6) өндіріп алынуға жататын ақша соммаларының мөлшері немесе оның құны көрсетіле отырып, талап етілуге жататын мүліктің белгіленуі;
7) егер оны өндіріп алу заңмен немесе шартпен көзделсе, тұрақсыздық айыбының мөлшері;
8) борышкерден өндіріп алушының пайдасына немесе жергілікті бюджетке өндіріп алынуға жататын мемлекеттік баждың сомасы;
9) сот бұйрығына шағым берудің мерзімі мен тәртібі көрсетіледі.
2. Кәмелетке толмаған балаларға алимент өндіріп алу туралы сот бұйрығында осы баптың 1) - 5), 8) тармақшаларында көзделген мәліметтерден басқа, борышкердің туған күні мен туған жері, оның жұмыс орны, оларды күтіп-бағуға алимент алып берілетін әрбір баланың аты мен туған күні, борышкерден ай сайын өндіріп алынатын төлемдердің мөлшері және оны өндіріп алудың мерзімі көрсетіледі.
3. Сот бұйрығына судья қол қояды.
147-бап. Борышкерге сот бұйрығының көшірмесін жіберу
1. Сот бұйрық шығарғаннан кейін судья тапсыру туралы хабарлай отырып, оның көшірмесін дереу борышкерге жібереді.
2. Борышкер сот бұйрығының көшірмесін алған күннен бастап он күн мерзімде байланыстың кез келген құралдарын пайдалана отырып, мәлімделген талапқа келіспеген қарсылығын бұйрық шығарған сотқа жіберуге құқылы.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 148-бап өзгертілді
148-бап. Сот бұйрығының күшін жою
1. Егер борышкерден белгіленген мерзімде мәлім етілген талапқа келіспеген қарсылық түссе, судья сот бұйрығының күшін жойып, ол туралы ұйғарым шығарады. Сот бұйрығының күшін жою туралы ұйғарымда судья өндіріп алушы мәлім еткен талаптың талап қою бойынша іс жүргізу тәртібімен қойылуы мүмкін екенін түсіндіреді. Сот бұйрығының күшін жою туралы ұйғарымның көшірмесі оны шығарғаннан кейін үш күннен кешіктірілмей тараптарға жіберіледі.
1-1. Егер борышкер болмаған жағдайда, құқықтары мен міндеттері сот бұйрығымен қозғалған тұлғадан шығарылған сот бұйрығының заң талаптарына сәйкес келмейтіндігі туралы арыз келіп түссе, судья сот бұйрығының күшін жояды.»
2. Сот бұйрығының күшiн жою туралы қаулы шағымдануға немесе наразылық келтiруге жатпайды.
149-бап. Өндіріп алушыға сот бұйрығын беру
1. Егер белгіленген мерзімде борышкерден сотқа қарсылық келіп түспесе, судья өндіріп алушыға оны орындауға көрсету үшін соттың мөрімен куәландырылған сот бұйрығын береді.
2. Өндіріп алушының өтінуі бойынша сот бұйрығы тікелей соттың орындауы үшін жіберілуі мүмкін.
3. Жергілікті бюджеттің кірісінде борышкерден мемлекеттік бажды өндіріп алу үшін соттың мөрімен куәландырылған сот бұйрығының жеке данасы тікелей соттың орындауы үшін жіберіледі.
4. Өндіріп алушыға берілген сот бұйрығының көшірмесі сот жүргізетін істе қалады.
2-бөлімше. Талап қою бойынша іс жүргізу
14-тарау. Талап қою
11.07.01 ж. № 238-II; 2006.22.06. № 147-III (бұр. ред. қара); 2009.10.12. № 227-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 150-бап өзгертілді
150-бап. Талап арыздың нысаны мен мазмұны
1. Талап арыз сотқа жазбаша нысанда беріледі.
