931-бап. Айналасындағыларға жоғары қауiп туғызатын қызмет (жоғары қауiптілік көздерi) арқылы келтiрiлген зиян үшiн жауапкершiлiк
1. Қызметi айналасындағылар үшiн жоғары қауiптілікпен байланысты заңды тұлғалар мен азаматтар (көлiк ұйымдары, өнеркәсiп орындары, құрылыстар, көлiк құралдарының иелерi және т.б.), егер зиян дүлей күштердiң немесе жәбiрленушiнiң терiс пиғылының салдарынан пайда болғанын дәлелдемесе, жоғары қауiптілік көздерi келтiрген зиянды өтеуге мiндеттi.
Зиянды өтеу мiндетi меншiк құқығымен, шаруашылық жүргiзу құқығымен немесе жедел басқару құқығымен немесе кез келген басқа да заңды негiзбен (мүлiктiк жалдау шарты, көлiк құралын басқару құқығына берiлген сенімхат, көздердi беру туралы құзыреттi органның өкімі арқылы және т.б.) жоғары қауiптілік көзiн иеленушi заңды тұлғаға немесе азаматқа жүктеледi.
2. Жоғары қауiптілік көздерiнiң иелерi қауiптілік көздерiнiң өзара iс-қимылының (көлiк құралдарының соқтығысуы және т.б.) салдарынан үшiншi тұлғаларға келтiрiлген зиян үшiн осы баптың 1-тармағында көзделген негiздер бойынша ортақ жауапты болады.
Жоғары қауiптілік көздерiнiң өзара iс-қимылы салдарынан олардың иелерiне келтiрiлген зиян жалпы негiздерде өтеледi. Бұл орайда:
1) бiр тараптың кiнәсiнен келтiрiлген зиянды осы тарап толық көлемiнде өтейдi;
2) екi немесе бiрнеше тараптың кiнәсiнен келтiрiлген зиян олардың әрқайсысының кiнәсiнiң дәрежесiне сай өтеледi.
Тараптардың әрқайсысының кiнәсiнiң дәрежесiн белгiлеу мүмкiн болмаған кезде жауаптылық олардың арасында тең бөлiнедi.
Зиян келтiруде тараптардың кiнәсi болмаған кезде олардың бiрде-бiреуiнiң зиянды өтеудi талап етуге құқығы жоқ. Тараптардың әрқайсысы мұндай жағдайда өзi шеккен шығындар тәуекелiн көтередi.
3. Жоғары қауiптілік көзiнiң иесi, егер қауiптілік көзi басқа тұлғалардың заңға қарсы iс-әрекеттерi салдарынан иеленушiнiң иелiгiнен шыққанын дәлелдесе, осы көз келтiрген зиян үшiн жауап бермейдi. Мұндай жағдайларда жоғары қауiптілік көзi келтiрген зиян үшiн ондай көздi заңға қайшы иеленушiлер жауап бередi. Жоғары қауiптілік көзiн оның иелiгiнен заңға қайшы алуда иеленушiнiң кiнәсi болған жағдайда жауаптылық иеленушiге де, жоғары қауiптілік көзiн иеленген тұлғаларға да жүктелуi мүмкiн.
932-бап. Бiрлесiп келтiрiлген зиян үшiн жауапкершiлiк
Бiрлесiп зиян келтiрген тұлғалар жәбiрленушiнiң алдында ортақтасып жауап бередi.
Сот жәбiрленушiнiң арызы бойынша және оның мүдделерi үшiн бiрлесiп зиян келтiрген тұлғаларға үлестiк жауаптылық жүктеуге құқылы.
933-бап. Зиян келтiрген тұлғаға керi талап қою құқығы
1. Басқа адамның (еңбек (қызмет, лауазымдық) мiндеттерiн атқару кезiнде қызметкердiң, көлiк құралын жүргізушi адамның және т.б.) келтiрген зиянды өтеушiнiң, егер заң актілерінде өзгеше мөлшер белгiленбесе, төленген төлем мөлшерiнде осы адамға керi талап қоюға (регресс) құқығы бар.
