2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара )
4) радиоактивті ластануға ұшыраған жер учаскесі оның меншік иесінен немесе жер пайдаланушыдан, құны тең жер учаскесі беріле отырып, мәжбүрлеп иеліктен шығарылған;
5) тәркiленген реттен басқа жағдайларда жол берiлмейдi.
3. Жер пайдалану құқығы бұдан басқа да мынадай негiздер бойынша тоқтатылуы мүмкiн:
1) учаске берiлген мерзiмнiң өтуi;
2) жер учаскесi кепiлде тұрған жағдайларды қоспағанда, жер учаскесiн жалға беру шартының немесе өтеусiз уақытша жер пайдалану шартының мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы;
3) жер пайдаланушыға қызметтiк жер телiмiн берумен байланысты туындаған еңбек қатынастарының тоқтатылуы (осы Кодекстiң 41-бабы).
82-бап. Жеке меншiк құқығынан немесе жер пайдалану құқығынан бас тарту
2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Меншiк иесi бұл туралы жария етiп, не жер учаскесiне қатысты өзiне тиесiлi құқығын сақтау ниетiнсiз одан бас тартатынын айқын бiлдiретiн басқа да iс-әрекет жасап, өзiне тиесiлi жер учаскесiне меншiк құқығынан бас тарта алады.
Уақытша жер пайдалану құқығынан немесе жеке меншiктегi жер учаскесiн уақытша пайдалану құқығынан бас тарту жалдау шартын немесе өтеусiз уақытша жер пайдалану туралы шартты тоқтату үшiн белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара); 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Меншік иесі жер учаскесіне меншік иесі құқығынан бас тартқан жағдайда, бұл жер учаскесі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 242-бабына сәйкес иесі жоқ жылжымайтын зат ретінде есепке алынады.
Мұндай жер учаскесі иесі жоқ жылжымайтын зат ретінде есепте болған кезінде басқа тұлғаға уақытша жер пайдалануға берілуі мүмкін.
2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Жер учаскесiне жеке меншiк құқығынан ерiктi түрде бас тартқан кезде, жер учаскесi меншiк иесiнiң нотариат куәландырған жазбаша өтiнiшi жер учаскесiн иесi жоқ жылжымайтын зат ретiнде есепке алуға негiз болып табылады.
2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Осы баптың қағидалары жер пайдаланушылар жер пайдалану құқығынан бас тартқан жағдайларға да қолданылады.
83-бап. Меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының мiндеттемелерi бойынша жер учаскесiнен немесе жер пайдалану құқығынан өндiрiп алу
Меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының мiндеттемелерi бойынша жер учаскесiнен немесе жер пайдалану құқығынан өндiрiп алу кезiнде (осы Кодекстiң 63-бабы) меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының жер учаскесiне меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығы ауысатын тұлғаның алып қойылған жер учаскесiне меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығы туындаған кезден бастап тоқтатылады.
Кепiлге берушiнiң өтiнiшi бойынша сот дәлелдi себептер болған кезде (дүлей апат және өзге де төтенше жағдайлар), сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер кепiлге салынған жағдайда, кепiлге салынған жер учаскесiнен (жер пайдалану құқығынан) өндiрiп алу туралы шешiмде оның сатылуын бiр жылға дейiнгi мерзiмге кейiнге қалдыруға құқылы.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 84-бап жаңа редакцияда
84-бап. Жер учаскесiн мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иелiктен шығарудың жалпы ережелері мен принциптері
1. Жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн ерекше жағдайларда, бұл мұқтажды өзге де тәсiлмен қанағаттандыру мүмкiн болмаған және мүлiктi меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен тең құны өтелген кезде не сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп иелiктен шығарылуы мүмкін.
2. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иелiктен шығару үшін мыналар:
1) Қазақстан Республикасы ратификациялаған шарттардан туындайтын халықаралық мiндеттемелер;
2012.13.02. № 553-IV ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2) қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтаждары, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттар үшін жер беру және арнайы экономикалық аймақтардың құрылуы мен олардың жұмыс істеуі;
3) пайдалы қазба кен орындарының табылуы және оларды қазу;
4) автомобиль және темір жолдардың құрылысы (реконструкциясы), әуежайлар, әуеайлақтар, аэронавигация объектілері және авиатехникалық орталықтар, теміржол көлігі объектілері, көпірлер, метрополитендер, тоннельдер, энергетика жүйесі мен электр тарату желілері, байланыс желiлерi объектілері, ғарыш қызметін қамтамасыз ететін объектілер, магистральдық құбырлар, инженерлiк-коммуникациялық желiлер, концессиялық жобаларды іске асыру, елдi мекендердiң ортақ пайдалануындағы объектiлердiң құрылысы (реконструкциясы);
5) осы бапта белгiленген ерекше жағдайлардың тiзбесiне жатқызылатын объектiлердің құрылысы бойынша елдi мекендердiң бас жоспарларын орындау, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларда көзделген объектiлерді бюджет қаражаты есебінен салу ерекше жағдайлар болып табылады.
