45-бап. Азаматтық іс жүргізу құқық қабілеттілігі
Азаматтық іс жүргізу құқықтары мен міндеттеріне ие болу қабілеттілігі (азаматтық іс жүргізу құқық қабілеттілігі) материалдық құқық субъектілері болып табылатын барлық азаматтар мен ұйымдар үшін бірдей дәрежеде танылады.
2010.29.12. № 374-IV ҚР Заңымен 46-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
46-бап. Азаматтық іс жүргізу әрекет қабілеттілігі
1. Сотта құқықтарын өз іс-әрекеттерімен жүзеге асыру және міндеттерін орындау, іс жүргізуді өкілге тапсыру қабілеттілігі (азаматтық іс жүргізу әрекет қабілеттілігі) он сегіз жасқа толған азаматтарда және ұйымдарға толық көлемде болады.
2. Он төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ әрекет қабілеті шектеулі деп танылған азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін сотта олардың ата-аналары немесе өзге де заңды өкілдері қорғайды, алайда сот мұндай істерге кәмелетке толмағандардың немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған азаматтардың өздерін және прокурорды тартуға міндетті.
3. Он төрт жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ әрекет қабілеттілігі шектеулі деп танылған азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін сотта олардың заңды өкілдері, прокурор қорғайды.
4. Заңда көзделген жағдайларда, азаматтық, отбасылық, еңбек, кооперативтік, әкімшілік және өзге де құқық қатынастарынан және тапқан табысына немесе кәсіпкерлік қызметтен түскен кірістеріне билік етуге байланысты мәмілелерден туындайтын істер бойынша он төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың өз құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін сотта өз басы қорғауға құқығы бар. Кәмелетке толмағандарға көмек көрсету үшін кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерін мұндай істерге қатысуға тарту соттың қалай шешуіне байланысты.
47-бап. Іске қатысушы тұлғалардың құқықтары мен міндеттері
1. Іске қатысушы тұлғалардың іс материалдарымен танысуға, олардан үзінділер жазып алуға және көшірмелер түсіруге; қарсылықтарын мәлімдеуге; дәлелдеме табыс етуге және оларды зерттеуге қатысуға; іске қатысушы басқа адамдарға, куәлерге, сарапшылар мен мамандарға сұрақтар қоюға; өтініш жасауға, соның ішінде қосымша дәлелдеме талап ету туралы өтініш жасауға; сотқа ауызша және жазбаша түсініктемелер беруге; сот процесі барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерін келтіруге; іске қатысушы басқа тұлғалардың өтініштері мен дәлелдеріне қарсылық білдіруге; сот жарыссөздеріне қатысуға; сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған жазбаша ескертпелер беруге; соттың шешімі мен ұйғарымына шағымдануға; азаматтық сот ісін жүргізу туралы заңдарда берілген басқа да іс жүргізу құқықтарын пайдалануға құқығы бар. Олар өздеріне берілген барлық іс жүргізу құқықтарын адал пайдалануға тиіс.
2. Іске қатысушы адамдар, орындалмауы азаматтық сот ісін жүргізу туралы заңдарда көзделген салдарларды туғызатын жағдайда, өздерінің іс жүргізу міндеттерін атқарады.
48-бап. Тараптар
1. Талап қоюшы мен жауапкер азаматтық процесте тараптар болып табылады. Өз мүдделерін немесе талап қойылған мүдделерді көздеп талап қоюшы азаматтар мен заңды тұлғалар талап қоюшылар болып табылады. Өздеріне қуыным талабы қойылған азаматтар мен заңды тұлғалар жауапкерлер болып табылады.
2. Заңда көзделген жағдайларда заңды тұлғалар болып табылмайтын ұйымдар да тараптар болуы мүмкін.
3. Басқа тұлғалардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінуге заң бойынша құқығы бар адамдардың өтініші бойынша мүдделері қозғалып іс басталған адамға сот пайда болған процесс туралы хабарлайды және ол адам сотқа талап қоюшы ретінде қатысады.