2. Бiрлесiп келтiрiлген зиянды өтеген зиян келтiрушi, осы зиян келтiрушi кiнәсiнiң дәрежесiне сәйкес мөлшерде жәбiрленушiге төленген үлестi зиян келтiрушiлердiң әрқайсысынан талап етуге құқылы. Кiнәнiң дәрежесiн айқындау мүмкiн болмаған жағдайда үлестер тең деп танылады.
3. Анықтау, алдын ала тергеу, прокуратура және сот органдарының лауазымды адамдары келтiрген зиянды өтеген мемлекеттiң (осы Кодекстiң 923-бабының 1-тармағы) мұндай адамдардың кiнәсi соттың заңды күшiне енген үкімімен белгiленсе, осы адамдарға керi талап қоюға құқығы бар.
4. Осы Кодекстiң 925-928-баптарында аталған негiздер бойынша зиянды өтеген адамдардың зиян келтiрген адамға керi талап қоюға (регресске) құқығы жоқ.
934-бап. Мүлiктiк зиянды өтеу әдiстерi
Зиянды өтеу туралы талапты қанағаттандыра отырып, сот iстiң мән-жайына сәйкес зиян үшiн жауапты адамды келтiрген зиянды толық өтеуге немесе оны заттай өтеуге (тегi мен сапасы нақ сондай зат беруге, бүлiнген затты жөндеуге және т.б.) мiндеттейдi.
935-бап. Жәбiрленушiнiң кiнәсi мен зиян келтiрген адамның мүлiктiк жағдайын есепке алу
1. Жәбiрленушiнiң терiс пиғылы салдарынан пайда болған зиян өтеуге жатпайды.
2. Егер жәбiрленушiнiң өзiнiң өрескел абайсыздығы зиянның пайда болуына немесе ұлғаюына себеп болса, жәбiрленушi мен зиян келтiрушi кiнәсiнiң дәрежесiне қарай өтеу мөлшерi азайтылуға тиiс.
3. Жәбiрленушi өрескел абайсыздық жасап, зиян келтiрушiнiң кiнәсi болмаған жағдайда, оның жауапкершiлiгi кiнәсiне қарамастан туындаған кезде, егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, өтеу мөлшерi азайтылуға тиiс немесе зиянды өтеуден бас тартылуы мүмкiн. Азаматтың өмiрi мен денсаулығына зиян келтiрiлген жағдайда зиянды өтеуден толық бас тартуға жол берiлмейдi.
4. Жәбiрленушiнiң кiнәсi қосымша шығындарды өтеу кезiнде (осы Кодекстiң 937-бабы), азаматтың қайтыс болуы салдарынан залал шеккен адамдарға зиянды өтеу кезiнде (осы Кодекстiң 940-бабы), сондай-ақ жерлеуге жұмсалған шығындарды өтеу кезiнде (осы Кодекстiң 946-бабы) ескерiлмейдi.
5. Қасақана жасалған әрекеттермен зиян келтiрiлген реттердi қоспағанда, сот азаматтың мүліктік жағдайын ескере отырып, ол келтірілген зиянды өтеу мөлшерін азайта алады.
2. Азаматтың өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу
936-бап. Азаматтың шарттық және өзге де мiндеттемелердi орындау кезiнде өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу
Азаматтың шарттық мiндеттемелердi, еңбек (қызмет) мiндеттерiн, әскери қызмет мiндеттерiн орындауы кезiнде өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиян, егер заң актілерінде немесе шартта көтерiңкi жауаптылық көзделмесе, осы тараудың ережелерi бойынша өтеледi.
937-бап. Денсаулықты зақымдау арқылы келтiрiлген зиянды өтеудiң көлемi мен сипаты
1. Азаматқа жарақат немесе денсаулығына өзгедей зақым келтiрiлген кезде жәбiрленушi жоғалтқан, онда болған немесе анық иелене алатын табыс (кiрiс), сондай-ақ денсаулыққа зақым келтiруден туындаған шығындар (емделуге, қосымша тамақтануға, дәрi-дәрмектер сатып алуға, протез салғызуға, бөгде адамның бағып-күтуiне, санаторий-курорттық емделуге, арнайы көлiк құралдарын сатып алуға, басқа мамандыққа даярлауға және т.б.), егер жәбiрленушi көмек пен күтiмнiң осындай түрлерiне мұқтаж және оларды тегiн алмайды деп танылса, өтеуге жатады.