3. Егер жер пайдаланушы берiлген құқықты мемлекеттен сатып алмаған болса, жер пайдалануға берілген жер учаскесiн мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иелiктен шығару - жер пайдалану құқығы сатып алынбай жүзеге асырылады, ал егер ол жер пайдалану құқығын сатып алған болса, осы Кодекске және «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жер пайдаланушыға залалдар толық көлемінде өтеледі, оның қалауы бойынша басқа жер учаскесі берілуі мүмкін.
4. Жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға, мемлекет мұқтажын қанағаттандыру үшін қаншалықты қажет болса, сондай көлемде ғана жол беріледі.
5. Мемлекеттік емес заңды тұлғалардың коммерциялық мақсаттарын және мемлекеттік емес мүдделерді қанағаттандыру мақсаттарын көздейтін кез келген иеліктен шығару не мемлекеттік функцияларды жүзеге асырудан туындамайтын және қоғамдық маңызы бар мақсаттарды көздемейтін өзге де иеліктен шығару жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару болып танылмауға тиіс.
6. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару иеліктен шығару рәсімінің жариялылығы сақталған кезде жүргізіледі.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы қаулысы оны қабылдаған сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде тиісінше республикалық немесе жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға жатады.
7. Осы баптың ережелерін орындамау жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарудан соттың бас тартуына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы қабылдаған қаулысының күшін жоюға негіз болып табылады.
8. Жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын тұлғалардың құқықтарын қорғау сот тәртібімен жүзеге асырылады.
9. Мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы осы Кодекске сәйкес жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы қаулы қабылданғаннан кейін «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-тарауында белгіленген тәртіппен келісім рәсімдеріне бастама жасауға құқылы.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 85-бап өзгертілді (бұр. ред. қара ); 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 85-бап жаңа редакцияда
85-бап. Жер учаскесiн мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару
1. Жер учаскесінің меншiк иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-тарауында белгіленген мерзімде және тәртіпте мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы жазбаша хабардар етілуге тиіс.
Жер учаскесінің меншiк иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы жазбаша хабарлама алған сәттен бастап мемлекет оны сатып алудың басым құқығына ие болады.
2. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-тарауында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Жер учаскесi меншiк иесiнің меншік құқығының және мемлекеттік емес жер пайдаланушының жер пайдалану құқығының тоқтатылуы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін сатып алу туралы шарттың немесе жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы сот шешімінің негізінде жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын органда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркелуге жатады.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 86-бап өзгертілді (бұр. ред. қара); 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 86-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
86-бап. Меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару кезіндегі құқықтары
1. Меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару рәсімінің басталуы туралы хабарлама алған күннен бастап жер учаскесіне мемлекеттік меншік құқығы мемлекеттік тіркелгенге немесе жер пайдалану құқығы тоқтатылғанға дейін жер учаскесiне және өзге де жылжымайтын мүлікке өзiне тиесiлi құқықты жүзеге асыруға, осы мүлікті оның нысаналы мақсатына сәйкес пайдалануды қамтамасыз ететiн қажеттi шығындарды жасауға құқылы. Бұл ретте меншiк иесi немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы көрсетілген кезеңде осындай жер учаскесіндегі жаңа құрылысқа, үйлерді (құрылыстарды, ғимараттарды) және өзге де жылжымайтын мүлік объектілерін кеңейтуге немесе реконструкциялауға байланысты шығындар мен залалдарды өзi көтеруге тәуекел жасайды.
Егер меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы жер учаскесінің бір бөлігі мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылғаннан кейін қалған бөлігін бұрынғы нысаналы мақсаты бойынша пайдалана алмаса, онда бүкіл жер учаскесі сатып алынады.
2. Жер учаскесіне және өзге де жылжымайтын мүлікке құқықтар осы баптың 1-тармағында көрсетілген уақыт ішінде басқа тұлғаға иеліктен шығару жолымен немесе өзге де негіздер бойынша ауысқан кезде, сондай-ақ әмбебап құқықтық мирасқорлыққа байланысты құқық иеленуші ауысқан кезде жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару рәсімі жаңа құқық иеленушіге де қатысты қолданылады (жалғасады).
