19-тарау. Міндеттемедегі адамдардың ауыстырылуы
339-бап. Несие берушi құқықтарының басқа адамға ауысу негiздерi мен тәртібі
340-бап. Басқа адамдарға ауыстыруға болмайтын құқықтар
341-бап. Несие берушiнiң басқа адамға ауысатын құқықтарының көлемi
342-бап. Жаңа несие берушiнiң құқықтарына дәлелдемелер
343-бап. Жаңа несие берушiнiң талабына борышқордың қарсылық бiлдiруi
344-бап. Несие берушi құқықтарының заң құжаттары негiзiнде басқа адамға ауысуы
345-бап. Талап етудi беру шарттары
346-бап. Талап етудi беру нысаны
347-бап. Талап етудi берген несие берушiнiң жауапкершiлiгi
348-бап. Борыштың ауысуы
20-тарау. Міндеттеменің бұзылғандығы үшін жауаптылық
349-бап. Мiндеттеменiң бұзылғандығы ұғымы
350-бап. Мiндеттеменiң бұзылуынан туындаған залалдардың орнын толтыру
351-бап. Залалдар және айып төлеу
352-бап. Мiндеттеменiң бұзылуынан келтiрiлген моральдық нұқсанды өтеу
353-бап. Басқаның ақшасын заңсыз пайдаланғаны үшiн жауапкершiлiк
354-бап. Жауапкершiлiк және мiндеттеменi заттай орындау
355-бап. Белгiлi бiр затты жеке беру мiндеттемесiн орындамаудың салдары
356-бап. Мiндеттеменi борышқордың есебiнен орындау
357-бап. Субсидиялық жауапкершiлiк
358-бап. Мiндеттемелер жөніндегі жауапкершiлiктiң мөлшерiн шектеу
359-бап. Мiндеттеменiң бұзылғандығы үшiн жауапкершiлiк негiздерi
360-бап. Мiндеттемедегi кәсiпкерлiк тәуекел
361-бап. Екiжақты шартты орындамаудың салдары
362-бап. Борышқордың өз қызметкерлерi үшiн жауапкершiлiгi
363-бап. Борышқордың үшiншi жақтардың әрекеттерi үшiн жауапкершiлiгi
364-бап Несие берушiнiң кiнәсi
365-бап. Борышқордың мерзiмдi өткiзiп алуы
366-бап. Несие берушiнiң мерзiмдi өткiзiп алуы
21-тарау. Міндеттемені тоқтату
367-бап. Мiндеттеменi тоқтату негiздерi
368-бап. Мiндеттеменi орындау арқылы тоқтату
369-бап. Бас тарту төлемi
370-бап. Мiндеттеменi есепке жатқызу арқылы тоқтату
371-бап. Мiндеттеменiң борышқор мен несие берушінiң бiр тұлға болуы себептi тоқтатылуы
372-бап. Мiндеттеменiң жаңғыртылуға байланысты тоқтатылуы
373-бап. Борышты кешiру
374-бап. Орындауға мүмкiндiк болмағандықтан мiндеттеменiң тоқтатылуы
375-бап. Мемлекеттік органның құжаты негiзiнде мiндеттеменiң тоқтатылуы
376-бап. Азаматтың қайтыс болуымен мiндеттеменiң тоқтатылуы
377-бап. Заңды тұлғаның таратылуымен мiндеттеменiң тоқтатылуы
2-бөлiмше. Шарт туралы жалпы ережелер
22-тарау. Шарт ұғымы және оның ережелері
378-бап. Шарт ұғымы
379-бап. Шарттан туындайтын құқықтық қатынастар
380-бап. Шарт еркiндiгi
381-бап. Аралас шарт
382-бап. Шарт жағдайларын анықтау
383-бап. Шарт және заңдар
384-бап. Ақылы және ақысыз шарт
385-бап. Баға
386-бап. Шарттың қолданылуы
387-бап. Жария шарт
388-бап. Шарттардың үлгi ережелерi
389-бап. Қосылу шарты
390-бап. Алдын ала жасалатын шарт
391-бап. Үшiншi жақтың пайдасына жасалатын шарт
392-бап. Шартты түсiндiру
23-тарау. Шарт жасасу
393-бап. Шарттың елеулi ережелерi
394-бап. Шарттың нысаны
395-бап. Оферта
396-бап. Акцепт
397-бап. Шарт жасасу тәртібі
398-бап. Шарт жасасатын жер
399-бап. Шартты мiндеттi түрде жасасу
