4. Дұрыс емес не шындыққа сәйкес келмейтiн мәлiметтердi сот отырысының хаттамасына қасақана енгiзген жағдайда хатшы заңда көзделгендей жауапты болады.
88-бап. Сот приставы
1. Соттар қызметiнiң және сот шешiмдерiн орындаудың белгiленген тәртібін қамтамасыз ету жөніндегі өзiне заңмен жүктелген мiндеттердi орындаушы лауазымды адам сот приставы болып табылады.
2. Сот приставы бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазалардың атқарылуына бақылау жасауды қамтамасыз етедi, сот орындаушыларына атқару құжаттарын мәжбүрлеп атқаруда көмек көрсетедi, сот талқылауы кезiнде залдағы тәртiптi бақылап отырады, төрағалық етушiнiң өкімін орындайды және соттарда судьяларды, куәларды және басқа да процеске қатысушыларды қорғауды жүзеге асырады, оларды басқаның ықпалынан қорғайды, соттың iс жүргiзу iс-әрекетiн жүргiзуiне жәрдемдеседi, сотқа келуден жалтарған адамдарды алып келудi жүзеге асырады, өзiне заңмен жүктелген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
2011.28.01. № 402-IV ҚР Заңымен 88-1-баппен толықтырылды (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
88-1-бап. Медиатор
1. Тараптар заңның талаптарына сәйкес медиацияны жүргізу үшін тартатын тәуелсіз жеке тұлға медиатор болып табылады.
2. Медиатор:
1) медиация тараптарына қылмыстық процесті жүргізетін орган беретін ақпаратпен танысуға;
2) медиация тараптары болып табылатын қылмыстық процеске қатысушылар туралы деректермен танысуға;
3) қылмыстық іс жүргізу заңына сәйкес кездесулердің саны мен ұзақтығын шектемей медиация тараптары болып табылатын қылмыстық процеске қатысушылармен жеке және құпия кездесуге құқылы.
11-тарау. Қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге қатысудың мүмкіндігін жоққа шығаратын жағдай.
Қарсылық білдіру
89-бап. Қарсылық бiлдiру және қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатысудан шеттету туралы өтiнiштер. Қылмыстық процеске қатысудан босату
1. Судья, прокурор, тергеушi, анықтаушы, қорғаушы, жәбiрленушiнiң (жеке айыптаушының), азаматтық талапкердiң, азаматтық жауапкердiң өкiлi, куәгер, сот отырысының хатшысы, сот приставы, аудармашы, сарапшы, маман қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге өздерiнiң қатысуын жоққа шығаратын мән-жайлар болған кезде қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатысудан шеттетiлуге мiндеттi не оларға қылмыстық процеске қатысушылар қарсылық бiлдiретiнiн мәлiмдеуi тиiс.
2. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган өз құзыретiнiң шегiнде iс бойынша iс жүргiзуден шеттету туралы мәлiмделген қарсылық бiлдiрулер мен өтiнiштердi шешуге немесе бұл адамның қылмыстық процеске қатысуын жоққа шығаратын мән-жайлар анықталған кезде тиiстi қаулы шығару арқылы өз бастамашылығы бойынша оны iс бойынша iс жүргiзуге қатысудан шеттетуге құқылы. Егер басқа процеске қатысушыларға қатысты қарсылық бiлдiрулердi шешуге уәкiлеттi адамға қарсылық бiлдiрумен бiр уақытта процеске өзге де қатысушыларға қарсылық бiлдiру мәлiмделсе, онда бiрiншi кезекте осы адамға қарсылық бiлдiру туралы мәселе шешiледi.
3. Егер қылмыстық сот iсiн жүргiзуге бiр мезгiлде бiрнеше адамның қатысуы олардың туыстық қатынастарына немесе жеке байланыстың басқа да қатынастарына байланысты жоққа шығарылатын жағдайда қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуден процеске қатысушы жағдайына басқалардан кейiнiрек ие болған адам шеттетiлуi тиiс. Егер туыстық немесе жеке байланыстың басқа да қатынастарымен байланысты адам соттың құрамында болса, қылмыстық iс бойынша жүргiзуден шеттетiлуге төрағалық етушi таңдаған адам жатады.
4. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатысуы осы Кодексте көзделген қандай да болсын жағдайлармен жоққа шығарылмайтын сот отырысының хатшысын, сот приставын, аудармашыны, маманды, сарапшыны олардың сұрауы бойынша олардың өз iс жүргiзу функцияларын орындауына кедергі келтiретiн дәлелдi себептерiнiң болуына орай мұндай қатысудан қылмыстық процестi жүргiзушi орган босатады.
11.07.01 ж. № 238-II; 2006.16.01. № 122-III (бұр. ред. қара) (2007.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2009.10.12. № 227-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 90-бап өзгертілді
90-бап. Судьяға қарсылық бiлдiру
1. Егер ол:
1) осы Кодекске сәйкес қылмыстық iстi соттай алуға жатқызылған судья болып табылмаса;
2) прокурордың, тергеу және анықтау органдарының шешімдеріне және іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жасалған шағымды қараған болса;
3) аталған iс бойынша жәбiрленушi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер болып табылса, куә ретiнде шақырылса не шақырылуы мүмкiн болса;
4) осы қылмыстық iс бойынша сарапшы, маман, аудармашы, куәгер, сот отырысының хатшысы, анықтаушы, тергеушi, прокурор, қорғаушы, айыпталушының заңды өкiлi, жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердiң немесе азаматтық жауапкердiң өкiлi ретiнде iс жүргiзуге қатысса;
5) жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердiң, азаматтық жауапкердiң немесе олардың өкiлдерiнiң туысы, айыпталушының немесе оның заңды өкiлiнiң туысы, прокурордың, қорғаушының, тергеушiнiң немесе анықтаушының туысы болса;
6) егер судья жеке, тiкелей немесе жанама осы iске мүдделi деп санауға негiз беретiн өзге де мән-жайлар болса, ол iстi қарауға қатыса алмайды.
2. Қылмыстық iстi қарайтын соттың құрамына туыстық немесе жеке байланыстың басқа да қатынастарымен байланысқан өзара тәуелдi адамдар кiре алмайды.
3. Бiрiншi сатыдағы сотта қылмыстық iстi қарауға қатысқан судья бұл iстi екiншi сатыдағы сотта немесе қадағалау тәртібінде қарауға қатыса алмайды, сонымен бiрге үкiм тоқтатылған немесе оның қатысуымен iстi қысқарту туралы қаулы шығарылған жағдайда iс бiрiншi немесе екiншi сатыдағы сотта жаңадан қаралғанда қатыса алмайды.
4. Екiншi сатыдағы сотта iстi қарауға қатысқан судья осы iстi бiрiншi сатыдағы сотта немесе қадағалау тәртібімен қарауға, сонымен бiрге оның қатысуымен қабылданған қаулы тоқтатылғаннан кейiн iс бiрiншi немесе екiншi сатыдағы сотта жаңадан қаралғанда қатыса алмайды.
5. Iстi қадағалау тәртібімен қарауға қатысқан судья сол iс бiрiншi не екiншi сатыдағы соттарда қаралғанда қатыса алмайды.
6. Қарсылық білдіру - сот тергеуі басталғанға дейін, ал істі алқабилердің қатысуымен қараған жағдайда алқабилер алқасы құрылғанға дейін мәлімделуге тиіс.
7. Судьяға қарсылық бiлдiру, сондай-ақ қарсылық бiлдiрiлуге жататын сот талқылауына қатысушылар туралы мәселенi қаулы шығару арқылы кеңесу бөлмесiнде сот шешедi.
8. Судьяға мәлiмделген қарсылық бiлдiрудi, қалған судьялар қарсылық бiлдiрiлген судьяның қатысуынсыз шешедi, ол, алайда, судьялар кеңесу бөлмесiне кеткенге дейiн өзiне мәлiмделген қарсылық бiлдiру жөнiнде өзiнiң түсiнiктемесiн көпшiлiк алдында айтуға құқылы. Бiрнеше судьяға немесе соттың бүкiл құрамына мәлiмделген қарсылық бiлдiрудi толық құрамда көпшiлiк дауыспен сот шешедi. Дауыстар тең болған кезде судьяға қарсылық бiлдiрiлген болып саналады.