2. Жоғалтқан табысты (кiрiстi) анықтау кезiнде жарақаттануына немесе денсаулығына өзгедей зақым келтiрiлуiне байланысты жәбiрленушiге тағайындалған мүгедектiк бойынша жәрдемақы, денсаулығына зиян келтiргенге дейiн де, одан кейiн де тағайындалған басқа да жәрдемақы түрлерi, сондай-ақ зейнетақы төлемдерi өтеу есебiне қосылмайды. Зиянды өтеу есебiне жәбiрленушiнiң денсаулығы зақымданғаннан кейiн алатын табыс та есептелмейдi.
3. Осы бапқа сәйкес жәбiрленушiге тиесiлi өтемнiң көлемi мен мөлшерi заң актілерімен немесе шартпен көбейтiлуi мүмкiн.
ҚР 24.12.01 № 276-II Заңына сәйкес 938-бап өзгерді
938-бап. Денсаулықтың зақымдануы салдарынан жоғалтылған табысты (кiрiстi) анықтау
1. Өтеуге жататын жоғалтылған табыстың (кiрiстiң) мөлшерi жарақаттануына немесе денсаулығының өзгедей зақымдануына дейiнгi не жәбiрленушiнiң кәсiби еңбекке қабiлетiн, ал ол болмаған кезде - жалпы еңбекке қабiлетiн жоғалтуы дәрежелерiне сәйкес, еңбекке жарамдылығынан айырылу басталғанға дейiнгi орташа айлық табысының (кiрiсiнiң) проценттерiмен анықталады.
2. Жоғалтылған табыстың (кiрiстiң) құрамына негiзгi жұмыс орны бойынша да, сондай-ақ қоса атқаратын жұмысы бойынша да, еңбек және азаматтық-құқықтық шарттар бойынша еңбекке ақы төлеудiң жеке табыс салығы салынатын барлық түрлерi кiредi. Бiр жолғы сипаттағы төлемдер (пайдаланылмаған демалыс үшiн өтемақылар, жұмыстан босатылған кездегi шығу жәрдемақысы және т.б.) есептелмейдi. Уақытша еңбекке қабiлетсiздiк және жүктілік пен босануға байланысты демалыс кезеңi үшiн төленген жәрдемақы есептеледi. Кәсiпкерлiк қызметтен алынатын кiрiстер, сондай-ақ авторлық қаламақы жоғалтылған табыстың құрамына кiредi, бұл орайда кәсiпкерлiк қызметтен алынатын кiрiс салық органы деректерiнiң негiзiнде енгiзiледi.
Табыстың (кiрiстiң) барлық түрлерi салықтар ұсталғанға дейiн есептелген сомаларда ескерiледi.
3. Орташа айлық табыс (кiрiс) денсаулыққа зақым келтiрудiң не еңбек қабiлетiн жоғалту басталардың алдындағы жұмыстың он екi айындағы табыстың (кiрiстiң) жалпы сомасын он екiге бөлу жолымен есептеледi. Зиян келтiрiлген кезде жәбiрленушi он екi айдан аз уақыт жұмыс iстеген жағдайда орташа айлық табыс (кiрiс) денсаулыққа зақым келтiрудiң алдындағы нақты жұмыс iстелген айларда тапқан табыстың (кiрiстiң) жалпы сомасын осы айлардың санына бөлу жолымен есептеледi.
Жәбiрленушi толық жұмыс iстемеген айлар оның қалауы бойынша толық жұмыс iстеген айлардың алдындағы айлармен ауыстырылады не оларды ауыстыру мүмкiн болмаған жағдайда есептен шығарып тасталады.
4. Жәбiрленушi зиян келтiрiлген кезде жұмыс iстемеген жағдайда оның қалауы бойынша жұмыстан босатылғанға дейiнгi табысы не осы жердегi оның біліктілігіндегі қызметкер сыйақысының жай мөлшерi ескерiледi, бiрақ ол заң актілерімен белгiленген бiр айлық есептiк көрсеткiштiң он еселенген мөлшерiнен кем болмауға тиiс.