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 87-бап өзгертілді (бұр. ред. қара); 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 87-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
87-бап. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарған кезде оның құнын өтеу
Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарған кезде оның құнын өтеу мөлшері, төлем нысандары және төлеу мерзімдері «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-тарауында белгіленеді.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 88-бап өзгертілді (бұр. ред. қара); 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 88-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
88-бап. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін сот шешімі бойынша алып қою
1. Егер меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы қаулымен келіспесе не алып қойылатын жер учаскесінің құны немесе басқа шарттар туралы онымен келісімге қол жеткізілмесе, жергілікті атқарушы орган жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап-арызбен сотқа жүгінуге құқылы.
2. Жер учаскесінің меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарламаны алған сәттен бастап үш ай өткен соң, бірақ, жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы қаулыда көрсетілген мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруды жүзеге асыру мерзімінен (күнінен) кешіктірілмей жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап-арыз келтірілуі мүмкін.
3. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап-арыз бойынша азаматтық істер істі сотта қарауға дайындау аяқталған күннен бастап бір ай мерзімде қаралады және шешіледі.
89-бап. Мемлекет мұқтажы үшiн мемлекеттік жер пайдаланушыдан жер учаскесiн алып қою
Мемлекет мұқтажы үшiн мемлекеттік жер пайдаланушыдан жер учаскесiн алып қою оны алып қоюды жүзеге асыратын атқарушы органның бiржақты шешiмi негiзiнде жүргiзiледi.
Мұндай шешiмге жоғары тұрған органға не сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкiн. Шағым беру алып қою туралы шешiмнiң орындалуын тоқтата тұрады.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 90-бап өзгертілді
90-бап. Жекелеген санаттағы жердi алып қоюды шектеу
Суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарын, ауыл шаруашылығы, биологиялық және ирригациялық-мелиорациялық, балық шаруашылығы бағдарындағы ғылыми-зерттеу және оқу орындарының тәжiрибелiк алаңдарының, орман және су қорларының жерлерiн алып қоюға ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру мен кеңейтуге, халықаралық мiндеттемелердi орындауға, учаскенiң астынан бағалы пайдалы қазбалардың кен орнының табылуына, жол, жаңартылатын энергия көздерін - күн мен жел энергиясын пайдалану жөніндегі объектілерді, электр тарату желiлерiн, байланыс желiлерi мен магистральды құбырларды, елді мекендердің ортақ пайдаланудағы инженерлік-коммуникациялық желілерін салуға, сондай-ақ мемлекеттік маңызы бар объектілерді ықтимал орналастырудың басқа нұсқалары болмаған кезде оларды салуға байланысты ерекше жағдайларда ғана жол берiледi.
91-бап. Төтенше жағдайлар кезiнде жер учаскесiн уақытша алып қою
1. Дүлей апаттар, соғыс жағдайындағы режим, авариялар, эпидемиялар, iндеттер жағдайында және өзге де төтенше жағдайлар кезiнде жер учаскесi жергiлiктi атқарушы органдардың шешiмiмен меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға олардың шеккен шығыны өтеле отырып, олардан қоғам мүддесi үшiн уақытша алып қойылуы мүмкiн. Меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының шеккен шығынын өтеу бағасы сот тәртібімен даулануы мүмкiн.
2. Төтенше жағдайдың қолданылуы тоқтатылған кезде жер учаскесi меншiк иесiне (жер пайдаланушыға) қайтарылуға тиiс және дау туындаған жағдайда ол сот тәртібімен оның қайтарылуын талап етуге құқылы.
3. Жер учаскесiн меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға қайтару мүмкiн болмаған жағдайда жер учаскесiнiң немесе жер пайдалану құқығының құны өтеледi.
