2. Аэронавигациялық ақпарат көздері болып табылатын жеке және заңды тұлғалар Әуе кемелерін пайдаланушыларды аэронавигациялық ақпаратпен қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті ақпаратты өтеусіз негізде беруге міндетті және мұндай ақпараттың дәйектілігі, нақтылығы және уақтылы берілуі үшін жауаптылықта болады.
3. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган ұсынылатын аэронавигациялық ақпараттың дәйектілігін, нақтылығын және уақтылы берілуін қамтамасыз етуді бақылауды жүзеге асырады.
22-бап. Әуе қозғалысына қызмет көрсету түрлері
1. Әуе қозғалысына қызмет көрсету мынадай түрлерді:
1) әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсетуді қамтиды, әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсету деп:
әуе кемелері арасындағы және әуе кемелерінің маневр жасау алаңындағы кедергілермен соқтығысуын болғызбау;
әуе қозғалысын жылдамдату және реттеу мақсаттарында бақыланатын әуе кеңістігінде ұсынылатын қызмет көрсету түсініледі;
2) ұшу-ақпараттық қызмет көрсетуді қамтиды, оның мақсаты ұшудың қауіпсіз орындалуын қамтамасыз ету үшін қолда бар байланыс құралдарын пайдалана отырып, консультациялар мен ақпарат беру болып табылады;
3) тиісті ұйымдарды іздестіру-құтқару қызметтерінің көмегіне мұқтаж әуе кемелері туралы хабардар ету және осындай ұйымдарға қажетті жәрдем көрсету үшін ұсынылатын қызмет көрсету болып табылатын авариялық хабар беруді қамтиды.
2. Әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсету:
бақыланатын әуе кеңістігінде ұшуға диспетчерлік қызмет көрсету үшін - аудандық диспетчерлік қызмет көрсету;
әуе кемелерінің ұшып келуіне және әуеайлақтардан (тікұшақ айлақтарынан) ұшып кетуіне байланысты ұшуға диспетчерлік қызмет көрсету үшін - қонуға жақындағанда диспетчерлік қызмет көрсету;
әуеайлақтық қозғалысқа диспетчерлік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету үшін әуеайлақтық диспетчерлік қызмет көрсету болып бөлінеді.
Әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету үшін әуе қозғалысына қызмет көрсететін орган:
1) әрбір әуе кемесінің болжамды қозғалысы немесе оның өзгеруі туралы ақпаратпен, сондай-ақ әрбір әуе кемесінің нақты ұшу барысы туралы соңғы ақпаратпен қамтамасыз етіледі;
2) өзіне хабар берілген әуе кемелерінің бір біріне қатысты салыстырмалы түрде ұшып бара жатқан жерін алынған ақпарат негізінде айқындайды;
3) өзі бақылайтын әуе кемелерінің арасындағы соқтығысуды болғызбау үшін, сондай-ақ реттелген қозғалыс ағынын жеделдету және сақтау үшін рұқсаттар мен ақпарат береді;
4) әуе кемесі әуе қозғалысына қызмет көрсететін (әуе қозғалысын басқаратын) басқа органдардың бақылауында ұшуды орындап жүрген басқа әуе кемелерімен жанжалды жағдайды туындатуы мүмкін болғанда немесе әуе кемесін бақылауды әуе қозғалысына қызмет көрсететін басқа органдарға берудің алдында қажет болған жағдайда рұқсаттарды әуе қозғалысын қамтамасыз ететін (әуе қозғалысын басқаратын) басқа органдармен келіседі.
Әуе кемелерін эшелондауға қойылатын талаптарды қамтитын әуе кемелеріне диспетчерлік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету тәртібі Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі қағидаларында айқындалады.
3. Әуе қозғалысына қызмет көрсету органдары беретін диспетчерлік рұқсаттар әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге қойылатын талаптарға негізделеді. Мұндай рұқсат пайдаланушылардың (әуе кемесі экипажының) әуе қозғалысына қызмет көрсету органына ұшу жоспарын беруі арқылы сұратылады.
Диспетчерлік рұқсаттың нысаны мен мазмұны Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі қағидаларында белгіленеді.
4. Ұшуына осы ақпарат әсер етуі мүмкін және әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсетумен қамтамасыз етілетін немесе әуе қозғалысына қызмет көрсету органына қай жерде екені белгілі болған барлық әуе кемелері ұшу-ақпараттық қызмет көрсетумен қамтамасыз етіледі.