2. Арызда:
1) арыз берілетін соттың атауы;
2) талап қоюшының атауы, оның тұрғылықты жері, тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы мәліметтер немесе, егер талап қоюшы ұйым болса, оның тұрған жері, салық төлеушінің тіркеу нөмірі мен банктік реквизиттері, сондай-ақ, егер арызды оның өкілі берсе, өкілдің атауы мен мекен-жайы;
3) жауапкердің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), туған күні, айы, жылы, оның тұрғылықты жері немесе тұрған жері, ал егер жауапкер заңды тұлға болып табылса, онда оның атауы, орналасқан жері, сондай-ақ егер талап қоюшыға бұл деректер белгілі болса, қосымша тіркелген салық нөмірі;
4) талап қоюшының құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін және оның талап қою талаптарын бұзудың немесе бұзу қаупінің мәні;
5) талап қоюшы өзінің талаптарын негіздейтін мән-жайлар, және бұл мән-жайларды растайын дәлелдемелер;
6) егер талап қою бағалауға жатса, талап қоюдың бағасы;
7) алынып тасталды
8) арызға қоса тіркелетін құжаттардың тізбесі көрсетілуге тиіс.
3. Арызда дауды шешу үшін маңызы бар өзге де мәліметтер көрсетілуі, сондай-ақ талапкердің өтініші баяндалуы мүмкін.
4. Прокурор мемлекеттік немесе қоғамдық мүдделер үшін беретін өтінішінде мемлекеттік немесе қоғамдық мүдденің неден тұратынын, қандай құқықтың бұзылғанын негіздеу, сондай-ақ заңға немесе өзге де нормативтік құқықтық актілерге сілтеме болуға тиіс. Прокурор азаматтардың мүдделері үшін өтініш жасаған жағдайда талап арызда азаматтың өзінің талап қоюы мүмкін еместігінің себептерін негіздеу болуға тиіс; арызға, әрекетке қабілетсіз адамның мүдделері үшін арыз беретін жағдайларды қоспағанда, азаматтың сотқа талап қоюмен жүгінуге келісімін растайын құжат қоса тіркелуге тиіс.
5. Арызға талап қоюшы немесе талап арызға қол қоюға және оны көрсетуге өкілеттігі болған жағдайда оның өкілі қол қояды.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 151-бап өзгертілді
151-бап. Талап арызға қоса тіркелетін құжаттар
Талап арызға:
1) жауапкерлер мен үшінші тұлғалардың санына қарай талап арыздың көшірмесі;
2) мемлекеттік баж төлеуді растайын құжат;
3) өкілдің өкілеттігін куәландыратын сенімхат немесе өзге де құжат;
4) талапкер өз талаптарын негіздейтін мән-жайларды растайтын құжаттар, егер көшірмелер оларда болмаса, жауапкерлер мен үшінші тұлғалар үшін бұл құжаттардың көшірмелері;
5) алынып тасталды
6) оны дауға салған жағдайда нормативтік құқықтық актінің мәтіні;
7) талапкердің мерзімді кейінге қалдыру, ұзарту, сот шығындарын төлеуден босату немесе олардың мөлшерін азайту туралы, талап қоюды қамтамасыз ету, дәлелдемелерді талап ету туралы өтініші және, егер олар талап арызда жазылмаған болса, басқалар да қоса тіркеледі.
152-бап. Талап арызды қабылдау
1. Судья талап арыз түскен күннен бастап бес күн мерзімде оны сот ісін жүргізу үшін қабылдау туралы мәселені шешуге құқылы.
2. Талап арызды қабылдай отырып, судья азаматтық іс қозғау туралы ұйғарым шығарады.
153-бап. Талап арызды қабылдаудан бас тарту
1. Судья талап арызды қабылдаудан, егер:
1) арыз азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға және шешуге жатпаса;
2) сол тараптардың арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және сол негіздер бойынша шығарылған соттың заңды күшіне енген шешімі немесе талап қоюшының талап қоюдан бас тартуына байланысты іс бойынша сот ісін жүргізуді тоқтату туралы немесе тараптардың бітімгершілік келісімін бекіту туралы сот ұйғарымы болса, бас тартады.
2. Судья арызды қабылдаудан бас тарту туралы дәлелді ұйғарым шығарады, онда, егер іс азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға және шешуге жатпаса, талап қоюшының қандай органға жүгінуі жөн екендігін көрсетеді.
3. Арызды қабылдаудан бас тарту туралы ұйғарым ол сотқа түскен кезден бастап бес күн мерзімде шығарылуы және арыз берушіге арызға қоса тіркелген барлық құжаттармен бірге табыс етілуге немесе жіберілуге тиіс.