9. Бұлтартпау шараларын қолдану немесе тергеу әрекеттерiн жүргiзу туралы өтiнiштi шешетiн судьяға мәлiмделген қарсылық бiлдiрудi осы судья қаулы шығара отырып жеке өзi шешедi. Iстi осы Кодекстiң 58-бабының бiрiншi бөлiгiне сәйкес қарайтын судьяға мәлiмделген жеке-дара қарсылық бiлдiрудi сол соттың төрағасы немесе осы соттың басқа судьясы, ал олар болмаған жағдайда жоғары тұрған соттың судьясы шешедi. Қарсылық бiлдiру туралы мәлiмдеме қанағаттандырылған жағдайда қылмыстық iс, шағым не өтiнiш белгiленген тәртiппен басқа судьяның iс жүргiзуiне берiледi.
10. Қарсылық бiлдiрудi қабылдамай тастау немесе қанағаттандыру туралы қаулы шағымдалуға (наразылық бiлдiрiлуге) жатпайды. Қаулыға келiспеушiлiк туралы дәлелдемелер апелляциялық немесе қадағалау шағымына енгiзiлуi мүмкiн.
91-бап. Прокурорға қарсылық бiлдiру
1. Прокурор осы Кодекстiң 90-бабында көзделген мән-жайлардың кез келгенi болған кезде қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатыса алмайды.
2. Прокурордың алдын ала тергеу немесе анықтау жүргiзуге қатысуы, сонымен бiрдей оның сотта айыптауды қолдауы оның iске одан әрi қатысуына кедергi болып табылмайды.
3. Сотқа дейiнгi iс жүргiзу кезiнде прокурорға қарсылық бiлдiру туралы мәселенi жоғары тұрған прокурор, ал сотта iс жүргiзу кезiнде iстi қараушы сот шешедi.
2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен 92-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
92-бап. Тергеушi мен анықтаушыға қарсылық бiлдiру
1. Осы Кодекстiң 90-бабында көзделген негiздер болған кезде тергеушi мен анықтаушы iстi тергеуге қатыса алмайды.
2. Осы қылмыстық iс бойынша бұрын жүргiзiлген тергеуге тергеушi мен анықтаушының тиiстi сапада қатысуы осы қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге олардың одан әрi қатысуын жоққа шығаратын жағдай болып табылмайды.
3. Тергеушіге немесе анықтаушыға қарсылық білдіру туралы мәселенi прокурор не тиісінше тергеу бөлімінің бастығы немесе анықтау органының бастығы шешедi.
93-бап. Куәгерге қарсылық бiлдiру
1. Осы Кодекстiң 90-бабында көзделген мән-жайлардың кез келгенi болған кезде куәгер қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатыса алмайды.
2. Қылмыстық процестi жүргiзушi органға жеке немесе қызметi бойынша кiрiптар болса, куәгер қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатыса алмайды.
3. Куәгердiң тергеу әрекеттерiн жүргiзуге оның алдында қатысуы, куәгерлердiң қандай да болсын бiреуiнiң қатысуы жүйелi сипат алған мән-жайларды қоспағанда, басқа тергеу әрекетіндегі осы iс бойынша iс жүргiзуге оның қатысуын жоққа шығармайды.
4. Куәгерге қарсылық бiлдiруде тергеу әрекетiн жүргiзушi адам шешедi.
94-бап. Сот отырысының хатшысы мен соттың приставына қарсылық бiлдiру
1. Сот отырысының хатшысы мен соттың приставы:
1) осы Кодекстiң 90-бабында көзделген мән-жайлардың кез келгенi болған кезде;
2) олардың құзыреттi еместiгi байқалса, қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатыса алмайды.
2. Адамның сот отырысына сот отырысының хатшысы немесе соттың приставы ретiнде оның алдында қатысуы олардың сот отырысына тиiстi сапада одан әрi қатысуын жоққа шығаратын мән-жай болып табылмайды.
3. Сот отырысының хатшысы мен соттың приставына қарсылық бiлдiру туралы мәселенi iстi қараушы сот шешедi.
95-бап. Аудармашы мен маманға қарсылық бiлдiру
1. Аудармашы мен маман:
1) осы Кодекстiң 90-бабында көзделген мән-жайлардың кез келгенi болған кезде;
2) егер олардың құзыреттi еместiгi байқалса, қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатыса алмайды.
2. Адамның аудармашы немесе маман ретiнде оның алдында қатысуы олардың сот отырысына тиiстi сапада одан әрi қатысуын жоққа шығаратын мән-жай болып табылмайды.
