2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді)
4. Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат беру үшін І санат объектілерін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері арасында бөлуді Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен критерийлерге сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
72-бап. Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алу үшін табыс етілетін материалдар
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
1. Табиғат пайдаланушы қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алу үшін рұқсат беретін органға қажетті құжаттар топтамасын табыс етеді.
2. І және II санаттағы объектілері бар табиғат пайдаланушылар үшін қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алу үшін құжаттар топтамасы:
1) рұқсат алуға өтінімді;
2) қоршаған ортаға әсерді бағалау жөніндегі бөлімі бар, белгіленіп отырған қызмет жобасына мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын;
3) пайдаланылатын технологиялық шешімдердің қысқаша сипаттамасын;
4) қоршаған орта сапасының экологиялық нормативтері немесе мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы бар қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері негізінде белгіленген тәртіппен есептелген эмиссиялар нормативтерінің жобасын;
5) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын;
6) өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасының жобасын;
7) шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрлерін жүзеге асыратын табиғат пайдаланушылар үшін міндетті экологиялық сақтандыру шартының нотариалды куәландырылған көшірмесін қамтиды.
3. III санаттағы объектілері бар табиғат пайдаланушылар үшін қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алу үшін құжаттар топтамасы:
1) рұқсат алуға өтінімді;
2) қоршаған орта сапасының экологиялық нормативтері немесе мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы бар қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері негізінде белгіленген тәртіппен есептелген эмиссиялар нормативтерінің жобасын;
3) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын;
4) өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасының жобасын;
5) шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрлерін жүзеге асыратын табиғат пайдаланушылар үшін міндетті экологиялық сақтандыру шартының нотариалды куәландырылған көшірмесін қамтиды.
4. IV санаттағы объектілері бар табиғат пайдаланушылар үшін қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алу үшін құжаттар топтамасы:
1) 2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен алып тасталды (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
2) қолданылатын техникалық шешімдер, кәріз, желдеткіш, қалдықтарды шығару, көлік құралдарын пайдалану туралы ақпарат бар хабарлау декларациясын қамтиды.
5. Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алуға өтінімнің және хабарлау декларациясының нысанын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
73-бап. Қоршаған ортаға эмиссиялар үшін рұқсатқа енгізілетін табиғат пайдалану шарттары
1. Табиғат пайдаланушының Қазақстан Республикасында жүзеге асыратын қызмет түрлері үшін арнаулы экологиялық талаптар мен нормалар қабылданған болса, қоршаған ортаға эмиссиялар үшін рұқсатқа осы талаптар мен нормалардың орындалуын қамтамасыз ететін табиғат пайдалану шарттары енгізілуі мүмкін.
2. Қоршаған ортаға эмиссиялар үшін рұқсатқа табиғат пайдаланудың белгілі бір шарттарын енгізу туралы шешімді рұқсат берген органдар қабылдайды.
3. Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында белгіленген экологиялық талаптар мен нормаларда көзделмеген табиғат пайдалану шарттарын қоршаған ортаға эмиссиялар үшін рұқсатқа енгізуге тыйым салынады.
4. Қоршаған ортаға эмиссиялар үшін рұқсатқа табиғат пайдалану шарттарын енгізу тәртібін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
74-бап. Қоршаған ортаға эмиссиялар үшін өтінімдер беру, қарау және рұқсат беру мерзімдерi
1. Өтінімдер беру қолданыстағы рұқсат мерзімі аяқталғанға дейін не жаңа объект пайдалануға берілгенге дейін төрт айдан кешіктірілмей жүзеге асырылады.
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
2. Рұқсат беретін орган өтінім тіркелген кезден бастап бір айдан аспайтын мерзімде өтінімді табыс етілген материалдардың толықтығы және осы Кодекстің талаптарына сәйкестігі тұрғысында қарайды. Осы мерзімнің ішінде табыс етілген өтінім бойынша қосымша құжаттар сұратылып алынуы мүмкін.
Осы мерзім өткеннен кейін өтінім қарауға қабылданады не табыс етілген материалдардың жеткіліксіздігі салдарынан және (немесе) оның осы Кодекстің талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты қабылданбайды.