4. Арызды қабылдаудан бас тарту өтініш берушінің сол жауапкерге сол нысана және сол негіздер бойынша талап қоюмен сотқа қайтадан жүгінуіне кедергі келтіреді.
5. Арызды қабылдаудан бас тарту туралы судьяның ұйғарымына жеке шағым, наразылық берілуі мүмкін.
154-бап. Талап арызды қайтару
1. Судья талап арызды, егер:
1) талап қоюшы істердің осы санаты үшін дауды сотқа дейін алдын ала шешу заңдармен белгіленген тәртібін сақтамаса және осы тәртіпті қолдану мүмкіндігі жойылмаса;
2) іс осы соттың соттауына жатпаса;
3) арызды әрекетке қабілетсіз адам берсе;
ҚР Конституциялық Кеңесінің 01.11.00 ж. № 19/2 қаулысымен 154-баптың бірінші тармағы 3-тармақшасына түсініктеме берілді
4) арызға оған қол қоюға өкілеттігі жоқ адам қол қойса;
5) осы немесе басқа бір соттың іс жүргізуінде сол тараптар арасында, сол нысана туралы және сол негіздер бойынша дау жөнінде іс бар болса;
6) коммуналдық мүлікті басқаруға құқылы орган жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын органның осы затты қабылдаған күнінен бастап бір жыл өткенге дейін жылжымайтын затқа коммуналдық меншікті тану туралы өтінішпен сотқа жүгінсе;
7) бұл туралы талап қоюшы мәлімдесе, қайтарып жібереді.
2. Судья арызды қайтару туралы дәлелді ұйғарым шығарады, онда арыз берушіге, егер іс осы соттың соттауына жатпайтын болса, қандай сотқа жүгіну не істі қозғауға кедергі келтіретін мән-жайларды қалай жою қажет екендігін көрсетеді. Талап арызды қайтару туралы ұйғарым ол сотқа түскен күннен бастап бес күн мерзімде шығарылуға және арызға қоса тіркелген барлық құжаттармен арыз берушіге тапсырылуға және жіберілуге тиіс.
3. Егер талап қоюшы жол берілген бұзушылықты жоятын болса, арызды қайтару талап қоюшының сол жауапкерге, сол нысана туралы және сол негіздер бойынша талап қоюмен сотқа қайтадан жүгінуіне кедергі келтірмейді.
4. Арызды қайтару туралы судьяның ұйғарымына жеке шағым, наразылық берілуі мүмкін.
155-бап. Талап арызды қозғалыссыз қалдыру
1. Судья талап арыз осы Кодекстің 150-бабының талаптарына және 151-бабының 1) - 3) тармақшаларына сәйкес келмеген жағдайда арызды қозғалыссыз қалдыру туралы ұйғарым шығарып, бұл туралы талап арызды берген тұлғаға хабарлайды және оған кемшіліктерді түзету үшін мерзім береді.
2. Егер талап қоюшы судьяның нұсқауларына сәйкес және ол белгілеген мерзімде ұйғарымда аталған талаптарды орындаса, талап арыз оны сотқа алғашқы тапсырған күні берілген болып есептеледі. Олай болмаған жағдайда арыз берілмеген болып есептеледі және судьяның ұйғарымымен оған қоса тіркелген барлық құжаттармен бірге талап қоюшыға қайтарылады.
3. Егер талап қоюшы жол берілген бұзушылықтарды жойса, арызды қайтару талап қоюшының сол жауапкерге, сол нысана туралы және сол негіздер бойынша талап қоюмен сотқа қайтадан жүгінуіне кедергі келтірмейді.
4. Арызды қайтару туралы судьяның ұйғарымына жеке шағым, наразылық берілуі мүмкін.
156-бап. Қарсы талап қою
Жауапкер бірінші сатыдағы сот шешім шығарғанға дейін алғашқы талап қоюмен бірлесіп қарау үшін талап қоюшыға қарсы талап қоюға құқылы. Қарсы талап қою талап қою туралы жалпы ережелер бойынша жүргізіледі.
