48-бап. Әкімшілік айыппұл
1. Әкімшілік айыппұл (бұдан әрі - айыппұл) - әкімшілік құқық бұзушылық үшін осы бөлімнің ерекше бөлімінің баптарында көзделген жағдайларда және шекте, әкімшілік жаза қолдану кезінде қолданылып жүрген заңнамалық актіге сәйкес белгіленетін айлық есептік көрсеткіштің белгілі бір мөлшеріне сай келетін көлемде салынатын ақшалай жаза.
Осы бөлімнің ерекше бөлімінің баптарында көзделген жағдайларда, айыппұл мөлшері Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген салық міндеттемелерінің орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған сомасының, аударылмаған (уақтылы аударылмаған) әлеуметтік аударымдар сомасының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасының нормалары бұзыла отырып жүргізілген операция сомасының процентімен не қоршаған ортаға келтірілген зиян сомасының мөлшерімен келтірілген залал сомасының, алынған табыс сомасының, заңсыз кәсіпкерлік нәтижесінде алынған акцизделетін тауарлар құны сомасының, есептелмеген ұлттық және шетелдік валюта сомасының не монополистік қызметті жүзеге асыру немесе Қазақстан Республикасының электр энергетикасы, табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасын бұзу нәтижесінде алынған табыс (түсім) сомасының процентімен көрсетіледі.
2. Осы бөліктің екінші абзацында көрсетілгенді қоспағанда, жеке тұлғаға салынатын айыппұлдың мөлшері айлық есептік көрсеткіштің бестен бір бөлігінен кем болмайды.
Осы бөліктің үшінші абзацында көрсетілгенді қоспағанда, лауазымды адамға, дара кәсіпкерге, жеке нотариусқа, жеке сот орындаушысына, адвокатқа, сондай-ақ заңды тұлғаға салынатын айыппұлдың мөлшері бес айлық есептік көрсеткіштен кем болмайды.
Ірі кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын заңды тұлғаға салынатын айыппұлдың мөлшері жиырма айлық есептік көрсеткіштен кем болмайды.
3. Осы бөліктің екінші абзацында көрсетілгенді қоспағанда, жеке тұлғаға салынатын айыппұлдың мөлшерін бес жүз айлық есептік көрсеткіштен асыруға болмайды.
Осы бөліктің үшінші абзацында көрсетілгенді қоспағанда, лауазымды адамға, дара кәсіпкерге, жеке нотариусқа, жеке сот орындаушысына, адвокатқа, сондай-ақ заңды тұлғаға салынатын айыппұлдың мөлшерін мың айлық есептік көрсеткіштен асыруға болмайды.
Ірі кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын заңды тұлғаға салынатын айыппұлдың мөлшерін екі мың айлық есептік көрсеткіштен асыруға болмайды.
4. Осы баптың бірінші бөлігінің екінші абзацына сәйкес есептелген айыппұл осы бапта көрсетілген айыппұлдардың белгіленген мөлшерінен асатын немесе одан кем мөлшерде белгіленуі мүмкін.
5. Айыппұл заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік бюджет кірісіне өндіріп алынады.
6. Заңды тұлғаларды шағын немесе орта кәсіпкерлік, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жатқызу заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2006.20.01. № 123-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2007.27.07. № 314-III ҚР Заңымен (2008.01.01. бастап қолданысқа енді) (бұр.ред.қара) 49-бап өзгертілді
49-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық жасау құралы не нысанасы болған затты өтемін төлеп алып қою
1. Әкімшілік құқық бұзушылық жасау құралы не нысанасы болған затты өтемін төлеп алып қою, оны судья қаулысының негізінде мәжбүрлеп алып қоюдан және сот актілерін орындау үшін көзделген тәртіппен кейіннен өткізуден тұрады. Осындай затты өткізуден түскен соманы сот орындаушысы оларды өткізу жөніндегі шығыстарды шегере отырып, меншік иесіне береді.
2. Аңшылық қаруды, атыс оқ-дәрiлерiн және аңшылықтың басқа да қаруларын өтемiн төлеп алып қоюды аң аулау өмiр сүруiнiң негiзгi заңды көзi болып табылатын адамдарға қолдануға болмайды.
