1. Тапсырысшы орындалған жұмыс нәтижесiн алуға келмеген немесе тапсырысшы оларды қабылдаудан өзгедей жалтарған жағдайда мердiгер тапсырысшыға жазбаша түрде ескерте отырып, сол ескерткен күннен бастап екi ай өткен соң мердiгерлiк нысанасын қисынды бағаға сатуға, ал одан түскен соманы, мердiгерге тиесiлi барлық төлемдi шегерiп, осы Кодекстiң 291-бабына сәйкес тапсырысшының атына нотариустың депозитіне салуға құқылы.
2. Осы баптың 1-тармағында аталған жағдайларда мердiгер мердiгерлiк нысанасына сатудың орнына оны ұстап қалу (осы Кодекстiң 624-бабы) немесе тапсырысшыдан келтiрiлген залалды өндiрiп алу құқығын пайдалана алады.
650-бап. Шарттағы тараптардың бiрiнiң қайтыс болуының зардабы
Тұрмыстық мердiгерлiк шарт тараптардың бiрiнiң қайтыс болуы негiзiнде тоқтатылған жағдайда (осы Кодекстiң 376-бабы) шарттың тоқтатылу зардабы тиiстi тараптың құқықтық мирасқоры мен оның келісім-шарт жасасушы агентiнiң арасындағы келісім бойынша, ал олар келісімге келмеген кезде орындалған жұмыстың мөлшерi мен оның бағасы, жұмсалған және сақталған материалдың құны, сондай-ақ басқа да елеулi жағдайлар ескерiле отырып сот арқылы айқындалады.
3. Құрылыс мердiгерлiгiнiң ерекшелiктерi
651-бап. Құрылыс мердiгерлiгiнiң шарты
1. Құрылыс мердiгерлiгiнiң шарты бойынша мердiгер тапсырысшының тапсырмасы бойынша шартта белгiленген мерзiмде белгiлi бiр объектiнi салуға не өзге де құрылыс жұмысын орындауға мiндеттенедi, ал тапсырысшы мердiгерге жұмысты орындауы үшiн қажеттi жағдайлар жасауға, оның нәтижесiн қабылдап алуға және ол үшiн келісілген бағаны төлеуге мiндеттенедi.
2. Құрылыс мердiгерлiгiнiң шарты кәсiпорынды, үйдi (оның iшiнде тұрғын үйдi), ғимаратты немесе өзге де объектiнi салуға немесе қайта жаңартуға, сондай-ақ монтаждау, iске қосу-жөнге келтiру және салынып жатқан объектiмен тығыз байланысты өзге де жұмыстарды орындауға жасалады. Егер шартта өзгеше көзделмесе, осы параграфтың ережелерi үйлер мен ғимараттарды күрделi жөндеу кезiнде де қолданылады.
Егер мұның өзi шартта көзделген болса, мердiгер объектiнi пайдалануға берудi тапсырысшы объектiнi қабылдағаннан кейiн шартта көрсетiлген мерзiм iшiнде қамтамасыз етуге мiндеттеме алады.
3. Құрылысты толық аяқтау туралы шарт жасасу кезiнде мердiгер өзiне құрылыс және оны қамтамасыз ету жөніндегі барлық мiндеттеменi алады және шарт ережелерiне сәйкес тапсырысшыға пайдалануға дайын объектiнi тапсыруға тиiс.
4. Аяқталмаған құрылыстың иесi оны тапсырысшыға тапсырғанға дейiн және оған төлем жасалғанға дейiн мердігер болып табылады.
5. Құрылыс, мердiгерлiгi шарты бойынша жұмыс азаматтың (тапсырысшының) тұрмыстық немесе басқа жеке қажеттерiн қанағаттандыру үшiн орындалатын жағдайда мұндай шартқа тиiсiнше тұрмыстық мердiгерлiк шарт бойынша тапсырысшының құқықтары туралы ережелер қолданылады.