5. Егер жәбiрленушiнiң табысында (кiрiсiнде) оған жарақат келтiрiлгенге немесе денсаулығының өзгедей зақымдануына дейiн оның мүлiктiк жағдайын жақсартатын тұрақты өзгерістер болса (атқаратын қызметi бойынша жалақысы арттырылса, бiршама жоғары ақы төленетiн жұмысқа ауыстырылса, оқу орнын бiтiргеннен кейiн жұмысқа тұрса және жәбiрленушiнiң еңбегiне ақы төлеудiң өзгертiлуiнiң тұрақтылығы немесе өзгеру мүмкiндiгi дәлелденген басқа жағдайларда), оның орташа айлық табысын (кiрiсiн) белгiлеу кезiнде ол алған немесе тиiстi өзгертуден кейiн алуы тиiс болған табыс (кiрiс) қана ескерiледi.
2011.30.03. № 424-IV ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды
6. Келтірілген зиян үшін жауапты деп танылған жұмыс беруші кәсібі мен біліктілігі дәл осындай қызметкердің орташа жалақысының мөлшерін ұлғайтқан кезде жәбірленушінің кәсіби еңбекке қабілетін, ал ол болмаған кезде - жалпы еңбекке қабілетін жоғалтуы дәрежелеріне сәйкес келетін, ұлғайтылған орташа айлық табысының (кірісінің) пайыздарымен айқындалатын жоғалтылған табысты (кірісті) өтеу сомаларын қайта есептеу жүргізіледі.
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 939-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
939-бап. Кәмелетке толмаған адамның денсаулығы зақымданған кезде зиянды өтеу
1. Жасы он төртке жетпеген және табысы жоқ кәмелетке толмаған адам (жас бала) жарақат алған немесе денсаулығы өзгедей зақымданған жағдайда зиян үшiн жауапты адамдар денсаулықтың зақымдануына байланысты шығындарды өтеуге мiндеттi.
2. Жәбiрленушiнiң он төрт жасқа толғаннан кейiн, сондай-ақ табысы (кiрiсi) жоқ он төрттен он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағанға зиян келтiрiлген жағдайда зиян үшiн жауапты адамдар денсаулығының зақымдануынан туындаған шығындардан басқа, еңбекке ақы төлеудiң заң актілерімен белгiленген он еселенген айлық есептiк көрсеткiштi негiзге ала отырып, оның еңбек қабiлетiн жоғалтуына және еңбек қабiлетiнiң төмендеуiне байланысты зиянды да жәбiрленушiге өтеуге мiндеттi.
Егер денсаулығы зақымданған кезде кәмелетке толмаған адамның табысы болса, зиян осы табыстың мөлшерi негiзiнде, бiрақ еңбекке ақы төлеудiң заң актілерімен белгiленген кемiнде он еселенген айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде өтеледi.
Еңбек қызметi басталғаннан кейiн жәбiрленушi өзi алатын табысты негiзге ала отырып, бiрақ кемiнде өзi атқаратын қызмет бойынша белгiленген сыйақының немесе өзiнiң жұмыс орны бойынша сол біліктіліктегi қызметкер табысының мөлшерiнде зиян өтемiнiң көбейтiлуiн талап етуге құқылы.
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 940-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
940-бап. Азаматтың қайтыс болуы салдарынан залал шеккен адамдарға зиянды өтеу
1. Азамат қайтыс болған жағдайда қайтыс болған адамның асырауындағы немесе ол қайтыс болған күнге дейiн одан жәрдем ақша алуға құқылы болған еңбекке жарамсыз адамдардың, қайтыс болған адамның ол қайтыс болғаннан кейiн туған баласының, сондай-ақ ата-анасының бiреуі, зайыбы не еңбекке қабiлеттілігiне қарамастан жұмыс iстемейтiн және қайтыс болған адамның асырауында болған балаларын, немерелерiн, жасы он төртке толмаған не аталған жасқа толса да, медицина органдарының қорытындысы бойынша денсаулық жағдайына байланысты басқа адамның күтуiне мұқтаж аға-iнiлерi мен апа-қарындастарын (жас балаларды) күтумен айналысатын, отбасының басқа да мүшесiнiң зиянды өтетiп алуға құқығы бар.