400-бап. Шарт жасасу алдындағы даулар
24-тарау. Шартты өзгерту және бұзу
401-бап. Шартты өзгерту және бұзу негiздерi
402-бап. Шартты өзгерту және бұзу тәртібі
403-бап. Шартты бұзу және өзгерту салдары
404-бап. Шартты орындаудан бiржақты бас тарту (шарттан бас тарту)
405-бап. Шарттың қолданылу мерзiмiн ұзарту
Ерекше бөлім
ЖАЛПЫ БӨЛІМ
1 бөлім Жалпы ережелер
1-тарау
Азаматтық-құқықтық қатынастарды реттеу
1-бап. Азаматтық заңдармен реттелетiн қатынастар
1. Азаматтық заңдармен тауар-ақша қатынастары және қатысушылардың теңдiгiне негiзделген өзге де мүлiктiк қатынастар, сондай-ақ мүлiктiк қатынастарға байланысты мүлiктiк емес жеке қатынастар реттеледi. Азаматтық заңдармен реттелетiн қатынастардың қатысушылары азаматтар, заңды тұлғалар, мемлекет, сондай-ақ әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстер болып табылады.
2. Мүлiктiк қатынастарға байланысы жоқ мүлiктiк емес жеке қатынастар азаматтық заңдармен реттеледi, өйткенi олар заң құжаттарында өзгеше көзделмеген, не мүлiктiк емес жеке қатынастар мәнiнен туындамайды.
3. Осы баптың 1-тармағында аталған белгiлерге сай келетiн отбасылық, еңбек қатынастары мен табиғи ресурстарды пайдалану және айналадағы ортаны қорғау жөніндегі қатынастарға азаматтық заңдар бұл қатынастар тиiсiнше отбасылық, еңбек заңдарымен, табиғи ресурстарды пайдалану және айналадағы ортаны қорғау туралы заңдармен реттелмеген жағдайларда қолданылады.
4. Заң құжаттарында көзделген реттердi қоспағанда, бiр тараптың екiншiсiне әкiмшiлiк немесе өзге де билiк жағынан бағынуына негiзделген мүлiктiк қатынастарға, соның iшiнде салық жөніндегі және басқа бюджеттік қатынастарға азаматтық заңдар қолданылмайды.
ҚР11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен; 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-бап өзгертілді
2-бап. Азаматтық заңдардың негiзгi бастаулары
1. Азаматтық заңдар өздерi реттейтiн қатынастарға қатысушылардың теңдiгiн, меншiкке қол сұқпаушылықты, шарт еркiндiгiн, жеке iстерге кiмнiң болса да озбырлықпен араласуына жол беруге болмайтындығын, азаматтық құқықтарды кедергiсiз жүзеге асыру, нұқсан келтiрiлген құқықтардың қалпына келтiрiлуiн, оларды соттың қорғауын қамтамасыз ету қажеттiгiн тануға негiзделедi.
2. Азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiнiң азаматтық құқықтарына өз еркiмен және өз мүддесiн көздей отырып ие болады және оларды жүзеге асырады, сондай-ақ егер заңнамалық актiлерде өзгеше белгiленбесе, құқықтарынан бас тартады. Олар шарт негiзiнде өздерiнiң құқықтары мен мiндеттерiн анықтауда және оның заңнамаға қайшы келмейтін кез келген талаптарын белгiлеуде ерiктi.
3. Тауарлар, қызмет және ақша Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында емiн-еркiн орын ауыстырып және айналысқа түсiп отырады. Егер қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, адамдардың өмiрi мен денсаулығын қорғау, табиғат пен мәдени қазыналарды сақтау үшiн қажет болса, заң құжаттарына сәйкес тауарлар мен қызметтiң орын ауыстыруына шектеулер енгiзiледi.
