2. Үкiмдердiң жиынтығы бойынша түпкiлiктi жаза, егер ол бас бостандығынан айырумен байланысты болмаса, осы Кодекстiң Жалпы бөлiміндегі осы жазалау түрi үшiн көзделген жазалардың ең жоғары мерзiмiнен немесе мөлшерiнен аспауы керек.
3. Үкiмдердiң жиынтығы бойынша бас бостандығынан айыру түріндегі түпкiлiктi жаза жиырма бес жылдан аспауы керек. Егер адам үкiмдердiң жиынтығында осы Кодекстiң 58-бабының төртiншi бөлiгiнде аталған қылмыстардың бiреуiн болса да жасаған деп танылған үкiм қамтылатын болса, бас бостандығынан айыру түріндегі үкiмдер жиынтығы бойынша түпкiлiктi жаза отыз жылдан аспауы керек.
4. Үкiмдердiң жиынтығы бойынша түпкiлiктi жаза қайта жасалған қылмыс үшiн тағайындалған жазадан да, соттың оның алдындағы үкімі бойынша тағайындалған жазаның өтелмеген бөлiгiнен де артық болуы тиiс.
5. Үкiмдердiң жиынтығы бойынша жаза тағайындау кезiнде жазалардың қосымша түрлерiн қосу осы Кодекстiң 58-бабында көзделген ережелер бойынша жүргiзiледi.
«Қылмыстық жаза тағайындаған кезде соттардың заңдылықты сақтауы туралы» ҚР Жоғарғы Сотының Нормативтік қаулысын қараңыз
05.05.00 ж. № 47-II ҚР Заңына ; 2009.10.07. № 177-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 61-бап өзгертілді
61-бап. Мерзiмдердi қосу кезiнде оларды белгiлеу тәртібі
1. Қылмыстардың жиынтығы және үкiмдердiң жиынтығы бойынша жазаларды iшiнара немесе толық қосу кезiнде бас бостандығынан айырудың бiр күнiне:
а) абақтыда ұстаудың бір күні;
б) бас бостандығын шектеудiң екi күнi;
в) түзеу жұмыстарының немесе әскери қызмет бойынша шектеудiң үш күнi;
г) қоғамдық жұмыстарға тартудың төрт сағаты сәйкес келедi.
2. Айыппұл салу белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру, арнаулы, әскери немесе құрметтi атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, біліктілік сыныбынан және мемлекеттік наградаларынан айыру, сондай-ақ мүлiктi тәркiлеу оларды бас бостандығын шектеумен, түзеу жұмыстарымен, бас бостандығынан айырумен қосқан кезде дербес орындалады.
«Қылмыстық жаза тағайындаған кезде соттардың заңдылықты сақтауы туралы» ҚР Жоғарғы Сотының Нормативтік қаулысын, «Бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» ҚР Жоғарғы Сотының 2001.19.10. № 15 нормативтік қаулысын қараңыз
05.05.00 ж. № 47-II; 09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара); 2009.10.07. № 177-IV (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 62-бап өзгертілді; 2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 62-бап өзгертілді
62-бап. Жаза мерзiмдерiн есептеу және жазаны есепке алу
1. Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырудың, түзеу жұмыстарының, әскери қызмет бойынша шектеудiң, бас бостандығын шектеудiң, абақтыда ұстаудың, бас бостандығынан айырудың мерзiмi айлармен және жылдармен, ал қоғамдық жұмыстарға тартудың мерзiмi сағатпен есептеледi.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген жазаларды ауыстыру немесе қосу кезiнде, сондай-ақ жазаны есепке алу кезiнде мерзiм күндермен есептелуi мүмкiн.
3. Үкiм заңды күшiне енгенге дейiн қамауда ұстау бас бостандығынан айыру, абақтыда ұстау, түріндегі жаза мерзiмiнiң бiр күнiне бiр күн есебiмен, бас бостандығын шектеу түрiнде ұстауға - екi күнге бiр күн, түзеу жұмыстары мен әскери қызмет бойынша шектеуге - үш күнге бiр күн, ал қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазалау мерзiмiне - қоғамдық жұмыстардың төрт сағаты қамауға ұсталған бiр күн есебiмен есептеледi.
