2. Қабылданған шаралар туралы хабарламау заңға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Әкімшілік жаза қолдану тиісті адамдарды соттың жеке ұйғарымы бойынша қабылданған шаралар туралы хабарлау міндетінен босатпайды.
3. Егер істі қарау кезінде сот тараптардың, процеске басқа қатысушылардың, лауазымды немесе өзге де адамдардың әрекетінен қылмыс белгілерін тапса, ол туралы прокурорға хабарлайды.
4. Мүдделерiне қатысы бар жеке ұйғарымға адамдар осы Кодекстiң 344-бабының төртiншi бөлiгiнде көзделген тәртiппен шағым бере алады.
254-бап. Іске қатысушы адамдарға сот ұйғарымының көшірмесін жіберу
Іске қатысушы, сот отырысына келмеген тараптар мен басқа адамдарға іс бойынша іс жүргізудің тоқтатыла тұруы немесе тоқтатылуы туралы, не арыздың қараусыз қалдырылуы туралы сот ұйғарымының көшірмесі ұйғарым шығарылғаннан бастап бес күннен кешіктірілмей жіберіледі.
23-тарау. Хаттамалар
255-бап. Хаттама жүргізудің міндеттілігі
Бірінші сатыдағы соттың әрбір сот отырысы туралы, сондай-ақ отырыстан тыс жасалған әрбір жеке іс жүргізу әрекеті туралы хаттама жасалады.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 256-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
256-бап. Хаттаманың мазмұны
1. Сот отырысының немесе отырыстан тыс жасалған жеке іс жүргізу әрекетінің хаттамасы істі қараудың немесе жеке іс жүргізу әрекетін жасаудың барлық елеулі сәттерін көрсетуге тиіс.
2. Сот отырысының хаттамасында:
1) сот отырысының жылы, айы, күні және орны;
2) сот отырысы басталған және аяқталған уақыт;
3) істі қарайтын соттың атауы, сот отырысы судьясының, хатшысының тегі мен аты-жөні;
4) істің атауы;
4-1) соттың аудио-, бейнежазба құралдарын және (немесе) стенографиялауды қолдануы туралы мәліметтер;
5) іске қатысушы адамдардың, өкілдердің, куәлердің, сарапшылардың, мамандардың, аудармашылардың келгені туралы мәліметтер;
6) іске қатысушы адамдарға, өкілдерге, сондай-ақ аудармашыға, сарапшылар мен мамандарға олардың іс жүргізу құқықтары мен міндеттерінің түсіндірілгені туралы мәліметтер;
7) төрағалық етушінің өкімдері және сот отырысы залында соттың шығарған ұйғарымы;
8) іске қатысушы адамдардың және өкілдердің арыздары, өтініштері және түсініктемелері;
9) куәлардың айғақтары, сарапшылардың өз қорытындыларын ауызша түсіндірулері, мамандардың түсіндірмелері;
10) құжаттардың жария етілуі туралы мәліметтер, заттай дәлелдемелерді қараудың, дыбысжазбаларды тыңдаудың, бейнежазбаларды, киноматериалдарды көрудің деректері;
11) осы Кодекстің 57-бабы негізінде іске қатысушы мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қорытындылары туралы мәліметтер;
12) сот отырысы залында болған сұрақтар мен жауаптардың мазмұны;
13) сот жарыссөздерінің мазмұны;
2010.29.12. № 374-IV ҚР Заңымен 13-1) тармақшамен толықтырылды
13-1) осы Кодекстің 55-бабы негізінде іске қатысқан прокурордың қорытындысы;
14) шешім мен ұйғарымдардың мазмұны жария етілгені және түсіндірілгені, оларға шағым беру тәртібі мен мерзімі түсіндірілгені туралы мәліметтер;
15) іске қатысушы адамдарға хаттамамен танысу және оған ескертулер беру құқықтарының түсіндірілгені туралы мәліметтер;
16) хаттаманың жасалған күні көрсетіледі.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2010.15.07. № 337-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 257-бап өзгертілді
257-бап. Хаттама жасау
1. Хаттаманы сот отырысының хатшысы жасайды.