5. Мыналар:
1) әуе қозғалысына диспетчерлік қызмет көрсетумен қамтамасыз етілетін барлық әуе кемелері;
2) ұшу жоспарын берген немесе әуе қозғалысына қызмет көрсету органына қай жерде екені белгілі болған барлық басқа әуе кемелері;
3) оларға қатысты заңсыз араласу объектісі болып табылатындығы белгілі болған немесе болжанатын кез келген әуе кемелері авариялық хабар берумен қамтамасыз етіледі.
23-бап. Ұшуды орындау қағидалары
Әуе кемелерінің Қазақстан Республикасы аумағының үстінен ұшуы Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі қағидаларына сәйкес орындалады.
Ұшуды орындау кезінде әуе кемесінде Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі қағидаларында көзделген кеме құжаттары болуға тиіс.
24-бап. Әуе кемесінің ұшу жоспары
1. Әуе қозғалысына қызмет көрсету және (немесе) әуе қозғалысын басқару органдарына жоспарланған ұшуға немесе ұшудың бір бөлігіне қатысты жіберуге жататын ақпарат, мынадай:
1) әуе шабуылына тойтарыс беру, әуе кеңістігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын бұзуды немесе Қазақстан Республикасының аумағына қарулы басып кіруді болғызбау және тоқтату;
2) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде көмек көрсету, ғарыш аппараттары мен олардың экипаждарын іздестіру және эвакуациялау;
3) әуе кеңістігін пайдалану тәртібінің бұзылуын болғызбау және (немесе) тоқтату және (немесе) оның жолын кесу жағдайларында орындалатын әуе кемесінің ұшуын қоспағанда, осы Заңда көзделген әуе кеңістігін пайдалануға рұқсаттар болған кезде ұшу жоспары нысанында ұсынылады.
2. Ұшу жоспарын ұсыну, ұшу жоспарына өзгерістер енгізу және оны жабу тәртібі, оның мазмұны Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларында айқындалады.
3. Бақыланбайтын әуе кеңістігінде ұшу кезінде әуе кеңістігін пайдаланушы әуе қозғалысына қызмет көрсету және (немесе) әуе қозғалысын басқару органдарын алдағы ұшу туралы хабардар етуге және Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларында белгіленген тәртіппен ұшу жоспарын ұсынуға міндетті.
25-бап. Әуе кеңістігін пайдаланудағы басымдықтар
Әуе кеңiстiгiнің бір бөлігін пайдалануға мүдделі екі немесе одан да көп әуе кеңістігін пайдаланушы болған кезде оны пайдалану құқығы хронологиялық тәртіппен жазылған мынадай басымдықтарға сәйкес берiледi:
1) әуе шабуылына тойтарыс беру немесе әуе кеңiстiгiнде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасын бұзуды, әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртібінің бұзылуын болғызбау және тоқтату, Қазақстан Республикасының егемендiгiне, аумақтық тұтастығына және қауiпсiздiгiне қарсы күш қолдануды немесе күш қолдану қатерін жою;
2) адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауіп төндiретiн немесе елеулі материалдық залал келтiру қаупін тудыратын дүлей зілзалалар және өзге де зілзалалар, апаттар, авариялар, авариялық және өзге де жағдайлар кезінде көмек көрсету;
3) ғарыш аппараттары мен олардың экипаждарын ұшыру, қондыру, iздестiру және эвакуациялау;
4) Қазақстан Республикасының аса маңызды ұшуын ұйымдастыру және қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес орындалатын ұшу;
5) мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органның жоспарлы оқу-жаттығулар өткізуі, сондай-ақ әуе кемелерінің ұшуы немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларына сәйкес жүзеге асырылатын өзге де қызмет;
6) жолаушыларды, жүктердi және почта жөнелтілімдерін тасымалдайтын тұрақты рейстер;
7) Қазақстан Республикасының, сондай-ақ басқа да мемлекеттердің мемлекеттік авиациясының ұшуы;
8) эксперименттiк және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзу;
9) тұрақты емес әуемен тасымалдау және авиациялық жұмыстарды орындау;
10) оқыту, көрсету, мәдени-ағарту іс-шараларын өткізу, сондай-ақ пайдаланушының жеке мақсаттағы ұшуы.
