3. Куә әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiп жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыртуы бойынша келуге, өзiне iс бойынша белгiлi мән-жайдың бәрiн шынайы түрде хабарлауға және қойылған сұрақтарға жауап қайтаруға, өзi берген айғақтардың тиiстi хаттамаға енгiзiлуiнiң дұрыстығын өзi қол қойып куәландыруға мiндеттi.
4. Куәға әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауға уәкiлеттi органға (лауазымды адамға) айғақтар беруден жалтарғаны немесе одан бас тартқаны, көрiнеу жалған айғақтар бергенi үшiн әкiмшiлiк жауапкершiлiгi туралы және сотта осы әрекеттердi жасағаны үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы ескертiледi.
5. Куә әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыртуы бойынша келуден жалтарған жағдайда судьяның, органның (лауазымды адамның) ұйғарымы негiзiнде оны iшкi iстер органдары (полиция) алып келуi мүмкiн.
6. Он төрт жасқа дейiнгi кәмелетке толмаған куәға сауал қою кезiнде педагогтiң немесе психологтың қатысуы мiндеттi. Қажет болған жағдайда сауал қою осындай куәның заңды өкiлiнiң қатысуымен жүргiзiледi.
595-бап. Куәгер
1. Осы Кодексте көзделген жағдайларда, iстiң қорытындысына мүдделi емес, өзi қатысып тұрған кездегi iс-әрекеттердi толық және дұрыс ұғынуға қабiлеттi кәмелетке толған адам куәгер ретiнде тартылады.
2. Куәгердiң әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзуге қатысуы жеке адамды тексерiп қарау, көлiк құралын, заттарды тексерiп қарау, жеке адамда болған құжаттар мен заттарды алып қою, заңды тұлғаға тиесiлi аумақтарды, үй-жайлар мен мүлiктi қарап шығу, заңды тұлғаға тиесiлi құжаттар мен мүлiктi алып қою туралы хаттамаларда көрсетiледi.
3. Куәгер әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан лауазымды адамның шақыруы бойынша келуге, осы iстiң жүргiзiлуiне қатысуға және өзiнiң қатысуымен жасалған iс-әрекеттердiң жүзеге асырылу фактілерін, олардың мазмұны мен нәтижелерiн тиiстi хаттамаға өзi қол қойып куәландыруға мiндеттi.
4. Куәгердiң жасалған iс-әрекеттер жөнiнде хаттамаға енгiзiлуге тиiстi мәлiмдемелер мен ескертпелер жасауға құқығы бар.
5. Қажет болған жағдайда куәгерден осы Кодекстiң 594-бабында көзделген тәртiппен куә ретiнде жауап алынуы мүмкiн.
2006.04.07. № 151-III ҚР Заңымен 596-бап өзгертілді
596-бап. Маман
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзуге маман ретiнде қатысуға дәлелдемелердi жинауға, зерттеуге және бағалауға, сондай-ақ техникалық құралдарды пайдалануға жәрдем көрсету үшiн қажеттi арнаулы білімi бар және машықтанған, iстiң қорытындысына мүдделi емес кез келген кәмелетке толған адамды тағайындауға болады.
2. Маман: өзiнiң шақырылу мақсатын бiлуге; егер тиiсiнше арнаулы білімi мен машығы болмаса, iс жүргiзуге қатысудан бас тартуға; өзiнiң қатысуымен жасалатын, iс жүргiзу әрекетiне қатысты iстiң материалдарымен танысуға; әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) рұқсатымен iс жүргiзу әрекеттерiне қатысушыларға сұрақтар қоюға; салыстырма зерттеулерді қоспағанда, iс жүргiзу әрекеттерi шеңберiнде iс жүргiзу әрекеттерi хаттамасының бір бөлiгi болып табылатын хаттамада не ресми құжатта iстiң барысы мен нәтижелерi көрсетiлген iс материалдарына зерттеу жүргiзуге; өзi қатысқан iс жүргiзу әрекетiнiң хаттамасымен танысуға және өзiнiң қатысуымен жүргiзiлген әрекеттiң барысы мен нәтижелерi көрсетiлуiнiң толық және дұрыс екендiгi жөнiнде хаттамаға енгiзiлуi қажеттi мәлiмдемелер мен ескертпелер жасауға құқылы.