2. Әрбір сот отырысы бойынша немесе жеке іс жүргізу әрекеті бойынша жеке хаттама жасалады.
3. Хаттама қолмен, мәшинкемен, компьютермен немесе электрондық (цифрлық дыбыс-, бейнежазбаны қоса алғанда) тәсілмен жазылып, дайындалуы мүмкін. Сот отырысында осы құралдарды кезде пайдаланған алынған стенограмма, аудио-, бейнежазба материалдары cот отырысының хаттамасына қоса тіркеледі және іспен бірге сақталады.
4. Іске қатысушы адамдар мен өкілдер хаттаманың қандай да бір бөлігін жария ету туралы, өздері іс үшін елеулі деп есептейтін мән-жайлар жөніндегі мәліметтерді хаттамаға енгізу туралы өтініш жасауға құқылы.
5. Хаттама сот отырысы аяқталғаннан кейін үш күннен кешіктірілмей, ал жеке іс жүргізу әрекеті туралы хаттама ол жасалғаннан кейінгі келесі күннен кешіктірілмей дайындалып, оған қол қойылуға тиіс. Күрделі істер бойынша сот отырысының хаттамасын дайындау және оған қол қою бұдан да ұзақ мерзімде, бірақ сот отырысы аяқталғаннан кейін он күннен кешіктірілмей жүзеге асырылуы мүмкін.
6. Хаттамаға төрағалық етуші және хатшы қол қояды. Барлық өзгерістер, түзетулер, толықтырулар хаттамада айтылуға және олардың қол қоюымен куәландырылуға тиіс.
7. Сот іске қатысушы адамдардың немесе олардың өкілдерінің өтініші бойынша сот отырысының төрағалық етушісі мен хатшысының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы хаттаманы ұсынуға міндетті.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 258-бап жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2010.15.07. № 337-ІV ҚР Заңымен 258-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
258-бап. Хаттамаға ескертпелер
Іске қатысушы адамдар немесе олардың өкілдері сот отырысының хаттамасы дайындалған және оған қол қойылған күннен бастап бес күн ішінде онымен танысуға, хаттамада жіберілген қателіктерді немесе жасалған іс-әрекеттердің және олардың нәтижелерін тіркеудің (көрсетудің) толық еместігін көрсете отырып, бес күн ішінде оған жазбаша түрде немесе электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанында ескертпелер беруге құқылы.
259-бап. Хаттамаға жасалған ескертпелерді қарау
1. Хаттамаға жасалған ескертпелерді оған қол қойған төрағалық етуші қарайды, ол ескертпелермен келіскен жағдайда олардың дұрыстығын куәландырады.
2. Төрағалық етуші берілген ескертпелермен келіспеген жағдайда хаттамаға ескертпелер берген адамға хабарлана отырып, олар сот отырысында қаралады. Ескертпелерді қарау нәтижесінде төрағалық етуші олардың дұрыстығын куәландыру туралы не олардың толық немесе ішінара қабылданбауы туралы ұйғарым шығарады. Ескертпелер барлық жағдайда іске қоса тіркеледі.
3. Хаттамаға жасалған ескертпелер олардың берілген күнінен бастап бес күн ішінде қаралуға тиіс.
4. Іс бойынша төрағалық етуші әлдебір объективті себептермен хаттамаға жасалған ескертпелерді қарай алмаған жағдайда, олар істің материалдарына қоса тіркеледі.
24-тарау. Сырттай іс жүргізу және сырттай шешім шығару
260-бап. Сырттай іс жүргізу негіздемелері
1. Отырыстың өткізілетін орны мен уақыты тиісті түрде хабарланған, келмей қалуының дәлелді себептерін хабарламаған және істі өзі жоқта қарауды сұрамаған жауапкер сот отырысына келмей қалған жағдайда, егер талап қоюшы бұған қарсы болмаса, іс сырттай іс жүргізу тәртібімен қаралуы мүмкін.