26-бап. Әуе кеңістігін пайдалануға тыйым салу
Осы Заңның 18-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында және 25-бабының 1) - 5) тармақшаларында көзделген қызметті жүзеге асырған жағдайларда мемлекеттік авиация саласындағы уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларында белгіленген тәртіппен әуе кемелерінің ұшуы үшін Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн немесе оның жекелеген аудандарын пайдалануға тыйым салады.
27-бап. Әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзу
1. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы заңнамасының талаптарын бұза отырып жүзеге асырылатын Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалануға байланысты қызмет Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртібін бұзу болып танылады.
Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртібін бұзуға:
1) осы Заңның 18-бабында көрсетілген, ұшу жоспарын бермей (бақыланбайтын әуе кеңістігінде ұшу кезінде - хабар бермей) және (немесе) ұшуды орындауға рұқсатсыз және (немесе) әуе кемелерінің ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн қызметті жүзеге асыруға рұқсатсыз жүзеге асырылатын қызмет;
2) саны рұқсатта көрсетілгеннен артық әуе кемелері тобының ұшуы;
3) әуе кемелерінің әуе кеңістігін пайдалану режимдерін сақтамауы;
4) әуе кемесiнiң мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органның әуе қозғалысын басқару органдарының арнайы рұқсатынсыз тыйым салынған аймақтың және (немесе) шектеу қойылған аймақтың үстінен ұшып өтуі;
5) мәжбүрлi түрде қону және қосалқы әуеайлаққа жіберу жағдайларынан басқа, әуе кемелерінің ұшу жоспарында көрсетілмеген әуеайлаққа қонуы;
6) ұшу қауiпсiздiгiне анық қатер төну және авиациялық оқиғаны болғызбау жағдайларын қоспағанда, әуе кемелерiнiң тiк, ұзына бойына, қапталдан эшелондауды сақтамауы, әуе трассаларынан, жергiлiктi әуе желiлерiнен және маршрут осьтерiнен Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларында белгіленген нормалардан асатын қашықтыққа ауытқуы;
7) ұшу қауіпсіздігіне нақты қатер төнуі және авиациялық оқиғаны болғызбау жағдайларын қоспағанда, әуе кеңістігін пайдаланушылардың әуе қозғалысына қызмет көрсету немесе әуе қозғалысын басқару органдарының командаларын орындамауы жатады.
2. Азаматтық және мемлекеттік авиация салаларындағы уәкілетті органдар, әуе қозғалысына қызмет көрсету, әуе қозғалысын басқару органдары өз құзыретіне сәйкес әуе кеңістігін пайдалану тәртібінің бұзылуын болғызбауға және (немесе) тоқтатуға және (немесе) оның жолын кесуге қажетті барлық шараларды қабылдауға міндетті, ал әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзуға жол берген әуе кеңістігін пайдаланушылар көрсетілген бұзушылықты өз есебінен және (немесе) өз күштерімен тоқтатуға міндетті.
Әуе қозғалысына қызмет көрсету органдарының құзыретті мемлекеттік органдардың талап етуі бойынша шетелдік әуе кемесінің бортында экспорттық бақылауға жататын мәлімделмеген өнімнің бар екендігі туралы ақпарат болған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарап тексеру үшін оны Қазақстан Республикасының әуайлағына қонуға мәжбүрлеуге құқығы бар.
28-бап. Әуе кемесiнің ұшу жоспарынан ауытқуы.
Тәртіп бұзушы әуе кемесі
1. Әуе кемесi белгiленген ұшу жоспарынан ауытқыған кезде әуе қозғалысына қызмет көрсету (әуе қозғалысын басқару) органы дереу мынадай шараларды қабылдауға:
1) әуе кемесінің экипажымен байланыс орнату және белгіленген ұшу жоспарынан ауытқыған әуе кемесінің ұшып бара жатқан жерін анықтау үшін қолда бар барлық құралдарды пайдалануға;
2) ауытқу салдарынан әуе кемесі жауапкершілік ауданына кірген болуы мүмкін немесе кіруі мүмкін деп жорамалданған ауданның әуе қозғалысына қызмет көрсететін және әуе қозғалысын басқаратын сабақтас органдарына хабарлауға міндетті.