652-бап. Құрылыс мердiгерлiгi шарты бойынша тәуекелдi бөлісу
1. Құрылыс объектiсi жұмысты өткізудiң шартта белгiленген мерзiмi аяқталғанға дейiн дүлей күштiң салдарынан қираған немесе бүлiнген кезде тапсырысшы, егер шартта өзгеше көзделмесе, орындалған және (немесе) қалпына келтiру жұмыстарының құнын төлеуге мiндеттi.
2. Егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, жұмыстарды орындаудың кездейсоқ мүмкiн болмай қалу қаупiн олар өткiзiлгенге дейiн тапсырысшы көтередi.
3. Жұмыстың кездейсоқ қымбаттау қаупiн мердiгер көтередi.
4. Шартта құрылыста болуы ықтимал барлық тәуекелдi мердiгердiң көтеретiндiгi көзделуi мүмкiн (құрылысты толық аяқтау).
5. Шартта мердiгердiң тәуекелдерiн сақтандыру көзделуi мүмкiн. Бұл жағдайда сақтандыру жөніндегі шығындар орындалған жұмыстар үшiн сыйақыны айқындау кезiнде ескерiлетiн құрылыс жөнiндегі шығыстарға енгiзiледi.
653-бап. Жүргiзiлетiн жұмыстардың қауiпсiздiгi үшiн жауаптылық
Жүргiзiлетiн жұмыстардың қауiпсiздiгi үшiн мердiгер жауапты болады.
654-бап. Жобалау-сметалық құжаттама
1. Мердiгер құрылысты және оған байланысты жұмыстарды жұмыстың көлемi мен мазмұнын және жұмысқа қойылатын басқа да талаптарды айқындайтын жобалау құжаттамасы мен жұмыстың бағасын айқындайтын сметаға сәйкес жүзеге асыруға мiндеттi.
Шартта өзге нұсқаулар болмаған кезде мердiгер жобалау-құжаттамасына және сметада (жобалау-сметалық құжаттамада) көрсетiлген барлық жұмыстарды орындауға мiндеттi деп түсiнiледi.
2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, шетел тілінде жасалған жобалау-сметалық және басқа техникалық құжаттама мердігерге мемлекеттік немесе орыс тiлдерiне аударылып берiледi. Өлшем бiрлiктерi заң актілерінде белгiленген метрикалық жүйеге сәйкес болуға тиiс.
3. Құрылыс мердігерлігі шартында жобалау-сметалық құжаттаманың құрамы мен мазмұны айқындалуға тиiс, сондай-ақ тараптардың қайсысы және қандай мерзiмде тиiстi құжаттаманы беру керек екенi көзделуге тиiс.
4. Құрылыс жүргiзу барысында жобалау-сметалық құжаттамада есептелiнбеген жұмыстарды және осыған байланысты қосымша жұмыстар жүргiзу мен құрылыстың сметалық құнын өсiру қажеттiгiн анықтаған мердiгер тапсырысшыға ол туралы хабарлауға мiндеттi.
Мердiгер өз хабарламасына тапсырысшыдан он күн iшiнде жауап алмаған жағдайда, егер заң актілерінде немесе шартта бұл үшiн өзгеше мерзiм көзделмесе, бос тұрыстан келтiрiлген залалдарды тапсырысшының есебiне жатқыза отырып, тиiстi жұмысты тоқтата алады.
5. Осы баптың 4-тармағында белгiленген мiндеттердi орындамаған мердігер, егер тапсырысшының мүдделерi үшiн шұғыл iс-қимыл жасау қажеттiгiн, атап айтқанда, жұмыстың iркiлуi салынып жатқан объектiнiң қирауына немесе бүлiнуiне әкеп соқтыратынына байланысты шұғыл iс-әрекеттiң қажеттiгiн дәлелдей алмаса, тапсырысшыдан қосымша жұмысты орындағаны үшiн ақы және осыдан туған залалдардың орнын толтыруды талап ету құқығынан айырылады.
6. Тапсырысшы қосымша жұмысқа және оған ақы төлеуге келісім берген кезде, жұмыс мердiгердiң кәсiби қызмет аясына кiрмейтiн не мердiгерге байланыссыз себептермен орындалмайтын болған жағдайларда ғана мердiгердiң аталған жұмысты орындаудан бас тартуға құқығы бар.
