1. Экологиялық ақпарат бергені үшін ақпаратты көшіруге, іздестіруге және дайындауға жұмсалған нақты шығыннан аспайтындай төлемақы алынады.
2. Экологиялық ақпарат бергені үшін мемлекеттік орган алатын төлемақы мемлекеттік органның тиісті бюджетінің кодына аударылады.
3. Мемлекеттік органның экологиялық ақпаратты жалпыға бірдей қолжетімді мемлекеттік электронды тіркелім мен экологиялық ақпарат кадастры арқылы беруі өтеусіз жүзеге асырылады.
167-бап. Экологиялық ақпарат беруден бас тарту
1. Жеке және заңды тұлғаларға мынадай негіздер бойынша:
1) сауал жалпылама түрде тұжырымдалған және өтініш беруші сұратқан мәліметтер мен деректерді анықтауға мүмкіндік бермейтін болса;
2) сұратылатын ақпарат жоқ болса;
3) сауал Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қол жеткізілуі шектелген мәліметтер мен деректерге жататын болса, экологиялық ақпарат беруден бас тартылуы мүмкін.
2. Экологиялық ақпарат беруден бас тарту өтініш берушіге оны алған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей жіберіледі.
3. Бас тарту жазбаша нысанда, бас тартудың себептері мен негіздері, оған өтініш берушінің шағым жасау мүмкіндіктері көрсетіле отырып, сондай-ақ осы Кодекстің 165-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларда беріледі, оған алынған сауалдың құзыретті мемлекеттік органға жіберілгені туралы хабарлама кіреді.
4. Экологиялық ақпарат беруден бас тартуға, оны бермеуге, толық емес немесе дұрыс емес ақпарат беруге, сондай-ақ жалпыға қолжетімді экологиялық ақпаратты қол жеткізілуі шектеулі ақпаратқа заңсыз жатқызуға жоғары тұрған мемлекеттік органға және (немесе) лауазымды адамға немесе сотқа шағым жасалуы мүмкін.
22-тарау. Табиғат пайдаланушыларды және қоршаған ортаны
ластау көздерін есепке алу
168-бап. Табиғат пайдаланушылардың және қоршаған ортаны ластау көздерінің мемлекеттік тізілімi
Қазақстан Республикасының қоршаған ортасына эмиссияларды жүзеге асыратын табиғат пайдаланушылар мен қоршаған ортаны ластау көздерінің мемлекеттік тізілімі табиғат пайдаланушыларды және қоршаған ортаны ластау көздерін есепке алудың мемлекеттік деректер қорының жүйесін білдіреді.
169-бап. Табиғат пайдаланушыларды және қоршаған ортаны ластау көздерін мемлекеттік есепке алу
1. Табиғат пайдаланушыларды және қоршаған ортаны ластау көздерін мемлекеттік есепке алуды Табиғат пайдаланушылардың және қоршаған ортаны ластау көздерінің мемлекеттік тізіліміне табиғат пайдаланушы және қоршаған ортаны ластау көздері туралы, оның ішінде табиғат пайдаланушы:
1) табиғат пайдаланушының орналасқан жері;
2) қоршаған ортаны ластау көздерінің орналасқан жері;
3) есептен шығарылғаны туралы мәліметтерді енгізу және жаңарту арқылы экологиялық рұқсаттарды ресімдеген жағдайда қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
2. Табиғат пайдаланушылар ретінде қоршаған ортаны ластау көздері бар мына заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер:
1) заңды тұлғалар, олардың құрылымдық бөлімшелері, оның ішінде Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме құрып жүзеге асыратын резидент еместер - орналасқан жері бойынша;
2) заңды тұлғалар - Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме құрмай жүзеге асыратын резидент еместер - қызметін жүзеге асыратын жері бойынша;
3) дара кәсіпкерлер - қызметін жүзеге асыратын жері бойынша мемлекеттік есепке алынуға тиіс.