4. Азаматтық процесте мемлекет бір тарап болуы мүмкін.
5. Тараптар іс жүргізу құқықтарын тең пайдаланады және бірдей іс жүргізу міндетін мойынына алады.
2011.28.01. № 402-IV ҚР Заңымен 49-бап өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
49-бап. Талап қоюдың негіздемесі мен нысанасын өзгеру, талап қоюдан бас тарту, талап қоюды тану, бітімгершілік келісім, дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім
1. Талап қоюшы талаптың негіздемесін немесе нысанасын өзгертуге, талап қою талабының мөлшерін ұлғайтуға не азайтуға немесе талап қоюдан бас тартуға құқылы. Талап қоюдың негіздемесі мен нысанасын өзгерту, талап қою талабының мөлшерін ұлғайту немесе азайту, талаптан бас тарту жазбаша өтініш беру жолымен жүргізіледі және оларға бірінші сатыдағы сот шешім қабылдағанға дейін жол беріледі. Жауапкер талап қоюды тануға құқылы, бұл жөнінде одан қолхат алынады. Тараптар істі бітімгершілік келісіммен немесе дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісіммен аяқтай алады, оларға тараптар қол қояды және сот бекітеді.
2. Соттың өз бастамасы бойынша талап қою нысанасын немесе негіздемесін өзгертуге құқығы жоқ. Егер бұл іс-әрекет заңға қайшы келсе немесе басқа біреулердің құқықтарын,бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін бұзатын болса, сот талап қоюшының талап қоюдан бас тартуын, жауапкердің талап қоюды тануын қабылдамайды және тараптардың бітімгершілік келісімін немесе тараптардың дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімін бекітпейді.
50-бап. Іске бірнеше талап қоюшының немесе жауапкердің қатысуы
Талапты бірнеше талап қоюшы бірлесіп қоюы немесе оның бірнеше жауапкерге қойылуы мүмкін. Талап қоюшылардың немесе жауапкерлердің әрқайсысы екінші тарапқа қатысты процесте дербес болады. Тараптар іс жүргізуді тиісінше тең талап қоюшылардың немесе тең жауапкерлердің біреуіне тапсыра алады.
51-бап. Тиісті емес жауапкерді ауыстыру
1. Сот істі дайындау үстінде немесе бірінші сатыдағы сотта оны қарау кезінде талап бойынша жауап беруге тиісті емес адамға талап қойылып отырғанын анықтаса, істі тоқтатпай талап қоюшының өтініші бойынша тиісті емес жауапкерді тиісті жауапкермен ауыстыра алады. Тиісті емес жауапкерді ауыстырғаннан кейін істі дайындау және қарау басынан бастап жүргізіледі.
2. Егер талап қоюшы тиісті емес жауапкерді басқа тұлғамен ауыстыруға келіспесе, сот істі ұсынылған талап қою бойынша қарайды.
52-бап. Даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдейтін үшінші тұлғалар
Даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдейтін үшінші тұлғалар бір немесе екі тарапқа талап қою арқылы бірінші сатыдағы сот шешім шығарғанға дейін процеске кірісе алады. Олар талап қоюшының барлық құқықтарын пайдаланады және оның барлық міндеттерін атқарады.
2011.28.01. № 402-IV ҚР Заңымен 53-бап өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
53-бап. Даудың нысанасына дербес талаптарды мәлімдемейтін үшінші тұлғалар
Даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлғалар, егер іс тараптардың біреуіне қатысы өздерінің құқықтарына немесе міндеттеріне әсер етуі мүмкін болса, іс бойынша бірінші сатыдағы соттың шешімі шыққанға дейін талап қоюшы немесе жауапкер жағында іске кірісе алады. Олар сондай-ақ тараптардың және іске қатысушы басқа адамдардың өтінішімен немесе соттың бастамасымен іске қатысуға тартылуы мүмкін. Дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлғалар тараптардың талап қоюдың негіздемесі мен нысанасын өзгерту, талап қою талабының мөлшерін ұлғайту немесе азайту, сондай-ақ талап қоюдан бас тарту, талап қоюды мойындау не бітімгершілік келісімін, дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді жасау, қарсы талап қою, соттың шешімін мәжбүрлеп орындатуды талап ету құқықтарынан басқа іс жүргізу құқықтарын пайдаланады және іс жүргізу міндетін мойнына алады.