3. Маман: әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуге; арнаулы білімiн, машығын және ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып, iс жүргiзу әрекеттерiне қатысуға; өзi жасаған әрекеттер бойынша түсiнiк беруге; аталған әрекеттердiң жасалу фактiсiн, олардың мазмұны мен нәтижелерiн өзi қол қойып куәландыруға мiндеттi.
ҚР 06.11.01 ж. № 251-II Заңымен 597-бап өзгертілді; 2010.20.01. № 241-ІV ҚР Заңымен 597-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
597-бап. Сарапшы
1. Арнаулы ғылыми білімі бар, іске мүдделі емес адам сарапшы ретінде шақырылуы мүмкін. Сот сараптамасын жүргізу:
1) сот сараптамасы органдарының қызметкерлеріне;
2) лицензия негізінде сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын адамдарға;
3) заң талаптарына сәйкес біржолғы тәртіппен өзге де адамдарға тапсырылуы мүмкін.
2. Сарапшы: сараптама нысанасына қатысты іс материалдарымен танысуға; қорытынды беру үшін қажетті қосымша материалдарды өзіне беру туралы өтінішті мәлімдеуге; әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі жүргізетін органның (лауазымды адамның) рұқсатымен іс жүргізу әрекеттерін жүргізуге қатысуға және оларға қатысушы адамдарға сараптама нысанасына қатысты сұрақтар қоюға; өзі қатысқан іс жүргізу әрекетінің хаттамасымен танысуға және өзінің әрекеттері мен айғақтарының толық және дұрыс көрсетілуіне қатысты хаттамаларға енгізілуге тиісті ескертпелер жасауға; сот сараптамасын тағайындаған судьяның, органның (лауазымды адамның) келісімі бойынша сот-сараптамалық зерттеу барысында анықталған, азаматтық іс үшін маңызы бар, сот сараптамасын тағайындау туралы ұйғарымда қамтылған мәселелердің шегінен тыс мән-жайлар бойынша өз құзыреті шегінде қорытынды беруге; ана тілінде немесе өзі білетін тілде қорытынды ұсынуға және айғақтар беруге; аудармашының тегін көмегін пайдалануға; аудармашыдан бас тартуды мәлімдеуге; сараптама жүргізу кезінде соттың және іс жүргізуге қатысушы өзге де адамдардың өзінің құқықтарына нұқсан келтіретін шешімдері мен әрекеттеріне шағым жасауға; сараптама жүргізу кезінде шеккен шығыстарға өтем және егер сот сараптамасын жүргізу өзінің лауазымдық міндеттерінің шеңберіне кірмейтін болса, орындалған жұмысы үшін сыйақы алуға құқылы.
3. Сарапшы: әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі жүргізетін судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуге; өзіне ұсынылған объектілерге жан-жақты, толық және объективті зерттеу жүргізуге; өзінің алдына қойылған мәселелер бойынша негізделген жазбаша қорытынды беруге; осы Кодекстің 611-бабының он үшінші бөлігінде көзделген жағдайларда, қорытынды беруден бас тартуға және қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы дәлелді жазбаша хабарлама жасауға және оны сот сараптамасын тағайындаған органға (лауазымды адамға) жіберуге; жүргізілген зерттеуге және берілген қорытындыға байланысты мәселелер бойынша айғақтар беруге; зерттеліп жатқан объектілердің сақталуын қамтамасыз етуге; істің мән-жайы туралы мәліметтерді және сот сараптамасын жүргізуге байланысты өзіне белгілі болған өзге де мәліметтерді жария етпеуге міндетті.
4. Сарапшы сотта көрінеу жалған қорытынды бергені үшін заңда көзделген қылмыстық жауаптылықта болады.