655-бап. Жобалау-сметалық құжаттамаға өзгерістер енгізу
1. Тапсырысшы жобалау-сметалық құжаттамаға мердiгер үшiн қосымша шығындарға және (немесе) жұмыстың орындалу мерзiмiн ұзартуға байланысы жоқ өзгерістер енгізудi талап етуге құқылы.
2. Мердiгер үшiн қосымша шығындарды керек ететiн жобалау-сметалық құжаттамаға өзгерістер енгізу тараптардың келісілген қосымша сметасының негiзiнде тапсырысшының есебiнен жүзеге асырылады.
3. Егер мердiгерге байланыссыз себептермен жұмыс құны сметадан кемiнде он процентке асып кетсе, ол сметаны қайта қарауды талап етуге құқылы.
4. Жобалау-сметалық құжаттамадағы, мұндай құжаттама өзiнiң тапсырысы бойынша жасалған жағдайларды қоспағанда, мердiгер жобалау-сметалық құжаттамада жаңсақтықтарды анықтауға және жоюға байланысты шығарған қисынды шығындарды өтеудi талап етуге құқылы.
656-бап. Жұмыстарды материалдық қамтамасыз ету
1. Егер шартта тапсырысшының құрылысты тұтасымен немесе белгiлi бір бөлігінде материалдық қамтамасыз етуі көзделмесе, бөлшектер мен конструкцияларды қоса алғанда, құрылысты материалдармен, сондай-ақ жабдықтармен қамтамасыз ету жөніндегі мiндеттердi мердiгер мойнына алады.
2. Мiндетiне құрылысты материалдық қамтамасыз ету кiретiн мердігер өзі берген материалдарды (бөлшектерді, конструкцияларды) немесе жабдықтарды орындалатын жұмыстардың сапасын нашарлатпай пайдалану мүмкiн болмай қалатындығы анықталатын тәуекелге барады.
3. Тапсырысшы берген материалдарды (бөлшектердi, конструкцияларды) немесе жабдықтарды орындалатын жұмыстардың сапасын нашарлатпай пайдалану мүмкiн болмай қалатындығы анықталған жағдайларда мердiгер тапсырысшыдан оларды қисынды мерзiмде ауыстыруын талап етуге мiндеттi, ал бұл талап орындалмаған жағдайда мердiгер шарттан бас тартуға және тапсырысшыдан шарттың орындалған жұмыс бөлігіне бара-бар бағасын төлеуді, сондай-ақ осы сомамен жабылмаған залалдарды өтеудi талап етуге құқылы.
657-бап. Жұмысқа ақы төлеу
1. Орындалған жұмысқа ақыны тапсырысшы сметада көзделген мөлшерде заң актілерінде немесе шартта белгiленген мерзiмде және тәртiппен төлейдi. Заң актілерінде немесе шартта тиiстi нұсқаулар болмаған жағдайда мердігер орындаған жұмысқа ақы төлеу осы Кодекстің 623-бабына сәйкес жүргiзiледi.
2. Толық анықталатын құрылыс кезiнде шартта көрсетiлген баға, егер тараптардың келісімiнде өзгеше көзделмесе, тапсырысшы объектiнi қабылдап алған соң толық көлемiнде төленедi.
658-бап. Құрылыс салу үшiн жер учаскесiн беру
Тапсырысшы құрылыс салу үшiн жер учаскесiн шартта көрсетiлген көлемде және сондай күйде уақытылы беруге мiндеттi. Шартта мұндай нұсқау болмаған жағдайда жер учаскесiнiң көлемi мен күйi жұмыстың уақытылы басталуын, оның қалыпты жүргiзiлуiн және мерзiмiнде аяқталуын қамтамасыз етуге тиiс.