4. Жер учаскесiн уақытша алып қойған кезде мүлiктi, соның iшiнде жылжымайтын мүлiктi реквизициялау тәртібі Қазақстан Республикасы азаматтық заңдарының нормалары бойынша жүзеге асырылады.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2007.21.07. № 297-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 92-бап өзгертілді; 2011.20.07. № 464-ІV ҚР Заңымен 92-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
92-бап. Мақсаты бойынша пайдаланылмаған жер учаскесiн меншiк иесiнен және жер пайдаланушыдан мәжбүрлеп алып қою
1. Егер ауыл шаруашылығы өндiрiсiне не тұрғын үй құрылысына немесе өзге де құрылысқа арналған жер учаскесi екi жыл iшiнде (егер Қазақстан Республикасының заңдарында неғұрлым ұзақ мерзiм көзделмесе) тиiстi мақсатында пайдаланылмаса, ал ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін, оның ішінде шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін жер пайдалану құқығында берілген жер учаскесі алғаш рет жер учаскесін мақсаты бойынша пайдаланбау анықталған кезден бастап есептелетін бесжылдық кезеңде жалпы алғанда екі жыл пайдаланылмаса, онда мұндай жер учаскесi осы Кодекстiң 94-бабында көзделген тәртiппен меншiк иесiнен және жер пайдаланушыдан мәжбүрлеп алып қойылуға жатады. Бұл кезеңге осындай жер учаскесін игеруге қажеттi уақыт, сондай-ақ дүлей апаттар салдарынан немесе осылайша пайдалануға мүмкiндiк бермеген өзге де мән-жайларға байланысты көрсетілген учаскенi мақсаты бойынша пайдалану мүмкiн болмаған уақыт кiрмейдi.
2. Жер учаскесін игерудің мерзімі мен шарттарын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық) округтердің әкімдері, ал арнайы экономикалық аймақ аумағында - тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің жергілікті атқарушы органдары немесе арнайы экономикалық аймақтың әкімшілігі, жер учаскелерін беру жөніндегі осы Кодексте белгіленген өз құзыреті шегінде, осы аумақта жерді аймақтарға бөлуге және қала құрылысы регламенттеріне сәйкес белгіленген берілетін жер учаскесінің нысаналы мақсаты мен жердің құқықтық режиміне қарай айқындайды.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы бойынша, сондай-ақ жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасынсыз не эскиздер (эскиздік жобалар) бойынша жүзеге асырылатын құрылыс үшін және ауыл шаруашылығы мақсаттары үшін берілген жер учаскесiн игеру кемінде екі жыл мерзімге белгіленеді.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 93-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2011.20.07. № 464-ІV ҚР Заңымен 93-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
93-бап. Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылған жер учаскесiн меншiк иесiнен және жер пайдаланушыдан мәжбүрлеп алып қою
1. Жер учаскесін немесе оның бір бөлігін Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдалану Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
Жер учаскесін немесе оның бір бөлігін Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдалану жағдайына:
1) жер учаскесін немесе оның бір бөлігін нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланбау;
2) жер учаскесін немесе оның бір бөлігін ауыл шаруашылығы жерінің құнарлылығын анағұрлым азайтуға не экологиялық жағдайды едәуір нашарлатуға әкеп соғатындай пайдалану жатады.
2. Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылып жатқан жер учаскесі немесе оның бір бөлігі Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген жазалау шаралары қолданылғаннан кейін, осы Кодекстің 94-бабында көзделген тәртіппен меншік иесінен немесе жер пайдаланушыдан мәжбүрлеп алып қойылуға жатады.
3. Төтенше және ырық бермейтін ахуал кезінде (еңсерілмейтін күш әрекеті) туындаған жағдайларды қоспағанда, осы бапта көзделген жағдайларда жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы залалды Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес мемлекетке өтеуге міндетті.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 94-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
94-бап. Мақсаты бойынша пайдаланылмаған не Қазақстан Республикасының заңдарын бұза отырып пайдаланылған жер учаскесiн мәжбүрлеп алып қою тәртібі
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара )
1. Меншiк иелерiнен және жер пайдаланушылардан жер учаскесiн осы Кодекстiң 92 және 93-баптарында көзделгендей мәжбүрлеп алып қою жер учаскесі орналасқан жердегі облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық органының талап-арызы бойынша сот тәртібімен жүргiзiледi.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара )
2. Осы Кодекстiң 92-бабында көзделген жағдайда жер учаскесiн мәжбүрлеп алып қою туралы талап-арыз меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға талап-арыз қойылғанға дейiн кемiнде бiр жыл бұрын жер учаскесін нысаналы мақсаты бойынша пайдалану қажеттiгi туралы жазбаша ескерту жасалғаннан кейiн және осы уақыт iшiнде жер учаскесiнiң меншiк иесi не жер пайдаланушы осындай учаскенi нысаналы мақсаты бойынша пайдалану жөнiнде қажеттi шаралар қолданбаған жағдайда ғана берiлуi мүмкiн.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара ) 3-тармақ өзгертілді
3. Осы Кодекстiң 93-бабында көзделген жағдайда жер учаскесiн мәжбүрлеп алып қою туралы талап-арыз Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңдарында көзделген жазалау шаралары қолданылғаннан, талап-арыз беруден кемiнде үш ай бұрын жер учаскесінің меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылуын жою қажеттiгi туралы жазбаша ескерту жасалғаннан кейiн ғана және осы мерзiм iшiнде жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы учаскенi пайдалану кезiнде Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылуын жоймаған жағдайда берiлуi мүмкiн.