157-бап. Қарсы талап қоюды қабылдау шарттары
Судья қарсы талап қоюды, егер:
1) қарсы талап алғашқы талапты есепке алуға бағытталса;
2) қарсы талап қоюды қанағаттандыру алғашқы талап қоюдың толық немесе қанағаттандыру бөлігінде болдырмаса;
3) қарсы және алғашқы талап қоюлардың арасында өзара байланыс болса және оларды бірлесіп қарау дауларды неғұрлым жылдам және дұрыс қарауға әкелсе, қабылдайды.
15-тарау. Талап қоюды қамтамасыз ету
2004.28.12 № 24-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.11.07. № 185-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 158-бап өзгертілді
158-бап. Талап қоюды қамтамасыз ету үшін негіздер
Аралық сотта немесе төрелiкте iс қарау тараптарының iсiне қатысатын адамдардың арызы бойынша соттың талап қоюды қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдауы мүмкін. Талап қоюды қамтамасыз етуге, егер мұндай шараларды қабылдамау сот шешімін орындауды қиындатса немесе оның орындалуын мүмкін етпесе, істің барлық жағдайларында да жол беріледі.
Қазақстан Республикасының қаржы ұйымдарының қызметін реттейтін заңдарында көзделген жағдайларда, қаржы ұйымына және (немесе) оның мүлкіне қатысты оны қайта құрылымдауды жүргізу кезінде талап қоюды қамтамасыз ету шараларын қабылдауға жол берілмейді.
ҚР 09.07.03 ж. № 482-II Заңымен ; 2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) ; 2008.05.07. № 58-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2009.11.07. № 185-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 159-бап өзгертілді
159-бап. Талап қоюды қамтамасыз ету шаралары
1. Талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар:
1) жауапкерге тиесілі және оның өзінде немесе басқа адамдарда болатын мүлікке тыйым салу (банктің корреспонденттік шотындағы ақшаға және сауда-саттық ұйымдастырушылардың ашық сауда-саттық әдісімен сауда жүйелерінде жасасқан репо операциялары бойынша нысана болып табылатын мүлікке тыйым салуды қоспағанда).
Жауапкерге тиесілі және банктегі ақшаға тыйым салу түріндегі талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымда тыйым салынатын ақша сомасы көрсетілуге тиіс. Тыйым салынатын ақша сомасын іс материалдарын негізге ала отырып, сот айқындайды;
2) жауапкерге белгілі бір әрекеттерді жасауға тыйым салу;
3) басқа адамдардың мүлікті жауапкерге беруіне немесе оған қатысты өзге де міндеттемелерді орындауына тыйым салу;
4) мүлікті тыйым салудан босату туралы талап қойылған жағдайда мүлікті өткізуді тоқтата тұру;
5) мемлекеттік органның, ұйымның немесе лауазымды адамның (Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің немесе қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік органның қаржы нарығындағы қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиялардың қолданылуын тоқтата тұру және (немесе) одан айыру, қаржы ұйымдарын консервациялауды жүргізу жөніндегі актілерін, сондай-ақ олардың жазбаша нұсқамаларын қоспағанда) дауға салынатын актісінің қолданылуын тоқтата тұру;
6) борышкер сот тәртібімен дауға салатын атқарушылық құжат бойынша өндіріп алуды тоқтата тұру болуы мүмкін.
2. Қажет болған жағдайларда сот осы Кодекстің 158-бабында аталған мақсаттарға сай келетін талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі өзге де шараларды қабылдауы мүмкін. Соттың талап қоюды қамтамасыз етудің бірнеше шараларын қабылдауы мүмкін. Осы баптың бірінші бөлігінің 2) және 3) тармақшаларында аталған тыйым салулар бұзылған жағдайда кінәлі адамдар әкімшілік жауаптылықта болады. Оның үстіне, талап қоюшы сот тәртібімен осы адамдардан талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымды орындамаудан келтірілген залалдарды өтеуді талап етуге құқылы.
3. Талап қоюды қамтамасыз ету шаралары талап қоюшының мәлімдеген талаптарына шамалас болуға тиіс.».