3. Табиғат пайдаланушының есептік нөмірін:
1) табиғат пайдаланушы ұсынатын есептілік құжаттарында, сондай-ақ оның міндеттемелерін орындауына байланысты өзге де құжаттарда;
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
2) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган немесе облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары өзі табиғат пайдаланушыға жіберетін, оның міндеттемелеріне қатысы бар құжаттарда көрсетуге тиіс.
4. Табиғат пайдаланушыларды және қоршаған ортаны ластау көздерін мемлекеттік есепке алу тәртібін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
170-бап. Табиғат пайдаланушылардың және қоршаған ортаны ластау көздерінің мемлекеттік тізілімінен шығару
Табиғат пайдаланушыны Табиғат пайдаланушылардың және қоршаған ортаны ластау көздерінің мемлекеттік тізілімінен шығару қоршаған ортаға әсер ететін қызметтің тоқтатылуына байланысты жүзеге асырылады.
2010.19.03. № 258-IV ҚР Заңымен 171-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
171-бап. Мемлекеттік органдардың табиғат пайдаланушыларды және қоршаған ортаны ластау көздерін есепке алуды жүзеге асыру кезіндегi өзара іс-қимылы
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган табиғат пайдаланушыларды мемлекеттік есепке алуды жүзеге асыру кезінде мына мемлекеттік органдармен:
1) заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді және қайта тіркеуді жүзеге асыратын;
2) мемлекеттік статистика саласындағы;
3) салық салынатын объектілерді және салық салуға байланысты объектілерді есепке алуды және (немесе) мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын;
4) лицензиялар, куәліктер немесе рұқсат ету және тіркеу сипатындағы өзге де құжаттар беретін;
5) арнайы уәкілетті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды.
172-бап. Қоршаған ортаны ластау көздері бар табиғат пайдаланушылар туралы мәліметтер беру
Салық қызметі органдарының талап етуі бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жылына кемінде бір рет қоршаған ортаны ластау көздері бар табиғат пайдаланушылардың орналасқан жері бойынша мәліметтерді беруге міндетті.
6-Бөлім. Төтенше экологиялық жағдай және экологиялық зілзала
аймақтары
23-тарау. Жекелеген аумақтарды төтенше экологиялық жағдай
немесе экологиялық зілзала аймақтары деп жариялау ұғымы және
тәртібi
173-бап. Төтенше экологиялық жағдай және экологиялық зілзала
1. Төтенше экологиялық жағдай - шаруашылық және өзге де қызмет немесе жаратылыстың табиғи процестері нәтижесінде қоршаған ортада халықтың денсаулығына, табиғи экологиялық жүйелердің, өсімдіктер мен жануарлардың генетикалық қорларының жай-күйіне қауіп төндіретін тұрақты теріс өзгерістер болатын аумақ учаскесінде туындаған экологиялық ахуал.
2. Экологиялық зілзала - шаруашылық және өзге де қызмет немесе жаратылыстың табиғи процестері нәтижесінде халықтың денсаулығының едәуір нашарлауына, табиғи экологиялық жүйелердің бұзылуына, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі жай-күйінің нашарлауына әкеп соқтырған қоршаған ортаның орны толмас, терең өзгерістері болған аумақ учаскесінде туындаған экологиялық ахуал.
3. Халықтың денсаулығына төнетін қауіп деп қоршаған ортаның ластануына байланысты денсаулықтың қайталама бұзылу жиілігінің артуы түсініледі.
4. Халық денсаулығының едәуір нашарлауы деп қоршаған ортаның ластануынан туындаған денсаулықтың өмірмен сыйыспайтын орны толмас бұзылуының, өлім себептері құрылымы өзгерулерінің және ерекше өзіндік аурулардың пайда болуының артуы, сондай-ақ қоршаған ортаның ластануына байланысты денсаулықтың қайталама бұзылу жиілігінің едәуір артуы түсініледі.