3. Аудармашы мен маманға қарсылық бiлдiрiлуi туралы мәселенi қылмыстық процестi жүргiзушi орган шешедi.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңымен; 2010.20.01. № 241-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 96-бап өзгертілді
96-бап. Сарапшыға қарсылық бiлдiру
1. Сарапшы:
1) осы Кодекстiң 90-бабында көзделген мән-жайлардың кез келгенi болған кезде;
2) егер ол анықтаушыға, тергеушiге, прокурорға, судьяға, сезiктiге, айыпталушыға, олардың қорғаушыларына, заңды өкiлдерiне, жәбiрленушiге, азаматтық талапкерге, азаматтық жауапкерге немесе олардың өкiлдерiне қызметтiк немесе өзге де байланыста болса немесе болып отырса;
3) егер ол нәтижесi қылмыстық iс бойынша iс қозғау немесе қылмыстық iзге түсудi бастау үшiн негiз болған тексеру немесе басқа да тексерiс әрекеттерiн жүргiзсе;
4) егер оның құзыреттi еместiгi байқалса;
5) егер ол iске, осы Кодекстiң 224-бабына сәйкес сот медицинасы саласындағы дәрiгер-маман ретiнде адамның мәйiтiн қарауға қатысу жағдайларын қоспағанда, маман ретiнде қатысса, қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатыса алмайды.
1-1. Тірі адамға, сондай-ақ мәйітке сараптама жүргізуге сараптама тағайындалғанға дейін тиісті адамға медициналық көмек көрсеткен дәрігер сарапшы ретінде қатыса алмайды.
2. Адамның осы іске сарапшы ретінде алдыңғы қатысуы, оның қатысуымен жүргізілген сараптамадан кейін ол қайталап тағайындалатын жағдайларды қоспағанда, іс бойынша сараптама жүргізуді оған тапсыруды болдырмайтын мән-жай болып табылмайды.
3. Сарапшыға қарсылық бiлдiру туралы мәселенi қылмыстық процестi жүргiзушi орган шешедi.
2009.11.12. № 230-IV ҚР Заңымен 97-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
97-бап. Қорғаушыны, жәбiрленушiнiң (жеке айыптаушының), азаматтық талапкердiң немесе азаматтық жауапкердiң өкiлiн қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатысудан шеттету
1. Қорғаушы, сондай-ақ жәбiрленушiнiң (жеке айыптаушының), азаматтық талапкердiң, азаматтық жауапкердiң өкiлi мына мән-жайлардың кез-келгенi болған кезде:
1) егер ол бұрын iске судья, прокурор, тергеушi, анықтаушы, сот отырысының хатшысы, сот приставы, куә, сарапшы, маман, аудармашы немесе куәгер ретiнде қатысса;
2) егер ол осы iстi тергеуге немесе соттың қарауына қатысқан немесе қатысатын лауазымды адаммен туыстық қатынаста болса;
3) егер ол қорғалушымен немесе сенім бiлдiрушiмен қарама-қарсы мүдделерi бар адамға заңгерлiк көмек көрсетiп жүрсе немесе бұрын көмек көрсеткен болса, сонымен бiрге мұндай адамдармен туыстық қатынаста болса;
4) егер заңның күшiмен немесе соттың шешiмiмен қорғаушы немесе өкiл болуға оның құқығы жоқ болса, қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатыса алмайды.
2. Қорғаушыны, жәбiрленушiнiң (жеке айыптаушының), азаматтық талапкердiң немесе азаматтық жауапкердiң өкiлiн iс бойынша iс жүргiзуге қатысудан шеттету туралы мәселенi сотқа дейінгі іс жүргізу кезінде - прокурор, ал сотта іс жүргізу кезінде істі қарайтын сот шешеді.
12-тарау. Қылмыстық процеске қатысушы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету
2006.16.01. № 122-III (бұр. ред. қара) (2007.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2009.07.04. № 149-IV (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 98-бап өзгертілді
98-бап. Судьялардың, алқабилердің, прокурорлардың, тергеушiлердiң, анықтаушылардың, қорғаушылардың, сарапшылардың, мамандардың, сот отырысы хатшыларының, сот приставтарының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету
1. Судья, алқаби, прокурор, тергеушi, анықтаушы, қорғаушы, сарапшы, маман, сот отырысы хатшысы, сот приставы, сонымен бiрге олардың отбасы мүшелерi мен жақын туыстары мемлекеттiң қорғауында болады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған адамдарға мемлекет заңда көзделген тәртiппен сотта қылмыстық iстердi немесе материалдарды қарауға, анықтау немесе алдын ала тергеу жүргiзуге байланысты олардың өмiрiне қауiп төнуден немесе өзге де күш қолданудан қауiпсiздендiру шараларын қолдануды қамтамасыз етедi.