3-1. Үкiм заңды күшiне енгенге дейiн үйде қамауда ұстау уақыты бас бостандығынан айыру, абақтыда ұстау түріндегі жаза мерзiмiнiң бiр күнiне екi күн, бас бостандығын шектеу түрiнде ұстауға - бiр күнге бiр күн, түзеу жұмыстары мен әскери қызмет бойынша шектеуге - екi күнге бiр күн, ал қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазалау мерзiмiне - қоғамдық жұмыстардың екi сағаты үйде қамауда ұстаудың бiр күнi есебiмен есептеледi.
4. Сот үкімі заңды күшiне енгенге дейiн адамды қамауда ұстау уақыты мен Қазақстан Республикасы шегiнен тыс жерлерде жасалған қылмыс үшiн сот үкімімен тағайындалған бас бостандығынан айыру жазасын өтеу уақыты адам осы Кодекстiң 8-бабының негiзiнде ұстап берiлген жағдайда бiр күнге бiр күн есебiмен есептеледi.
5. Сот қарағанға дейiн қамауда ұсталған сотталушы адамға айыппұл, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жазаны тағайындау кезiнде сот қамауда ұсталған мерзiмдi ескере отырып, тағайындалған жазаны жеңiлдетедi немесе оны осы жазаны өтеуден толық босатады.
6. Қылмыс жасалғаннан кейiн психикалық аурумен науқастанған адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған уақыт жаза мерзiмiне есептеледi.
21.12.02 ж. № 363-II (бұр. ред. қара); 2007.08.01. № 210-III (бұр. ред. қара); 2009.10.07. № 177-IV (бұр.ред.қара); 2009.10.12. № 227-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2010.23.11. № 354-IV (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 63-бап өзгертілді; 2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен 63-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
63-бап. Шартты түрде соттау
1. Егер түзеу жұмыстары, әскери қызмет бойынша шектеу, бас бостандығынан айыру жазасын тағайындағанда сот сотталған адамның жазаны өтемей түзелуi мүмкiн деген қорытындыға келсе, ол тағайындалған жазаны шартты деп санауға қаулы шығарады.
2. Шартты түрде соттау қолданылған жағдайда сот жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауiптілік дәрежесiн, айыптының жеке басын, соның iшiнде жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайларды ескередi.
3. Шартты түрде соттау тағайындалған кезде сот сотталған адам мiнез-құлқымен өзiнiң түзелгенiн дәлелдеуге тиiс сынақ мерзiмiн белгiлейдi. Сынақ мерзiмi бiр жылдан үш жылға дейiнгi, ал кәмелетке толмағандарға алты айдан бір жылға дейінгі ұзақтықта тағайындалады.
Шартты түрде сотталғандағы сынақ мерзімі кезеңінде ауыр емес немесе орташа ауыр қылмысты қайталап жасаған кезде де кәмелетке толмағандарға шартты түрде соттау қолданылуы мүмкін.
4. Шартты түрде соттау кезiнде шектеулердің және жазаның мүлiктi тәркiлеуден басқа қосымша түрлерi қолданылуы мүмкiн.
4-1. Шартты түрде соттау кезінде кәмелетке толмаған балаға осы Кодекстің 82-бабында көзделген тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шаралары тағайындалуы мүмкін.
5. ҚР 21.12.02 ж. № 363-II Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
5-1. Сот шартты түрде соттауды тағайындағанда сотталған адамға белгілі бір міндеттерді орындауды: шартты түрде сотталған адамның тәртібін бақылауды жүзеге асыратын мамандандырылған мемлекеттік органға хабарламай тұрақты мекен-жайын, жұмысын, оқуын өзгертпеуді, белгілі бір орындарға бармауды, маскүнемдіктен, нашақорлықтан, уытқұмарлықтан, венерологиялық аурудан немесе ВИЧ/ЖҚТБ-дан емделу курсынан өтуді, отбасына материалдық қолдауды жүзеге асыруды жүктеуі мүмкін. Сот шартты түрде сотталған адамға оның түзелуіне мүмкіндік беретін басқа да міндеттерді орындауды жүктеуі мүмкін.