5. Аумақтарды төтенше экологиялық жағдай және экологиялық зілзала аймақтарына жатқызу экологиялық ахуалды нашарлататын көздер мен факторларды анықтау және экологиялық қолайсыздық деңгейін тұрақтандыру мен азайту, қоршаған ортаға шаруашылық және өзге де қызметтің әсер ету деңгейін төмендету, табиғи ресурстарды қалпына келтіру және халықтың денсаулығына әсер ету салдарларын мейлінше азайту жөнінде негізделген шұғыл шаралар әзірлеу мақсатында жүзеге асырылады.
174-бап. Жекелеген аумақтарды төтенше экологиялық жағдай немесе экологиялық зілзала аймағы деп жариялаудың тәртібi
1. Төтенше экологиялық жағдай немесе экологиялық зілзала болу ықтималдығы болжанатын аумақты зерттеу мақсатында комиссия құрылады.
2. Жергілікті атқарушы органдар және өзге де мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде:
1) экологиялық ахуалының қолайсыздығы болжанатын аумақта тұратын тұрғындардың;
2) Қазақстан Республикасы Парламентінің және жергілікті өкілді органдар депутаттарының;
3) қоғамдық бірлестіктердің өтініштері негізінде комиссия құруға бастамашы болуға құқылы.
3. Комиссияның құрамына жергілікті өкілді органдардың депутаттары, қоршаған ортаны қорғау, білім беру, ғылым және ғылыми-техникалық қызмет, денсаулық сақтау, индустрия және сауда, энергетика және минералдық ресурстар, ауыл шаруашылығы, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салаларындағы уәкілетті органдардың, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдарының өкілдері және басқа да мүдделі жеке және заңды тұлғалар кіреді.
4. Комиссия:
1) аумақтың экологиялық жай-күйін;
2) қолайсыз экологиялық ахуалдың туындау себептерін;
3) қандай да бір тозу деңгейіне ұшыраған аумақтардың шекараларын;
4) болжанатын қолайсыз экологиялық жағдайдың залалын, нашарлау мүмкіндігін;
5) болжанатын қолайсыз экологиялық жағдайды жою жөніндегі қажетті шараларды;
6) болжанатын қолайсыз экологиялық ахуалдың туындауына себепші болған факторларды жою мақсатында оны жоюға қажетті құралдарды;
7) болжанатын қолайсыз экологиялық ахуалдың туындауына себепші болған шаруашылық және өзге де қызмет түрлерін айқындау мақсатында материалдарды жинау мен талдауды жүзеге асырады.
5. Қолда бар материалдар жеткіліксіз болған жағдайда, комиссия тиісті мемлекеттік органға қосымша зерттеулер жүргізу қажеттігі туралы ұсыныс енгізеді.
6. Аумақты зерттеу материалдары мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу үшін денсаулық сақтау, ғылым және ғылыми-техникалық қызмет және білім беру салаларындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың қорытындысымен бірге қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға беріледі.
7. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысында аумақты төтенше экологиялық жағдай немесе экологиялық зілзала аймағы деп тану немесе танымау туралы тұжырым болуға тиіс.
8. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік экологиялық сараптамасының оң қорытындылары, сондай-ақ денсаулық сақтау, ғылым және ғылыми-техникалық қызмет салаларындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың қорытындылары негізінде аумақ:
1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен - төтенше экологиялық жағдай аймағы;
2) Қазақстан Республикасының заңымен - экологиялық зілзала аймағы деп жарияланады.
9. Осы баптың 8-тармағында тізбеленген нормативтік құқықтық актілерде:
1) экологиялық жағдай немесе экологиялық зілзала аймақтарының шекаралары;
2) экологиялық жағдай және экологиялық зілзала аймағы деп жариялау мерзімдері;
3) экологиялық жағдай немесе экологиялық зілзала аймақтарының құқықтық режимі;
4) тиісті аумақтағы қолайсыз экологиялық жағдайды тұрақтандыру және деңгейін азайту жөніндегі шаралар не оларды әзірлеу қажеттігіне сілтеме;
5) азаматтарды төтенше экологиялық жағдай немесе экологиялық зілзала салдарынан зардап шеккендер санатына жатқызу тәртібі және оларды әлеуметтік қорғау шаралары көрсетіледі.
