымдарын қамитын ұйымдардың қаражаты есебінен төленеді және осы ұйымдардың шығындары кейіннен залал келтірушінің есебінен толық көлемде өтеледі.
9. Мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша құтқарушылардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қамтамасыз ету мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
10. Еңбек жағдайы зиянды әрі қауіпті ұйымдарға қызмет көрсететін кәсіби авариялық-құтқару қызметінің құтқарушыларына Қазақстан Республикасының заңнамасында осы ұйымдар жұмыскелері үшін белгіленген құқықтық және әлеуметтік қорғау кепілдіктері мен жеңілдіктері қолданылады. Олардың жалақысының мөлшері олар қызмет көрсететін қауіпті өндірістік объектілерінің тиісті санаттардағы жұмыскерлерінің жалақысының мөлшерінен төмен болмауы тиіс.
11. Осы бапта көзделген құқықтық және әлеуметтік кепілдіктер ерікті авариялық-құтқару құралымдарының құтқарушыларына, сондай-ақ оларды авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге тартқан кезде құтқарушылар болып табылмайтын азаматтарға қолданылады.
7-бөлім. Қорытынды және өтпелі ережелер
18-тарау. Қорытынды ережелер
110-бап. Азаматтық қорғау іс-шараларын қаржыландыру
Азаматтық қорғау іс-шараларын қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамаларында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Азаматтық қорғау іс-шараларын қаржыландыру:
1) бюджет қаражаттары;
2) ұйым қаражаттары;
3) азаматтардың, қорлардың, діни және қоғамдық бірлестіктердің ерікті жарналары;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де қаражат көздері есебінен жүзеге асырылады.
111-бап. Азаматтық қорғау саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік
1. Белгіленген нормативтерді, техникалық регламенттерді және қағидаларды орындамауына немесе жауапсыз орындауына, авариялардың, зілзалалар мен апаттардың пайда болуына жағдайлар мен алғышарттар жасаған, халықты, қоршаған ортаны және объектілерді табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан және азаматтық қорғаныс саласындағы құқыққа қарсы басқа іс-қимылдардан қорғау жөніндегі шараларды қабылдамаған кінәлі лауазымды адамдар мен азаматтар тәртіптік, әкімшілік, мүліктік және қылмыстық жауапкершілікке, ал ұйымдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мүліктік жауапкершілікке тартылады.
2. Төтенше жағдайлардың салдарын жою бойынша жұмыстарды жүргізген кезде азаматтардың денсаулығына қасақана немесе абайсызда зиян келтіргені, қоршаған ортаға, материалдық және мәдени құндылықтарға шығын келтіргені, еңбек шартында оларға жүктелген міндеттерді орындамағаны үшін кінәлі жұмыс басшылары мен авариялық-құтқару қызметі мен құралымдарының құтқарушылары Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдарына сәйкес жауапкершілікке тартылады.
112-бап. Мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарымен жүргізілетін операциялар бойынша жауапкершілік
1. Мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарымен жүргізілетін операциялар бойынша мүліктік жауапкершілік Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде айқындалады.
2. Мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарымен жүргізілетін операцияларға қатысушылар арасындағы шартта мүліктік жауапкершіліктің қосымша шаралары көзделуі мүмкін.
113-бап. Азаматтық қорғау саласындағы дауларды шешу
Азаматтық қорғау саласындағы дауларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте соттар шешеді.
114-бап. Азаматтық қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастық
Уәкілетті орган азаматтық қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың:
1) шет елдердің ұйымдарымен, халықаралық ұйымдармен бірлесе тұрақты негізде төтенше жағдайлар мониторингін және болжамын жасау;
2) халықаралық ұйымдардың төтенше жағдайларға қарсы іс-қимыл қызметін құру мен қамтамасыз етуге және азаматтық қорғауды қамтамасыз етуге қатысу;
3) шет елдерге гуманитарлық көмек көрсету;
4) шет елдерде қазақстандық мамандарды оқыту;
5) Қазақстан Республикасында шетел мамандарын оқыту;
6) Қазақстанда және шет елдерде семинарлар, конференциялар, оқулар мен тренингтер өткізу;
7) төтенше жағдайлар мен азаматтық қорғаудың түрлі аспектілері бойынша бірлескен ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру бағыттарына қатысады.
115-бап. Қазақстан Республикасы аумағында халықаралық және шетелдік ұйымдар мен азаматтардың халықты азаматтық қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі қызметі
Қазақстан Республикасының заңнамасы және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде ноталармен алмасу және «джентельмендік келісімдерді» қоса алғанда, егер ол Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда регламенттелетін болса, Қазақстан Республикасы аумағында шетелдік ұйымдар мен азаматтардың табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынның алдын алу және оларды жою жөніндегі қызметіне рұқсат етіледі.
Қазақстан Республикасының Үкіметі шет елдер жеткізетін сұратылған гуманитарлық көмектің көлемін, халықты қорғау және өзінің аумағында төтенше жағдайларды жою үшін көмек көрсету туралы өтініш білдіргісі келетін елдер мен халықаралық ұйымдар шеңберін айқындайды.
Уәкілетті орган төтенше жағдайлар және шетелдік ұйымдар мен азаматтарды шақыру қажеттілігі туындаған жағдайда, мынадай іс-қимылдарды жүргізеді:
1) төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою және халықты азаматтық қорғауда көмек көрсетуге елдерге жәрдемдесетін ұйымдар және азаматтармен үнемі кәсіби байланыс жасап тұру;
2) зардап шеккен халыққа гуманитарлық көмек жүктерін, төтенше жағдайлар кезінде авариялық-құтқару техникасы мен жабдықтарды кедендік ресімдеудің тәртібін басым қамтамасыз етуге көмек көрсету;