54-бап. Іс жүргізу құқық мирасқорлығы
1. Даулы немесе шешіммен белгіленген құқық қатынастарынан тараптардың біреуі шығып қалған жағдайларда (азаматтың қайтыс болуы, заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы, таратылуы, талапқа жол беру, борышты ауыстыру және материалдық құқық қатынастарындағы тұлғалардың басқа да өзгеру жағдайы) сот ол тарапты оның құқық мирасқорлығымен ауыстырады. Құқық мирасқорлығы процестің кез келген сатысында мүмкін болады.
2. Құқық мирасқоры процеске кіргенге дейін жасалған барлық әрекеттер құқық мирасқоры үшін бұл әрекеттер құқық мирасқоры ауыстырған тұлғаға қаншалықты міндетті болса, сондай шамада міндетті.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2011.28.01. № 402-IV ҚР Заңымен (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 55-бап өзгертілді
55-бап. Прокурордың сот ісін жүргізуге қатысуы
1. Азаматтық сот ісін жүргізуде заңдардың дәлме-дәл және бір үлгіде қолданылуына жоғары қадағалау жүргізу ісін мемлекет атынан Қазақстан Республикасының Бас прокуроры тікелей өзі және өзіне бағынатын прокурорлар арқылы жүзеге асырады.
2010.29.12. № 374-IV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Прокурордың азаматтық сот ісін жүргізуге қатысуы бұл заңда көзделген, прокурордың осы іске қатысу қажеттілігін сот таныған жағдайларда, сондай-ақ прокурордың бастамасы бойынша қозғалған, мемлекеттің мүдделерін қозғайтын, жұмысқа қайтадан алу, жалақыны өндіріп алу, азаматты басқа тұрғын үй-жай берместен тұрғын үйден шығару, өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу туралы істер бойынша міндетті.
Прокурор өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында іс бойынша қорытынды беру үшін және азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін, қоғамдық немесе мемлекеттік мүдделерді қорғау үшін процеске өз бастамасы бойынша немесе соттың бастамасы бойынша қатысуға құқылы.
Прокурордың көрсетілген өкілеттіктері соттың қарауға белгіленген барлық істер туралы уақтылы хабарлауы арқылы қамтамасыз етіледі.
2010.29.12. № 374-IV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Прокурор азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерiн, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн, қоғамдық немесе мемлекеттік мүдделердi қорғау туралы талап қойып, арыз беріп сотқа жүгінуге құқылы. Әлеуметтік саладағы шектелмеген адамдар тобының еңбек, тұрғын үй және өзге де құқықтары мен бостандықтарын қорғау туралы, сондай-ақ әрекетке қабілетсіз азаматтың мүдделерін қорғау үшін прокурор мүдделі адамның өтінішіне және арызына қарамастан талап қоюы мүмкін.
4. Егер талап қоюшы прокурор мәлімдеген талапты қолдамаса, егер үшінші тұлғалардың құқықтары, бостандықтары және заңды мүдделері қозғалмаса, онда сот талап қоюды (арызды) қараусыз қалдырады.
5. Талап қойған прокурор, бітімгершілік келісім және дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасау құқығынан басқа, талап қоюшының барлық іс жүргізу құқықтарын пайдаланады, сондай-ақ барлық іс жүргізу міндеттерін мойнына алады. Прокурордың басқа тұлғаның мүдделерін қорғау үшін талап қоюдан бас тартуы ол тұлғаны істің мәнісі бойынша қарауды талап ету құқығынан айырмайды.