10. Табиғи ресурстарды молайту, қоршаған ортаны сауықтыру, халыққа медициналық көмек көрсету жөніндегі іс-шаралар Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен мемлекеттік нысаналы бағдарламаларға сәйкес сараланған түрде әзірленеді және жүзеге асырылады.
175-бап. Аумақтардың экологиялық ахуалын бағалау
1. Аумақтардың экологиялық ахуалын бағалау критерийлердің қосымша немесе көмекші түрлерін пайдалана отырып, критерийлердің басты түрлерінің негізінде жүргізіледі.
2. Аумақтардағы экологиялық ахуалды бағалау критерийлері - халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаның жай-күйінің нашарлауын сипаттайтын көрсеткіштер жиынтығы.
3. Төтенше экологиялық жағдай аймағын немесе экологиялық зілзала аймағын айқындау экологиялық қолайсыз жағдайдың неғұрлым жоғары деңгейін көрсететін бір немесе бірнеше негізгі және қосымша көрсеткіштер бойынша жүзеге асырылады.
4. Аумақтардың экологиялық ахуалын бағалау критерийлерін Қазақстан Республикасының Yкімeті белгілейді.
24-тарау. Төтенше экологиялық жағдай және экологиялық
зілзала аймақтарындағы құқықтық реттеудің ерекшеліктерi
176-бап. Төтенше экологиялық жағдай және экологиялық зілзала аймақтарындағы құқықтық режим
1. Белгілі бір аумақта төтенше экологиялық жағдай мен экологиялық зілзаланың құқықтық режимі белгіленген жағдайда мынадай шаралар:
1) қолайсыз экологиялық жағдайдың туындауына себепші болған объектілер қызметін тоқтату не шектеу;
2) табиғи ресурстарды қалпына келтіру (молайту), қоршаған ортаны сауықтыру жөнінде жедел шаралар;
3) халыққа тұрақты немесе уақытша тұруы үшін міндетті түрде үй-жайлар бере отырып, оларды тұруға қауіпті жерлерден көшіру;
4) карантин белгілеу және басқа да санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүзеге асыру;
5) ауырған, өлім-жітімге ұшырау қаупі туындаған жағдайда жануарларға көмек беру жөніндегі қажетті жұмыстарды жүргізу;
6) келудің және кетудің ерекше режимін белгілеу, көлік құралдарының қозғалысын шектеу;
7) жаңа құрылыс салуға және жұмыс істеп тұрған, қызметі төтенше экологиялық жағдайларды жоюмен немесе халықтың тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз етумен байланысты емес кәсіпорындар мен басқа да объектілерді кеңейтуге уақытша тыйым салу;
8) қолайсыз экологиялық жағдайдың салдарынан зардап шеккен адамдар үшін тамақ өнімдерін бөлудің ерекше тәртібін енгізу;
9) жоғары экологиялық қауіп төндіретін объектілерді салуға және олардың жұмыс істеуіне тыйым салу;
10) жиынтық қасиеттері және (немесе) жай-күйінің ерекшеліктері осы аймақтағы экологиялық жағдайды ушықтыруы мүмкін ерекше қауіпті (химиялық, радиоактивті, уытты, жарылғыш, жанатын, биологиялық) заттарды, өсімдіктерді қорғау құралдарын шаруашылық және өзге де қызметтерге қолдануға уақытша тыйым салуды белгілеу;
11) сауықтыру, курорттық мақсаттағы объектілердің жұмыс істеуіне тыйым салу;
12) адамдарға, өсімдіктерге, жануарлар дүниесіне және басқа табиғи объектілерге жоғары экологиялық қаупі бар кез келген басқа да қызметті жүзеге асыруға тыйым салу немесе оларға шектеу енгізілуі мүмкін.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары төтенше экологиялық жағдай және экологиялық зілзала аймақтарындағы құқықтық режимді және Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында көзделген іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етеді.