2. Қайтыс болған адамның асырауында болған және ол қайтыс болғаннан кейiн бес жылдың iшiнде еңбекке жарамсыз болып қалған адамдардың да зиянды өтетiп алуға құқығы бар.
Ата-аналарының бiреуi, зайыбы не жұмыс iстемейтiн және қайтыс болған адамның осы баптың 1-тармағында көрсетiлген балаларын, немерелерiн, аға-iнiлерi мен апа-қарындастарын күтумен айналысатын және күтудi жүзеге асыру кезеңiнде еңбекке жарамсыз болып қалған отбасының басқа мүшесi осы адамдарды күту аяқталғаннан кейiн зиянды өтетiп алу құқығын сақтап қалады.
3. Зиян: кәмелетке толмағандарға - он сегiз жасқа толғанға дейiн, он сегiздегi және одан да ересек жастағы оқушыларға - күндiз оқыту нысанындағы оқу орындарындағы оқуы аяқталғанға дейiн, бiрақ әрi кеткенде жиырма үш жасқа дейiн; елу сегiз жастан асқан әйелдер мен алпыс үш жастан асқан ер адамдарға - өмiр бойы; мүгедектерге мүгедектiк мерзiмiне; ата-аналарының бiреуiне, жұбайына не қайтыс болған адамның асырауында болған балаларын, немерелерiн, аға-iнiлерi мен апа-сiңлiлерiн, қарындастарын күтумен айналысатын отбасының басқа мүшесiне - олар он төрт жасқа толғанға дейiн не денсаулық жағдайы өзгергенге дейiн өтеледi.
941-бап. Азамат қайтыс болған жағдайда келтiрiлген зиянды өтеу мөлшерi
1. Азаматтың қайтыс болуына байланысты зиянды өтетуге құқығы бар адамдарға зиян оның көзi тiрi кезiнде өзiнiң асырауына алған немесе алуға құқылы қайтыс болған адамның табысының (кiрiсiнiң) осы Кодекстiң 938-бабының ережелерi бойынша есептелген үлесi мөлшерiнде өтеледi. Осы адамдарға зиянды өтеудi белгiлеген кезде қайтыс болған адамның кiрiстерiнiң құрамына оның табысымен қатар көзi тiрi кезiнде алып жүрген зейнетақысы, ғұмырлық жәрдем ақшасы мен осы сияқты басқа да төлемдер қосылады.
2. Зиянды өтеудiң мөлшерiн анықтаған кезде адамдарға асыраушының қайтыс болуына байланысты тағайындалған жәрдемақылар, асыраушы қайтыс болғанға дейiн де, одан кейiн де тағайындалған басқа да жәрдемақы түрлерi, сондай-ақ табыс, стипендия, зейнетақы төлемдерi ескерiлмейдi.
3. Асыраушының қайтыс болуына байланысты зиянды өтетуге құқығы бар адамдардың әрқайсысына белгiленген өтемнiң мөлшерi, баланың асыраушы қайтыс болғаннан кейiн туылуы; қайтыс болған асыраушының балаларын, немерелерiн, аға-iнiлерi мен апа-қарындастарын күтумен айналысатын адамдарға өтемнiң тағайындалуы (тоқтатылуы) жағдайларын қоспағанда бұдан әрi қайта есептеуге жатпайды.
Өтемнiң көлемi мен мөлшерi заң актiсiмен немесе шартпен көбейiтiлуi мүмкiн.
942-бап. Зиянды өтеу мөлшерiн өзгерту
1. Еңбек қабiлетiн iшiнара жоғалтқан жәбiрленушi, егер оның еңбек қабiлетi оған өтем тағайындалған кезде өзiнде болған еңбек қабiлетiне қарағанда денсаулығына зақым келтiрiлуiне байланысты төмендеп кетсе, зиянды өтеу мiндетi жүктелген адамнан өтем мөлшерiн тиiсiнше көбейтудi кез келген уақытта талап етуге құқылы.