Өтінім қабылданбаған жағдайда табиғат пайдаланушыға қабылданбаудың себептері дәлелді түрде негізделіп, бас тарту жіберіледі.
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
3. Қабылданған өтінімдерді рұқсат беретін орган өтінім тіркелген күннен бастап төрт айдан аспайтын мерзімде қарайды. Қарау қорытындылары бойынша қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат беріледі.
75-бап. Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат беру үшін негіздер
1. Табиғат пайдаланушыға І және II санаттағы объектіге мына шарттар сақталған жағдайда:
1) осы Кодекстің 72-бабына сәйкес қажетті құжаттар мен материалдар табыс етілсе;
2) қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерінің жобасы осы Кодекстің талаптарына сәйкес келсе;
3) қоршаған ортаға әсерді бағалау материалдары қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерінің және табиғат пайдалану шарттарының Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында белгіленген экологиялық талаптар мен нормаларға сәйкес келетінін растаса;
4) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында белгіленген экологиялық талаптар мен нормаларға сәйкес келсе және қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтеріне қол жеткізуді қамтамасыз етсе;
5) өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасы осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес келсе, қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат берілуге тиіс.
2. Табиғат пайдаланушыға III санаттағы объектіге, егер:
1) осы Кодекстің 72-бабына сәйкес қажетті құжаттар мен материалдар табыс етілсе;
2) қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерінің жобасы осы Кодекстің талаптарына сәйкес келсе;
3) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында белгіленген экологиялық талаптар мен нормаларға сәйкес келсе және қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтеріне қол жеткізуді қамтамасыз етсе;
4) өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасы осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес келсе, қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат берілуге тиіс.
2011.10.01. № 383-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Егер табиғат пайдаланушы хабарлау декларациясын табыс етсе, оған IV санаттағы объектіге қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат берілуге тиіс.
76-бап. Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаттардың қолданылу мерзімдерi
Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаттар қолданыстағы рұқсатта көрсетілген, қолданылатын технологиялар мен табиғат пайдалану шарттары өзгергенге дейін, бірақ:
1) табиғат пайдаланушылар үшін І санаттағы объектіге үш жылдан аспайтын;
2) табиғат пайдаланушылар үшін II, III және IV санаттағы объектілерге бес жылдан аспайтын мерзімге беріледі.
77-бап. Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат беруден бас тарту, оны тоқтата тұру және жою
1. Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат беретін органдар мынадай жағдайларда:
1) рұқсат алу үшін табыс етілген материалдар толық емес және дұрыс емес болғанда;
2) сұратылған табиғат пайдалану шарттары осы Кодекстің 73-бабында көрсетілген талаптарға сәйкес келмегенде, рұқсат беруден бас тартуы мүмкін.
2011.10.01. № 383-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат берген орган мынадай жағдайларда:
1) табиғат пайдаланушылардың дұрыс емес деректерді табыс ету фактілері, оның ішінде қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерін есептеуге байланысты қателіктер анықталғанда;
2) табиғат пайдаланушылар рұқсатта көрсетілген табиғат пайдалану шарттарын, Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында белгіленген экологиялық талаптар мен нормаларды бұзғанда, рұқсаттың қолданылуын үш айға дейінгі мерзімге тоқтатылады.
3. Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсатты берген органдар мынадай жағдайларда:
1) табиғат пайдаланушылар рұқсатта көрсетілген табиғат пайдалану шарттарын, Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында белгіленген экологиялық талаптар мен нормаларды ұдайы (рұқсаттың қолданылу мерзімі ішінде 3 реттен астам) бұзғанда;
2) рұқсаттың қолданылуы тоқтатыла тұруға қатысты жолсыздықтар белгіленген мерзімде жойылмағанда;
3) қоршаған ортаға елеулі залал келтірілгенде және халықтың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігіне қатер төнгенде;
2011.10.01. № 383-IV ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) қоршаған ортаға эмиссияларға жаңа рұқсат ресімделіп, берілгеннен кейін оны жою жөнінде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шаралар қолданады.