2. Әуе кемесінің ұшып бара жатқан жері анықталған болса, әуе қозғалысына қызмет көрсету (әуе қозғалысын басқару) органы әуе кемесінің экипажына оның қай жерде ұшып бара жатқаны және орындалуға тиіс түзетуші іс-әрекеттер туралы хабарлайды.
3. Әуе кеңістігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын бұзған немесе Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртібін өзгедей бұзуға жол берген әуе кемесi тәртіп бұзушы әуе кемесі деп танылады және егер әуе қозғалысына қызмет көрсету органдарының және (немесе) әуе қозғалысын басқару органдарының талаптарына бағынбаса, мәжбүрлі түрде қондыруға жатады.
Қону туралы нұсқау алған тәртiп бұзушы әуе кемесi көрсетілген жерге дереу қонуға тиiс.
4. Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне, оның аумағындағы адамдардың өмiрi мен қауiпсiздiгiне және оның стратегиялық объектiлеріне қатер төнген жағдайларда мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган қатердi болғызбау үшін, Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін бұзушы әуе кемелеріне қаруды және ұрыс техникасын қолдану қағидаларына сәйкес тәртiп бұзушы әуе кемесiн жоюға дейiн баратын барлық шараларды қолданады.
5. Тәртіп бұзушы әуе кемесінде жолаушылар және әуе кеңістігін пайдалану тәртібінің бұзылуына қатысы жоқ өзге де адамдар бар екені туралы дәйекті ақпарат болған жағдайда мемлекет ұшып жүрген азаматтық әуе кемелеріне қарсы қару қолданудан тартынады.
Тәртіп бұзушы әуе кемесi Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiне ұшып кіру шарттарын сақтамаған кезде және (немесе) әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртібін бұзған жағдайларда қонатын әуеайлақта ұсталуға жатады.
Бұзушылық тексерілгеннен кейін тәртіп бұзушы әуе кемесiнiң одан әрі ұшуына Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану қағидаларында айқындалатын тәртіппен рұқсат етiледi.
Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалануға қойылатын белгіленген талаптарды бұзу Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану қағидаларына сәйкес тексерілуге жатады.
29-бап. Әуе кеңiстiгiн пайдалану үшiн байланысты ұйымдастыру
1. Әуе кеңiстiгiн пайдаланушылар Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларына сәйкес әуе қозғалысына қызмет көрсету және (немесе) әуе қозғалысын басқару органдарымен байланыста болуға мiндеттi.
2. Байланыс ұйымдары әуе кеңiстiгiн пайдаланушыларға қажетті байланыс арналарын жалға береді. Берілген байланыс арналары iстен шыққан кезде олар басқа байланыс арналарымен ауыстырылуға тиiс.
30-бап. Әуе қозғалысына қызмет көрсету немесе әуе қозғалысын басқару кезіндегі радиобайланыс
1. Әуе қозғалысына қызмет көрсету немесе әуе қозғалысын басқару кезінде байланыс үшін радиотелефон және (немесе) деректерді беру желісі пайдаланылады.
2. Байланыс құралдары әуе қозғалысына қызмет көрсету органдары (әуе қозғалысын басқару органдары) мен әуе кеңістігін пайдаланушылар арасында тікелей, жедел, үздіксіз және бөгеуілі жоқ екіжақты байланыс жасауға мүмкіндік беруге тиіс.
3. Әуе кемелерінің ұшуын және олармен радиобайланысты радиотехникалық қамтамасыз ету құралдарына бөгеуіл жасайтын қондырғылары мен аппараттары бар жеке және заңды тұлғалар байланыс саласындағы уәкілетті органның немесе оның бөлімшелерінің талап етуі бойынша бөгеуілдерді өз күштерімен жоюға, ал олар жойылғанға дейін осындай қондырғылар мен аппараттардың жұмысын тоқтатуға міндетті.
4. Байланысты қамтамасыз ету тәртібі, әуе қозғалысына қызмет көрсету органдарының байланысты қамтамасыз етуге қоятын талаптары, азаматтық авиациядағы байланыс құралдарының сипаттамасы Азаматтық авиацияда ұшуды және авиациялық радиобайланысты радиотехникалық қамтамасыз ету қағидаларында айқындалады.
5. Радиобайланысты жүргізу рәсімдері азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Ұшуды орындау және әуе қозғалысына қызмет көрсету кезінде радиоалмасу фразеологиясының қағидаларында айқындалады.