2. Іске бірнеше жауапкер қатысқан кезде сот отырысына барлық жауапкерлер келмей қалған жағдайда іс сырттай іс жүргізу тәртібімен қаралуы мүмкін.
3. Егер сот отырысына келген талап қоюшы жауапкер жоқта істі сырттай жүргізу тәртібімен қарауға келіспесе, сот істің қаралуын кейінге қалдырады және жауапкерге жаңа сот отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы хабарлама жібереді. Тиісті түрде хабарланған жауапкер тағы да келмей қалған жағдайда сот істі сырттай іс жүргізу тәртібімен қарайды.
4. Сот істі сырттай іс жүргізу тәртібімен қарау туралы ұйғарым шығарады.
5. Талап қоюшы істің нысанасын немесе талаптың негіздемесін өзгерткен жағдайда сот істі соттың сол отырысында сырттай іс жүргізу тәртібімен қарауға құқылы емес.
261-бап. Сырттай іс жүргізу тәртібі
Сот сырттай іс жүргізу тәртібімен істі қарау кезінде іске қатысушы адамдар берген дәлелдемелерді зерттейді, олардың дәлелдерін ескереді және сырттай шешім деп аталатын шешім шығарады.
262-бап. Сырттай шешімнің мазмұны
1. Сырттай шешімнің мазмұны осы Кодекстің 221-бабының ережелерінде белгіленеді.
2. Сырттай дәлелді шешім шығаруды кейінге қалдыруға жол берілмейді.
3. Сырттай шешімнің қарар бөлігінде жауапкердің бұл шешімнің күшін жою туралы өтініш беруінің мерзімі мен тәртібі көрсетілуге тиіс.
263-бап. Сырттай шешімнің көшірмесін жіберу
1. Сырттай шешімнің көшірмесі жауапкерге оның шығарылған күнінен бастап үш күннен кешіктірілмей, оның тапсырылғаны туралы хабарланатын етіп жіберіледі.
2. Сырттай шешімнің көшірмесі сот отырысына қатыспаған талапкерге ол шығарылған күннен бастап үш күннен кешіктірілмей, оның тапсырылғаны туралы хабарланатын етіп жіберіледі.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 264-бап өзгертілді
264-бап. Сырттай шешімге шағым жасау
1. Жауапкер сырттай шешім шығарған сотқа өзі шешімнің көшірмесін алған кезден бастап бес күн ішінде бұл шешімнің күшін жою туралы арыз беруге құқылы.
2. Сырттай шешімге тараптар бұл шешімнің күшін жою туралы арыз беру мерзімі өткен соң, ал арыз берілген жағдайда - бірінші сатыдағы сот арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығарған кезден бастап он бес күн ішінде апелляциялық тәртіппен шағым беруі немесе прокурор наразылық келтіруі мүмкін.
ҚР 24.12.01 ж. № 276-II Заңымен 265-бап өзгертілді
265-бап. Сырттай шешімнің күшін жою туралы арыздың мазмұны
1. Сырттай шешімнің күшін жою туралы арызда:
1) сырттай шешім шығарған соттың атауы;
2) арыз берген тараптың атауы;
3) жауапкердің сот отырысына дәлелді себептермен келмей қалуын куәландыратын мән-жайлар туралы мәліметтер және бұл мән-жайларды растайтын дәлелдемелер, сондай-ақ шешімнің мазмұнына әсер етуі мүмкін дәлелдемелер;
4) арыз беруші тараптың өтініші;
5) арызға қоса тіркелетін материалдардың тізбесі болуға тиіс.
2. Сырттай шешімнің күшін жою туралы арызға тарап немесе өкілеттігі болған жағдайда оның өкілі қол қойып, ол іске қатысушы адамдардың саны бойынша көшірмелермен бірге сотқа табыс етіледі.