6. Сот қарайтын дауда талап қоюшы немесе жауапкер ретінде прокуратура органдарының мүддесін білдіретін прокурор тараптардың іс жүргізу құқықтары мен міндеттерін пайдаланады.
2011.28.01. № 402-IV ҚР Заңымен 56-бап өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
56-бап. Басқа тұлғалардың құқықтарын, қоғамдық және мемлекеттік мүдделерді қорғау үшін сотқа жүгіну
1. Заңмен көзделген жағдайларда мемлекеттік органдар және жергілікті өзін-өзі басқару органдары, ұйымдар немесе жекелеген азаматтар олардың өтінуімен басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін, сол сияқты қоғамдық немесе мемлекеттік мүдделерді қорғау үшін талап қойып сотқа жүгіне алады. Әрекетке қабілетсіз азаматтың мүддесін қорғау үшін мүдделі адамның өтінішіне қарамастан талап қойылуы мүмкін.
2. Бөгде мүдделерді қорғау үшін талап қойған адамдар, бітімгершілік келісім және дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасау құқығынан басқа, талап қоюшының барлық іс жүргізу құқықтарын пайдаланады және барлық іс жүргізу міндеттерін мойнына алады. Аталған органдар мен адамдардың талап қоюдан бас тартуы мүдделеріне сай іс қозғалған адамды істі мәні бойынша қарауды талап ету құқығынан айырмайды. Егер мүдделеріне сай іс қозғалған адам мәлімделген талапты қолдамаса, үшінші тұлғалардың құқықтарына қысым жасалмаса, сот талап қоюды (арызды) қараусыз қалдырады.
57-бап. Мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының іс бойынша қорытынды беру үшін процеске қатысуы
1. Заңмен көзделген жағдайларда мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары өздеріне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру және азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін, қоғамдық және мемлекеттік мүдделерді қорғау мақсатында іс бойынша қорытынды беру үшін бірінші сатыдағы сот шешім шығарғанға дейін өз бастамашылығы бойынша, іске қатысушы тұлғалардың бастамашылығы бойынша, сондай-ақ соттың бастамашылығы бойынша процеске қатыса алады.
2. Осы бапта көрсетілген органдар өз өкілдері арқылы осы Кодекстің 47-бабында көзделген іске қатысушы адамдардың барлық құқықтарын пайдаланады.
6-тарау. Сотта өкілдік ету
58-бап. Істі өкілдер арқылы жүргізу
1. Азаматтар өз істерін сотта өздері немесе өкілдері арқылы жүргізуге құқылы. Азаматтың іске өзінің қатысуы оның бұл іс бойынша өкілі болу құқығынан айырмайды.
2. Ұйымдардың ісін сотта оларға заңмен, өзге нормативтік құқықтық актілермен немесе құрылтай құжаттарымен берілген өкілеттіктердің шегінде іс-әрекет жасайтын олардың органдары және тиісті өкілеттіктер берілген олардың өкілдері жүргізеді. Заңды тұлғалардың басшылары сотқа олардың қызметтік жағдайын немесе өкілеттіктерін куәландыратын құжаттар береді. Заңды тұлғаның органы тиісті өкілеттік берілген басқа өкілдермен бірге іске қатыса алады.
Сенімхатқа, заңдарға, сот шешімдеріне не әкімшілік актісіне негізделген істі сотта жүргізуге тиісінше ресімделген өкілеттігі бар әрекетке қабілетті кез келген адам сотта өкіл бола алады.