659-бап. Тапсырысшының құрылыс мердiгерлiгі шартындағы қосымша мiндеттерi
Тапсырысшы құрылыс мердiгерлiгi шартында көзделген жағдайлар мен тәртiпте мердiгерге жұмыстарды жүргiзу үшiн қажеттi үйлер мен ғимараттар беруге, мердiгердiң мекен-жайына жүктердiң тасымалдануын қамтамасыз етуге, энергиямен жабдықтау желiлерiн, су және бу құбырларын уақытша жүргiзуге, басқа да қызметтер көрсетуге мiндеттi. Ақы шартта көзделген талаптар бойынша төленедi.
660-бап. Тапсырысшының шарт бойынша жұмыстың орындалуын бақылау мен қадағалауы
1. Тапсырысшы құрылыс мердiгерлiгi шартында орындалып жатқан жұмыстың барысы мен сапасына, олардың орындалу мерзімінің (кестесінің) сақталуына, мердігер берген материалдардың сапасына, сондай-ақ тапсырысшының материалдарын мердiгердiң дұрыс пайдалануына бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға құқылы, бұл орайда ол мердiгердiң жедел-шаруашылық қызметiне араласпайды.
2. Орындалып жатқан жұмысты бақылау мен қадағалау кезінде шарт талаптарын жұмыс сапасын нашарлататын ауытқуды немесе ондағы өзге де кемшiлiктердi анықтаған тапсырысшы ол туралы дереу мердігерге мәлімдеуге міндетті. Мұндай мәлімдеме жасамаған тапсырысшы кейін өзі анықтаған кемшіліктерге сілтеме жасау құқығынан айырылады.
3. Мердiгер құрылыс барысында тапсырысшыдан алған нұсқауларды, егер ондай нұсқаулар шарттың талаптарына қайшы келмесе және мердігердің жедел-шаруашылық қызметіне араласу болмаса, орындауға мiндеттi.
4. Жұмысты тиiстi дәрежеде орындамаған мердiгер оның орындалуына тапсырысшының бақылау мен қадағалау жасамағанына сiлтеме жасауға құқылы емес, бұған мұндай бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру міндеті заң актілерінде немесе шартта тапсырысшыға жүктелген жағдайлар қосылмайды.
661-бап. Мердiгердiң қоршаған ортаны қорғау және құрылыс жұмыстарын қауiпсiз жүргiзу жөніндегі мiндеттерi
Егер қоршаған ортаны қорғау және құрылыс жұмыстарын қауiпсiз жүргiзу туралы тараптар үшiн мiндеттi тараптарды бұзуға әкелiп соғатын болса, мердiгердiң жұмысты жүзеге асыру барысында тапсырысшы берген материалдарды (бөлшектердi, конструкцияларды) және жабдықтарды пайдалануға немесе оның нұсқауларын орындауға құқығы жоқ.
662-бап. Тараптардың құрылысты консервациялау кезіндегі мiндеттерi
Егер тараптарға қатысы жоқ себептермен құрылыс мердігерлігі шарты бойынша жұмыс тоқтатылып, құрылыс объектiсі консервацияланса, тапсырысшы мердігерге консервацияланған кезге дейін толық орындалған жұмыс көлеміне ақы төлеуге, сондай-ақ жұмыстың тоқтатылуы мен құрылысты консервациялау қажеттігінен туған шығындарды өтеуге міндетті.
663-бап. Жұмыс нәтижелерін тапсыру және қабылдау
1. Құрылыс мердігерлігі шарты бойынша орындалған жұмысты не, егер бұл шартта көзделсе, жұмыстың бір кезеңін тапсыруға дайын екендігі туралы мердігердің хабарын алған тапсырысшы дереу оның нәтижелерін қабылдауға кірісуге міндетті.
2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, тапсырысшы жұмыс нәтижелерін қабылдауды өз есебінен ұйымдастырады және жүзеге асырады. Заң актілерінде көзделген жағдайларда жұмыс нәтижесін қабылдауға мемлекеттік органдардың және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдері қатысуға тиіс.
3. Жұмыстың жекелеген кезеңдерін алдын-ала қабылдаған тапсырысшы оның мердігердің кінәсінсіз жойылу немесе бүліну қаупін мойнына алады, бұған оның ішінде шартта жұмысты мердігердің тәуекелімен орындау көзделген жағдайлар да кіреді.