3. Өтемiн төлеп алып қою осы бөлiмнiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi бабында әкiмшiлiк жаза ретiнде көзделген жағдайларда да, тек қасақана құқық бұзушылық үшiн ғана қолданылуы мүмкiн.
2006.20.01. № 123-III ҚР Заңымен 50 -бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2007.27.07. № 314-III ҚР Заңымен (2008.01.01. бастап қолданысқа енді) (бұр.ред.қара); 2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 50-бап өзгертілді
50-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық жасау құралы не нысанасы болған затты, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған мүліктi тәркілеу
1. Әкімшілік құқық бұзушылық жасау құралы не нысанасы болған затты, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған мүлікті тәркілеу оларды заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекет меншігіне мәжбүрлеп өтеусіз өндіріп алудан тұрады.
Меншік иесіне қайтарып беруге жататын не айналымнан алынған затты әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамның заңсыз иелігінен алып қою тәркілеу болып табылмайды. Айналымнан алынған зат мемлекет меншігіне өндіріп алынуға немесе жойылуға тиіс.
2. Егер осы Кодекстің ерекше бөлігінде өзгеше көзделмесе, тәртiп бұзушының меншiгi болып табылатын зат қана тәркiленуге жатады.
3. Аңшылық қаруды, оның оқ-дәрілерін және басқа да рұқсат етілген аң аулау және балық аулау құралдарын тәркілеуді аң аулау (балық аулау) өмір сүруінің негізгі заңды көзі болып табылатын адамдарға қолдануға болмайды.
4. Тәркілеуді судья қолданады және ол осы бөлімнің ерекше бөлімінің тиісті бабында әкімшілік жаза ретінде көзделген жағдайларда тағайындалуы мүмкін.
2006.20.01. № 123-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2008.04.07 № 55-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 51-бап өзгертілді
51-бап. Арнаулы құқықтан айыру
1. Нақты адамға берiлген арнаулы құқықтан айыру осы құқықты пайдалану тәртібінiң өрескел немесе үнемi бұзылғаны үшiн қолданылады.
2. Арнаулы құқықтан айыруды судья қолданады.
3. Көлік құралдарын жүргізу құқығын қоспағанда, арнаулы құқықтан айыру мерзімі бір айдан кем болмауға және екі жылдан аспауға тиіс.
3-1. Көлік құралдарын жүргізу құқығынан айыру мерзімі алты айдан екі жылға дейін болуы мүмкін.
3-2. Алкогольден, есірткіден және (немесе) уытқұмарлықтан мас күйінде көлік құралдарын жүргізгені үшін құқықтан айыру мерзімі екі жылдан он жылға дейін болуы мүмкін.
4. Көлiк құралын масаң күйде жүргiзу, масаң күйдi куәландырудан белгiленген тәртiппен өтуден жалтару, сондай-ақ аталған адамдардың белгiленген ережелердi бұза отырып, өздерi қатысушысы болған жол-көлiк оқиғалары болған жерден кетiп қалу жағдайларын қоспағанда, көлiк құралдарын жүргiзу құқығынан айыруды, бұл құралдарды мүгедектiгiне байланысты пайдаланатын адамдарға қолдануға болмайды.
5. Аң аулау, балық аулау құқығынан, аң аулау қаруларын, оның оқ-дәрілерін және балық аулау құралдарын сақтау мен алып жүру құқығынан айыруды, осы құқықты пайдалану тәртібін үнемi бұзушылықты қоспағанда, аң аулау (балық аулау) өмiр сүруiнiң негiзгi заңды көзi болып табылатын адамдарға қолдануға болмайды.
2006.20.01. № 123-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2007.12.01 № 222-III ҚР Заңымен (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара); 2010.02.04. № 262-IV ҚР Заңымен (жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.24.01. № 399-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 52-бап өзгертілді
52-бап. Лицензиядан, арнаулы рұқсаттан, біліктілік аттестатынан (куәлiктен) айыру не белгiлi бір қызмет түрiне не белгiлi бір iс-әрекеттер жасауға оның қолданылуын (оны) тоқтата тұру, оның ішінде тізілімнен алып тастау
1. Жеке тұлғаларды, дара кәсіпкерлерді, жеке нотариустарды, жеке сот орындаушыларын, адвокаттарды және заңды тұлғаларды белгiлi бір қызмет түрiне не белгiлi бір iс-әрекеттер жасауға лицензиядан, арнаулы рұқсаттан, біліктілік аттестатынан (куәлiктен) айыруды судья аталған адамдардың қызметтi жүзеге асыруы не лицензияда, арнаулы рұқсатта, біліктілік аттестатында (куәлiкте) көзделген белгiлi бір iс-әрекеттердi жасауы кезіндегі әкiмшiлiк құқық бұзушылығы үшiн қолдануы мүмкiн.