177-бап. Төтенше экологиялық жағдай немесе экологиялық зілзала салдарынан зардап шеккен адамдарға келтірілген зиянды өтеу
Төтенше экологиялық жағдайдың немесе экологиялық зілзаланың салдарынан зардап шеккен адамдардың Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес өздеріне келтірілген зиянды өтетуге, сондай-ақ әлеуметтік қорғалуға құқығы бар.
178-бап. Төтенше экологиялық жағдай және экологиялық зілзала аймақтарындағы экологиялық жағдайдың мониторингi
1. Төтенше экологиялық жағдай және экологиялық зілзала аймақтары аумағында, сондай-ақ оларға іргелес жатқан аумақтарда мемлекеттік нысаналы бағдарламалар шеңберінде қоршаған ортаның және халықтың денсаулығының жай-күйіне арнайы бақылау мен зерттеулер жүргізіледі.
2. Бақылау және зерттеу объектілері:
1) төтенше экологиялық жағдайдың немесе экологиялық зілзаланың туындауына әкеп соқтырған факторлар;
2) төтенше экологиялық жағдай және экологиялық зілзала аймағы аумағындағы қоршаған ортаның және халықтың денсаулығына әсер ететін келеңсіз өзгерістер болып табылады.
179-бап. Төтенше экологиялық жағдай және экологиялық зілзала аймақтарында құқықтық режимнің қолданысын тоқтату
Мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы және экологиялық жағдайдың қалыпқа түсуін куәландыратын зерттеу материалдарының негізінде төтенше экологиялық жағдай аймақтарында құқықтық режимнің қолданысы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен, ал экологиялық зілзала аймақтарында құқықтық режимнің қолданысы - Қазақстан Республикасы заңымен тоқтатылуы мүмкін.
180-бап. Төтенше экологиялық жағдай және экологиялық зілзала аймақтарында құқықтық режимдi бұзушылық үшін жауаптылық
Төтенше экологиялық жағдай және экологиялық зілзала аймақтарында құқықтық режимнің бұзылуына кінәлі жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
7-Бөлім. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы экологиялық
білім беру мен ағарту, ғылыми зерттеулер және халықаралық
ынтымақтастық
25-тарау. Экологиялық білім беру мен ағарту, мамандардың
біліктілігін арттыру
181-бап. Экологиялық білім беру мен ағартудың, мамандардың біліктілігін арттырудың мақсаты және негізгі міндеттерi
1. Экологиялық білім беру мен ағартудың мақсаты орнықты даму принциптеріне негізделген азаматтардың белсенді өмірлік ұстанымын және қоғамдағы экологиялық мәдениетті қалыптастыру болып табылады.
2. Қазақстан Республикасындағы экологиялық білім беру, экологиялық ағарту және қоршаған ортаны қорғау саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру орнықты дамуға арналған білім жүйесінің бір бөлігі ретінде дамиды.
3. Экологиялық білім беру мен ағарту, мамандардың біліктілігін арттыру саласындағы негізгі міндеттер:
1) экологиялық білім берудің мазмұнын өзекті ету, білім беру ұйымдарын қазіргі заманғы оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз ету, оқытушы кадрлардың біліктілігін арттыру арқылы экологиялық білім берудің сапасын жақсартуды;
2) қоғам мен отбасында экологиялық ағарту жөніндегі ұйымдастыру негіздерін, бағдарламалар мен іс-шараларды дамытуды;
3) қоршаған ортаны қорғау саласындағы міндеттерді іске асыру үшін кәсіби кадрлар даярлауды қамтиды.