4. Мердігердің жұмыс нәтижелерін тапсыруы және тапсырысшының оны қабылдауы екі тарап, ал заң актілерінде көзделген жағдайларда мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдері де қол қойған актімен ресімделеді. Тараптардың бірі актіге қол қоюдан бас тартқан жағдайда бұл туралы белгі қойылып, актіге екінші тарап қол қояды. Жұмыс нәтижелерін бір жақты тапсыру немесе қабылдау актісін актіге қол қоюдан бас тарту себептерін сот негізсіз деп таныған жағдайда ғана сот жарамды деп тануы мүмкін.
5. Бұл заң актілерінде немесе шартта көзделген не құрылыс мердігерлігі шарты бойынша орындалатын жұмыстың сипатынан туындаған жағдайда, оның нәтижелерін қабылдауға алдын ала сынақ жұмыстары жүргізілуге тиіс. Мұндай жағдайларда жұмыс нәтижелерін қабылдау алдын ала жасалған сынақтың нәтижелері оң болған кезде ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
6. Тапсырысшы шартта көрсетілген мақсат үшін жұмыс нәтижелерін пайдалану мүмкін болмайтын кемшіліктер анықталған жағдайда және оларды мердігер, тапсырысшы немесе үшінші тұлға жоя алмайтын болса, жұмыс нәтижелерін қабылдаудан бас тартуға құқылы.
Қабылдау кезінде өзге кемшіліктер анықталған жағдайда олар туралы осы баптың 4-тармағында көзделген актіде көрсетілуге тиіс.
7. Заң актілерінде көзделген жағдайларда салынған объектілерді мемлекеттік комиссия қабылдауға тиіс.
Қазақстан Республикасының Үкіметі салынған объектілерді мемлекеттік қабылдаудың тәртібін белгілейді және мемлекеттік органдардың аралық қабылдауларға қатысу мүмкіндігін айқындайды.
664-бап. Мердiгердiң жұмыстардың сапасы үшiн жауаптылығы
Мердiгер шартта, жобада және тараптар үшiн мiндеттi құрылыс нормалары мен ережелерінде көзделген талаптардан жол берілген ауытқулар үшін, сондай-ақ сондай-ақ құрылыс объектiсiнiң жобалық-сметалық құжаттамада көрсетiлген көрсеткiштерiне, оның iшiнде кәсiпорынның өндiрiстiк қуаты сияқты көрсеткiштерге жете алмағандығы үшiн тапсырысшының алдында жауапты болады.
Yйдi немесе ғимаратты қайта жаңғырту кезінде (жаңартқанда, қайта салғанда, қалпына келтiргенде және т.б.) мердiгерге үйдiң, ғимараттың немесе оның бөлігінің беріктігін, орнықтылығын, сенімділігін төмендеткені немесе жойғаны үшін жауаптылық жүктеледі.
665-бап. Құрылыс мердігерлігі шартындағы сапа кепiлдiктерi
1. Егер құрылыс мердігерлігі шартында өзгеше көзделмесе, мердігер құрылыс объектiсiнiң жобалық-сметалық құжаттамада көрсетілген көрсеткiштерге жеткiзiлуiне және шартқа сәйкес кепiлдi мерзiм iшiнде объектiнi пайдалану мүмкiндiгiне кепiлдiк бередi. Егер заң актілерінде немесе шартта өзгедей кепiлдiк мерзiм көзделмесе, кепілдiк мерзiмi тапсырысшы объектiнi қабылдаған күннен бастап он жыл болады.
2. Кепілдiк мерзiмi шегiнде анықталған кемшiлiктер үшiн егер, объектiнiң немесе оның бөлiктерiнiң қалыпты тозуының, оны дұрыс пайдаланбаудың немесе тапсырысшы өзi немесе ол тартқан үшiншi тұлғалар жасаған пайдалану жөніндегі нұсқаулықтардың дұрыс болмауының, объектіні тапсырысшының өзі немесе ол тартқан үшінші тұлғалар жөндеуді тиісті дәрежеде жүргізбеуі салдарынан болғанын дәлелдей алмаса, мердігер жауапты болады.