2. Белгiлi бір қызмет түрiне не белгiлi бір iс-әрекеттер жасауға лицензияның қолданылуын тоқтата тұру немесе арнаулы рұқсаттан, біліктілік аттестатынан (куәлiктен) уақытша айыру алты айға дейiнгi мерзiмге белгiленедi.
3. 2006.20.01. № 123-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
4. Кредиттік бюроны қоспағанда, қаржы саласындағы қызметті және қаржы ресурстарын шоғырландырумен байланысты қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиядан айыруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген негіздер мен тәртіп бойынша жүзеге асырады.
5. Тiзiлiмнен алып тастауды Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгiленген негiздер бойынша және тәртiппен кеден iсi саласындағы уәкiлеттi орган және Қазақстан Республикасының жол жүрісі қауіпсіздігі саласындағы заңнамасында белгiленген негiздер бойынша және тәртiппен көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
2006.20.01. № 123-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 53-бап өзгертілді
53-бап. Жеке кәсiпкердiң немесе заңды тұлғаның қызметiн немесе қызметінің жекелеген түрлерін тоқтата тұру не оған тыйым салу
1. Жеке кәсiпкердiң немесе заңды тұлғаның қызметiн немесе қызметінің жекелеген түрлерін тоқтата тұру немесе оған тыйым салу әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органның (лауазымды адамның) өтiнiшi бойынша тек сот тәртібімен ғана жүргiзiледi.
2. Жеке кәсiпкердiң немесе заңды тұлғаның қызметiн немесе қызметінің жекелеген түрлерін тоқтата тұру немесе оған тыйым салу туралы талап қою өтiнiшi Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген тәртiппен және негiздерде сотқа жiберiледi. Өтiнiштi сот он күн мерзiмде қарайды.
3. Жеке кәсiпкердiң немесе заңды тұлғаның қызметiн немесе қызметінің жекелеген түрлерін тоқтата тұру түріндегі әкiмшiлiк жазалау шарасы бұзушылықты жою үшiн сот белгiлеген мерзiмде қажеттi iс-әрекеттер (iс-шаралар) жүргiзу арқылы оны жоюға болатын жағдайларда қолданылады.
4. Жеке кәсiпкердiң немесе заңды тұлғаның қызметiн немесе қызметінің жекелеген түрлерін тоқтата тұруға немесе оған тыйым салуға, сот шешiмiнсіз ерекше жағдайларда, талап қою өтiнiшiн сотқа белгiленген мерзiмде мiндеттi түрде табыс ету арқылы үш күннен аспайтын мерзiмге жол берiледi. Бұл орайда қызметке тыйым салу немесе оны тоқтата тұру актiсi сот шешiмi шығарылғанға дейiн қолданылады.
5. 2006.20.01. № 123-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
6. Жеке меншік тауарларын сақтау қоймасы иесінің қызметін тоқтата тұруды Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгіленген негіздер бойынша және тәртіппен кеден ісі саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
2006.20.01. № 123-III ҚР Заңымен 54 -бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
54-бап. Заңсыз салып жатқан немесе салынған құрылысты мәжбүрлеп бұзып тастау
Заңсыз салып жатқан немесе салынған құрылысты мәжбүрлеп бұзуды, осы бөлiмнiң Ерекше бөлiмiнiң баптарында көзделген жағдайларда, судья тағайындайды.
ҚР 25.09.03 ж. № 484-II; 09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара); 2006.20.01. № 123-III (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2007.02.03. № 270-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 55-бап өзгертілді; 2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен 55-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
55-бап. Әкiмшiлiк қамауға алу
1. Әкімшілік қамауға алуды судья ерекше жағдайларда осы бөлімнің ерекше бөлігінің баптарында көзделген шектерде қырық бес тәулікке дейінгі мерзімге тағайындайды.