2. Жәбiрленушi денсаулығының зақымдануына байланысты зиянды өтеу мiндетi жүктелген адамдар, егер жәбiрленушiнiң еңбек қабiлетi зиян үшiн өтем тағайындаған кезде өзiнде болған еңбек қабiлетiне қарағанда артып кетсе, өтем мөлшерiн тиiсiнше төмендетудi талап етуге құқылы.
3. Егер зиянды өтеу мiндетi жүктелген азаматтың мүлiктiк жағдайы жақсарса, ал өтемнiң мөлшерi осы Кодекстiң 935-бабының 5-тармағына сәйкес төмендесе, жәбiрленуші зиянды өтеу мөлшерiн көбейтудi талап етуге құқылы.
4. Зиян келтiрiлген азаматтың талабы бойынша, егер зиянды өтеушiнiң мүлiктiк жағдайы зиянды өтеу тағайындалған кездегiмен салыстырғанда мүгедектiгіне не зейнет жасына толуына байланысты нашарласа, сот зиянды өтеу мөлшерiн төмендетуi мүмкiн (осы Кодекстiң 935-бабының 5-тармағы).
2011.30.03. № 424-IV ҚР Заңымен 943-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
943-бап. Күнкөрiс құнының артуына байланысты зиян өтемiнiң көбейтiлуi
Азаматтарға денсаулығының зақымдануына немесе жәбiрленушiнiң қайтыс болуына байланысты төленетiн зиянды өтеу сомалары күнкөрiс құны артқан жағдайда заң актілерімен белгiленген тәртiппен индекстелуге тиiс.
Жалақының ең төменгi мөлшерi заң актілерімен белгiленген тәртiп бойынша артқан жағдайда жоғалтылған табысты (кірісті), жәбiрленушi денсаулығының зақымдануына және оның қайтыс болуына байланысты тағайындалған өзге төлемдердi өтеу сомалары жалақының ең төменгі мөлшерінің артуына бара-бар көбейтiледi (осы Кодекстiң 283-бабы).
Міндетті сақтандыру шарты бойынша төленетін жоғалтылған табысты (кірісті), жәбірленуші денсаулығының зақымдануына немесе оның қайтыс болуына байланысты тағайындалған өзге де төлемдерді өтеу сомалары өткен жылғы тұтыну бағаларының индексіне пропорционалды түрде ұлғайтылады.
944-бап. Зиянды өтеу жөніндегі төлемдер
1. Жәбiрленушiнiң еңбек қабiлетiнiң төмендеуiне немесе қайтыс болуына байланысты зиянды өтеу ай сайынғы төлемдермен жүргiзiледi.
Дәлелдi себептер болған жағдайда сот зиян келтiрушiнiң мүмкiндiктерiн ескере отырып, өтемге құқығы бар азаматтың талабы бойынша оған тиесiлi төлемдердi бiр жолғы, бiрақ үш жылдан артпайтындай етiп тағайындауы мүмкiн.
2. Қосымша шығындарды өндiрiп алу медициналық сараптама қорытындысының негiзiнде белгiленген мерзiмдердiң шегiнде алдағы уақытқа, сондай-ақ қызмет көрсету мен мүлiктiң құнына алдын ала ақы төлеу қажет болған жағдайда (жолдама сатып алу, жол ақысын төлеу, арнайы көлiк құралдарына ақы төлеу және т.б.) жүргiзiлуi мүмкін.
3. Жәбiрленушi заң актілеріне сәйкес мiндеттеменi тоқтатуды немесе мерзiмiнен бұрын орындауды талап етуге құқығы болған жағдайларда, мұндай талап тиiстi мерзiмдiк төлемдердi капиталдандыру жолымен қанағаттандырылады.
2011.30.03. № 424-IV ҚР Заңымен 945-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
945-бап. Заңды тұлға тоқтатылған ретте зиянды өтеу
1. Өмiр мен денсаулыққа келтiрiлген зиян үшiн белгiленген тәртiппен жауапты болып танылған заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайда тиiстi төлемдердi төлеу жөніндегі мiндетiн оның құқықтық мирасқоры алады. Оған зиянды өтеу жөнiнде талаптар қойылады.