ҚР Президентінің 31.08.95 ж. № 2447 заң күші бар Жарлығымен; ҚР 02.03.98 ж. № 211; 15.01.01 ж. № 141 Заңдарымен 3-бап өзгертілді ; 2009.29.04 № 154-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.11.07 № 185-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-бап өзгертілді
3-бап. Қазақстан Республикасының азаматтық заңдары
1. Қазақстан Республикасының азаматтық заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Кодекстен, Қазақстан Республикасының оған сәйкес қабылданған өзге де заңдарынан, Қазақстан Республикасы Президентінің Заң күшi бар Жарлықтарынан, Парламенттiң қаулыларынан, Парламенттiң Сенаты мен Мәжілісiнiң қаулыларынан (заң актілерінен), сондай-ақ осы Кодекстiң 1-бабының 1, 2-тармақтарында аталған қатынастарды реттейтiн Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарынан, Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қаулыларынан тұрады.
2. Осы Кодекстiң 1-бабының 3-тармағында аталғандарды қоспағанда, азаматтық құқықтың Қазақстан Республикасының заң актілерінде қамтылған нормалары осы Кодекстiң ережелерiне қайшы келген жағдайда осы Кодекстiң ережелерi қолданылады, Қазақстан Республикасының заңдарында қамтылған және осы Кодекстiң нормаларына қайшы келетiн азаматтық құқық нормалары Кодекске тиiстi өзгерістер енгiзiлгеннен кейiн ғана қолданылады.
Қазақстан Республикасы азаматтық заңнамасының нормалары Қазақстан Республикасы азаматтық заңнамасының негiзгi бастауларына қайшы келмейдi.
3. Банктер мен астық қабылдау кәсiпорындарының құрылуына, қайта ұйымдастырылуына, банкроттығына және таратылуына, банк қызметiн бақылау мен оны аудиторлық тексеруге, астық қабылдау кәсiпорындарының қызметiн бақылауға, банк операцияларының жекелеген түрлерiн лицензиялауға, банктерді қайта құрылымдауға, астық қабылдау кәсiпорындарының қойма куәлiктерiмен операцияларды жүзеге асыруға байланысты қатынастар банк қызметiн және астық қабылдау кәсiпорындарының қызметiн реттейтiн заң актілеріне қайшы келмейтiн бөлiгiнде осы Кодекспен реттеледi.
Банктер мен олардың клиенттерi арасындағы қатынастар, сондай-ақ клиенттер арасындағы банк арқылы қатынастар азаматтық заңдармен осы баптың 2-тармағында белгiленген тәртiп бойынша реттеледi.
4. Азаматтық қатынастар, егер әдеттегi құқықтар, соның iшiнде iскерлiк қызмет өрiсіндегі әдеттегi құқықтар Қазақстан Республикасы аумағында қолданылып жүрген азаматтық заңдарға қайшы келмесе, солармен реттелуi мүмкiн.
5. Министрлiктер және өзге де орталық атқарушы органдар, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар, осы Кодексте және өзге де азаматтық заң актілерінде көзделген жағдайлар мен шектерде азаматтық қатынастарды реттейтiн актiлер шығара алады.
6. Азаматтар мен заңды тұлғалардың осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң құжаттарында белгiленген құқықтарын мемлекеттік басқару органдары мен жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың құжаттары шектей алмайды. Мұндай құжаттар қабылданған кезден бастап жарамсыз болып табылады және қолданылмауға тиiс.
7. Егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, шетелдiк жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар азаматтық заңдарда Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғалары үшiн қандай құқықтар мен мiндеттер көзделсе, нақ сондай құқықтарға ие болуға қақылы және сондай мiндеттердi орындауға мiндеттi.
8. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарындағыдан өзгеше ережелер белгiленген болса, аталған шарттың ережелерi қолданылады. Халықаралық шарттан оны қолдану үшiн заң шығару талап етiлгеннен басқа жағдайларда, азаматтық қатынастарға Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттар тiкелей қолданылады.
4-бап. Азаматтық заңдардың уақытқа қарай қолданылуы
1. Азаматтық заң құжаттарының керi күшi болмайды және өздерi күшiне енгiзiлгеннен кейiн пайда болған қатынастарға қолданылады. Азаматтық заң құжаттарының заңдық күшi өздерi күшiне енгiзiлгенге дейiн пайда болған қатынастарға бұл оларда тiкелей көзделген реттерде қолданылады.