6. Шартты түрде сотталған адамның мiнез-құлқын бақылауды оған уәкiлдiк берiлген мамандандырылған мемлекеттік орган, ал әскери қызметшiлер жөнiнде әскери бөлiмдер мен мекемелердiң командованиесi жүзеге асырады.
7. ҚР 21.12.02 ж. № 363-II Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
8. Қылмыстардың қауіпті немесе аса қауіпті қайталануы жағдайында адамдарға шартты түрде соттау қолданылмайды.
21.12.02 ж. № 363-II (бұр. ред. қара); 09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара); 2009.10.12. № 227-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2009.10.12. № 228-IV (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 64-бап өзгертілді
64-бап. Шартты түрде соттаудың күшiн жою немесе сынақ мерзiмiн ұзарту
1. Егер шартты түрде сотталушы сынақ мерзiмi өткенге дейiн өзiнiң түзелгенiн дәлелдесе, шартты түрде сотталушының мiнез-құлқына бақылау жасауды жүзеге асыратын органның ұсынысы бойынша сот шартты түрде сотталудың күшiн жою және сотталған адамнан соттылықты алып тастау туралы қаулы ете алады. Бұл орайда шартты түрде сотталудың белгiленген сынақ мерзiмiнiң кем дегенде жартысы өткен соң күшi жойылуы мүмкiн.
2. Егер шартты түрде сотталған адам сол үшiн өзiне әкiмшiлiк жаза салынған қоғамдық тәртіп пен адамгершілікке, кәмелетке толмағандардың құқықтарына, жеке тұлғаға және отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастар аясына қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылық жасаса, сот осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған органның ұсынысы бойынша сынақ мерзiмiн ұзарта алады, бiрақ ол бiр жылдан аспауы керек.
3. Шартты түрде сотталған адам сынақ мерзімі ішінде осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген әкімшілік құқық бұзушылықты қайталап жасаған, сондай-ақ заңды талапқа бағынбаған, сол сияқты шартты түрде сотталған адамның жүріс-тұрысына бақылауды жүзеге асыратын орган қызметкерлерін қорлаған не оларға қатысты зорлық іс-әрекеттер жасаймын деп қорқытқан жағдайда, не егер шартты түрде сотталған адам бақылаудан жасырынса, сот осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген органның ұсынысы бойынша шартты түрде соттаудың күшін жою және сот үкімімен тағайындалған жазаны орындау туралы қаулы етеді.
4. Шартты түрде сотталған адам сынақ мерзiмi iшiнде абайсызда қылмыс жасаған не ауыр емес қасақана қылмыс, ал шартты түрде сотталған кәмелетке толмаған адам ауыр емес, орташа ауыр қылмыс жасаған жағдайда шартты түрде соттаудың күшiн жою немесе оны сақтау туралы мәселенi сот жаңа қылмыс үшiн жаза тағайындалған кезде шешедi.
5. Шартты түрде сотталған адам сынақ мерзiмi iшiнде - орташа ауыр қасақана қылмыс, ауыр немесе аса ауыр қылмыс, ал кәмелетке толмаған адам ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайда сот шартты түрде сотталудың күшiн жойып, оған осы Кодекстiң 60-бабында көзделген ережелер бойынша жаза тағайындайды. Осы баптың төртiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда да жаза осы ережелер бойынша тағайындалады.
«Бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» ҚР Жоғарғы Сотының 2001.19.10. № 15 нормативтік қаулысын қараңыз
V бөлім. Қылмыстық жауаптылықтан және жазалаудан босату
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңына сәйкес 65-бап өзгертілді
65-бап. Шын өкiнуiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату
1. Бiрiншi рет кiшiгiрiм немесе орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған адам, егер ол қылмыс жасағаннан кейiн айыбын мойындап өз еркiмен келсе немесе қылмысты ашуға жәрдемдессе, немесе қылмыс келтiрген зиянды өзгеше түрде қалпына келтiрсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.