2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен 99-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
99-бап. Күдіктілердің, жәбірленушілердің, куәлардың, айыпталушылардың және қылмыстық процеске қатысушы басқа да адамдардың қауiпсiздiгi шараларын қолдану мiндетi
1. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган, егер қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге байланысты оларға қатысты күш қолдануды немесе қылмыстық заңда тыйым салынған өзге де әрекеттi жасаудың нақты қаупi болса, күдіктінің, жәбiрленушiнiң, куәнiң, айыпталушының, қылмыстық процеске қатысушы басқа да адамдардың, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерi мен жақын туыстарының қауiпсiздiгi шараларын қолдануға мiндеттi.
2. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган олардың ауызша (жазбаша) мәлiмдемесiнiң негiзiнде немесе өз бастамашылығы бойынша осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған адамдардың қауiпсiздiгi шараларын қолданып, ол туралы тиiстi қаулы шығарады.
3. Қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысушы адамдардың, олардың отбасы мүшелерiнiң және жақын туыстарының өздерiнiң қауiпсiздiгi шараларын қолдану туралы мәлiмдемелерiн қылмыстық процестi жүргiзушi орган оларды алған сәттен бастап жиырма төрт сағаттан кешiктiрмей қарайды. Мәлiмдеушiге тиiстi қаулының көшiрмесiн жiбере отырып, оған қабылданған шешiм туралы дереу хабарланады.
4. Мәлiмдеушi өзiнiң қауiпсiздiгi шараларын қолдану туралы өтiнiшiн қанағаттандырудан бас тартылғанына прокурорға немесе сотқа шағымдануға құқылы.
5. Қауiпсiздiк шараларын қолданудан бас тарту, егер бұрын берiлген өтiнiштен көрiнiсiн таппаған мән-жайлар туындаса, көрсетiлген шараларды қолдану туралы қайта өтiнiш жасауға кедергi келтiрiлмейдi.
2009.07.04. № 149-IV ҚР Заңымен 100-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
100-бап. Жәбiрленушiлердiң, куәлардың, сезiктiлердiң, айыпталушылардың және қылмыстық процеске қатысушы басқа да адамдардың қауiпсiздiгi шаралары
1. Куәлардың, сезiктiлердiң, айыпталушылардың және қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысушы басқа да адамдардың, олардың отбасы мүшелерiнiң және жақын туыстарының iс жүргiзу қауiпсiздiгiнiң шаралары ретiнде:
1) қылмыстық процестi жүргiзушi органның күш қолдану немесе қылмыстық заңда тыйым салынған басқа да әрекеттер қаупi шыққан адамға оны мүмкiн болатын қылмыстық жауапқа тарту туралы ресми ескерту жасауы;
2) қорғалатын адам туралы мәлiметтер алуға шек қою;
3) оның жеке басының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
4) айыпталушыға (сезiктiге) қатысты қылмыстық процеске қатысушыларға қатысты күш қолдану (қолдануды ұйымдастыру) немесе өзге де қылмысты әрекеттер жасау (жасауды ұйымдастыру) мүмкiндiгiн жоққа шығаратын бұлтартпау шараларын таңдау қолданылады.
2. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган енгiзген ескерту адамға қолы қойғызылып хабарланады.
3. Қорғалатын адам туралы мәлiмет алуға шек қою қылмыстық iстiң материалдарынан адамның анкеталық деректерi туралы мәлiметтердi алып, оны негiзгi iс жүргiзуден бөлек сақтаудан, бұл адамдардың бүркеншiк ат пайдалануынан тұрады. Негiзгi iс жүргiзуден оқшауландырылған материалдармен танысу үшiн қылмыстық процестi жүргiзушi органға ғана рұқсат етiледi. Процеске басқа қатысушылар онымен осы мәлiметтердi жарияламау туралы қолхат бере отырып қылмыстық процестi жүргiзушi органның рұқсатымен ғана таныса алады. Қорғалатын адамның қатысуымен iс жүргiзу әрекеттерi қажет жағдайларда оны тануды болдырмайтын жағдайларда жүргiзiледi.