2. Өмір мен денсаулыққа келтiрiлген зиян үшiн белгіленген тәртiппен жауапты болып танылған заңды тұлға таратылған жағдайда тиiстi төлемдер заң немесе өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленген ережелер бойынша оларды жәбiрленушiге төлеу үшiн капиталдандырылуы тиіс.
3. Таратылатын заңды тұлғада мүлiктiң болмауы немесе жеткiлiксiз болуы себептi төлемдердi капиталдандыруды жүргiзу мүмкiн болмаған жағдайларда тағайындалған сомаларды жәбiрленушiге заң актілерінде белгiленген тәртiппен мемлекет төлейдi.
4. Банкроттық салдарынан таратылған заңды тұлғалар қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі төлемдерді капиталдандыру кезеңі аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасының азаматына Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен ай сайынғы төлемдер жүзеге асырылады.
946-бап. Жерлеуге жұмсалған шығындарды өтеу
Жәбiрленушiнiң қайтыс болуына байланысты зиян үшiн жауапты адамдар жерлеуге қажеттi шығындарды осы шығындарды көтерген адамға өтеуге мiндеттi.
Осы шығындарды көтерген азаматтардың жерлеуге арнап алған жәрдемақысы зиянды өтеу есебiне қосылмайды.
3. Тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң жеткiлiксiздiгi салдарынан келтiрiлген зиянды өтеу
947-бап. Тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң жеткiлiксiздiгi салдарынан келтiрiлген зиянды өтеу негiздерi
Тауарлардың (жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң) конструкциялық, рецептуралық немесе өзгедей жеткiлiксiздiгi салдарынан, сондай-ақ тауар (жұмыс, қызмет көрсету) туралы анық емес немесе жеткiлiксiз ақпараттың салдарынан азаматтың өмiрiне, денсаулығына немесе мүлкiне не заңды тұлғаның мүлкiне келтiрiлген зиян, олардың кiнәсiне және жәбiрленушiнiң олармен шарттық қатынастарда болғандығына немесе болмағандығына қарамастан, сатушының немесе дайындаушының (орындаушының) өтеуiне жатады. Осы ереже тек тауарды (жұмысты, қызмет көрсетудi) тұтынушылық мақсаттарда сатып алған жағдайларда ғана қолданылады.
948-бап. Тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң кемшiлiгi салдарынан келтiрiлген зиян үшiн жауапты тұлғалар
1. Тауардың кемшiлiгi салдарынан келтірілген зиянды жәбiрленушiнiң таңдауы бойынша тауарды сатушы немесе дайындаушы өтеуге тиiс.
2. Жұмыстың немесе қызмет көрсетулердiң кемшiлiгi салдарынан келтiрiлген зиянды орындаушы өтеуге тиiс.
3. Тауардың (жұмыстың, қызмет көрсетудiң) қасиеттерi мен оларды пайдалану ережелерi туралы толық немесе анық ақпарат бермеудiң салдарынан келтiрiлген зиян осы баптың 1, 2-тармақтарының ережелерiне сәйкес өтелуге тиiс.
949-бап. Тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң кемшiлiгi салдарынан келтiрiлген зиянды өтеу мерзiмдерi
1. Тауардың (жұмыстың, қызмет көрсетудiң) кемшiлiгiнен туындаған зиян, егер ол тауардың (жұмыстың, қызмет көрсетудiң) жарамдылығының (қызметтiң) белгiленген мерзiмдерi iшiнде келтiрiлсе өтелуге, ал жарамдылық (қызмет) мерзiмi белгiленбесе - тауарды (жұмыс, қызмет көрсету) өндiрiлген күннен бастап он жыл iшiнде өтелуге тиiс.
2. Зиян:
1) егер заң актілерінiң талаптары бұзыла отырып жарамдылық (қызмет) мерзiмi белгiленбесе;
2) егер сатып алушы (тұтынушы) жарамдылық (қызмет) мерзiмi өткеннен кейiн қажеттi iс-әрекеттер туралы және аталған iс- әрекеттердi орындамаған жағдайда мүмкiн болатын зардаптар туралы ескертiлмесе, осы баптың 1-тармағында аталған мерзiмдер шегiнен тыс өтелуге тиiс.