2. Жеке адамға қарсы ауыр немесе аса ауыр қылмысты қоспағанда, қылмыс жасаған адам, егер ол ұйымдасқан топ немесе қылмысты сыбайластық (қылмысты ұйым) жасаған қылмыстарда болғызбауға, ашуға немесе тергеуге, ұйымдасқан топ немесе қылмысты сыбайластық (қылмысты ұйым) жасаған қылмысқа басқа да қатысушыларды анықтауға белсендi түрде жәрдемдессе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.
3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайлар болған кезде басқа санаттағы қылмыс жасаған адам тек осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi баптарында арнайы көзделген реттерде ғана қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.
66-бап. Қажеттi қорғану шегiнен асқан кезде қылмыстық жауаптылықтан босату
Қоғамдық қауiптi қылмыстан болған үрейлену, қорқу немесе сасқалақтау салдарынан қажеттi қорғану шегiнен асқан адамды сот iстiң мән-жайын ескере отырып, қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкiн.
21.12.02 ж. № 363-II ҚР Заңымен 67-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен 67-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
67-бап. Татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату
1. Ауыр емес қылмыс жасаған немесе адамның қайтыс болуымен немесе оның денсаулығына ауыр зиян келтірумен байланысты емес орташа ауыр қылмысты бірінші рет жасаған адам, егер ол жәбірленушімен татуласса және келтірілген зиянның есесін толтырса, қылмыстық жауаптылықтан босатуға жатады.
2. Орташа ауыр қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен татуласса және жәбірленушіге келтірілген зиянның есесін толтырса, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.
2010.23.11. № 354-IV ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Адамның қайтыс болуымен немесе денсаулығына ауыр зиян келтірумен байланысты емес ауыр қылмысты бірінші рет жасаған кәмелетке толмаған баланы, егер ол жәбірленушімен татуласса және келтірілген зиянның есесін толтырса, сот қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкін. Бұл ретте оған осы Кодекстің 82-бабында көзделген тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шаралары қолданылады.
4. Қылмыс қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне зиян келтірген жағдайларда осы баптың бірінші немесе екінші бөлігінде көрсетілген адам шын ниетпен өкінсе және қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне келтірілген зиянның орнын толтырған болса, ол қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.
Осы баптың ережелері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайды.
68-бап. Жағдайдың өзгеруiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату
1. Қылмыс белгiлерi бар әрекет жасаған адамды, егер iстi сот қараған кезде жағдайдың өзгеруi салдарынан ол жасаған әрекет қоғамға қауiптi емес деп танылса, сот қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкiн.
2. Бiрiншi рет кiшiгiрiм немесе орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған адамды, егер ол адамның содан кейiнгi мүлтiксiз мiнез-құлқына байланысты iс сотта қаралған уақытта ол қоғамға қауiптi деп есептеле алмайтындығы белгiленсе, сот қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкiн.
2007.08.01. № 210-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2010.08.04. № 266-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 69-бап өзгертілді
69-бап. Ескіру мерзiмiнiң өтуiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату
1. Егер қылмыс жасалған күннен бастап мынадай мерзiмдер өтсе, адам қылмыстық жауаптылықтан босатылады:
а) кiшiгiрім қылмыс жасағаннан кейiн екi жыл;
б) орташа ауырлықтағы қылмыс жасағаннан кейiн бес жыл;
в) ауыр қылмыс жасағаннан кейiн он бес жыл;
г) аса ауыр қылмыс жасағаннан кейiн жиырма жыл.
2. Ескіру мерзiмi қылмыс жасаған күннен бастап және сот үкімі заңды күшiне енген кезге дейiн есептеледi.