3. алынып тасталды
266-бап. Соттың арыз қабылданғаннан кейінгі іс-әрекеттері
Сот іске қатысушы адамдарға сырттай шешімнің күшін жою туралы арыздың қаралатын уақыты мен орнын хабарлайды, оларға арыздың және оған қоса тіркелген материалдардың көшірмесін жібереді.
267-бап. Арызды қарау
Сырттай шешімнің күшін жою туралы арызды сот оның сотқа келіп түскен кезінен бастап он күн ішінде сот отырысында қарайды. Сот отырысы өткізілетін уақыт пен орын туралы хабарланған іске қатысушы адамдардың келмей қалуы арыздың қаралуына кедергі болмайды.
268-бап. Соттың өкілеттігі
Сот сырттай шешімнің күшін жою туралы арызды қарап, арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы немесе сырттай шығарылған шешімнің күшін жою және істі мәні бойынша соттың сол құрамында немесе өзге құрамында қайта қарау туралы ұйғарым шығарады.
269-бап. Сырттай шешімнің күшін жоюдың негіздемелері
Егер жауапкердің сот отырысына келмей қалуына дәлелді себептер болып, олар туралы сотқа мезгілінде хабарлауға оның мүмкіндігі болмағанын сот анықтаса және ол шешімнің мазмұнына ықпал етуі мүмкін дәлелдемелерді табыс етсе, сырттай шешімнің күші жойылуға тиіс.
270-бап. Істің қайта қаралуы
Сырттай шешімнің күші жойылған жағдайда сот істі мәні бойынша қайта қарайды. Сот отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланған жауапкер келмей қалған жағдайда, істі жаңадан қараған кезде сот шығарған шешім сырттай шешім деп танылмайды. Жауапкердің бұл шешімді сырттай іс жүргізу тәртібімен қайта қарау туралы қайталап арыз беруге құқығы жоқ.
271-бап. Сырттай шешімнің заңды күші
Сырттай шешім осы Кодекстің 235-бабының ережелері бойынша күшіне енеді.
3-бөлімше. Ерекше талап қоюмен іс жүргізу
25-тарау. Сайлауға, референдумдарға қатысушы азаматтар мен
қоғамдық бірлестіктердің сайлау құқықтарын қорғау туралы арыздар бойынша іс жүргізу
272-бап. Арыз беру
Мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, сайлау комиссиясының, лауазымды адамдардың шешімімен, әрекетімен (немесе әрекетсіздігімен) сайлау немесе сайлану, сайлауға, референдумға қатысу құқығы бұзылды деп санайтын азамат, қоғамдық бірлестік, сайлау комиссиясының мүшесі осы Кодекстің 3-тарауы мен басқа да заңдарда белгіленген соттылыққа жататын іс бойынша арызбен сотқа жүгінуге құқылы.
ҚР 09.07.04 ж. № 583-II (бұр.ред. қара) ; 2005.08.07 № 67-III (бұр.ред. қара) ҚР Заңдарымен 273-бап өзгертілді
273-бап. Арызды қарау
1. Сайлауға әзірлік және оны өткізу кезеңінде, сондай-ақ дауыс беру күнiнен бастап бiр ай iшiнде түскен арыз оның берілген күнінен бастап бес күн мерзімде, ал дауыс беру күнінен бес күн бұрын , дауыс беру күнi және сайлау қорытындылары жарияланғанға дейiн түскен арыз дереу қаралуға тиіс.
Сайлаушылардың (таңдаушылардың) тiзiмдеріндегі түзетулер қажеттiгi туралы сайлау комиссиясының шешiмiне шағым жасау туралы арыз келiп түскен күнi қаралуға тиiс.
2. Арызды сот арыз берушінің, тиісті сайлау комиссиясы немесе мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы өкілінің қатысуымен қарайды. Сот отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланған аталған адамдардың сотқа келмеуі істің қаралуы мен шешілуіне кедергі болмайды.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II; 09.07.04 ж. № 583-II (бұр.ред. қара); 2009.10.12. № 227-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) Заңдарымен 274-бап өзгертілді
274-бап. Соттың шешімі және оның орындалуы
1. Арыз негiздi деп танылған сот шешiмi бұзылған сайлау құқығын қалпына келтiру үшiн негiз болып табылады.