4. Куәгерлердiң, сезiктiлердiң, айыпталушылардың, қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысушы басқа да азаматтардың және олардың жақындарының жеке қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң тәртібі заңмен айқындалады.
5. Қауiпсiздiк шараларын қолданғанына қарамастан, қылмыстық iзге түсу органы бұған негiздер болған жағдайда жәбiрленушiге, куәға, айыпталушыға, қылмыстық iстi жүргiзуге қатысушы басқа да адамдарға қатысты қылмыстық заңда тыйым салынған әрекеттер жасау қаупi анықталуына байланысты қылмыстық iс қозғауға мiндеттi.
6. Қауiпсiздiк шаралары оны қолданудың қажеттiгi болмағанда қылмыстық процестi жүргiзушi органның дәлелдi қаулысымен тоқтатылады. Қорғалатын адамға оның қауiпсiздiгi шараларының тоқтатылғандығы немесе ол туралы деректердiң iс бойынша iс жүргiзуге қатысушы адамдарға ашылғандығы туралы дереу хабарлануы тиiс. Қылмыстық процесті жүргізуші органның қауіпсіздік шараларын тоқтату туралы шешіміне қорғалатын адамның сотқа немесе прокурорға шағым беруі шағым жасалған шешімнің атқарылуын тоқтата тұрады.
101-бап. Сот талқылауына қатысушы адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету
1. Сот талқылауына қатысушылардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн төрағалық етушi соттың жабық отырысын өткiзедi, сондай-ақ осы Кодекстiң 100-бабының бiрiншi, екiншi, үшiншi және төртiншi бөлiктерiнде көзделген шараларды қолданады.
2. Сот куәнiң, айыптау тарабының өтiнiшi бойынша, сондай-ақ куәнiң және оның жақындарының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында өз бастамашылығы бойынша куәдан:
1) бүркеншiк атты пайдалана отырып оның жеке басы туралы деректердi жарияламастан;
2009.17.07. № 187-IV ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редацияда (бұр.ред.қара)
2) қалған қатысушылардың оны дауысы және сыртқы белгілері: акценті, жынысы, ұлты, жасы, бойы, дене бітімі, мүсіні, жүрісі бойынша тануы мүмкін болмайтын жағдайларда;
3) оны сот талқылауына басқа қатысушылардың көзiне көрсетпей жауап алу туралы қаулы шығаруға құқылы.
2009.11.12. № 230-IV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Төрағалық етуші:
1) бейне, дыбыс жазуды жүргізуге және жауап алуды түсіріп алудың өзге де әдістерін жүргізуге тыйым салуға;
2) адвокатты қоспағанда, сот отырысы залынан сотталушыны, қорғау тарапының өкілдерін шығарып жіберуге құқылы.
4. Сот процеске қатысушылардың бiреуi болмағанда немесе олардың көзбен көрiп отыруынан тыс жауап алынған куәнiң көрсетуiн сотта төрағалық етушi ол куә туралы мәлiметтi көрсетпестен оған барлық қатысушылар қатысып отырғанда хабарлайды.
5. Қажет болған жағдайларда сот процеске қатысушылардың және заңда көзделген өзге де адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiнде басқа да шаралар қолданады.
6. Сот талқылауына қатысушылардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету туралы соттың қаулысын атқару қылмыстық iзге түсу органдарына, сондай-ақ сот приставына жүктеледi.
13-тарау. Өтініш жасау. Қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын мемлекеттік
органдар мен лауазымды адамдардың әрекеттері мен шешімдеріне шағымдану
102-бап. Қылмыстық процеске қатысушылардың өтiнiштерiн қараудың мiндеттілігi
1. Қылмыстық процеске қатысушылар анықтаушыға, тергеушiге, прокурорға, сотқа iс бойынша маңызы бар мән-жайларды анықтау, өтiнiш жасап барған адамның немесе оларды ұсынған адамның құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету үшiн iс жүргiзу iс-әрекеттерiн жүргiзу немесе iс жүргiзу шешiмдерiн қабылдау туралы өтiнiштермен бара алады.