3. Егер қылмыс жасаған адам тергеуден немесе соттан жалтарса, ескіру мерзiмiнiң өтуi тоқтатыла тұрады. Бұл жағдайда ескіру мерзiмiнiң өтуi адамның ұсталған немесе оның айыбын мойындап келген кезiнен бастап жаңартылады. Бұл орайда, егер қылмыс жасаған уақыттан берi ескіру мерзімі тоқтатылмаса және мынадай мерзімдер:
а) кішігірім ауырлықтағы қылмыс жасағаннан кейін он жыл;
б) орташа ауырлықтағы қылмыс жасағаннан кейін он бес жыл;
в) ауыр қылмыс жасағаннан кейін жиырма жыл;
г) аса ауыр қылмыс жасағаннан кейін жиырма бес жыл өтсе, адам қылмыстық жауапқа тартылмауға тиіс.
4. Егер ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған адам осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған мерзiм өткенге дейiн жаңадан қасақана қылмыс жасаса, ескіру мерзiмi тоқтатылады. Мұндай реттерде ескіру мерзiмi жаңа қылмыс жасаған күннен қайта басталады. Ескіру мерзiмi өткенге дейiн адам тағы да қылмыс жасаған өзге реттерде әрбiр қылмыс бойынша ескіру мерзiмi дербес өтедi.
2009.10.07 № 175-ІV ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Осы Кодекс бойынша өлім жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалуы мүмкін қылмысты жасаған адамға талап қою мерзімін қолдану туралы мәселені сот шешеді. Егер сот талап қою мерзімінің бітуіне байланысты адамды қылмыстық жауаптылықтан босату мүмкін деп таппаса, өлім жазасы өмір бойына бас бостандығынан айырумен ауыстырылады, ал өмір бойына бас бостандығынан айыру жиырма бес жыл мерзімге бас бостандығынан айырумен ауыстырылады.
6. Бейбiтшiлiк пен адамзаттың қауiпсiздiгiне қарсы қылмыс, сондай-ақ террористік қылмыс жасаған адамдарға ескіру мерзiмi қолданылмайды.
21.12.02 ж. № 363-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.10.07. № 177-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2010.23.11. № 354-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 70-бап өзгертілді
70-бап. Жазаны өтеуден мерзiмiнен бұрын-шартты түрде босату
1. Түзеу жұмыстарын, әскери қызмет бойынша шектеу, бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген және сот тағайындаған жазаны толық өтеуді қажет етпейтін адамды сот құқық бұзбайтын мінез-құлқы, еңбекке (оқуға) адал қарағаны, көркемөнерпаздар ұйымдарының жұмысына және тәрбиелік іс-шараларға белсенді қатысқаны, қылмысымен келтірген залалын өтеу жөнінде шаралар қолданғаны үшін сот тағайындаған жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босатуы мүмкін. Бұл орайда ол адам қосымша жаза түрін өтеуден толық немесе ішінара босатылуы мүмкін.
2. Жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдарға жазасының өтелмеген қалған бөлігі ішінде тізбесі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 178-2-бабында белгіленетін міндеттер жүктеледі.
3. Жазадан шартты түрде-мерзiмiнен бұрын босату сотталған адам:
а) кiшiгiрiм және орташа ауырлықтағы қылмысы үшiн тағайындалған жаза мерзiмiнiң кемінде үштен бірін;
б) ауыр қылмысы үшiн тағайындалған жаза мерзiмiнiң кемінде жартысын;
в) аса ауыр қылмысы үшін тағайындалған жаза мерзімінің кемінде үштен екісін;
г) осы Кодекстің 120-бабы үшінші бөлігінің в), д) тармақтарында, төртінші бөлігінде, 121-бабы үшінші бөлігінің в), г) тармақтарында, төртінші бөлігінде көзделген қылмысы үшін тағайындалған жаза мерзімінің кемінде төрттен үшін іс жүзінде өтегеннен кейін ғана қолданылуы мүмкін.
4. Бас бостандығынан айыруға сотталушының нақты өтеу мерзiмi алты айдан кем болмауы керек.
5. Сот тағайындаған өмiр бойы бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген адам, егер сот ол бұл жазаны одан әрi өтеудi қажет етпейдi деп таныса және кемiнде жиырма бес жыл бас бостандығынан айыруды iс жүзiнде өтесе, мерзiмiнен бұрын-шартты түрде босатылуы мүмкiн.