59-бап. Тапсырма бойынша өкілдік ету
Мына адамдар:
1) адвокаттар;
2) заңды тұлғалардың қызметкерлері - осы заңды тұлғалардың істері бойынша;
3) кәсіптік одақтардың уәкілетті адамдары - құқықтары мен мүдделерін қорғауды осы кәсіптік одақтар жүзеге асыратын жұмысшылардың, қызметшілердің, сондай-ақ басқа да адамдардың істері бойынша;
4) заңмен, жарғымен немесе ережемен осы ұйымдар мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау құқығы берілген ұйымдардың уәкілетті адамдары;
5) заңмен, жарғымен немесе ережемен басқа адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғау құқығы берілген ұйымдардың уәкілетті адамдары;
6) басқа тең қатысушылардың тапсырмасы бойынша тең қатысушылардың біреуі;
7) іске қатысушылардың өтінуімен сот рұқсат еткен басқа да адамдар тапсырма бойынша сотта өкіл бола алады.
2009.11.12. № 230-IV ҚР Заңымен 60-бап өзгертілді (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
60-бап. Сотта өкілдер бола алмайтын тұлғалар
1. Судьялар, тергеушілер, прокурорлар мен өкілді органдардың депутаттары, олардың процеске тиісті ұйымдардың уәкілеттік берілген адамдары немесе заңды өкілдер ретінде қатысу жағдайынан басқа жағдайда сотта өкіл бола алмайды.
2. Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет туралы заңнамасының талаптарын бұза отырып, заң көмегін көрсету туралы тапсырма алған адвокаттар сотта өкіл бола алмайды.
3. Адам, егер мүдделері өзі өкіл болып отырған адамның мүдделеріне қайшы келетін адамдарға осы іс бойынша заң көмегін көрсетсе немесе бұрын көрсеткен болса немесе судья, прокурор, сарапшы, маман, аудармашы, куә немесе айғақшы ретінде қатысса, сондай-ақ егер ол істі қарауға қатысушы лауазымды адаммен туыстық қатынастарда болса, өкіл бола алмайды.
2011.28.01. № 402-IV ҚР Заңымен 61-бап өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
61-бап. Өкілдің өкілеттіктері
1. Сотта іс жүргізуге арналған өкілеттік өкілге, талап арызға қол қоюды, істі аралық сотқа беруді не медиация жүргізу туралы келісім жасасуды, талап қою талаптары мен талап қоюды танудан толық немесе ішінара бас тартуды, талап қоюды тануды, талап қоюдың нысанасын немесе негіздемесін өзгертуді, бітімгершілік келісім жасауды, өкілеттіктерді басқа адамға беруді (сенімді басқа біреуге аудару), соттың қаулысына шағым беруді, соттың қаулысын мәжбүрлеп орындатуды талап етуді, берілген мүлікті немесе ақшаны алуды қоспағанда, өкілдік берушінің атынан барлық іс жүргізу әрекеттерін жасауға құқық береді.
2. Өкілдің осы баптың бірінші бөлігінде аталған іс-әрекеттердің әрқайсысын жасауға өкілеттігі өкілдік беруші берген сенімхатта арнайы көзделуі тиіс.
62-бап. Өкілдің өкілдіктерін ресімдеу
1. Өкілдің өкілеттіктері заңға сәйкес берілген және ресімделген сенімхатта көрсетілуге тиіс.
2. Кәсіптік одақтар мен басқа ұйымдардың уәкілеттік берілген адамдары сотқа осы іс бойынша өкілдікті жүзеге асыруға арналған тапсырманы куәландыратын құжаттарды беруі тиіс (осы Кодекстің 59-бабының 3), 4) және 5) тармақшалары).
3. Адвокаттың нақты істі жүргізуге арналған өкілеттігі заң консультациясы немесе адвокаттық кеңсе берген ордермен, ал ол өз қызметін дербес жүргізген жағдайда - адвокат клиентпен жасасқан шартпен куәландырылады.
4. Заңды тұлғаның атынан сенімхатты тиісті заңды тұлғаның басшысы немесе өзге уәкілетті адамы береді.