5. Сот сараптамасы органының қызметкері болып табылатын сарапшы өз қызметінің сипатына қарай өзінің құқықтарымен және міндеттерімен танысқан және сотта көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауаптылық туралы ескертілген деп есептеледі.
598-бап. Аудармашы
1. Білімi әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзу кезiнде қажет болатын тiлдердi бiлетiн (мылқаудың немесе саңыраудың ыммен көрсететiн белгiлерiн түсiнетiн), iстiң қорытындысына мүдделi емес кез келген кәмелетке толған адам аудармашы болып тағайындалады.
2. Аудармашыны әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан судья, орган (лауазымды адам) тағайындайды.
3. Аудармашы: егер өзiнiң аударма үшiн қажеттi білімi болмаса, iс жүргiзуге қатысудан бас тартуға; аударма жасау кезiнде қатысушы адамдарға аударманы нақтылау үшiн сұрақтар қоюға; өзi жүргiзiлуiне қатысқан iс жүргiзу әрекетiнiң хаттамасымен танысуға және аударманың хатқа түсiрiлуiнiң толық және дұрыс екендiгi жөнiнде хаттамаға енгiзiлуi керек болатын ескертпелер жасауға құқылы.
4. Аудармашы: әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуге және өзiне тапсырылған аударманы толық және дәл жасауға; тиiстi хаттамада аударманың дұрыстығын өзi қол қойып куәландыруға мiндеттi.
5. Аудармашыға әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауға уәкiлеттi орган (лауазымды адам) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезiнде көрiнеу жалған аударма жасағаны үшiн әкiмшiлiк жауапты болатынын және сотта осы әрекеттi жасағаны үшiн қылмыстық жауапты болатынын ескертедi.
6. Осы баптың ережелерi мылқаудың немесе саңыраудың ыммен көрсететiн белгiлерiн түсiнетiн, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iске қатысуға тартылған адамға қолданылады.
599-бап. Прокурор
1. Прокурор осы Кодекстiң 583-бабында көзделген өз өкiлеттiктерiн iске асыру мақсатында әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзуге қатысуға құқылы. Бұл орайда прокурор дәлелдемелер табыс етедi және оларды тексеруге қатысады; iстi қарап жатқан сотқа, органға (лауазымды адамға) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзiлiп отырған адамға қатысты, оның кiнәлiлiгi туралы, сондай-ақ iстiң қаралу процесiнде туындайтын басқа да мәселелер жөнiнде өз пiкiрiн баяндайды; iстi қарап жатқан сотқа, органға (лауазымды адамға) заңның ережелерiн қолдану және әкiмшiлiк жаза қолдану не одан босату туралы ұсыныс айтады.
2. Прокурор кәмелетке толмаған адам жасаған әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстiң қаралатын орны мен уақыты, сондай-ақ әкiмшiлiк қамауға алуға әкеп соғатын құқық бұзушылық туралы хабардар етiледi. Ол болмаған кезде, мұндай iс тек iстiң қаралатын орны мен уақыты туралы прокурорға дер кезiнде хабарланғандығы туралы деректер болған және одан iстi қарауды кейiнге қалдыру туралы өтiнiш түспеген жағдайда ғана қаралуы мүмкiн.
600-бап. Iс жүргiзу мiндеттерiн орындамағаны үшiн жауаптылық
1. Куәнiң, маманның, сарапшының және аудармашының осы Кодекстiң 594, 596, 597, 598-баптарында көзделген iс жүргiзу мiндеттерiн орындамауы осы Кодекстiң 515, 516, 517-баптарында белгiленген әкiмшiлiк жауаптылыққа әкеп соғады.
2. Осы баптың бірiншi бөлiгiнде аталған iс-әрекеттер жасалған жағдайда әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi, iс бойынша қаулыға шағымды немесе наразылықты қарау кезiнде iс бойынша қаулыға шағымды немесе наразылықты қарау хаттамасына тиiстi жазба енгiзiледi.
3. Айыппұл салу туралы қаулы шығарылады.