2. Азаматтық заң құжаттары күшiне енгiзiлгенге дейiн пайда болған қатынастар бойынша ол өзi күшiне енгiзiлгеннен кейiн пайда болған құқықтар мен мiндеттерге қолданылады. Азаматтық заң құжаттары күшiне енгiзiлгенге дейiн жасалған шарт бойынша тараптардың қатынастары осы Кодекстiң 383-бабына сәйкес реттеледi.
5-бап. Азаматтық заңдардың ұқсастығына қарай қолданылуы
1. Осы Кодекстiң 1-бабындағы 1 және 2-тармақтарда көзделген қатынастар заңдармен немесе тараптардың келісімiмен тiкелей реттелмеген және оларға қолдануға келетiн әдет-ғұрып болмаған жағдайларда, мұндай қатынастарға, олардың мәнiне қайшы келмейтiн болғандықтан, азаматтық заңдардың ұқсас қатынастарды реттейтiн қалыптары қолданылады (заң ұқсастығы).
2. Аталған жағдайларда заң ұқсастығын пайдалану мүмкiн болмаса, тараптардың құқықтары мен мiндеттерi азаматтық заңдардың жалпы негiздерi мен мәнi және адалдық, парасаттылық пен әдiлеттiлiк талаптары негiзге алына отырып белгiленедi (құқық ұқсастығы).
6-бап. Азаматтық заң қалыптарының түсiнiлуi
1. Азаматтық заң қалыптары оларда айтылған сөздердiң дәлме-дәл мәнiне сәйкес түсiнiлуге тиiс. Заң қалыптарының текстiнде қолданылған сөздердi әртүрлi түсiну мүмкiн болған жағдайда Қазақстан Республикасы Конституциясының ережелерiне және азаматтық заңдардың осы тарауда, ең алдымен оның 2-бабында баяндалған негiзгi қағидаттарына сай келетiн түсiнiкке басымдық берiледi.
2. Азаматтық заң қалыптарының дәл мағынасын анықтау кезiнде, егер бұл осы баптың 1-тармағында баяндалған талаптарды бұрмаламайтын болса, ол күшiне енгiзiлген кездегi тарихи жағдайларды және оның сот тәжiрибесіндегі түсiнiлуiн ескеру қажет.
7-бап. Азаматтық құқықтар мен мiндеттердiң пайда болу негiздерi
Азаматтық құқықтар мен мiндеттер заңдарда көзделген негiздерден, сондай-ақ азаматтар мен заңды тұлғалардың әрекеттерiнен пайда болады, өйткенi ол әрекеттер азаматтық заңдарда көрсетiлмегенiмен, олардың жалпы негiздерi мен мәнiне байланысты азаматтық құқықтар мен мiндеттердi туғызады.
Осыған сәйкес азаматтық құқықтар мен мiндеттер:
1) заңдарда көзделген шарттар мен өзге де мәмiлелерден, сондай-ақ заңдарда көзделмегенiмен, оларға қайшы келмейтiн мәмiлелерден;
2) заңдарға сәйкес азаматтық-құқықтық жағдайларды туғызатын әкiмшiлiк құжаттардан;
3) азаматтық құқықтар мен мiндеттер белгiлеген сот шешiмiнен;
4) заң құжаттарында тыйым салынбаған негiздер бойынша мүлiктi жасау немесе иемдену нәтижесiнде;
5) өнертабыстар, өнеркәсiптiк үлгiлер, ғылым, әдебиет пен өнер шығармаларын және интеллектуалдық қызметтiң өзге де нәтижелерiн жасау нәтижесiнде;
6) басқа жаққа зиян келтiру салдарына, сол сияқты басқа жақ есебiнен мүлiктi негiзсiз сатып алу немесе жинау (негiзсiз баю) салдарынан;
7) азаматтар мен заңды тұлғалардың өзге де әрекеттерi салдарынан;
8) заңдар азаматтық-құқықтық жағдайлар басталуын байланыстыратын оқиғалар салдарынан пайда болады.
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 8-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
8-бап. Азаматтық құқықтарды жүзеге асыру
1. Азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiне берiлген азаматтық құқықтарды, соның iшiнде өздерiн қорғау құқығын өз қалауынша пайдаланады.
2. Азаматтар мен заңды тұлғаларға тиесiлi құқықтардың жүзеге асырылмауы, заңнамалық актiлерде көзделген жағдайларды қоспағанда, бұл құқықтардың тоқтатылуына әкеп соқпайды.