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
4. Рұқсат беретін органның рұқсатты тоқтата тұруы немесе жоюы осы баптың 2 және 3-тармақтарында көрсетілген жағдайлар туындаған кезден бастап бір ай мерзім ішінде табиғат пайдаланушыға қабылданған шешімнің себептері және (немесе) оларды жою мерзімдері туралы жазбаша түрде хабарлама беру арқылы жүзеге асырылады. Хабарламаны алу арнайы табиғат пайдалану құқығын жүзеге асыруды тоқтатуға әкеп соғады.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы баптың 7 және 8-тармақтарында көрсетілген жағдайлар анықталған кезден бастап бір ай мерзім ішінде жергілікті атқарушы органдар берген қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсатты табиғат пайдаланушыға және жергілікті атқарушы органға қабылданған шешімнің себептері және (немесе) оларды жою мерзімдері туралы жазбаша түрде хабарлама беру арқылы тоқтата тұрады және жояды.
5. Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат жаңа рұқсат берілген күннен бастап жойылады.
6. Табиғат пайдаланушы хабарламада көрсетілген жолсыздықтарды жойған жағдайда рұқсаттың қолданылуын тоқтата тұру жөнінде шешім қабылдаған органның жазбаша растауы негізінде рұқсаттың қолданылуы жаңғыртылады.
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді)
7. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган қоршаған ортаға эмиссияларға жергілікті атқарушы органдар берген рұқсаттың қолданысын:
1) жергілікті атқарушы органдар қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсатты Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұза отырып берген;
2) жергілікті атқарушы органдар қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсатты тоқтата тұру жөнінде белгіленген тәртіппен шаралар қолданбаған жағдайларда тоқтата тұрады.
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 8-тармақпен толықтырылды (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді)
8. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган қоршаған ортаға эмиссияларға жергілікті атқарушы органдар берген рұқсаттың қолданысын жергілікті атқарушы органдар қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсатты белгіленген тәртіппен жою жөнінде шаралар қолданбаған жағдайда жояды.
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 9-тармақпен толықтырылды (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді)
9. Осы баптың 7 және 8-тармақтарында көрсетілген қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаттың қолданысын тоқтата тұру және жою осы бапта көзделген тәртіппен, рұқсаттың қолданысымен шектелген мерзімдерде жүзеге асырылады.
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 10-тармақпен толықтырылды (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді)
10. Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат беруден бас тартуға байланысты даулар мен келіспеушіліктер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаралады.
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 78-бап жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
78-бап. Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсатты қайта ресімдеу тәртібі
1. Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсатты қайта ресімдеу табиғат пайдаланушы атауын немесе ұйымдастыру-құқықтық нысанын өзгерткен, қайта ұйымдастырылған жағдайда және қоршаған ортаға ауыртпалықты арттыруға әкеп соқпайтын өзге де жағдайларда жүзеге асырылады.
2. Рұқсатты қайта ресімдеу мына құжаттар болған кезде жүзеге асырылады:
1) рұқсатты қайта ресімдеуге өтінім;
2) заңды тұлғаны тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлік;
3) салық төлеушінің куәлігі;
4) 2010.19.03. № 258-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
79-бап. Кешенді экологиялық рұқсат
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
1. Кешенді экологиялық рұқсат табиғат пайдаланушының ең озық қолжетімді технологияларды енгізу және Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында белгіленген эмиссиялардың техникалық үлес нормативтерін сақтау шартымен қоршаған ортаға эмиссияларды жүзеге асыру құқығын куәландыратын біртұтас құжат болып табылады.
Кешенді экологиялық рұқсаттарды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган береді.
2. Өнеркәсіптің жекелеген процестері мен салалары үшін ең озық қолжетімді технологиялар тізбелерін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мүдделі орталық атқарушы органдардың, басқа да заңды тұлғалардың қатысуымен әзірлейді және оларды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
3. Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаттардың орнына кешенді экологиялық рұқсаттар алынуы мүмкін өнеркәсіп объектілері типтерінің тізбесін және оларды беру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
4. Кешенді экологиялық рұқсат осы Кодекстің 70-бабында көрсетілген ақпаратпен қатар мыналарды:
1) шикізат пен энергияны үнемді пайдалану шарттарын;
2) қалдықтарды басқару жүйесін;
3) қоршаған ортаға қауіп төндіретін жағдайларда объектіні пайдалану жөніндегі іс-әрекеттер мен шараларды;
4) ең озық қолжетімді технологияларды енгізу мерзімдері мен шарттарын қамтуға тиіс.