2. Өтiнiш процестiң кез келген сатысында мәлiмделуi мүмкiн. Өтiнiш бiлдiрген адам қандай мән-жайды анықтау үшiн iс-әрекет жүргiзудi немесе шешiм қабылдауды сұрайтындығын көрсетуi тиiс. Жазбаша өтiнiштер iске тiгiледi, ауызша өтiнiштер тергеу iс-әрекетiнiң немесе сот отырысының хаттамасына кiргiзiледi.
3. Өтiнiштiң қабылданбағандығы оны қылмыстық сот iсiн жүргiзудiң келесi кезеңдерiнде қайталап беруге немесе қылмыстық процестi жүргiзушi басқа органға беруге кедергi келтiрмейдi.
4. Өтiнiш ол мәлiмделгеннен кейiн қарауға және тiкелей шешуге жатады. Өтiнiш бойынша шешiмдi дереу қабылдау мүмкiн болмаған жағдайларда ол мәлiмделген күннен бастап үш тәулiктен кешiктiрiлмей шешiлуге тиiс.
5. Егер ол iстiң мән-жайларын жан-жақты, толық және объективтi зерттеуге, процеске қатысушылардың немесе басқа да адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз етуге жәрдемдесетiн болса, өтiнiш қанағаттандырылуы тиiс. Өзге жағдайларда өтiнiштi қанағаттандырудан бас тартылуы мүмкiн.
6. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган өтiнiштi қанағаттандыру туралы не оны қанағаттандырудан толық немесе iшiнара бас тарту туралы дәлелдi қаулы шығарып, ол өтiнiш жасаған адамға жеткiзiледi. Өтiнiш жөніндегі шешiмге осы Кодексте белгiленген шағым берудiң және оны қараудың жалпы ережелерi бойынша шағым жасалуы мүмкiн.
103-бап. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзудi жүзеге асыратын органдар мен лауазымды адамдардың шешiмдерi мен әрекеттерiне шағымдану
1. Егер жүргiзiлген iс жүргiзу әрекетi өздерiнiң мүдделерiн қозғайтын болса, процеске қатысушылар, сондай-ақ азаматтар мен ұйымдар осы Кодексте белгiленген тәртiппен анықтаушының, анықтау органының, тергеушiнiң, прокурордың, соттың немесе судьяның шешiмдерi мен iс-әрекеттерiне шағымдануы мүмкiн.
2. Шағымдар шағымдарды қарауға және олар бойынша шешiм қабылдауға заңмен уәкiлдiк берiлген, қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу үшiн жауапты сол мемлекеттік органға немесе сол лауазымды адамға берiледi.
3. Шағымдар ауызша және жазбаша болуы мүмкiн. Ауызша шағымдар оны жасаушы мен шағымды қабылдап алушы лауазымды адам қол қоятын хаттамаға кiргiзiледi. Тиiстi лауазымды адамдардың қабылдауында азаматтар ауызша айтқан шағымдар жазбаша түрде ұсынылған шағымдармен ортақ негiзде шешiледi. Шағымға қосымша материалдар қоса тiркелуi мүмкiн.
4. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзiлетiн тiлдi бiлмейтiн адамға шағымды ана тілінде немесе өзi бiлетiн тiлде беру құқығы қамтамасыз етiледi.
5. Шағым берген адам оны қайтарып алуға құқылы. Сезiктi мен айыпталушы қорғаушының шағымын қайтарып алуға құқылы; азаматтық талапкер, жәбiрленушi (жеке айыптаушы), азаматтық жауапкер, заңды өкiлдi қоспағанда, өзiнiң өкiлiнiң шағымын қайтарып алуға құқылы. Сезiктiнiң немесе айыпталушының мүдделерiн көздеп берiлген шағым тек олардың келісімiмен ғана қайтарылып алынуы мүмкiн. Шағымды қайтарып алу, осы Кодексте тiкелей көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстiң 105-бабында көрсетiлген мерзiмдер аяқталғанға дейiн оны қайтадан беруге кедергi келтiрмейдi.
104-бап. Ұсталған немесе тұтқында отырған адамдардың шағым жолдау тәртібі
1. Алдын ала қамауға алу орындарының әкiмшiлiгi қылмыстық процестi жүргiзушi органға қылмыс жасады деген сезiк бойынша ұсталған немесе бұлтартпау шарасы ретiнде тұтқында отырған адамдардың оған жолданған шағымдарын дереу беруге мiндеттi.