3. Мердiгер жауап беретiн кемшіліктердің (ақаулардың немесе шала істелген жұмыстың) салдарынан объект пайдаланыла алмаған барлық уақытқа кепiлдiк мерзiмiнiң өтуi тоқтатыла тұрады.
4. Кепілдік мерзімнің ішінде осы Кодекстің 630-бабының 4-тармағында көрсетiлген кемшiлiктер анықталған кезде тапсырысшы олар анықталғаннан кейін қисынды мерзімде олар туралы мердігерге мәлімдеуге тиіс.
5. Құрылыс мердігерлігі шартында кепілдік мерзім анықталғанға дейiн сметада көрсетіліп, шартта көзделген жұмыс бағасының бiр бөлiгiн тапсырысшының ұстап қалу құқығы көзделуі мүмкін.
666-бап. Кемшіліктерді тапсырысшының есебінен жою
1. Құрылыс мердiгерлiгi шартында тапсырысшының талап етуi бойынша және тапсырысшының есебiнен мердiгер жауапты болмайтын кемшiлiктердi (ақаулар мен шала iстелген жұмыстарды) мердiгердiң жою мiндетi көзделуi мүмкiн.
2. Шарттың нысанасымен тiкелей байланысты болмаған немесе өзiне қатысы жоқ себептермен мердiгердiң орындауы мүмкiн болмаған жағдайда мердiгер осы баптың 1-тармағында көрсетілген жұмыстарды орындаудан бас тартуға құқылы.
4. Жобалау және iздестiру жұмыстарына мердiгерлiктiң ерекшелiктерi
667-бап. Жобалау және iздестiру жұмыстарына мердiгерлiк шарт
1. Жобалау және iздестiру жұмыстарына мердiгерлiк шарт бойынша мердiгер (жобалаушы, iздестiрушi) тапсырысшының тапсырмасы бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге және (немесе) iздестiру жұмыстарын жүргiзуге мiндеттенедi, ал тапсырысшы оларды қабылдап алуға және ақы төлеуге міндеттенедi.
2. Егер заң актілерінде немесе жобалау және (немесе) іздестіру жұмыстарына арналған шартта өзгеше көзделмесе, жобалау және iздестiру жұмыстарына арналған шартты орындаудың кездейсоқ мүмкiн болмауының тәуекелi тапсырысшыға жүктеледi.
668-бап. Жобалау және iздестiру жұмыстарына арналған бастапқы деректер
1. Жобалау және iздестiру жұмыстарына арналған мердiгерлiк шарт бойынша тапсырысшы мердігерге жобалауға тапсырма, сондай-ақ жобалау-сметалық құжаттаманы жасау үшiн қажеттi бастапқы деректердi беруге мiндеттi. Тапсырысшының тапсырмасы бойынша жобалауға тапсырманы мердiгер дайындауы мүмкiн, бұл жағдайда тапсырма тапсырысшы оны бекіткен кезден бастап тараптар үшін міндетті болады.
2. Мердігер тапсырмадағы және іздестіру жұмыстарын жобалау мен орындауға арналған басқа да бастапқы деректердегi талаптарды сақтауға мiндеттi және одан тек тапсырысшының келісімiмен ғана ауытқуға құқылы.
669-бап. Тапсырысшының мiндеттерi
Жобалау және iздестiру жұмыстарына арналған мердiгерлiк шарт бойынша, егер шартта өзгеше көзделмесе, тапсырысшы:
1) мердiгерге барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін белгiленген бағаны төлеуге немесе оны жұмыстың жекелеген кезеңдерi аяқталғаннан кейiн бөлiп төлеуге;
2) мердiгерден алынған жобалау-сметалық құжаттаманы тек шартта көзделген мақсаттарға пайдалануға, жобалау-сметалық құжаттаманы үшiншi тұлғаларға бермеуге және ондағы деректердi мердiгердiң келісімiнсiз жария етпеуге;
3) мердiгерге шартта көзделген көлем мен жағдайда жобалау және iздестiру жұмыстарын орындауына қызмет көрсетуге;
4) мердігермен бiрге дайын жобалау-сметалық құжаттаманы құзыреттi мемлекеттік органдармен және жергiлiктi өзiн өзi басқару органдарымен келiсуге қатысуға;
5) мердiгерге қатысы жоқ мән-жайлардың салдарынан жобалау және iздестiру жұмыстарына арналған бастапқы деректердiң өзгеруiнен пайда болған қосымша шығындарды өтеуге;
6) жасалған жобалау құжаттамаларының немесе орындалған iздестiру жұмыстарының кемшiлiктерiне байланысты үшiншi тұлға тапсырысшыға қойған талап бойынша мердiгердi iске қатысуға тартуға мiндеттi.