2004.28.12 № 24-III ҚР Заңымен 160-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
160-бап. Талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды қарау
Талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды судья жауапкерге және аралық сотта немесе төрелiкте iс қарау тараптарының iсiне қатысатын басқа адамдарға хабарламастан ол сотқа түскен күні шешеді. Талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды қарай келіп, судья ұйғарым шығарады.
161-бап. Талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымды орындау
Талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарым сот шешімдерін орындау үшін белгіленген тәртіпте дереу орындалады.
2004.28.12 № 24-III ҚР Заңымен 162-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
162-бап. Талап қоюды қамтамасыз етудің бір түрін екінші түрімен ауыстыру
1. Аралық сотта немесе төрелiкте iс қарау тараптарының iсiне қатысушы адамның арызы бойынша талап қоюды қамтамасыз етудің бір түрін екінші түрімен ауыстыруға жол беріледі. Талап қоюды қамтамасыз етудің бір түрін екіншісімен ауыстыру туралы мәселеге іске қатысатын адамдарға арызды қараудың уақыты мен орны туралы хабарлай отырып, сот рұқсат береді, алайда олардың келмей қалуы осы мәселені мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді. Талап қоюдың бір түрін екінші түрімен ауыстыру туралы судья ұйғарым шығарады.
2. Ақшалай соманы өндіріп алу туралы талап қоюды қамтамасыз еткен жағдайда жауапкер талап қоюды қамтамасыз етуге сот қабылданған шаралардың орнына соттың депозиттік шотына талап қоюшы талап ететін соманы енгізуге құқылы.
2009.11.07. № 185-IV ҚР Заңымен 163-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
163-бап. Талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою
1. Талап қоюды қамтамасыз етудің күшін сол сот тараптардың арызы бойынша немесе өз бастамасы бойынша жоюы мүмкін. Талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы мәселе сот отырысында шешіледі. Іске қатысатын адамдарға сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарланады, алайда олардың келмей қалуы талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы мәселені қарауға кедергі келтірмейді.
2. Талап қоюға қарсылық білдірілген жағдайда талап қоюды қамтамасыз етуде қабылданған шаралар шешім заңды күшіне енгенге дейін сақталады. Алайда, сот шешіммен бір мезгілде немесе өзінің қаулысынан кейін талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы ұйғарым шығаруы мүмкін. Талап қою қанағаттандырылған жағдайда оны қамтамасыз ету жөніндегі шаралар өз күшін сот шешімі орындалғанға дейін сақтайды.
3. Қаржы ұйымын қайта құрылымдау туралы істі қарайтын мамандандырылған қаржылық сот, қаржы ұйымын қайта құрылымдау туралы шешім қабылдаған жағдайда қаржы ұйымына және (немесе) оның мүлкіне қатысты қайта құрылымдауды жүргізу туралы шешім қабылдағанға дейін соттар қабылдаған талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жоюға міндетті.
164-бап. Талап қоюды қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі ұйғарымдарға шағымдану
1. Талап қоюды қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі барлық ұйғарымға жеке шағым берілуі және наразылық келтірілуі мүмкін.
2. Егер талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарым шағым берген адамдарға хабарламай шығарылса, шағым беру мерзімі оған бұл ұйғарым белгілі болған күннен бастап есептеледі.
3. Талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымға жеке шағым беру бұл ұйғарымның орындалуын тоқтатпайды.
4. Талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы немесе талап қоюды қамтамасыз етудің бір түрін екінші түріне ауыстыру туралы ұйғарымға жеке шағым беру немесе наразылық келтіру ұйғарымның орындалуын тоқтата тұрады.
165-бап. Талап қоюды қамтамасыз етумен келтірілген залалдарды жауапкерге өтеу
Сот талап қоюды қамтамасыз етуге жол бере отырып, талап қоюшыдан жауапкер үшін мүмкін болатын залалдарды қамтамасыз етуді талап етуі мүмкін. Жауапкер талап қоюда бас тартылған шешім заңды күшіне енгеннен кейін талап қоюшыға оның өтініші бойынша қабылданған оған талап қоюды қамтамасыз ету шараларымен келтірілген залалдарды өтеу туралы талап қоюға құқылы.