6. Қазақстан Республикасының аумағында радиотелефон байланысы қазақ, орыс немесе ағылшын тiлдерiнде жүзеге асырылады.
31-бап. Елді мекеннің үстінен ұшу
1. Елдi мекеннің үстiнен ұшу әуе кемесi бұзылған жағдайда сол елдi мекеннің шегінен тысқары жерде немесе таяудағы әуеайлақта қонуға мүмкiндiк беретiндей биiктiкте орындалады. Метеорологиялық жағдайлар тиісті биіктікті ұстап тұруға мүмкiндiк бермейтiн жағдайда әуе кемесінің командирі, егер айналып өтудің басқа тәртібі белгіленбесе, елді мекендерді оң жағынан айналып өтуге міндетті.
2. Әуе кемелерінің елді мекендердің үстінен ұшуының схемалары (маршруттары) ұлттық қауіпсіздік органдарымен және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органмен келісіледі және оларды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекітеді. Ұшу схемаларынан (маршруттарынан) уақытша (біржолғы) ауытқулар әуе қозғалысын басқару органдарымен келісіледі.
3. Күзет іс-шараларын өткізу кезеңінде әуе кемелерінің және ұшқышсыз ұшу аппараттарының елді мекендердің үстінен белгіленген маршруттардан тыс ұшуы ұлттық қауіпсіздік органдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметімен келісіледі.
4. Елді мекендердің үстінен белгіленген маршруттардан тыс ұшуды келісу және орындау тәртібі Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларында айқындалады.
32-бап. Көрсету мақсатындағы ұшу
1. Көрсету мақсатындағы ұшу авиациялық техниканы көрсету, авиация жетістіктерін насихаттау, сондай-ақ қоғамдық-саяси және ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды қамтамасыз ету үшін қолданылады.
2. Әуе кемелерiнiң көрсету мақсатындағы ұшуы әуе кемесінің тұрғын үй алаптары мен адамдар жиналған жерлерге құлауын болғызбайтын қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, белгіленетін аймақтарда (аудандарда) орындалады.
3. Көрсету мақсатындағы ұшудың қауіпсіздігі үшін жауапкершілік оларды ұйымдастырушыға жүктеледі.
33-бап. Ұшқышсыз ұшу аппараттарының ұшуы
1. Ұшқышсыз ұшу аппаратын пайдалану адамдардың өміріне немесе денсаулығына зиян келтіру, мүлікті зақымдау (бүлдіру) қатерін, басқа әуе кемелері үшін қауіпті барынша азайтуға және Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларында белгіленген шарттар сақтала отырып жүзеге асырылуға тиіс.
2. Ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдаланушылар әуе қозғалысына қызмет көрсету және (немесе) әуе қозғалысын басқару органдарына Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларына сәйкес ұшқышсыз ұшу аппараттарының ұшуы туралы егжей-тегжейлі деректерді хабарлайды.
3. Ұшқышсыз ұшу аппараттарының күзетілетін объектілердің үстінен ұшуы Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметімен келісіледі.
34-бап. Ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету
1. Ұшуды радиотехникалық қамтамасыз етуді азаматтық және (немесе) мемлекеттік авиация ұйымдарының радиотехникалық жабдықты пайдалану және байланыс қызметтері жүзеге асырады.
2. Әуе кемелері ұшуының, ұшып көтерілуінің және қонуының қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында әуе қозғалысына қызмет көрсету немесе әуе қозғалысын басқару кезінде ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібі:
1) азаматтық және эксперименттік авиация үшін - Азаматтық авиацияда ұшуды және авиациялық радиобайланысты радиотехникалық қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес;
2) мемлекеттік авиация үшін мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен, Қазақстан Республикасының мемлекеттік авиациясын байланыспен және радиотехникамен қамтамасыз етуді ұйымдастыру қағидаларына және Байланыс құралдарын техникалық пайдалану, ұшуды және мемлекеттік авиацияның автоматтандырылған басқару жүйесін радиотехникалық қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес айқындалады.