3. Азаматтық құқықтарды жүзеге асыру басқа құқық субъектiлерiнiң құқықтарын және заңдармен қорғалатын мүдделерiн бұзбауға, айналадағы ортаға зиян келтiрмеуге тиiс.
4. Азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiне берiлген құқықтарды жүзеге асырған кезде адал, парасатты және әдiл әрекет жасап, заңдардағы талаптарды, қоғамның адамгершiлiк қағидаттарын, ал кәсiпкерлер бұған қоса iскерлiк әдептiлiк ережелерiн сақтауға тиiс.
Бұл мiндеттi шарт арқылы алып тастауға немесе шектеуге болмайды. Азаматтық құқық қатынастарына қатысушылардың адал, парасатты және әдiл әрекет жасауы көзделедi.
5. Азаматтар мен заңды тұлғалардың басқа жаққа зиян келтiруге, құқықты басқа түрлерде қиянат жасап пайдалануға, сондай-ақ құқықты оның мақсатына қайшы келетiндей етiп жүзеге асыруға бағытталған әрекеттерiне жол берiлмейдi.
Осы баптың 3-5-тармақтарында көзделген талаптарды орындамаған жағдайда сот ол адамның тиiстi құқығын қорғаудан бас тарта алады.
9-бап. Азаматтық құқықтарды қорғау
1. Азаматтық құқықтарды қорғауды сот, төрелiк сот немесе аралық сот: құқықтарды мойындату; құқық бұзылғанға дейiнгi болған жағдайды қалпына келтiру; құқықты бұзатын немесе оның бұзылу қаупiн туғызатын әрекеттерге тыйым салу; мiндеттi заттай орындатуға ұйғарым шығару; залалдарды, төленетiн айыпты өндiртiп алу; мәмiленi жарамсыз деп тану; моральдық зиянның өтемiн төлету; құқық қатынастарын тоқтату немесе өзгерту; мемлекеттік басқару органының немесе жергiлiктi өкiлдi не атқарушы органның заңдарға сәйкес келмейтiн құжатын жарамсыз немесе орындауға жатпайды деп тану; азаматтың немесе заңды тұлғаның құқыққа ие болуына немесе оны жүзеге асыруына кедергi жасағаны үшiн мемлекеттік органнан немесе лауазымды адамнан айыппұл өндiртiп алу арқылы, сондай-ақ заң құжаттарында көзделген өзге де әдiстермен жүзеге асырады.
2. Бұзылған құқықты қорғау үшiн өкiмет билiгi немесе басқару органына өтiнiш жасау, егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, құқық қорғау туралы талап қойып сотқа жолдануға кедергi жасамайды.
3. Заң құжаттарында арнайы көзделген реттерде азаматтық құқықтарды қорғау құқығы бұзылған адамның тiкелей iс жүзіндегі немесе заңдық әрекеттерiмен жүзеге асырылуы мүмкiн (өзiн-өзi қорғау).
4. Құқығы бұзылған адам, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, өзiне келтiрiлген залалдың толық өтелуiн талап ете алады.
Құқығы бұзылған адам жасаған немесе жасауға тиiстi шығыстар, оның мүлкiнiң жоғалуы немесе зақымдануы (нақты нұқсан), сондай-ақ сол адамның құқығы бұзылмаған болса, дағдылы айналым жағдайында оның алуына болатын, бiрақ алынбай қалған табыстары (айрылып қалған пайда) залалдар деп түсiнiледi.
5. Мемлекеттік өкiмет билiгi органының, өзге де мемлекеттік органның заңдарға сай келмейтiн құжат шығаруы, сондай-ақ осы органдардың лауазымды адамдарының әрекетi (әрекетсiздiгi) салдарынан азаматқа немесе заңды тұлғаға келтiрiлген залалды Қазақстан Республикасы немесе тиiсiнше әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс өтеуге тиiс.
6. Егер тәртiп бұзудың құқықтық салдарының пайда болуы тәртiп бұзушының кiнәсiне байланысты болса, заң құжаттарында өзгеше көзделгеннен басқа жағдайларда, ол кiнәлi деп ұйғарылады.