2010.20.01. № 241-ІV ҚР Заңымен 601-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
601-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзуге қатысу мүмкiндiгiн болдырмайтын мән-жайлар
1. Адамдар белгiлi бір iстi қозғау үшiн негiз болған бұзушылыққа орай ережелердiң сақталуын қадағалайтын және бақылайтын мемлекеттік органдардың қызметкерлерi болып табылса немесе олар бұған дейiн осы iстi қарауға өзге қатысушылар ретiнде әрекет етсе, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзуге қорғаушы және өкiл ретiнде қатысуға жiберiлмейдi.
2. Сарапшы мен аудармашы, егер: олардың білікті емес екені байқалса; олар әкiмшiлiк жауапқа тартылып жатқан адаммен, жәбірленушiмен, олардың заңды өкiлдерiмен, қорғаушысымен, өкiлiмен, осы iстi жүргiзiп жатқан прокурормен, судьямен, алқалы органның мүшесiмен немесе лауазымды адаммен туыстық қатынастарда болса, не олар бұған дейiн осы iстi жүргiзуге өзге қатысушылар ретiнде әрекет етсе, сондай-ақ бұл адамдарды осы iске жеке өз басы, тiкелей немесе жанама түрде мүдделi деп есептеуге негiз болса, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзуге қатысуға жiберiлмейдi.
3. Адамның іске сарапшы ретінде алдыңғы қатысуы, оның қатысуымен жүргізілген сараптамадан кейін ол қайта тағайындалатын жағдайларда, оған сараптама жүргізуді тапсыруды болдырмайтын мән-жай болып табылады.
602-бап. Iс жүргiзуге қатысуына жол берiлмейтiн адамдарды қатыстырудан бас тарту
1. Қорғаушының, өкiлдiң, прокурордың, сарапшының және аудармашының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзуге қатысу мүмкiндiгiн болдырмайтын, осы Кодекстiң 601-бабында көзделген мән-жайлар болған кезде аталған адамдарды қатыстырудан бас тартылуға тиiс.
2. Өздiгiнен бас тарту немесе бас тарту туралы арыз әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан судьяға, органға (лауазымды адамға) берiледi.
3. Өздiгiнен бас тарту немесе бас тарту туралы арыз берiлген күнiнен бастап үш күн мерзiмде қаралады.
4. Судья, орган (лауазымды адам) өздiгiнен бас тарту немесе бас тарту туралы арызды қарап, арызды қанағаттандыру не оны қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
603-бап. Жәбірленушi, куә, сарапшы, маман, аудармашы немесе куәгер шығындарының орнын толтыру
1. Жәбірленушiнiң, куәнiң, сарапшының, маманның және аудармашының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан сотқа, органға (лауазымды адамға) келуiне байланысты шеккен шығындарының, соның iшiнде: аталған адамдардың тұрған немесе болып жатқан жерiне бару және керi қайту жолының жүрiп-тұру құнының, ал бұл басқа жерлерде болумен байланысты жағдайларда - тұрғын үй-жайды жалдау, сондай-ақ тәулiктiк шығын құнының орны азаматтық iс жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiппен толтырылады.
2. Жәбірленушi, куә, сарапшы, маман және аудармашы ретiнде шақырылатын адамның әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан және қарап жатқан сотқа, органға (лауазымды адамға) келуiне байланысты олардың жұмыс орындарында болмаған кездегi орташа табысы белгiленген тәртiппен сақталады.
3. Сарапшының, маман мен аудармашының еңбегiне заңдарда белгiленген тәртiппен ақы төленедi.
35-тарау. Дәлелдемелер және дәлелдеу
2006.20.01. № 123-III ҚР Заңымен (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2008.04.07 № 55-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 604-бап өзгертілді
604-бап. Дәлелдемелер
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан судья немесе орган (лауазымды адам) осы Кодексте белгiленген тәртiппен әкiмшiлiк құқық бұзушылық оқиғасының болғанын немесе болмағанын, әкiмшiлiк жауапқа тартылатын жеке адамның кiнәлiлiгiн анықтайтын кез келген нақты деректер, сондай-ақ iстiң дұрыс шешiлуi үшiн мәнi бар өзге де мән-жайлар әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша дәлелдемелер болып табылады.