16-тарау. Істі сотта қарауға әзірлеу
166-бап. Істі әзірлеудің міндеттері
1. Арызды қабылданғаннан және азаматтық істі қозғағаннан кейін судья оны уақытылы және дұрыс шешуді қамтамасыз ету мақсатымен сотта іс қарауға істі әзірлейді.
2. Сотта іс қарауға істі әзірлеудің әрбір іс бойынша міндетті міндеттері мыналар:
1) істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мән-жайларды айқындау;
2) тараптардың құқықтық қатынастарын және басшылыққа алынуға тиісті заңды анықтау;
3) іске қатысатын адамдардың құрамы мен процестің басқа да қатысушылары туралы мәселені шешу;
4) әрбір тарап өз пайымдауларын негіздеу үшін ұсынуға тиіс дәлелдемелерді анықтау.
167-бап. Істі сотта қарауға әзірлеу мерзімдері
Азаматтық істерді сотта қарауға әзірлеу, егер заң актілерінде өзгеше белгіленбесе, арыз қабылданған күннен бастап жеті күн мерзімнен кешіктірілмей жүргізілуге тиіс. Алименттерді өндіріп алу туралы, мертігуден немесе денсаулықтың өзге де зақымдануынан келтірілген зиянды өтеу туралы істерден басқа, айрықша күрделі істер бойынша ерекше жағдайларда, сондай-ақ асыраушысынан айрылуына байланысты және еңбек қатынастарынан туындайтын талаптар бойынша бұл мерзім судьяның дәлелді ұйғарымы бойынша бір айға дейін ұзартылуы мүмкін.
168-бап. Істі сотта қарауға әзірлеу туралы ұйғарым
Судья істі сотта қарауға әзірлеу туралы ұйғарым шығарады және жүргізілуге тиісті әрекеттерді көрсетеді.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 169-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
169-бап. Арыздың көшірмелерін және оған қоса тіркелген құжаттарды жауапкерге жіберу
1. Судья жауапкерге талап арыздың көшірмесін және талап қоюшының талаптарын негіздейтін оған қоса тіркелетін құжаттарды жібереді не тапсырады және өзі белгілеген мерзімде талап арызға пікір (қарсылық) білдіруді және өз пікірін (қарсылығын) негіздеуге дәлелдемелер беруді міндеттейді.
2. Жауапкердің пікірі мен дәлелдемелерді бермеуі істегі бар дәлелдемелер бойынша істі қарауға кедергі келтірмейді.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 169-1-баппен толықтырылды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
169-1-бап. Талап арызға пікір
1. Жауапкер сотқа талап қоюға қатысты қарсылықты растайтын құжаттарды, сондай-ақ пікірдің және оған қоса тіркелген құжаттардың талап қоюшыға және іске қатысатын басқа да тұлғаларға жіберілгенін растайтын құжаттарды қоса тіркеп, талап арызға пікірді табыс етеді.
2. Пікір - сотқа, көшірмелері іске қатысатын тұлғаларға олардың сот отырысы басталғанға дейін танысуына мүмкіндік беруді қамтамасыз ететін, сот белгілеген мерзімде ұсынылады.
3. Талап арызға жазбаша пікірді іске қатысатын өзге тұғалар да ұсынуға құқылы.
4. Пікірде:
1) талап қоюшының атауы, оның тұрған немесе тұрғылықты жері;
2) жауапкердің атауы, оның тұрған жері; егер жауапкер азамат болып табылса, оның тұрғылықты жері;
3) заңдарға және өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ қарсылықты негіздейтін дәлелдемелерге сілтеме жасай отырып, мәлімделген талаптардың мәні бойынша қарсылықтар;
4) пікірге қоса тіркелген құжаттардың тізбесі көрсетіледі.
Пікірде істі дұрыс және уақтылы шешу үшін қажетті телефондардың, факстердің нөмірлері, электрондық почтаның мекенжайлары және өзге де мәліметтер көрсетілуі мүмкін.
5. Пікірге жауапкер немесе оның өкілі қол қояды. Өкіл қол қойған пікірге оның өкілеттігін растайтын сенімхат немесе өзге де құжат қоса тіркеледі.