670-бап. Мердiгердiң мiндеттерi
Жобалау және іздестіру жұмыстарына арналған мердігерлік шарт бойынша мердiгер:
1) жұмыстарды шарт жасасу кезiнде жобалауға берiлген бастапқы деректерге сәйкес орындауға;
2) дайын жобалау-сметалық құжаттаманы тапсырысшымен, ал қажет жағдайда тапсырысшымен бірге құзыреттi мемлекеттік органдармен және жергiлiктi өзiн өзi басқару органдарымен келiсуге;
3) егер шартта өзгеше көзделмесе, тапсырысшыға дайын жобалық-сметалық құжаттаманы және iздестiру жұмыстарының нәтижесiн бір мезгiлде беруге;
4) тапсырысшының келісімінсіз жобалау-сметалық құжаттаманы үшінші тұлғаларға бермеуге міндетті.
671-бап. Мердігердің кепілдіктері
Мердігер жобалау және іздестіру жұмыстарына арналған мердігерлік шарт бойынша тапсырысшыға мердігер әзiрлеген жобалау-сметалық құжаттаманың негізінде үшінші тұлғалардың жұмыстардың орындалуына бөгет жасау немесе шектеу қою құқығының жоқтығына кепiлдiк бередi.
672-бап. Жобалау-сметалық құжаттаманың және iздестiру жұмыстарының кемшiлiктерi үшiн мердiгердiң жауаптылығы
1. Жобалау және iздестiру жұмыстарына арналған мердiгерлiк шарт бойынша мердiгер құрылысты салу барысынан кейiн, сондай-ақ орындалған жобалау-сметалық құжаттама және iздестiру жұмыстары негiзiнде жасалған объектiнi пайдалану процесiнде анықталған кемшiлiктердi қоса алғанда, жобалау-сметалық құжаттаманың және iздестiру жұмыстарының кемшiлiктерi үшiн жауапты болады.
2. Жобалау-сметалық құжаттамада немесе iздестiру жұмыстарында кемшiлiктер анықталған жағдайда мердiгер тапсырысшының талабы бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы тегiн қайта жасауға және тиiсiнше қосымша iздестiру жұмыстарын жүргiзуге, сондай-ақ, егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше белгiленбесе, тапсырысшыға келтiрiлген залалды өтеуге мiндеттi.
3. Жобалау құжаттамасының кемшiлiктерiнен туындайтын талаптарды оны дайындау жөнiнде тапсырысшы болмаса да, жобалау құжаттамасын пайдаланатын тұлғаның қоюы мүмкiн.
5. Ғылыми-зерттеу, тәжiрибе-конструкторлық және
технологиялық жұмыстарға мердiгерлiктiң ерекшелiктерi
673-бап. Ғылыми-зерттеу, тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға шарттар
1. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына жасалған шарт бойынша мердiгер (атқарушы) тапсырысшының тапсырмасында көзделген ғылыми зерттеулердi жүргiзуге, ал тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға шарт бойынша - жаңа бұйымның үлгiсiн, оған конструкторлық құжаттаманы, жаңа технологияны жасауға немесе үлгi дайындауға міндеттенеді; тапсырысшы мердігерге (атқарушыға) техникалық тапсырма беруге, жұмыс нәтижелерін қабылдауға және оларға ақы төлеуге міндеттенеді.