2. Бұл деректер: әкімшілік жауапқа тартылатын тұлғаның түсініктемелерімен; жәбірленушінің, куәнің айғақтарымен; сарапшының қорытындыларымен; заттай дәлелдемелермен; сертификатталған арнайы техникалық бақылау-өлшем құралдарының және аспаптарының көрсеткіштерімен; өзге де құжаттармен; әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалармен және осы Кодексте көзделген хаттамалармен анықталады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы материалдарды дәлелдемелер ретінде қарау кезінде сертификатталған арнайы техникалық бақылау-өлшем құралдарының және аспаптарының деректері пайдаланылуы мүмкін.
3. Егер нақты деректер процеске қатысушылардың заңмен кепiлдiк берiлген құқықтарынан айыру немесе қысым жасау жолымен алынса немесе процестiң өзге де ережелерiн бұза отырып алынған нақты деректердiң дұрыстығына ықпал етiп немесе ықпал етуi мүмкiн болып, соның iшiнде:
1) зорлық жасап, қорқытып, алдап, сондай-ақ өзге де заңсыз әрекеттер қолданып;
2) процеске қатысушы адамға өз құқықтары мен мiндеттерiне қатысты түсiндiрмеу, толық емес немесе қате түсiндiру салдарынан оны шатастыруды пайдаланып;
3) осы iстi жүргiзудi жүзеге асыруға құқы жоқ адамның iс жүргiзу iс-әрекетiн жасауына байланысты;
4) қарсылық бiлдiрiлген адамның iс жүргiзу iс-әрекетiне қатысуына байланысты;
5) iс жүргiзу iс-әрекетiнiң тәртібін бұзып;
6) белгiсіз көзден;
7) дәлелдеу барысында осы заманғы ғылыми білімдерге қайшы келетiн әдiстердi қолданып, осы Кодекстiң талаптарын бұза отырып алынса, дәлелдемелер ретiнде жол беруге болмайды деп танылуға тиiс.
3. Нақты деректердi дәлелдемелер ретiнде пайдалануға жол беруге болмайтындығын әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан сот немесе орган (лауазымды адам) өз бастамашылығымен немесе процеске қатысушылардың өтiнiштерi бойынша анықтайды.
4. Заңды бұза отырып алынған дәлелдемелердiң заңды күшi жоқ деп танылады және тиiстi бұзушылық пен оған жол берген адамдардың кiнәлiлiгi фактiсiн қоспағанда оларды iс бойынша шешiмнiң негiзiне алуға, сондай-ақ iс бойынша кез келген мән-жайды дәлелдеу кезiнде пайдалануға болмайды.
605-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша дәлелденуге тиiс мән-жайлар
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша мыналар дәлелденуге тиiс:
1) әкiмшiлiк құқық бұзушылық оқиғасының болуы;
2) құқыққа қайшы әрекет жасаған, сол үшiн осы Кодексте әкiмшiлiк жауаптылық көзделген адам;
3) жеке адамның әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауға кiнәлiлiгi;
4) әкiмшiлiк жауаптылықты жұмсартатын немесе ауырлататын мән-жайлар;
5) әкiмшiлiк құқық бұзушылықтан келген залалдың сипаты мен мөлшерi;
6) әкiмшiлiк жауаптылықтан босатуға алып келетiн мән-жайлар;
7) әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайлар, сондай-ақ iстiң дұрыс шешiлуi үшiн маңызы бар өзге де мән-жайлар.
606-бап. Әкiмшiлiк жауапқа тартылатын адамның түсiнiктемесi, жәбірленушiнiң және куәнiң жауаптары
1. Өзiне қатысты iс жүргiзiлiп жатқан адамның түсiнiктемесi, жәбірленушiнiң және куәнiң айғақтары аталған адамдардың ауызша немесе жазбаша нысанда хабарлаған, iске қатысы бар мәлiметтерi болып табылады.