ҚР Президентінің 27.01.96 ж. № 2835 Жарлығымен; ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.98 ж. № 283-1 Заңдарымен 10-бапқа өзгерістер енгiзiлдi; 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 10-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
10-бап. Кәсiпкерлер мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау
1. Кәсiпкерлiк - меншiк түрлерiне қарамастан, азаматтар мен заңды тұлғалардың, тауарларға (жұмысқа, қызметке) сұранымды қанағаттандыру арқылы таза табыс табуға бағытталған, жеке меншiк құқығына (жеке кәсiпкерлiк) не мемлекеттік кәсiпорынды шаруашылық жүргізу немесе оралымды басқару құқығына (мемлекеттік кәсiпкерлiк) негiзделген ынталы қызметi. Кәсiпкерлiк қызмет кәсiпкердiң атынан, оның тәуекел етуiмен және мүлiктiк жауапкершiлiгiмен жүзеге асырылады.
2. Мемлекет кәсiпкерлiк қызмет еркiндiгiне кепiлдiк бередi және оны қорғау мен қолдауды қамтамасыз етедi.
3. Заңдарда тыйым салынбаған қызметтi жүзеге асырушы кәсiпкерлердiң құқықтары:
1) лицензия берiлетiн қызмет түрлерiнен басқа кәсiпкерлiк қызметтi кiмнiң болса да рұқсатын алмай-ақ жүзеге асыру мүмкiндiгi арқылы;
2) экономиканың барлық салаларындағы кәсiпкерлiктiң барлық түрiн бiр ғана тiркеушi органда тiркеудiң барынша қарапайым өз бетiмен жүргiзетiн тәртібімен;
3) кәсiпкерлiк қызметке мемлекеттік органдар жүргiзетiн тексерулердi заң құжаттарымен шектеу арқылы;
4) кәсiпкерлiк қызметтi заң құжаттарында көзделген негiз бойынша шығарылған сот шешiмi бойынша ғана ерiксiз тоқтату арқылы;
5) жеке кәсiпкерлiк үшiн тыйым салынған, экспорт немесе импорт үшiн тыйым салынған немесе шек қойылған жұмыс, тауарлардың түрлерi мен қызмет тiзбесiн заң құжаттарында белгiлеу арқылы;
6) мемлекеттік органдарды, лауазымды адамдарды, сондай-ақ өзге де жақтар мен ұйымдарды кәсiпкерлердiң қызметiне заңсыз кедергi жасағаны үшiн олардың алдындағы заңдарда белгiленген мүлiктiк жауапкершiлiкке тарту арқылы;
6-1) атқарушы бақылау және қадағалау органдарына кәсiпкерлiк субъектiлерiмен осы органдардың функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау мәнiнде шарттық қатынастарға кiруге тыйым салу арқылы;
7) заңдарда көзделген өзге де амалдармен қорғалады.
2007.12.01. № 222-III ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара)
4. Жекелеген қызмет түрлері бойынша лицензиялау тәртібін енгізу ұлттық қауіпсіздік, құқық тәртібін қамтамасыз ету, қоршаған ортаны, азаматтардың меншігін, өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында белгіленеді. Қазақстан Республикасының заңдарында өнімге қатысты белгіленген талаптар, жекелеген өнім түрлерінің, процестердің сәйкестігін міндетті растау жөніндегі талаптар және (немесе) қызметті мемлекеттік бақылау мемлекеттік әкімшілік ету мақсаттарына қол жеткізу үшін жеткіліксіз болған жағдайларда жекелеген қызмет түрлерін лицензиялау белгіленеді.
5. Коммерциялық (кәсiпкерлiк) құпия заңмен қорғалады. Коммерциялық құпия болып табылатын мәлiметтердi анықтау тәртібі, оның қорғау құралдары, сондай-ақ коммерциялық құпия құрамына енбейтiн мәлiметтер тiзбесi заңдарда белгiленедi.
6. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау осы Кодексте немесе өзге де заң құжаттарында көзделген құралдармен қамтамасыз етiледi.
Әрбiр тұтынушының, атап айтқанда:
- тауарлар сатып алу, жұмыс пен қызметтi пайдалану үшiн еркiн шарт жасасуға;
- тауарлардың (жұмыстың, қызметтiң) тиiсiнше сапалы және қауiпсiз болуына;
- тауарлар (жұмыс, қызмет) жөнiнде толық және анық мәлiмет алуға;
- тұтынушылардың қоғамдық ұйымдарына бiрiгуге құқығы бар.