6. Мерзiмiнен бұрын-шартты түрде босатылған адамның мiнез-құлқына бақылау жасауды босатылған адамның тұрғылықты жері бойынша - ішкі істер органдары, ал әскери қызметшiлер жөнiнде - әскери бөлiмдер мен мекемелердiң командованиесi жүзеге асырады.
7. Мерзiмiнен бұрын-шартты түрде босату қолданылған адам, егер жазаның қалған өтелмеген бөлiгi iшiнде:
a) бірнеше рет әкімшілік құқық бұзушылық жасап, ол үшін оған әкімшілік жаза қолданылса немесе өзіне Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 178-2-бабымен жүктелген және сот жүктеген міндеттерді орындаудан әдейі жалтарса, шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдану кезінде сот осы баптың алтыншы бөлігінде аталған органдардың ұсынуы бойынша шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күшін жою және жазаның өтелмеген бөлігін орындау туралы қаулы ете алады;
б) қылмыс абайсызда жасалса, жаңа қылмысқа жаза тағайындау кезiнде мерзiмiнен бұрын-шартты түрде босатудың күшiн жою немесе оны сақтау туралы мәселенi сот шешедi;
в) қылмыс қасақана жасалса, сот оған осы Кодекстiң 60-бабында көзделген ережелер бойынша жаза тағайындайды. Егер сот мерзiмiнен бұрын-шартты түрде босатудың күшiн жойса, абайсызда қылмыс жасаған жағдайда да жаза осы ережелер бойынша тағайындалады.
8. Өлiм жазасы түріндегі жаза кешiрiм жасау тәртібі бойынша бас бостандығынан айырумен ауыстырылған , жазасын өтеу кезеңінде қасақана қылмыс жасаған, сондай-ақ бұрын шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамға мерзiмiнен бұрын-шартты түрде босату қолданылмайды.
21.12.02 ж. № 363-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2010.23.11. № 354-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 71-бап өзгертілді
71-бап. Жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыру
1. Кiшiгiрiм, орташа ауыр және ауыр қылмыс үшiн бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген адамға сот оның жазасын өтеу кезіндегі мiнез-құлқын ескере отырып, жазаның өтелмей қалған бөлiгiн оның жеңiл түрiмен ауыстыра алады. Бұл ретте, осы Кодекстің 122-бабының екінші, үшінші бөліктерінде, 124-бабының екінші, үшінші бөліктерінде көзделген қылмыстарды қоспағанда, адам жазаның қосымша түрін өтеуден толық немесе ішінара босатылуы мүмкін.
2. Жазаның өтелмеген бөлігі, сотталған адам ауыр емес және орташа ауыр қылмыс жасағаны үшін жаза мерзімінің кем дегенде үштен бір бөлігін, ауыр қылмысы үшін немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен ерте босатылған және жазаның өтелмей қалған бөлігі кезеңінде жаңа қылмыс жасаған адам жаза мерзімінің жартысын нақты өтегеннен кейін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстырылуы мүмкін.
3. Жазаның өтелмеген бөлiгiн ауыстыру кезiнде сот осы Кодекстiң 39-бабында аталған жаза түрлерiне сәйкес, осы Кодексте әрбiр жаза түрi үшiн көзделген шекте жазаның кез келген неғұрлым жеңiл түрiн таңдап алуы мүмкiн.
21.12.02 ж. № 363-II (бұр. ред. қара) 09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен ; 2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2009.10.12. № 228-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 72-бап өзгертілді
72-бап. Жүктi әйелдердiң және жас балалары бар әйелдер мен жас балаларды жалғыз өзі тәрбиелейтін еркектердің жазаны өтеуiн кейiнге қалдыру
1. Сотталған жүкті әйелдердің жазаны өтеуін сот бір жылға дейін кейінге қалдыруы мүмкін. Жас балалары бар сотталған әйелдер мен жас балаларды жалғыз өзі тәрбиелейтін еркектердің жазасын орындауды сот бала он төрт жасқа толғанға дейін кейінге қалдыруы мүмкін. Жеке адамға қарсы ауыр немесе аса ауыр қылмысы үшін бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған жүкті әйелдердің және жас балалары бар әйелдер мен жас балаларды жалғыз өзі тәрбиелейтін еркектердің жазаны өтеуі кейінге қалдырылмайды.