950-бап. Тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетiлердiң кемшiлiктерi салдарынан келтiрiлген зиян үшiн жауапкершiлiктен босату негiздерi
Тауар сатушы немесе дайындаушы, жұмысты немесе қызмет көрсетудi орындаушы, егер зиян дүлей күштiң немесе тұтынушының тауарды (жұмыстың, қызмет көрсетудiң нәтижелерiн) пайдалану немесе оларды сақтау ережелерiн бұзуы салдарынан пайда болғанын дәлелдеген жағдайларда ғана жауапкершiлiктен босатылады.
4. Моральдық зиянды өтеу
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 951-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
951-бап. Моральдық зиянды өтеу
1. Моральдық зиян - жеке тұлғалардың өзiндiк мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарының бұзылуы, кемсiтiлуi немесе олардан айырылуы, соның iшiнде жәбiрленушiнiң өзiне қарсы құқық бұзушылықтың жасалуы салдарынан басынан кешірген (төзімін тауысқан, уайымға салған) жан азабы немесе тән азабы (қорлау, ызаландыру, қысым жасау, ашуландыру, ұялту, түңілту, тән қиналуы, залал шегу, қолайсыз жағдайда қалу және т.б.).
2. Моральдық зиянды осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайлардан басқа реттерде, зиян келтiрушiнiң кiнәсi болған кезде зиян келтiрушi өтейдi.
3. Зиян келтірушінің кінәсіне қарамастан моральдық зиян мына жағдайларда, егер:
1) зиян азаматтың өмiрi мен денсаулығына жоғары қауiптілiк көзi арқылы келтiрiлсе;
2) зиян азаматқа оның заңсыз сотталуының, заңсыз қылмыстық жауапқа тартылуының, бұлтартпау шарасы ретiнде заңсыз қамауға алуды, үйде қамауда ұстауды немесе ешқайда кетпеуi туралы қолхат алуды қолданудың, қамауда ұстау, психиатриялық емдеу мекемесiне немесе басқа емдеу мекемесiне орналастыру түрiнде әкiмшiлiк жазаны заңсыз қолданудың салдарынан келтiрiлсе;
3) зиян ар-ожданына, қадiр-қасиетi мен iскерлiк беделiне нұқсан келтiретiн мәлiметтер тарату арқылы келтiрiлсе;
4) заң актілерінде көзделген өзге де жағдайларда өтеледi.
4. Заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, азаматтың мүлiктiк құқықтарын бұзатын әрекеттер (әрекетсiздiк) арқылы келтiрiлген моральдық зиян өтелуге жатпайды.
952-бап. Моральдық зиянды өтеу мөлшерi
1. Моральдық зиян ақшалай нысанда өтеледi.
2. Моральдық зиянның мөлшерiн анықтаған кезде жәбiрленушiнiң iзгiлiк қасиетiне келтiрiлген адамгершiлiк залалдың ауырлығын субъективтi түрде бағалау да, сондай-ақ жәбiрленушiнiң жан азабы мен тән азабының дәрежесiн дәлелдейтiн объективтi деректер де: қол сұғу объектiсi болған игiлiктiң (өмiр, денсаулық, ар-ождан, қадiр-қасиет, бостандық, тұрғын үйге ешкiмнiң тимеуi және т.б.) өмірлiк маңыздылығы; құқық бұзушылық зардаптарының ауырлығы (жақын туыстарын өлтiру, мүгедектiкке әкеп соққан дене жарақатын салу, бас бостандығынан айыру, жұмыстан немесе тұрғын үйден айыру және т.б.); ұятқа қалдыратын жалған мәлiметтер тарату сипаты мен аясы; жәбiрленушiнiң өмiр сүру жағдайлары (қызмет, отбасы, тұрмыс, материалдық, денсаулық жағдайы, жасы және басқалары), өзге де назар аударуға тұратын мән-жайлар ескерiледi.