5. Кешенді экологиялық рұқсат осы рұқсатта көрсетілген қолданылатын технологиялар мен табиғат пайдалану жағдайлары өзгерген кезге дейін қолданылады.
9-тарау. Экологиялық аудит
80-бап. Экологиялық аудит
1. Экологиялық аудитормен немесе экологиялық аудиторлық ұйыммен экологиялық аудит жүргізуге шарт жасасқан жеке немесе заңды тұлға аудиттелетін субъект болып табылады.
2. Экологиялық аудит аудиттелетін субъектілердің қоршаған ортаға әсер ету туралы есептілігіне талдау жасау жолымен жүргізіледі.
3. Экологиялық аудитті жүргізу кезінде:
1) қоршаған ортаға әсер туралы ұсынылған есептіліктің дұрыстығын тексеру;
2) өндірістік-технологиялық процестің экологиялық талаптарға сәйкес келуін бағалау;
3) өндірістік мониторинг пен бақылау жүйесінің экологиялық талаптарға сәйкес келуін бағалау;
4) қызметкерлердің біліктілік деңгейін бағалау мақсатында арнайы зерттеулер мен өлшемдер жасалуы мүмкін.
4. Экологиялық аудиторлар, экологиялық аудиторлық ұйымдар және аудиттелетін субъектілер арасындағы қарым-қатынастар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес экологиялық аудит жүргізуге арналған шарттың негізінде туындайды.
81-бап. Экологиялық аудит түрлері және оны жүргізу үшін негіздер
1. Міндетті аудит және бастамашылық аудит экологиялық аудиттің түрлері болып табылады.
2. Жеке және заңды тұлғаларға қатысты міндетті экологиялық аудит жүргізуге:
1) жеке және заңды тұлғалардың шаруашылық және өзге де қызметінен қоршаған ортаға келтірілген, құжат бойынша расталған елеулі залал;
2) шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрлерін жүзеге асыратын табиғат пайдаланушыны заңды тұлғаны қосу, бөлу және бөліп шығару түрінде қайта ұйымдастыру;
3) шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрлерін жүзеге асыратын табиғат пайдаланушы - заңды тұлғалардың банкроттыққа ұшырауы негіз болып табылады.
3. Бастамашылық экологиялық аудит бастамашының және экологиялық аудитордың немесе экологиялық аудиторлық ұйымның арасындағы экологиялық аудитті жүргізуге арналған шартта көзделген экологиялық аудиттің нақты міндеттері, мерзімдері мен көлемі ескеріле отырып, аудиттелетін субъектінің не оған қатысушының бастамасы бойынша жүргізіледі.
4. Мүдделі жеке және (немесе) заңды тұлғалар, сақтандыру ұйымдары, инвесторлар, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және өзге де мемлекеттік органдар экологиялық аудитке тапсырыс берушілер болуы мүмкін.
82-бап. Экологиялық аудитті жүргізу
1. Экологиялық аудит экологиялық аудитті жүргізу жоспарына сәйкес жүргізіледі, оны экологиялық аудитор осы баптың 2-тармағының талаптарын ескере отырып жасайды және ол тапсырыс берушімен және аудиттелетін субъектімен келісіледі. Экологиялық аудит жүргізуді жоспарлау кезінде тараптар экологиялық аудиторлар палатасы бекіткен, ұсынымдық сипатта болатын экологиялық аудитті жүргізу жоспарының үлгілік нысанын басшылыққа алады.
2. Экологиялық аудитті жүргізудің сатылары мыналар:
1) аудиттелетін субъектімен алдын ала танысу;
2) аудит жүргізу жоспарын әзірлеу;
3) қажетті ақпаратты жинау және жүйелеу;
4) аудиттелетін субъектіні қарап тексеру және оның қызметкерлеріне сауал жүргізу;
5) арнайы зерттеулер көлемін айқындау;
6) арнайы зерттеулер жүргізу;
7) экологиялық тәуекелдерді айқындау;
8) экологиялық қауіпсіздік деңгейін арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
9) экологиялық аудиторлық есеп жасау болып табылады.