2. Сот шешімі дереу заңды күшіне енеді және ол апелляциялық, кассациялық шағымдануға жатпайды. Ол тиісті мемлекеттік органға, жергілікті өзін-өзі басқару органына немесе сайлау комиссиясының төрағасына жіберіледі. Сот шешімінің орындалмауына кінәлі лауазымды адамдар заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікте болады.
2006.16.01. № 122-III ҚР Заңымен 25-1-тараумен толықтырылды (2007.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
25-1-тарау. Жергілікті атқарушы органдардың азаматтардың алқаби ретінде қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысу құқықтарын
бұзатын шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту жөніндегі арыздар бойынша іс жүргізу
274-1-бап. Арыз беру
1. Жергілікті атқарушы органның шешімімен, әрекетімен (әрекетсіздігімен) алқаби ретінде қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысу үшін іріктеу рәсіміне қатысуда азаматтың құқығы бұзылып отыр деп есептеген азамат осы Кодекстің 3-тарауында белгіленген соттылық бойынша сотқа арыз беріп жүгінуге құқылы.
2. Арызды Қазақстан Республикасының алқабилер туралы заңнамасына сәйкес, алқабиге кандидаттардың алдын ала тізімімен азаматтарды таныстыру мерзімі аяқталған кезден бастап жеті күн мерзім ішінде сотқа беруге болады.
274-2-бап. Арызды қарау
1. Осы Кодекстің 274-1-бабында белгіленген мерзімдерде келіп түскен арыз - екі күн мерзімде, ал осы мерзім аяқталатын күні келіп түскен арыз дереу қаралуға тиіс.
2. Сот арыз иесінің, тиісті жергілікті атқарушы орган өкілінің қатысуымен қарайды. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісінше хабардар етілген, аталған адамдардың сотқа келмей қалуы істі қарау және шешу үшін кедергі болып табылмайды.
274-3-бап. Арыз бойынша сот шешімі және оның орындалуы
1. Қылмыстық сот ісін жүргізуге алқаби ретінде қатысу үшін іріктеу рәсіміне қатысуға азаматтың құқығы бұзылуын анықтаған сот шешімі алқабиге кандидаттардың алдын ала тізімдеріне түзетулер енгізу үшін негіз болып табылады.
2. Сот шешімі тиісті жергілікті атқарушы органға жіберіледі. Сот шешімінің орындалмауына кінәлі лауазымды адамдар заңда белгіленген жауаптылықта болады.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 26-тараудың тақырыбы өзгертілді
26-тарау. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың)
қаулыларына дау айту туралы істер бойынша іс жүргізу
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 275-бап өзгертілді
275-бап. Шағым беру
1. Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiнiң 538-бабының 2) және 3) тармақшаларында аталған органдар (лауазымды адамдар) шығарған, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер жөніндегі заңды күшiне енбеген қаулыларына әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылған, жәбiр көрген адамдар және олардың заңды өкiлдерi мен қорғаушылары сотқа шағымдануы, сондай-ақ прокурор сотқа наразылық келтiруi мүмкiн.
2. Әкімшілік құқық бұзушылықтан зардап шеккен адам да сотта әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыға дау айтуға құқылы.
3. алынып тасталды
4. Шағымда осы Кодекстің 150-бабында көзделген мәліметтер, сондай-ақ нақты алғанда қандай қаулыға шағым жасалып отырғаны туралы деректер, оның шығарылған, азаматқа көшірмесі тапсырылған немесе хабарланған күні көрсетілуге тиіс.
5. Сотқа шағым беру әкімшілік жаза қолдану туралы қаулының орындалуын тоқтата тұрады.
6. Мүдделі адамдардың жоғары тұрған органдарға немесе жоғары тұрған лауазымды адамға бағыныштылық тәртібімен алдын ала жүгінуі сотқа шағым беру және соттың оны мәні бойынша қарауы мен шешуі үшін міндетті шарт болып табылмайды.