2. Өзiне қатысты iс жүргiзiлiп жатқан адамның түсiнiктемесi, жәбірленушiнiң және куәнiң айғақтары әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы немесе iс жүргiзудi қамтамасыз ету шараларын қолдану туралы хаттамада жазылады, қажет болған жағдайда - жауап алу хаттамасымен ресiмделiп, iске тiгiледi.
ҚР 05.12.03 ж. № 506-II Заңымен 607-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
607-бап. Дәлелдеу мiндетi және дәлелдемелер табыс ету
1. Процеске қатысушылар дәлелдемелер табыс етедi.
2. Дәлелдемелердi тараптар және әкiмшiлiк iс жүргiзуге басқа да қатысушылар табыс ете алады.
3. Егер табыс етiлген дәлелдемелер жеткiлiксіз болса, iстi қарап жатқан сот немесе орган процеске қатысушыларға қосымша дәлелдемелер табыс етуге не оларды өз бастамашылығымен жинауға ұсыныс жасауы мүмкiн.
608-бап. Дәлелдеуден босатудың негiздерi
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықты қарауға уәкiлеттi сот, орган (лауазымды адам) жалпыға бірдей белгiлi деп таныған мән-жайлар дәлелдеудi қажет етпейдi.
2. Азаматтық iс бойынша соттың күшiне енген шешiмiмен немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы өзге iс бойынша соттың қаулысымен анықталған мән-жайлар, нақ сол адамдар қатысқан, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы басқа iстердi қараған кезде дәлелдеудi қажет етпейдi.
3. Егер тиiстi құқықтық рәсiм шеңберiнде керiсiнше жағдайлар анықталмаса, мына мән-жайлар дәлелдемелерсіз анықталған болып есептеледi:
1) осы заманғы ғылымда, техникада, өнерде, қолөнерiнде жалпыға бірдей қабылданған зерттеу әдiстерiнiң дұрыстығы;
2) адамның заңды бiлуi;
3) адамның өзiнiң қызметтiк және кәсiби мiндеттерiн бiлуi;
4) олардың болуын растайтын құжатын табыс етпеген және арнаулы даярлықтан өткен немесе білім алған оқу орнын немесе басқа мекеменi көрсетпеген адамның арнаулы даярлығының немесе білімiнiң жоқтығы.
609-бап. Дәлелдемелермен қамтамасыз ету
1. Өздерiне қажеттi дәлелдемелердi табыс ету мүмкiн болмайды деп немесе қиынға түседi деп қауiптенуге негiзi бар тараптар әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарап жатқан судьяға, органға (лауазымды адамға) осы дәлелдемелермен қамтамасыз ету туралы өтiнiш жасай алады.
2. Дәлелдемелермен қамтамасыз ету ұйымдардан, олардың iске қатысуына қарамастан, құжаттар, мәлiметтер және қорытындылар табыс етудi, сараптама жүргiзудi, болған жердi тексерiп, қарауды талап ету жолымен және өзге де әдiстермен жүргiзiледi.
610-бап. Дәлелдемелермен қамтамасыз ету туралы арыз
1. Дәлелдемелермен қамтамасыз ету туралы арызда қамтамасыз етiлуi қажет дәлелдемелер; растау үшiн бұл дәлелдемелердi қажет ететiн мән-жайлар; арыз берушiнi қамтамасыз ету туралы өтiнiш жасауға итермелеген себептер, сондай-ақ бұл дәлелдемелердi қажет етiп отырған iс көрсетiлуге тиiс.
2. Арыз әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарап жатқан сотқа, органға (лауазымды адамға) берiледi.
2010.20.01. № 241-ІV ҚР Заңымен 611-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
611-бап. Сараптама тағайындау және жүргiзу
1. Iс үшiн маңызы бар мән-жайлар сарапшының арнаулы ғылыми білім негiзiнде жүргiзетiн iс материалдарын зерттеуi нәтижесiнде алынуы мүмкiн болған кезде, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан судья, орган (лауазымды адам) сот сараптамасын тағайындайды.