Егер жер учаскесінің меншік иесінің немесе жер пайдаланушының Қазақстан Республикасының заңдарын бұзуы учаскенi нысаналы мақсатқа сай пайдаланбауында болса, мәжбүрлеп алып қою туралы талап-арыз бергенге дейiн облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық органы жер учаскесінің меншік иесінің немесе жер пайдаланушының өтiнiшi бойынша жер учаскесiнiң нысаналы мақсатын өзгерту туралы мәселе бойынша осындай учаске орналасқан жердегі облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың ауданның (облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органына аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің әкіміне) ұсыныстар жіберуге мiндеттi. Бұл жағдайда осындай учаскенің нысаналы мақсатын өзгерту туралы мәселе оң шешiлмеген кезде ғана талап-арыз берiлуi мүмкiн.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара ); 2011.20.07. № 464-ІV ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
4. Осы Кодекстiң 92 және 93-баптарында көрсетілген негiздер бойынша сот шешiмiмен жер учаскесін меншiк иесiнен немесе жер пайдаланушыдан мәжбүрлеп алып қойған жағдайда жер учаскесiне меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығы (мемлекеттен сатып алынған жер учаскесiне жалдау құқықтарына қатысты) Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу және атқарушылық заңнамасында белгiленген тәртiппен сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) сатылады.
Өтеусіз негізде берілген жер учаскесін осы Кодекстің 92-бабында көрсетілген негіздер бойынша сот шешімімен меншік иесінен мәжбүрлеп алып қойған жағдайда, осы жер учаскесі жер учаскесінің меншік иесіне жер учаскесінің құнын өтеместен одан әрі қайта бөлу үшін арнаулы жер қорының есебіне жатқызылады. Бұл ретте мұндай меншік иесінің (алып қойылған жер учаскесі осы Кодекстің 9-бабының 3-тармағы 2) тармақшасының негізінде берілген жағдайда) осы мақсаттар үшін жер учаскесін қайтадан өтеусіз негізде алу құқығы сақталады.
Сатудан түскен сома жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою шығыстары шегерiле отырып, жер учаскесінің бұрынғы меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға төленедi. Бiр жыл iшiнде кемiнде үш рет сауда-саттық (конкурстар, аукциондар) жүргізілгеннен кейiн ондай жер учаскесiн немесе оған жер пайдалану құқығын сату мүмкiн болмаған жағдайда жер учаскесi сот шешiмiмен арнаулы жер қорының есебіне жатқызылады.
2006.22.06. № 147-III ҚР Заңымен 95-бап өзгертілді
95-бап. Тәркiлеу
Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларда, қылмыс немесе өзге де құқық бұзушылық жасағаны үшiн меншiк иесiнен немесе жер пайдаланушыдан жер учаскесi сот тәртібімен санкция түрiнде өтеусiз алып қойылуы мүмкiн.
Сотталған адам мен оның асырауындағы адамдар үшiн қажеттi, сотталған адамға жеке меншiк құқығымен тиесiлi немесе оның ортақ меншiктегi үлесi болып табылатын, онда үйi мен шаруашылық қора-жайлары орналасқан жер учаскелерi, сондай-ақ өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу үшiн қажеттi жер учаскелерi Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңдарында көзделген тiзбеге сәйкес тәркiленбеуге тиiс.
Тәркiленген жер учаскелерi мемлекеттік меншiкке қайтарылады. Тәркiлеу объектiсi болып табылатын мұндай жер учаскелерi не жер пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сатылуы немесе одан әрі пайдаланылуы мүмкiн.
2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 96-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
96-бап. Меншiк немесе жер пайдалану құқығы тоқтатылған жағдайда жер учаскесiн бағалау
Меншiк немесе жер пайдалану құқығы тоқтатылған жағдайда жер учаскесiнің немесе жер пайдалану құқығының құны мемлекетке төленген сома шегінде белгіленеді.
Меншiк немесе жер пайдалану құқығы тоқтатылған жағдайда жеке тұрғын үй орналасқан жерде жеке тұрғын үй салуы үшін, жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін (егістік телімдерін қоспағанда) берілген жер учаскесінің құны жер учаскесінің нарықтық құнынан аспайтын құны мөлшерінде белгіленеді.