5. Осы Кодекстің 59-бабының 6) және 7) тармақшаларында аталған өкілдің өкілеттігі сенімхатта немесе сот отырысының хаттамасына кіргізілген сенім білдірушінің сотта берген ауызша түрдегі өтінішінде көрініс табуы мүмкін.
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 63-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
63-бап. Заңды өкілдер
1. Әрекетке қабілетсіз азаматтардың, әрекет қабілетіне толық ие емес немесе әрекетке қабілеті шектеулі деп танылған адамдардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін сотта өздерінің өкілеттіктерін куәландыратын құжаттарды сотқа көрсететін ата-аналары, асырап алушылары, қамқоршылары, қорғаншылары, патронат тәрбиелеушілері немесе оларды алмастыратын басқа да адамдар қорғайды.
2. Хабар-ошарсыз кеткен деп белгіленген тәртіппен танылған азамат қатысуға тиісті іс бойынша, оның өкілі ретінде хабар-ошарсыз кеткен адамның мүлкіне қамқорлықты жүзеге асыратын адам қатысады.
3. Қайтыс болған немесе қайтыс болды деп белгіленген тәртіппен жарияланған адамның мұрагері қатысуға тиісті іс бойынша, егер мұраны әлі ешкім қабылдамаса, мұрагердің өкілі ретінде мұралық мүлікті қорғау мен басқару үшін тағайындалған сақтаушы немесе қамқоршы қатысады.
4. Заңды өкілдер заңда көзделген шектеулермен өкілдік етушілердің атынан жасау құқығы өкілдік берушіге тиесілі барлық іс жүргізу әрекеттерін жасайды. Заңды өкілдер істі сотта жүргізуді басқа өкілге тапсыра алады.
7-тарау. Дәлелдемелер және дәлелдеу
2006.04.07. № 151-III ҚР Заңымен 64-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
64-бап. Дәлелдемелер
1. Заңмен көзделген тәртіпте сот тараптардың талаптары мен қарсылықтарын негіздейтін мән-жайлардың бар-жоғын, сондай-ақ істі дұрыс шешу үшін өзге де маңызы бар мән-жайларды солардың негізінде анықтайтын заңды түрде алынған нақты деректер іс бойынша дәлелдемелер болып табылады.
2. Бұл нақты деректер тараптардың және үшінші тұлғалардың түсініктемелерімен, куәлардың айғақтарымен, заттай дәлелдемелермен, сарапшылардың қорытындыларымен, іс жүргізу әрекеттерінің хаттамаларымен, іс жүргізу әрекеттерінің барысын және нәтижелерін көрсететін сот отырыстары хаттамаларымен және өзге де құжаттармен анықталады.
65-бап. Дәлелдеу міндеті
Әр тарап өзінің талаптарының және қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуі тиіс.
2008.05.07. № 58-IV ҚР Заңымен 66-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
66-бап. Дәлелдемелерді ұсыну
1. Дәлелдемелерді тараптар мен іске қатысушы басқа да тұлғалар береді.
2. Істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мән-жайларды тараптардың және іске қатысушы басқа да тұлғалардың тараптары мен қарсылықтарының негізінде, материалдық және іс жүргізу құқығының қолданылуға тиіс нормаларын ескере отырып, сот анықтайды.
3. Сот тараптарға және іске қатысушы басқа да тұлғаларға істі дұрыс шешу үшін қажетті қосымша дәлелдемелер табыс етуді ұсынуға құқылы.
4. Тараптар мен іске қатысушы басқа да тұлғалар үшін дәлелдемелерді ұсыну қиындық келтірген жағдайда, сот олардың өтініші бойынша дәлелдемелерді сұратып алдыруға жәрдемдеседі.
5. Дәлелдемелерді сұратып алдыру туралы өтінішінде сол дәлелдемелер көрсетілуге, сондай-ақ осы дәлелдеме арқылы іс үшін маңызы бар қандай мән-жайлар анықталатыны немесе бекерге шақырылатыны, дәлелдемені өз бетінше алуға кедергі келтіретін себептер және оның тұрған жері көрсетілуге тиіс.