182-бап. Экологиялық білім беру мен ағарту, мамандардың біліктілігін арттыру жөніндегі қызметтің ұйымдастырушылық негіздерi
1. Экологиялық білім беру және ағарту, мамандардың біліктілігін арттыру саласындағы қызметті мемлекеттік органдар, білім беру, мәдениет және ғылым ұйымдары, табиғат қорғау мекемелері, табиғат пайдаланушылар, қоғамдық бірлестіктер, жекелеген жетекші педагогтар мен ғалымдар ұйымдастырады және жүзеге асырады.
2. Қоғам мен отбасында экологиялық ағартуды ұйымдастыруды оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етуде сектораралық ынтымақтасу мен ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасау, біліктілікті арттыру мен қайта даярлау мақсатында білім беру, ғылым ұйымдары мен қоғамдық бірлестіктер жанынан өңірлік кеңестер (орталықтар) құрылады. Өңірлік кеңестердің (орталықтардың) құрамына осы баптың 1-тармағында аталған ұйымдар мен тұлғалардың өкілдері кіруі мүмкін.
183-бап. Білім беру ұйымдарындағы экологиялық білім беру
1. Үздіксіз және кешенді экологиялық білім беру жүйесі білім берудің барлық деңгейлерін қамтиды.
2. Білім беру ұйымдарындағы экологиялық білім беру мамандандырылған және пәнаралық білім беру бағдарламаларын іске асыру, сондай-ақ экологиялық аспектілерді қазіргі оқу пәндеріне кіріктіру арқылы жүзеге асырылады.
3. Табиғат қорғау мен табиғат байлықтарына ұқыптылықпен қарауға белсенді азаматтық ұстанымды тәрбиелеу білім беру ұйымдарындағы тәрбиенің басым міндеттерінің бірі ретінде танылады.
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Мемлекеттік жалпыға бірдей міндетті білім беру стандарттары мен қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласындағы мамандықтар бойынша кәсіби білім берудің үлгілік оқу бағдарламаларын білім беру саласындағы уәкілетті орган қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісе отырып бекітеді.
184-бап Экологиялық білім беру мен ағартуды мемлекеттік қолдау
1. Мемлекет мынадай басым бағыттар бойынша:
1) Қазақстан Республикасының орнықты дамуға көшуі үшін білім беру саласында ұзақ мерзімді іс-қимыл жоспарын айқындау;
2) экологиялық білім беру мен ағартудың оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік негіздерін жетілдіру;
3) қоршаған ортаны қорғау саласында білікті мамандар даярлау;
4) экологиялық білім беру мен ағарту жөніндегі оқу және әдістемелік материалдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету;
5) қоғам мен отбасында экологиялық ағарту жөніндегі бағдарламаларды және іс-шараларды жүзеге асыратын ұйымдарды дамытуға жәрдемдесу жөнінде экологиялық білім беру мен ағартуды қолдауды жүзеге асырады.
2. Мемлекеттік қолдау шаралары:
1) білім беру ұйымдарындағы экологиялық білім беруді (экологиялық білім беру мен ағарту, мамандардың біліктілігін арттыру жөніндегі оқу-әдістемелік жұмыстар мен іс-шараларды) әртүрлі мемлекеттік, салалық және өңірлік бағдарламалар шеңберінде қаржыландыруды;
2) мемлекеттік органдардың мамандар даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыруға белсене қатысуын;
3) орнықты даму үшін білім беру саласындағы ғылыми зерттеулерге мемлекеттік тапсырыс беруді;
4) экологиялық білім беру мен ағарту саласындағы қызметті жүзеге асыратын қоғамдық бірлестіктерге мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс беруді;
5) қоршаған ортаны қорғау саласындағы бағдарламалар шеңберінде экологиялық білім беру мен ағарту, кадрлардың біліктілігін арттыру мен қайта даярлау жөніндегі қажетті іс-шараларды қамтамасыз етуді қамтиды.