2. Егер осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған сотталған адам баладан бас тартса немесе баланы тәрбиелеуден жалтаруды жалғастырса, немесе сотталып, жазасын өтеу кейiнге қалдырылған адамды бақылауды жүзеге асыратын орган екi рет жазбаша түрде ескерту жасағаннан кейiн қоғамдық тәртiптi бұзса, сот сол органның ұсынысы бойынша жазаны өтеу мерзiмiн кейiнге қалдыруды тоқтатып, сотталған адамды сот үкіміне сәйкес тағайындалған жерге жазасын өтеуге жiбере алады.
3. Жазаны өтеуін кейінге қалдыру мерзімі аяқталғаннан кейін немесе бала шетінеген жағдайда не жүктілігi үзiлген жағдайда сот сотталған адамның мiнез-құлқына қарай оны жазаны өтеуден босатуы немесе оны неғұрлым жеңiл жазамен ауыстыруы, немесе сотталған адамды жазаны өтеу үшiн тиiстi мекемеге жiберу туралы шешiм қабылдауы мүмкiн.
4. Егер сотталған адам жазаны өтеуден босату кезеңiнде жаңа қылмыс жасаса, сот оған осы Кодекстiң 60-бабында көзделген ережелер бойынша жаза тағайындайды.
2009.10.07. № 177-IV ҚР Заңымен 73-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
73-бап. Ауруға шалдығуына байланысты жазадан босату
1. Қылмыс жасағаннан кейiн оның өз iс-әрекетiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзіндегі сипаты мен қоғамдық қауiптілігiн ұғыну не оған ие болу мүмкiндiгiнен айыратын психикасы бұзылу пайда болған адамды сот жазадан босатады, ал жазасын өтеп жүрген адамды сот оны одан әрi өтеуден босатады. Мұндай адамдарға сот осы Кодексте көзделген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындауы мүмкiн.
2. Жазаны өтеуге кедергi жасайтын өзге де ауыр науқастан зардап шегiшу адамды сот жазаны өтеуден босатуы мүмкiн немесе бұл жаза неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстырылуы мүмкiн. Бұл орайда жасалған қылмыстың ауырлығы, сотталған адамның жеке басы, науқасының сипаты және басқа мән-жайлар ескерiледi.
3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде аталған адамдар, егер осы Кодекстiң 69 және 75-баптарында көзделген ескіру мерзiмi өтпеген болса, олар сауыққан жағдайда қылмыстық жауапқа тартылып жазалануы мүмкiн.
4. Абақтыда ұстауға сотталған әскери қызметшiлер өздерiн әскери қызметке жарамсыз ететiн науқастануы жағдайында жазадан немесе жазасын одан әрi өтеуден босатылады. Оларға жазаның өтелмеген бөлiгi де неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстырылуы мүмкiн.
74-бап. Төтенше мән-жайлардың салдарынан жазадан босату мен жазаны өтеудi кейiнге қалдыру
1. Кiшiгiрiм және орташа ауырлықтағы қылмысы үшiн сотталған адамды, егер жазаны өтеу өрт немесе кездейсоқ апат, отбасының еңбекке жарамды жалғыз мүшесiнiң ауыр науқастануы немесе қайтыс болуы немесе басқа да төтенше мән-жайлардың салдарынан сотталған адам немесе оның отбасы үшiн жазасын өтеуi аса ауыр зардапқа әкелiп соқтыруы мүмкiн болса, сот жазадан босатуы мүмкiн.
2. Ауыр немесе аса ауыр қылмысы үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған адамның жазасын өтеуiн сот осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған негiздер болған жағдайда үш айға дейiн мерзiмге кейiнге қалдыра алады.