7. Шағым беру мерзімінің өткізіліп алуы, әкімшілік жаза қолдану мерзімінің, сондай-ақ қаулының орындалу мерзімінің өтуі соттың шағымды қарауға қабылдаудан бас тартуына негіз болып табылмайды. Мерзімдер мен олардың істі дұрыс шешу үшін маңызын сот шағымның мазмұнына қарамастан тексереді.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 275-1-баппен толықтырылды
275-1-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жөніндегі қаулыға сотқа шағымдану мен наразылық келтiрудiң тәртібі
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органның (лауазымды адамның) қаулысына осы Кодекстiң 275-бабының бiрiншi бөлiгiнде аталған адамдар қаулының көшiрмесi табыс етiлген күннен кейiн он күн iшiнде тiкелей сотқа шағым бере алады.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi жоғары тұрған органның (лауазымды адамның) қаулысына осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген мерзiмдерде аталған адамдар сотқа шағым бере алады.
3. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға шағым жоғары тұрған органға (лауазымды адамға) және сотқа бiр мезгiлде түссе, онда шағымды сот қарайды.
4. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға прокурор қаулының көшiрмесiн алған күннен бастап он күн ішiнде сотқа наразылық келтiруi мүмкiн.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 276-бап өзгертілді
276-бап. Шағымды қарау
1. Сот шағымды он күн мерзімде қарайды.
2010.29.12. № 374-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Сот прокурорға, шағым берген адамға, сондай-ақ іс әрекетіне шағым жасалып отырған әкімшілік органға немесе лауазымды адамға сот отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы хабарлайды, алайда олардың келмей қалуы істің қаралуы мен шешілуіне кедергі болмайды.
3. Істі қараған кезде сот әкімшілік жаза қолдану туралы қаулының заңдылығы мен негізділігін тексереді, ол заң негізінде жүргізіліп отыр ма және оны соған уәкілетті орган немесе лауазымды адам жүргізіп отыр ма, адамды әкімшілік жауапқа немесе оған жүктелген міндетті орындауға тартудың белгіленген тәртібі сақталды ма, азамат заңдарға бұл үшін тиісті жауаптылық белгіленген әкімшілік құқық бұзушылық жасады ма, ол осы құқық бұзушылық жасауға кінәлі ме дегенді анықтайды.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 277-бап өзгертілді
277-бап. Соттың шешімі
1. Сот азаматты әкімшілік құқық бұзушылық құрамы немесе оқиғасы болмағаны үшін әкімшілік жауапқа тарту негізсіз деп таныған жағдайда, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде аталған, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді болдырмайтын өзге де жағдайларда сот әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі қаулының күшін жою туралы және ол істі қысқарту туралы ұйғарым шығарады.
2. Сот жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтың сипатын, құқық бұзушының кім екенін, оның кінәсінің деңгейін, мүліктік жағдайын, жауапкершілікті жұмсартатын өзге де мән-жайларды ескере отырып, жазалау шарасын өзгертуге құқылы. Соттың әкімшілік жазаны күшейтуіне жол берілмейді.
3. Егер сот әкімшілік органның, лауазымды адамның әкімшілік жаза қолдану жөніндегі іс-әрекеті заңды және негізделген деп тапса, сот қаулыны өзгертпей қалдырады, ал арызды қанағаттандырмайды.
4. Егер сот әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөніндегі қаулыны әкімшілік орган немесе лауазымды адам өз құзыретін бұза отырып шығарғанын анықтаса, сот қаулының күшін жояды, ал әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі, егер әкімшілік жаза қолдану мерзімі өтіп кетпеген болса, жоғары тұрған органның, лауазымды адамның қарауына жібереді немесе, егер әкімшілік жаза қолдану мерзімі өтіп кетсе, іс бойынша іс жүргізуді қысқартады.
5. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органның (лауазымды адамның) қаулысына жасалған шағым (наразылық) бойынша шығарылған заңды күшiне енген және енбеген сот ұйғарымдарына шағымдану Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекс белгiлеген тәртiппен жүргiзiледi.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 27-тараудың тақырыбы өзгертілді
27-тарау. Мемлекеттік өкімет, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың,
лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілердің шешімдері
мен әрекеттеріне (немесе әрекетсіздігіне) дау айту туралы іс бойынша іс жүргізу
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 278-бап өзгертілді
278-бап. Арыз беру
1. Азамат және заңды тұлға мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, қоғамдық бірлестіктің, ұйымның, лауазымды адамның, мемлекеттік қызметшінің шешіміне, әрекетіне (немесе әрекетсіздігіне) тікелей сотта дау айтуға құқылы. Жоғары тұрған органдар мен ұйымдарға, лауазымды адамға алдын ала жүгіну сотқа арыз беруге және соттың оны мәні бойынша қарауға қабылдауына және шешуіне міндетті шарт болып табылмайды.
2. Арыз сотқа осы кодекстің 3-тарауында белгіленген соттылық ережелері бойынша беріледі. Аудандық соттардың сотта іс қарауына жатқызылған арыздарды азаматтың тұрғылықты жеріндегі сотқа не әрекетіне дау айтылып отырған мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, қоғамдық бірлестіктің, ұйымның, лауазымды адамның, мемлекеттік қызметшінің орналасқан жеріндегі сотқа беріледі.
3. Арыз берушінің мемлекеттік құпия болып табылатын мәліметтер туралы хабардар болуының негізі бойынша Қазақстан Республикасынан шетелге кетуіне рұқсат беруден бас тартуға тиісті аудандық және кету туралы өтінішті қанағаттандырмау жөнінде шешім қабылданған жердегі соған теңестірілген сотта дау айтылады.
4. алынып тасталды
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 279-бап өзгертілді
279-бап. Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдардың, мемлекеттік қызметшілердің сот арқылы дау айтуға жататын шешімдері, әрекеті (немесе әрекетсіздігі)
1. Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдардың, мемлекеттік қызметшілердің сотта дау айтылатын шешімдеріне, әрекеттеріне (немесе әрекетсіздігіне) нәтижесінде:
1) азаматтың және заңды тұлғалардың құқықтары, бостандықтары және заңмен қорғалатын мүдделерi бұзылған;
2) азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ заңды тұлғаның құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерiн жүзеге асыруына кедергі жасалған;
3) азаматқа немесе заңды тұлғаға әлдебiр мiндет заңсыз жүктелген немесе олар заңсыз жауапқа тартылған алқалық және жеке-дара шешiмдер мен әрекеттер (әрекетсiздiк) жатады.
2. Осы тарауға сәйкес мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктер мен лауазымды адамдардың мынадай шешімдері мен әрекеттеріне:
1) тексерілуі Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің айрықша құзыретіне жатқызылған нормативтік құқықтық актілерге;
2) оларға қатысты заң сотқа шағымданудың өзгеше тәртібін көздейтiн жеке-дара және нормативтiк құқықтық актiлерге сотта дау айтуға болмайды;
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 280-бап өзгертілді
280-бап. Сотқа арыз беріп жүгінуге арналған мерзім
1. Азамат және заңды тұлға өз құқықтарының, бостандықтарының және заңмен қорғалатын мүдделерiнiң бұзылғаны туралы өздерiне мәлiм болған күннен бастап үш ай iшiнде сотқа арызбен жүгiнуге құқылы.
2. Арыз беріп жүгінуге арналған үш айлық мерзімді өткізіп алу соттың арызды қабылдаудан бас тартуына негіз болып табылмайды. Мерзімнің өткізіліп алу себептері сот отырысында арызды мәні бойынша қарау кезінде анықталады және арыздың қанағаттандырылуынан бас тарту негіздемелерінің бірі болуы мүмкін.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2010.29.12. № 374-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 281-бап өзгертілді