2. 2006.20.01. № 123-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
3. Жүктi әйелдерге және он төрт жасқа дейiнгi балалары бар әйелдерге, он сегiз жасқа толмаған адамдарға, I және II топтардағы мүгедектерге, сондай-ақ елу сегiз жастан асқан әйелдер мен алпыс үш жастан асқан еркектерге әкiмшiлiк қамауға алуды қолдануға болмайды.
4. Әкiмшiлiк ұстау мерзiмi әкiмшiлiк қамауға алу мерзiмiне қосылады.
2006.02.03. № 131-III ҚР Заңымен 56-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2011.22.07. № 478-ІV ҚР Заңымен 56-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
56-бап. Шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен кетіру
1. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен кетіруді судья осы Кодекстің ерекше бөлімінде көзделген тәртіп пен негіздер бойынша әкімшілік жазалау шарасы ретінде қолданады.
Осы бөліктің ережелері шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылатын шығарып жіберу жағдайында қолданылмайды.
2. Егер әкімшілік іс жүргізу барысында Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен кетіру түріндегі әкімшілік жазалау шарасы қолданылуы мүмкін адам, өзіне қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес ауыр немесе аса ауыр қылмыс болып танылатын әрекет жасалғаны туралы хабарласа, онда осы адамға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 185-бабында белгіленген тәртіппен хабарлама немесе өтініш бойынша шешім қабылданғанға дейін кейінге қалдырылады.
2010.29.04. № 272-IV ҚР Заңымен 57-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
57-бап. Әкiмшiлiк-құқықтық ықпал ету шаралары
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған адамға әкiмшiлiк жаза қолданумен қатар осы адамның жаңадан құқық бұзушылық жасауының алдын алу мақсатында әкiмшiлiк-құқықтық ықпал етудiң мынадай шаралары қолданылуы мүмкiн:
1) жол жүрiсi ережелерiн бiлуiн тексеру;
2) медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары;
3) құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу.
2. Осы баптың бірiншi бөлiгiнiң 1) және 2) тармақшаларында аталған әкiмшiлiк құқықтық ықпал ету шаралары әкiмшiлiк жаза тағайындаумен қатар, сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған адамды осы Кодекстiң 67, 68-баптарында көзделген негiздер бойынша әкiмшiлiк жауаптылықтан босату кезiнде соның орнына қолданылуы мүмкiн.
2006.20.01. № 123-III Заңымен 58-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2008.04.07 № 55-ІV ҚР Заңымен 58-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
58-бап. Жол жүрісі ережелерін білуін тексеру
Осы Кодекстің 461 (сегізінші бөлігінде), 461-1 (екінші бөлігінде), 462 (төртінші бөлігінде), 463 (төртінші бөлігінде), 463-1 (үшінші бөлігінде), 463-2 (төртінші бөлігінде), 463-3 (төртінші бөлігінде), 463-4 (төртінші бөлігінде), 463-5 (үшінші бөлігінде), 463-6 (екінші бөлігінде), 463-7 (екінші бөлігінде), 463-8 (екінші бөлігінде), 464 (екінші бөлігінде) - баптарында көзделген құқық бұзушылықтарды жасаған көлік құралдарының жүргізушілері жол жүрісі ережелерін білуін тексеру үшін емтихан тапсыруға жіберіледі.
Жол жүрісі ережелерін білуін тексеруге жіберу туралы қаулыны осы Кодекстің аталған баптарында көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауға уәкілетті органдар (лауазымды адамдар) шығарады.
2006.20.01. № 123-III Заңымен 59-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
59-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған маскүнемдiкпен, нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауыратындарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану
1. Созылмалы маскүнемдiкпен, нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауырады деп танылған және өз еркiмен емделуден жалтарған адам басқа жеке тұлғалардың құқықтарын не қоғамдық тәртiптi бұзатын әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған жағдайда, сот әкiмшiлiк жазамен қатар оған денсаулық сақтау органдарының мамандандырылған мекемесiнде мәжбүрлеп емдеу жазасын тағайындауы мүмкiн.
2. Мәжбүрлеп емдеу мерзiмi маман наркологтардың ұсыныстары ескерiле отырып белгiленедi, бірақ ол екi жылдан аспауға тиiс.