3. Экологиялық аудит жүргізудің жоспарын әзірлеу үшін экологиялық аудитор аудиттелетін субъектінің ерекшеліктерімен алдын ала танысады.
4. Қажетті ақпаратты жинау мен жүйелеу аудиттелетін субъектіде және өзге де ұйымдарда жүргізіледі. Ақпарат құрамына:
1) қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілердің аудиттелетін субъектінің қызметіне қатысты талаптары;
2) аудиттелетін субъект орналасқан ауданның картасы және карта-схемасы;
3) егер бар болса, аэрофотосуреттердің нәтижелері;
4) аудиттелетін субъектіні басқарудың әкімшілік құрылымы;
5) егер бар болса, аудиттелетін субъектідегі қоршаған ортаны қорғау қызметі туралы ереже;
6) экологиялық рұқсат;
7) аудиттелетін субъектінің қоршаған ортаны қорғау бойынша соңғы бес жылдағы есебі;
8) өндірістік экологиялық бақылауды жүргізу жөніндегі есептілік;
9) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның соңғы үш жылда тексерулер жүргізуі туралы хаттамалардың көшірмелері;
10) егер бар болса, аудиттелетін субъектінің қоршаған ортаны қорғау саласындағы бағдарламасы;
11) апатты жағдайлардың алдын алу және олардың зардаптарын жою жөніндегі іс-шаралар жоспары;
12) қабылданған толықтырулармен қоса, аудиттелетін субъектінің қоршаған ортаға әсер етуін бағалау;
13) шығарындыларды, төгінділерді түгендеу жөніндегі ағымдағы кезеңдегі есеп;
14) жол берілетін шекті шығарындылар мен төгінділердің, қалдықтарды орналастырудың ағымдағы кезеңде қолданыста болатын нормативтерінің жобалары;
15) субъект қызметінің экологиялық-экономикалық аспектілері туралы деректер;
16) бұған дейінгі экологиялық аудиторлық есептердің көшірмелері;
17) аудиттелетін субъектінің әсері болатын аудандағы мемлекеттік экологиялық мониторингтің деректері;
18) аудиттелетін субъектінің қызметіне байланысты азаматтардың және қоғамдық бірлестіктердің өтініштері туралы мәліметтер кіреді.
5. Аудиттелетін субъектіні қарап тексеру және оның қызметкерлеріне сауал жүргізу құжаттаманың аудиттелетін субъектінің нақты жай-күйіне сәйкес келуін бағалау, аудиттелетін субъект мамандарының біліктілігін айқындау, аудиттелетін субъект қызметінің тиімділігін жақсарту үшін ұсыныстар әзірлеу мақсатында жүргізіледі.
6. Қарап тексеру барысында:
1) аудиттелетін субъектінің жоспар-схемаға және жалпы технологиялық сипаттамаға сәйкес келуі;
2) аудиттелетін субъектінің құжаттамасында қоршаған ортаға әсер ету көздері көрсетілуінің толымдылығы;
3) аудиттелетін субъектінің ықтимал әсер ету аумағының жай-күйі;
4) қоршаған ортаға ықтимал әсер ету туралы құжаттамаға енгізілмеген мән-жайлардың болуы;
5) өндірістік объектілерде есепке алу және өзге де қажетті құжаттаманың болуы мен толымдылығы;
6) объектіні пайдалану процесінде қоршаған ортаны қорғау жөніндегі техникалық талаптардың сақталуы;
7) өндірістік экологиялық бақылауды жүргізуге қойылатын талаптардың сақталуы анықталуға тиіс.