2. Iсте ведомстволық инспекциялардың түгендеу, тексеру актілерінiң, қорытындыларының, сондай-ақ мамандардың iс жүргiзу әрекеттерi барысында атқарған зерттеулерiнiң нәтижелерi бойынша жасалған ресми құжаттарының болуы нақ сол мәселелер бойынша сараптама жүргiзу мүмкiндiктерiн жоққа шығармайды.
3. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан судья, орган (лауазымды адам) тараптардың өтiнiшi бойынша немесе өз бастамашылығымен сараптама тағайындай алады.
4. Сараптама жүргiзу сараптама органдарының қызметкерлерiне не осы Кодекстiң 597-бабының талаптарын қанағаттандыратын өзге адамдарға тапсырылуы мүмкiн. Сараптама жүргiзу тараптар ұсынған адамдардың арасынан біреуiне тапсырылуы мүмкiн. Сараптама жүргiзу тапсырылған адамды шақыруы туралы судьяның, лауазымды адамның талабы аталған адам жұмыс iстейтiн ұйымның басшысы үшiн мiндеттi.
5. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi жүргiзiп жатқан судья, орган (лауазымды адам) сараптама тағайындау туралы ұйғарым шығарады, онда мыналар көрсетiледi:
1) судьяның, лауазымды адамның аты-жөнi, соттың, органның атауы;
2) сараптаманың тағайындалған уақыты, орны;
3) сараптама тағайындаудың негiзi;
4) сарапшының аты-жөнi немесе сараптама жүргiзiлуге тиiс сараптама органының атауы;
5) сарапшының алдына қойылған мәселелер;
6) сарапшының билiгiне берiлетiн материалдардың тiзбесi.
6. Күрделi сараптамалық зерттеулер жүргiзу үшiн бір мамандықтағы кемінде екі сарапшы жүргiзетiн комиссиялық сараптама тағайындалуы мүмкiн.
7. Егер iс үшiн маңызы бар мән-жайларды анықтауға білімнiң әртүрлi салалары негiзiнде зерттеулер жүргiзу қажет болса, әртүрлi мамандықтағы сарапшылар өз құзыреті шегінде жүргiзетiн кешендi сараптама тағайындалады.
8. Сараптама тағайындау туралы ұйғарымды орындау үшін жібергенге дейін сот сараптамасын тағайындаған орган (лауазымды адам) өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізілетін адамды және жәбірленушіні онымен таныстыруға, оларға:
сарапшыдан бас тарту және сот сараптамасы органын сараптама жүргізуден шеттету туралы өтініш мәлімдеу;
өздері атаған адамдарды немесе нақты сот сараптамасы органдарының қызметкерлерін сарапшы ретінде тағайындау туралы, сондай-ақ сараптаманы сарапшылар комиссиясының жүргізуі туралы өтініш жасау;
сарапшының алдына қосымша мәселелер қою туралы немесе қойылған мәселелерді нақтылау туралы өтініш жасау;
сараптама жүргізуге кедергі келтіретін жағдайларды қоспағанда, сот сараптамасын тағайындаған органның (лауазымды адамның) рұқсатымен сараптама жүргізу кезінде қатысу, сарапшыға түсініктемелер беру;
сот сараптамасын тағайындаған органға (лауазымды адамға) келіп түскеннен кейін сарапшының қорытындысымен не қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы хабарламамен танысу, өз ескертпелерін ұсыну, қосымша немесе қайталама сараптама тағайындау, жаңа сараптамалар тағайындау туралы өтініштер мәлімдеу құқықтарын түсіндіруге міндетті.
Жәбірленушілерге сараптама олардың жазбаша келісімімен ғана жүргізіледі. Егер осы адамдар кәмелетке толмаса немесе сот оларды әрекетке қабілетсіз деп таныса, сараптама жүргізуге жазбаша келісімді олардың заңды өкілдері береді.
9. Сарапшы (сарапшылар) өздерiнiң атынан сараптама жүргiзу нәтижелерi бойынша осы Кодекстiң 612-бабының талаптарына сәйкес жасаған қорытындыны бередi және оны сараптама тағайындаған судьяға, органға (лауазымды адамға) жiбередi.