3. Мәжбүрлеп емдеудi тоқтатуды сол адам емделiп жатқан емдеу мекемесi жүргiзедi.
2010.29.04. № 272-IV ҚР Заңымен 59-1-баппен толықтырылды
59-1-бап. Құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуге қатысушылардың және (немесе) ішкі істер органдарының өтініші бойынша сот әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау кезінде адамның мінез-құлқына осы Кодекстің 79-1, 79-5, 111-1, 112, 332, 355-1-баптарында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін үш айдан бір жылға дейінгі мерзімге:
1) жәбірленушіні іздестіруге, ізіне түсуге, оған баруға, онымен ауызша, телефон арқылы сөйлесуге және өзге де тәсілдермен байланыс жасауға;
2) атыс қаруын және қарудың басқа да түрлерін сатып алуға, сақтауға, алып жүруге және пайдалануға толық немесе жартылай тыйым салуды көздейтін ерекше талаптар белгілеуі мүмкін.
2. Құқық бұзушының мінез-құлқына қойылатын ерекше талаптардың қолданылу мерзімі ішінде профилактикалық әңгімелесу өткізу үшін оған айына бір реттен төрт ретке дейін ішкі істер органдарына келу міндеттері жүктелуі мүмкін.
7-тарау.
Әкімшілік жаза қолдану
60-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн жаза қолданудың жалпы ережелерi
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн жаза осы әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн осы бөлiмнiң Ерекше бөлiмiнiң бабында көзделген шекте, осы Кодекстiң ережелерiне дәл сәйкестiкте қолданылады.
2. Әкiмшiлiк жаза әдiл, құқық бұзушылықтың сипатына, оның жасалу мән-жайларына, құқық бұзушының жеке басына сай келетiн болуға тиiс.
3. Жеке адамға әкiмшiлiк жаза қолдану кезiнде жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың сипаты, кiнәлiнiң жеке басы, соның iшiнде оның құқық бұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi мiнез-құлқы, мүлiктiк жағдайы, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар ескерiледi.
4. Заңды тұлғаға әкiмшiлiк жаза қолданған кезде әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың сипаты, мүлiктiк жағдайы, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар ескерiледi.
5. Әкiмшiлiк жаза қолдану адамды, орындалмағаны үшiн аталған жаза қолданылған мiндеттердi атқарудан, жол берiлген бұзушылықты жоюдан және зиянды өтеуден босатпайды.
6. Бір әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн бір негiзгi не негiзгi және қосымша әкiмшiлiк жазалардың қолданылуы мүмкiн.
2006.20.01. № 123-III Заңымен 61-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
61-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн жауаптылықты жеңiлдететiн мән-жайлар
1. Мыналар әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн жауаптылықты жеңiлдететiн мән-жайлар болып танылады:
1) кiнәлi адамның өкiнуi;
2) кiнәлi адамның құқық бұзушылықтың зиянды зардаптарын болдырмауы, залалды өз еркiмен өтеуi немесе келтiрiлген зиянды жоюы;
3) әкiмшiлiк құқық бұзушылықты күштi жан толқынысының әсерiмен не жеке басының немесе отбасының ауыр жағдайлары салдарынан жасау;
4) әкiмшiлiк құқық бұзушылықты кәмелетке толмаған адамның жасауы;
5) әкiмшiлiк құқық бұзушылықты жүктi әйелдiң немесе үш жасқа дейiнгi баласы бар әйелдiң жасауы;
6) әкiмшiлiк құқық бұзушылықты күш қолдану немесе психикалық мәжбүрлеу нәтижесiнде жасау;
7) әкiмшiлiк құқық бұзушылықты қажеттi қорғанудың заңдылығы шарттарын бұзу, құқыққа қарсы қол сұғушылық жасаған адамды ұстау, бұйрықты немесе өкiмдi орындау кезiнде жасау.
8) әкімшілік құқық бұзушылықты алғаш рет абайсызда жасау.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарайтын судья, орган (лауазымды адам) осы баптың бірiншi бөлiгiнде аталмаған мән-жайларды да жеңiлдететiн мән-жайлар деп тануы мүмкiн.