7. Аудиттелетін субъектінің қызметкерлеріне сауал қою барысында:
1) қоршаған ортаны қорғау үшін мәні бар мәселелер бойынша қызметкерлердің біліктілік деңгейі;
2) есептілік құжаттаманы жүргізудің объективті болуын растау үшін қажетті ақпарат;
3) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі нормативтік құқықтық актілер талаптарының бұзылу жағдайлары және оларды болдырмау жөніндегі шаралар туралы мәліметтер;
4) аудиттелетін субъектінің болашақта шаруашылық және өзге де қызметті одан әрі жүзеге асыруы кезінде экологиялық талаптардың бұзылу ықтималдығы;
5) қоршаған ортаны қорғауды жетілдіру жөніндегі инженерлік бастамалардың болуы анықталуға тиіс.
8. Арнайы зерттеулерді экологиялық аудиторлар мен экологиялық аудиторлық ұйымдар мынадай жағдайда:
1) өндірістік экологиялық бақылауды жүргізу жөніндегі есептілікті растау қажет болғанда;
2) қоршаған ортаға әсердің құжаттамаға енгізілмеген көздері анықталғанда;
3) аудиттелетін субъекті қызметінің қоршаған ортаға және халықтың денсаулық жағдайына теріс әсер ету салдарлары туралы мән-жайлар болғанда жүргізеді.
9. Қажет болғанда, зерттеулер:
1) шығарындылар (төгінділер) көздерінде жүргізілетін өлшеулерді, қалдықтар үлгілерін зерттеуді;
2) аудиттелетін субъектінің ықпалды әсер ету аймағында қоршаған ортаның ластануын өлшеулерді;
3) аудиттелетін субъектінің ықпалды әсер ету аймағында өсімдіктердің, жануарлар дүниесінің, экожүйелердің және халық денсаулығының жай-күйін зерделеуді қамтиды.
10. Арнайы зерттеулерді жүргізу үшін қоршаған ортаның жай-күйін айқындайтын аккредиттелген зертханалар тартылуға тиіс.
11. Аудиттелетін субъектінің экологиялық тәуекелдерін айқындау:
1) құжаттама мен есептердің байқалатын ағымдағы жай-күйге сәйкестігін талдау;
2) аудиттелетін субъект қызметінің өсімдіктерге, жануарлар дүниесіне, экожүйелерге және халық денсаулығының жай-күйіне ықтимал салдарларын бағалау, соның ішінде қоршаған орта сапасының бұзылуынан туындаған аурулар мен өлім-жітім жағдайларын талдау;
3) қоршаған орта үшін теріс салдарларға әкеп соғуы мүмкін аудиттелетін субъектідегі авариялық жағдайлардың ықтималдылығын немесе технологиялық регламенттен өзге де ауытқуларды айқындау жолымен жүргізіледі.
12. Аудиттелетін субъектінің экологиялық қауіпсіздігі деңгейін арттыру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу:
1) осы сияқты объектілер үшін пайдаланылатын ең үздік қолжетімді технологияларды;
2) қоршаған ортаны қорғауды басқару жүйесін жақсарту жөніндегі ықтимал шараларды;
3) өндірістік экологиялық бақылауды жетілдіру тәсілдерін;
4) экологиялық нормативтер мен талаптарды өзгерту жөніндегі ұсыныстарды зерделеу негізінде жүргізіледі.
83-бап. Міндетті экологиялық аудитті жүргізу туралы шешім
1. Міндетті экологиялық аудитті жүргізу туралы шешімді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы Кодекстің 81-бабының 2-тармағында көзделген мән-жайлар белгіленген кезден бастап бір ай мерзім ішінде қабылдайды.
2. Міндетті аудит жүргізу туралы шешім міндетті экологиялық аудит туралы қорытынды түрінде ресімделеді.
3. Міндетті экологиялық аудит туралы қорытындының нысанын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
4. Қорытындыда:
1) аудиттелетін субъектінің тегі, аты, әкесінің аты немесе толық атауы;
2) аудиттелетін субъектінің орналасқан жері;
3) аудиттелетін субъектінің шаруашылық және өзге де қызметімен байланысты қоршаған орта үшін ықтимал тәуекелдердің сипаты;
4) міндетті экологиялық аудитті жүргізуге негіз;
5) міндетті экологиялық аудиттің қорытындысын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға табыс ету мерзімі көрсетілуге тиіс.
5. Міндетті экологиялық аудит туралы қорытынды аудиттелетін субъектінің басшысына жолданады.