26-тарау. Экологиялық ғылыми зерттеулер
185-бап. Экологиялық ғылыми зерттеулердің мақсаттары мен міндеттерi
1. Экологиялық ғылыми зерттеулер қоршаған ортаны қорғауды ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету, табиғи экологиялық жүйелерді жақсарту, қалпына келтіру, орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі ғылыми негізделген іс-шараларды әзірлеу, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен молайту, Қазақстан Республикасының экологиялық қауіпсіздігі мен әлеуметтік, экономикалық және экологиялық теңгерімді дамуын қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі.
2. Экологиялық ғылыми зерттеулердің міндеттері:
1) қоршаған ортаның жай-күйін ғылыми тұрғыдан бағалау және болжау;
2) ғылыми негізделген экологиялық нормативтерді, стандарттар мен талаптарды әзірлеу;
3) табиғи ресурстарды кешенді және ұтымды пайдалануды негіздеу;
4) қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласында мемлекеттік реттеу мен басқаруды қамтамасыз ету үшін ғылыми ұсынымдар әзірлеу;
5) экологиялық тұрғыдан тиімді ресурстарды сақтау технологияларын ғылыми тұрғыдан негіздеу, әзірлеу және енгізу болып табылады.
186-бап. Экологиялық ғылыми зерттеулердің негізгi бағыттары
1. Қоршаған ортаны қорғау саласын ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету міндеттерін шешу үшін ғылыми зерттеулердің мынадай түрлері:
1) аумақтардың әлеуметтік-экономикалық орнықты дамуының кешенді мемлекеттік, өңірлік, жергілікті ғылыми негіздемелерін әзірлеу;
2) экологиялық жүйелердің антропогендік әсерге тұрақтылығын зерттеу және экологиялық тәуекелдерді айқындаудың ғылыми негіздерін әзірлеу;
3) қоршаған ортаға антропогендік жүктемелер деңгейін және экологиялық жүйелер мен ландшафттардың бүліну дәрежесін бағалау;
4) қоршаған ортаны қорғау саласында ғылыми негізделген нормативтік құжаттар әзірлеу;
5) экожүйелер мен ландшафттарға антропогендік әсер ету шегінің аймақтық деңгейлерін айқындау;
6) қоршаған орта факторларының халық денсаулығына әсер етуін анықтау;
7) республика аумағын экологиялық шиеленісу дәрежесі бойынша аудандарға бөлу және саралау;
8) қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің бағдарламаларын әзірлеуге байланысты зерттеулер;
9) қоршаған ортаға эмиссияларды тазарту жөніндегі әдістерді және технологияларды әзірлеуге байланысты зерттеулер;
10) шикізатты кешенді пайдалану, қалдықтарды өңдеу мен кәдеге жарату жөніндегі зерттеулер;
11) экологиялық тиімді және ресурсты сақтаудың жаңа технологияларын іздестіру, оларды ғылыми-техникалық негіздеу және енгізу жөніндегі зерттеулер;
12) қоршаған ортаның жай-күйін бағалауды әзірлеу мен ғылыми тұрғыдан сүйемелдеу және олардың антропогендік және табиғи факторлар әсерінен өзгеруін болжау;
13) қоршаған ортаға антропогендік немесе табиғи факторлардың әсер етуінің теріс салдарларын болғызбау немесе бәсеңдету әдістерін ғылыми негіздеу;
14) көп жылғы байқаулар мен жедел бақылау негізінде экожүйелер мен объектілер жай-күйінің сандық және сапалық көрсеткіштеріне экологиялық мониторингтің нәтижелерін жүйелі зерделеу және жинақтау;
15) қоршаған орта жай-күйінің мониторингін ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету;
16) қоршаған ортаға эмиссияларға, табиғи ресурстарды пайдалануға арналған лимиттерді (квоталарды) әзірлеу және ғылыми негіздеу;
17) климаттың өзгеруін кешенді зерттеу және оның Қазақстан Республикасының экономикасы мен табиғи ресурстарына әсерін бағалау;