ҚР 09.08.02 ж. № 346-II Заңымен 62-бап өзгертілді
62-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар
Мыналар әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар деп танылады:
1) құқыққа қарсы мiнез-құлықты, прокурордың заңды түсiндiргенiне және (немесе) оны тоқтату туралы оған уәкiлеттi адамдардың талап етуiне қарамастан оны жалғастыра беру;
2) бұрын жасаған әкiмшiлiк құқық бұзушылығы үшiн әкiмшiлiк жазалауға ұшыратылған, ол бойынша осы Кодекстiң 66-бабында көзделген мерзiмi бiтпеген адамның біртектi әкiмшiлiк құқық бұзушылықты бір жыл iшiнде қайталап жасауы;
3) кәмелетке толмаған адамды әкiмшiлiк құқық бұзушылыққа тарту;
4) кiнәлi адамның бiле тұра ауыр психикалық аурумен ауыратын адамдарды, не әкiмшiлiк жауаптылығы туындайтын жасқа жетпеген адамдарды әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауға тартуы;
5) ұлттық, нәсiлдiк және дiни жек көрушiлiк немесе жауласушылық себебi бойынша, басқа адамдардың заңды әрекетi үшiн кек алу, сондай-ақ басқа құқық бұзушылықты жасыру немесе оның жасалуын жеңiлдету мақсатында әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау;
6) адамға немесе оның жақындарына қатысты белгiлi бір адамның өзiнiң қызметтiк, кәсiптiк немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау;
7) кiнәлi адамның бiле тұра жүктi әйелдерге қатысты, сондай-ақ жас балаға, басқа да қорғансыз немесе дәрменсіз адамға не кiнәлiге тәуелдi адамға қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау;
8) адамдар тобының әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауы;
9) табиғи апат жағдайында немесе басқа да төтенше жағдайлар кезiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау;
10) маскүнемдiк, нашақорлық немесе уытқұмарлық масаю күйiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау. Әкiмшiлiк жаза қолданатын судья, орган (лауазымды адам) әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың сипатына қарай оны жауаптылықты ауырлататын мән-жай деп танымауы мүмкiн.
ҚР 05.12.03 ж. № 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 63-бап толықтырылды
63-бап. Бірнеше әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған кезде әкiмшiлiк жазалар қолдану
1. Бір адам екi немесе одан да көп әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған кезде әрбір құқық бұзушылық үшiн жеке-жеке әкiмшiлiк жаза қолданылады.
2. Егер адам бірнеше әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасап, ол iстердi бір судья, орган (лауазымды адам) қараса, бұл адамға белгiлi бір түрдегi жазалар қолданылған жағдайда, жазаның түпкiлiктi мөлшерiн жазаның осы түрi үшiн осы Кодексте белгiленген үш еселенген ең жоғарғы шегiнен асыруға болмайды. Әкiмшiлiк қамауға алудың ең ұзақ мерзiмi мұндай жағдайларда отыз тәулiктен, ал төтенше жағдай режимiнiң талаптарын бұзғаны үшiн қолданылатын әкiмшiлiк қамауға алу қырық бес тәулiктен аспауға тиiс.
3. Егер әкiмшiлiк айыппұлдар заң актілерінде белгіленген салық мiндеттемелерiнiң орындалмаған немесе тиiсiнше орындалмаған сомасының процентiмен көрсетiлген жағдайда, оларды бірнеше әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн салған кезде, айыппұл әрбір әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн бөлек өндiрiлiп алынады.
ҚР 05.12.03 ж. № 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 64-бап өзгертілді; 2006.20.01. № 123-III Заңымен 64-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
64-бап. Әкімшілік құқық бұзушылықтан келтірілген зиянды өтеу
1. Судья мүліктік зиян келтірген әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарай келіп, егер зиянның мөлшері туралы дау болмаса, әкімшілік жаза қолдану туралы мәселені шешумен бір мезгілде осындай зиянды өндіріп алады.
Әкімшілік құқық бұзушылықтан келтірілген мүліктік зиянның мөлшері туралы даулар азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралады.
2. Өзге уәкілетті органдар (лауазымды адамдар) қарайтын әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша мүліктік зиянды өтеу, кінәлі адам оны өз еркімен өтеуден бас тартқан жағдайда, азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен жүргізіледі.