2. Мердiгермен (атқарушымен) жасалған шарт зерттеу жүргiзудiң, үлгiлердi әзiрлеу мен жасаудың бүкiл циклын да, сондай-ақ олардың жекелеген элементтерiн де қамтуы мүмкiн.
674-бап. Жұмыстарды орындау
1. Мердiгер (атқарушы) ғылыми зерттеулердi жеке өзi жүргiзуге мiндеттi. Егер шартта өзгеше көзделмесе, ол ғылыми-зерттеу жұмыстарына жасалған шартты орындауға тапсырысшының келісімiмен ғана үшiншi тұлғаларды тартуға құқылы.
2. Тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарды орындау кезiнде, егер шартта өзгеше көзделмесе, мердiгер оларды орындауға үшiншi тұлғаларды қосалқы мердiгер ретінде тартуға құқылы.
675-бап. Жұмыстарды тапсыру, қабылдау және оған ақы төлеу
Мердiгер (атқарушы) толық аяқталған ғылыми-зерттеу, тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмысты тапсыруға, ал тапсырысшы оны қабылдауға және оған ақы төлеуге міндетті. Шартта жұмыстың жекелеген кезеңдерін қабылдау және оларға ақы төлеу не ақы төлеудiң өзге де әдiсi көзделуi мүмкiн.
676-бап. Шарт туралы мәлiметтердiң құпиялылығы
Егер ғылыми-зерттеу жұмыстарына не тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға жасалған шартта өзгеше көзделмесе:
1) мердiгер (атқарушы) де, тапсырысшы да шарттың нысанасына, оның орындалу барысына және алынған нәтижелерге қатысты мәлiметтердiң құпиялылығын қамтамасыз етуге мiндеттi. Құпия деп танылатын мәлiметтердiң көлемi шартта белгiленедi;
2) мердiгер аталған шарт бойынша алынған жұмыс нәтижелерiн тек тапсырысшының келісімiмен ғана патенттеудi жүзеге асыруға құқылы.
677-бап. Тараптардың жұмыс нәтижелерiне құқықтары
1. Тапсырысшының ғылыми-зерттеу жұмыстарына не тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға жасалған шарт бойынша өзiне берiлген жұмыс нәтижелерiн шартта көзделген шекте және жағдайда пайдалануға құқығы бар.
2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, мердiгер (атқарушы) өзi алған жұмыс нәтижелерiн өзi үшiн пайдалануға құқылы.
3. Шартта мердiгердiң (атқарушының) жұмыс нәтижелерiн үшiншi тұлғаларға сату құқығы көзделуi мүмкiн.
678-бап. Тапсырысшының мiндеттерi
Ғылыми-зерттеу не тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға жасалған шарт бойынша тапсырысшы:
1) мердiгерге (атқарушыға) техникалық тапсырма беруге және онымен жұмыс бағдарламасын (техникалық-экономикалық өлшемдердi) немесе тақырыптамасын келiсуге;
2) мердiгерге (атқарушыға) жұмысты орындауға қажеттi ақпарат беруге;
3) орындалған жұмыс нәтижелерiн қабылдауға және оларға ақы төлеуге (осы Кодекстiң 623-бабы) мiндеттi.
679-бап. Мердiгердiң (атқарушының) мiндеттерi
1. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына не тәжiрибе-конструкторлық және технологиялық жұмыстарға жасалған шарт бойынша мердiгер (атқарушы):
1) жұмысты тапсырысшымен келісілген бағдарламаға (техникалық-экономикалық өлшемдерге) немесе тақырыптамаға сай орындауға және тапсырысшыға шартта көзделген мерзiмде жұмыс нәтижелерiн беруге;
2) интеллектуалдық меншiктi құқықтық қорғауға байланысты талаптарды сақтауға;
3) шартта немесе тапсырысшының техникалық тапсырмасында көзделген техникалық-экономикалық өлшемдерден ауытқуға соқтыруы мүмкiн техникалық құжаттамадағы өз кiнәсiнен жiберiлген кемшiлiктердi өз күшiмен және өз есебiнен жоюға;