170-бап. Судьяның істі сотта қарауға әзірлеу жөніндегі іс-әрекеттері
Істің мән-жайларын ескере отырып, істі сотта қарауға әзірлеу тәртібімен судья мынадай әрекеттерді жүргізеді:
1) талап қоюшыдан ол мәлімдеген талаптардың мәні бойынша жауап алады, одан жауапкердің тарапынан мүмкін болатын қарсылықтарды анықтап алады, егер бұл қажет болса, қосымша дәлелдемелер беруді ұсынады, талап қоюшыға оның іс жүргізу құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді;
2) қажет болған жағдайларда жауапкерді шақырып алады, одан істің мән-жайлары бойынша жауап алады, талап қоюға қандай қарсылықтар бар екенін және бұл қарсылықтардың қандай дәлелдемелермен расталуы мүмкін екенін анықтайды; айрықша күрделі істер жөнінде жауапкерге іс бойынша жазбаша түсінік беруді ұсынады, жауапкерге оның іс жүргізу құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді;
3) іске тең талап қоюшылардың, тең жауапкерлердің дербес талаптарсыз үшінші тұлғалардың кіруі туралы мәселені шешеді, сондай-ақ тиісті емес жауапкерді ауыстыру туралы мәселені шешеді;
4) тараптарға дауды шешу үшін олардың аралық сотқа жүгіну құқықтарын және мұндай әрекеттің салдарларын түсіндіреді;
5) оның нәтижесіне мүдделі азаматтар мен ұйымдарға істі қараудың уақыты мен орны туралы хабарлайды;
6) куәларды сот отырысына шақыру туралы мәселені шешеді;
7) тараптардың өтініші бойынша және өз бастамасы бойынша сараптама тағайындайды, сондай-ақ іске маманды, аудармашыны қатысуға тарту туралы мәселені шешеді;
8) тараптардың өтініші бойынша ұйымдардан немесе азаматтардан дәлелдемелер талап етеді;
9) кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда іске қатысатын адамдары хабарландыра отырып, жазбаша және заттай дәлелдемелерді сол жерде тексеруді жүргізеді;
10) сот тапсырмаларын жібереді;
11) талап қоюды қамтамасыз ету туралы мәселені шешеді;
12) талапкердің өтініші бойынша оның берген арызын қайтару туралы ұйғарым шығарады;
13) өзге де қажетті іс жүргізу әрекеттерін жасайды.
171-бап. Бірнеше талап қою талаптарын біріктіру және ажырату
1. Егер талаптарды ажыратып қарау неғұрлым дұрыс болса, судья талап қоюшы біріктірген талаптардан біреуін немесе бірнешеуін бөліп жеке іс жүргізуге алады.
2. Бірнеше талап қоюшы талаптар қойған немесе талаптар бірнеше жауапкерге қойылған кезде судья, егер талаптарды ажыратып қарауды неғұрлым дұрыс деп тапса, бір немесе бірнеше талапты жеке іс жүргізуге бөлуге құқылы.
3. Судья осы соттың іс жүргізуінде дәл сол тараптар қатысатын біртектес, не бір талап қоюшының әртүрлі жауапкерге немесе әр түрлі талап қоюшылардың бір жауапкерге қойған талабы бойынша бірнеше іс бар екенін белгілеп, егер мұндай біріктіруді дұрыс деп тапса, бұл істерді біріктіріп қарау үшін бір іске біріктіруге құқылы.
172-бап. Іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру, тоқтату және істі сотта қарауға әзірлеген кезде арызды қараусыз қалдыру
1. Осы Кодекстің 242, 243-баптарында, 247-бабының 1) - 5) тармақшаларында және 249-бабының 1) - 5), 8), 9) тармақшаларында көзделген мән-жайлар болған жағдайда оны сотта қарауға әзірлеу кезінде іс бойынша іс жүргізудің тоқтатыла тұруы немесе тоқтатылуы не арыздың қараусыз қалдырылуы мүмкін.
2. Тараптарға мұндай іс жүргізу әрекеттерінің салдарлары түсіндіріледі.
173-бап. Істі сотта іс қарауға тағайындау
Судья істі дайын болды деп тани отырып, оны сот отырысында қарауға тағайындау туралы ұйғарым шығарады, тараптарға және процестің басқа да қатысушыларына істі қараудың орны мен уақыты туралы хабарлайды.