11-бап. Кәсiпкерлiк еркiндiгiн пайдаланып қиянат жасауға жол бермеу
1. Заңды бәсекелестiктi шектеуге немесе жоюға, негiзсiз артықшылықтар алуға, тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерiне қысым жасауға бағытталған монополистiк және қандай болса да басқа қызметке жол берiлмейдi.
2. Заң құжаттарында көзделген реттердi қоспағанда, кәсiпкерлердiң азаматтық құқықтарды бәсекелестiктi шектеу мақсатында пайдалануына, соның iшiнде:
1) кәсiпкерлердiң рыноктағы өздерiнiң үстем жағдайын пайдаланып, атап айтқанда, тауар тапшылығын жасау немесе бағаны көтеру үшiн тауар өндiрудi шектеу немесе тоқтатып тастау, не айналыстан алып тастау арқылы қиянат жасауына;
2) ұқсас кәсiпкерлiк қызмет жүргiзушi адамдардың баға, рыноктарды бөлiсу, басқа кәсiпкерлердi аластау туралы және бәсекелестiктi едәуiр шектейтiн өзге де жағдайлар туралы келісімдер жасасуына және оларды орындауына;
3) ұқсас кәсiпкерлiк қызмет жүргiзушi адамның және тұтынушылардың заңды мүдделерiне қысым көрсетуге бағытталған терiс пиғылды әрекеттер жасауына (терiс пиғылды бәсекелестiк), атап айтқанда, тұтынушыларды басқа кәсiпкердiң тауар дайындаушысы, дайындау мақсаты, әдiсi мен орны, сапасы және өзге де қасиеттерi жөнiнен шатастыру арқылы, тауарларды жарнамалық және өзге де ақпаратта әдепсiздiкпен салыстыру, бөтен тауардың сыртқы безендiрiлуiн көшiрiп алу арқылы және басқа да әдiстермен шатастыруына жол берiлмейдi.
Терiс пиғылды бәсекелестiкке қарсы күрес жөніндегі шаралар заң құжаттарымен белгiленедi.
2-тарау. Азаматтық құқықтардың субъектілері
§ 1. Қазақстан Республикасының азаматтары және басқа жеке тұлғалар
12-бап. Жеке тұлға ұғымы
Қазақстан Республикасының азаматтары, басқа мемлекеттердiң азаматтары, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар жеке тұлғалар болып ұғынылады. Егер осы Кодексте басқаша белгiленбесе, бұл тараудың ережелерi барлық жеке тұлғаларға қолданылады.
13-бап. Азаматтардың құқық қабiлеттiлiгi
1. Азаматтық құқыққа ие болып, мiндет атқару қабiлетi (азаматтық құқық қабiлеттiлiгi) барлық азаматтарға бiрдей деп танылады.
2. Азаматтың құқық қабiлеттiлiгi ол туған кезден басталып қайтыс болған соң тоқтатылады.
14-бап. Азаматтың құқық қабiлеттiлiгiнiң негiзгi мазмұны
Азаматтың Қазақстан Республикасы шегiнде де, одан тыс жерлерде де мүлiктi, соның iшiнде шетел валютасын меншiктенуге; мүлiктi мұраға алып, мұраға қалдыруға; республика аумағында еркiн жүрiп-тұруға және тұрғылықты жер таңдауға; республикадан тыс жерлерге еркiн шығып кетуге және оның аумағына қайтып оралуға; заң құжаттарында тыйым салынбаған кез келген қызметпен айналысуға; дербес өзi немесе басқа азаматтармен және заңды тұлғалармен бiрiгiп заңды тұлғалар құру; заң құжаттарында тыйым салынбаған кез келген мәмiле жасасып, мiндеттемелерге қатысу; өнертабыстарға, ғылым, әдебиет және өнер шығармаларына, интеллектуалдық қызметтiң өзге де туындыларына интеллектуалдық меншiк құқығы болуға; материалдық және моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқығы болады; басқа да мүлiктiк және жеке құқықтары болады.
15-бап. Азаматтың есiмi
2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)