6. Қажет болған жағдайда сот өтініш берген адамға дәлелдемені алу үшін сұрату береді. Соттың талап еткен дәлелдемесі бар тұлға оны тікелей сотқа жібереді немесе сотқа табыс ету үшін тиісті сұратуы бар адамның қолына береді. Корпоративтік даулар бойынша дәлелдемелерді сот қана талап етуге және олар тікелей сотқа жіберілуге тиіс.
7. Сот дәлелдеме талап еткен, оны жалпы немесе сот белгілеген мерзімде беруге мүмкіндігі жоқ лауазымды немесе өзге тұлға соттың сұратуын алған күннен бастап бес күн мерзім ішінде себебін көрсетіп, бұл туралы сотқа хабарлауға міндетті.
8. Хабарламаған, сондай-ақ егер дәлелдеме беру туралы соттың талабы сот дәлелсіз деп таныған себептер бойынша орындалмаған жағдайда, кінәлі лауазымды немесе іске қатыспайтын өзге де тұлғаларға әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңдарға сәйкес әкімшілік жазаға қолданылады.
9. Әкімшілік жаза қолдану талап етілген дәлелдемесі бар адамды оны сотқа беру міндетінен босатпайды. Соттың талабын қасақана орындамаған жағдайда аталған тұлғалар қылмыстық жауапқа тартылады.
10. Егер тарап сот сұратқан дәлелдемені өзінде ұстап қалса және оны соттың сұратуы бойынша ұсынбаса, ондағы мәліметтер осы тараптың мүдделеріне қарсы бағытталған деп ұйғарылады және ол тарап таныған деп есептеледі.
67-бап. Дәлелдемелердің қатыстылығы
Егер дәлелдеме іс үшін маңызды мән-жайлардың бар екендігі туралы тұжырымдары растайын, теріске шығаратын не оларға күмән келтіретін нақты деректер болса, сот дәлелдемені іске қатысты деп таниды.
68-бап. Дәлелдемелерге жол беру
1. Егер осы Кодексте көзделген тәртіппен алынса, дәлелдемеге жол беруге болады деп танылады.
2. Заң бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуға тиіс істің мән-жайлары ешқандай басқа дәлелдемелермен расталуға тиіс емес.
69-бап. Дәлелдемелер ретінде жол беруге болмайтын нақты деректер
1. Нақты деректер, егер олар заң талаптарын бұза отырып, іске қатысушы тұлғалардың заңмен кепілдік берілген құқықтарынан айыру немесе оларды ығыстыру арқылы немесе істі сотта қарауға дайындау кезінде немесе сотта қарағанда азаматтық процестің өзге де ережелерін бұза отырып, оның ішінде:
1) күш қолдану, қорқыту, алдау, сол секілді өзге де заңсыз іс-әрекеттерді қолдана отырып;
2) оларға түсіндірмеудің, толық немесе дұрыс түсіндірмеудің салдарынан туындаған іске қатысушы адамдардың өз құқықтары мен міндеттеріне қатысты жаңылуын пайдалана отырып;
3) осы азаматтық іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыруға құқығы жоқ адамның іс жүргізу іс-әрекетін жүргізуіне байланысты;
4) қарсылық білдіруге жататын адамның іс жүргізу іс-әрекетіне қатысуына байланысты;
5) іс жүргізу іс-әрекетінің тәртібін айтарлықтай бұза отырып;
6) белгісіз көзден немесе сот отырысында анықтала алмайтын көзден;
7) дәлелдеу барысында қазіргі ғылыми білімге қайшы келетін әдістерді қолдана отырып алынған болса, олар нақты деректердің растығына әсер етсе немесе әсер етуі мүмкін болса, оларды сот дәлелдемелер ретінде пайдалануға жол беруге болмайды деп тануға тиіс.