35-бап. Ұшуды метеорологиялық қамтамасыз ету
1. Әуе кемелерінің ұшуын метеорологиялық қамтамасыз ету пайдаланушыларға, әуе қозғалысына қызмет көрсету, әуе қозғалысын басқару органдарына және осы Заңның 18-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін басқа да пайдаланушыларға, олардың мемлекеттік тиесілігіне, ведомстволық бағыныстылығына және меншік нысандарына қарамастан, шарттар негізінде сапалы метеорологиялық ақпаратты уақтылы беру болып табылады.
2. Ұшуды метеорологиялық қамтамасыз етуді азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп бекіткен Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясын метеорологиялық қамтамасыз ету қағидаларына және Қазақстан Республикасының мемлекеттік авиациясын метеорологиялық қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес әуеайлақтың метеорологиялық органдары жүзеге асырады.
36-бап. Әуе трассалары мен жергілікті әуе желілерін пайдалануға рұқсат ету
Әуе трассалары мен жергілікті әуе желілерін пайдалануға азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Әуе трассалары мен жергілікті әуе желілерін пайдалануға рұқсат ету қағидаларына сәйкес рұқсат беріледі.
Әуе трассалары мен жергілікті әуе желілері туралы мәліметтер азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органмен және ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісілген әуе трассалары мен жергілікті әуе желілерінің тізбесінде жарияланады.
37-бап. Ұшуды орындау және әуе қозғалысына қызмет көрсету мақсаттарына арналған өлшем бірліктері
1. Қазақстан Республикасының аумағында және әуе кеңістігінде ұшуды орындау және әуе қозғалысына қызмет көрсету мақсаттары үшін Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары талабына сәйкес келетін координаттар, биіктіктер өлшемдерінің, гравиметрикалық және спутниктік өлшемдердің бірыңғай жүйесі белгіленеді.
2. Қолданылатын өлшем жүйелері Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі қағидаларында көрсетіледі.
38-бап. Әуе кемелерi ұшуының зиянды әсерiнен қорғау
1. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасында пайдалануға арналған азаматтық әуе кемесiнің Халықаралық азаматтық авиация ұйымның (ИКАО) елді мекендегі шуылға қатысты талаптарына сәйкестігін сертификаттап, шуыл бойынша сертификат береді, ол азаматтық әуе кемесінің ұшуға жарамдылығының сертификатына қосымша болып табылады.
Шуыл бойынша сертификаттау жүргізу және сертификат беру Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемесінің ұшуға жарамдылығын сертификаттау және сертификат беру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Әуеайлақтардың (тікұшақ айлақтарының) иелерi, пайдаланушылар, әуе кемелерiнің командирлері мен экипаж мүшелерi әуе кемелерiн жерде және әуеде пайдаланған кезде қажетсiз шуылды болғызбауға немесе оны барынша азайтуға мiндеттi.
2. Халықтың және қоршаған ортаның қауiпсiздiгi шараларын сақтай отырып орындалатын ауыл шаруашылығында авиациялық жұмыстардың жүргiзiлуiн, мемлекеттік авиацияның жауынгерлік-оқу және жауынгерлік ұшуын немесе ұшу қауіпсіздігіне анық қауіп төну және авиациялық оқиғаны болғызбау жағдайын қоспағанда, адамның денсаулығы мен қоршаған орта үшін зиянды заттарды немесе басқа да қалдықтар мен материалдарды әуе кемелерiнен лақтыруға тыйым салынады.
Әуе кемелерiнiң адамдарға, жануарларға және қоршаған ортаға зиянды әсерiн болғызбау мақсатында нақты аудандарда әуе кемесін авариялық тастап шығу аймағы, барлық әуе кемелерi үшiн бiрыңғай немесе әуе кемелерiнiң үлгiлерi бойынша бөлек ең төменгi ұшу биiктiгi көзделетін отынды төгу немесе оны ұшып жүріп тауысу аймағы белгіленуі мүмкін.
3. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде әуе кемелерiнiң дыбыстан жылдам ұшуы қоршаған ортаға дыбыс екпiнiнiң зиянды әсерi тимейтiн биiктiктерде жалпы қағидалар бойынша немесе елдi мекендерден шалғай, дыбыстан жылдам ұшуға арнайы бөлiнген аудандарда орындалуға тиiс.
4-тарау. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰШУ
39-бап. Қазақстан Республикасы әуе кемелерінің халықаралық ұшуы
1. Қазақстан Республикасы әуе кемелерiнiң халықаралық ұшуы:
1) Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың;